ШЫҒАРМАДАҒЫ ДІНИ АРҚАУ
Белгілі қаламгер Мағира Қожахметова шығармаларындағы тұрақты желі – «сонау» ХІХ, одан арғы ғасырларда «қалған» зарзамандық сарын. Жеке отбасылық күйдің тұтас қоғамдық болмысқа ұласу қасіреті «Жантәсілім» романында тұтас бір дәуір, тұтас қоғам, бірнеше отбасылық тарих ауқымында ақырзамандық қауіппен ширыға баяндалады.
Бір қайран қаларлығы, бұл роман, кейін жарық көргенімен, кеңес өкіметі жасап тұрған кезеңде жазылған. Шығарма аса зор әлеуметтік түйткілдер жағдайында кеңестік жүйеге қарсы сөйлейді. Романда әр қазақтың шері бар.
Шығарманың аннотациясында айтылған Бұғылы ауылының тұрғындарының өмір қалпында, өткен тарихында тұтас бір дәуірдегі қазақ ауылының салты, санасы, жаны тағдыр ашады. Ауыл адамдарымен біртіндеп таныса бастаған оқушы жазушы кейіпкерлерінің қыр соңынан қалмай, ыстық-суығын бастан бірге кешеді. Қою оқиғалардың ішінде жүріп оқушы бір кезде нулы ормандай жасаған, жасанған ауылдың ендігі күйін, жазушы Мағира Қожахметованың «Ай, мен қауіп еткеннен айтамын» (Бұхар жырау) ойлауын тоқтатпайды.
Шығарма құрылымындағы жанрлық, стильдік жаңашыл сипаттан «постмодернизм» деп бірталай әспеттелген әдеби тәсілдің нышандары анық байқалып отырады.
Күні өтіп бара жатқан кеңестік дәуірдің, дәурені біткен жүйенің кесел-кесапатын сонау бір «сыншыл реализм» әдісі атанған, адам төзгісіз аярлық пен алдамшыға белуарынан батқан ХІХ ғасырдағы француз қоғамын әжуалап он-сан том роман жазған Оноре де Бальзактың жүрек шайлықтырған туындыларынан бір де кем түспейтін әсер бар.
Бұғылы ауылының ел-жұрты баянсыз дүниенің дақпыртына малтығып жүріп, саясаттың шылауына оратылып жүріп жарық дүниенің шалқар игіліктерінен кенде қалған. Қағажу көрген. Ата – әке – бала – немере – барлығы өмірді өгей еткен саясаттың құрбаны.
Ширақ жазу дағдысында аз айтып, көп гәпті көз алдыдан өткеріп отыратын жазушы алыс түкпірдегі ауыл тарихына, ауыл тағдырына оқушысын еркін араластырады.
Адамның күнделікті күйбең тіршілік әрекеттерінде бой тасалаған жан күйі, ар арпалысы. Мінезі мүлдем жат ендігі ұрпақ. Түксиген, түнерген таныс-бейтаныс түрлер. Көпжасардың солдатта жүріп аяқасты кесапатқа душар болған баласы Серік сол типтен. Шын мәңгүрттер осылар-ау деп, біртүрлі шошынады оқушы. «Боранды бекеттегі» (Ш. Айтматов) Қазанғаптың ұлы қайта адам сияқты, ендігінің жатжүректерінің жанында рухани жұтағанда болмай қоймайтын аяқасты пәле Көпжасардың отбасына да келген.
Көпжасар іштен тынып, салғырт, салбырап жүретіні нендей себептен? Замана шері көп еді. Он баланың шешесі, Көпжасардың әйелі араққа салынған. Ауыл-үйдің берекесі әйелдер ер адамдардан қалыспай арақ іше бастағанда қашып кетті. Осы тұс ел тіптен жүдеп, күйі қашып, күйзелді. Аштық та, соғыс та, қуғын-сүргін де аздырмаған жұрттың буынын арақ алғаны – ауыл елдің бір қасіреті. Бір ақиқаты. Жазушы «Жантәсілімде» бұл кесапатқа екпін түсіреді. Жанды жаншып отыратын ауыр ақиқатының бірі – осы. Тіксіндіретін, түршіктіретін гәп. Оңалмайтын, қайтусыз рухани дерт.
«Қиянат» дейтін ауыр ұғым, адамшылықты безбендейтін категорияның бірі. «Жантәсілім» романында Бұғылының баяғысын да көрген, ендігісіне де қатысы бар Құрман қария қиянат жөнінде не ойлайды?
«Өзін бүйтіп жазғыра алмайды, арымен мұңдасқан сәті кездескенімен, саудаласқан тұсы кем де кем. Сауатының, ақылының кемшін жағы көп шығар, бірақ жанының жылуын ешкімнен аямаған, ешкімді қиянатқа қимаған. Тоқта, тоқта, әуелі қиянат деп нені түсінесің?» (Қожахметова М. Жантәсілім. Роман. – Алматы: Ана тілі, 2002. – 288 б., 31-б.)
«Жантәсілімдегі» қосақабат қатар алынып отырып баяндалған отбасылық тағдырдың және бір ортанбел кейіпкері Құрман қиянат туралы ойланады. Бір қарағанда өзін бейкүнә санайды. Оның да өз жөні бар. «Ешкімді қиянатқа қимадым» деп көңіл тоғайтатын. Бірақ… Бетпе-бет ақиқаттарды өшіре ала ма?
