Сәдуақас Ғылмани және Әлкей Марғұлан
«Бір ақылды адаммен сөйлесу – бір ай бойы кітап оқығанмен тең», – деп Конфуций айтқандай, абыз Әлкей Хақанұлы Марғұланмен әлденеше рет жүздесіп-сөйлескенбіз, сөз арасында Сілеті дегенде өңі бал-бұл жанып, қанаттанып, қырандай сілкініп, жадырап-жайнап кетуші еді. Ұлы бабасы Олжабай батырдың қандыкөйлек досы Қанжығалы қарт Бөгенбайды, қаракөктің тұқымы Бапан би мен Саққұлақ шешенді әңгімелейтін. «Сілеті бойы – елдің бас қосқан ордасының бірі», «Сілеті өзенінің бойында іргесі сақталып қалған қалалар – Тұлпартас, Қарашоқы» деп отыратын. Ғұлама дінтанушы, Қазақстанның Қазиы Сәдуақас Ғылмани (Сәкен Халфе) да Сілеті өңірінен болатын. Сілеті бойының қадірлі ұстазы, халық қызметкері Мұфтахиден Усаұлын осы кісінің қолдауымен 1956 жылы Алматыға шақыртып, бас имам лауазымына тағайындады. 1964 жылдың тамызында Мұфтахиденнің бір ұлы (Мүбәрак болса керек) Алматыға келіп, Сәдуақас Ғылманиға сәлем бере барғанда сол кісінің шаңырағында академик Әлкей Марғұланды кездестіреді.
Сонда Сәдуақас Ғылмани Ақсақ Темір мен түрік сұлтаны Баязид-1 жайындағы «Гүл-аңыз» дейтін тарихи дастанды Әлкей Марғұланға айтып берген. Мұфтахиденнің ұлы дастанды басынан аяғына шейін хатқа түсіріп алған.
Сәкен-халфе араб тілінен басқа өзбек, қырғыз, татар, орыс тілінде де өте таза, әдемі сөйлейтін адам болған. Орта бойлы, келбетті, қой көзді, жанары нұрлы, қыр мұрынды, саспай ақырын сөйлейтін, орнықты да сабырлы, қандай ғылыми сұрақтарды да таратып айтатын, не нәрсенің де шығу тарихын, арғы тегін толық қамтуға тырысатын адам болған. Меккеге барған, қажы (Совет елшілігімен бірге). Өзінің айтуы бойынша, Совет елшілігінің адамдарымен бірге Бейрутқа барғанда 4 мың адам сыятын Бейрут мешітінде болыпты. Сонда түскі намаздан кейін Қазақстанның бас имамы деп таныстырып, 30 минут сөйлейсіз деп сөз береді. Бірақ ол араб тілінде бір жарым сағат сөйлеп, бүкіл халық шулап «Алла, Алла»-лап отырыпты. Жан-жақтан сұрақтар жауа беріпті, бұл кісі жауап беріп тұрған.
1953 жылы Меккеге қажылық сапар жасағаны туралы Сәдуақас Ғылманидың өзі былайша еске түсіреді:
«Ташкенттен бастығымыз Зияуддин Бабаханов болып, Саттиев, Фазыл-хожа, Минхаж-қари, Шах-Икрам, Жүсіпхан, тағы-тағылар болып, Мәскеу бардық. Онда Хиялиддинов Шәкір-мүфти, Йаралла Йусуфи, Исмаил Мәтшәриф, Исмаил Рахматуллаұлы, Абдолбари Исаев тағы-тағылар болып, айналамыз 20 кісі, самолет қызметкерлері 5 кісі, барлығымыз 25 кісі болып бір самолетті бір айға жалдап, маршрут Мәскеу, Баку, Тегеран, Бағдат, Бейрут, Кахира, Жилда, Мекке, Мәдина болып, қайтарда осы жолмен жүріп, тура бір ай дегенде Мәскеуге келіп түстік. Барарда Мәскеу, қайтарда Мәскеуден екі айда үйге келдім. Бұл бір Алла Тағаланың ойсыздан берген неғматы болды» (Сәдуақас Ғылмани. Заманамызда болған ғұламалардың ұқмыр тарихтары. – Алматы: Дайк-Пресс, 2015. 357 бет.)
