Сергек ой, серпінді сөздің ұстасы

Ақұштап Бақтыгерееваның поэзиясы қаншалықты нәзік лири­кадан, сыршыл сезімнен, көркем де шұрайлы, адал да шыншыл жыр жолдарынан тұрса, оның публицистикалық шығармалары да сонша­лықты қуатты, халықтың мұң-мұқтажы мен қоғамның келеңсіз құбы­лыстары мен замана шындығын тап басқан кесек-кесек ойлардан құралған. Бұл пікірімізді Мылтықбай Ерімбетовтің мына тұжырымы сөзсіз қуаттайды: «Ал уақыт «Сөйле!» деп тұрғанда халық жүгін, мұңын нәзік қабырғасы қайыса толғап-толғап қара сөзбен – мақалаларымен мерзімді баспасөзде жиі көтеріп жүрген Ақұштап әлеуметтік бұйыртпа орындаушы қаламгерге мүлде ұқсамайды, қайта қазағы туралы жазбаса тұра алмайтын, жүрегін қаламымен жұбататын ақынға, азаматқа келіңкірейді».

Ақынның бүкіл публицистикалық шығармаларын шолып шыққан адам оның мақалаларының ең басты екі тірегін байқар еді: ол – ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі.

Ақын публицистикасының тақырып аясы өте кең, ауқымды. Оның бүкіл публицистикалық шығармалары ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде, ұлттық мәселелерден тұрады. Ол ұлтқа арнаған шығармаларында ең бірінші ұлттық мәселені – қазақтың мәселелерін көтеріп келеді. Ақынның өзі осы жөнінде: «Иә, өзге тіл, өзге діннің ықпалы көбі­­рек тиген Қазақ елі тек бабалар рухы­ның мықтылығынан өз келбетін, өз сал­тын сақтап, бірін тапса, бірін жоғал­тып отырғаны рас қой. Еліктегіш, сенгіш, аңғалдау да болатын қазақ ұрпа­ғын, әсіресе, ұлт ұрпағына ана болатын қазақ қызының батысқа қатты еліктейтінді шығарды. Бұл – менің көкейім­дегі өмір бойы басты мәселем, тақырыбым да», – дейді.

Қоғам қайраткерінің көсемсөздерінің тақырыбы мен ондағы ұлттық мәселелерді негізінен үш топқа бөліп қарастыру қажет. Оның біріншісі – Отан, туған жер, ауыл, Ақжайық тақырыбы, екіншісі – ана, әйел, қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесі жөніндегі, ал үшіншісі – ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие, ұрпақтар үндестігі, мәдениет, халықтық таным, қоғамдағы түрлі мәселелерді қаузаған мақалалары. Ол осы мақалаларында ұлттық мұрат жолында кетіп жатқан кемшіліктерге ерекше назар аударады. Сондықтан да оның мақалалары мен очерктерінде, ең алдымен, ұлттық идеология мен елдік мүдде мәселелері ерекше көрініс табады.

Қазақылықтың, ұлттық танымның негізгі бастауы, негізгі ошағы – туған жер, ауыл, Отаннан бастау алатыны ақиқат. Ұлт кіндігі байланған ауыл қазақ баласы үшін дүниенің бар қымбатын сыйғызған ұғым. Ауыл – қазақылығымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымыздың өшпейтін ортасы. ХХІ ғасырдағы қазақ ауылдарының бет-бейнесі өзгеріп, ондағы қазақы тәрбиенің қазаны ортайып, ұлттық таным мәселесі алаңдатарлық күйде екенін «Атамекен алдында анттасайық, ағайын!» атты мақаласында жан-жақты талдаған публицист ауылды сақтау – қазақылықты сақтау деп біледі.

Ауыл – ұлттық тәрбиеміздің өшпейтін ошағы екендігін алға тартқан автор ондағы тұрғындардың бет-бейнесін рет-ретімен суреттей отырып, ауыл өміріне байланысты көптеген мәселелерді бүкпесіз айтады: «Иә, ауыл шынымен тозды. Бірақ, оның біразын жөндеуге болар. Алдағы үш жылда сәл де болса еңсе көтерілер. Үркіп кеткен, қалада қарабастың қамы деп қаңғығандар ауылына оралар, қалған жастар қайраттанар. Әттең, дәл қазіргі несиені іс­ке асырып, бел сыбанып кетер сауаттылар аз ауылда. Егемендік алғанда 10 жастағы бала қазір 20 жасар жігіт бол­ды, қолында не малы, не көлігі, не білімі жоқ… Тоздырып болып, енді еске алған ауыл алдымен ұлттық тәрбиеміздің ошағы еді-ау! Сол ошақты да бұзып алған сияқтымыз. Ол қашан қалпына келер екен?» – дейді ақын.

