Сабырбек ОЛЖАБАЙ. АУҒАН АТА ШАҢЫРАҒЫ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Ай қораланғанда-ақ қара шалдың мазасы қашты. Аспан әлеміне апалақтап қарап, бозамықтанған төңірекке шошына қарады. Батыс жақ қоюлана қарауытып, қарақошқылданып сала берген. Қып-қызыл болып батып бара жатқан күннің жиектерінен қан сорғалағандай. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген қара шал қалтырап, бүкіл денесі жансызданып бара жатқандай тізерлеп отыра кетті. Қыс иесі – Зымыстан зілдене долданып, бар ашуына мінген. Оқыстан жуан санына найза кірген айдаһардай долданған қыс мінезінің сұрқы бөлек еді.
Үй іргесіндегі төбешікке шығып отырған қара шал көзін көлегейлеп, аспан әлеміне олай да қарады, былай да қарады. Бірақ, Ай көрінген жоқ.
– Ата! Ата! Тоңып қаласыз ғой, үйге кіріңіз, – деп немересі қара шалды қолынан ұстап үйге сүйреледі.
– Ай, Ай! Балам, аспанда Ай көрінбейді ғой, – деді қалт-құлт еткен қара шал.
– Мынандай қара түнек боранда қайдағы Айды айтасыз? – деп әйелі Патшайым зілсіз ұрысты.
Сол түні Пайызмұхаммед ерте жатып қалды.
Патшайым оның үстіне қара тонын қымтап жапты.
Далада боран ұлып, жылы үйде қара шал дөңбекшіп, түні бойы қалшылдап шықты. Аһ ұрғанда ауызынан жалын атқылады.
Оның беймаза көңіл толқынын жары баяғыдан-ақ жақсы түсінетін еді. Бірақ бұл жолы оған біртүрлі аяушылық сезіммен қарады.
Қара шал бір уыс болып, бүк түсіп жатыр екен.

* * *

Ол кезде Пайызмұхаммед 17 жаста еді. Ауғанстандағы Калай-Өлийде, Гормач селосы маңындағы Маминин-Даш деген шағын елді мекенде тұратын. Әкесі Шермұхаммед шаруа адамы болатын. Әйелі Ури екеуі тоғыз перзент сүйді. Осынша жанды асырап, бағу оңай ма, үйдегі ересек балалар әке-шешесіне қолғабыс жасайтын. Ағасы Датмұхаммед пен Пайызмұхаммедке түйемен тұз тасу жүктелетін. «Тұз дегенде түйеде тағат жоқ, төркін дегенде қызда тағат жоқ», «Түйе деген жануар, түзде жүріп семірер. Тіздеп қойса аяғын, тұзға қарай емінер» дегенді беріде естіді ғой. Олар мінген Ойсылқара тұқымы құмға бір еніп алған соң иелеріне бой бермейтін. Тұзды кенді өздері іздеп табушы еді.
Сол күні төрт түйені бағып әрі тұз ала келуге шыққан Пайызмұхаммед үйінде түйіншегін ұмытып кетіп кері бұрылған.
– Дурху, а, Дурху! – деп айқай салды Пайызмұхаммед түйе үстінде, – үйде ас-ауқат салынған түйіншегім қалып қойыпты. Үйден шығып, әкеліп берші.
Алайда, іс тігіп отырған Дурху қозғала қоймаған. Түйеден түсіп үйге кірген Пайызмұхаммед ашу үстінде қарындасының бетінен шапалақпен салып қалды.
Дурху жылап қалды.
– Осы кеткеннен қайтып келме, – деді қарындасы жылап тұрып.
Пайызмұхаммед мұны ойына да алған жоқ. Шөгеріп қойған түйесіне мініп, ағасының соңынан кетті. Алайда, ол туған ауылына 36 жылдан соң бірақ оралатынын білген жоқ еді.
Өркеш-өркеш құм ішінде олар тұз кенін ұзақ іздеді. Әлден соң Датмұхаммед оған:
– Сен мына түйелерге қарап тұр. Мен қазір тұз кенін тауып келейін, – деді.
Жалғыз қалған Пайызмұхаммед әлден соң қорқа бастады. Содан соң түйелерді ағасы кеткен жаққа қарай айдады. Бір шағылдың үстіне шығып:
– Аға, аға! Қайдасыз? – деп бар даусымен айқай салды.
Түйенің үстінде торғайдай тызақтап отырған інісін көрген Датмұхаммед:
– Неге айқайлайсың? Енді саған да, маған да ауылды көру бұйыра қоймас, – деп ашуға булығып ұрса бастады.
– Бол, бол! Осы арадан ертерек кетейік, – деп түйені қанша қамшылағанымен, олар жайбасарлыққа салып, жүйткіп ала жөнеле қоймады. Желмаяның жалқаулығына күйініп келе жатқанда соңдарынан екі аттылы кісінің түскенін көріп, ағайындылардың түстері бұзылып кетті. Жүйрік ат әп-сәтте-ақ жетіп келді. Қару асынғандар ағайынды екеуін аттарына мінгестіріп алып, белгісіз бағытқа қарай кетіп бара жатты. Пайызмұхаммед сонда ғана барып ағасының неге ашуланғанын бір-ақ түсінді. Қарулы адамға қарсы келер күш қайда? Соңдарына жалтақ-жалтақ қараған ағайындылар алдарында қандай тағдыр күтіп тұрғанын ойлап, қамығып бара жатты.