ХХ ғасырдың дін қайраткерлері Сәдуақас Ғылманидың рухани болмысын былайша танытқан:
Орта Азия, Қазақстан арасында,
Бөгеті, тоқтауы жоқ, сіз аққан бұлақ.
… Көкшетау мешітінде сөйлегенде,
Сөзіне жиылған жұрт тұрды балқып. (Смағұл Сәрсембайұлы)
Уа, әзізім, аға едің,
Ғылымға бай дана едің.
Қазақстан ішінде,
Мұсылманға бақ едің.
Уай, бұлбұлым, ұстазым. (Мұфтахиден Усаұлы)
Сондай-ақ, әйгілі фарабитанушы Ақжан Әл-Машани (1907-1997) Сәдуақас Ғылманиды ғылыми жетекшім деп бағалаған.
Арабша, түрікше судай білетін Сәдуақас Ғылмани Құранды да сан-сипатты мақамдармен оқығаны ақиқат. Расында, академик Әлкей Марғұланның алдында «Гүл – аңыз» тарихи дастанын барынша мән-мағынасымен жырлағаны түсінікті. Негізінде, бұл ойшылдар жыршылықты да, әңгімешілдікті де жоғары дәрежеде өркендеткен, тыңдаушыларын интеллектуалдық-шығармашылық тұрғыдан тәрбиелеген адамдар.
Мұфтахиденнің ұлының айтуынша, Сәдуақас Ғылманидың Әмина атты қызы Алматыда тұрған, медицина қызметкері болса керек.
Енді мына хатқа назар аударайық.
Негимов Серікке!
Осымен «Гүл Аңызды» тәмәмдәдім,
Өзімше аяғам жоқ қолда барын.
Ғалымдар сұхбатының жемісі осы,
Ініме Серік атты тапсырамын.
Ағаңды жетелеп көр бұдан былай,
Жаратқан жәрдем берсін, жалғыз Құдай.
Атақты Әлкей ғалым Марғұланды,
Шұлғытқан Сәкен-халфе талай-талай.
Бұл аңыз мен аузынан естігенмін,
Паһ, шіркін, белгісі жоқ өткен күннің.
Жемісін әрмен қарай жетілдірсең,
Серік-жан! Міне, мұны саған бердім.
Уссәләм-ағаң
Меңдеш Мүбәрәкұлы Мұфтахиден-тегі.
3 мамыр, 1993 жыл. «Қулыкөл» ауылы».
Бйссимилләий – Иррахман – Иррахим!
Гүл – Аңыз
(поэма)
«Войска Темура сошлись с армией султана Баязида-1 при Анкаре 23-июля, 1402 году.
Разгром войск Баязида-1 был полным. Сам дотоле непобедимый султан героический
сопротивлялся, но был захвачен в плен на поле битвы и умер в неволе».
(История Византии. стр.172)
Айлық ғұмыр сүретін шөп өсетін,
Атақты бір тау еді жұрт білетін.
Басында сол бір таудың алаңы бар,
Жаңағы, ғажап сырлы гүл өсетін.
Басына шығу қыйын осы таудың.
Мекені қыяға ұшқан қыран құстың.
Тарғылы таудың епті барысы да
Сескеніп қыран құстан шықпайтұғын.
Сол гүлдің дәрілік бар қасиеті,
Кәріге, жастық үлкен жігер депті,
Хан-Темір жадырап бір отырғанда.
Құлағына осы сөз келіп жетті.
Қаһарлы Ақсақ-Темір баршаға аян.
Ешкімді қаһарланса аямаған.
Өшіккен, ерегіскен дұшпанының
Бас сүйегін кесе ғып, шарап құйған.
Қаһар-хан шатырында түкті кілем.
Керіліп, Алтын тақта ол шіренген.
Сұсынан сескенгенде таң атпастай,
Қос барыс екі жақта гүрілдеген.