«Мыналарың қиянат қой» дегенді қашан естіп едің, қалайша тез ұмыттың, ә. «Қиянат, қиянат» деп анталағандарды, жалбарынғандарды қайда қоясың. «Қиянат» деп үнсіз қарағандарды ше? Халық қажының үйіне жарты жылда он рет салық салып, өзіңдей ұлдарын Көкшетаудың ой-қырына астық іздеттіріп сабылтқаныңда, «шырағым-ай, қансорпамызды ішетіндей, не жаздың» деп жылаған бейбішесінің назасына қалмағаныңа кім кепіл» (31-б.)
Құрман шал заманының қолшоқпары болыпты. Біреудің жалғызын жалалы етіп айдатыпты. Қатын-қалаштың қойны-қоншынан бір уыс дән тауып, қаншама тінту жүргізіпті. Жұрт жұтап қалғанда атқамінерлігі қарнын ашырмапты. Жағынудан, қолында билігі барды жағалаудан тыйылмапты. Ой түбіне түсіп, арғы-бергінің зауалын заманға ысырып, өзін ақтауға пейілді Құрман шал көрмегені қалмаған тұтас бір дәуірдің кәнігі, қалыпты пендесінің бірі. Саяси үстемдіктің ырықсыз құрбанының бірі. Адасқанын аңдатып үлгірмеген уақыт өктемдігі туралы ойлағаныңмен енді қолдан келер қайран жоқ. Ылғи бір өлі тірлік кешкен. Өтірік өмір сүрген. Өмірзая деген сол. Адам құқын таптаудан алдына қара салмаған, небір аяусыз, өктем империялардан мың есе асып түскен кеңестік жүйе аздырды, тоздырды. Өзін ғана емес, ұрпағының ұрпағын кембағал, байғұс, бейдауа бақытсыз етіп кеткен. Заман екпіні құрбан еткен, құрдымға лақтырған Құрмандар өздері де тұтас бір елдің ендігі сыйқынан тіксінеді, түңілдірген түпсіздіктен іш жияды.
Кеңестік жүйеден жайылған ауыр әлеуметтік, рухани зауалдың адам еркін тас-талқан қылған тарихи зардаптары, дүниені «төңкеріп», алшаң басқан саяси жүйе құрбандарының ауыр ақиқаты.
Құрман көп жағдайда қара бастың қамынан аса алмапты. Бай қыздары «кәмпескеленіп» жатқанда Айғанымдай асылтектіні жар етіп алған. Сол Айғанымның туған бауыры Нұрхан жалалы болып кеткенде араласпаған.
«Не іздеп бармады, не көмектесудің амалын қарастырмады. Құрманның сондағы сақтығын қасындағылар не мақтамайды, не даттамайды. Өзі кейде сол сақтығында сатқындық жатқан жоқ па деп қуыстанғанымен, тіс жармайды ешкімге. Іштері сезгендер бетіне басқан емес. Қуыстанатындай қылмыс жасаған жоқпын деп іштей ақталғанымен, неге екені белгісіз, өмірбақи сол ойы бір жағын ойсыратады да тұрады. Бүкіл тірлігінің мәнін ұқпаған сол бір бүгежектеу, сол бір сақтану, сол бір иіліп-бүгілуден ешқашан ажырамағандықтан да солай ма деп қалады. Әуелде ұрандап ортаға шыққанымен, өңештерін созып айғайлағанымен, орнатамыз, құрамыз деп, белбеулері босағанша тыртыңдағанымен, соның түп тамырынан титтей де ұғымдары болмапты» (42-б.)
Жазушы Мағира Қожахметова әдеби шығармадағы дәстүрлі көркемдік тәсілдің бірі – кейіпкердің ішкі ой ағынына сыйғызған саяси заман мазмұнындағы тексіздік, рухсыздық, аярлық, т.б. сынды мың-сан әлеуметтік кесепаттың адамның адам болып өмір сүруіне кедергі келтіретін имансыздықтың қасіреті ауыр.
Адам өз еркімен қатыспайтын, барлығы ырқынан тыс реттеліп жатқан қоғамда өмір сүре ала ма? Сүреді екен. Бұл қандай өмір? Бұл қоғамдағы адам мәртебесі нендей артықшылықтарға негізделген?
«Құдай берген қара күштің арқасында топты жарып жарқырайсың ба, адыраңдап арқырайсың ба, мейлің. Тек сана-сезім деп елеңдей көрме. О жағын реттейтін тасқын-тасқын нұсқаулар, жобалар, бұйрықтар бар. Сенің түйсігің, сезігің, ойлауың, шарықтауың, бәрін қосқанда өмір сүруіңе не қажеттің бәрін тасқындаған жоба, нұсқаулардан аласың, содан қоректенесің. Машықтанып алатының сонша, арқаң жеңілдеп, ішкі сарайыңда алаңдатар ой атаулыдан лезде адаланып, жеп-жеңіл, әп-әдемі, бірақ жанды қуыршаққа айналасың. Неткен сиқырлы сурет: дүниені қаптаған өңкей қуыршақ, әсемдігі жанарыңды жыпылықтатады, бірақ олардың тынысын, демін, жүрек дүрсілін реттеп-жүйелейтін күш бойларынан әлдеқашан ұшып кеткен, әлде көкте, әлде жерде, әйтеуір бір алып күш бұлардың жанын өз қалауымен, өз әмірімен, өз әуенімен тербетеді. Тұр десе тұрады, жат десе жатады, таңдай қақтырады, еріксіз сүйсіндіреді. Сырттай бақылағанға бәрі ғажап, бәрі жөн, бәрі риза. Аяқ-қолдар ғана ербеңдейді, қара күштің жетелеуімен қиналтып әрең жеткен қара дүрсін жаттығулар сол баяғы өлі жұмыс, өлі қимыл.
