Рахым БАЛАБИЕВ. АҚСАҚ ҚЫЗ ТАҒДЫРЫ

Сөз басы

Тықылдатып тас табан баспалдақты,
Келе жатты бір жас қыз қос балдақты.
Өмір беріп, әдемі көрік беріп
Қатал тағдыр тұсаулап, босқа алдапты.

Осындай бір аяулы азаматты,
Тағдыр өзі қинапты, жазалапты.
Көрген сәтте бір ине қадалды да,
Жүрек шаншып, көзден жас ғажап ақты.

Тоқтаттым да сұрадым: қарындасым,
Оң аяқтың түсіндір барымтасын…
Ботадайын көзінен жас төккенде,
Кеміп тұрды менің де жарым жасым.

Қыз мұңы

Несін айтам бұл жайдың, ағатайым,
Болған нәрсе еді бұл жазатайым.
Тіземнен жоқ бір аяқ, мен қалайша,
Өмірімнің шырағын маздатайын?..

Мен қалайша маздатам өмірімді?
Саулаған жас жуады өңірімді.
Аптасына сағынып бір келеді,
Құрбыларым көтеріп көңілімді.

Аларым бар өмірден, берерім жоқ,
Жігітке де, жұртқа да керегім жоқ.
Ұзақ уақыт отырып ойланамын,
«Несібемді қай жерден теремін?» деп.

Айлы түнде сырласып,
Сырын да алмай,
Махаббатым қор болды-ау шырын балдай.
Сусыз солған гүлдей боп, жастығымның
Кәусарына шөліркеп тұрмын қанбай.

Жоқ сияқты барар жер бұл күшпенен,
Мен қызғалдақ – өңі жоқ су ішпеген.
Жарық дүние әйтсе де керек екен,
Керек екен құрбы, дос, туыс деген.

Шуақ төгіп тұрса да аспан мына,
Маған енді басқа өмір, басқа ән мұра.
Он сегізге сүрініп жаңа толдым,
Амал бар ма бақ кетсе, бастан мына.

Бір шешім жүрегіме түйгендеймін,
Зар-мұңын қара бастың үйгендеймін…
Жалғыздықты бұл тағдыр үйген шығар,
Маған енді ешкім де үйленбейді.

Наласына қалдым ба Жасағанның?
Кетті бәрі, көбісі дос адамның.
Енді менде дәрмен жоқ жүгіретін,
Қазығы боп отырмын босағамның.

Анашым да айықпай науқасынан,
Төсегінде жатады шалқасынан.
Жалғыз апам, хабарсыз кетті ол да,
Телефон да шалмайды Балқашынан.

Не боларын білмеймін күніміздің,
Солғындауда сабағы гүліміздің.
Жалғыз әке ол кеткен бізді тастап,
Қысқалығы қинайды жібіміздің.

Кетті туыс, бәрі де жан сауғалап,
Тек бұйырды соларды аңсау маған.
Шолақ аяқ екенім еске түссе,
Жасым емес, жүректен қан саулаған.

Онжылдықты бітірдім биыл ғана,
Аттестатым әзірге сыйым ғана.
Институтқа барып ем, түсе алмадым,
Бетке шіркеу, бармаймын жиынға да.

Қызғалдақтай мен енді гүл атпаспын,
Күлкісін де біреудің ұнатпаспын.
Кеше ғана кеп кетті ағатайым,
Көңіл сұрап біразы кластастың.

Болмағын да көрікті, тым сымбатты,
Армандаған қыз едім Гүлсім атты.
Туғандарым даусымды естімеді-ау,
Кесілгенде аяғым сыздап жатты…

Бәрінен де көңілдің бұлты басым,
Таныс көрсең, ұялып қымсынасың.
Өлгеніңше қу тамақ керек екен,
Асханаға балдақпен ұмтыласың.

Кемігендей, ағатай, қуат-күшім,
Ойнамайды жүзімде шуақ мүсін.
Барар жерім, жоқ және басар тауым,
Қағып қойған қазықтай сияқтысың.

