Сөзі мерген сықақшы

Әдебиеттегі қадірлі ақсақалдарымыздың бірі, белгілі жазушы-сықақшы Ғаббас Қабышұлының шығармаларын сүйіп оқимын, кісілік келбетіне, азаматтық ұстанымына құрметпен қараймын.

Ғаббас ақсақалдың қазақ сатирасының қоржынына қосқан үлесі қомақты. Бұл кісінің шығармаларында оқырманның ішек-сілесін қатырар ойнақы әзіл-оспақ та аз емес, усойқы уыты мол зілді мысқыл да баршылық. Оның «Мысықта неге сақал жоқ?», «Бұл әлгі кім ғой…», «Халіңіз қалай?» секілді сатиралық жинақтары өткен ғасырдың 70-80-жылдары сықақсүйер қауымның қолынан түспей, түте-түтесі шыққанша оқылған бақытты кітаптар болғаны анық. Мұның өзі – «Әзіл түбі – зіл» дейтін уәжге құмбыл қазақ оқырманының Ғ.Қабышұлының жай езу тартқызып отырып-ақ осып салатын өткір сатирасына берген лайықты да әділ бағасы іспетті.

Ғабаңның туындыларында көтерілген өзекті мәселелерді тізгеннен гөрі бізге қайта ол қозғамаған тақырыптарды термелеген оңайырақ болар. Бүгінге дейін күн тәртібінен түспей тұрған, ал ол уақытта тіптен көкейді мың тескен баспана зары – «Алмалы кең» атты әңгімесіне арқау болды. Бала-шағасын арқалап ап, «ке-е-ең Алмалыны» кезіп, көрмеген құқайы қалмаған бас кейіпкердің бастан кешер «қызық-шыжық» хикметі арқылы автор қалаға ат басын бұрған бар қазақтың басты уайымын алдыңызға жайып салады. Күліп оқисыз, қызығып оқисыз, ақырында қалың ойдың құшағына қалай күмп бергеніңізді өзіңіз де байқамай қаласыз. Ал әдеби өмірдегі бақталастыққа ұласып кетіп жататын бәсекелестікті, пікір қайшылығынан туындайтын талғам-талап таласын, пендешіліктен бастау алатын дау-дамайды кәдімгі футбол репортажы («Репортаж» әңгімесі) мәнерінде баяндау тәсілі қалай сәтті шыққан! Жер ортасынан асқанына қарамай, «жас боп жүре бергісі келетін», «қартаймайтын» өлермен шалдар («Жанталас»), бастық көрсе-ақ бас шұлғи жөнелетін «жастығы дайын тұрар» жағымпаздар («Қос қара мен сары қажы»), түйені түгімен жұтқанды былай қойып, тұтас зауыт-фабриканы жалмап тынған жалмауыздар («Ревизор»)… айта берсек, сықақшы қаруының (қаламының) «қарауылына» іліккен кейіпкерлер легі түгесілмесі хақ. Осыдан қырық жыл бұрын емес, дәл қазір арамызда жүрген адамдарды меңзеп отырғандай әсерде қаласыз.

Ғаббас ақсақал журналистика саласында да көп еңбек етті. Шығыс Қазақстан облыстық газетіне он шақты жылын беріп, соның қайнаған қазанында әбден ысылып, шыңдалып келген ол кейін «Қазақ әдебиеті» басылымында жұмыс істеді. Сосын Қазақстан Жазушылар одағында ұзақ жылдар қызмет еткені, Әдеби қорды басқарғаны, өз ісін адал атқарғаны көзіқарақты жұртшылықтың бәріне мәлім. Дүниеден өткен тұғырлы тұлғаларымыз туралы «Сағыныш сазы», «Адамның кейбір кездері» атты естелік-кітаптарын да елжірей, ризашылықпен оқыдық.