Сап! – деді сұқ саусағын көтеріп ол,
Жым болды, бүлк етпеді оң менен сол!
Қай уақыт? Қай мезгілде бару керек?
Қалай екен сол гүлге баратын жол?
Басына арабтарша сәлде ораған,
Жас жігіт босағаға кеп отырған.
Иіліп, тағзым етіп ұлықсат сұрап,
Салмақты, инабатпен тұрды орнынан.
Тақсыр-хан! Менің атым Әбу-Саид,
Мұңымды тыңдасаңыз етпей айып.
Мен де бір шөп іздеген дәрігермін,
Алдыңа келіп тұрмын бақытым тайып.
Артынан мен сөйлейін гүл жайында
Ең алды, Патшам, мені тыңдайсыз ба?
Құдай бір, пайғамбар хақ, әміршісіз,
Өтініш, арызым бар ғұзырыңа.
Сазарып үнсіз қалды Ақсақ-Темір,
Қос барыс гүр етті де сілкінді бір.
Жарқ етіп Темір-патша бір уақытта,
Тыңдауды мақұл көріп, көрсетті түр.
Ал, сонда Әбу-Саид кетті сөйлеп:
Мен — түрік! Келген жерім Түркия деп.
Сұлтаны Түркияның шыдатпады.
Айтатын арызым мынау, өзіңе кеп.
Әбу-Саидтың мұңы
Түрікте әмір Баязид-сұлтан!
Ант етіп сені деді ғой «құртам».
Құрметті Патша сөзімді тыңда,
Өзіңе, мен, шындықты айтам.
Әкем менің текті еді ғалым,
Ұғушы еді адамның жанын.
Шөптерден түрлі дәрілер жасап,
Сарп еткен еді ғылымға барын.
Мақамын Араб Құраннан жаттап,
Әділдік пенен шындықты даттап.
Бар өмірін ғылымға берген,
Көрген жоқ ол Баязидті жақтап.
Сұлтанда оның қызыметі,
Ғалымдардың ең үлкені.
Өзіне ұстап – Медіресе,
Жастарға көп ұстаздық етті.
Ғылымға мені баулыды ерте.
Деп еді маған Сұлтанға сенбе!
Фариза деген сұлуды, жас қыз
Оқытты өзі менімен бірге.
Фариза сұлу – досының қызы,
Күндей десең болар-ау жүзі!
Оқуға сондай зерек ед ғажап,
Таң қалатын ұстаздың өзі!
Міне, сол қыз екеуміз де,
Оқуда күнде жүруші ек бірге.
Музыка, ән аспаптарын,
Тартушы ек айтып қосылып бірде.
Махаббат күйін сезбедік онда,
Бет алып мүлде ғалымдық жолға.
Әртүрлі пән жүруші ед бізге,
Жеті жыл бірге оқыдық сонда.
Екі айдай әкем тау кезіп кетті,
Дәрілік ғажап іздейтін шөпті.
Өзінің бір таңдаулы досы,
Шәкірттерге ұстаздық етті.
О, ғажап-ай! Әлгі бір ұстаз,
Шәкірттерді жыйнады толық.
Аспаптардың алдыртып бәрің.
Біреуін тартып көрсетті жол ғып.
Содан кейін кезекпе-кезек,
Бәріміз де ән салып кеттік.
Отырған осы шәкірттер түгел
Әнге де ғажап, аспапқа жетік.
Аспаппен, әннің кезегі жылжып,
Фаризаға келіпті сырғып.
Боздата тартып салды бір әнге,
Қалқыды тек тыныштық мүлгіп.
Аспандап ән қалықтап кетті,
Мұңлы бір үн ғарышқа жетті.
Балқыды бойлар, мұздап бірдене.
Көзден жас кеп, өткінші өтті.
Лүпілдеп жүрек соғады дүрс-дүрс,
Тыныштық, тылсым, тым-тырыс.
Ұлағатты ұстаз боздап отыр.
Кенеттен, міне, үзіліс,
Орнымызда бәріміз аң-таң.