Құрман аяқастынан жаңалық ашқандай болды, осы ғұмырында не істеп, не тындырса да бәрі айналып кеп өлі қимыл, өлі жұмыс деген ұғымға саяды екен. Сонда бүткіл тірлік-тынысының мағынасыз жалғасқаны-ау, ә» (42-б.)
Ой ағыны толқытпайтын пенде жоқ. Сүлдерін сүйретіп өмір сүрген, өкпесі де, өкініші де, өткіншісі де, өтірігі де қаумалап, ар күресі «ішіне түскен» жанның обалы кімде? Адамның өзінде дейтіндей, кейіпкерлерін аямайтын бірбеткей жазушы.
Мағира Қожахметова ақыл-есі бүтін, посткеңестік дәуреннің кез келген көзкөргені қол қоятын шындықты адамның ғажайып, құдіретті игілігі – өмірді ұрлауды, өмірді қорлауды, өмірден айыру опатын, кеудені кернеген бақытсыздық синдромын көзіңе көрсетіп, қолыңа ұстатып береді.
Ту-талақай жүйені көгенге байлап «баққан», «баптаған» бағынышты бақытсыздың бірі – Құрман.
Жаһанды билеп-төстеген алпауыт күштер қуыршаққа айналдырған жан иелерінің қасіреті қазақ баласын да құртып тынды. Жүнжітті. Жәдігөй етті. Жаман етті. Қуыскеуде қуыршақтар елінде тұру «бақыты» бұйырған Құрманның ішкі бір түйсінулері бір тұтас өмірдің нұрын өшірген қысас саяси жүйенің қайтымсыз қасіретін жалаңаштап тастайды. Кеңестік жүйенің саяси образын осыншалықты айқын кескіндеу – жазушы Мағира Қожахметованың шығармашылық табысы. Адамға араша түсу. Адамды өзінен ажыратып, екі бөліп, шімірікпей жасаған Жармақтардың мемлекеті. Өмір тізгінің өзіңде болмаған, болмайтын жүйе. Сен үшін бәрі де жоғарыдан реттеліп, жасалып қойылатын стандартты қоғамның адамы осы. Бір жалғаны жоқ. Жазушы Құран Кәрімде баяндалатын құрып кеткен, пиғылы бұзық, ісі теріс, адамдықтан азған елдердің ақырын алдыға тартады. Өзі тұрқын жалаңаштап отырған қоғамның ақыры неге соғарын ескертеді.
«Жантәсілім» романы қилы көркемдеу тәсілдерін оңтайлы кіріктіру дағдыларында мазмұн түзген. Ар сотына көзі тірісінде-ақ түскен Құрман. Жандәрмен, жантәсілім бұлқыныстар. Шындықтың қолына су құйған ойдан шығарылған қисындар. Құрман өзін-өзі жеудей-ақ жеп, ойдан ой қуып есеңгіреген бір сәт. Көз алдында елес қаптап кетті. Осы елесте соғыстан қайтпаған қос бауырынан бірқанша жайдың гәбіне де қанығып қалады. Оқушыға да ғұмыры жұмбақ қалар сыр іш ашады.
«Қайран қазақты» айтатын Нұрханның тұлғасында тұтасқан дәуірлік нышан бар. Күжбан үйіндегі шілдехана. Жазушы Мағира Қожахметова сол түнгі ауыл-үйдің күй-жайын тарауық намазына жиылған жамағаттың қалпымен астастырса, бұл да бекер емес.
«Желпінген жұрттың ризашылығы жаппай батаға ұласты. Тарауыққа жиналатындарды білесің ғой, нақ солардың Аллаға жалбарынып, жайнамазға бүгілгеніндей, жүздеген дауысы бір нақышпен, бір жүйемен үндесе қосылып, біздің, жігіттердің аман-сау оралуын тілеп жатыр. Сол бір тілекті сансыз қайталап, ақырын аят оқығандай топтың нақ ортасында «Қайран қазағын» құстай қалықтатқан Нұрхан» (49-б.)
О дүниелік болған бауырлары өмірдің киесі туралы ұзақ сыр айтқан Құрманға.
Тоқсейіттің жәйі Құрмандікінен басқа. Тоқсейіттің ойы шарлаған иманды кеңестік оқушыны бейтарап қалдырмайды. Иландырады. Иітеді.
«Зарыққанын, сарғайғанын, күйрегенін жеңілдететін күш қайдан, қалай бойына дарығанына қазір өзі таңырқайды. Асылы, кінәсіз, қылмыстан құлантаза екеніңді сезінуден ғана тараса керек мұндай үміт, мұндай күш» (20-б.)
