Сәуле САМАЕВА: ҚАБДЕШ ӨЗІНЕ ЖҮКТЕЛГЕН ПАРЫЗДЫҢ БӘРІН ӨТЕП КЕТТІ

– Қазақ әдебиетінің классигі Қабдеш Жұмаділов ағамыздың көзін көрдік. Жақсы таныс-біліс болдық. Шығармаларымен ғана емес, тағдыр-талайымен де жақсы таныспыз. Мінез-құлқын да бір кісідей білеміз. Бетті, өжет, өр, батыл, батыр адам еді, марқұм. Кімге болсын ойын күлбілтелемей ашық айтатын. Айтарын айтып, жазарын жазып кетті ғой! Ағамыздың жазушылық ғұмырын, жазған шығармаларын бәріміз жақсы білеміз. Ал жұмыр басты пенде ретіндегі өмірін біле бермейміз. Жазушының жары болу да, бабын табу да үлкен жауапкершілік жүктейтіні баршаға аян. Ұзақ жыл қол ұстасып ғұмыр кешіп, өмірдің небір қызық-қуанышы мен ыстық-суығын бірге өткіздіңіздер. Қабдеш ағамыз күнделікті өмірде, отбасында қандай адам еді? Қандай жар, қандай әке болды? Сұхбатымызды осы төңіректе өрбітсек…

– Қабдеш адал жар, мейірімді әке болды. Өрескел мінез-құлығын көрген жоқпын. Балаларын жақсы көрді. Үнемі ақыл-кеңестерін айтып отыратын. Әсіресе уақытпен санасу, уақытты дұрыс пайдалану керектігі туралы көп айтатын. Ал оның еңбекқорлығы тіпті ерекше еді. Қабдештің бір бос отырғанын көрмедім ғой. Не қағаз жазып жатады, не кітап оқып отырады. Әрине, қызметте жүрген кезінде жазуын түнгі ұйқының, демалыс күндерінің есебінен жазатын. Оның жазғандарын мен машинкаға теретінмін. Арасында ағайын-туыстарымыз қонақ боп жиі келетін. Оларға да көңіл бөлу керек, қыдырту керек. Сөйтіп қызмет пен үйдің, ағайын-туыс пен дос-жаранның арасында жүріп жаттық. Ол кезде арғы беттен келген ағайындар оны қалаға әдейі іздеп келетін. Біреулер сәлем беріп, көрісіп кетуге келсе, енді біреулер өз шаруаларына көмек сұрайтын. Қабдеш Алматыға келген сол қол қойып, бала жинаған.

Соның басы-қасында Қабдеш те жүрді. Ол кезде Алматыда қазақ мектебі жоқ, бәрі орысша оқитын. Өйткені «орысша білмесең, күн көре алмайсың» деген ұғым қалыптасқан. Біздің үйде мынандай қызық болған, Дәулет деген ұлымызды үш жасқа дейін Қарғалыда апасы баққан. Үштен аса оны қолымызға алып, балабақшада дайындай бастадық. Сөйтсек, ол ауылда орыс көрмепті ғой. Көшеде жүрсе: «Әне орыс, міне орыс», – деп саусағымен шұқып көрсетеді екен. Балабақшадағылар басында оны алғысы келмеп еді, бірақ баламыз бір-екі аптада-ақ орысша ұғып, еркін сөйлеп кетті. Соған Қабдеш: «Осы орыс тілі әлемдегі ең оңай тіл шығар» – деп қайран қалатын.