Толып жатыр күрсініп жатқан,
Фариза жоқ, ән де жоқ.
Ғайып боп кеткен жаңағы Шолпан.
Уа, Тақсыр Патшам, осы бір сырым.
Арманым менің қазіргі жырым.
Міне, сонда оянған еді,
Сезгенмін сонда махаббат тілін.
Айтатын ақыл әкеміз күнде,
Ержетіп өстім сол қызбен бірге.
Махаббат оты лап етті бір күн,
Кім білсін сол сәтсіз бір күн бе.
Бір күні әкем қабағы қату,
Сұлтаннан үйге мұңайып қайтты.
Анам мен мені шақырып алып,
Соңғы ғой дейім, ақылын айтты.
Ұрпақтарым, сендерге айтам,
Баязид-Сұлтан өшікті маған.
Не істесе де әмір бар онда,
Өзгеріп кетті түрі оның жаман.
Фариза! Тыңда сөзімді менің,
Ойлайық енді халыңды сенің.
Мал мен бас аман тұрғанда қазір
Әбу мен сені көшірсем деймін.
Мен өзім қалам осында әзір,
Әбуді әкет, дүнияны жасыр.
Жазмыштан асу болмайды мүлде,
Мен-ақ көрейін жазғанын тағдыр.
Бір күні түнде сол біздің үйге,
Қаптап бір кетті аттылы, түйе.
Еркекше киім киініп алды,
Кетпекші болды Фариза бірге.
Бишара анасы жылады боздап,
Егілтті бізді жүйені қозғап.
Соңғы рет әкем қоштасты құшып,
Әкемді менің көргенім осы-ақ.
Түбіне жетті Баязид Сұлтан,
Көп ғалымды дараға асқан.
Жылаған халық көшеге шығып,
Сұлтанға арнап лағнат айтқан.
Жасырған бізді әкемнің досы,
Арада бір ай өткеннен кейін.
Барғанда арнап білгені осы,
Ағарды шашы жүдеді Анам.
Осы екен ғой дүние-жалған,
Әкеме тура болғанда бір жыл.
Сорлы анам менің дүние салған,
Әкемнің досы, есімі Саадат.
Шақырып алды бір күні мені.
Шырағым, балам, құлағың сал,
Іздеп жатыр Баязид сені.
Мынау менің сая бағым,
Сақтаймын сені, саядасың.
Ақылын өзің айтшы, балам,
Қайда сені жасырамын?
Құрметті Саадат! Сөзімді тыңда!
Қалуға маған болмайды мұнда.
Қырсығым менің саған да тисе!
Айықпас тағы батармын мұңға.
Фариза менің қазіргі жарым,
Менімен бірге тағдыры ортақ.
Алысқа жол тартайық біз.
Кетерміз құтылып аруақ қолдап.
Онда, балам, айтарым мынау,
Дүнияң менде, шықпайды шашау.
Баязидтың құрығы жетпес,
Бір-ақ патша дүнияда бар-ау.
Ол — Темірлан патша, Хорезм жақта,
Жүресің, балам, сол жаққа.
Хат жазып берем Темірге арнап,
Санамасын мені де жатқа.
Бұл жақтан тілді жеткізіп тұрам,
Баязид саған қақпанын құрған.
Тыңшысы жансыз толып-ақ жатыр,
Іздеуге сенің соңыңа салған.
Аман жетсең хабарды сен бер,
Сәудегерше киініңдер.
Жұманың сәті ертеңгі күнге,
Мініңдер жүйрік, жөнеліңдер.
Сөйткенше болмай, далада шаң-шұң,
Қылыштың сыңғыр қағысы шықты.
Ұшып тұрып Саадат мені,
Жасырын бөлек бөлмеге тықты.
Сұлтан Баязид уәзірлері.
Саадат үйін тас-талқан етті.
Фаризаны олжа қылып
Іздеп мені, таба алмай кетті.
Жастықты құшып, мен қалдым зарлап,
Саадат үйін кетіпті тонап.
Саадат өзі жаралы болып,
Қалыпты оны құлдары қорғап.