Тоқсейіт тағдырында бәйбішесі Жанғаным, ұлы Қалқан бар. Айғаным, Құрман баянынан кейінгі Қалқан мен Гүлсән, олардың өзара «ғашықтық» баянындағы бақытсыз түйін тіксіндіреді. Жазушы ар, иманға ұйытып отырып, өмірде болған қайтусыз бұзылулардың зауалын біртүрлі суық үреймен төндіре, жақындата баяндаған.
Гүлсән күйеуі, балалары бар жас келіншек. Бір белгісіз дүлей күш оны көп жыл отасқан жарынан әлі перзент сүймей жүрген, ауылға сыйлы, көрнекті азамат, Тоқсейіт пен Жанғанымның ұлы Қалқанға ғашық етіп қойған. Көңілін жігітке өзі білдірді. Тас-талқан ашумен жазғырып, жер-жебіріне жеткен Қалқанды қайткенде де өзіне қаратты. Ақыры… Аяқасты орын алған опат. Гүлсән мен күйеуі Сапар ұлдары Сайраннан айрылды. Қалқан, жары Сана тұңғыш перзенттерін көтеріп жүрген ел ағасының аяғы кесілді. Оған шейін… оған шейін Қалқанның әкесі Тоқсейіт орманға барған.
«Құдайға құлшылық ету үшін тым құрығанда жүз, мың адамға жақсылық жасау керек сияқты» (77-б.) Бұны Тоқсейіт айтады. Бөрікті қарағайды көріп қайтуға шыққан Тоқсейіт. «Беті қалың, жанары суық» Меңтайды көрген, өзгерген Меңтайдан тіксінген Тоқсейіт. Сонау бір жылдарда…
Шығармада жазушы кейіпкердің ағынан жарылуына бой тасалап айтылмаған шындықтарды айтқан. Екінші дүниежүзілік соғыстың талай сұмдығы баян етілген. Алайда Тоқсейіт, сол кейіпкерінің аузына сөз салған қаламгер Мағира Қожахметова айтатын мына бір ақиқат айтылмаған сияқты.
«Әлі есінде, Рыбинскінің маңындағы лагерьде, дәл сол жылдары аспаннан немістің истребительдері ұшып, қап-қап азық-түлік, листовкалар тастайтын (90-б.)
Айтылмаған сияқты.
«Жер қазады, ұзындығы сегіз, көлденеңі бес километр каналдың ауқымынан, жүз метр төмендікте әрқайсына үш текше метр жер қазасың деп тапсырды. Орындағанына күніне бір килограмм нан береді. Тас, бетон, қайла, қашау, күрекпен ертелі-кеш дамыл таппай жұмыс істейді. Норманы қайдан орындасын, тастай қатты бұ жердің ерекшелігі – бір сантиметрі жүз сексен килограмм салмақ көтереді. Қанша күшенгеніңмен, тырысқаныңмен былқ етпейді. Жарып жатқанның өзінде сәл ғана үгітіледі, сөйтсе, каналды әдейі осындай жерден салады екен, мұны кейін білген» (91-б.)
Бар құбылыс Аллаға апарып соғады. Қатер билеп ғұмыр кешетін, арқасы босамаған адам-пенде. Әлеуметтік шер. Азған ұрпақ. Күйреу. Әлемдік сөз өнері адам құқын бұлдап жасампазданған. Қор болғандар мен қорланғандар сынды екіұдай жаңылтпаш ұғымда жасайтын адам ғұмыры. Бальзак романдарында сорғалап тұратын адамның көз жасын «Жантәсілімнен» көргеніміз қуантты.
«Жантәсілім» романының жеке тараулары келесі тараудың басталуымен аяқталғандай әсер тудыратыны мақсатты түрде қисындалған айрықшалық деуге болады.
Тарау атаулары қысқа бір өлең желісін құрап тұр бір қарағанда.
Қартты мүжіп ой, нала / Ызғар шашты сай-сала / Зарла, мейлі айғайла / Ығына жел ұшырған / Ажал, апат айнала / Ноқтаға сап сау басын / Ар адыра қалғасын / Сөніп шамы, шырағы / Ыза, қайғы-тұрағы / Басынан бақ тайғасын / Әуреге бір салғасын / Тағдырына нәлет деп / Иман ұшты, жан қасым / Медет тіле, қарғашым / Аруақтар жебей гөр / Алла жалғыз қолдасын.
Алыстағы Бұғылы жұрты. Әркім өз отбасы, өз әулетінің тағдыр-талайымен күн кешіп жатқан ауыл-үй. Жазушы саяси жүйе сергелдеңге салған адам тағдырларына Құрманның, Тоқсейіттің, Итемгеннің, Көпжасардың үй-ішілік баянында қайырылып соғып отырған. Заман тоздырған қайран өмір бар бұзылған сиқымен, жасырып, жабуға келмейтін ауыр күйігімен көз алдыдан өтіп жатыр.
