Сабыр Адай. ЖАРҚЫРАП ШЫҒАР КҮНІМ БАР…

АЛПЫСҚА КЕЛДІК АЛ ЖАҚСЫ…

Алпысқа келдік ал жақсы, тағысын тағы байқармыз,
Сыралғы жаңбыр сорғалап, сыбырлап сырын айтар күз.
Мамығын төсеп ақ көлге, қанатын созып қайшылап,
Қош айтып қоңыр белеске қаңқылдап қаздай қайтармыз.

Көл жасаурап дірілдер, көктемін күтіп ендігі,
Қаз бенен үндес қашаннан, етекте қалған ел мұңы.
Сары шапан боз белбеу, даланың барма кемдігі,
Кіршіксіз көңіл қайсың бар жұбатар үнсіз шерліні.

Атақоныс – Маңғыстау, менде бір сенің ұлыңмын,
Қаз кеткен менен көл қалар, бағасы қанша құнымның.
Жаныммен сүйіп өзіңді жаралы қанат қалпыммен,
Қиғаштан ұшқан қызғыштай қия алмай қарап бұрылдым.

Қауырсын қанат қаламым, жүрегім менің – ақ парақ,
Ақ уыз, ақ сүт тілекке атыңды кеттім тақталап.
Айдыным аппақ мекенім, әлемге нұсқа әр қазақ,
Сен аман болсаң жетеді, қажетсіз маған басқа бақ.

 

ЕНДІ, ӘРИНЕ, ҚАЗАҚПЫЗ!

Ақыл берді, сана берді Хақтан-нұр.
Ойсыз елді опасыздар таптап жүр.
Ұлт боп тұтас
Бірге ойлауды ұмытқан,
Әр қазақтың аяғында қақпан жүр.

Қазақсың ба!?..
Енді, әрине, Қазақпыз!
Дұрыс!.. Дұрыс!..
Таудай ұлы талаппыз!
«Ұлт боп қалсақ» деген сөзге
шеберміз,
Ұлт боп бірге арлануға салақпыз.
…Қазақпыз!
…Қазақпыз!
…Азатпыз!
Қазақсың ба!?..
Енді, әрине, қазақпыз!

* * *
Хан жылайды:
«Еңбегім еш, сормын» – деп.
Қара жылар: «Қасқа болдым,
қормын» – деп.
Шекарадан шетсіз дұшпан үңілмек:-
«Кәне, көрсет, қайсы менің
орным» – деп.

Бесігіңнің қоңырауы сылдырлап,
Әр қазақты «емізіп жүр» бір-бір жат.
Көк аттының көрпесінің астынан,
Жесір көңіл, жетім қазақ
шыңғырмақ.

 

ҚОЛ СОЗЫП АЛСАҢ НЕҢ КЕТТІ…

Кірпігін сәуле тарады,
Кіршіксіз жанар қарады.
Дөңненде асып дөңгелеп,
Жолаушы кетіп барады.

Жолың да болсын демеді,
Жалғызды кімдер еледі.
Жанынан безген жаяуды,
Жел менен сағым жебеді.

Жез киіктей жамырап,
Жез бұлттар көшті аңырап.
Жанымен сүйді бәрінде,
Жалғыздан қалған шаңырақ.
Ортайған көңіл кем кетті,
Сезімде топан сең кетті.
Қолыңа байрақ ұстатты,
Қол созып алсаң нең кетті.

 

ІЗДЕРСІҢДЕР

Шіркін-ай,
Ауыл біткен бауырмал-ды,
Жә, солай жаннан зият дәуір қалды.
Кіл жақсы
Жаны жалын, жүзі нұрлы,
Бәрі де ауылданба, ауылдан-ды.

Түлігі жамыраған сәнім менің,
Шарлайтын шаңқай түсте
әнім менің.
Ауылды іздерсіңдер,
Әлі талай,
Күн болса күрең бұлтты әлім-берім.

КӨЗ ЖАСЫҢЫЗ ҚАЛДЫ МА!?

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақыны жоқ көрдің бе,
Жалғыз бенен жарлыға.

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла.
Көз жасыңыз қалды ма?!
Көз жасынан жақын ешкім
көрмедім,
Жетім менен зарлыға.

Жылағанда не тұр дейсің, ал, жыла!
Көз жасыңыз қалды ма?!
Жыр үшінде бір жылап қой, қарағым,
Қара өлеңді жайып қойып алдыңа?!

КӨЗІН ОЙЫП АЛАРҒА…

Қылғынып құлын желіде,
Тентексіді тебіне.
Айналды құлын ауылдың,
Әңгіме-дүкен, деміне.

Сөзден сырмақ тоқылды,
Білгенге білмес қосылды.
Ат ұстаған жат келді,
Тұлпар ғой деп шошынды.
Бірінен бірі қызғанды,
Көз ішінде сыз қалды.
Көзін де ойып аларға,
Қалтасында біз бар-ды.