Құдайға шүкір, біздің үйдің балаларының бәрі қазақ мектебінде оқып, өмірде өз жолын тапты. Оқуда ешкім қамшы салдырған жоқ. Балаларымыз өзі оқыды. Әрине, Қабдеш жазубасты боп отырғанда бастауышта балалардың сабағын көбінесе мен қадағаладым. Қабдеш те араласатын. Бір мектепте төрт баламыз оқыды ғой, сондықтан да ата-аналар жиналысына бірге барамыз. Ол біреуіне барса, мен екіншісіне барам. Солардың үшеуі мектепті алтын медальмен, біреуі күміспен бітірді. Жәнібек деген балам тіпті КазМҰУ-дің экономфагына емтихансыз қабылданды, өйткені соның алдында мектеп оқушыларының арасында математикадан Халықаралық олимпиаданың жеңімпазы болды. Ұлдардың мамандығы – тарихшы, филолог, экономист, инженер. Ал қызым КазМҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Кейін басқа мамандықтар саласында оқып білімін ұштады. Қазір оқу, кәсіби және жеке дағдыларды дамыту саласында істейді.

Әрине, Қабдештің көп уақыты жұмыс үстелінің үстінде өтетін. Соған қарамастан ара-тұра балалардың үлгерімін, сабаққа дайындығын тексеріп тұратын. Балалар өз сабақтарына өздері уақытында мұқият дайындалатын. Қазір төрт балам Алматыда тұрады. Бір ұлым бала-шағасымен бірге Вашингтонда тұрып жатқанына 3-4 жыл болып қалды. Мына қызыққа қараңызшы, балаларымның бәрі дерлік шетелдерде оқып, қызмет те істеді. Соған Қабдеш бір кездері күліп: «несі бар, бұлардың әкелері де шетелге барып оқыған», – деп күлетін.
Білім алу жағынан балаларым кенде болған жоқ. 2000 жылы ғой деймін, екі ұлым БҰҰ қызметке тұру үшін солардың ұйымдастырған байқауына қатысқан. Біреуі Америкада жүріп қатысса, біреуі Қазақстанда. Соңы не болды дейсіз ғой. Барлық үміткерлердің ішінен финалға екеуі ғана шықты ғой. Сонда БҰҰ өкілдері бұған таң қалып, өкінішке қарай, бір әулеттен тек бір адамды ғана ала алатынын айтқан. Шетелдік халықаралық ұйымдар мен компанияларында қызмет еткен балаларға Қабдеш «елге қайтыңдар, осы жерден де бір қызмет табылатын шығар», – деп талай айтып еді, бірақ оларға Қазақстаннан лайық жұмыс ұсынбады.

– Қабдеш ағамыздың еңбекқор болғанын бәріміз де іштей сеземіз. Егер жалқау болса, том-том кітаптар жазылмас та еді. Ағамыздың бойындағы бұдан да басқа қандай қасиеттерді ерекше бағалаушы едіңіз?

– Қабдештің бойында дарынды адамға тән қасиеттердің бәрі болды. Әсіресе іздемпаздығы. Ол кітаптарындағы оқиғаларды, жер-су аттары мен жер бедерін беру үшін сол жерді барып көретін. Дерек-дәйек жинайтын. Сол оқиғаны білетін, естіген не көрген куәгерлермен кездесіп мәлімет алатын. Әйтеуір, «Соңғы көш» шыққан кезде сол кезде арғы беттен келген қазақтардан күнде қап-қап хаттар келетін. Сонда хат таситын пошташы әйелдер: «Поштаңызды уақытында тексеріп алып тұрыңдар. Іші сыртына шығып толып кетті», – деп, поштада жиналып қалған және жаңадан келген хаттарды мықшыңдап біз тұратын үшінші қабатқа әрең көтеретін.
Ал оның еңбекқорлығы туралы айтып жеткізу қиын. Қашан көрсең де не жазу жазып, не кітап оқып отыратын. Әйтеуір өз басына жүктелген парызды білген сияқты. Сонымен бірге адамдарға көмек қолын созуға, қолынан келгенше көмектесуге дайын еді.

– Нені жақсы көріп, нені жек көрді?

– Турашыл, шыншыл, адал адамдарды жақсы көретін. Надан, екі жүзді, жағымпаз, өтірікші адамдарды жаны сүймейтін. Әсіресе шындыққа, әділдікке жасалған қиянатты көрсе, өне-бойы соған қарсы тұрып күресетін. Мен білсем, ол өмірінде өзі араласқан бір-де бір пікірталастан, даудан жеңіліп көрмеген. Қабдештің айтып кеткен болжам-жорамалдауларының бәрі бүгін расқа айналып отырғанына қалың оқырманы куә.

– Кей адамдар көбірек демалғанды, көңіл көтергенді, қыдырғанды ұнатады. Қабдеш ағамыз ше?

– Қолы бос кездерде туыстарына барып, аралайтын. Әсіресе үй-ішімен тауға шығып серуендеген, достарымен көңіл көтеріп әңгімелескенді, жалпы демалғанды, қыдырғанды ұнататын. Сол тұрғыдан мен оған еркіндік бердім. Мен ешқашан одан «неге кеш келдің, қайда бардың?» деп сұрап көрмеппін.

– Кемшіліксіз пенде бола ма? Ағамыздың қандай кемшілігін атап айтар едіңіз?

– Қабдештің мінезі қиын. Тез ашуланатын. Кейде алдында тұрған адамның жүзің бар, бетің бар демей айтарын бетіне айтып тастайтын.

– Көп ақын-жазушылар негізінен түнде жазғанды ұнатады. Қабдеш ағамыз қай кезде жазу үстеліне көбірек отырушы еді? Бап талғаушы ма еді? Шығармасын қаламмен жазушы ма еді, машинкамен, компьютермен жазуды үйрене алды ма?

– Жұмыс істеп жүргенде шығарманы түнде ұйқының есебінен жазатын. Қызметтен кеткен кезде күндіз жазатын. Әрине, бап талғайды. Тыныштық керек. Көңіл-күйі дұрыс болу керек. Жүйке-жүйесіне тимеу керек. Тамағы тоқ болу керек. Кеңес заманында көпке дейін шығармасын сиямен жазды. Бертін келе қаламға көшті. Шығармасын жазып біткен соң, үстінен түзеп, екі қайта көшіріп менің қолыма береді. Мен машинкаға басамын. Кейін келе компьютерге басылған шығарманы ғана алатын заман болғанда, тағы да мен компьютерде басатынмын. «Таңғажайып дүниеден» басқа бүкіл шығармаларын мен бастым. Өзі машинкада өте баяу басатын. Екеуіміз отау құрған кезде оның машинканы қалай басып отырғанын көріп «Оны маған бер», – деп машинкаға отырып тарсылдатып баса бастағанымда: «осы сен жазушыға күйеуге тиетініңді білген сияқтысың ғой» – деп күлген.

– Қандай тағамды ұнатушы еді?

– Ет тағамын және жіңішке, шаштай кесілген кеспе көжесін жақсы көретін. Көп балалы отбасынан шықтым ғой, тамақты жақсы істеймін. Астың барлық түрін пісіріп беремін. Күтімі жақсы болды.

– Ағамыздың қызметтен ерте қол үзгенін білеміз. Қалай күн көрдіңіздер? Қиын болған жоқ па?

– Біз қарапайым тұрдық. Қызметтен қол үзген соң басылып шыққан кітаптардың қаламақысымен күн көрдік. Бір алғанымыз келесі кітап шыққанша жететін. Барға қанағат еттік. Сол кезде қиыншылық аз болған жоқ. Бәріне төздік қой.

– Атақ-даңқтан да кенде болған жоқ. Мемлекеттік сыйлық алды, «Халық жазушысы» атанды. Кеудесіне орден-медальдар тақты. Десек те, қандай да болмасын өкініші болды ма? Қиналған кездерін есіңізге түсіре аласыз ба?