«Он жыл, жиырма жыл аралатып, заңдылығын, шартын өзгертіп шыға келетіні, ес жиғызып үлгермей, он, жиырма жылдан кейін тағы да өре түрегеліп, тағы да бөлек заң, бөлек шарт, бөлек ереже ойлап таба қоятынымыз қалай. Жұртты ауыл-елінен әдейі айырумен, қастандықпен пара-пар ғой мұнымыз. Жүз жылмен, мың жылмен шыңдалған жөн-жосық, әдет-салт қайда. Ауылыңның ауыл, жұртыңның жұрт екенін айқындайтын дәстүрің, ғұрпың неліктен он жыл, жиырма жылдан кейін өзгеруге тиісті, неліктен?..» (81-б.)
Автор Тоқсейіттің ой ағынына түсіп, ауылдың түгін қалдырмай бұзған құбылмалы заманды аяусыз жазғырады.
Кейіпкер мың-мыңдап мал өргізген ата-жұрттағы айтсаң таусылмас апаттарда ғайып болған ауылдың киесін, адамның құрыған өмірін жоқтайды. Заманға зар айтады.
Шығармада құбылмалы уақыттың құрбандығына шалынған адам өмірлері, қилы характер, мінез, этникалық, ментальдік айрықшалығы, не дегенде де, әлі де, жұрнағы қалса да, сақталып отырған ауыл адамының тұтасқан образы сомдалған.
Айдауды, аштықты, аяр қаттылықты, жатбауырлықты бір халықтай-ақ көрген қазақ баласы, қандай сәтте де Алладан медет сұраған жан иесі.
М.Қожахметованың «Жантәсілім» романы кеңестік социалистік реализм әдісінің шарттарында жазылған болса Бұғылының өмірі мүлде басқа, кемелденген социализм ырқында мазмұн түзер еді. Шығарма әдеби дамудың әлемдік озық тәжірибесінде айғақталған ақиқаттарда өмірге келген. Ұлыбритания тарихының дәуренді кезеңдері, постотарлық кезеңнің әдеби дамуға ықпал-әсері жеткілікті баяндалған «Әдебиет теориясы» антологиясының ІІІ кітабындағы ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы қазақ этносының қалпы барынша баяндалған «Жантәсілім» романына, осы мәндес постотарлық аңсарда туған шығармалар ашылатын теориялық түйін-тоқтамдар не айтады?
«Империялық майданның нәтижесінде көптеген әдебиеттер дүниеге келді. Отарлаушылар мен отарланушылар арасындағы шиеленістер қызғаныш пен жағымпаздықтан, үрей мен реніштен тұратын жаңа әдеби мектептің қалыптасуына ықпал етті. Империялық майдан шебінің бір жағында Эдуард Морган Форстердің «Үндістанға сапар» (Passage to India) және Редьярд Киплингтің «Ким» (Kim) еңбектері тұрса, оның екінші жағында Джин Ристің «Шексіз Саргасс теңізі» (Wide Sargasso Sea) мен Ямайка Кинкейдің «Шағын мекен» (Small place) еңбектері орналасқан. Әрбір отарланған ұлт империялық тағдырын баяндайтын немесе ұлттық және мәдени бірегейліктің (identity) постимпериялық түсінігін анықтап беруге тырысқан өзіндік әдебиетін қалыптастырды. Осындай еңбектердің арасынан Воле Шойника мен Нгуги Ва Тхионгоның туындыларын айрықша атап өтуге болады» (Әдебиет теориясы: Антология. 3-том (Джули Ривнин мен Майкл Райанның редакциясымен. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 440 б., 238-б.)
Отарлық езгіде болған халықтар әдебиетін зерттеу 1960 жылдардың аяқ шені мен 1970 жылдар басында ағылшын тілді зерттеу институттарында қолға алына бастаған. Этнос пен нәсіл тақырыптары өзекті жаңа әдіс ретінде пайда болады. Бұл мәнде қазақ әдебиетіндегі отаршылдыққа наразылық таңбаланған лайықты көркем туындылар арнайы тұтас, кешенді зерттеу нысаны мәнінде әлде де қағаберіс қалып отыр.
«Байырғы америкалық халықтар әдебиеттануының зерттеле бастауы 1968 жылғы Н. Скотт Момадейдің «Күн шапағынан жасалған үй» (House Made of Dawn) атты мақаласынан кейін басталған байырғы америкалық халықтар ренессансын (renaissance in Natisee-American literature) зерттеу уақытына сәйкес келді. 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардың басында америкалық үндістер қозғалысы байырғы америкалықтарға ұзақ уақыт бойы көрсетілген қысымға назар аудартты. Байырғы америкалық халықтың қиындықтары англо-америкалықтардың қажеттіліктері мен тауқыметтерінің себептерінен туындаған еді. Кимберли Блойзер мен Паула Ганн Аллен сияқты алғашқы жазушылардың туындыларының көпшілігі байырғы америкалықтардың мәдениетін, дінін, мифологиялық және ауыз әдебиетін зерттеуге арналды (Әдебиет теориясы: Антология. 3-том, 244-б.)