Публицистің: «Осыдан отыз жыл бұрын ауыл атасы, ауыл ағасы, ауыл қарттары, ауыл азаматы деген атаққа асқан ілтипатпен қараушы едік. Ауылдың сырт келбетінен ауыл ағасын, азаматтарын танушы едік. Ауыл баласы! Ол өзі алданса да өзгені алдамайтын ақкөңіл болатын. Ауыл бойжеткені инабат пен сызылған табиғи байсалды мінездің иесі еді. Қалада тұратын сәбилер жазғы демалыста ауылдағы ата-әжеге асығатын, даладан мейірім мен төрт түлік малды көріп, таза ауа мен адамдардың таза пейіліне сусындап, жанын, жүрегін тазартып қайту­шы еді» деген жолдарынан «ауыл атасы», «ауыл ағасы», «ауыл қарттары», «ауыл азаматы», «ауыл баласы», «ауыл бойжеткені» деген секілді ұлттық таным мен ұғымдарға берілген сипаттамадан қазақ халқының тұтас бір ұлттық болмысын көруге болады.

Әсіресе: «Ауыл баласы! Ол өзі алданса да өзгені алдамайтын ақкөңіл болатын» деген сөйлемдерінен қазақ халқына, қазақ ауылының баласына ғана тән ұлттық ерекшелікті боямасыз жеткізе білген. «Ауыл ағасы» деген бір-ақ ауыз сөзге бүтін бір ауылдың болмысы мен бет-бейнесін сыйдырған сол ауыл тұрғындарының бұл күндері болмысынан ажырап бара жатқандығын да А. Бақтыгереева ерекше тебіреніспен жеткізеді: «Енді ше? Енді олар ауыл қазағын мен­сінбейтін тасбауыр болды. Ауыл жігітін «мәмбеттер» деп атайтын қала қыздары қа­зір күйеусіз. Дала қызы қалалық жігітке қызығып, тастанды баланың санын көбейтуде. Ауыл жігітін ертеде «Асылдың тұяғы», «Марқасқа», «Азамат» деп ерекшелеп атайтын, қазір ол сөздер – архаизм. Ондайды ешкім естіп жүрген жоқ, түсінбейді де. Қала мен ауылға сауда жасап, ұн мен көмірді сәл қымбат сатып жүрген көрші жігітті ауылдағы ағайынымыздың мектепке бармайтын баласы «крутой» дегені бар. Адамға жақсылық жасау деген ұғым қазір саудамен араласқан түсінік сияқты. Ендеше қазіргі ауылда өсіп жатқан ұрпақ мейірім мен адамшылықты көре алмай отыр… Бұрын ауылда көргендінің баласы, ұяты бар ұл, анасы асыл қыз, мәдениетті жігіт деген сөздерді айтып отырушы еді, оны жастар еститін. Қазір ел ішін кәкүр-шүкір қаптап кеткендей сезінесің. Аға ұрпақ – зейнеткер. Қо­лын­да ақшасы жоқтың сөзі де арзандап тұр, ешкім тыңдап жатқан жоқ сияқты».

Қоғам қайраткері бүгінгі ауыл өміріне байланысты мәселелер қазіргі таңда ұлттық деңгейге жетіп отырғандығын да жан-жақты жазып, нақты дәлелдермен жеткізеді. Ауылмен бірге біздің халқымызға тән ұлттық танымдарымыз бен ұлттық мінез, өзіндік ерекшеліктеріміз де жойылу үстінде екендігін айтып, дабыл қағады. Қарама-қайшылыққа толы риторикалық сұрақтар қоя отырып, ауылдардағы басты мәселелерді алға шығарады. Публицист мақаласындағы бұл мәселелерді бірнеше топтарға бөліп, жіктеуге болады. Біріншісі – ауылдардағы сауат ашу, оқу-білім, мәдениет жайы: «Он жылдай пә­туәсіз лицензия ал­ған оқу орындарына ақша төлеп оқы­ғандар шала сауатты. Өйткені, ақ­ша төлегесін емтихан­да құлатпайды, құламайтынын білген соң құнығып оқып бас ауыртпайды. Сауда жа­­сап ақша төлейді, баға қойғызып үйіне қай­тады. Ондай маман кімге абырой әпермек. Бұрын алыстан оқып келген студент қарияларды құрметтеп сәлем беріп шығатын дәстүр болатын. Қазір ел баласы оны да көрмейді екен. «Баталы құл арымас» деп отыратын баталы шалдар да зейнетақы­ның кезегінде жүр, қазір үйлеріне әкелмейді, банкомат немесе байланыс орнын күзетіп жүргені. Осыны көрген жас ұрпақ үлкен сыйлап жатқан шарадан бейхабар. Сондықтан Ауыл жылын алдымен тәрбиеден, мектептен, мәдениет­тен бастаған дұрыс болар еді. Әрине, мәшине мен трактор да керегі сөзсіз, ол санасыз­дың қолына тисе тез сы­нады және жекелеген адамдарға ғана пайда әкеледі. Олардың бірі – қожа, бірі – би, тағы бастары бірікпеуі мүмкін. «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі – бос» деген Абайдың айт­қаны келеді.

