СӘЛІМ

Несіпбек АЙТҰЛЫ 

Несіпбек АЙТҰЛЫ 

I

Күтпеген бір жай болды ма мәлім,
Бұлқан да талқан бүлінді Сәлім.

Суырып алар жатқанның жанын,
Жасынан жортқан жырынды залым.

Дүниеге түгел қатулы қарап,
Сілеусін көзін отырды қадап.

Ызадан қаны қазандай қайнап,
Бармағын шайнап, шегеді айбат.

Көрінсе ұлын жейтіндей түтіп,
Шиыршық атты тағатсыз күтіп:

– Болды ғой сорым – жалмауыз ұлым,
Далаға кетті-ау жинаған пұлым?

Өз малына өзі тиетін жаудай,
Ант атқан еді не қылған, Алла-ай!?

Күйінді Сәлім түнеріп қатты,
Күйігі малдың жанына батты.

II

Кім еді Сәлім, айтайын жайын,
Болады мәлім сөйлеген сайын.

Қаршадай күннен қарақшы болған,
Аранын ашып, алапты шолған.

Бөлтірік еді бөріден туған,
Туа сап бетін қанменен жуған.

Басқаннан тәй-тәй бұзыққа ерген,
Өліммен ойнап, қызыққа енген.

Әкесі асқан баукеспе ұры,
Құдайдан қорықпас құлқынның құлы.

Мұқаншы, Үржар, Шәуешек жақты,
Тоқтыдай торып, тоқымдай қақты.

Алтайды тінтіп, Арқаны кезген,
Ұятсыз-арсыз иманнан безген.

Әйелді көрсе әукесін салып,
Қалуға құмар сапысын малып.

Оңаша шалса қатынның қылпын,
Жабыса кетер жәдігөй, жылпың.

Қотиын, дүлей жан-жағын құртқан,
Сұлудың талай дамбалын жыртқан.

Ұрының аты құлаққа тиген,
Ұрғашы біткен бұтына сиген.

Ұқсайды сартқа әсілі түрі,
Әндіжан жақтан нәсілі түбі.

Қазаққа келіп ертеде сіңген,
Кім оның жеті атасын білген?

Бір тойда шындап албасты басты,
Бас салып кенет өрімдей жасты.

Жасырып пышақ, сақтанып жүрген,
Шабынан осты өжет қыз бірден.

Аузынан шыққан бытырап сөзі,
Шарадан шықты шатынап көзі.

Қиналып жатты малшынып қанға,
Үзіліп кетпей жан шығып сонда.

Масқара тірлік құрысын бүйткен,
Көз жұмды сөйтіп қор болып иттен.

Әкесі мұндай, баласы қандай,
Бұларға кімнің жаны ашығандай?

Өңмеңдеп өсті өлермен Сәлім,
Ашкөздік билеп жаны мен тәнін.

Құлақтан мүйіз озатыны рас,
Құзғындай, міне қанаты-құлаш.

Қолы да қатал, көзі де мерген,
Серті бар іштей өзіне берген.

Әкенің кеше өлімін көрген,
Әрқилы ойлар көңілін бөлген.

Терлетті күнде түн қатып атын,
Жек көрді бірақ ұрғашы затын.

Сопыдай көрді Меккеге барған,
Әйелін ғана некелеп алған.

Кетердей қорықты сайтанға жанап,
Басқаның бәрін сайқалға балап.

Бұқадай жуан шүйдесі қалың,
Сезбейді сүйер, сүймесі барын.

Шартиған қарын, дүңкиген бір мес,
Махаббат деген ойына кірмес.

Қатын бар әке әперген сатып,
Махаббат дәмін көрмеген татып.

Тақымға түскен көкпарша көнді,
Міндетін түнде атқарса болды.

Тағдырдың, шіркін, жазуын қара,
Бұған да бітті жалғыз ұл ғана.

Әкесі құсап ылаңдап өлген,
Жалғыз үй отыр шығаңдап елден.

Тұңғиық шатқал сүңгіген терең,
Тіл қатпас мылқау, мүлгіген керең.

Келмесе іздеп ұры мен қары,
Білінбес тірі мұнда жан бары.

Бұғынған үйдің оңаша мына,
Үзбейді түтін жерошағы да.

Түйедей Сәлім жатады төрде,
Дюға қандай батады пенде?

Мақұлық тектес мінезі мүлде,
Бір қозы жейді бір өзі күнде.

Тәбеті шауып, аранын ашса,
Көтере салар сабаны басқа.

Белдеуде аты, белінде қанжар,
Қып-қызыл шоқтай көзінде қан бар.

Оқтаулы дайын – қасында мылтық,
Шүрппені дәйім басуға ынтық.

Қулығын ешкім таба алмас ойлап,
Бір жортып кетсе оралмас айлап.

Азуы қанды үрейлі көкжал,
Ажалды іздеп тілейді жанжал.

Құйындай ұйпан қаңғыған жерін,
Қиырдан шолды аңдыған жемін.

Бүгін де шықты төбеге биік,
Өртеніп жанып, өзегі күйіп.

Сыбады ұлын сыртынан боқтап,
Сұрланып, қара мылтығын оқтап…

III

Саудалап малын Қызылжар кеткен,
Хабарын күткен ұлының көптен.

Өзіндей емес құлқыны тоймас,
Сауықшыл еді іздеген ойнас.

Олай да бұлай ақшасын шашып,
Ұрғашы көрсе болатын ғашық.

Ұнамай ұлдың қылығы осы,
Бойына ішкен батпайтын асы.

Сатуға жылқы әкеткен айдап,
Сыбыс жоқ, міне, күтсе де айлап.

Көздейді күнде төбеге шығып,
Жата алар үйде қалайша бұғып?

IV

Қалталы жігіт бар малын сатқан,
Үйірге түсіп, ләззатқа батқан.

Жәрмеңке қандай күн сайын қызған,
Қызықты қуды босамай қыздан.

Ресей, Тәшкен, Қазаннан келген,
Бикештер жетер бөкендей желген.

Сайқалдар ылғи базарды кезген,
Ақшаның иісін алыстан сезген.

Әуейі, арсыз, ұятсыз жәлеп,
Еркекті көрсе қылмыңдап әлек.

Жігітті арбап дыр-думан күнде,
Арттағы үйін ұмытты мүлде.

Көрді көп қызық, балықтай жүзіп,
Қыздарға сыйлап алтыннан жүзік.

Ақшалы жанға кім үйір болмас,
Жылпостың бәрі болды оған жолдас.

Көл-көсір байлық – шашты да төкті,
Қасында жүрген қарық қып көпті.

Сапырды судай айтасың несін,
Апталап мас боп жимаған есін.

Шығынды сірә шыбындай көрмес,
Айналып екі дүние келмес.

Жетелей берді көңілі бұзық,
Мың күнге татыр бір күнгі қызық.

Есіңе түссе иендегі үйі,
Жынданып кете жаздайды жиі.

Тұрғанда сәнді, сәулетті сарай,
Жапанда жатып күн кешкен қалай?

Ойласа жаман әкенің сұрқы,
Сұп-суық мұздай іші мен сырты

Күндіз-түн жалғыз отырған үйде,
Шешесі байқұс не қылған күйде?

Жұлдыздар көкте жамырап түнде,
Тым-тырс маңай қатпайды тіл де.

Жыласа таудан сұңқылдап байғыз,
Ілмейді көзін шешесі байқұс.

Күрсінді ауыр аунақшып таңға,
Таяныш іздеп бір шыбын жанға.

Сары майдай сақтап жанына мұңын,
Базарлап кеткен сағынады ұлын.

Анасы ұлын асыға күтті,
Ұлдың да нөпір ақшасы бітті.

Есіріп жүрген, көпіріп бөсіп,
Қараса енді қалтасы тесік.

Ақты да кетті көп ақша судай,
Дуылдап іші ашиды удай.

Жайына қалды сауық пен сайран,
Алыстап көзден күндері қайран.

Санаған тиын саудагер қала,
Бір күн де оған болмады пана.

Амал жоқ кері ат басын бұрды,
Бір сұмдық тосып алдында тұрды.

Әкенің ойы апыр да топыр,
Түнере күтіп төбеде отыр.

Алыстан көзге шалынды қара,
Келеді қайтып қағынды бала.

Көргендей жынын ширықты қатты,
Келеді желіп бір жалғыз атты.

Пәтшағар ұлын жоғалтқан жаздай,
Таяған кезде таныды жазбай.

Жақындап келіп атынан түсті,
Әкенің сұсты жанары күшті.

Ашулы жүзі әлем де жәлем,
Берсе де ұлы алмады сәлем.

Мөлиіп байқұс қарады төмен,
Болары болды ақталар немен?

Түргенмен қорқып әкеге құлақ,
Тұрған жоқ іштей өкініп бірақ.

Өн-бойын алып ләзаттың уы,
Балқытқан жанын сауықтың буы.

Жастықта мынау дәурені шолақ,
Аз күнгі көрген қызығы сол-ақ!

Шықпаған ұзап қараңғы сайдан,
Махаббат жайын білсін ол қайдан?..

Бекініп Сәлім бір суық ойға,
Қаһарын төкті « Жүрсің, – деп, – қайда?».

Ұлында үн жоқ, қалтада түк жоқ,
Зәресі ұшты, түрінде түр жоқ.

Қорқауға малы жанынан тәтті,
Бұрқ етіп қаны басына шапты.

Үйірлі жылқы елестеп көзге,
Жауатын бұлттай түндері лезде.

Түнеріп кетті қап-қара түрі,
Сыртына шығып бетінің түгі.
Аранын ашты ашулы долы,
Мылтыққа қарай жүгірді қолы.

Сұмпайы саусақ шүріппе басты,
Бейшара бала тоңқалаң асты.

Сұп-сұр боп Сәлім отыра кетті,
Өз қолыменен өз қанын төкті.

Тынысы бітіп, айналды басы,
Көзінен бірақ тамбады жасы.

Үйінен ұзақ меңіреу дала,
Мылтықтың үнін естімеді ана.

Мойнына қарғыс салғандай тұзақ,
Сол отырғаннан отырды ұзақ.

Күн батып көкте сөнгенде жарық,
Әкелді күрек үйіне барып.

Айғайлап мұңы айтады кімге,
Жасырып көмбек өз ұлын түнде.

Қорбаңдап көрді күнімен қазды,
Бүгілген белін таң ата жазды.

Кигізіп кебін, малшынып терге,
Салмақшы болды апарып көрге.

Дәу еді өгіз көтеріп көрген,
Қозғады әрең өлікті жерден.

Көтере бере белі кілт етті,
Мертікті бәлкім қиралаң етті.

Шайқады басын, күрсінді қатты,
Көлденең түсіп бір сұмдық жатты.

«Жеп-жеңіл ұлым ауыр, – деп, –
қандай?»
Күңіреніп кетті өзіне нанбай …

Айналды басы, шыңылдап құлақ,
Көзінен тамшы тамбады бірақ.

Пікір қалдыру