Біраз жер жүрген соң қарулы екеу бұлардың қолдарын арттарына қарата байлап, көздерін орамалмен таңып тастады. Су қараңғыда аз жүрді ме, көп жүрді ме, белгісіз, көздеріндегі орамалды алғанда ұра сияқты қазылған бір жерге әкеліп түсірген екен. Жылаумен көздері домбығып іскен ағайындар сілелері қатып ұйықтап қалыпты. Ертесіне оянса, бастарына бір-бір кесек нан қойып кетіпті. Осы бір жапырақ нанмен таңертеңгі өзегін жалғаған екеуін Түркіменстандағы Тәттіқұдық деген жерге жеткізген.
Сөйтсе, бұлар шекара бұзған екен ғой. Шын мәнінде, екеуінің шамалауынша олар шекара сызығына 20-30 қадамдай жетпей тұрған болатын. Алайда, «қырағылықтарымен» көзге түскісі келген шекарашылар бергі беттегі екеуді алдарына салып айдап әкелген. Бірақ, орыс тілін білмейтін ағайындылар өздерінің білмей жасаған әрекеттерін қалай дәлелдеп бақсын?


1940 жылдың күзінде ағайындыларды Тактыбазар деген қалаға алып келді. Осы қаладан соң Мары қаласына жеткізген. Осы жерде ағайындылар өздерін тұтқындаған екі орысты ойда-жоқта көріп қалды. Екеуінің де қолдарына кісен салыныпты. Шекара бұзушыны тұтқындап, осы «ерліктері» үшін сый-сияпатқа ие болмақ болған шекарашылар тағы бір нәрсені бүлдірген сыңайлы.
– Әне, көрдің бе? Біреуге қиянат жасаған адамды Құдай да көреді, – деді ағасы Датмұхаммед.
Шекарашылар бұларға көз тіктеп қарай алмай, төменшіктеп қала берген.
Мары қаласында сот болды. Датмұхаммедтің жасын 23, Пайызмұхаммедтің жасын 20-да деп жазған екен. Екеулеп жүріп Пайызмұхаммедтің жасы 17-де ғана екенін түсіндірді-ау, әйтеуір. Содан жасы кәмелетке толмағаны ескеріліп, Пайызмұхаммед екі жылға кесілді.
Түрмеде отырғанда ағасы Датмұхаммед «осыдан босай қалсаң, шығысқа қарай кет. Мұсылмандар сені өлтірмейді» деп құлағына құюмен болды.
Көп ұзамай ағайынды екеуін бөліп жіберген. Содан қайтып Пайызмұхаммед ағасын көрген жоқ. Өлі-тірісінен бүгінге дейін хабарсыз.
Пайызмұхаммедті Мәскеуге жіберетін болып шешті. Ресейге кетсе тірі оралмасын білген ол өзінің мұсылман екенін айтып, басшылардың алдына барып зар қақсайды. Бір мұсылман табылып, оны Алматыға аударған. Одан әрі Петропавлға айдады. Ақырында Жезқазғаннан бір-ақ шыққан.
Мұнда да түрмеде Пайызмұхаммедтің көрмегені жоқ. Колонияда әр тұтқынға тамаққа арнап талон береді екен. Мұның аңқаулығын білгендер талонын ұрлап кетеді. Ашқұрсақ жүріп ауыр жұмысқа жегілді. Азаппен өткен әр күні жылға татиды. Бұрын сотты болғандар әлімжеттік жасайды. Ит қорлықпен жүріп екі жыл да артта қалды-ау, әйтеуір.
Ол 1942 жылдың қара күзінде түрмеден босап шықты. Түрме басшылары оның қолына бір жапырақ анықтама берген. Онда не жазылғанын Пайызмұхаммед хат танымағандықтан білмейді. Бірақ нан сұрарлық орысшасы бар. Түзеу мекемесінен шығарда оған Оңтүстік Қазақстан облысы, Бадам елді мекеніндегі зауытқа барасың деген. Ол жерге қалай жетеді? Қарағанды қаласынан шығатын пойыз Бадам арқылы өтер ме екен?
Осылай ойлаған Пайызмұхаммед әр пойызға бір жүгіреді. Басы айналған ол бір вагонның алдына жетіп барды.
– Сіз қайда барасыз? – деп сұрады жолсерік.
Пайызмұхаммед жауап орнына басын изей берген. Мұны мазақ етіп тұр екен деп ойлаған жолсерік ызаланып мұны итеріп кеп қалды. Пайызмұхаммед цементке басымен оңбай кұлаған. Цементтің қыры басын, қолын сырып кетіпті. Ол орнынан тұрып, қанаған жерін орамалмен сүртіп, жараны үрлеп, өзінше ем-дом жасап жатты. Осы кезде қасына бір орыс әйелі келіп, қолтығынан демеді. Жолаушының қолындағы жолдаманы оқып, сол қолтығынан демеген күйі басқа бағытқа алып кетті. Пайызмұхаммед оның не де болса құтқарушы екенін біліп, соңынан бұйдалы ботадай бүлкілдеп еріп келеді. Соңынан білді, бұл әйел жолсеріктердің жетекшісі екен. Пайызмұхаммедке билетін әперіп, тиесілі пойызға әкеліп, №8 вагонға отырғызып жіберді.