Шыдай, шыдай тосқанмен үмітті алдан,
Бұрынғыдай қарамас жігіт маған.
Түп тамыры қиылған жас қайыңдай,
Жастық арман пәршек боп үгіп қалған.

Жастайымнан қор болды мына басым,
Не етейін Құдайға ұнағасын.
Төсек тартып жатыр ғой анашым да,
Қыздарының көздейтін жыламасын.

Жігітім де енді асты жиырмадан,
От құшағы оның да бұйырмаған.
Өмір өксіп өтеді-ау мұнан былай,
Тек осы бір қиянат қиын маған.

Жай таппай жас жаныма сенделермін,
Бастарына түспесін пенделердің.
Күн кешермін, жылармын ағыл-тегіл,
Жан ауырса, әйтеуір емделермін.

Үлкен топтан қалып қойдым дүрліккен,
Жеткізбейді-ау үміттерім, бір күткен.
Арманымның жібі үзілді-ау қайтейін,
Сау болғанда босамас ем тірліктен.

Алғаш кезде бақыт күттім мейірден,
Алғаш кезде күдігім де сейілген.
Бірақ-бірақ жолы әттең болмады,
Сүйек шіріп кесілген-ді кейіннен.

Қиын-қиын өз басыма туды күн,
Місе тұтпаймын біреулердің қулығын.
Қаламаймын артық айтқан сөзді де,
Кім ұнатар мұндай кезде шуды кіл.

Енді үстімнен түскен кезде кір көйлек,
Аяқ асты табылды ғой бір бейнет.
Бұл қасірет ағамызға жетпеді-ау,
«Келмей жатыр, оқуында жүр ғой» деп…

Қайда кетті кеудемдегі асыл ән?
Көлшік еттім, көздің мынау жасынан.
Көк те шықпас, мезгілі оның жетпеген,
О, Тәңір-ай, қайда осы асығам?

Нені күттім, мынау өзім өмірден?
Қаяу кетпес енді мәңгі көңілден.
Жүдеп барам, жүдеп барам, осы мен,
Ойлар меңдеп, сай-сүйекті кемірген.

Ойға батқан күндерімде, ашынған,
Уыс-уыс шаш түседі басымнан.
Мені сүйген бар әдемі жігіт бар,
Жалғыз сол-ақ, шықпай жүрген қасымнан.

Көрген жоқ ем, еш пендеге бас иіп,
Жуылмаған баста қалды-ау шаш ұйып.
Жетім лақтай анасынан айырылған,
Жалғыз қалам ол кеткенде шоқиып.

* * *
Мен бір гүлмін, қауызы ашылмайтын,
Жастық алау, шуағы шашылмайтын.
Ең болмаса, тік басып қара жерді,
Күн болар ма балдаққа асылмайтын?

Жай ғана қақса біреу бөлме есігін,
Сүртемін көз жасымның көл-көсірін.
Оң аяқ кесілген-ді жуан саннан,
Алланың жазалаған пендесімін.

Күнім, аға, осылай өтіп жатыр,
Қайғы-мұңым басыма жетіп жатыр.
Көңіл сұрап келгендер ойға батып,
Мені есіркеп олар да кетіп жатыр.

Біреуге айтсаң кете ме мақұл көрмей,
Жүрегінен шарапат рахым бермей.
Кетіп қалғым келеді бұл өмірден,
Не айтасыз, ағатай, ақыл бергей?

Жұбату

«Айналайын, қарағым, жыламашы,
Көз жасыңды бекерге бұламашы.
Ақылың бар, бар бәрі, әлі-ақ сенен,
Шығар мүмкін елімнің ғұламасы.

Бола берме, қарағым, Асан ғайғы,
Бос уайымнан еш адам жасармайды.
Ісі ғой бұл тағдырдың, ешбір адам,
Тағдырынан сірә да қаша алмайды.

