Шушан Хачатрян. ҚОНАҚЖАЙ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ ДӘН РИЗАМЫН

Армения елінің Ереван Мемлекеттік университеті түркітану кафедрасының аспиранты Шушан Хачатрян Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің қазақ тілі кафедрасында үш ай тағылымдамадан өтіп, Қазақстаннан алған әсері туралы қазақ тілінде мақала жазып, ой бөлісіпті. Сонымен қатар Қазақстан Елшілігі тарапынан үйымдастырылған кейбір мәдени-гуманитарлық іс-шараларды қазақ және армян тілдерінде жүргізуге де атсалысқан екен. Төменде біз сол мақаланы оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Арменияның ғылыми және жоғары оку орындары арасындағы байланыс белсенді түрде дамып келеді. Оның жарқын мысалы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Ереван Мемлекеттік университеті арасындағы 2010 жылы қол койылған Ынтымақтастық туралы шарт болып табылады. Шарт аталған оқу орындарының екіжақты ынтымақтастығын дамытуға, сондай-ақ, мамандар мен магистранттар алмасуға жәрдемдеседі. Осы Ынтымактастық 2010 жылы Қазақстанның Армениядағы Елшісі Айымдос Бозжігітовтің және сол кездегі ЕҰУ ректоры Бақытжан Әбдірайымның бастамаларымен Ереван мемлекеттік университетінің түркітану кафедрасы жанынан қазақ тілі, мәдениеті және тарихы орталығы ашылуымен нығая түсті.

Сөз болып отырған орталықта студенттер қазақ тілін оқып-үйренуге мүмкіндік алды. Қазақ тілі пәнінен ЕҰУ-дің қазақ тілі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Найманбай сынды білікті ұстаздың дәріс оқығанын ерекше атап өткім келеді.
Белсенді ынтымақтастық нәтижесінде ЕҰУ-дің бірнеше магистранттары ЕМУ-дің түркітану кафедрасында арнайы курста ежелгі армян тілінен толыққаңды мол мағлұмат алып шықты. Осындай тәжірибе алмасулар әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді және мұндай байланыстардың келешегі жарқын деп білемін.
Менің қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылығым осы орталықтың ашылуымен байланысты болды десем, артық айтқандық емес. Орталықта түркі тілдерінің бірі ретінде қазақ тілін ынта-ықыласыммен үйренуге ден қойдым.

Әрбір тәжірибелік сабақтан кейін тілді үйреніп алуға деген сенімім нығая берді. Оқытушымыз Айнұр Найманбайдың бағыт-бағдар беруімен қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларымен, халық ауыз әдебиетінің, қазақ ақын-жазушыларының мол мұрасымен таныса бастадым. Магистрлік жұмысымның тақырыбы ретінде жазушы Мұхтар Әуезовтың әйгілі «Абай жолы» эпопеясын зерттеуді қолға алдым. «Абай жолы» эпопеясымен жан-жақты танысқаннан кейін мен өзімнің ғылыми қызметімді қазақ елімен байланыстыра түсу жөнінде түпкілікті шешім қабылдадым. Қазіргі таңда ЕМУ-дің түркітану кафедрасында профессор А.Сафарянның жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов шығармаларының негізгі ерекшеліктері» деген тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыс жүргізіп келемін.

Қазақстанның Армениядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Айымдос Бозжігітовтың араласуымен 2014 жылы көктем-жаз айлары кезеңінде ЕҰУ-дің практикалық қазақ тілі кафедрасында үш ай тағылымдамадан өтуіме мүмкіндік алдым. Сонда байқағаным, кафедрада кәсіби біліктілігі жоғары ғалымдар, оқытушылар қызмет атқарады екен. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қуандық Сандыбекұлы басқаратын кафедра оқытушылары сапалы білім алып шығуыма көп еңбек сіңірді.
Бұл орайда мен ғылым докторы, профессор Тұрысбек Сағымбекұлынан, белгілі ғалым, жазушы, ЕҰУ-дың ғылыми кітапханасынын директоры, профессор Тұрсын Жұртбайдан тәлім алғанымды өзіме зор бақыт деп санаймын. Бұл кісілерден сабақ алу барысында қазақ әдебиеті туралы, өзім зерттеп жүрген М.Әуезовтың шығармашылығы жайында көптеген пайдалы кеңестер, ақпараттар алып, білімімді тереңдете түстім деп айта аламын.

Тағылымдамадан өткен қазақ тілі кафедрасы университет аясында өткізіліп тұратын мәдени іс-шараларға қатысуда белсенділік танытты. Мұндай шаралардың бірқатарына өзімнің қатысуыма мүмкіндік туды. Мәселен, біз 8-Наурыз халықаралық әйелдер күні мерекесі мен әз-Наурызды, Қазақстан халқы бірлігі күнін салтанатты түрде атап өттік. Сонымен катар түрлі тақырыптарда халықаралық конференциялар мен семинарлар, шеберлік сыныптарын және т.б. ұйымдастырдық.