Алғысын айта-айта қол бұлғап бара жатқан Пайызмұхаммед өзіне тиесілі орынға жайғасысымен көзі ілініп кетіпті. Бір уақытта оянса, қарсы алдында ерлі-зайыпты кісілер отыр екен. Олардың жанында тағы бір орыс бар. Пайызмұхаммед «не де болса мұсылман ғой» деп ерлі-зайыптылардан нан сұраған. Күйеуі нан бермекке қармана бастады. Осы кезде келіншегі күйеуіне сұсты көзбен қарады. Елп ете қалған еркек қалт тұрып қалды. Енді олардан қайран болмасын білген Пайызмұхаммед білген орысшасымен әлгі орыс ұлтының өкілінен нан сұраған.
– Неге жұмыс істемейсің? – деп күңк етті орыс.
– Түрмеден енді ғана шықтым. Жұмыс істеуге кетіп барамын, – деді Пайызмұхаммед.
– Онда нанды сол жерде жейсің, – деген әлгі орыс.
«Бұлардан қайран жоқ екен» деп ойлаған Пайызмұхаммед вагон терезесінен ұлан-ғайыр далаға көз салып қарап тұрды. Есіне ауылы түсті.
Бұлаң кезінің бұлтағына салғызбай өткен өксікті өмірін ойлап торықты. Көмейіне өксік тірелді. Осы кезде орыс жігіті мұның қолынан ұстап, өзіне қаратты. Пайызмұхаммед кері бұрылса орыс жігіті қапшығының ауызын ашып жатыр екен. Ол қапшықтан бір бөлке нан алды да ортасынан қақ бөліп, бұған ұстатты. Мұны көрген қазақ әйелінің алдындағы сөмкені жұлып алды. Ол да бір бөлке нанның жартысын ұстата берді. Пайызмұхаммед оларға алғысын жаудырып нанды қарпып жей бастады. Қақалып та қалды. Оларда су бар екен.
Осылай өліп-талып Бадамға да жетті-ау ақыры. Оған Бадам бұйығып жатқан ауылдай көрінді. Ұзына бойы іркес-тіркес үш көше түсіпті. Пойыздан бұратылып түскен Пайызмұхаммед бірінші үйдің есігін қақты. Үй иесі қайыршыны көріп шошып кетті. Бір тілім нан үшін адам неге бармайды? Ауған жігіті ар-ұятты белбеуге түйіп, үй жағалай қайыр сұрауға көшті. Бірақ, ешбір үйден бір тілім нан табылмады. Есігін қаққан үйдің барлығының иелері өздерінің де нан таппай отырғанын айтып шығарып салады. «Осылай жүріп үзіліп кетемін-ау» деген ой келгенде Пайызмұхаммед өз-өзінен шошынды. Жүрегі атқақтай соғып, жан бермес үшін жанталасты. Шыбын жан үшін шырылдаған жүрек оны алға жетеледі. Қайырымды адамдар да табылды. Бір үзім нан оны бір күн тоқтықта ұстады.
Бірде оны ауылдың тентек балалары қоршап алды. Олар бұдан әлдене сұрайды. Тіл білмеген бұл балаларға қарап не істерін білмей тұр. Бір сотқар бала мұны түйіп жіберген. Сол сол-ақ екен, төбелес басталды да кетті. Мұнда қандай қауқар бар? Оның үстіне жергілікті балалар көп. Бұл олардан таяқ жеп қалды.
Шойын жолдың бойында қалың ойдың тереңіне шомып тұнжырап келе жатқанда алдынан бір сары желетке киген адам ұшырасты. Теміржолшы екен. Мұның ахуалын көрген соң үйіне ертіп барды. Үйінде шешесі мен қарындасы бар екен. Теміржолшы жігіттің анасының есімі Ұлбике болып шықты. Ол үйінде барын мұның алдына тосты. Содан бері Пайызмұхаммед осы үйдің бір баласына айналды.
Бір күні теміржолшы жігіт кешкі тамақ үстінде анасына қарап:
– Апа! Мені соғысқа жіберетін болды. Мен келгенше мына Пайызмұхаммед сіздерге бала да, пана да болады, – деді.
Ұлбике үнсіз егілді. Үйді мүлгіген тыныштық тұмшалады.
Теміржолшы ағасы майданға кетті. Пайызмұхаммед теміржолға жұмысқа орналаса алмады, содан соң егіншілерге көмекке келді. Егістік басында лашық бар екен. Сонда жатып жүрді. Тапқан-таянғанын Ұлбикеге әкеліп беріп жүрді. Тірлік айыруға тырмысып баққан мүскін хал осылай бірте-бірте түзеле, тіктеле бастады.