Асықпасаң, келесің жүзге, қалқам,
Несібеңді теретін ізде, қалқам.
Он екіде бір гүлің ашылған жоқ,
Үмітіңді өмірден үзбе, қалқам.

Өз арыңды тап-таза сақта, қалқам,
Албырт алау, толқыған шақта, қалқам.
Арқаңда ата-анаңның борышы бар,
Соны күшің жеткенше сақта, қалқам.

Жүрсең, қазір бір үйдің қызы болып,
Бір жігіттің қонарсың құсы болып.
Көңіліңнің кір басқан нала, мұңы,
Өтер, кетер бір жылдың қысы болып.

Күңгірт тартып, көңіліңнің гүл айнасы,
Бұған, жаным, қиналып, мұнаймашы.
Кездеседі өмірде, жақсы, жаман,
Кімді шалмас тағдырдың бұл айласы.

Жалғыз ғана арманың талқандалмай,
Мұратыңа тура тарт, қалқам, талмай.
Аяғынан айрылған бір сен емес,
Алға жылжы уайымға арқандалмай.

Соғыстан соң тындырып бар істі енді,
Қырық жылдай бір ағай дәріс берді.
Оқытудың жолдарын, дәрістерін,
Аянбастан үйретті әдістерді.

Сол кісі «Батыр» деген атақ алды,
Қызығына өмірдің бата қалды.
Баласындай көретін озаттарды,
Ұнатпайтын «жаман» деп атағанды.

Біреуге аға, біреуге нағашы еді,
Бір қолы жоқ, бір аяғы ағаш еді.
Мектебіміз тұрған жай өте әдемі,
Салқын сая өзеннің жағасы еді.

Өмір деген арпалыс, күресе біл,
Күресе біл, болмаса тіресе біл.
Қолдан берме намысты мүмкін болса,
Болсын сенің пайдалы бір есебің.

Тұрғаныңда нұр жүзің шуақ төгіп,
Кемсітпе өзіңді өзің ұят көріп.
Домалақ анамыздың ар-ұяты,
Қолдасын, қызым, саған қуат беріп»

Осылай деп күш бердім, қуат бердім,
Келмеді енді артық сұрақ бергім.
Қабағынан аңғардым бір жылылық,
Жанарынан көктемгі шуақ көрдім.

Қыз сөзі

Төрт айдың жүзі болды мұң кіргелі,
Жылжып өтіп барады күн де ілгері.
Апыр-ай, менен хабар алайын деп,
Балқаштан ағам келді бір күндері.

Сыңсыдым ағамды алғаш көргенімде,
Жылаған нәрестедей жөргегінде.
Тірідей көз алдыңда қор болғанша,
Жақсы еді-ау, көмілгенім мүлде жерге.

Гүлсімнің ағасы Мұратқа айтқан мұңы

Жан аға, сеземісің жағдайымды,
Бір шөл бар, кептіретін таңдайымды.
Толғанда он сегізге енді ғана,
Тап қылды бұл
Құдайым қандай мұңды?..

Таланып ақпан айы қасіретке,
Күңірендім, ұшырадым осы дертке.
Шара жоқ қолдан келер, амалсыздан,
Кенеттен шалынған соң басым өртке.

Жан аға, болды осылай күнім менің,
Жанымды мазалайды үңгіген мұң.
Матадан аяғымды суырғанша,
Жаншылды қойтасына диірменнің.

Болар іс болды, мен де күйремейін,
Батырып сені мұңға сүйремейін.
Жағдайың келсе, ағажан, анаңды емдет,
Шамам жоқ бара алмаймын үйге дейін.

Өзгелерде өкініш жоқ деймісің?
Қайықсыз өткелдерден өтпеймісің…
Жағдайың келсе, ағажан, анаңды емдет,
Шамам жоқ, бара алмаймын үйге дейін.

Тұрса да борасындап дауыл бүгін,
Ананың көтерейік ауыр жүгін.
Балалық парызымыз көп қой біздің,
Түсіну керек оның ауырлығын.