– Рас, 1983 жылы «Соңғы көш» романы үшін М.Әуезов атындағы әдеби сыйлық, 1990 жылы «Тағдыр» романы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық алса, 1998 жылы 20 қазанда Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстанның Халық жазушысы» деген құрметті атақ  берілді. Одан басқа, 2005 жылы Тәуелсіз «Тарлан» сыйлы­ғын иеленді. Сол 2005 жылы «Парасат», ал 2018 жылы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады. Әрине, бүгінгі күннің биігінен қараса, Қабдеш – барлық атақ-абыройға қол жеткізген жазушы. Бірақ осы марапаттардың біразын өз уақытында ала алмады. Тіпті шығармашылықпен айналысатын зиялы қауымға арнайы берілетін Президенттік стипендияны да қатарынан жеті жыл алмады. Тәңірдің қолдауы ма, әйтеуір өзіне тиесілі атақ-абыройдың бәрін алды ғой. Тіпті Мемлекеттік сыйлықты алған кезде аталмыш марапатты өзі ғана алды. Ал Халық жазушысы деген атақты алғаннан соң сол атақты беру біржола тоқтапты. Біреулер: «Қабеке, сізден кейін Халық жазушысы деген атақты бермейті бопты», – десе, ол қалжыңдап: «Соңғы Пайғамбардан кейін пайғамбар болмайтындай, Жұмаділовтен кейін Халық жазушысы деген болмайды», – дейтін.

– Қайда демалушы едіңіздер?

– Обалы кәнекей, сол кезде Жазушылар одағы жазушылардың демалысына жақсы жағдай жасады. Балаларымызбен Қара теңіздің біраз жеріне апаратын. Алакөлге де барып тұрдық. Балаларды алып Балтық теңізіне де барып қайтқан. Бір кездері Жазушылар одағына қарасты «Шығармашылық үйі» дегені болушы еді. Бірнеше ай кейде сонда жатып алаңсыз кітабын жазатын.

– Жазудан басқа хоббиі болды ма?

– Жазудан қолы босағанда бильярд, шахмат ойнайтын. Ел аралайтын. Кітапты көп оқитын. Балаларымен серуендегенді жақсы көретін.

– Біз көргенде Қабдеш ағамыз үнемі сықиып киініп жүретін. Бұл өзінің ежелгі әдеті ме, жоқ әлде, киім-кешекті өзіңіз реттеп қоюшы ма едіңіз?

– Жас кезімде көйлектерін жуып, шалбарын үтіктеп қоятынмын. Өзі де таза, ұқыпты жүргенді ұнататын. Киім керек болса дүкенге барып өзіне ұнатқанын бірден алатын. Дүкенді басынан аяғына дейін аралап жүрмейтін. «Соған уақыт кетірем бе?» – дейтін. Өзіне ұнатқанын бірден алып, сол жерден қайтатын. Балалар ержеткен соң солар қадағалайтын болды. Киім алып береді. Киімін ретке келтіреді.

– Кімдермен жақын араласты? Адал достары кімдер? Сатып кеткендері болды ма?

– Жамбыл мен Байғанин көшесінің қиылысында екі үй тұр. Ақ үй мен сары үй. Жазушыларға арнап салынған екен. Біз 1977 жылы ақ үйге көшіп келдік. Үш бөлмелі үйде сегіз жыл тұрдық. Кейін 1985 жылдан бастап сары үйге көштік. Бұл төрт бөлмелі пәтер еді. Сол үйлерде қандай жазушылар тұрды десеңізші. Кешке таман бәрі екіден-үштен «серуенге» шығатын. Бұл бір ностальгияға айналған заман. Өте көңілді. Күнде той сияқты көрінетін маған. Сонда көп жазушымен араластық. Қабдештің ол үй туралы «екі қошқардың басы бір қазанға сыймаушы еді. Сол кезде өкімет 40 жазушының басын екі үйге қалай сыйдырды екен», – дегені бар. Жалпы, араласып жүрген достары туралы өзі «Таңғажайып дүние» атты ғұмырнамалық кітабында жазып кеткен болатын.

– Ағамыздың бүкіл жазған-сызғанын білеміз ғой! Жазылып бітпей қалған шығармалары бар ма?