Алдымен ауылдың басын біріктіріп құрап, мақ­саттарын айқындап бере­тін шара жүргізілсе. Ауыл әкімдері қара халықтың сөзін құлаққа аспай бара жатыр және бұл бір ай­мақтың «сырқаты» емес, талай жердегі құбылыс. Тіптен, зейнеткерлер баратын қамсыздандыру бөліміндегі жастардың өзі дауыстарын көтеріп сөй­ле­седі. Осының бәрінің арғы төркіні – мәдениетсіздік. Ата салттан тысқары кеткен тәрбие­нің «жемісі». Ауылда өскен ұл-қыздар аздау оқығанымен, ата дәстүрлі тәрбиеден талай тағылым алушы еді ғой».

Екіншісі – сол оқу мен білімге үйрететін ауыл мектебінің жайы, бұл мәселе де әлі күнге дейін күн тәртібінен түспей келе жатқан, басы ашық қалып отырған сұрақтардың маңыздысы екені жасырын емес. Бұл тұрғыда: «Ауыл жылында ауыл мектебін қалай дамытсақ екен деген ой да мазалайды. Талай жерді компьютерленді деп жария етеміз. Оның көбі қағаздағы есеп беру. Талай ауыл мектебінде ол бөлме құлып­таулы тұрса ше? Құлып астында есепке кіріп тұрған тексеру комиссиясы кезінде іске қосатын компьютерден телевизорға түсіруге арналған бөлмеден кімге не пайда келмек? Көбіне сабақ берер мұғалім жетпейді. Ауыл жылы алыс ауылға мектеп салып береміз деп тағы шығынға батамыз ба? Одан да аудан орталығындағы немесе облыстағы интернаттарды күшейтсе қайтеді? Ауыл баласы үйінен алыста болса, өз бетінше күн көріске бейімделер, бір-біріне мейірімді болып араласып үйренер, ең бастысы уақыт талабына сай техника мен жаңа заманның жетістігін меңгеріп, дамып жетілер. Өз киімін өзі киіп, ұқып­ты, жинақы болуға, қаланың тазалық мәдениетін меңгеріп, жазғы ауылдың дәстүрімен салыстырып өсер. Біз ауылды ауданнан, ауданды облыстан, облысты өзінше бөлгеннен оқу-тәрбие жұмысын әлсіретіп алатын сияқтымыз. Иә, Алматыға баруға ақша жоқ, Астанада оқуға шама жоқ деп жоғары оқу орындарын бөлдік. Университеттердің саны көбейді, сапасы қалай? Не ұттық, неден ұтылдық?» – дейді автор.

