САРТАЙ БАБАМЫЗ ОРТАМЫЗҒА ОСЫЛАЙ ОРАЛҒАН ЕДІ

Әшейінде бір-бірімен қанша айтысып тартысса да әлем ойшылдары түгел пәтуаға келген бір қағида бар. Ол қағида бойынша Ақиқат және Әділет деп аталатын ең қасиетті қос ұғымның екеуі де өзін-өзі корғауға дәрменсіз, қашанда өздерін әлдекімдердің өтіріктен, жаладан қорғауына зәру боп тұратын әрі әлжуаз, әрі нәзік қасиеттер екен.
Осы күні есімі екі қазақтың біріне мағлұм заманында әрі би, әрі батыр ел іші еңсесі биік тұлғасы болып тарихта қалған Сартай Байжанұлы туралы айтқанда әлем ойшылдарының әлгі ой-пәтуасы есіме түсе беретін болды. Өйткені, Сартай бабамыз туралы акиқатты, әділсөзді айту қашан қазақ ұлты Ресейден азаттық алып, тәуелсіз ел атанғанша еш мүмкін болмады. Оның ең басты себебіне сәл кейінірек тоқталайық. Ұтыры келгенде айта кетейін, Қазақстан Ресейден қаншалықты бөлініп өз алдына тәуелсіз мемлекет атанғанын кім білсін, бірақ сол Ресейден азаттық алдық деген яғни, Азаттық деген өте бір киелі де, қастерлі сөз әлі де айтылмайды. Бұл не сақтық деймін де осы сөзді өзім реті келген жерде ұтырын тауып қосып отыруға тырысамын.
Иә, Сартай бабамыз туралы ақиқаттың айтылуына ең алғаш қозғаушы болған адам белгілі журналист, әсіресе еліміздің арғы-бергі тарихы туралы зерттеулерден мол хабары бар марқұм Өмірзақ Жолымбетов еді. Өзім радио мен телевизияны ауызекі журналистика деп есептеймін. Ал Өмекең ұзақ жылдар радио саласында істесе де, жазушылықпен де көп айналысқан болатын. Алғаш танысқанымызда менің «Жұлдыз» журналында жарияланған өлеңдерімді сүйсініп оқығанын айтып тұрды да, ол: «Сен Нұрмағамбет акынды білесің бе?» – деді. Мен ол кісінің есімін әкем Сахидан естігенімді, Ашубаймен айтысын және «Ахметоллаға хат» деген өлеңі бар екенінен ғана хабардар екенімді айттым.
Сол жерде Сартай батыр туралы жыр жазған сол Нұрмағамбет Қосжанұлы екенін алғаш рет Өмірзақ Жолымбетов ағамнан естідім. Ол кезде мен «Санат» баспасында редактор боп қызмет істейтінмін. Бір күні Өмекең келді. Әңгіме тағы да әрі би, әрі батыр Сартай бабамыз туралы басталып, «халық жауы» атанып 1937 жыл атылып кеткен ақын Нұрмағамбет Қосжановтың дастанын қайтсек шығарамызға кеп тірелді.
Әрі ойлап, бері ойлап, не болса да жаны руханиятқа жақын жүретін Иманғали Тасмағамбетовке хат жазуды ұйғардық. Хат мазмұны Сартай батырдың 15-16 жасында өзі кұралпы мың баладан жасақ құрып, 1726-28 жылдары Әбілхайыр ханның әскеріне косылып, Бұланты, Сілеті маңында болған шайқастарға қатысқаны, өңкей өрімтал жас баладан мың адам құралып ел қорғау деген ешбір елдің тарихында болмағаны, тіпті, А. Фадеевтің «Жас гвардия» романындағы жастардың өзі көркем шығарманың ойдан алынған кейіпкері екені, осы Сартай батырды жазамын деп ақын Нұрмағамбет әуелі бір рет түрмеге жабылып, одан екінші рет әлдебіреулердің көрсетуімен тағы да ұсталып, сол жолы атылып кеткені, бұл дастанның әлі де жарыққа шықпай жатуының бір себебі Сартай батыр кейін Ресей отаршылдығына қарсы күрескені, тіпті, Хиуаға бет алып бара жатқан полковник Гарбердің 500 сарбаздан тұратын жасағын (отрядын) талқандағаны және басқа да деректер қатты кедергі болып отырғанын баса көрсеттік. Расында қазір әр ру, әр тайпа өз ішінен неше түрлі батырларды жарыса шығаруды бәсекеге айналдырды. Солардың бірде біреуі туралы мұрағат дерегі жоқ. Ал Сартай Байжанұлы туралы мағлұмат Ә. Кекілбаевтың романында, Тевкеевтің күнделігінде тұр.
Өз басым Иманғали Тасмағамбетовтен келген жауапты оқи алмадым. Бірақ көп ұзамай баспа директоры жаны өте биязы марқұм Серік Әбдірайымов мені «Сартай батыр» дастанына редактор қып бекітті. Сөйтіп, бұл кітап 1996 жылы жарық көрді. Сол кітапқа менің қосқан үлесім Нұрмағамбет Қосжанұлы мен Ашубайдың айтысы туралы және Ахметолла құрдасына хаты туралы мағлұмат қана болды.