Дәрмен жоқ, мені, ағажан, қармайды мұң,
Әзірше жаным қалды, мол байлығым.
Дүниеден өтеміз ғой бәріміз де,
Мезгілсіз үсіп, қурап, солмайды гүл.

Мен бүгін жапырақпын сөлі семген,
Жұпыны көл сияқты қамысы өлген.
Таяныш қолтығымда қос балдағым,
Бөлмеде қалғандаймын шамы сөнген.

Басымды шырмап алса, арылмай мұң,
Мен неге ыстық пешке қарылмаймын?..
Қуаныштың қандайы болса-дағы,
Әйтеуір мен ағымнан жарылмаймын.

Айналайын, жан аға, осыны ұғын,
Ұғып келем көп жайдың тосындығын.
Ақ пенен қанатты берсе, Құдай,
Анам жаққа барар ем осы бүгін.

Мұраттың қарындасына айтқаны

Жан бауырым сен едің, қарындасым,
Әрқашан да сен менің жадымдасың.
Сөйлей алмай мен тұрмын қысылғаннан,
Ауа жетпей тынысым тарылғасын.

Естімедім осындай дертіңді мен,
Айналайын, сағындым көркіңді мен.
Орындайды бұл ағаң берген сөзін,
Екі етпеймін ешқашан сертімді мен.

Көшесінен Балқаштың асхана ашып,
Кеткен еді тірлігім бастан асып.
Қанша жұмыс жасадық жеңешеңмен,
Үш бөлмелі жап-жарық баспана үшін.

Тез аяқтау жұмысты, жорамалым,
Екі аптада ауылға ораламын.
Үйге апарып қойдым мен жеңешеңнің,
Саған деген көйлек пен орамалын.

Жүкті буып, бір-біріне түйістіріп,
Енді бәрін тастаймыз жиыстырып.
Жіберуге ауылға әрекеттеп,
Контейнерге саламыз сыйыстырып.

Келгеннен соң анамды емдетемін,
Тозған үйді реттеп, жөндетемін.
Жиі-жиі моншаға шомылдырып,
Көрпе жауып, жылы ұстап, терлетемін.

Түсіргенше мұншама әбігерге,
Көрсетемін ең мықты дәрігерге.
Нәрлі суы курорттың дертке шипа,
Барып жатыр жастар да, кәрілер де.

Кесел бетін беріге әбден бұрып,
Күтім жасап ананы әлдендіріп,
Апарамын курортқа шипа болар,
Киімдерін үтіктеп, сәндендіріп.

Содан кейін өзіңді қаратамын,
Әулиеге мал сойып жаратамын.
Аруағы қолдасын сені, мені,
Әкеміздің атасы Сары атаның.

Қыздың сүйген жігіті Сәкеннің Гүлсімге хаты

Лаулайды қызыл шоқтай күрсінсең мұң,
Ойыңды түсінемін, Гүлсім, сенің.
Досыңнан дұшпаның көп, ойлан, жаным,
Біреудің жел сөзіне жүрсің сеніп.

Көңілімнің сен дегенде күйі бөтен,
Өзіңді шын сүйгенмін, сүйіп өтем.
Құмарым сен дегенде басылмайды,
Дүрсілін жүрегімнің жиілетем.

Боркемік, әлсіз емес, ойым – алмас,
Мені ешкім алған беттен айыра алмас.
Мен сені арқалаймын, жетелеймін,
Құдайдан басқа біреу айыра алмас.

Бір Алла нәсіп етсе, үйленеміз,
Жарқылдап бір әдемі күйге енеміз.
Қазақша намаз оқып, таза жүріп,
Құранның қаріптерін үйренеміз.

Жақындап келе жатыр уақыт күзге,
Келеді асықпасаң, бақыт бізге.
Жасайық тойымызды қыркүйекте,
Қалармыз бар қызыққа батып біз де.

Гүлсім-ау, ұмытылар күрсінгенің,
Сезінші жүрегімнің дүрсіл, демін.
Сырымды хат арқылы арнағаным,
Мен сендік екенімді білсін дедім.