Солай да солай ел екен,
Елдігі тіптен кем екен.
Өзінен басқа жауы жоқ,
Болмайтын іске дауы көп,
Біріне бірі жем екен.

 

АНАУ БІЗДІҢ КӨКБӨРІ

Отпан таудың басында анау
біздің көкбөрі,
Біреу шалшық су деді,
біреу жанған өрт деді.
Қағанат құрған – Хан еді, түнді жарған – таң еді,
Қайдан сыйсын қас текті
маңдайыңа төрт елі.

Көкбөрі тұрды көк тіреп,
көктен Тәңір қолдады,
Көп асылдан қол үздік, қой дейтін халық болмады.
Иттен күшік сұрап ап
қой күзетіп баққанға,
Ата дұшпан Патша ағзам үшбу сәлем жолдады.

Азуын қақтым Отпанға Арланнан белгі қалсын деп,
Алашқа тұлға ұл болса
бөріден үлгі алсын деп.
Қасқыр құрсақ
қатыннан ту көтерер ер туса,
Қамын ойлап қазақтың
қасқайып ұран салсын деп.

АЛДАНЫП ӨЛГЕН КӨП АРТЫҚ

Алданыш жатыр алда мың,
Аямай салар қармағын.
Тілекші шығар кім білген,
Жау көріп жүрген жандарың.

Мәніне бардың сен ненің,
Жоқ дейсің жаным елде кім.
Жүрегін ашып көрдің бе,
Дос санап жүрген пенденің?
Адалдық сұра Құдайдан,
Көңілім міне – жыр айнам.
Бақытты болған жері жоқ
Біреуді сүйіп құлай жан.

Келеміз жанға жоқ артып,
Жанарға жас боп толар шық.
Дегенмен сенбей өткеннен,
Алданып өлген көп артық.

АЛЛА БІР БІЛЕР АҚЫРЫН

Тобылғы күрең қызыл-ды,
Топқа салдық біз ұлды.
Ер атына мінгенде,
Арудың жүзі бұзылды.

Үзіле қарап, күрсінді,
Үзілген кенет жыр сынды.
Қалдырып қалай барады,
Сол сықылды сылқымды.

Жанардың қара пәктігін,
Жанының қара ақтығын.
Қарашығын ұялап,
Қамығып барып батты күн.
Кірпігінің асты мұң.
Солай да солай өмір бұл,
Өксіген бұлт боп шөгіп жүр.
Алла бір білер ақырын,
Біреуден біреу көріп жүр.

* * *
Қаралы бұлт, қара шың,
Қай жаққа кетіп барасың?
Әулие шалдар жалғаған,
Аспан мен жердің арасын.
Солардан қалған соқпағым,
Оларсыз өмір жоқ мәнің.
Адасқан әлем «Аһ» ұрып,
Жүр дейсің түспей отқа кім…

ӘУЛИЕ

Әулие Бекет пірім дүр,
Әлдилеп көңіл жібіп жүр.
Көкмойнақ жеке жайылып,
Бір дүбірді біліп жүр.
Жарқырап шығар күнім бар,
Дидарың нұрлы, тілің бал.
Жеті қат көктің үстінде,
Жетпеген бізге бір үн бар.

Суарып жырды шыңдай тұр,
Тыпыршып көңіл тынбай тұр.
Қолатқа біткен қурайдан,
Шалдардың үнін тыңдай тұр.

 

КӨК ТЕҢІЗ ТАРТЫП ЖАТЫР «АДАЙ» КҮЙІН

Көрдің бе көк теңіздің тулағанын,
Құлдырап құс біткеннің шулағанын.
Шайнасқан өңкей азу, күрек тістер,
Шудасы бұрқыраған бураларым.

Жатқандай жағаласып арыстандар,
Естіліп құрақтан ән, қамыстан зар.
Мысалы, айғыр шапты,
қулық қашты,
Жап-жаңа кісінесіп табысқандар.

Аппақ сор, ала құйын ақ тұзым бар,
Батар күн, алагеуім нақ қызыл нар.
Қаумалап «Адай» күйін
Қарт Каспиге,
Дәлу* мен бесқонақта*
тартқызыңдар.

Күй бар ма, сенен асыл, сенен керім,
Ант жастап, серт жамылып,
шер емгенім.
«Адайды» тартса-тартсын
Каспий ғана,
Көненің көзін көрген кемеңгерім.

 

СЕЙСЕМНЕН​ АСПАН​ ЖАҚҚА​ НҰР​ ТӨСЕЛДІ

Қадалды көкке барып​ көк найзағай,
Бұл өзі Хақтан қаһар от болмағай.
Кеттіме​ отқа айналып​ өңкей Шейіт,
Өзегі өрттен ыстық​ шоқ​ болмағай.

