ШАМИРАН БАҒЫТЫНДАҒЫ АВТОБУС
70-ші бағыттағы автобус біз жете бергенде орнынан қозғалды. Кішкентай қызым соңынан бірнеше қадам жүгіріп, бұрылысқа жетпей, күдерін үзіп, тоқтай қалды. Келесі автобусты күтіп тұрмыз. Кенет қар жауа бастады. Кеңістік мөлдір тозаңға толды. Қаланың күнделікті шуының орнын тұнық тыныштық басты. Айналаның бәрі аппақ әрі тымық. Жүргіншілер жалған көлеңкелер сияқты тұманға сіңіп, ғайып болуда, ал төңіректегі ағаштар мен үйлерден бұлдыраған сызықтар ғана көрінеді.
Парижде тұрып жатқанымызға сегіз жыл болды, бірақ мұндай қалың қарды бірінші рет көруіміз. Құлағымның түбінде әжемнің дауысы жаңғырып тұрғандай: «Періштелер үйлерін жинап әлек. Бұлттардың шаң-тозаңын қағып, аспандағы кілемдерін сыпырып жатыр».
Тегеранның қысын, көгілдір аспан астындағы асқақ та аппақ Әлбөрз тауларын, бағымыздағы ұйқыға кеткен жалаңаш ағаштар мен жыл құстарының оралуын армандап тұрмын. Балалық шағымда қар жауа бастағанда тоқтау дегенді білмейтін. «Сенбі, жексенбі, дүйсенбі» деп күн санайтынмын. Сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері де қар жауатын: он сантиметр, жиырма сантиметр, жарты метр… Соңында есіктер қатып қалып, мектеп бір аптаға жабылатын.
Қандай ғанибет… Адам сенгізсіз неткен бақыт еді! Бір апта бойы төсектен тұрмау, апта бойы қаптаған немере аға-әпке, жиендермен көшеде ойнау, бір апта оқу ісінің меңгерушісі ханымды көруден немесе есеп сабағының қабағы қатулы мұғаліміне жолығудан қорықпау, іш пыстыратын кітаптарды оқымайтын, үй тапсырмасын жазбайтын тұтас бір апта. Ұзақ әрі мағынасыз өлеңдерді жаттаудан, қамыс қалам, қара сиямен көркем жазу жаттығуынан құтылған, оқу мен мектептің шеңгелінен босаған жеті күндік еркіндік пен ойын. Үйге қонақтар келгенде қар жолды жауып тастап, біздің үйде жүргендердің бәрі екі-үш түн қонып қалған қандай рахат еді! Біздің үйдің тұрақты қонақтарының қатарында менің арықша келген мейірімді әжем болатын. Ол күні-түні намаз оқып, Құдайдан біз үшін бақыт, байлық, денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілейтін.
Анамның құлағы естімейтін, ақыл есі де кіресілі-шығасылы Бибіжан деген кәрі тәтесі де бар еді. Ол мені бауырыммен, бауырымды нағашы ағамның баласы деп, ал нағашы ағамның баласын көрші деп, көршіні мен деп шатастырып жүретін.
Сүйкімді Азар тәтем мен оның дәлізде алысып-жұлысып, есік-терезе мен ағашқа өрмелеп, жабайы маймылдардай улап-шулап, баспалдақтың жақтауларымен сырғанап жүретін кішкентай, тентек балалары да үйде қонақта жүретін.
Әлемдегі ең мейірімді тіс дәрігері Ахмет ағам болса, ешкімнің тісін жұлғысы келмейтін. Қайсыбіріміз жыласақ болды, оның көзіне жас үйірілетін.
Әскердің артиллерия офицері болған үлкен ағам аттан қорқатын, зеңбірек пен мылтықтан зәресі ұшатын. Сондықтан ол әу бастан офицерлік киімін шешіп тастап, алдына әйелдердің алжапқышын байлап, үйде отырып қалды. Дәмді тосаптар қайнатып, түрлі-түсті жүн жемпірлер тоқитын. Және тағы таңғажайып ертегілерді білетін, жын-перілермен байланысы бар, сиқыршылықтан хабардар, бізге түрлі фокус көрсететін толық әрі жалқау Туба ханым да болатын. Осы адамдардың бәрі қар ерігенше біздің үйде тұратын.
Мен адамға толы бөлмелерді, кілем үстіне қатар-қатар жайылған көрпелер мен неше түрлі дәмді тағамнан белі қайысқан дастарқанды жақсы көретінмін: шәрбат құйылған құмыралар, анар дәндері аузы-мұрнынан шыққан тостағандар, тәтті күріш ботқасы, пісте, соһан, Исфахан гәзі мен анам пісіретін дәмді пәхләуәлар…
Үйдің әр бұрышынан шығып, дәлізде аңқыған мыңдаған хош иіс қандай керемет еді: әжемнің қорқорынан шыққан темекінің иісі, Бибіжан қайнатқан шөп дәрілердің жағымды буы, ыстық күріштің бетіндегі шафранның жұпары, оған қоса даршын, зире мен раушан суының, қуырылған пияз бен ыстық шоқта жартылай күйген кәуаптың иістері мұрын жаратын.