Гүлсімнің Сәкенге жауап хаты

Сүйіктім, жаным, Сәкен, аманбысың?
Ойың пәк, маған әлі алаңбысың?
Сен әлі білмейсің бе, амалсыздан,
Мен сенің ұшып кеткен арман құсың.

Қинама өз жаныңды, қиналамын,
Жай ғана бола алсаң ғой сыйлы адамым.
Маған сірә ата-анаң да қарсы болар?
Айта алман, ойыңа мен иланармын.

Мүгедек саған жолдас бола алмайды,
Бақыт кеп басыңа да қона алмайды.
Сүйемін, күйемін деп жігіттер де,
Қыздарды жас кезінде көп алдайды.
Мен саған ризамын, жаным,
Сәкен,
Сынбасын бұл сөзіме сағың, Сәкен.
Қызыл шоқ махаббатым сен дегенде,
Сөнбейтін, алаулайтын жалын, Сәкен.

Жөн болар, жай досым деп санағаның,
Сенің де жүрген шығар қалағаның.
Осыны маған тағдыр жазған шығар,
Қолында-ақ жүре берем жан ағамның.

Бұйырмай махаббаттың бал айлары,
Шер, мұңнан бозаң тартып самайлары,
Жете алмай биігіне, арманда өткен,
Нақ мендей қаракөздің талайлары.

Сәкеннің ғашығына жазған екінші хаты

Сүйіктім, неге мені түсінбедің?
Сеземін барын сенің ішіңде мұң.
Алмаймын мен есепке кемдігіңді,
Тағы да таба алмаймын ісіңнен мін.

Жатсаң да сен ішінде тозақ түннің,
Сен түсін, сені сүйген боз аттымын.
Елітіп жатсаң, Гүлсім, құшағымда,
Сол кезде ұмыт болар азап күнің.

Бір сенсің бұл өмірден іздегенім,
Жолдары жіңішке ғой қыз дегеннің.
Тұрамын мен сертімде, жан гүлім-ау,
Таянып қалды, міне, күз дегенің.

Алғанмын келісімін ата-анамның,
«Өсіп-өн, балам» деген бата алғанмын.
Біздерге бақыт келсе, болды емес пе?
Желсөзі неге керек жат адамның?

Бірге ашсақ, тәтті өмірдің жыр-дастанын,
Бұл менің аттап-аттап қырды асқаным.
Өзіңсің құмарым да, аңсарым да,
Өзіңсің оңашада сырлас жаным.

Бір жүрсек, өмір-өзен толқынында,
Басылар өксігіңнің солқылы да.
Аяғыңа протез салып берем,
Жүресің содан кейін қолтығымда.

Гүлсім-ау, кел ұстайын білегіңнен,
Болайын арқасүйер тірегің мен.
Кетпесін ерте солып гүлдеріміз,
Жалғашы жүрегімді жүрегіңмен.

Гүлсімнің сүйген жігітіне жауап хаты

Ішінде жатсам-дағы палатаның,
Ұнатам самал ескен дала таңын.
Алдымда бір қуаныш есіп тұр ма?
Қышиды қайта-қайта алақаным.

Мен қанша жіберсем де қиындатып,
Қасыма сен келесің құйындатып.
Азаннан кешке дейін өмірді ойлап,
Сансырап отырамын миым қатып.

Жар етіп алсаң, Сәкен, мәңгілікке,
Қоямын жыр жолына соңғы нүкте.
Ал енді мен сендікпін, жаса тойды,
Жүзігіңді тағатын таңды күт те.

Арманым іске асқандай енді менің,
Бал-бұл жайнап жүзім де, кірді реңім.
Өзіңді пірім деймін, жаным, Сәкен,
Өмірлік жарыңмын деп сендіремін.

Соңы

Қалықтап сыр сезімнің ән қосағы,
Биіктеп асыл арман алға асады.
Жүрегі қос ғашықтың бірге соғып,
Некенің ақ жолына жалғасады.

Пікір қалдыру