Отарлық езгіде жасаған жергілікті этнос – қазақ халқының әдеби шығармашылығы Ресей империясы тұсында хатқа түсіп, баспадан шығып, зерттеле бастағанымен, түбегейлі айрықшалықтар негізінен біржақты, билеп-төстеушілік мүддеге бейімделіп сараланды. Кеңес әдебиеті бойынша зерттеулердің жағымды, жағымсыз кейіпкер, социалистік «жасампаздық» ауанында жүргізілгені өз алдына жеке бағыт болғандығы жасырып, жабылатын құбылыстар емес. Кеңестік кезеңдегі әдеби үдерісте орныққан төлтума, баянды, түбегейлі көркемдік кеңістіктің түптөркініне бойлап, зерттеулер жүргізуді жүйе қаламады. Шынайы заманауи туындылар ұраншыл әдебиеттанудың тасада қалдырған құндылықтары мәнінде толыққанды ғылыми саралауларды күтеді.
Әлемдік зерттеу тәжірибесінде орныққан озық танымның басым ұстанымдарына қазақ әдебиеттануы ара-тұра көз тастап қояды. Кейінгі кезеңде модернистік, постмодернистік көркемдік нышандар арнайы зерттеліп, зерделене бастады. Мәселен, бұл мәнде әлемдік тәжірибеде жіліктеп, жіктелген ондаған зерттеу бағыттары қалыптасқан. Қазақ әдебиеттануында кенжелеп қалған постотарлық негіздерді сол тәжірибеде қисындап, дамыту ықтималдығы туралы ойланған жөн.
«Тапанша ұстаған жан» (With His Pistol in His Hand, 1958) атты еңбектің авторы Паредес сияқты, латынамерикалық және чиканолық мәдениеттерден шыққан сыншылар да әдебиетті зерттеу барысында фольклорлық әдіспен шектелмей, өзге де әдістерді кеңінен қолдана бастады» (Сонда, 244-б.)
«Әдебиет теориясы» антологиясының «Этностық, байырғы халықтық, постотарлық және трансұлттық таным» тарауында осы әдістердің зерттеу негіздері бойынша назар аударарлықтай танымдық-ақпараттық деректер мазмұн алады. Шекара концепті, қостілділік, иммиграция, аумақтық, будандық, постструктуралистік, феминистік концептілер бойынша зерттеу үйлесімдеріне мән беріледі.
Осы бағыттағы зерттеу нәтижелерінен алары болғанымен, қазақ әдебиетінің тарихи даму алғышарттарындағы поэтикалық төлтума дара негіздерде әлемдік постотарлық әдебиетте баламасы жоқ айрықшалықтарға мән берілуі; және теологиялық тұрғыдан зерттеу өзектілігіне ден қойылуы міндет.
Қазақ елі – отар болғанда да Ресей империясы, кеңестік жүйе сынды саяси қондырманың тепкісіне көп түскен ел. Оның әдеби мұрасында қолдан жасалған қырғын – ашаршылық аярлығы; нақақтан күйіп айдалу, атылу ақиқаты, не дегенде де таңбаланды.
Бейімбет Майлин кеңестік жүйенің «жыршысы», Мырқымбайдың «жақтасы» бола тұра, ел басына түскен аштық нәубетін бір әңгімемен-ақ айдай әлемге жар етті. Қу сүйек болып далада қалған, аштан өлген халық әлемдік постотарлық әдеби шығармашылық тәжірибесінде кездеспейді деуге де болады.
«Баяғыда құрбандыққа мал ғана шалынатын, ал бізде адамдар қырылды» (Қожахметова М. «Жантәсілім». Роман. – Алматы: «Ана тілі», 2002. – 288 б., 13-б.)
Бұғылы басынан ел басынан өткеннің бәрі де өтті. Аласапыран, күйсіз өмір табандап отырып бұл ауылдың адамдарын да абыройдан, ардан ада қылған. Итемген шал кешегі шолақ белсенді, өзі де мәніне түсіп ұғынып жарытпаған өмірінің көбі кетіп, азы қалған шағында кемтар қызының қолында күн кешіп жатыр. Қарағайдай ұлдардан біртүрлі қайыр күтпейді. Бәтуасыз, берекесіз ұрпағына несіне өкпелейді – өз жемісі.
М.Қожахметова киесі қашқан ауылдың қуыскеуде күн кешіп сабылып жүрген адамдарын бейберекет бақытсыздықта аямай әшкерелейді.
Атасын адам ғұрлы көрмей шаптығып сөйлейтін келін Итемгеннің келіні ғана ма екен. Ендігі ауыл әйелдері ызалы. Ашынған. Біртіндеп бұзылған күй, қайта оралмайтын, баяғыда қашқан құт бұлардың әйелдік қалпын бұзған.
«Алғашында Итемген келінінің не айтып, не қойғанын ұқпай, жүзін тілгілеген сөздерден есін әрең жиған. Өзінің де тақ-тұқ жауап қатқанына енді таңғалды. Аталы-келін екеуінің бір-бірінен ұялмай, шімірікпестен бет жыртысқандарына ешқайсысы да қысылмайтындай» (Сонда, 97-б.)
Кесір келін бір Итемгеннің шаңырағында емес. Ауыл-үйде екінің бірінің басындағы күйге айналған сияқты. Тек десең тегі, кісілік десең кісілігі жалпақ елге өнеге болған Айғаным бәйбішенің келіні Шекер Итемгеннің келінін жолда қалдырады дерсің.