Үшіншісі – ұрпақ тәрбиелеу мәселесі. Өз өңірінен өзгені көрмеген ұрпақтың тәрбиесі осал болатындығын көтерген публицист бұл мәселенің де келешегіміз үшін өзекті екендігіне баса назар аударады: «Павлодарлық студент бұрын Оңтүстік­тің қызына үйленіп еліне салт-дәстүр апарушы еді. Атырау жігіті Баянауыл бойжеткеніне Дина күйлерін үйретер еді. Сырдың сұлу қызы сонау Абай елінде палау басар еді. Көкшедегі дастархан сал­ты Түркістанмен аралас жаңғырып, құда­лар келіп мәре-сәре болар еді. Өзі шағын республикада енді әр жер өз қазанында қайнай бастады. Өз руы, өз әулиесі, өз атасы жайлы кітап… Әскерге де өз облысында қалады. Өз өңірінен өзгені көрмеген ұлдың көзқарасы биіктемесі анық. «Үйдегі батыр жауға жоқ, үйдегі шешен дауға жоқ» деп халық неге айтқан. Ұсақталған ынжық ұл елге қалқан бола алар ма? «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деген ұлағат нені меңзейді? Иә, қалталылар шет елді танып жатыр, шүкір, шет тілін меңгерген ұрпақ өсіп жетілуде, бірақ ана тілі мен ата салт ұлт сақтауда, елдікті сақтауда орны бөлек нәрсе емес пе? Қазір бізде сол дала философия­сы, ғасырлап жина­ған бабалар дәстүрі, ұрпақ тәрбиелеу­дегі құнды пікірлер ұмыты­лып тұрғанға ұқсайды. Тәуелсіз Қазақ­станның ертеңіне лайық саналы, намысты, жаны бай, салтқа берік ұрпақты тәрбиелеу кейінге қалдыра тұруды көтермейтін мәселе. Мұның бәрі жақсара түссек, бола түссек, ешкімнен кем болмасақ деген игі арман, ақ тілек», деген А.Бақтыгереева ұрпақ тәрбиелеу мәселесіндегі ана тіліміздің рөлі жоғары екендігіне тоқталады.

Ұлттық мүдденің қайнар көзі – отбасы, ошақ басындағы, қалды, ұлттық құндылық, ерекшеліктерімізге негізделген тәрбиеде жатқандығы бұл күнде дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екендігі шындық. Сол себептен де қоғам қайраткері ұлттық таным мен ұлттық тәрбие жоқ жерде еңбек еш екендігін айтудан жалықпайды. «Біз­ге не жетпейді? Ең бастысы, ұлттық тәр­бие, ар-намыс жайлы әңгіме, тәртіп пен та­лап, ұлтжандылық сезімі жетіспейді. На­мысты ұрпақ пен азамат жетіспейді. О шеті мен бұл шетіне қыран қанаты талып жете­тін, тұлпар тұяғы мұқалып жететін кең дала­мыз бар! Оның тағдырын ойлайтын алаш­тың азаматы деген аты барлар жет­пей-ақ тұрғаны шындық. Жыртық қалта жұмыссыз жігітке ештеңенің керегі жоқ. Қымбат мейрамханада бір-бірімен сағаты мен жүзігінің бағасын бәсекелеп, тойынып жүрген тоғымызға да ештеңе керек емес. Кіндігі ашық сепелек қызға бәрі бір. Өкі­нішке қарай, бізде осындай қоғам бар. Ұлт тағдыры, ұлтшыл ұғым тәрбиеден шығып қалды. Ұлттар достығының жөні достыққа құрылуы керек, қандас, қарындас деген айтылмай қалды. Мектепте қазақы тәрбие­нің сағаты өтпейді. Немерелеріміз Алпа­мыс, Ер Тарғын, Қобыланды болып емес, монстр болып киінуді қалайды. Бұл тегіс қоғам көңіл бөлетін шаруа, бір-екі әженің қолынан келмейді. Қазір әжелердің өзі ертегі мен мақалсыз өскендер. Мексика сериалы тәрбиелеген кемпірлер емес пе? Бесіктен ана тілде әлди дауысын естімеген ұр­пақ ұлттық рух жайлы айтқанды ұқ­пай­ды. Мектеп оқулығының әр тақырыбы ту­ған жерді сүю, өз ана тілін сүюден бастал­ға­ны жөн-ақ. Қазаққа басқа ел сені би сай­ламайды, қай тілді меңгерсең де сен қазақ­сың деп үйрету қажет. Бейбарыс Мысырды билегенмен, жусан иісін аңсап, дала бары­сының мүсінін салып өлгенін айту керек сияқты. Олжас ақынға бәрібір ескерткішті қазақтар қоятыны шындық», – дейді публицист.