Сондай іс-шаралардың бірін Абай мен Мұхтардың кіндік қаны тамған Шығыс Қазақстан өңіріне арнап, кафедра оқытушылары, доцент Шынар Байранова және аға оқытушы Кәмшат Шахатовамен бірге XX ғасыр басында қазақ мәдениетінің ірі орталығы болған Семей қаласын аралап, сондай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай мен Шәкәрімнің Жидебайдағы бейіттеріне тәу етіп, әйгілі мұражай кешенін тамашаладық. Мұражай кызметкерлерінің бізді ерекше ықыласпен қарсы алуы, ерекше құрмет пен ілтипат танытуы, Шыңғыстау мен осынау ғажайып даланың төл перзенттері туралы әсерлі әңгімелеп беруі мені ұмытылмас айрықша күйге бөледі.

Арменияда жүргенімде Қазақстандағы әсем қалаларының бірі Алматы туралы көп естідім. Содан бері Алматыны бір көру арманыма айналған-ды. Бұл жолғы сапарымда Алматыға да жолым түскеніне шексіз қуанышты болдым. Армениядағы жерлестерім әңгімелеп бергеніндей, Алматы өзінің ерекше сәулет өнерімен және асқаралы Алатауымен шынында да Ереван қаласына ұқсас екен. Менің Қазақстанға арнайы келгенімді және де қазақ халқының тілін үйреніп жүргенімді естіген адамдар «талабыңа нұр жаусын» деп өздерінің ақ тілектерін білдірді. Кейбір үлкен кісілер алғыстарын білдіріп, батасын берді.

Қазақстанда жүргенімде Арменияның Елшісі Ара Саакянмен, сондай-ақ армян диаспорасының өкілдерімен кездесудің де сәті түсті. Нұр-Сұлтанда және Қазақстанның өзге де бірқатар қалаларында армян халқының мәдени орталықтары бар, онда армян тілі арнайы курс ретінде оқытылады, сондай-ақ бұл орталықтарда ұлттық мерекелеріміздің де аталып өтетіні Қазақстандағы ұлтаралық достық пен толеранттылықтың қаншалықты дәрежеде жоғары дамып келе жатқанын байқатады.

Осылайша, ЕҰУ-дегі үш айлық тағылымдамам барысында мен қимас достар тапқаным үшін қазақ тіліне, сол тілдің өкілдері болып табылатын қазақ халқына шексіз алғысымды білдіргім келеді. Аз уақыт ішінде сый-құрметіміз жарасым тапқан тең құрбыларым астананың көрікті жерлерін таныстырып, сәулетімен көз тарқан әсем ғимараттарды көрсетіп, небір қызықты аңыз-әңгімелерді айтқанда керемет әсерге бөлендім. Қазақтың ұлттық дастарханынан дәм татып, халықтың дархан көңіліне тәнті болғанымды жасыра алмаймын. Қазақтарда алыстан келген қонаққа сый-сияпат көрсету дәстүрі бар екен. Маған да естелікке осындай сыйлық тарту етілгенін айта кеткім келеді.

Жалпы, қазақ жастары маған өнерлі болып көрінді. Олар өмірге оптимистік көзқарастағы жандар екен. Спортты серік етіп, түрлі музыкалық аспаптарда да шебер ойнай біледі. Домбыраның күмбірлеген үнін тыңдаудың өзі неге тұрады! Ғасырлар койнауынан келе жатқан асыл мұра көңіліме ерекше әсер қалдырып, өзінің сырлы сазымен жан дүниемді баурап алғандай болды.

Осы сапар мен үшін кәсіби тұрғыдан шыңдалуыма ғана емес, қазақ халқын және Қазақстанды танып-білуіме мүмкіндік берді. Сөз соңында Қазақстан Елшісі Айымдос Бозжігітовке, Елшілік кеңесшісі Азат Әкімге, Арменияның Қазақстандағы Елшісі Ара Саакянға, Елшілік консулы Сурен Багдасарянға, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықовқа, ЕМУ ректоры Арам Симонянға, сондай-ақ ғылыми жетекшім, профессор Александр Сафарянға шынайы алғысымды білдіргім келеді. Мен екі елдегі жастар ынтымақтастығына жол сала отырып, қазақ-армян ғылыми және мәдени байланыстары болашақта бұдан да биік деңгейге жетіп, нығая түсетініне сенімдімін. Осы шағын, бірақ шын жүректен жазылған естелігімді армян кызының Алаш еліне жолдаған ыстық сәлемі деп қабыл алғайсыздар!

Ереван

Пікір қалдыру