Ілім-біліммен, біліктілікпен, дүниетану тәжірибесімен, парасатты пайымдауымен, ойшылдық, сыншылдық, сыршылдық, көркемдік қабілетімен ой теңізінде шалқып жүзген, сөз меруерттерін мөлдіретіп мәнімен тізген, иісі қазақтың барша қадірлі қасиеттерін жүйе-жүйесімен жіліктеп баяндаған қанатты қаламгер Зейнолла Сәніктің тарихи, мәдени, әдеби, фольклорлық, шежірелік үздік дәстүрлерді жаңғыртып-жаңартқан, толықтырып, байытқан ұшан-теңіз шығармашылық мұрасын, тоқсан тарау толғам-байламдарын саралап-барласақ: ол «Басбай», «Сергелдең» сияқты кесек, сүйекті романдар туындатқан; «Тұғырыл хан», «Хан батыр Қабанбай», «Демежан батыр», «Сүлеймен би», «Қазақ этнографиясы» (екі томдық), «Халық күйшісі Қайрақбай», «Дала Жібек жолы» дейтін тарихи-танымдық, дерекнамалық, этнографиялық зерттеулер жариялаған; «Табиғат тәлімі», «Тау жұлдызы» тәрізді әңгіме-хикаяттары мен эссе-новеллалары, әдеби портреттері, очерктері, естеліктері, сұхбаттары, саяхатнамалары, фәлсафалық афоризмдері өзгеше бір рухани сұлулыққа ие қазыналы әлем.
«Дала тағылымының даналық маржандарын» болмыс-бітіміне, сана-зердесіне мықтап тоқыған, қабылдаған Зейнолла Сәніктің суреткерлік шеберлігі де, шешендігі де, тастүйін ғибратты ой-тұжырымдары да, гуманистік, этикалық, әлеуметтік көзқарасы да, этнолингвистикалық талдаулары да тамсантып қызықтырады. Тұтастай алғанда, тарих, заман, қоғам күмбірлеп тіл қатады. Ұлт, халық рухы мен мерейі асқақтайды, ұлы бабаларымыздың, қаһарман баһадүрлеріміздің айбарлы даусы естіледі. Бұл ретте ұлттық-тарихи сананы кемелдендіретін мынадай бірегей мәліметтерді З.Сәнік шығармашылығынан молынан табуға болады.
Бірінші. Қытай мұрағатында сақталған ұлт әдебиетінің тарихы үшін б.з.д. Х ғасырда хатқа түскен «Сақ ана жырын» тауып, ғылыми айналымға енгізгені.
Екінші. Хан Абылайдың Қытай билеушісіне жазған хаты. Мұнда мынадай әмірлі сөз бар екен: «Тарбағатай мен Ташкент – менің жерім. Өз жерімді өзіме қайтарыңдар!». Неткен қаһар дейсіз! Осындайда Төле бидің (1663-1756) Ташкентті алты жыл билегені еске түседі.
Үшінші. Қытай тілінде жазылған қазақтың жүзжылдық сауда тарихы. «Батыс өңірі сауда тарихы» кітабында Хуаңқы мен Сырдария аралығындағы Жібек жолын негіздеген түркілер екендігін дәйектеп дәлелдеген.
Төртінші. Ұлы Жібек жолы Ұлы Дала Елінің рухани кеңістігіне орасан зор жаңалықтар әкелді. Мұның бір дәлелін халық жырларынан тануға болады.
Оң жақтан үнді, парсы, араб келген,
Сол жақтан шүршіт, монғол, қалмақ келген.
Батыстан Балқан елі қатынасса,
Шығыстан қытай, қашқар шай әкелген.
(Зейнолла Сәнік. Шығармалар. т.11. Алматы, 2017. 20-бет)
Бесінші. Отыншы би жақсы-жайсаңдардың басы қосылған жерде, олардың ақыл, парасат, ойшылдық, тапқырлық деңгейін сынау үшін:
Қандай тауда киік жоқ?