Үлкендердің көрші бөлмеден естілетін сыбырлаған әңгімелері мен тығылып шығатын күлкілеріне құлақ түріп ұйықтағанды сондай жақсы көруші едім. Кіші ағам тартқан «тардың» жағымды үніне, Азар тәтемнің жағымды сыбыры мен анамның баспалдақпен жүргендегі сүйретпесінің шылпылдаған дыбысына елітіп, ұйқыға кететінмін. Түн ортасында қайта оянғанымда, үлкендердің әлі ұйықтамағанын, шамдардың жанып тұрғанын көріп, ас үйде арлы-берлі жүрген адамдар мен кастрөлдердің салдырлаған дыбысы шығып тұрғанын еститінмін. Содан соң қайтадан ұйқыға кететінмін. Менің ұйқым ерке самалмен ұшқан батпырауықтан да жеңіл еді.
Бүгін түнде де тура бала кезімдегідей жауған қарға қарап, ерекше толқып, қуанып тұрмын.
Қызым да мәз-мейрам. Өз-өзін айналып, билеп жүр. Кішкентай жұдырығымен қарды домалақтап, жан-жағына лақтырады. Ол оқтын-оқтын көшенің ортасына жүгіріп шығып, 70-ші бағыттағы автобустың келуін тағатсыздана күтуде. Оның осы шыдамсыздығы маған мектептен кейін күн сайын кешке көшенің шетіне көз тігіп, досым Әзиз ағаны көру үшін минут санап күткен кезімдегі кішкентай жүрегімнің лүпілін еске түсіреді.
Басымды жоғары көтеріп, қар ұшқындары тіліме қонуы үшін аузымды ашамын. Қандай тамаша дәм мен жағымды жұпар! Аспан бақшаларынан жасмин гүлінің мыңдаған жапырағы төгіліп жатқандай. Аяғым жерден ажырап, кеңістікте қалқып жүргендей сезінемін. Құдды шыны көпіршіктің ішіндегі құпия тыныс мені уақыт арқылы кейінге қарай жетелейтіндей.
Айналаға көз саламын. Мен он жастамын. Мектеп жанындағы қиылыста Шемиран автобусын күтіп тұрмын. Біздің жаңа үйіміз алыста. Төбелердің артында, бос жатқан жерлердің арасында тұрамыз. Айналамызда ешқандай үй жоқ. Кей түндері қорқаулардың ұлыған дауысы естілгенде анамның үрейі ұшады. Аспаз Хасан аға да қорқатындықтан төсегін дәлізге, әкемнің бөлмесінің есігінің түбіне салып алады.
Ал маған иен даланың ортасындағы үйіміз ұнайды: үлкен су қоймасынан, бақаға толған хауыз бен жаман адамдарға ұқсайтын ағаштардың қара көлеңкесінен қорықпаймын. Бақтың түкпірінде, шамшат бұталарының тасасында ескі жаймадан өзіме кішкентай үйшік жасап алғанмын. Ол жерден мені ешкім таба алмайды. Жейтін тәттілерімді кірпіштердің астына тығып қоямын, ал анамнан қорыққандықтан, тапсырмаларға «нөл» қойылған дәптерімді жерге көміп тастаймын.
Тәбриз теректері – менің ойын серіктерім. Әрқайсысының есімі бар, олардың ең ұзындары – ұлдар. Мектептен келе сөмкемді тастай саламын да, соларға қарай тұра жүгіремін. Күні бойы не істегенімнің бәрін оларға айтып беремін. Салған суреттерімді көрсетемін, парсы тілі оқулығындағы мәтіндерді дауыстап оқимын. Кейбір теректер ақымақ. Мен сөйлегенде есінеп тұрады. Кейбіреулері қызғаншақ, зұлым, тіпті мені тыңдамайды да. Ал менімен достарын сүйіп, жапырақтарына шайнаған сағыздарымды жапсырып кетемін. Менің сыртымнан өсектегендері болса, сабап аламын немесе бұтақтарын жіппен бір-біріне байлап тастаймын.
Егер «Фирузкуһи» мектебіне автобуспен барсақ, бір сағаттан артық жол жүреміз. Ағам менен үлкен. Оған өзі жалғыз барып-келуге рұқсат. Ал мен әрқашан Хасан ағаға қолымды ұстатып, оның рұқсатынсыз бір қадам да баспауым керек. Бұл анамның бұйрығы. Бірақ мен не қаласам, соны істеймін. Егер Хасан аға анама бір ауыз сөз айтса, жонынан таспа тілемін. Өйткені жоғалып кеткен қойма кілті оның пальтосының астарына тығылған. Анама үйде жоқта қаптардан уыс-уыс жасымық, күріш, бұршақ ұрлап алып, бәрін бақтың түбіндегі дәретхананың артындағы жәшікке салып қояды да, демалыс күні өзімен бірге алып кетеді. Сондықтан біздің бір-бірімізбен ісіміз жоқ, күшіміз тең.
Сағат төртте сабақ біткенде, Хасан аға мені алуға келіп, қиылыста Шемиран автобусын күтіп тұрамыз. Бүгін қар жауып тұр. Қар ұшқындарының үлкендігі сондай, көлемі шәй ішетін күрешкенің астына қоятын тәлеңкедей. Айналаның бәрі аппақ, ал Хасан аға дуалдың түбінде көмескі елес сияқты қақиып тұр. Оның жүзі мөлдір бұлттың кесіндісіне, тура мен түнде аспаннан көретін, мың жыл бұрын өмір сүрген адамдар екенін білетін бұлттарға ұқсайды: бастарында тәждері мен ұзын сақалдары бар олардың кейбіреуі атқа мініп, зулап бара жатады.