Сөйтіп, Сартай батырдың есімін қайта жаңғыртып жыр жазып атылып кеткен Нұрмағамбет Қосжанов болса (өзі «Бөлебай баласымын» дейді) бұл шайырдың да, Сартай батыр бабамыздың да атын бүгінгі ұрпаққа алғаш паш еткен журналист, зерттеуші Өмірзақ Жолымбетов болатын. Кейін өз басым осы Сартай батыр туралы бір-екі рет мақала жазып баспасөзде жарияладым. «Сартай батырдың зары» деген ұзақ толғауымды өлеңдер жинағыма енгіздім. Осы толғау өлеңім кейін Астанадағы Әзірет Сұлтан мешіті жариялаған бәйгеде жүлде алды. Кейін менің сол мақалаларымды қайталағандай етіп бір азаматтар мақала жазыпты. Оны өзім редакциялап, жарык көруіне көмектестім. Ойым әйтеуір Сартай есімін жұрт біле берсін деген еді.
Кейбір қазекемдердің даңғазалығы мен дарақылығының, рушылдығы мен жершілдігінің азды-көпті кесірі Сартай батыр тарихын да шарпып өткен кезі болды. Ол былай болған еді. Біз Сартай батыр дастанын шығарардан біраз бұрын Алматы облысының әкімшілігіндегі әлдекімдердің құлағына Сартай деген қазақ баласы өзі құралпы 15-16 жасар мың қаралы бозбалалардан жасақ құрып, ұлы қолбасшы Әбілхайыр ханның әскеріне қосылып ел қорғаған және олар осы Алматы уәлаятындағы бір рудың балалары-мыс екен деген шала-шарпы мәлімет тиеді. Содан дереу бірнеше мектепте Сартай атындағы балалар үйірмелері, ұжымдары кұрылады. Бұл тарихтан мүлде бейхабар біреулер бірі «Мың бала» деп сөзін жазып, екінші біреу ән шығарады. Не туралы, қандай жағдаятқа байланысты екенін адам түсініп болмайтын, әйтеуір ішінде «мың бала» деген сөз қайталанып отыратын сол ән-сымақ, өлең-сымақты мектеп оқушыларына үйрете бастайды.
Мұны естіген аңкылдақ, ақкөңіл Өмекең – Өмірзақ Жолымбетов ағам қуанып облыс әкімшілігіндегілерге бұл Сартай батыр менің бабам, Кіші жүз Әлімнің Жақайым руынан деп қуана хабарлайды. Осы хабарда естіген Алматы облысы әкімшілігіндегі әлгі даңғазашылар өздері бастаған үлкен шараларды дереу жаптырып тастайды. Бұл уәлаятта содан бері Сартай батырдың аты да, заты да зым-қайым жоқ боп кетті. Анау «Мың бала» деген әннің де үні сап тиылды. Сондағы Сартай бидің, Сартай батырдың бар «жазығы» Кіші жүз Әлім, оның ішінде Жақайым болғандығы екен.
Сартай батыр дастаны кітап боп «Санат» баспасынан шыққасын арада біраз уақыт өткенде бұл тарихтан мүлде бейхабар адамдар «Жау жүрек мың бала» фильмін түсіріп жатыр деген хабарды естіп, сол кездегі «Қазақфильм» директоры Ермек Аманшаев ініме бардым. Фильм сюжеті тарихи уақиғаға мүлде қайшы келетінін, Сартай батыр 15-16 жасында емес, 90-нан асып, би болып өмірден өткенін, кейіннен Әбілхайырмен бірге Ресейге қарсы күрескені туралы деректерді айтып, дастанның бір данасын қолына беріп кеттім. Амал не, фильмде Сартай 15-16 жасында «өлтірілді». Бұл фильмнің ең сорақысы, ұлтымыздың қасиетті үрдістеріне қайшы келетін, бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне зор залалын тигізетін тұсы – 14-15 жасар жап-жас Зере деген қыз ата-анасының оң жағында отырып Сартайдан жүкті болып қалатын жері де сол күйінде қалды. Фильм түсірушілердің ұлттық үрдіс-салттардан мүлдем бейхабарлығы сондай, фильмнің соңында қарны шермиген сол жүкті қыз үй тігіп, жұртпен бірге шаңырақ көтерісіп жатады. Ұлттық салт-дәстүрді аяқ асты еткен осы бір надандық көріністі де сынап фильмнің ұлттық болмысымызға өте кереғар екенін көрсетіп баспасөзге тағы да мақала жарияладым. Қай сумақайдың ойлап тапқанын қайдам, жауға аттанғалы жатқан балалардың ішінен біреуі біз шапыраштымыз деп айқайлайды. Әйтеуір, оған қосылып ілі-шала біреуі біз Шалқарданбыз дейді. Фильмдегі осы өрескелдіктер туралы белгілі ақсақал жазушымыз Әбдіжәміл Нұрпейісовке де айтып едім, қашанда кино туралы сөз қозғалса-ақ «Қан мен тер» фильміне деген наразылығын айта жөнелетін ол кісінің бұған араласуға онша құлқы бола қоймады.