Қандай ағашта жапырақ жоқ?
Қандай суда балық жоқ?
Қандай отта түтін жоқ?
Қандай адамда есім жоқ?
Қандай малда ие жоқ?
Қандай сиырда бұзау жоқ?
Қандай қалада адам болмайды?
Қандай нәрсе жоғары жүреді?
Қандай нәрсе төмен жүреді?
Қандай нәрсе бауырымен жүреді? – деп, он сұрақ қойып терең ойға шомдырған екен.
Сонда тапқырлық, шешендік өнерімен аңызға айналған Қайрақбай:
Қоңыраулы тауда киік жоқ.
Қу ағашта жапырақ жоқ.
Құдық суында балық жоқ.
Сайтан отында түтін жоқ.
Залым адамда дос жоқ.
Іштегі ботада есім жоқ.
Дала малында (аңдарда) ие жоқ.
Еркек сиырда бұзау жоқ.
Бұзылған қалада адам жоқ.
Түтін жоғары өрлейді,
Су төмен ағады.
Жылан бауырымен жүреді, – деп, жұмбағын шешіпті. (Сәнік Зейнолла. Көптомдық шығармалар жинағы. Алматы, 2017. Т.6. 149-150 беттер).
Ұлтының ұлылығын іңкәрлікпен, сұңғыла зейінмен, білімпаздықпен суреттеген Зейнолла Сәнік фәлсафалық-патриоттық тұғырнамасын былайша саралайды:
«Ұлт болып сақталып тұрудың төрт тағаны бар. Бірінші – сол халықтың үні, ән-күйі, музыкалық мәдениеті. Екінші – тілі. Үшінші – тарихы, салт-дәстүрі, асыл әдеби мұралары, этностық белгілері. Төртінші – ата мекені, тарихи қонысы». Задында, ата жұртымыздың, ата тарихымыздың, ата тіліміздің, ата дәстүріміздің, мың қырлы, мың сырлы, мың әуезді байтақ даламыздың бай қазынасы Зейнолла Сәніктің телегей шығармашылық еңбегінде толық көрініс тапқан деуге болады.
Сөз бен ой зергері, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, мәдениеттанушы, деректанушы, шежіретанушы Зейнолла Сәніктің екі томдық «Қазақ этнографиясы» – ұлттық рухани құндылықтар мен халықтық тағылымдық қағидаттарының, ұлттық болмысы (ойлау ерекшеліктері, таным-түсініктер әлемі) мен тұрмыс-тіршілік, шаруа-кәсіп, ойын-сауық, қолөнер, ғұрып-салт түрлерінің энциклопедиясы. Этнография – белгілі сол бір халықтың, этностың, ру-тайпалардың тарихи төркінін, құрамын, даралық ерекшеліктері мен ортақ сипаттарын, тарихи, мәдени ата дәстүрлерін, жөн-жосықтарын, ойлау ерекшеліктерін, ұлттық психологиясын, тілін, діни көзқарасын, шаруа-кәсібін, жазу-сызу өнерін, даналық қағидаттарын тексереді. Ол үшін археология, этникалық антропология, география, демография, этнонимика, мәдениеттану, халықтық медицина, тарих, әлеуметтану, заңтану, фәлсафа, этнопедагогика ғылымдарының мәліметтеріне, деректеріне жүгіне отырып, нақтылы ой-түйіндеулерін, тұжырымдарын әсерлі, жатық, жетік баяндайды. Сақ, ғұн, түркі, оғыз, қыпшақ дәуірлерінен бастап қазақ халқының этнографиясын тұтасымен зерделей отырып, оның мейлінше кең, терең, толық, байтақ мазмұнын, сыр-сипатын екі бөлімге жіктеп, былайша көрсетіп, талдайды.
Этнография мазмұны жағынан екі үлкен салаға бөлінеді. Біріншіден, ол бір ұлттың заттық мәдениетін, оның бұрынғысы мен қазіргісін зерттейді, екіншіден, ол заттық мәдениетпен бірге рухани мәдениетті де зерттейді.