Егістік басында ол Кенжебек деген кісімен бірге жұмыс істеді. Әріптесі біртоға, момын жан еді. Жасы үлкен болған соң Пайызмұхаммед оның алдын кесіп өтпейтін. Ағасы іні ілтипатына мейірім, шапағатымен жауап беретін. Кенжекең жан шуағын мөлдектете төге білген қайырымды адам екен. Осы ағасының жанында жүріп Пайызмұхаммед қазақшаға да кәдімгідей төселді. Кенжебек көкесінің арқасында ол ғүмырында тұңғыш рет сыйлыққа қол жеткізді. Маңдай термен тапқан нанның тәтті болатынын ол сонда барып сезінді. Ойына пойыздағы орыс жігітінің сөзі түскен.


Сол сыйлықты сырамен жуып отырғанда ғой (Пайызмұхаммед сыра дегенді көргені осы) Кенжебек көкесі мырс етіп күлді. Бұның іші қылп ете қалды. «Әлденені дұрыс істемей жүр екенмін» деп ойлады іштей.
– Пайызмұхаммед, – деді көкесі салмақпен, – осылай қара басың қалқайып, жалғыздан жалғыз жүре бересің бе?
Тағдыр-ай десеңізші, Пайызмұхаммед жаратылысынан жалғыз болғанымен, бір кіндіктен өрбіген тоғыз туыстас жан еді ғой. Өз елінде жүрсе, осы сөзді естір ме еді? «Жалғыз» деген қандай ауыр сөз. Ол осы жалғыздықтың азабын аз тартты ма? Осы сөз оған аспаннан жай түскендей әсер еткен.
Көмекшісінің күңгір ойлар тұманына түсіп кеткенін сезген Кенжебек көкесі күлімсіреп алды да мұның көздеріне тік қарады.
– Мен сені бір жақсы адаммен таныстырамын. Оның екі бірдей қызы бар. Маңдайынан шертіп жүріп солардың бірін таңда. Бәлкім, біреуімен бағың жанар, – деді.
Соқталдай жігіттің жеке басы сопайып үйленбей жүргені дұрыс па? Туған елге қайтудың ешқандай мүмкіндігі қалмағанын білетін жігіт енді алдағы күндердің шуағын да ойлай бастады. Осы үмітпен Кенжебек көкесінің кесіміне үнсіз келісті. Оның үстіне Пайызмұхаммед ендігі тағдырын қонағына бір үзім нанын бөліп беретін қонақжай да кеңқолтық қазақтармен мәңгілік байланыстырып та қойған еді. Түрмеде қоштасарда Датмұхаммед ағасының «мұсылмандар ортасына бар, олар сені өлтірмейді» дегені есінен сірә, өлсе шығар ма? Соғысқа аттанған теміржолшы ағасы бауыр тұтып, анасы мен қарындасын аманаттап кетті. Ал, Кенжебек көкесі болса мұның болашағына алаңдаулы. Мұндай бауырмал, жанашыр халықты қайдан табарсың? Ол елжіремелі бір күйге түсіп, қалың ойдың құшағында отырды.
Кенжебек көкесі ақыры мұны көндірген. Ықыластемір ауылындағы Найзабек деген кісінің үйіне ағалы-інілі екеуі «Кім бар-ау? Құдайы қонақпыз» деп аттарынан аударылып түсіп жатты.
Жұпар апа қонақтарға шай қойды. Екі қыз Пайызмұхаммедті көздеріне де ілгісі келмеген. Әйтсе де оның көзі Патшайымға түсті.
Құдалықтың мән-жайын білген Патшайым қиғылықты салды.
– Қап-қара адамға мені ұзатқалы отырсыңдар ма? – деп әке-шешесіне өкпелеп, көршінің үйіне кетіп қалды.
Кештетіп келгендіктен көкесі екеуі Найзабектің үйіне түнеп шықты. Таңертеңгі шай үстінде Жұпар апа Пайызмұхаммедке қарап жымиып отырып бір әңгіменің шетін шығарды.
– Келген қадамдарыңызға гүл біткелі тұр екен, Кенжеке! – деді ол.
Түйіліп отырған Кенжебек басын көтеріп, «е, Құдай, ақ сарыбас!» деп елең етіп, Жұпар апаның әңгімесіне құлақ түрді.
– Түсіме бір ақ сақалды кісі кірді. «Ауғанстаннан келдім. Мына нанды Пайызмұхаммед пен Патшайымға бөліп бер» деп қолыма бүтін нан ұстатып кетті. Бұл тегін емес. Жаратқанның қалауы осылай шығар, – деді Жұпар апа.
Мұнан соң Жұпар апа оңашада қызына «Алланың аянына қарсы тұрма» деген. Патшайым ана шешіміне қарсы тұра алмады.
Артынша Кенжебек көкесі екеуі келіп құда түсіп кетті. 1950 жылы Пайызмұхаммед пен Патшайым шаңырақ көтерді. Келесі жылы өмірге Әбдірахман келді.
Сол жылы Пайызмұхаммед Шұбардағы МТС-ке тракторшы болып жұмысқа тұрды. Осы жерде 13 жыл еңбек етті. Содан соң «Дермене» кеңшарына көшіп, тракторшы мамандығын қайта жалғастырған.