«Шетел шықтық. Еркіндік бізге өте көп мүмкіндік бергені рас. Не үйрендік? Тілін меңгердік. Сол елдің елдік намысына ой жүгіртпей-ақ келеміз. Олар өз тілінде сөй­лейді. Көшесіне қоқыс та тасталмайды ғой. Біздің жастар шетел асқалы өз туған даласының аталар қаны, аналардың ақ сүті екенін тез ұмытатыны таңдантады. Төр­кінін сағынатын қазақ қызының жүрегіне не болды? Ол төркін түгіл Отанын сағын­бай­тыны қалай? Шет тіл білген жігіт те ту­ған даласын сағынбайды. Жеке бас қамын ғана ойлайды. Отан жайлы тәрбие әлсіре­ген екен, ар-намыс сөзін естімеген ғой олар не мектептен, не үйден. Әскердегі ұлан­дар бірін бірі неге ұрды? Қандас емес пе олар? «Біз қандаспыз» дегенде Мауглиге тимейтін еді ғой аңдар. Қандас деген ұлт­тық сөз айтылмайды қазір. Жалпы, ар-намыс тәрбиесі жүрмейді қазір, айтылмайтын да сияқты. Әлде ол шетел тауары сияқты сатыла ма екен? Иә, сатылады екен. Ол қымбат көліктің түрі болып, түнгі мейрамханалар мен сонда айтылар мадақ сөз болып, жылы­мық күлкі мен алтын алқа болып сатылады екен. «Арымды сақтайын, адам қолымен ұстамағанымен құдай көрер» деген сезімнен аттап кеткендердің ісі бұл. «Құдайдан қорықпа­ғаннан қорқу керек» деген қазақ нақылын білмейтіннің, білсе де ұмытқан, не қазақша түй­сігі жоқ адамдардың әрекеті бұл. Ана тілдің тәрбиелік қасиеті мен құдіретін білмеген, өнер мен ән-күйден сезігі жоқ жануарға ұқ­сас адам обал-сауапты білмейді, Құдайдан қо­рықпайды. Ақша берсең, бар бұйрықты орын­дайтын – мәңгүрт. Оны да өсіріп отыр­ған өз ортамыз, аспаннан түскен жоқ. Қоғамдағы тәртіптің бұзылуына басты себепті де сондайлар», – деп ашынатын ақын жүрегі әр адамның өмірінде ауылы мен туған жері, Отаны бірінші орында тұру керек деген тұжырымды айтады. Ал, олай болуы үшін ең алдымен тәрбие керек. «Тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі» деп данышпан Аристотельдің өзі айтқан емес пе?

Ұлттық мұратпен ұштаспаған тәрбие жоқ жерде заңсыздық та қатар жүреді. Заңдылық болмаған жерді жемқорлық жаулайды. Ал, жемқорлық сатқындыққа ұласады. Осылай жалғасып кете береді. Сондықтан да Бақтыгерееваның бәрінің басында, қайнар көзінде, бастау бұлағында тәрбие жатуы керек деуі тегіннен тегін емес. Ұлттық тәрбие мен тағылым ата-баба ұлағатымен, өнерімен, салт-дәстүрімізбен сіңетінін айтады ақын.

Ақ Жайық – Ақұштап Бақтыгерееваның мәңгілік тақырыбы. Оның поэзиясы мен публицистикасынан Ақ Жайық тақырыбы ойып тұрып орын алған. Әрине, Жайықты Ақұштап ақынға дейін де өлеңіне арқау етіп, мақаласына тақырып еткендер бар. Халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттегі өшпейтін осынау Еділ мен Жайық тақырыбы Мұрат ақыннан, Махамбеттен бастау алатыны әдебиет­сүйер қауымға жақсы белгілі. Мұрат ақын: «Жайықты келіп алғаны, Жағаға қолды салғаны, Еділді келіп алғаны, Етекке қолды салғаны», – деп толғаса, Махамбет: «Жайық үшін жандастық, Еділ үшін егестік. Қиғаш үшін қырыл­дық», – деп атойлатады. Осылайша өр де асқақ рухты алға тарта отырып, қайратына мінеді. Қалғып кеткен намысты дүр сілкіндіреді.

Қазақта Жайықты жырға қоспаған суреткер сирек. Бірақ бү­гінгі қазақ әдебиетінде Жайық тақы­рыбын тиіп-қашып емес, тұтастай өзінің шығармашылық жолының басты өзегі, тұтқасы, негізгі нысанасы етіп алғандар онша көп те емес. Солардың көш басында, әрине, Ақұштап Бақтыгереева тұрады. Ақын Ақжайықты өзінің анасына теңейді. Ақ шағала ақын осы анасы іспеттес Ақжайығын аман сақтап қалудың сан тарау жолдарын іздеп, шарқ ұрады. Қанатын Жайықтың кеберсіп, құрғап бара жатқан жағасына аяусыз соғып, араша сұрайды. Арнасы жылдан-жылға тартылып бара жатқан Жайықтың жағалауында тұрған Жайық қызы қолына қалам алып, көл-көсір мақалалар жазады. Жәй ғана жазып қоймайды, оқыған адамның намысын оятып, атамекен, туған жер, Отан алдында келешек үшін анттасуға дейін шақырады.
Әйел-ана тақырыбы – публицист мақалаларының негізгі бағыттарының бірі. Қаламгер шығармаларындағы «Ана болу – әдебиеттің мәңгі тақырыбы» немесе «Ел басқарам, ұлтыма қызмет етем деп ұмтылатын ұл тумасақ, ұлтымыздың өлгені» деп келетін тіркестер ұлтын шын сүйген тұлғаның мазмұнды ойларға толы маржан сөздерінің қатарын толықтырып қана қоймай, автордың болмысын да айқындай тұрғандай.