1. Заттық мәдениеттің көлеміне сол ұлттың дәстүрлі өндіріс тәсілі, әр алуан тіршілік кәсіптері, оны басқару ережелері, өндіріс құрал-жабдықтары, тұрмыс бұйымдары, ұлттық киімдері, қолөнер жабдықтары, азықтану салттары, үй құрылысы, ауылдық, отбасылық жүйелері, туыстық, жұраттық қарым-қатынастары, той өткізу рәсімдері, өлім ұзату салттары, этностық жақтан рулық, тайпалық, халықтық, ұлттық жүйелері және оның ұлт болып қалыптасудағы бел-белестері, зат алмастыру, яғни сауда жүйесі, басқа халықпен қарым-қатынас жолдары т.б. қамтылады.
2. Этнографияның тағы бір ғажайып мазмұнға ие – рухани мәдениет. Қазақ халқы – рухани мәдениетке бай, түрі мол, мазмұны сан сипатты ежелгі көшпенділер мәдениетінің табиғи мұрагері, әрі сол бір дәстүрлі мәдениетті ұмытпай, сабағын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғап, осы заманға дейін жеткізген жетелі, киелі халық. Бұған халқымыздың ежелгі наным-сенімдері, баяғы күнге, айға, отқа, сондай-ақ әртүрлі хайуанаттарға табынғандығы жөніндегі аңыз-әпсаналары, ертегі-жыр, әлемнің, дүниенің, табиғаттың жаратылысы жөніндегі аңыз-әңгімелері, ғұрып-әдеттері мен ырым-салттары, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, түлік жырлары, мақал-мәтелдері, тәмсілдері, халқымыздың астрономиялық ұғымдары, ән, күй, би және сол туралы аңыз-әңгімелер, көңіл ашу ойындары, ұлттық емшілік-дәрігерлігі, ұлттық дене тәрбиесі ойындары, сахаралық заң-ережелері, тұрмыс-салт жырлары және т.с.с.
Халықтың рухани тарихындағы киелі ұғым-түсініктердің (мысалы, Аспан-Ата, Жер-Ана, От-Ана, Тау, Су, Орман, Жел) мән-мазмұнын байыптайды. Айталық, «Жеті қазына» атауының өзі біріншісі, «жан қазына» (су, тұз, дән, ет, ақ, жеміс-жидек) және екіншісі «сән қазына» (ер жігіт, сұлу әйел, ақыл-білім, жүйрік ат, қыран бүркіт, берен мылтық, жүйрік тазы) деп жіктеген. Бұл – тұлғасы толық, тұрманы түгел дала перзентінің рухани келбетін айқындайды.
Ұлттық, тарихи ерекшеліктерді танытуда ежелгі замандағы тарихнамалық аңыз-рауаяттарға, ғұмырнамалық шежіре-деректерге, әфсана-тәмсілдерге, жылнамаларға, жартас жазуларына, әсіресе, тарихтың атасы Геродоттың «Ұлы Тарих», Страбонның «География», Марко Полоның «Саяхатнамасы», Жұңғоның «26 тарихы», «Жұңғо тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», VI-VIIІ ғасырлардағы Орхон-Енисей байырғы түркі жазба ескерткіштері, «Оғызнама» эпосы, «Қорқыт Ата кітабы», Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашғари мұралары, «Қыпшақ тілі сөздігі» (1303), «Монғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи-и-Рашиди», Қадырғали Жалайыридің, «Жылнамалар жинағы», Бабырдың «Бабырнама», Әбілғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресі», Құрбанғали Халидидің «Тауарих Хамсасы», Су Бихайдың «Қазақтың мәдениет тарихы» дейтін зерттеулерін ғылыми-шығармашылық еңбегінің тұғырнамасы етіп, тұрлаулы тұжырымдар туындатқан.