Кеңшардың қысы-жазы бітпейтін шаруасымен жүрген. Бірде оны ауылдағы учаскелік милиция инспекторының жұмыс бөлмесіне шақыртқан. Бүлдіріп қойған ештеңесі жоқ ол «неге шақырды екен?» деп ойлады. Ауғанстаннан келгені бар, түрмеде отырғаны бар, төлқұжатсыз жүргені тағы бар, оны оқта-текте заң қызметкерлері түрлі әңгімеге тартып кететіні болушы еді. «Сондай шақыртулардың бірі болар» деп ойлаған да қойған. Сөйтсе бұл жолғы келгендер мемлекет қауіпсіздігі комитетінен екен. Назарбек Байназаров деген комитет қызметкері онымен ыстық ықыласпен ұзақ әңгімелесті.
– Кеңестік үлгідегі паспорт ал. Егер осы кұжатқа қолың жетсе, Отаныңа барып келуіңе де жол ашылады, – деген.
Содан кейін ол «туыстарыңнан келді» деп қолына бір конверт ұсынды.
Пайызмұхаммедтің ойына Бадам ауылында тұрғанда Әзиз деген кісімен қалай танысқаны түсті. Ол Калай-Наума деген жерден болып шықты. Ал, Пайызмұхаммедтің туған жері Калай-Өлий. Екеуі бір-бірімен іркес-тіркес жатқан көрші ауыл. Пайызмұхаммед Бадамда тұрғанда, Әзиз Қараспанда жүрді. Кейіннен Әзиз Түркіменстанға қоныс аударды.
«Ауғанстандағы ағайындарға хат жазамын. Сен туралы да айтамын» дегені есте. Міне, ол сол уәдесінде тұрыпты.
Жүрегі атқақтай соқты. Есіне Маминан-Даш ауылы, әкесі мен шешесі, бауырлары түскенде тентіреуік көңілі әлдебір жұмбақ сауалдардың соңына еріп, жан дүниесін бұрқан-тарқан етті. Ішкі әлеміндегі төңкерістерді тап басып танығандай төңірегіндегілер де тырп етпеген.
Содан кейін сағаттың тілі тұсаулап қойғандай алға қарай қарға адымдап жүретінді шығарды. Тағат пен төзімді тауысып барып бес жыл дегенде төлкұжат деген тәңірісі де қолға тиген. Сол-ақ екен, ол Ауғанстанға барып келуге әрекет жасай бастады. Онда Арыс қаласындағы жылжымалы-механикаландырылған құрылыс колоннасында ағаш ұстасы еді. Бір күні комитеттегілер келіп тұр. Қолдарында бір жапырақ қағаз бар. Сөйтсе бұл «Ауғанстанға барып-келуіне қарсылығым жоқ» деген жұбайының қолы қойылуы тиіс рұқсатнама екен.
Патшайым күйеуінің күрсінісін жақсы түсінетін. Сондықтан ол рұқсатнамаға ойланбай қол қойды. Әйткенмен, ол енді ғана мектеп бітірген Зәкираны бірге жіберуге шешім де қабылдап қойыпты. Кім біледі, Пайызмұхаммед туған жерінде қалып кетсе ортаншы қыз екі араға дәнекер болсын деп ойлаған да шығар-ау.
Пайызмұхаммедтің Ауғанстанға жүргелі жатқанын естіп, білген көршілері:
– Патшайым-ау, күйеуіңді неге жібергелі жатырсың? Туған жеріне, туыстарына бір жетіп алса, күйеуің кері қайтар деймісің? Оның үстіне қызыңды көзің қиып қалай жібересің? Ойланбайсың ба? – деп ортаға от жаға түсті.
Сонда Патшайым:
– Сендер не айтып тұрсыңдар? Мен бұл кісіден сегіз ұл-қыз сүйдім. Егер ол шынымен де кетер болса, бір қызымды оған қимауым керек пе? Бұл іске сендер араласпаңдар, – деп көршілерін тиып тастаған ғой.
Енді Пайызмұхаммедте ұшарға қанат жоқ-ты. Тағатсыз соққан жүрегі алып-ұшып мұның еркіне бағынбай-ақ қойған. Булыққан сезім жетегіндегі дүрс-дүрс соққан жүрегі кеудесінен шығып кетердей.
Осы тағатсыз халде ол Түркіменстанның Мары қаласына да келіп жетті. Мұндай кедергі болады деген үш ұйықтаса түсіне кірмепті. Сөйтсе рұқсатнама қағазы тек орыс тілінде толтырылған екен. Ал, заң бойынша рұқсатнаманың екінші беті парсы тілінде толтырылуы тиіс. Шекарашылар кері қайтып, Алматыға барып рұқсатнаманы қайта толтырып келуін талап етті. Алып-ұшқан көңіл құсының қанатына оқ тиді. Көңіл кесесі ортайып қалды. Талай жылғы сарытап сағынышын арқалап келе жатқан Пайызмұхаммедтің жүрегі жараланды. Ол мұндай күйінбес.
– Пойызға байлап салып, кері жібермесеңдер, өліп кетсем де осы жерден кетпеймін. Мені Ауғанстанға өткізіңдер немесе туыстарымды осы жерге әкеліп көрсетіңдер, – деп жаралы жүрек жалбарынып ағыл-тегіл жылады.
Мұны көрген шекарашылардың жүрегі жібіді білем, «мұнда тынығу бөлмесі бар, сонда демала тұрыңыздар, біз бірдеңесін жасармыз» деп жұбатты.
Енді шекарашылар Зәкираны үгіттей бастады. «Сен – комсомолсың. Мына әкеңе айтып, мән-жайды түсіндір» деген. Бірақ әке қыз сөзіне жұбанар ма? Пайызмұхаммедтің өлген адамдікіндей күрсінісінен жан шошитын еді.
Әкесі Зәкира түнде тоңып қалмас үшін амалсыз шекарашылар көрсеткен бөлмеге кірген. Алайда, кірпік айқастыра алсайшы. Қырық жылдай көрмеген туыстарымен бір жапырақ қағаз үшін қауыша алмай, кері қайт-пақ па? Олар өзіңсіз қалай өмір сүріп жатыр екен? Мұны көрсе қалай таныр екен? Інілері зіңгіттей-зіңгіттей жігіт болған шығар?
Пайызмұхаммед бөлме төбесіне қарап жатып Дурху қарындасы жайлы ойлады. Кетерінде оны шапалақтап жіберіп, ренжітіп қойып еді. Сол үшін Дурхуден кешірім сұрау оның өмір бойғы арманы болатын. «Дурху кешірді ме екен мені?». Осы ойлар мазалаған ол түні бойы дөңбекшіп, күрсініп шықты. Түн мұндай ұзақ болар ма? Таңды зорға атырған.
Таңертең ерте тұрған Зәкира әкесін көріп шошып кетті. Еңселі көрінетін әкесі бір түнде шөгіп қалыпты. Оның үстіне қап-қара шашы бір түнде ағарып кеткен.
– Әке! Сізге не болған? – деп Зәкира шошына жылап жіберді.
Шекарашылар бірін-бірі құшақтап жылап отырған әкелі-қызды екеуін асханаға таңертеңгілік асқа шақырды. Бірақ екеуінде де тәбет болмады. Осы кезде төбеден бір өрмекші төмен қарап салбырап түсіп келе жатты. Пайызмұхаммед мұны жақсылыққа жорыды. Өрмекшіні аялай ұстап, жүрек жағындағы төс қалтасына салып қойды. Осыны күткендей бөлмеге бір солдат ентігіп жетті. «Сіздердің дегендеріңіз болды!» деп сүйіншіледі ол. Сол солдат әкелі-қызды командирдің алдына ертіп келді.
– Түнімен Москваға, одан Алматыға телефон соғып, сіздерді арғы бетке өткізуге рұқсат алдым. Міне, кұжаттарыңыз. Жолдарыңыз болсын! – дегенде Пайызмұхаммед жәрдемші-жебеушісінің алдында көз жасына ерік берді. Командирге алғысын жаудырып жатыр. Ол әкелі-қызды екеуін шекараға дейін шығарып салды.
Гормач қаласына жақындағанда Пайызмұхаммедтің көзі қарауытып, аяқ-қолы өзінің ырқына бағынбай-ақ қойған. Әлден соң әкелі-қыз мінген көлік бір шайхананың алдына барып тоқтады. Осы жерге екі көлікпен жеткен жиырма шақты адам Пайызмұхаммедке лап қойды. Буын-буыны майдай еріген Пайызмұхаммед не болып, не қойып жатқанын ажыратудан қалды. Талай жыл жүрегінің түбіне беріш болып қатқан түйінді жазу оңай ма, ол ағыл-тегіл жылап жүр. Бір кезде оның мойнына бойы сырықтай ұзын бір жігіт өкіріп жылап келіп асыла түссін. Сөйтсе, бұл кенже інісі Мұхаммед екен. Екеуінің құшақтары көпке дейін ажырамады. Сөйлеуге әл-дәрмені қалмаған Пайызмұхаммед іштегі сөзбен жеткізе алмас шемен-шерін біржолата ақтарып салғысы келгендей еңкілдеп жылай берді.
Шайханадан соң олар іркілмей Маминан-Дашқа тартты. Міне, өзі өскен қара шаңырақ. Буын-буыны босаған Пайызмұхаммед есін жоғалтып алған-ақ екен, Зәкираның «Әке! Әке!» деген ащы айқайынан соң ғана аздап өз-өзіне келгендей болған. Сөйтсе ол екі аяғынан да жан кетіп, бір орнында тапжылмай тұрып қалған екен. Ұлы шілде аптабы тынысын тарылтып жібергендей демалысы қиындады.
Туған түтіннің құдіреті-ай десеңші!
Ол бір аптадан соң ғана өз-өзіне келгендей болды. Өкпесін сығып алардай әсер еткен ғайыптағыдай жүздесулер оның бойына жылу дарытқан еді. Туыстарымен тоғысқанда жұлын-жүйкелерінің бәрі жидіп жүре берген. Сол жүйкелердің қалыпқа келуі де оңай болмады.
Есін бірте-бірте жинаған Пайызмұхаммед сұлулыққа тояттамас тойымсыз сезім тереңіне сүңгіді де кетті. Жан-дүниесін бұрқан-тарқан еткен сарытап сағынышы бәрібір басылмады. Ағайын-туыс арасындағы тәтті қауышулар айға созылды. Осында бір туысы оған тағы бір ай осында қалуға рұқсат әперді. Қуаныш құшағында екі ай да зымырап өте шығыпты. Ағайындар күнде қонақ етеді. Әңгіме-дүкен таң атқанша түгесілмейді. Олар көбіне қазақтар жайлы сұрайды. Пайызмұхаммед өзінің жер басып тірі жүруі қазақтардың арқасы екенін айтудан жалықпайды. Қазақтардың аса меймандос, бауырмал халық екенін түрлі мысалдармен дәлелдеп бағады. Ауған халқының ұлттық киімін киген Зәкирасы да тым құлпырып кеткен. Аракідік сөзге ол да араласады.
Ол өзінің Ачикзей руынан екенін сонда ғана білді. Ачикзейден Буржанзей тарайды екен. Пайызмүхаммед арада қанша жыл өтсе де ана тілін үмытпаған-ды. Әйтсе де туған халқының салт-дәстүрлерін есінде қайта жаңғыртуына тура келді.
Ұршықтың тасындай зымыраған күндер қайтар мезгілді де лезде ілестіріп әкелген. Зарығып табысқан туыстарымен қоштасу қиын болды. Тау гүліндей ашылып, жадырап, жайнай бастаған раушан көңілінің шат-тығы бір сәтте су сепкендей басылды. Әсіресе, Дурху деп таныстырған қарындасы басқа адам болып шыққаны жүрегіне аяздай батты. Дурху осыдан біраз уақыт бұрын қайтыс болып кеткен екен. Жүрегіне салмақ түспесін деп туыстары оған басқа қызды көрсеткен. Ал, Пайызмұхаммед одан баяғы балалығы үшін шын жүрегімен, алғаусыз көңілімен кешірім сұраған. Сөйтсе… Шашы желбіреген қуыршақтай қарындасы еске түсіп, Пайызмұхаммед тағы да егіле жылап еді.
– Аға! – деп Мұхаммед (бүгінде ол Мамад-Палуан аталады екен) мұны оңашалай берді, – әкемнен қалған жердің 15 гектары сіздің үлесіңізде. Одан қалса сізге 15 жасар қыз дайындап қойдық. Осында біржола қалсаңызшы!
Осы сөзді есітіп Пайызмұхаммедтің көзі шарасынан шығып кете жаздаған. Оу, ол Қазақстанда қалған отбасын қалай ұмытады? Жүректерін ашып көрсеткен бауырмал қазақ халқын қалай ғана қиып тастап кетпек? Жалғыз басы сопайып жүргенде орталарына тартып, жар құшқызған халыққа қиянат жасау сатқындық емес пе? «Ұлты басқа екен» деместен отбасы болуға келісімін беріп, жүрек жылуы мен жар құшағын сыйлап, сегіз бірдей ұл-қыз сүйдірген Патшайымын қалай қияды? Әрине, ол бауырының қимастық сезімде тұрғанын да түсінеді. Бірақ солай екен деп өмірінің бүкіл мәні мен сәні – отбасын тастап кетуге бола ма? Онда адамгершілік, имандылық деген қайда қалады? Аштан бұратылып жатқанда қолына нан ұстатқан, кезенесі кеуіп, ерні кезеріп жүргенде ауызына су тосқан жаны жомарт, жүрегі дархан қазаққа ол қалай ғана қиянат жасай алады?
Осыны ойлай келе ол кенже ұлдың иығына қолын салып тұрып:
– Інім, сені түсініп тұрмын. Бірақ, бұл өтінішіңді бұдан кейін естімейтін болайын, – деді нығарлап.
…Шекарада оны барлық ағайын-туысы шығарып салды. Жүректері жұлым-жұлым болған екі жақ та солқылдап жылап тұрды. Кіндік қаны тамған жер де құшағынан босатқысы келмегендей ыстық отына күйдіріп барады. Баяу ескен самал оның көз жасын сүртіп тұрғандай аймалайды.
Туған өлке тәтті екен ғой, тәтті екен.
Жүрегінің жартысы туған жерде қалып бара жатқандай. Орынын ештеңе де толтыра алмас туған жер деген құдірет мұндай ыстық болар ма?
Міне, қоштасар да сәт келіп жетті. Шекарадағы қақпаға келгенде Пайызмұхаммед туыстарына қарап жүрегі елжірей тұрып «сендерді сағынамын ғой» дегенді еркінен тыс айтып қалды. Сондағы үлкен әпкесі Гулудың айтқан сөзі өмір бойы есінен шыққан жоқ.
– Пайызмұхаммед, мына әлемде, мына дүниеде Жер-Ана, кең аспан, Күн мен Ай бәрімізге ортақ. Үйіңе жеткен соң айдың әр жаңарғанында бізді еске ал. Сонда сәби сағынышыңды айтып, Айға қол бұлға. Қолыңды жүрегіңнің үстіне қойып, бізді еске ал. Бізді ұмытып кетпе! Сонда біз де сені еске алып, атыңды айтып, Айға қол бұлғаймыз, – деп әпкесі өксіп жылап жіберді.
– Өлгеніміз тірілді. Өшкеніміз тұтанды. Бауырым, алыстан келіп от болып жандырдың, бізді шоқ күйінде қалдырдың. Осы шоқты кім өшіреді? – деді Гулу.
– Өзім жақтым, өзім өшіремін, – деді Пайызмұхаммед, – енді тірілерге сәлем беріп, өлгендерге бата оқып келіп тұрармын.
Шекарашылар алабұртқан сезім арпалысын соншалықты сезіне берер ме! Оларға шекарадан бері өтуге бұйрық берілді. Туған жер сағымданып, бозғылттанып қалың тұманға сіңіп соңдарында қала берді. Бет-жүзін жас жуған Пайызмұхаммед құр сүлдері сүйретіліп келе жатқанын сезді.
Қалың ойдың қою тұманында келе жатқан Пайызмұхаммед отбасына оралғанда көз алдында үміт оты қайта жарқ етті. Сегіз ұл-қыз сүйдірген жары Патшайым алдынан шығып: «Қалай жеттіңдер?» дегенінен басқа айтары жоқ адамдай сәл ғана күлімсіреп, ері мен қызына елжірей қарап, үйіне кіріп кеткен. Осы бір ғана сәттік қауышудың өзі жарының өзі кеткелі қаншалықты сезім сергелдеңінде жүргенін көрсеткендей еді.
Өз ошағы! Өз отбасы! Бауыр еті – балалары! Құдай қосқан қосағы! Адамның бір басына бұдан артық қандай бақыт керек!
Олар мәре-сәре болып табысып, арқа-жарқа болып отбасы берекесін еселеп, ұзақ шүйіркелесіп отырды. Базарлықтарын таратып, сағыныштарын басып барып таңалакеуімде жастығына бас қойған Пайызмұхаммед сол күні алаңсыз ұйықтады.

* * *

– Әкем сол сапарынан соң Ауғанстанға қайта бара алмады. 1992 жылы «туыстарым келсе шапандарына жабысып болса да туған жеріме кетемін» деп бізді бір жылатқаны бар. Онда туыстарынан хат келген еді. Содан қайтып бұл әңгімені қозғаған емес. «Балам, осында балаларымның, немерелерімнің, шөберелерімнің ортасында өлсем, арманым жоқ. Осы ел өмірімді ұзартып, осы ел маған ырыс-несібесін сыйлады. Ешкім тағдырын таңдап тумайды. Менің кіндігім осы елмен үзілместей жалғанған. Рас, басымнан қаншама қиындықтар өтті. Бірақ, оған ешкім кінәлі емес. Бұл – тағдырдың маңдайыма жазғаны. Сол қиындықтарды көруге және оны жеңуге өмірім лайықты болды деп есептеймін. Ұлым, сенің туған жерің, кіндігіңнің қаны тамған жер – осы! Сендер осы жерде ғана бақыттысыңдар. Осы жерде ғана өсіп-өнесіңдер» деп отырушы еді әкем. Біздің үйді осындағылар «Ауған атаның шаңырағы» деп атайды. Әкем бұл сөзді естісе қуанып қалатын. Сондай-ақ, әр айдың жаңарғанын тағатсыздана күтетін, – деп сыр ақтарды бізге «Ауған ата шаңырағының» иесі Нұрмаханбет.
«Ауған атаның» 8 ұл-қызының барлығы да қазаққа күйеу, келін болыпты.
– Біз қазақтарға етене араласып, кірігіп кеткенбіз. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Біз өзімізді қазақпыз деп есептейміз. Әкем де өзін қазақпын деп өтті. Ол жиырма жылдай зауытта еңбек етіп, есімі «Құрмет тақтасынан» түскен жоқ. Мұны ол әркез мақтаныш етіп отырушы еді. «Еңбегімді бағалаған, кішілері ағалаған, алысы да, бауыры да жақын тартып жағалаған мұндай елді көрмедім» деп отырушы еді әкем жарықтық, – деп Нұрмаханбеттің жанары жасаурады.
Біз үнсіз отырып қалдық. Арыс қалалық ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Айбол Әлібек Пайызмұхаммед қарияның суретін сұратты. Тұңғиық ойға шым-шым батып кеткен Нұрмаханбет «Әсия!» деп келіншегін шақырды.
– Соңғы кездері әкем әлденеге елегізіп, біреуді күтіп жүргендей тағатсыздана берді. Сөйтсек, ол Айдың жаңарғанын күтіп жүр екен. Сол күні Ай орақ сияқты қияқтанып туды. Әкем Айға қарап, ішінен әлденелерді айтып ұзақ отырды. Сосын Айға қарап қолын бұлғады. Үйге кіргенімізде ол сұлқ жатты. Әлден соң көзі жұмылып бара жатты. Сөйтсек, үзіліп кеткен екен, – деді Нұрмаханбет.
Ішімді әлдене өртеп жібергендей тұла бойым қалтырап бара жатты.
– Сыртқа шығайық, – дедім ішкі жан тебіренісімді қасымдағыларға сездіргім келмей.
Сыртқа шықсақ, Ай қораланып тұр екен. Демек, ертең ауа-райы бұзылады.
Дүние – үлкен жол, замана – соққан жел. Бір ғана тілек: сонша тасыр заман болғанымен, бір-біріне бауыр басқан адамдардың көңіл күйлері, бір– біріне деген сенімдері бұзылмаса екен…

Пікір қалдыру