Араға күн салмады Саадат,
Жол білетін құлдарды жалдап.
Жүйрік ат пен желмая алып,
Сенімді жігіт берді таңдап.
Міне! Тақсыр! Менің барым,
Шыбындай жаным, адамдық арым.
Дәру-гүлді мен тауып берем,
Не болар менің ендігі халым?
Ақсақ Темір түнерді үнсіз.
Сабау құйрық барыстар жатыр.
Шақыртып алып бас Батырын,
Міне, былай беріпті Әмір:
Дем алсын жігіт, бөлек күт оны,
Дайындалмай білетін жолды.
Ертең азанға жыйна бәрін,
Бүгін ескерт! Бәріне соны!
Патша Ақсақ-Темірдің
Түрік сұлтаны – Баязид 1-ге хаты.
Баязид Сұлтан!
Ассалаумағаләйкүм, Уа рахматоллахи
Уабәрәкәтүу!
Бәріміз де бір жалғыз Жаратушыға бас иеміз.
Уассаләм, хан Әмір Темір деп біл.
Хиджраша емес, 1400 жыл. Тамыз айы.
Уа, Баязид Сұлтан!
Хаскәрің көп мыңдаған сан.
Көктегі Тәңірді білетін болсаң,
Соның атына кір келтірме,
Мынау арнаған сәлемім саған.
Сенің бір құлың Әбу-Саид,
Ол да мұсылман, емес қой жөийд.
Жанына жара салыпсың соның,
Меніңше, Баязид, ағаттық мұның.
Тартып алыпсың сүйген жарын,
Естігем сені дейтұғын ғалым.
Қарсы көп шариғат ұкіміне.
Осыған, Сұлтан, қалайша бардың?
Сенің атағың маған да аян,
Құдай қаласа саған да барам,
Құдайы көрші, дос болам десең,
Сұраймын сенен, қалауымды алам.
Жасауын беріп нарларға артқан,
Әбудің жарын қайтар, Сұлтан!
Болсын десең – достықтың алды.
Елшімді, міне, жібердім саған.
Уа, Баязид Сұлтан!
Ойыншық көрме хатымды менің.
Сұлтан деген затың бар сенің.
Жақсы көрші болайық десең,
Арамыздан кетпесін сенім.
Ғаскерің көп, болыпты сап-сап,
Құмырсқадай қаптаған ғажап.
Қаһарлы сұлтан, түсін сен маған,
Кердеңдемей менімен тіл тап.
Уссәләм Сұлтан, күтемін жауап,
Орындасаң тәңірден тіл тап.
Орындамай жіберсең мұны,
Қан етемін, семсерді жұмсап.
Соншама мені қорқытты деме,
Келтіремін… Келмесең жөнге.
Көп ғаскерің сөз емес маған.
Мұны жазған Мәшһүр-Темір де!
Уссәләм
1400-жыл
Тамыз
Азанда
Ескерту:
Атақты арабист-ғалым Сәкен ибні Ғилманұлының академик Әлкей Марғұланға айтуы бойынша, Ақсақ-Темір, Баязид 1-ге көптеген нарларға артылған тарту-таралғымен бірге, бірнеше сұлу қыздар мен құлдарын қоса жіберген.
Екі ғалымның әңгімесіне басынан аяғына шейін мен де қатысып отырғамын. Бұл 1964 жыл – тамыз айы болатын.
Түрік сұлтаны Баязид 1-ің, Сә -Темірге жауап хаты
Уағаләйкүмүссәләм, адуын Сә-Темір Патша!
Хатың жазылған бас жағы хатша,
Құдайдан ғана қорқатын мені
Сен неге қорқытасың? Қара-құл Тазша!
Хандық сенде қашаннан бері,
Атың да, затың белгілі еді.
Әлемге сонша жармаса туып,
Кінәлі деп сөгесің мені.
Мен кім? – Сен кім? Байқашы соны!
Мен — Құдайдың сүндетті құлы.
Әлемге дінді уағыздап өтем,
Маған қалған Пайғамбар жолы.