Міне, Сартай бабамыз есімі бүгінгі ұрпағына осылай оралған еді.
Сөйтіп жүргенде шалқарлық кәсіпкер, жүрегі қашанда ұлтым, қазағым деп соғатыны әр лебізінен көрініп тұратын сырбаз азамат Абдул-Насыр (Нәсен) Қожаниязов Ақтөбеде Сартай Байжанұлының есіміне көше беру және ол құрған жасаққа ескерткіш қою туралы ұсыныс жасады. Мен Ақтөбе облысының сол кездегі әкімі Бердібек Сапарбаевқа хат жаздым, ол хатты қазақтың Алматыда тұратын аты әлемге әйгілі жазушыларына көрсеттім. Обалы не керек, олар бұл игі ұсынысты түгел қуаттап қуана-қуана қол койды. Бұл ретте облыс әкімі Бердібек Мәшпекұлының осынау игілікті іске қатты ризашылығын білдіріп, мақұлдауының да көп септігі тигенін атап көрсету артық болмас. Оның бержағында сол кездегі қала әкімі Ильяс Испанов, қала әкімінің орынбасары К. Айдарханова осы істің ілгері басуына жас балаша қуанып атсалысқаны да өз алдына бөлек әңгіме. Әруақтардың есімін ел есінде сақтап, ұлттық тарихи мәңгілікке айналдыруға бағышталған бұл ұлы істі бүгінде Ақтөбе уәлаятының әкімі О.Оразалин абыроймен атқарып шықты деуге әбден болады.
Бұл жағдаятты қысқаша да болса жұртшылыққа баяндап беруімнің тағы бір себебіне тоқтала кетсек артық болмас. Жақында Шалқар қаласына, одан Ақтөбеге бардым. Сонда біреулер Сартай батыр туралы мәселені қозғап, осы іске түрткі болған мен едім деген сыңайда әңгіме өрбітіп жүргенін естідім. Бұл жерде мен өзімнің болар-болмас бітірген шаруаларымды айтқалы отырған жоқпын.
Мәселе мынада: қазір елімізде Ресейдің қамыты мойнымыздан алынбаған кеңес заманында айтуға тыйым салынған ақиқаттар ашық айтылып, осынау ұлы даламызды жат жұрттың табанына түсірмей, ұрпағына мирас қып қалдыру үшін қаны мен терін қатар төккен, қажет болса жанын садаға еткен ата-бабаларымыздың рухын ояту қызу колға алынды. Әрі би, әрі батыр Сартай Байжанұлы сол әруақты бабаларымыздың бірі десек, оның отансүйгіштігін, ерлік ісін өзінің әр лебізі мен басқан қадамына шейін аңдулы Кеңес заманында-ақ жыр-дастан қып жазғаны үшін 40-тан енді асқанда атылып кеткен дүлдүл шайыр Нұрмағамбет Қосжанов (өзі «мен Бөлебайдың баласы» депті) болатын. Ол осы дастанды жазып жүр, бұл халықтар достығына зор ақау түсіреді деп бір залымдар жазған хаттан осының алдында бір сотталып келген болатын. Кейін біреулер бұл Нұрмағамбет анау Сартай дегенді тағы жазып жүр деп үкіметке хабарлайды, содан қайран шайыр екінші мәрте түрмеге жабылып, атылады.
Сол дастанды мен қызмет істейтін «Санат» баспасына әкеп тапсырып, жоғарғы жаққа хат жазып, зор еңбек сіңірген журналист, әрі тарихтан мол хабары бар аңқылдаған ақдомбыра ағамыз, спортшы-зілтемірші Өмірзақ Жолымбетов болатын. Бүгінде сол Нұрмағамбет шайырдың да, Өмірзақ Жолымбетовтың да туып-өскен жерінде олардың есімінде көше не ескерткіш бар ма, жоқ па білмеймін.
Сондықтан Сартай бабамыздың тарихы, оны бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп ұсыну сияқты сауабы мол істі айтқанда осы қос әруақтың есімі қатар аталуы тиіс деп білемін.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ,
ақын,
ҚР Мәдениет қайраткері

Комментарий (1)

  1. Reply
    Ермекговорит

    Әбдіжәміл Нұрпейісовтің кино туралы сөз қозғалса-ақ «Қан мен тер» фильміне деген наразылығын айта жөнелетіні несі? Сөйтуіне не себеп болды?

Пікір қалдыру