Бүгінгі қыз бала – ертеңгі ана екендігі даусыз. Олай болса, он шақты жылдардан кейін ол қандай ана атанбақ? Өз анасынан қандай тәлім-тәрбие алды, анасының қандай өсиеттерін өміріне өзек ете білді? Жоғары сынып оқушылары немесе жоғары оқу орнындағы студенттер-қыздар болашақта өздеріне ана ретінде, әйел ретінде қандай жауапкершілік артылатынын осы бастан түсіне ме? Тастандылар тағдыры қалай болмақ? Бұл сұрақтар да – қоғам қайраткерін толғантқан, күрмеуі көп, сан салалы сауалдар. Әсіресе, ана мен бала тағдыры оның жүрегін тілімдеп, қабырғасын қайыстырады. Себебі, қазақ әйелі – өзінің дүниеге әкелген баласының ғана емес, бүтін бір ұлттың анасы. Ол өз баласын тәрбиелей отырып, бүтін бір ұлтты тәрбиелейтінін естен шығармаған жөн.

Сондықтан да қоғам қайраткерінің «Жалғызбастылық – ұлттық тәрбиенің аздығы» атты мақаласындағы: «Қазақстанда 400 мыңнан аса ана балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр» деген ақпаратты оқыдым. Бұған заманның өзгеруі, әйелдердің еңбекке араласуы, жанұяны сақтау үшін барлық жүкті мойынға алуы – басты себеп пе деп ойлаймын. Бұл – 90 жылдардағы қиын­дықтың жемісі… Жалғыз әйел трагедиясы – баланың анаға, ананың балаға құрметінің жоға­луына әкеліп отыр. Біздің бойжеткен қыздарға қоғам тәрбиелеу шараларын ұйымдастырмаса, болмайды. Жалғыз­басты әйел мен жалғызбасты әкенің көбеюінің тағы бір себебі – ұлттық тәрбиенің аздығы. Ұлттық тәрбие әлсіреп кетті. Қазақ қызының ұлттық тәрбиесі мектептен бастау алуы қажет. Отанды сүюдің, ошақты сақтаудың, ана болудың жауапкершілігін көп айтпасақ, мектеп кезінде қыздардың құлағына құймасақ, ертең өзіміз ұтыламыз. Мұндай ұлттық тәрбиені насихаттайтын сабақтар біздің мектептерде мүлдем жоқ», – деген пікірінен-ақ қазақ қызының мойнындағы ауыр жүк пен міндетті сезінуге болады.
Соңғы кездері қоғамда «Ана» сөзінің мағынасы жақсы жаңалықтардан гөрі, жаман оқиғалардың басты тақырыбына айналып отырғаны жасырын емес. Бұрын «Ана» сөзінен қасиетті, қастерлі ұғым болмайтын. Қазір ше? Қазір – «баласын тастаған ана», «маскүнем ана», «қылмыскер ана», «баласын өлтірген аналар» күн өткен сайын көбейіп барады. Отбасындағы бесік тербететін ананы былай қойғанда, ең алдымен, Әйел – Ұлттың анасы емес пе еді? Ал Ұлттың анасы адасса – сол ұлттың халі не болмақ?