Менен қашқан Әбу-Саид,
Кінәлі маған, тағамын айып.
Айтқаныма бағынбай кетті,
Ант еткен маған, уәдеден тайып.
Сенің әкең Тарағай деген,
Әскербасы емес, шалағай екен.
Тұқымын – Шыңғыс, етегін жапқан,
Аты шулы шықпаған тектен.
Сенің де атың қанішер хан,
Ататын болар кездесер таң.
Қылыштың жүзі, найзаның ұшы,
Шешетін болар төгілер қан!
Қорқытпа мені, қорықпаймын сенен,
Жекпе-жек саған кездессем екен.
Әділдік жеңіп жекпе-жекте,
Жауапты саған семсермен берем.
Ал, Әбудің жары – менің жарым,
Айтайын, рас, зорлықпен алдым.
Әбудің өзін сен қайтар маған!
Басын кесем, аламын жанын!
Жауабым осы – Уәссәләм Темір.
Мейлің ақыр, мейлің өкір!
Тотияйын көтіңе құйдым.
Шыдай алмасаң аспанға секір!
Уәссәләм, Сұлтан Баязид деп біл!
1400 жыл, наурыз айы
Жорық
Аспанда бұлттар жөңкілді тулап,
Өзен мен көлде құстар да шулап.
Киік пен елік, Қарақұйрық,
Топ-топ болып ауады зулап.
Соңынан оның шибөрі шапқан,
Қасқырларды бастайды сырттан.
Суырлар інге жып беріп еніп,
Аң басып кетті даланы жортқан.
Шарықтап қыран қыяға шырқап,
Таң қалғандай төменге қарап.
Бет алып тауға мұнартып жатқан,
Қыран құс та барады зулап.
Аспанда, жерде қап-қара түнек,
Құмдар басқан, шөлейттер жүдеп.
Сұрапыл дауыл шығыстан шыққан.
Түнеріп келед, түйіліп түтеп,
Күннің нұрын не пәле жапқан?
Күн қайда өзі таңертең шыққан?
Қосылып негізі, кеткен бе қалай?
Әлемтапырық, жер менен аспан,
Жұтынып өзен Анкара жатыр.
Мөңкиді бұйра толқындар атып,
Анкара асау, Анкара долы.
Бұзылған неге? Тып-тиыш жатып.
Ақкөбік толқын жағаға атқан,
Қопарып тасты жайдан-жай жатқан.
Долдана тулап Анкара жатыр,
Кеше ғана сабырлы аққан.
Күннің көзі жылт етіп бір сәт,
Сәулелі нұрын төкті бір ғажап.
Қара-құрт қалың қол көрінді,
Жарқ-жұрқ еткен найзалар самсап.
Қаптады әскер құйылып лек-лек,
Үкілі найза шошаңдап селк-селк.
Бақырған түйе, пысқырып аттар,
Екі жүз мың қол келеді бөлек.
Түйеге мінген 25 мың,
Соңында қолдың келеді дара.
Дүрс-дүрс еткен тұяқтан жер де.
Күрсініп жатыр, солқылдап дала.
Анкараның жазығы кең,
Бір биік дөңге шатырын тіккен,
Баязид-Сұлтан отырды тақта,
Қолбасшылармен мәжіліс еткен.
* * *
Бұдан енді күншілік жерде,
Дәл осындай келеді әскер.
Мұның да сұсты қаһары сондай,
Салмағын жер көтерген әзер.
Ақсақ-Темір ақбозат мінген,
Алдында қолдың барады бөлек.
Уәзірлер, батыр қасында оның,
Тым суыт жүріс, келеді төпеп.
Белдерден асып қырқаға шықты,
Темірлан бұзды тыныштықты.
Самсаған алда әскерді көріп
Бұл да бір дөңге шатырын тікті.
Ақсақ-Темірдің шатыры
Темірдің жібек шатыры қандай,
Алтынмен аптап, күптеген күміс.
Ақ жібек туы желбіреп тұрды,
Мен мұндалап шақырып соғыс.