Егер айға мұқият қарасаң, ішінен тізесін құшақтап, басын соған қойып, жылап отырған кішкентай баланы көруге болады. Мен оны ақымақ ағама қанша көрсетсем де, ол көрмейді. Анам толған айдан қорқатындықтан, менен жұлдыздарға қадала қарамауды сұрайды. Кейде аспанның қою күлгін түкпірінен дәу айдаһар шығып, Құс жолына сіңіп кетеді. Мен мұны Хасан ағаға айтсам, ол шыңғырып, көрпемен басын бүркеп алып, дауыстап дұға оқи бастайды.
Шемиран автобусы әлі көрінбейді. Мен болсам мәзбін, жолдың ортасында мұзда сырғанақ теуіп жүрмін. Басыма қар сауласын деп теректердің діңін теуіп қоямын. Хасан аға менің сөмкем мен тамақ салатын ыдысымды қолтығына қысып алып, қалтырап тұр. Аузынан әлсіз бу шығады. Ол аяғына әкемнің ескі топылайын киіп алған. Оған бірнеше өлшем үлкен. Өкшесі аяқ киімнің артына жетпей тұрған саңылауға қар толып жатыр. Кішкентай қолына бірі қоңырқай қызыл былғары, екіншісі тор-тор қара анамның екеуі екі түрлі қолғабын киіп алған.
Әкем жыл сайын Наурыз мерекесінде бәріне жаңа кәстөм, көйлек, топылай, шұлық пен іш киім сатып алуды бұйырады. Бірақ Хасан аға жаңа киімдерін кимейді. Оларды шабаданға салып қояды да, жаздың соңында ауылына барғанда өзімен бірге алып кетеді немесе оларды сатып жіберіп, ақшасын бөлмесіндегі пештің құбырына тығып қояды. Оның ақшасы қайда екенін білетін жалғыз адам менмін, бірақ оған ешқашан тиіспеймін. Ант ішемін.
Алыстан автобус моторының гүрілі естілгенде Хасан аға орнынан атып тұрды, ал мен әрі қуанып, әрі уайымдап, теңселе жақындап келе жатқан аппақ үйшікке қарап тұрмын. Ішімнен: «Егер ол шамдарын жағып-өшіріп белгі берсе, мінемін, әйтпесе келесі автобусты күтемін. Тіпті, Хасан аға суықтан қатып қалса да, анам уайымнан жынданса да, өзім аштық пен шөлден өліп кетсем де мінбеймін», – дедім.
Бұл – ешкім, мүлдем ешкім білмейтін құпия. Бұл мені мен Әзиз ағамен арамыздағы құпия. Басқа түгіл, Хасан аға да бұдан бейхабар, ол менің неге кей күндері Шемиран автобусына мінбей, қаша жөнелетініме, оның айқай-шуы мен қарсылығына неге пысқырып та қарамайтыныма түсінбейді. Ол мені бірнеше рет анама айтамын деп қорқытты, ал мен оған кәстөмнің астарына тығып қойған қойманың кілтін ишараладым. Сол себепті ол енді маған тиіспей, жөніме қалдырды. Алыстан шамдарын үш рет жағып-өшірген автобус – Әзиз ағанікі. Мен әр түнде ұйықтар алдында анам үйреткен дұғаның орнына: «Мен Әзиз ағаның автобусынан басқа ешқандай автобусқа мінбеймін», – деп үш рет қайталаймын. Бұл – қиямет қайымға дейін біздің бір-бірімізге берген сертіміз.
Алайда, бұл – сөзсіз бекітілген серт. Өйткені мен әкемнен де бойы ұзын, тіпті тәртіп сақшыларының өзі қорқынышты түрінен сескенетін мына дәу досыммен сөйлеспеймін, сөйлесуге батылым да бармайды.
Алыстан келе жатқан автобустың шамдары жанып-өшіп, белгі бергенде менің жүрегім зырылдауықтай шыр көбелек айналып кетті. Автобус тоқтады. Біз міндік. Хасан аға менен бұрын ішке енді. Әзиз аға маған қарап, ісіңкіреген қызыл көзімен сәлемімді алды. Бұйра шашы майланған. Хасан ағаның айтуынша, ол шашына алты айлық химиялық бұйралау жасатқан. Қасы қап-қара, ал қалың мұрты бүкіл аузын жауып тұр. Мен оның тура артындағы орындыққа отырамын. Хасан аға автобустың жылырақ түкпіріне барып, сол жерде ұйқыға кетеді. Жолаушылар санаулы ғана, бәрі қалғып отыр.
Мектептен үйге дейінгі жол – әсіресе қар жауып, шынжыры жоқ көліктер жол ортасында сырғанап, кептеліс болатын қыс мезгілінде нағыз саяхат. Кей күндері Әзиз аға шаршап, аузын кере есінейді. Сонда оның аузынан шыққан өткір иіс анам менің тіземе жағатын йодтың иісінен де күштірек сезіледі. Басым айналып, ішім шұрылдап кетеді. Ол айнадан маған қарап, түрлі кейіп көрсетеді: ұртын толтырып үрлейді, мұрнын қисайтып, көздерін қылилатады. Жолаушылар күлкімді естімесін деп аузымды қолыммен басып аламын. Күлкіден ішегім түйіле жаздайды.