Қоғам қайраткері әйел-аналардың, қыздардың тәрбиесінің бұзылуына тек олардың өзі кінәлі деп бір жақты пікір қалыптастырмай, олардың қоғамдағы орнының құлдырауына себеп болып отырған мәселелерді де сараптайды. «Ұлттық тәрбиенің шырқап тұрған жері Атыраудан бір жылда 70 қыз шетке тұрмысқа шықты, Талдықорғанда бір жылда жүздің үстіндегі бойжеткен қытайға күйеуге тиіп кетсе, бұл біздің ұлтқа сын, ұлдарға мін емес пе?» – дейтін ақын «Әйелдің халі оңалмай, қоғам көркеймейді» атты мақаласында әйелдердің басындағы жағдайлардың түп-төркініне көз жүгіртеді: «Қазақтың қара көз қызының тағдырын ойлар есті азаматтар не дер екен? Ел билеген ерлер, байлыққа кенелген жігіттер тек өз әйелінің қамын ғана ойласа, бір босағадан аса алмаса, ұлт тағдырына араласпаса, азаматпын дей ала ма? Жезөкше деп жазғырамыз әйелді, оған итермелейтін кімдер? Баласын тастады дейміз, оның әкесі қайда? Неге тек әйелді ғана кінәлаймыз? Олар кімге сүйенер, оларды кім қорғар? Олар да өз қанымыз, өз қарындасымыз, өз тұқымымыз емес пе? Біз қоғамбыз ғой, біз елміз ғой. Мен бақыттымын деп шалқып отырған әйелдің ұлы көршісінің қызын жылатып, баласын қаңғытса, ол қандай адамгершілік болмақ. Осы біз қандасқа жаны ашитын бауырмалдық сезім мен ұлттық рухты әлсіретіп алған жоқпыз ба? Қазақ жігіті қазақ баласын ұрып өлтірді дегенге жүрек түршігеді. Базар жағалап кеткен әйелдер ұл-қыз тәрбиесінен көз жазып бара жатыр. Ұрпақ тәрбиесіне әйелдер оралуы керек-ақ. Біздің әжелер «Ақымақ болсаң да, ақшаң болсын» деп тербете ме бесігін деп қорқасың. Еліміздің ертеңі үшін, егемендікті мәңгі нық ұстау үшін ұрпақ керек бізге. Ендеше, әйелдің бала тәрбиесімен алаңсыз айналысуына неге мүмкіндік жасамаймыз?».

«Ақұштап Бақтыгереева әйелдерді емес, әйелдікті жырлайды, әйелдерді емес, әйелдікті қорғайды. Сол үшін де әйелді әйел етіп тұрған нәзіктікті дәріптейді. Тек нәзік жүректер ғана ел мен жердің, заман мен адамның қадір қасиетін терең түсінеді. Біздің заманымызда адами жарастық пен үй ішілік бақыттан асқан әлеуметтік мәселе жоқ. Ендеше, Ақұштап Бақтыгереева – ең қажетті, ең қиын майданда шайқас салып жүрген ержүрек суреткер», деп Әбіш Кекілбаев бағалағанындай, публицист өзін толғантқан, көңіліне қаяу, жүрегіне жара салған ұлттық мәселелер туралы айтып, жазып қана қоймайды, сол жолда тер төгіп, қайраткерлік танытып келеді.

Тіл мәселесі де – Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасындағы басты тақырыптардың бірі. «Қазақ – тілімен дауын шешкен, осы тілінде ұрандап жауын жеңген, сан ғасырлар ұрпағын ана тілінде тәрбиелеп келе жатқан халық», – дейді қоғам қайраткері бұл тақырып төңірегінде «Ұлттық тіл – ұлттық тәрбие көзі» атты мақаласында, – «Біздің бүгінгі қоғамымызда кейбір келеңсіз жағдайларды туғызып отырғандар – ананың тілінен нәр алмағандар. Шындығында, өз тіліңді ұмыту өз тегіңді ұмытуымен пара-пар. Біздің кеше де, бүгін де «тіл, тіл» деп жалықпай айтып жүргеніміздің тегін еместігін түсінетін уақыт жетті, тіпті, асып та кетті. Тілімізді құрметтеу арқылы біз бәріне жетер едік. Егер біздің барлығымыз өз ана тілімізді жақсы білсек, барлық нәрседен тек ұтар едік. Сөз түсінбегенді «көргенсіз» дейміз, «мынау сөз ұқпайды» екен дейміз. Міне, сол көргенсіздіктің бәрі өз тілін білмегеннен кетіп жатыр. Мен, әрине, өзге тілде сөйлегеннің бәрін көргенсіз демеймін, бірақ қоғамда кетіп жатқан көп қателіктің басты себебі – өз тамыры мен тілін білмеуден болып тұр. Тіл болмаған жерде ұлттың тәрбиенің айқсайтыны анық. Содан да қызымыз баласын далаға тастап, керемет соқталдай жігіттеріміз үй болып, өз ұясына қорған бола алмай жүр. Қазір біздің елімізде Мақаш Тәтімнің санағы бойынша 350 000 отырып қалған қыз бар. 150 000 өз отбасын құрмай жүрген білімді жігіт бар. Біздің бірнеше тіл білетін, сауатты қыздарымыз неге ана бола алмайды? «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бекер айтылмаған. Сол қыздарымызға: «Айналайын, ана жолын қуып, ана бол, өз ана тіліңде әніңді айтып, бесігіңді тербет» деп отырған кім бар? Біз қазір бәлен тіл білеміз деп мақтанамыз. Тіл үйренуде қазақ алдына жан салмайды. Қазір қазақтың орысша сөйлегеніне орыстың өзі таң қалады, тіпті кей орыс ұлтының өзі олай сөйлей алмайтын шығар. Осындайда кенже қызымның кішкентайында: – «Мама, сіз жоқта біздің үйге өзі қазақ, аузы орыс апа келіп кетті» деген сөздері есіме түседі. Әлі күнге дейін көшеге шықсам өзі қазақ, аузы орыстармен сөйлесіп үйге қайтамын. Қазаққа қазақша ауыз қашан бұйырар екен?».