Етектеп дөңді қойылған күзет,
150 мың әскермен тіреп.
Адам түгілі сайтан да өтпес,
Мүлт кетпейді қас-қағым күзет.
Дулыға баста, желбіреп үкі,
Кіреуке сауыт киіпті түгі.
Семсер мен найза қарулары.
Сап түзеп тұрған, ашылмай жігі.
Шатырдың іші өте кең, үлкен,
Төселген жерде, қабырға кілем.
Алтын тағын ортаға құрған,
Темірде ғажап салтанат әсем.
Әбу-Саид 17-ақ жаста,
Отырған Патша оң жағында,
«өзгеріп киін Әбу-Саид,
жол жүресің» деді патша.
Уәде қалай, қайда еді Саадат?
Кездесіп оған, тездетіп сен қайт.
Келіскен өзі бектерімен,
Ертең түсте өтсін қаптап.
Міне, мынау Шатырдан – Орда.
Қарсы алам мен оларды сонда.
Баязид-Сұлтан көзімен көрсін
Қарулы күзет қоямын жолға.
Соғыс
Түнеріп, төніп түн келіп қонды,
Жасыра келіп ғасірет таңды.
Өлерін білмей кейбір әскер,
Мәз болып күліп, кейбірі сорлы.
Түріліп аспан, бозарды ақ таң,
Қозғалды әскер дайын боп жатқан,
Сұрапыл соғыс басталып кетті,
Ию-қию, ың-шың аспан.
Қарш-құрш, кірш-кірш найзалар кетті,
Сілтелді семсер, жарқ-жұрқ етті.
Шұрқырап жылқы, бақырып түйе,
Сұрапыл апат дүрілдеп жетті.
Домалап бастар, жаншылып дене,
Ақырған дауыс, шыңғырған дей ме.
Сан түрлі сұмдық дыбыстар шығып,
Ақырзаман кеп соқты мүлде.
Сарқырап қан бұлақ боп ақты,
Шашасын аттың толық қан жапты.
Тау-тау боп өлік, үйіліп қалып,
Қиян-кескі айқас боп жатты.
Қырық мың әскер тыңнан кеп қосқан,
Соғысқа қарап Баязид-Сұлтан.
40 мың әскер жасырып қалды,
Ойпатта бір тасада тұрған.
* * *
Темір де бұны ертеден сезген
40 мыңын оның қоршатып кеткен.
Апатты сұлтан қайдан білсін,
30 мың әскер Темірге өткен.
Зуылдап ұшқан ысылдап жебе.
Қалқанға соққан қылыштар тисе.
Шаңқай түсте тартылды керней.
Дем алып екі жақ, үзіліске.
Баязид-Сұлтанның шатырын қоршау
Баязид-Сұлтан шатырында,
Көңілі толмай бұл соғысқа.
Қайғының бұлты иықтан басып,
Көңілсіз сондай отырғанда.
Абдырап, сасқан бас батыр кірді,
Түтігіп кеткен келбетті түрі.
«Далаға шық, Сұлтан, — деді:
Саадат-бек масқара етті,
Қаншама сан әскерді ертіп,
Қырындап бізден көктей өтіп.
Өзімен бірге бектерді алып
Тоқтады барып Темірге жетіп».
Баязид-Сұлтан далаға шықты.
О, Жаратқан! Иесі мықты,
Жүрегі соғып алқынып кетті.
Пәлені Сұлтан ішінен ұқты.
Дар етті керней абырда-сабыр,
Желі есті тағы бұйырған тағдыр.
Баязид-Сұлтан ақ сауыт киді,
Ерте ме, кеш пе шығатын жан бір,
Шын болаттан семсерін алды.
Ауыстырып жұптарын тыңнан,
Жазмышына ұсынып мойын.
Қаһарман сұлтан сұстанып шыққан,
Әскерлі сұлтан серпілді кейін.
Шатырға тура ұмтылды жауы,
Ортаны тіле қақыратты,
Екпіні жаудың атқандай тауды.
Түйелі әскер төпеп бір тура,
Аттарды жаншып құлатып жыға.