Менің досым диюға ұқсайды, кішкентай балалар одан қорқады. Қолдары мен кеудесінің жоғарғы жағында күйдіріп салынған суреттер бар. Құлағының түбінен мойнының екінші жағына дейін жуан, күлгін сызық созылып жатыр. Біреу оның тамағын орып жібергісі келген сияқты. Анам ешқашан автобусқа мінбейді. Оның өз көлігі мен жүргізушісі бар, бірақ ол дүниеде Әзиз аға сияқты «дәулердің» бар екенін білетіндіктен мен үшін қатты алаңдайды. Ол менің мектепке автобуспен барғанымды қаламайды, бірақ бұл – әкемнің бұйрығы, оған қарсы шығу мүмкін емес.
Хасан аға автобустың түбіндегі орындықта бүрісіп ұйықтап қалған. Терезенің сынған әйнегінен енген суық желден жолаушылар тоңып отыр. Әзиз аға күртешесін шешіп, менің аяғыма жапты. Күртешесінен жаман иіс мүңкиді. Жолаушылардың маған қарағанын қалап, қолымды оның май сіңген жағасына мақтанышпен жүгіртемін. Саусақтарымнан оғаш иіс шыға бастады: бұл біздің үйде де, нағашыларым мен әпкелерімнің үйінде де жоқ иіс. Ит пен мысықтың, сиыр мен қойдың да иісі емес. Бұл – беймәлім әлемнің саңылауларынан есетін, жасауға болмайтын барлық жаман істердің және әзірге білуге ерте нәрселердің иісі.
Анамның иісі барлық иістен өзгеше: шетелдік әтірлер мен опалардың, кино жұлдыздары мен сән журналдарының, Лалезар көшесі мен муниципалитет кафесіндегі би залының иісі. Анамнан болашақ күндердің, ертеңгі күн мен мені күтіп тұрған барлық жақсылықтың иісі сезіледі.
Аяғымдағы осы күртешемен мен мүлдем басқа адамға айналамын. Таза, тәрбиелі, сабақты жақсы оқитын озат оқушы болуға, шашын сәндеп қойып, бәріне сәлем беріп, иіліп тұруға, барлық қонақтықта бейтаныс адамдарға мектепте үйренген, өзі де дұрыс білмейтін өлеңін жатқа оқып беруге, пианинодағы алғашқы сабағы «до, ре, ми, фа, сол, ля, си» дегеннен басқа ештеңе емес дыбыстарды іші пысқан, көп сөйлейтін туыстарға ойнап беруге, «Ең сұлу бала» байқауына қатысып, жеңілмеуге міндетті емес адаммын.
Әзиз ағаның күртешесін аяғыма жауып отырғанда мен сол кісінің өзіне ұқсап кетемін. Бүкіл денемде күйдіріп сурет салынғандай, ал тістерімнің жартысын алтын сияқты сезінемін. Көшелерде жалғыз өзім кезіп жүргенімді, кір жуушы Фатиманың қыздары сияқты қарқылдап күлетінімді елестетемін. Ауданымыздағы ең көрікті жігіттің мотоцикліне мінгесіп, онымен бірге Тарзан туралы фильм көруге бара жатырмын.
«Абшар» бекетіне жеткенде Әзиз аға тоқтайды. Жолаушылардың көбі жол бойындағы дәмханадан шай ішу үшін автобустан түседі. Хасан аға екеуміз орнымыздан қозғалмаймыз. Әзиз аға түсер алдында көліктің алдыңғы жәшігінен кішкентай пакет шығарып, менің алдыма қояды. Айнадан маған қарап, көзін қысады. Оның бүкіл жүзі мейірімге, жұмсақ әжімдерге толы, құдды матадан жасалған қуыршақ сияқты. Менің досым – әлемдегі ең мейірімді дәу. Оның қол-аяғынан, аузынан шыққан түсініксіз иістен, қызарған көзінен, майланған ескі күртешесінен менің айналамды қоршап алатын мөлдір бу сияқты бірдеңе шығады. Мен осы сиқырлы будың ішінде өзімді еріген қардай сезінемін. Бақыттан басым айналатыны сонша, осы жерде, осы күйімде, есеймей, өзгермей, тас мүсіндей мыңдаған жыл бойы тұра бергім келеді.
Бүгін Әзиз аға маған кепкен шие сатып алып берді. Хасан аға автобустың түкпірінен дауыстап, не істеп жатқанымды сұрады. Оған жауап бермей, шиелерімді тез-тез санай бастадым. Жолаушылар түрегеп тұрып, шай ішуде. Әзиз аға бөтелкесіндегі арағынан бір-екі жұтым ішті. Сосын ағаштардың тасасына дәрет сындыруға кетті. Мен қарамаймын, басымды төмен салып, шиелерімді тез-тез шайнап жатырмын, бірақ ойымда оны көріп тұрғандықтан құлақтарым дуылдап барады.
Жолға шықтық. «Ванак» алаңына дейін құмырсқалар сияқты өте баяу жылжып келеміз. Кейде артқа қарай сырғимыз. Басқа көліктер де тайғанап, тура алдымызда, жолдың қақ ортасында тоқтап қалады. Күн батты. Бүкіл әлем аппақ. Хасан аға қорқып, автобустың түкпірінен мені қайта-қайта шақырады. Бірнеше минуттан кейін оның көз жасы көл болатынын білемін. Ол жылауға дайын тұрады. Күніне екі-үш рет түкке тұрғысыз нәрсеге бола еңіреп қоя береді. Анам Хасан ағаның жылауын тауықтың қытқылы сияқты, ешқандай ерекше себебі жоқ санайды. Әкем болса Хасан ағаны «нағыз есек» дейді, ал Хасан аға бұған күледі, өйткені есек болғанды ұнатады. Ол қуанып жүріп, ыдыстарды жинайды да, әкемнің аузына қарап тұрады. Әкем кәуап кесектерін ризашылықпен шайнап, оның дайындаған асына көңілі толып отырады.