Баба мен бала арасындағы үндестік туралы «Елдің елдігі – ерлігі» атты келесі мақаласында: «Ағылшын жазушысы Киплингтің «Маугли» аты шығармасында ну орманның жыртқыштары сәби кезден өздері өсірген екі аяқты адам баласын «бәріміздің қанымыз бір» деп өздеріне бауыр санап кететіні қандай көп тәлім түйгізеді. Біз болсақ егемен ел атандық деп кеуде соға отырып, әрқайсымыз әр жаққа тартып, әлі күн қандасымызға қайырым жасай алмай келе жатырмыз. Бауырластықты ұран ететін кез жетсе де, ауылдастың алауыз әңгімесіне әуестене береміз. Осы бір аурудан емделмесек, елдікті сақтауымыз қиынға түспес пе екен?» деп елдігімізді сақтау үшін де ерлік керек екендігін жазады. «Өз туын желбіреткен, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болған ел болу, әрине, үлкен табыс, шексіз мақтаныш. Осы бақыттың парқын білмей ел тағдырын ойлауды ермекке айналдырып алғандарға қайтып күйінбейсің? Ау, ол заманда бұл заман есі бар жігіт: «ел тағдырын ойлап жүрмін» деген сөзді тісінен шығарып көрген бе? Ісімен танытқан ғой», – дейді ақын.
Осы мақаласында: «Кейбір балабақшаның терезесі айқара ашық тұрады, ар жағынан сәбилер шуылдап жатады. Ішке кіріп, тәрбиеші қыздарға: «Мынау бөтен бала емес, еліңнің ертеңгі болашағын, егемен қазақ даласының ұрпағын, оны ауыртпай бағу да сенің елдікке қосқан саналы борышың емес пе?» – деп айқайлағың келеді. Кейде кешкі ресторан жанынан өтіп бара жатып, мас қазақ қызын көрсең, оны әлгіндей халге жеткізгендерге: – Әй, жігіттер, бұл сенің қандасың ғой, қарындасың ғой, өзіңдей жігіттің ертеңгі жары мен ертеңгі Отаным деп қолың жеткен далаңның сендей жігітінің анасы ғой. Оған неге арақ бердің, неге мазақтайсың, қорғасайшы, – деп жан айқайын салғың келеді. Оған бірақ түсінетін кім бар? Сонда Киплингтің «Мауглиіндегі» қасқырлар да қандасына тимейтіні, аңның арасында өскен адамда да махаббат сезімі болатыны есіңе түседі. Қандасына деген құрметті тым болмаса солардан үйренейікші… Бір-бірімізді бауыр деп тануға үйрене алсақ қана ел боламыз. Даңғойлық ел қылмайды. Дарақылық ел қылмайды. Әдеп жоқ жерде, абырой-әжет жоқ жерде ел олушы ма еді?!» – деп ел болуға үндейді.

«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгереева табиғаттың нәзік жыршысындай болып көрінгенмен, оның өлеңдері мен мақалаларының арғы астарынан батырлық пен ерлік рухы өріліп жатады. Алапат ұрыста Әлия мен Мәншүктей әйгілі батыр қыздарды тудырған ардақты өлке өзі өсіріп түлеткен ақын қызынан да ол мінезін аямапты. Айырмашылығы: оларда – қару, ал біздің Ақұштап апамызда – қалам. Ақұштап ақын өзінің қаламымен-ақ заманның небір зұлмат, зобалаң, зымиян сұмдықтарымен соғысып, арпалысып келеді. Олай болса, ұлттық мүддеге келгенде Ақұштап Бақтыгерееваның есімі кей замандастарынан биік тұратындығы да сондықтан.

 

 

 

Нұрсұлтан
МЫҚТЫБАЙ

Пікір қалдыру