– 2021 жылы қыстай өзінің жазған шығармаларын түгелдей оқып шықты. Бір күні «бәрін қайта оқып шықтым», – деді. «Қалай, өзгертетін жерлері бар ма екен?» – деп сұрағанымда, «Жоқ, бір сөзіне де тиіспеймін. Бәрі шедевр» деді. «Жазам дегенімді жаздым, айтам дегенді айттым», – дейтін. Бітпей қалған шығармасы жоқ. Қайтарынан жарты ай бұрын түскен «Жарқын жүздесу» деген бағдарламада өзі де айтып кетіпті ғой: «Арманым жоқ», деп. Көрмейсіз бе, Құдай бір нәрсені білдірген шығар. Сол бағдарламаға қатысқандардың бәрін артынан дастархан жайып қонақ қылды.

– Қабдеш ағамыз ширақ, тың көрінуші еді. Жазушылар одағына келгенде кездесіп жүруші едік. Үнемі жылы сөз айтып, желпіндіріп қоятын. Жүз жасайтын шығар деп ойлайтынмын. Қайтыс болды деген суық хабарды естігенде аздап таңырқағаным бар. Әрине, «ажал айтып келмейді» ғой, десе де, кенеттен жүріп кеткендей көрінді. Ауырды ма?

– Қабдеш өте тың еді. Тек «сахарный диабет» деген ауруы бар еді. Жылына екі рет күзде, көктемде профилактика ретінде емханаға жатып шығатын. Дәрілерін үзбей ішіп жүретін. Диета да ұстайтын. Жол жүріп келген еді. Келгеннен соң ауырды. «Жедел жәрдем» шақырдық. Алып кетті. Қоңырау шалып тұрдық. «Тәуір болып келем», – деді. «Қайтыс болды» деген хабарды естігенде басыма жай түскендей болды. Есеңгіреп қалдым. Өте ауыр тиді. Бірақ Құдайдың жазғанына шара бар ма!

– Өмірден озар кезде өсиет айтты ма? Ең соңғы сөзі қандай болды? Ата-баба мекеніне апарып жерлеу өз аманаты ма?

– Әл-әзір айырылып қалам деп ойлағам жоқ. Соңғы түрін де көргенім жоқ. Соңғы сөзін де ести алмадым. Ең жоқ дегенде аузына су да тамыза алмағаныма өкінемін. Өте өкінішті болды. Ал мәңгілік тұрағын өзі таңдап, аманат етіп кеткені рас. Оны көзі тірісінде өзі талай рет айтып, шегелеп кеткен. «Мен өмірден өткенде осы жерге жерлейсіңдер», – деп ел ішінде «92» аталып кеткен жолайрықты балаларына да, сол аудан әкімдері мен ағайындарына да тапсырып кеткен болатын. Құдайға шүкір, сол аманаты орындалды. Сол аманатының орындалуына көп жылдан бері бауырындай болып кеткен, талай іс-шараларды атқарысып қасында жүрген көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Ұлықпан Есілханұлы Сыдықовтың көмегі көп тиді. Сонымен бірге Ұлықпан казір «Қабдеш Жұмаділов» атындағы қоғамдық қордың төрағасы.

– Қордың мақсаты не?

– Ең бастысы, Қабеңнің өмір жолын шығармашылық, азаматтық тұрғыдан насихаттау, атын өшпестей етіп еліміздің тарихында қалдыру. Ондай мақсатта жоспарланған іс-шаралар көп. Кесенесіне күмбез көтеруден бастап, қала мен аудан орталықтарында ескерткіштер орнату, мұражай ашу, шығармаларын орыс, ағылшын тілдеріне аудару, 20-томдық толық шығармалар жинағын шығарып, оқырмандарға, кітапханаларға тарату, Қабеңнің қазақ әдебиеті мен қоғамымыздың өркендеуіне қосқан үлесіне әділ баға беретін зерттеу жұмыстары мен ғылыми конференциялар өткізу.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Думан РАМАЗАН

Комментарий (1)

  1. Reply
    Жазираговорит

    Көп рахмет!Қабдеш ағаның шығармалары менің жаныма жақын.Біз біле бермейтін мәліметтер жазылыпты

Пікір қалдыру