«Ара-Шмель» журналының танымалдығы артып, таралымы көбейіп (600 мыңға дейін жеткен – осы күні мұнша оқырманың болуы мүмкін екенін ойлаудың өзіне жүрегің дауаламас!), өсіп-өркендеген бір кезеңіне де Ғабаңның сіңірген еңбегі мол. Өткен ғасырдың 80-жылдары ол басқарған «Ара» оқырман қолынан түспейтін журналға айналды. Қағазбастылықтың қорғанына тұмсық тіреп, тығырыққа тап болған жұртшылық басқа жерден қолдау таба алмай, «Арадан» араша сұрайтын болды.

– Ә деп іске кіріскен бетте байқасам, «Арада» да, «Шмельде» де біздің бұрынғы мықты жазатын фельетоншы жігіттерден ешкім қалмапты, жай әншейін «барыпкел-шауыпкелдер» өріп жүр, – деп еске алған-ды бір сұхбатымызда Ғаббас ағамыз. – Сосын оларды ары-бері қағыстырып, қарастырып жүріп өзге жұмыстарға шығарып салдым да, Көпен Әмірбекті, Марат Нұрқалиевті, Қажытай Ілиясовты, Тоқтархан Шәріпжановты, Владислав Караканы, Станислав Малоземовты шақырып, кілең «сен тұр, мен атайын» сайыпқырандарды жинап алдым. Осы мықтылардың сын-фельетондарынан соң екі министр, екі ғылыми-зерттеу институының директоры, басқа да бірнеше дөкей қызметімен қош айтысқаны есімде. Ол кезде билік орындары баспасөздегі сынға ерекше мән беруші еді ғой…

Аты аталған таланттардың басын қосып, ұйымшыл ұжым құрып, қоғамның қордалы мәселелерін батыл жазуға үндеген бас редактор Ғаббас Қабышұлының орны, әрине, бөлек болатын. Кейінгі жылдары зиялы қауым өкілдерінің көбі әр қадамын есеппен басып, сөзін де абайлап сөйлейтін болды. Ал Ғаббас ақсақал – қашанда өз ойын ашық айтатын, қоғамдық өмірдің қай саласындағы кемшіліктерді де мақала етіп жазып, баспасөзге ұсынып жүрген азат ойлы, санасы сергек қаламгер. «Осы неден, аға? Мұның сізге не қажеті бар? Қайта пайдасынан зияны басым шығар? Біраз жасқа келдіңіз, жұрттың көбі «қой, құрысын» деп тек жүріп, тыныш отыруға көшкелі қашан. Сіз неге мазасызсыз?» деп сұрағанбыз бірде. Сонда жазушы:

– Енді… бұл – адамның жаратылысынан шығар, әу баста «балшығыңның қалай иленгеніне» байланысты ғой. Әкем жарықтық: «Балам, ақиқатты серік ет, тіпті аштан өлетіндей жағдай болса да, адалыңнан өл!» деп отырушы еді. Сол тәрбие шығар. Оның үстіне, қаршадайымнан газет-журнал, кітап оқып өстім. Ондағы жазылғанның қайсысы дұрыс, қайсысы шындық, соны қолдап, қуаттап, үн қосып жүрдім. Журналистикаға, әдебиетке келгелі осы жолды ұстанып келемін. Кейбіреулер «саясатпен еш шаруам жоқ» дейді. Меніңше, саясат – қазір жұтып жүрген ауамыз, ішіп жүрген суымыз секілді, адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып кетті. Сондықтан оған мән бермеу тіпті мүмкін емес. Саясат деген – халқыңның тұрмысы, еліңнің тіршілігі, отбасыңның жағдайы дейсің бе, бәріне қатысты, біртұтас дүние ғой. Көзді жұмып, құлақты бітеп алып, «менің онда, оның менде шаруасы жоқ» деу қисынға келе бермейді. Кеңес заманының өзінде де қаламым қарап отырмаған жанмын, қазір де биліктің кейбір қадамдары, әдебиет, мәдениет мәселелері төңірегінде пікірлерімді айтып, жазып, бағамды беріп отырамын, – деп жауап берген-ді.

Сөз өнеріне адалдығы, қашанда әділдік туын биік ұстауы арқылы кейінгі буын қаламгерлерге үлгі бола білген қадірменді қарияны тоқсаныншы көктемімен құттықтап қоялық!

Сәкен Сыбанбай




ПІКІР ЖАЗУ