Жанымдағы терезенің әйнегі сынғандықтан бетімнің бір жағынан суық жел соғып тұр. Мойыным құрысып, арқам суықтан мұздап кетті. Әзиз аға айнадан маған алаңдап қарап отыр. Ол автобусты тоқтатты. Бір жапырақ газет пен бірнеше ескі шүберекті терезенің тесігіне тығындап, қайтадан рөлге отырды. Мен оның үнсіз тілін түсінемін. Оның уайымдап отырғанын, менің орнымды ауыстырғанымды қалайтынын білемін. Ол көзімен маған: «Тұр, қырсық кішкентай қыз. Жаурап қаласың. Автобустың түкпіріне бар. Ол жақ жылырақ. Ауырып қаласың ба деп қорқамын», – деп тұрғандай. Мен де оған көзқарасыммен: «Жоқ, мен орнымнан қозғалмаймын. Бұл менің жеке орындығым. Бұл жерден тұрмаймын», – деп жауап беремін.
Маған Әзиз ағаның алаңдағаны ұнайды. Оның анадай мейірімі достығымыздың тереңдігін көрсетеді. Көзімді жұмып, қиялыммен көне заманға, ұлы патшалар дәуіріне саяхат жасаймын. Адал батырлар патшаға өздерінің риясыздығы мен берілгендігін дәлелдеу үшін қызыл шоқтың үстімен жалаң аяқ жүріп, жеті басты айдаһармен соғысқан заманға кетемін.
Автобус енді қозғалмайды. Жолда кептеліс. Суық барлық жерде үстемдік етуде. Денемнің оң жағы ұйып қалды. Саусақтарымның ұшы шаншып, аяғымды сезбей отырмын. Басым зілдей: ісіп кеткендей, біресе үлкейіп, біресе кішірейеді. Қатып қалдым, жартылай жұмулы қабағымның арасынан далада қар астында айналып жүрген көлеңкелерді көремін. Мұрнымнан су ағып, көзім ашып барады. Бір сәтте денем мұздап, біресе қызып, қалтырай бастадым. Суықтан тістерім сақылдайды. Көз жасым тоқтамай ағып жатыр, оған ие бола алар емеспін. Әзиз аға бұжыр саусақтарымен бетімді сүртіп, аузын ашпай күледі. Оны танитын көмекшілері оның барлық тісі алтын дейді. Мен сенбеймін. Анамнан сұраймын. Ол да білмейді. Әзиз ағаны танымайды да… Бірақ ол менің сұрағымды ұнатпай, ашуланып, егер автобус жүргізушілеріне қарасаң немесе олармен сөйлессең, теріңді сыпырып аламын деп қорқытады. Анамның ойынша, тек жаман адамдар мен бұзақыларда ғана алтын тіс болады. Олардың бәрі ұры, қанішер және кішкентай қыздардың басына небір пәле орнатады. Мен бұған сенбеймін және анамның кейде қатыгез әрі өтірікші болып, Азар тәтені «семіз әрі көріксіз» дегенін естігенде жаным ашиды. Анамның көп нәрседен хабарсыздығына, мысалы, көптеген елдің астаналары мен қарапайым есеп ережелерін білмейтініне қапаланамын. Соған қарамастан, меніңше, ол әлемдегі ең жақсы және ең сұлу ана. Түнде ұйықтар алдында ол қасымда отыруы үшін ішім ауырды деп өтірік айтамын. Басымда ол туралы қандай жаман ойлар барын мойындағым келеді, бірақ анамның әрқашан бір шаруасы шығып тұрады, асығып жүреді де, менің сөзіме құлақ аспайды. Егер оның және әкемнің сөздерін есік сыртынан ұрланып тыңдағанымды білсе, мені қатты жазалайтынын да білемін.
Әзиз аға қалың қар мен жол кептелісінен әбден шаршады. Автобусты бірнеше қадам алға жылжыту үшін қанша тырысса да, қолынан келер емес, бейне бір аппақ шөл далада адасып қалғандаймыз. Хасан ағаның даусы алыстан талып естіледі. Ол қорқыныштан налып, қатты-қатты ықылық атып жатыр. Менің де хәлім де түсініксіз. Ауырып қалғанымды сезіп тұрмын. Кепкен шие ішімді түйнеп, жүрегім айнып, құсқым келеді. Әзиз ағаның күртешесін екі қолыммен өзіме қатты қысып алдым, басым айналып барады. Тұрғым келеді, бірақ аяғымда әл жоқ. Аузымды ашамын, бірақ даусым шықпайды. Айналаның бәрі қар: бүкіл автобус, бүкіл қала аппақ. Мен мұздаған ақ күмбездің астында қатып қалдым. Осы қалыпта қатып қалғаныма неше жыл болғандай. Тек екі көзім ғана оттай жанып, жасым тоқтамай ағып жатыр, ал кұрғап, кермек дәм татыған аузым су іздейді. Су, су, су…
Опа мен кремнің иісі аңқыған, салқын әрі жұпар иісті қол маңдайымнан сипады. Біреу құлағыма дұға оқып, бетіме үрлеп жатыр. Төсегімнің айналасында таныс жүздер тұр. Шамның жарығында Азар тәтенің үлкен әрі мейірімді көзі жарқырайды. Бибіжанның қайнатқан шөп дәрісінің иісі шығады. Көрпемнің жұмсақтығы мен таза жаймаларымды бірден таныдым, өз төсегімде екенімді және анамның қасымда отырғанын білдім. Жүрегімді жайлылық пен тыныштық сезімі кернеді. Ұйықтап кетіп, түс көрдім: Әзиз ағаның арқасына мініп алыппын. Ол мені ұшатын кілемдей бұлттардың үстімен ұшырып, алыстағы беймәлім қалаларды аралатып жүр. Оның аузын ашып, алтын тістерін көрсеткенін қатты қалаймын, бірақ, тіпті, оның еріндері асыл тастарға толған сандықтың қақпағындай тарс жабық.
Қатты науқастанып қалдым. Доктор Кәусәри әр аптаның бейсенбі күні менің көңілімді сұрап келеді. Кеудем сырылдап, түнде қызуым көтеріледі. Ол келген сайын дәрілерімді ауыстырғанымен хәлім одан сайын нашарлап барады. Арықтап, өңім сарғайып, өлімші күйге түстім, шашым да сиреп қалды. Маған басқа дәрігерді алып келгенімен оның өзі менен бетер жөтеледі, ал жазған дәрілері ешбір дәріханада жоқ,
Күндер мен апталар желдей есіп, өтіп жатыр. Сабақ пен мектеп жайына қалды. Күндіз ұйықтаймын, тіпті ұйықтағанда да жөтелемін. Әжем төсегімнің аяқ жағында отырып, ерні жыбырлап, зікір айтып, дұға оқиды. Оянғанда маған ертегі айтып беріп, аузыма қасықтап ас салады. Күн сайын бөлменің терезесінен бұтақтары жалаңаштанған құрма ағашына қарап, көктемнің келуіне дейінгі күндерді санаймын. Күнде түскі сағат төртте мектептің алдындағы қиылыстан өтіп бара жатқан Шемиран автобусын көремін. Әзиз аға мұңайып, менің бос орныма мұңая қарап, өте шығады. Бәлкім, ол мені ұмытып та кеткен шығар, көлігінің алдыңғы жәшігіне мен үшін салатын тәттілерін басқа қызға беретін болар. Ішім қызғаныштан өртеніп, жөтелім үдей түсті. Анам дереу доктор Кәусәриді шақыртты. Әкемнің мені шетелге апаруға дайындауға бұйрық берген даусын естідім.
Биыл сыныпта қалатын болдым. Мен жылағанда Азар тәтем денсаулықтан маңызды ештеңе жоқ деп жұбатады. Шіркін, жаз тезірек шықса ғой, шие ағашы жапырақ жайып, жеміс берсе екен. Жазда біздің үй әдеттегіден де шулы болып кетеді. Әулетіміз үлкен бір тайпа сияқты. Менің ондаған тәтем, нағашыларым, жиендерім мен бөлелерім бар. Әкем – осы тайпаның көсемі, бәрі оның қас-қабағына қарайды. Жұма күндері бұл тайпа біздің үйде түскі ас ішеді, ал анам қонақтардың жартысынан көбін үйде қондырып алып қалады. Бәріміз жаппай бақтағы «ейванда» ұйықтаймыз. Балалар қатар-қатар тізіліп, үлкендер сәл әріректе, Тәбриз теректерінің астындағы ағаш сәкілерде, торлы шіркейханалардың ішінде жатады. Әкем жалғыз өзі алашықта ұйықтайды. Алашықтың екі жағынан ағып жатқан арықтың сылдыры таң атқанша естіліп тұрады. Әжем балалармен бірге жатып, бізге қарайды. Әрқайсымыздың басымызға ішіне мұз салынған бір стақан су, ал жастығымыздың астына бір уыс хош иісті жасмин гүлін қойып шығады. Бәрінің өз орнында екенімізге көз жеткізу үшін балаларды санап, әрқайсымызды атымызбен атап шақырады.
Мен түн тыныштығын жақсы көремін. Піскен жемістердің жүрек соғысы мен жас бүршіктердің жеңіл тынысын естимін. Ұйықтар алдында жұлдыздарды санап, адам кейпіндегі бұлттарға қараймын. Солардың бірі Әзиз ағаға ұқсайды. Ол жоғарыдан маған дауыстап, бет-ауызын неше түрлі кейіпке келтіреді. Нағашы ағаларым, бөлелерім сыбырласып жатады, ал әжем жатқан жерінен ұзын шыбығымен олардың аяғынан тартып жібереді. Кіші нағашым қорылымен қирандылар арасындағы иттерді үргізеді. Бибіжан ұйқысырап сөйлейді, ал Туба ханымның таң атқанша үсті қышып, қасынып шығады. Балалардың бірі қайта-қайта осырып, жағымсыз иіс шығарады. Әжем ашуланып орнынан атып тұрып, мұны кім істегенін білгісі келеді. Бәрі ұйықтаған болып, ешкім дем алмай, тым-тырыс жата береді.
Масалардың ызыңы мен жұлдыздардың жыпылықтауынан көзіме ұйқы тығылады. Кей түндері жаңбыр жауғанда әжем қасында дайын тұрған ұзын, үлкен полиэтиленді үстімізге жаба салады. Мен бөлем екеуміз сол қалың жамылғының астында бір-бірімізге тығылып, жер астындағы құмырсқалар сияқты басымызға тамған жаңбырдың тырсылына құлақ түреміз.
Ауырғаннан бері бөлмеде қамалып отыруға мәжбүрмін. Қазір мен бәрінен қорқамын. Қорқыныш көрінбейтін адам сияқты барлық жерде жүр. Кейде есікті сәл ашып қояды, ал түстен кейін үлкендер көз шырымдарын алғанда маған келеді. Кейде терезенің әйнегінің тасасында тұрады немесе анамның етегіне тығылып алады. Бүгін таңертең ол айнаның ішінен мені мазақтағандай көрінді. Мені жөтелдіретін де осы қорқыныш. Анам енді доктор Кәусәриге сенбей, ол жазған дәрілерді қоқысқа тастайды. Дәрігер нағашым түнде біздің үйде қонады. Ол анаммен келісіп алған: бір түн ол, бір түн анам маған укол салады.
Әкем: «Шетелдік дәрігерлер данышпан. Олар алғашқы рецептпен-ақ ең ауыр ауруларды жазып жібереді», – дейді. Азар тәтем маған мұңлы көзбен қарап, мені енді көрмейтіндей бетімнен сүйеді. Хасан ағаның қолында барқыт пен тордан тігілген көйлек киген, сары шашты толық әйел бейнеленген ескі ашықхат бар. Ол бұл әйелді «Париж патшайымы» және Құран мен Мұхаммед пайғамбарға сенбейтін жауыз әйел дейді. Хасан аға мені мен анамды уайымдап, әжемнен бізді сол кәпір патшайымның құрығынан құтқару үшін күні-түні намаз оқуын өтінеді. Анам қуанышты күйде жол сандықтарын дайындап жатыр. Мен болсам қорқыныштың Парижде де бар екенін, қайда барсақ та артымыздан қалмайтынын білемін. Әжем тоқтаусыз намаз оқып, бетіме дем салады. Туба ханым әр кеш сайын маған бауырдың бір стақан сорпасын ішкізеді. Мойныма да, аяғыма да мың түрлі бойтұмар байлап тастаған, ал жастығымның асты төрт бүктелген кішкентай қағаздарға толы.
Әлі күнге дейін күн сайын сағат төрт болғанда мектепте сабақтың аяқталуы мен алыстан келе жатқан автобусты ойлаймын. Ол автобус маған жетпей жатып, жартылай ұмытылған түс сияқты аппақ тұманға сіңіп кетеді.
Әлі де ұйықтар алдында ішімнен: «Мен Әзиз ағаның автобусынан басқа ешбір автобусқа мінбеймін», – деп қайталаймын. Бұл – екеуміздің арамыздағы серт. Мен бұл сертіме қиямет күніне дейін адал қаламын. Ант етемін. Ант бергенде көзімді жұмып, демімді ішіме тартамын. Сонда жүрегім дабыл қаққандай дүрс-дүрс соғады. Әзиз аға жүрегімнің дүрсілін еститініне және маған жауап беретініне сенімдімін.
Үш күннен кейін жолға шығамыз. Әжем терезенің алдында жасмин гүлдерін жіпке тізіп, маған алқа мен білезік жасап отыр. Барлығы қандай мұңды, тіпті үнемі билеп, саусақтарын шытырлатып жүретін Тоба ханым да баяғыдай емес. Көзі жасқа толып, мұрнын жеңінің ұшымен сүртеді.
Есік қағылғанда ішімнен: «Бұл жаңа дәрігер немесе әпкелерімнің бірі шығар», – дедім. Бізге мың түрлі адам келіп, есік күніне жүз рет қағылады.
Хасан аға бөлмеге кіріп, есіктің қасында тұрып қалды. Ол аң-таң күйде анама есеңгіреп қарап тұр. Бірдеңе айтқысы келгенімен батылы бармайды. Әдеттегідей, қорыққанынан ықылық ата бастады. Бөлменің сыртындағы біреуге немесе бірдеңеге ишарат жасағанымен дауысы шықпайды.
Анамның мазасы кетіп, шыдамы таусылды. Ол орнынан тұрып, Хасан ағаның соңынан дәлізге қарай жүрді. Оның: «Кім?» – деген дауысы құлағыма келді.
Хасан ағаның жауабын естімедім. Тек анамның дауысы ғана барған сайын күшейіп, қауіп белгісі сияқты бәрінің мазасын кетірді.
Әжем орнынан тұрып, терезені жапты. Көрпемді иегіме дейін қымтап қойды. Анамның дауысы тағы да естіліп: «Автобус жүргізушісі ме?» – деп сұрады.
Жүрегім зырқ ете қалды. Орнымнан жартылай тұрып, төсекте отырдым. Хасан ағаның жауабы сойылайын деп жатқан қойдың маңырағанына ұқсайды. Анамның айғайы басымда жаңғырып тұр: «Кім? Не? Қайдағы автобус?».
Байғұс Хасан ағаның жаны мұрнының ұшына келіп, кекештеніп қалды. Анамның: «Бір бейбақ жүргізуші қалай батылы барып, қызымның жағдайын сұрап келеді?» – деп айқайлаған дауысы құлағыма жетті.