Садақтың оғы жаңбырша жауды,
Сұрапыл екпін болар ма мұнша.
Ақырды Сұлтан. Суырып семсер,
Әскері оның ұмтылды жауға.
Қиян-кескі сілтеді семсер.
Ашынып тиді Түріктер сонда,
Әскері Темір шегінді қайра,
Онысы бірақ болды ғой айла.
Сырттан орап, бүйірден соғып,
Түріктерді жапырды қайра.
* * *
Ортаны Темір үшкірлеп тіліп,
Лап етіп еніп, сыналап кіріп.
Шатыры Сұлтан қоршалып қалды,
Әскерден мүлде тастады бөліп.
Қиямет
Кескілескен қанды бір қырғын,
Шақұр-шұқыр қылыштың жүзі.
Өмір мен өлім жанталаста,
Соқтысқан найза мен гүрзі.
Шыдай алмай Баязид-Сұлтан,
Соғысқа мыңын бастап кеп кірді.
Қылышқа шебер алапат батыр
Ығысты жау, етектеп түрді.
Осы бір ғажап Сұлтанның мыңы,
Жаңғыртты жерді, жаңғыртты көкті.
Найзағайдай ойнатып семсер,
Сұлтанның өзі ортада жүрді.
I
Шоршыды бастар, түсірді баудай.
Ашынған Сұлтан сілтеп жүр талмай.
Өлермен боп ұмтылды әскер.
Патшасынан, сұлтаннан қалмай,
Гүр етіп сұлтан, салды бір айғай,
«Қайдасың Темір, шықсайшы былай.
Патшаға, патша жекпе-жек шыққан.
Басыңды қағам, бұйыртса Құдай.
Қамалып менің шатырым қалды,
Сен үшін бұл жеңістің алды.
Жекпе-жек, Темір, жекпе-жек Темір.
Шықсайшы тез, бұзбағай Заңды»!
Таң қалды Темір, шайқады басын,
Қолбасшы болса осындай болсын.
Дүлей күш бар, селдей бір тасқын!
Тілгілеп Сұлтан қырып жүр жауын,
Жолбарыстай атылып кейде,
Ортасын жаудың етеді құйын.
Төнген қылыш, төнген найза,
Қағып тастап, етпейді бұйым.
Арыстандай ақырып кейде,
Шыр көбелек ойнатып атын.
Көрсетіп жүр Батыр сұлтан
Соғыстың сұмдық ғаламатын!
Мұны көрген Қаһарлы Темір,
Атының басын босатты тура.
Патшадан озып оқ бойы кеткен
Әбу-Саид зулады алға.
Бұл кезде Сұлтан жаралы еді,
Өзіне төнген Әбуді көрді.
Атының басын кенеттен бұрып:
«О, сұмпайы! Сені ме!» – деді.
Басқаға оның келмеді тілі,
Тізгіні аттың қолынан түсті.
Семсерін соңғы көтеріп көкке,
Ерінің қасын кеудемен құшты.
Атынан түсті Ақсақ-Темір,
Жаяулап сұлтан қасына келді.
Алдырып кілем, астына төсеп,
Басына жастық қолынан берді.
Анкара бойы қан сасып кетті,
Барқылдап құзғын ұшады көкте.
Әскері Темір шегінді кейін,
Шатырын – Сұлтан, қалдырып Дөңде.
Қулы-көл совхозы, Сілеті өлкесі.
Меңдеш Мүбәрәкұлы Муфтахидентегі.
3 маусым, 1993 жыл.
Сәдуақас Ғылмани академик Әлкей Марғұланның алдында жырлаған «Гүл – аңыз» тарихи дастанында Ақсақ Темірдің елшілдік, мемлекетшілдік, гуманистік көзқарасы, қаһармандық (стратегиялық шеберлігі) тұлғасы және Түрік елдерінің балдай достығын армандауы жайындағы қайырлы істері толық сипатталған. Әбу-Саид пен Фаризаның махаббаты да жоғары деңгейде көрсетілген.
СЕРІК НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы