Сан мәрте ілестім сағымға…

МЕЙІРІМ ОТЫ ЖОҒАЛҒАН

* * *

Біреуге ғашықпын шынайы,
Есімін білмеймін, түрін де.
Сағына беремін ұдайы,
Тылсым бар тым нәзік үнінде!

Кездесіп көрмедік, жолығып,
Тек қана құшады қиялым.
Ойлаймын оңаша, қамығып,
Қайдасың?!
Қарагөз ұяңым!

Белгісіз мекенің, тұрағың,
Құдай-ау, көз ілмей аңсадым.
Күн сайын артуда құмарым,
Сейілттің санамнан қанша мұң!

Сан мәрте ілестім сағымға,
Әлемнің сыртынан Сені іздеп!
Білмеймін бағым ба, сорым ба?!
Желпінем, жүрегім егіз деп.

О, міне бұлт шықты шөкімдей!
Сүйгендер таймайды сертінен.
Мен өлсем, өлермін өкінбей,
Ғажабы.., ғашықтық дертінен!

КӨБЕЛЕК

Көбелектің тозаң тасу тәсілін,
Қайран қалдым, бақылап!
Біз екен ғой, нәзік гүлдің нәсілін,
ажыратпас, ақымақ!

Дүниеге дем салады ұдайы,
жәндіктердің танымы.
Әлемдегі әр көбелек шынайы,
Флористика ғалымы.

Өмір шіркін, гүлдің тәтті шырыны,
Көбелекше ойласам.
Ал, солардың бір-ақ күндік ғұмыры,
Қадірлі ғой, қай-қашан..!

* * *

Сен – тақ күні,
жетіпсің таңда Өмірге.
Мен жұп күні,
құрлыққа келгем құрсақтан.
Әжеміздің дұғасы жеткен Тәңірге,
мойынға салған бұршақтан!

Есіңде ме?!
Жұп күні жазда жүздестік.
Қимастықтан тарқадық таңда тақ күні.
Көпке дейін жандүниемізбен күз кештік,
Махаббаттың, қарашы қандай пәктігін!!!

Есіңде ме?!
Ертісті бойлап тақ күні,
Елжіредік,
Жұп болып ұшқан қаздарға.
Айтшы, ерке,
тірліктің бітпес шаттығы,
Көңіліңде,
Көктемнен қалған наз бар ма?!

Раушан гүлін тақ қылып талай ұсындым,
Түймедақтың бір-бірлеп үздік күлтесін.
Кеудемдегі сағыныш құсын ұшырдым,
Қанатымен көзіңнің жасын сүртесің!

Міне, тағы тоғыспай қойды жолымыз,
Сен – тақ күні,
Жұп күні Менің кезегім.
Өтінемін,
Мен үшін үйде қалыңыз,
Қауышамыз!,
Бір күні, бәрбір сеземін!

S

Көңілді дендеген уайымды,
сейілтті ақылың!
Мен жайлы ең ізгі ойыңды,
Қашықтан оқыдым.

 

Әр сөзің әсерлі, наз-мұңды,

Жүректі ұсындым.

Сырыңды сақталған аз күнгі,

Қашықтан түсіндім.

 

Іштегі шер-шемен түйінді,

тарқатып, көз ілдім.

Жаным-ау, жабырқау күйіңді,

Қашықтан сезіндім.

 

Өзіңмен ерекше әр күнім,

Тең келмес сұлу мың.

Сағынып жүрсің-ау, жарқыным,

Қашықтан ұғындым.

 

Жұпарға тағы да қанықсам,

тым ғажап иісіңнің.

Сұлуым, сәл ғана қамықсаң,

Қашықтан түйсіндім.

 

Қайтейін, арамыз қашық тым,

Көңілді тасыттың.

Өзіңе күн сайын асықтым,

Шын айтам, ғашықпын!

 

ҚАЙРАН СЕМЕЙ

Қайран Семей!

Қазыналы Қайымың да жоқ бүгін,

Жасып кейде, қаймығам.

Семейтауға шемен-шемен шөкті мұң,

Зар көтермес қайғыдан!

 

«Абай», «Абай», – деп

зарлайтын күн-түні,

Қара Шал* да қабірде.

Сұм ажалдың сумаңдаған сұр тілі,

Қарамайды-ау қадірге!

 

Шежірелі Бекенің де жоқ енді,

Тарқататын шеріңді.

Көкке тіреп жүретінмін төбемді,

Әлсіздігім көрінді!

 

Келденбай да кете барды келмеске,

Кемелденген кезінде.

Ал, Мерғали өлең тастап өлмеске,

Ерік берді сезімге!

 

Санақ енді ән салмайды саңқылдап,

Болат та жоқ арай-күн!

Тұрсынғазы тұрмас енді аңқылдап,

Көшесінде Абайдың!

 

Тағдыр деген тар маңдайға сыймай-ақ,

Талғат жатыр табытта.

Тілдің жүгін арқалаған Қинаят,

Қажет еді-ау халыққа!

 

Қайран Семей,

Ертіс жатыр міз бақпай,

Ақының ем жаны бір.

Менің жылы жүрегімді мұздатпай,

Суық өлім, ары жүр!                                        

   *Қара Шал Төлеужар (Төкен) Ибраһимов

 

ЖЫНДЫХАНА

Жындыларды терезеден бақылап,

аялдадым аз ғана.

Біздің ойша: бәрі – бірдей ақымақ,

шеттерінен азған ә?!

 

Бірде «әнші», бірде «күйші»,

«биші» де!..

Әлемдері тым бөлек!

Арасында «ақын» да бар,

сүйсіне

жыр оқиды түнделеп!

 

Қабырғаға «сурет» салды біреуі,

«Қыз бейнесін кекілді».

Көптен күткен ең аяулы тілеуі

Орындалған секілді.

 

Әне, бірі төсегінен қарғыды,

қомдап тұрып қос қолын.

Қабағының еріп кетті қар мұңы,

Жадырады қас қағым!

Тағы біреу «қайық жасап газеттен»,

«Жүздіріп жүр еденде»…

«Ұшақты да ұшырады» кезекпен,

терезеден төменге.

 

Жындылардың керең құлақ кәрісі,

естен мүлдем ауысты.

Дер кезінде дәрігер де жоқ, дәрісі…

Ажалымен қауышты.

 

Әй, жындылар, жарайсыңдар негізі,

Ойларыңды оқыдым.

Көңілімнің буырқанған теңізі

жарға соқты Ақынын!..

 

Сендер – «жынды», біз сендерге –

«ақымақ»…

Тағдырымыз тым қиын.

Ара-тұра тұрыңдаршы бақылап,

адамдардың сау күйін!..

* * *

Қаламыздың қай шетінен кірсең де,

Қарсы алады молалар.

Азуыңды Айға білеп жүрсең де,

Жердегі ізің жоғалар!

 

Бұл молалар – үйлерден де ғаламат.

Кішігірім қалашық.

Жұма сайын шұбырады жамағат,

Қайтқандарға жаны ашып.

 

Ал, аруақтың бәріне де бәрібір,

Кім келсе де, кім кетіп.

Көктем сайын күрсінеді кәрі қыр,

Жас қабірді гүлдетіп!

 

Күмбездегі тотығыпты алтын түс.

Жалған жайлы ұғармыз.

Өмір дейміз,

Өмір деген бәлкім түс,

Шырт ұйқыда шығармыз.

 

Тіпті, мынау тасқараңғы көріңде

Байшыкеш те кедейсің.

Бұл қатыгез, қаныпезер өмірге

Өлген соң да өгейсің!

 

КҮЗ КЕЛГЕН ЖОҚ

Күз келген жоқ.

Ай аттары өзгерді

және сандар ауысты.

Сөз бүрлетер кез-келді,

Аңсап жатып ғарышты.

Күз келген жоқ.

Қара суық өтпеді.

Бойы жылы бұлақтың.

Ерке қызды өкпелі,

Есім кете жұбаттым.

 

Күз келген жоқ.

Қамданбады құс әлі,

сиреген жоқ жыр-әні.

Қыркүйектің құшағы

салқындамай тұр әлі.

 

Күз келген жоқ.

Күнбағыстар жолдағы,

Жанарлары жасаурап…

Гүл де тегіс солмады.

Көңілімді хош, арбап!

 

Күз келген жоқ.

Жадыраған жаз әлі.

Ұзамашы өлкемнен.

Сүйіп,

Күйіп,

Өртенген,

Тек, жүрегім мазалы!

 

МЕЛАНХОЛИЯ

Жегідей жейді кей мұңым,

Ішімнен жүрмін кетіліп.

Келмеске кеткен күндерім —

секірген секек кекілік!..

 

Жастығым өтіп барады,

Ілесіп дүрмек-дүбірге.

Жер беті-қайғы аралы,

Толқыған шері іңірде.

 

Жаншыды жанды құз құлап,

Құлазып жүрмін өмірден.

Санамды мың ой сызғылап,

Миымды күдік кемірген.

 

Мейірім оты жоғалған,

Қоғам да кердең, ашулы.

Қайда бастайсың о, жалған?,

Тау-тасқа соғып басымды.

 

Торланған тұман төбемде,

Көкжиегім де кең еді.

Бәймәлім басқа

Әлемге,

Ұшып-ақ кеткің келеді!!!

Мерей ҚАРТ

Пікір қалдыру