​ Үрікті​ жұлдыз​ біткен шоғырланып,
«Аһ» ұрып атар таңның​
жолын бағып.
Сейсемнен аспан жаққа нұр төселді,
Қасынан​ ай мен​ күннің​ орын​ қалып.
Көктен нұр, бұлттан​ нөсер
төкпелепті.
Төбесін төбел​ қырдың​ көктем етті.
Алланың ақ сәулесін пырақ​ қылып,
Бұл​ жолы біздің шалдар​ көкке​ кетті.

Қош дәурен өткен сынды
мына бастан.
Қара түн қалғып кетті шыдамастан.
Қол жайып бетеге мен жусан қалды,
Көп қорым, күрең қызыл​
қына басқан.

​ Ата-жұрт – ар мен намыс, бабаларым,
Өлеңнің көкмойнағын тағаладым.
Отпан тау, Оғылан тау,
Сам мен сағыз,
Әулие – Пірлерімді сағаладым.

​Шықтайды, шырын жаннан
жас тамады,
Жас кетсе жанған оттан тас қалады.
Аспанда жеті қақпа соның бірі,
Адайдың ақ төрінен басталады.

 

АЖАЛДАН БАСҚА ДОСЫ ЖОҚ

Кеудеміз біздің өр мүлде,
Иесі менмін төрдіңде.
Қазақ деген ел бар-ды,
Қай жаққа кетті көрдің бе?

Жарақты жаумен алыстым,
Жаназа ғұмыр, жан ұшқын.
Ажалдан басқа досы жоқ,
Алашқа біткен Арыстың.

Жүректен жырым мөлт етті,
Көңілім тулақ көн тепкі.
Қазақ деген ел бар-ды,
Қай жаққа кетті көрсетші?!

 

БОЗЖЫРА

Жұмақта жүр екенбіз асылы біз,
Жүмілә жұрттан қалған
шашылып із.
Бозжыра боздау бұлтқа
сырын айтты,
Біз тұрмыз алшы түсіп
асығымыз.
Қос өркеш құба дөңнің белесі ме?
Мұндайда не келмейді ер есіне.
Басынан Қазығұрттың алып шығып,
Нухының мінгің келер кемесіне.

Бозжыра Хақтың нұрын қанып ішкен,
Тіндес-ті жанымдағы жарылыспен.
Басында Бозжыраның көкте Құдай,
Мен саған көп талпындым сағынышпен.
* * *
Сайран бел
Сарышегір самның құмы.
Ақбөбек– зардың жыры,
жардың мұңы.
Боз төбе
Жалды қара, жалпақ қырат,
Мысалы жолда қалған нардың жүгі.

Бебеулеп
Сай-қолатта сары қамыс.
Сарыны, салған зары бәрі қалыс.
Ауыл-үй
Аңғал тірлік, бейбіт мекен,
Еркөдек, жасы жалын, кәрі шалыс.

Қаншатаң
Қайта туып басталмады.
Кіжініп көз шығарып бас жарғалы.
Сұлу көл, суда қалған ақ сазандай,
Ай жүзіп бара жатыр аспандағы.
* * *
Жан ақысын төлерсің,
Жан тозып барып өлерсің.
Қараның аппақ болғанын,
Ағарса көзің көрерсің.

Кеудеден шықса аманат,
Сонан соң енді жан азат.
Сонда да дұшпан табылып,
Артыңнан тұрар абалап.
Күрмеуі жырдың шешілсін,
Кіндігі сырдың кесілсін.
Күнәмыз бастан асады,
Бар Құдай өзі кешірсін.
* * *
Қадіріңді ел білмеген ер едің,
Сұладың ба терегім!?
Сенің кеудең алтын сандық еді ғой,
Әркім алды керегін.

Құның қанша Құдай білер жаратқан,
Жетті саған азат таң.
Өзі туып өзі сені өлтірген,
Құтылдың ба қазақтан!?..

Тыныстағын, енді жүрек тоқтайды,
Қазекеңде қан қақырып жоқтайды.
Сонда да сол өздерінен көрмейді,
Бірін-бірі соттайды.
…Бір байғұсты нысанаға іліп ап,
Соған қарай мылтықтарын оқтайды.
* * *
Адамда аңыз,
Түлкіде аңыз, аң да аңыз,
Орға түсер тұсыңызды таңдаңыз.
Түлкі ісін құйрығымен ойлайды,
Қапияда қалмаңыз, Һәм, аңдаңыз!?
Түлкі ғой ол, тумысынан солай-ды,
Күліп тұрып тонайды,
Аузыменен алып берер ол айды.
Ақылынан адасқан жан болмаса,
Түлкіге кім жолайды.
Момақансып түлкілігін жасырған,
Сабақ алғын ғасырдан.
Өз құйрығын түлкі қымбат көреді,
Сенің анау басыңнан.

Пікір қалдыру