«– Кеңес ызадан жарыла жаздады, келіншегінің қайта-қайта «мола» дегені жанына батыңқырап кетті. Өзін қатынмен қатын болмайын деп қанша зорлағанымен, әттең, шыдамады. Ішіндегісін бүкпесіз ақтарып келіншегін дөрекі сөзбен сыбап алды» (113-б.)
Кеңес балалар үшін деп сүріп жатқан берекесіз отбасылық өмірін жануардан да сорақы бір мағынасыз жабайылыққа балаған. Мағира Қожахметова өз кейіпкерлерінің өмірдағдысындағы осы әбден ыдырап, бүлінген адам болып өмір сүру парызын, ең әуелі, саяси жүйеден де, басқа себептен де гөрі адамның әу бастан беймәлімдікке, бейберекет, іркес-тіркес алдамшы дүние тұзағына түсе қалуға бейім, жаратылыстың шалқар игіліктерінен көр-жермен ғана көңіл жұбатуға, алдамшыға алдана қалуға бейім екіұдай болмысымен ұштастыру ұстанымын «Жантәсілімде» де жалғастырып, жақсы мағынасындағы «тәптіштеу» тәсілінде жазған. Жазушы адамның күйбеңге, күңкілге бейім осал болып кеткенін, жаратылыстан дарыған зор мүмкіндік-игілігін қаперден шығарып, өзін бақытсыз сезіну қорлығына байлап бергенін, адам жаратылысындағы жарық нұр қуатын шалқытып өмір сүру рахатынан неге бас тартқанын тұтас шығармашылық бағытының асыл өзегі мәнінде маңыздандырған.
Мағира Қожахметова өзі бір сұхбатта айтқанындай, жазу машығында қандай да бір ағым, бағыт, жанр, стиль салттарына әуес болмағанын айтады. Алайда, жазған сан тарап мазмұнды шығармаларына қарағанда қаламгерге адам баласының жазу өнеріндегі бай тәжірибе мықтап сіңгені даусыз. Соншалықты жан-жақтылық, кейіпкерін адам құпиясының әр құбылысында талқыға салуында классикалық мұраның мызғымас өнегесі маңызданған. Жазу тәсіліндегі заман ырғағынан туған жаңашыл өзіндік дара сипаттар адамзаттың ендігі жасампаз дәуіріндегі жедел, суретті, ақпараттық, ілгері озған жаңаша ойлау түйіндерімен өзектестікте танылып отырады.
Неге Бұғылы ауылындағы келіншектердің басым көпшілігі Кеңестің келіншегі Шекер типтес? Неге бұл ауылдың ақсақал қарттарының іштен тынған «құпия», уайымы басым? Неге ауыл жігіттері біртоға, тартыншақ, бейтарап көрінеді?
«Ата-әжелеріміздің «құдай өзімді алса да пейілімді алмасын» деген сөзін талай естігенбіз. Кейде «ойпыр-ай, түбі қалай болар екен, пәленшенің ниеті тарылып барады… түгеншенің пиғылын-ай…» тәрізді тіркестерді де құлағымыз шалатын. «Бәрі де адамның өз ниетінен ғой» деп анамыз төңірегіндегі өзгерістерді пейілге, ниетке байланыстырып айтқанда, пәлендей мән бермейтін едік. Жақын жекжат, бауырларының не болса соған тарылып қалғанын байқаса, қатты уайым шегетін» (Қожахметова М. Адам – құпия. – Алматы: Ана тілі, 1997. – 234 б., 14-б.)
Жазушы Мағира Қожахметованың адам баласының «қылдан тайса» тартар тауқыметі тақау тұратынын, зардабын ұрпағының ұрпағы тартар зауал келетінін мұсылмандықтың шарттарында, қазақ халқының этникалық болмыс-бітімі қалыптанған дәстүрлі ұстанымындағы діни-рухани негіздерде байыптауы қазақ сөз өнеріндегі кеңестік жүйе шорт кесіп, түбіріне балта шаппақ болған тұрақты, тұғырлы рухани желіге қайта оралудың баянды бағыты болды.
«Жантәсілімде» барлық келеңсіздікті кеңестік саясатқа ығыстыра салмағанымен, тұтас бір этностың тұғырлы тарихи, аксиологиялық мазмұнына бұл жүйенің қазақ өміріне ұр да жық, ұшпа болып көрінгенімен, адамды адамшылықтан айырудың аяр, аяусыз міндеттерінде сауатты, жүйелі әрекет-күреспен араласқаны қайтусыз тарихи қатыгездік, адасу факторында ашылады. Сонымен қосақабат адам-пенденің Алланы ұмытып, содан барып өзін де ұмытуы, өзгені де ит құрлы көрмеу бақытсыздығы сәт сайын қилы өмір көріністерінде әшкереленіп отырады.