Осы орайда Омар Хайямның «Наурызнамасында»: «Қылыш – дүние-мүлік сақшысы, әрі ұлттың қырағы қорғанысы, Зерек кісілер: «Темірсіз дүние әлжуаз жігітке ұқсайды» делінген. Сөйтіп, «темірдей тегеуірінді», «құрыштай берік» сөз тіркестерін тізбелейді. Сонда мұның өзі – Қазақстан металл өңдеудің Отаны екендігінің көрсеткіштері.
Энциклопедиялық білімнің иесі З.Сәнік «қазақ» сөзінің шығу мәнісін Таң патшалығының жаңа тарихындағы жазбалар негізінде саралайды. Яғни, Арал және Хазар (Каспий) теңізі жағасында тұрғындар «хаса» (қазақ) деп аталыпты. Ал «Монғолдың құпия шежіресінде» (ХІІІ ғ.): «Қыз өсірсек әдемі, Ұмытпаймыз кәдені. Қара бура жүргізіп, Қазақ арба мінгізіп, Сый етеміз қағанға…» дейтін тарихи сөз бар екен. Араб жазушысы Ал-Ауфий 1228 жылы Үнді жұртында жазған қарлұқтар туралы кітабында «Олар 9 ұлысқа бөлінеді, оның ішінде Зұлыс шығыл, Зұлыс қазақ бар» деген мәлімет бар. Негізінде, арабтар Дешті Қыпшақ Елін «қалалар елі» деп жоғары бағалаған.
«Қазақ» сөзінің түп-төркінінде «хас сақ» («нағыз батыр», «ержүрек», «қырағы», «қыран»), «ақ қаз» (қазақ шежіресінде бұл жөнінде аңыз бар) дейтін тамырлас ұғымдар бар. Тұп-тура осындай пікірлер 1943 жылы Алматыда жарияланған «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней» дейтін томда (Под редакцией М.Абдыкалыкова и А.Панкратовой) жазылған.
Халиди қажы 1847 жылы Бопы төренің асында бәйге ат қосып, бас жүлдені жеңіп алған. Сондағы «9 жамбы» деп аталған жол: бірінші – тоғыз түйе, екінші – тоғыз құлынды бие, үшінші – тоғыз кілем, төртінші – тоғыз мәуіті кілем, бесінші – тоғыз торғын кілем, алтыншы – тоғыз мақпал кілем, жетінші – тоғыз тон, сегізінші – тоғыз шапан, тоғызыншы – торпақ тоғызда тоғыз бұйыммен және бір жетім (жетім дегені – сол елде сұраусыз қалған кемпір, қыз, жігіт, келіншек болса, осы дүниемен беріледі)…
Оқырманды ғасырлар тұңғиығына бойлататын, ойландыратын сырларды да жайып салады. Аспан-ата мен Жер-ана «жан бергенге дән беріп» адамды аспаннан жарылқап тұрған екен. Диқан баба жыл сайын жаңбыр орнына арпа, бидай, қар орнына аппақ ұн жаудырып тұрыпты. Сонымен егін бейне жердің шөбі сияқты жыл сайын өзі өсіп-өніп, өз мезгілінде пісіп тұратыны болыпты. Ол заманда ел-жұрт «сенікі», «менікі» демей, дайын астықты жинап алып, шетінен жей береді екен. Ашаршылық дегенді білмепті. Бір жылы астық ерепайсыз мол шығып, ішерге ауыз, қоярға жер табылмапты. Мұндай молшылықты көтере алмай астамсып алған адамдар: «Диқан баба, асырып бергенше, артыңа қарап берсең болмай ма?» – деп күнәлі сөздерге басып, көл-көсір астықты аяқасты еткен екен дейді. Бұл астамшылыққа шамданған Диқан баба үш жыл ұдайы теріс қарап: «Ас қадірін білмесең, ашаршылық берсін жазаңды!» – депті де, көктен дән жаудырғанды қойып, жердің өзінен де ештеңені өндірмей, мұқым елді түйір дәнге зар етіпті. Ашаршылыққа ұшырап, тентіреген қалың жұрт қайтадан Диқан бабаға жалынып-жалбарынып барып, аяғына жығылыпты. Ақыры Диқан баба «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей, оларды қайта жарылқауға мақұл болыпты. Бірақ бұрынғыдай аспаннан арпа, бидай, ақ ұн жаудырмай, оның орнына жазда – жаңбыр, қыста – қар жаудырып: «Жауын-шашынның суына өздерің егін егіп, тер төгіп, керектеріңе жаратып, қоректеріңді алып отырыңдар», – депті. Мінеки, даналық ғибратнамасы. Кейбір нағыз тапқырлықтың шығу төркінінен мәлімет береді.
Халық біліміміен тәжірибесіне келсек, егін алғаш тебіндеп көктегеннен піскенге дейін диқандар қадағалап, «Көк жер бетін жасырды», «екі құлақ», «үш құлақ шығарды», «алқаракөк тартты», «бас жарды», «дән алды», «сүттенді», «дәні қатты», «буыны қатты», «жебесі сарғайды», «сарала тартты», «пісіп-жетілді», «егінге орақ түсті» деп әлденеше сатыға бөледі. Дала халқының даналығы деген осы.
Жерді шөбіне қарай бағалау. Біздің халқымыз жерді шөбіне қарай – қара отты жер, ақ отты жер, шалғынды жер, бетегелі жер, күреңселі жер, қияқты жер, құрақты жер, өлеңді жер, т.б. деп бөледі. Қара отты жердің шөбі күшті, малға жұғымды болады. Әсіресе, қара отты жердің изен-жусаны, қара сасыры мол жерде оттаған мал көктемде тез сергиді. Сондай-ақ бетегелі жердің шөбі шүйгін келеді, әсіресе жылқы түлігі үшін мұндай жер ең шұрайлы өріс болып есептеледі. Ал шалғынды, өлеңді жерлер сиыр малы үшін қолайлы, тез семіреді. Дала – ұлы ұстаз. Академик Ә.Х.Марғұлан айтатын-ды: Күйші Тәттімбет шөптің өсуіне, топырақтың түсіне қарап жер астында қандай кен барын білетін болған.
Қазақ халқының Жаратылыс жөніндегі ежелгі философиялық көзқарасында:
Адам – топырақтан,
Жылқы – желден,
Сиыр – судан,
Түйе – сордан,
Қой – пейіштен,
Сайтан оттан жаралған, –
деген жыр жолдары кезігеді. Сол себепті қазақ жылқыны жесең – азық, жексең – көлік, ішсең – сусын, мінсең ер қанаты деп біледі. Ал сиырдың судан жаралғандығы – жол бойы іркінді суды бір иіскемей өтпейтіндігі. Түйенің еті сор татып тұрады. Адамдар ортасына от жағып, тату жандардың арасындағы татулықты бұзатын, араға іріткі салатын сайтан деп білеміз. Этнограф З.Сәнік халықтың тарихи таным-түсініктерін иінімен келтіреді.
Атам заманғы ұлтымыздың мифологиялық аңыз-әңгімелері, рухани құндылықтары, рулық, туыстық-қандастық, отбасылық дәстүрі, ат қою рәсімі, бағзыдағы наным-сенімдері, ырым-пайымдары, бақсылық, емшілік, болжампаздық қасиеттері, халықтық этномедицинасы, астрономиясы, фәлсафасы, билер ережесі, шариғат қағидаттары, әдеп әліппесі, тұрмыс-салт тәрбиесі, этнопедагогикасы, өлім ұзату жосындары яғни рухани этнографияның мәселелері кешенді түрде әңгімеленеді.
Тарих тағылымына жүгінеді. Жиһанкез тарихшы Геродот пен рум тарихшысы Квинт Руфтың сақтар турасындағы аңыздарын сөйлетеді. Ол көктен түскен олжа жайлы. Оның мәнісі былай: Егіншілер үшін – соқа мен өгіз, жауынгерлер үшін – найза мен жебе, абыздарға тостаған бұйырылған. Сақтар: «Өгіз – соқамен азық өсіреміз, тостағанға құрбандық шарабын құямыз, найза мен жебені қолға ұстап, жауға қарсы соғысамыз» – дейді екен.
Сақ, ғұн, түркі заманындағы мифтік әфсаналар, айталық, Оғыз қағанның күн нұрынан жаралған ару қызға ғашық болуы, одан Күн, Ай, Жұлдыз дейтін үш перзенттің туғандығы және оның «көзі көктен де көк, қолаң шашы толқындаған судай, тістері тізілген меруерттей қызға» махаббаты оянып, одан Күн, Тау, Теңіз атты үш алтын асықтай үш ұлдың дүниеге келуі, бергі заманда иісі қазақ баласының Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс дейтін үш атадан тарауы – тарихи сабақтастықты танытады. Түбіміз, тегіміз, негізіміз бір деген сөз.
Этнограф З.Сәнік атажұрт, нағашы жұрт, қайын жұрт, құда-құдағилар, әмеңгерлік дейтін әлеуметтік топтардың сыр-сипатын нақтылап түсіндіре отырып, ой-пікірлерін халықтық қағидаттармен тұздықтап, таным-пайымыңды тереңдетіп көркейтеді.
Ол есім қоюдың мағыналы, жүйелі, мәдениетті 8 түрлі себебі мен ерекшеліктерін дәйектеп дәлелдейді.
Рухани этнографияның көркемдік-фәлсафалық, гармониялық сипаты – бақсылық әдебиет үлгілерінде шоғырланғанын жарқын мысалдармен көрсетеді. Сондай-ақ Құранның ұлы идеяларын, ислам құндылықтарын, Мұхаммед пайғамдардың хадистерін, имандылық негіздерін, қазақ халқының фәлсафалық ойлау жүйесінің ұғымдарын, тарихи санасын, ауа райын қалай болжау амалдарын, жыл қайыру тәжірибесін, Үйсін мемлекетінің, Шыңғыс хан империясының заң-жарлықтарын, мемлекет басқару жүйесін, жосын-жоралғысын тақта-тақтасымен таразылап салмақтайды. Тегінде, «заң дегеніміз – адамзаттың тәжірибесін қоғам игілігіне пайдаланатын адамдық даналықтың жоғарғы көрінісі». (С.Джонсон)
Рухани ілім мен әдеп қағидаттары тарихында неше мыңжылдықтар өтсе де өнегелік, даналық қасиеттері кемімейтін кемел құндылықтар бар. Соның бір айқын дәлелі, ғибратты көріністері – Шыңғыс хан заманының заң жосындары деп көрсетеді де, мынадай бірегей ережелерді келтіреді: 1. «Өз ішін тазалай алмаған билеуші – мемлекетті де ұры-қарыдан тазалай алмайды». 2. «Өзіңнің сөзіңді айтардан бұрын үш ақылды адаммен ақылдас, кеңес». 3. «Жаным мен тәнім шаршаса да, Жамағатым азбасын; Қара басым қажыса да, Қанағатым тозбасын».
Сондай-ақ Қазақ хандығы тұсындағы Тәуке хан (1680-1718) ұйымдастырған, мемлекет басқарудың жаңа ережелерімен толықтырылған «Жеті Жарғының» мемлекет мүддесіне, ұлт, дін тазалығына, отбасының гүлденуіне, адам құқығы мен мүлік меншігіне, билік тәртібіне, қылмыс пен жаза, салт-дәстүр мәселесіне яғни әділеттік ұстанымдармен қызмет ететінін нақтылы, жүйелі жеткізіп баяндаған.
Сайып келгенде, жазушы, этнограф, тарихшы Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» дейтін қос томдық еңбегінде Ұлы Даланың этномәдени, тарихи дәстүрлері, саяси-әлеуметтік қатынастар жүйесі, халықтық қағидаттары, ел даналығы, ислам тағылымы, ұлт тәрбиесі, абзалдық әліппесі, ым-ишарат, тыйым сөздер, өлім жөнелту, мұрагерлік мәнісі қарастырылады.
Құсбегілік, саятшылық өнердің де қыр-сырын қапысыз меңгерген білімдар З.Сәнік құс түрлеріне де нақты сипаттама ұсынады. Мысалы, құралай – бүркіт атаулының айтулы қыраны, көкжалы. Арқар, құлжа сияқты ірі аңдарды аспаннан құлдилап ағып, бір тепкенде омақастырады да, жемінің дәмін татып, алды-артына қарамай ұшып кететін текті мырза құс деп жазады. Және оған оқ дарымайды, денесінен сырғып түсіп қалады екен. Көзінен тұп-тура атқанда ғана жаны шығады. «Құралайды көзінен ататын мерген» деген ескі бейнелі оралым сонан қалған. Автор тағы да құралайдың саңғырығы нағыз дару, өйткені ол ұясын шырқау қияға жайғастырады екен.
Мінеки, бір фразеологиялық тіркестің құпиясы осындай. Яғни әр сөздің, сөйлемнің өмірбаяны, идеясы, ишарат-астары бар. Сөз қасиетін, ішкі мәні мен мағынасын, күйі мен қуатын нәзіктікпен түсінетін жазушының «Сергелдең» романында «Қазақтың әр тәмсілінің астарында бір тарих бұғып жатады» дейтін қағидалы пікірі бар.
Жазушы, З.Сәніктің «Қарттық дәуірді қалай өткізген жөн?» деген фәлсафалық толғауы – тағлимат мектебі іспетті. Мұнда отбасылық, әулеттік, бас қосу, киім кию, сөз сөйлеу, ойын-сауық, жөн-жосық, қарым-қатынас мәдениеті зерделенеді. Ақсақалдық, абзалдық, қарттық өмірді қалай өткізу және қандай ұстанымдарды өмір-тіршіліктің қазығы ету, халық даналығын, ел тарихын, жер сырын, салт-дәстүрлерді терең білу, ұрпақ тәрбиесіне, ел тәртібіне, шынайы көзқарас таныту («Жақсы қартайса, қазы болады»..) мәселесі фәлсафалық – гуманистік тұрғыдан талданады.
З.Сәнік өзіндік ой-тұжырымдарын кей ретте Шыңғыс ханның озық қағидаттарымен тұздықтап отырады: «Өз отбасын дұрыс басқарған адам он үйді басқара алады, он үйді басқара алған адам, жүз үйді басқара алады, жүз үйді басқарған адам ел басқара алады». Өнегелі тұжырым! Көшбасшылық жасауға бастайтын көшелі, көсем сөз!
Жазушы, этнограф З.Сәнік дастархан мәдениетін айтқанда дастархан жаюды Қазақ даласының Олимпиадасы іспетті дейді. Елдің ынтымақ-бірлігі, бақ-берекесі «дәм-тұзы араласқандықтан», жарасымды қарым-қатынас жасағандықтан, «Отан – отбасынан басталады» дейтін қағидат алтын астаудан дәм татқандықтан, Отаншылдықтың да, ізгіліктің де, ағайыншылдықтың да, ауызбірліктің де ұйтқысы бір дастархан басында бас қосқандықтан. Сонда бас ұстаған данагөй қадірлі қарияның келісті батасын былайша келтіреді:
Келіп қапты басыңыз,
Жүзге келсін жасыңыз.
Өрлей берсін тасыңыз,
Табанда қалсын қасыңыз.
Келіп қапты жамбасың,
Аман болсын мал-басың.
Қырандай самғап аспанда,
Қанаттарың талмасын.
Келіп қапты омыртқа,
Пәлеге сірә жолықпа.
Кем-кетігі болса егер,
Артынан тағы толықта.
Келіп қапты қабырға,
Оны да ас деп қабылда.
Ақыл керек болғанда,
Шақырады сабырға.
Шаңырақ иесінің дәм-тұзына, дария пейіліне деген құрмет, дастархан басына жиналған мүдделес, тілеулес жандарға деген мейірбандық көңіл, ұлтымыздың тіліне, ата салт-дәстүрімізге деген ықылас күмбірлеп, сыңғырлап айтылған жалынды, әсерлі, мәнерлі бата сөздің фәлсафалық, көркемдік, энергетикалық, гармониялық, этикалық қырларын айқын танытады. Ел болудың іргетасы да осындай «іші – алтын, сырты – күміс сөз жақсысынан» жасақталған тағылымды лағыл тілектен қуат алады. Шешендікпен, шеберлікпен, толғаныспен айтылған бата сөзге аспандағы құс та, бұлт та үйіріледі.
Ана заманның арты, мына заманның қарты, ескінің сөзін көкірегіне тоқыған З.Сәнік халық қазынасындағы фразеологиялық оралымдардың мағынасын түсіндіруге де ұста. Мәселен: 1. «Шөк деп барып, өк деп келдік» – түйелі көштен айрылып, өгізбен келдік дейтін мағынада. 2. «Айдап барып, арқандап қайттық» – айдап апарған жер қайысқан мыңғырған малдан айрылып, жалғыз жадау атты арқандап қайттық деген сөз. 3. «Керегеге қош айттық, бес уықты шошайттық» – баяғы ақ орда көзден ғайып болды, қоспен келдік дегені. Қандай көркем, әсерлі сөйлеудің үлгісі!
Жер бедеріне, түзіліске қатысты «салмау» деген сөз бар екен. Бұл дегеніңіз – тау қырқалары бірте-бірте жайдақталып барып, жазық далаға ұласатын тұсы.
Я болмаса «адамда жалқау жаман, ауруда алғау жаман» дейтін мақалдағы «алғаудың» мағынасы – уайым-қайғы.
Қият тілінде «бұғыты», «суырты», «ғұнжұн», «дөнжің» делінсе, қазақ тілінде «бұғылы», «суырлы», «құнажын», «дөнежін» делінеді.
Ғылыми-шығармашылық әлеуеті жоғары, белгілі бір құбылыстың мәнін, сырын, сипатын, қасиетін зерделеуге таным -білімі қабілетті ойшыл-қаламгер «төре», «керей», «найман» және т.с.с. этномдардың табиғатына үңіледі.
Ой еңбегімен, ар-намысымен, таза болмысымен ұлтының тарихына, мәдениетіне, сөз өнеріне өлшеусіз қызмет еткен, «нардың ізін» қалдырған, «ата-бабалардың ізін» жалғастырып-сабақтастырған, «халқымыздың берекелі жолын» ғылыми-әдеби шығармашылығының бел омыртқасы еткен «көне заманның арты, жаңа заманның қарты» шежіреші ұлтын сүйген отаншыл қайраткері Зейнолла Сәнік Шығыстың ойшылы, әмбебап оқымыстысы, Хас Хажыб (ұлы уәзір, бас кеңесші) Жүсіп Баласағұнше:
Ми берді, Алла бір істі ойлау үшін,
Зейін берді, тереңге бойлау үшін.
Талап берді, білімге тоймау үшін,
Мақсат берді, меңгермей қоймау үшін –
деп, шалқыған ойдың теңізінде билерше тебіренеді. Өзі айтқандай, «құмырсқаның еңбеккерлік рухын» өзіне де, өзгеге де жан-ділімен тілейді.
Бұл дегеніңіз – текті қасиетті қазақ баласына, салтанатты даласына, атаның ақ жол ұстанған ел болашағына жолдаған сәлемі, мағыналы, өнегелі ғибраты.