Ол Хасан ағаны «Егер осы маңнан тағы бір рет көрінсе, аяғын сындыруға бұйрық беремін» деп айтуға жұмсады.
Мен көрпемді ысырып тастадым. Төсектен атып тұрып, жалаң аяқ, түнгі жұқа көйлегіммен дәлізге қарай жүгірдім. Тоба ханым мені тоқтатпақ болды. Мен оны итеріп, қолын тістеп алдым. Анам менің бұл оғаш қылығыма таңғалып, тезірек орныма баруымды бұйырды. Қорқытуға еш құлақ аспастан, дәліздің соңындағы әкемнің жұмыс бөлмесіне қарай жүгірдім. Ішке кіріп, есікті ішінен құлыптап алдым. Бөлменің терезесі көшеге қарайтын. Пердені түріп тастап, орындықтың үстіне шығып қарасам, Әзиз аға бейшара әрі ұялшақ бала сияқты көшенің ортасында не істерін білмей тұр екен. Қолында кішкентай пакеті бар. Ұйысқан шашын тарап, жейдесін тамағына дейін түймелеп алыпты. Кеудесіндегі күйдіріп салынған суреттердің көрінгенін қаламайды.
Терезені ашып, оны шақырдым. Ол жан-жағына қарап, кетпек болды. Дауысымды қаттырақ шығарып, оған қол бұлғадым. Ол бұрылып, басын көтергенде көзі маған түсті. Баяғы сол мейірімділігі жүзін жауып кетті. Көз жасым тыйылмай ағып жатты, тіпті өз сөзімді өзім түсінбедім. Әзиз аға тұрған жерінен басын изеп, менімен амандасты. Оның қуанышында шек жоқ еді. Ол күлімсірегенде дәл сол күлкісімен бірге ғажайып оқиға болды. Оның еріні ашылды. Аузы қараңғы үңгірдей көрінді, ал оның түкпіріндегі бір алтын тісі Аладдиннің шырағындай жарқырады. Осы сиқырлы шырақтан не тілесем де орындалатынын білдім. Көзімді жұмып, қайтадан сауығып кетуімді тіледім. Жөтелім тоқтап, қорқыныш менен кетсе екен дедім.
Парижге жеткенде «Ваграм» қонақүйіне орналастық. Үш күннен кейін француз дәрігері мені қарап, рецептті тәптіштеп жазып берді. Менің жағдайым әлдеқашан жақсара бастаған, жөтелім де азайған еді. Менің құпиям мен алтын шырақтың сиқыры туралы ешкім білмеді. Анам менің бетімнің бері қарағанын француз дәрігерінің біліктілігінен деп түсінді. Бірақ маған кімнің және ненің шипа болғанын өзім білетінмін. Түнде қараңғы бөлмеде жамылғының астында қиялымдағы Аладдин шырағын сипалап, әдеттегі дұғамды қайталайтынмын.
Парижде алты айдан астам уақыт болдық. Тегеранға оралғанда менің мектебімді ауыстырды. Жаңа мектеп үйден бірнеше қадам жерде ғана еді. Сабаққа жаяу барып-келетінмін, бірақ көшеден өткенде көңілім құлазып, көзім Шемиран автобусын іздейтін.
Жылдар зымырап өтіп, мен абыройлы бойжеткенге айналдым. Ескі автобустарды алып тастап, олардың орнын жас жүргізушілері бар жалдамалы көліктер басты. Бірақ уақыт өтсе де, мен өзімнің ескі досым мен сол баяғы сертіме адал болдым. Көңілім түскенде немесе бір қайғыға тап болғанда, кенет балалық шақтағы естеліктерімнің арасынан досымның сол бір таңғажайып тудыратын аузы көрініп, алтын тісінің жарқылы түн қараңғылығында Шолпан жұлдызындай жарқырайды.
70-ші бағыттағы автобус бұрыштан көрініп, баяу жақындап келе жатты. Құлағыма баланың: «Мен Әзиз ағаның автобусынан басқа ешқандай автобусқа мінбеймін», – деген дауысы келді.
Қызым менен озып барады. Ол автобус жүргізушісіне қолын бұлғап жатыр, ал көзі тентек әрі жұмбақ ойларға толы. Мүмкін, оның да менің ешкімге, анама да, Хасан ағаға да, тіпті бақшаның түбіндегі Тәбриз теректеріне де айтпағаным сияқты, маған айтпайтын бір құпиясы бар шығар.
Парсы тілінен аударған – Айнаш ҚАСЫМ
Голи Тарағи (1939) – Иранның қазіргі заман әдебиетіндегі қаламы қарымды, танымал жазушы. Ол Тегеранның Шамиран ауданында жазушы, журналист Лутфолла Тарағидің әулетінде дүниеге келді. 1954 жылы Америкаға оқуға кетіп, философия мамандығы бойынша білім алды. Қазір Францияда тұрады.
Жазушының ең атақты повестер жинағына «Мен де Чаварамын», «Шашыраңқы естеліктер», «Басқа жер», «Екі дүние» деген кітаптары жатады.
Тарағи «Қысқы ұйқы», «Оралу» және «Оқиға» деген романдар жазды. «Теңіз, пері және алтын кекіл» поэмасының, «Анар Бану мен ұлдары» повесінің авторы.
1985 жылы жазушының «Менің рухымның ұлы бануы» шығармасының француз тіліндегі аудармасы Францияда «Жылдың ең үздік повесі» марапатына ие болды.