«Ойдың, пиғылдың құдіреті шексіз. Сана сезімнің деңгейі, ең алдымен, соған байланысты. Ой, ниет адамның тұтастай тағдырын билейді, бүкіл тіршілігімізге өктемдік етеді. Жан мен тәннің азық түліктен, сыртқы ортадан ғарыш, жұлдыздардан алатын қуатын ұдайы жақсылыққа бағыштау қайдан оңай болсын. Пиғылды ерікке бағындыру да дәл солай. Асау аттай атойлап, бабын таппасақ, ішкі пейіл дегеніңнің тізгінін ұстатуы қиын. Бабаларымыз мұны асқан сақтықпен, парасаттылықпен түсінген. Жақсылық, жамандық атаулыны пейілдің түр-түріне орай анық та дәл ажырата білген. Тірлік мазмұны қазақ көзқарасында пейілмен, ниетпен өзара ұдайы өзектес. Жеке құлқынның құлы болмауы, барын төңірегіндегілермен бөлісуге бейімділігі, қызықта да, қазада да мал дүниесін шашып, ештеңе аямайтыны пиғыл-қасиеттің жаратылысынан қанына сіңгенінен шығар, кім білсін. Әйтеуір қандай тағдыр кешсін мейлі, соның себеп-салдарын қазақтардың пейілімен астастыруында асқан көрегендік бар» (Сонда, 15-б.)
Мұсылманшылық, адамшылық шарттарында жасаған сөз өнерінің бояуы солғындап, бағыты бұзылғаны өтірік емес.
Саяси қаһарлы, өктем өкімет үстемдігі қазақтың жанын, дағдылы, қайталанбас өмір салтын өзгертуге бар күшін салды. Тұнығын шайқауға дендеп кірісті. Дегеніне жеткені аз емес.
Бұғылы ауылының ХХ ғасырдың 70-жылдарындағы қалпы осыған айғақ. Бұл ауылда атамзаманнан іргесін сөкпей келе жатқан Ауыл институтының енді аты қалған, заты бұзылған.
Бұғылы – қазақ ауылының белгілібір тарихи кезеңдегі тұтастырылған қалпы. Оның тұрғындары не тапса да ниетінен тапты деу – обал. Бір мәнде ниеті, пейілі бұзылғаны, кісіліктен кетіп, бірінің көзін бірі шұқығаны – сұмдық уақыттың ғана өткіншісі де емес. Адам баласының сайтанның жетегіне ілесе кетуге ынтық жаны сірі нәпсіқұмарлығының таңбасы де айқын. Жазушы онсыз да қалт-құлт, сынағы шаштан көп дүние-жарықтың саясат былғанышына батқан қасіретін аяусыз, бар тұсынан көркем шығарма қалпына сыйғызуды көксейді. Шеркөкіректі жылумен, жарықпен жібітуге ынтығады.
«Ұрпақтан ұрпағына жалғасатын аурулар бар. Жағымды қасиеттер ата тек, генетикалық код арқылы қалай берілсе, жағымсыз жәйттер де солай беріледі» (16-б.)
Адам құпиясын арқау еткен шығармашылық кеңістікті зерттеудің кезеңдік, дәуірлік теориялық бағыт, мектептерін кең шолып зерделеу үлгісін осызаманғы өзектілігінде қисындаған «Әдебиет теориясы» антологиясындағы жеке сыншы, зерттеушілер еңбектерінде Мағира Қожахметованың қазақ әдебиетінде дәл сол мағынасындағы жаңашылдық мәнімен көрінген «Жантәсілім» романы сынды шығармалардың көркемдік негізіне тиесілі пайымдаулар да мазмұндалған.
«Адам өмірі мен айнала қоршаған биологиялық тіршіліктің аражігі қай жерден өтеді? Біз өмірді мұндай шекарасыз және адамдарды тіршілік ортасымен я болмаса жануарларды адаммен байланыстырып, өмірді үздіксіз қайталау циклі арқылы материяны басқалармен салыстырғанда, артық та емес, өзектес те емес айырма деңгейіндей көретін өзара тәуелді тұтас орта (contineum) ретінде қалай қабылдаймыз? Постгуманистік көзқарас тұрғысынан қарастырғанда, мұхит пен жағажай сызық та, шекара да, қарама-қайшылық та емес, бұл – материяның әр алуан формасы, жуан немесе жіңішке молекулярлық күйдің контрасты» (Әдебиет теориясы: Антология. 3-том (Джули Ривнин мен Майкл Райанның редакциясы. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры, 2019. – 440 б., 36-б.)
Мағира Қожахметова «Жантәсілімде» қосақабат алып отырып, адам құлқын өзгертпей қоймайтын озбыр отаршылдық жүйенің нақтылы бір этностың бірегейлік қалпына соқтығу зардаптарына баса мән береді.
«Отаршылдық ешқашанда бірмәнді болған емес, бірақ мұндай көпқұрамдылық пен салыстырмалы бірегейлік оның салдарын тіптен шиеленістіре түсті. Отаршылдар империялық біртектілікке сіңістіру мақсатында өздерінің мәдениетін мүлдем басқа мәдениетке барынша теліп, өздеріне ессіз еліктеуге мәжбүрледі.
Үстем топтың біртұтас бірегейлікке деген өктем ұмтылысы билікке деген әрқилы наразылықты туғызды, өйткені мұндай талпыныстар ерік пен ішкі қалаудың қандайына болсын қайшы келетін үрдіс болатын. Этностық мәдениет өкілдерінде көбінесе табиғи еліктеуден гөрі, ишаралы мысқыл басым шығып жатты. Кейбірі өздерінің сынақтан өткен тәжірибесі мен ана тіліне негізделген байырғы, көбіне ауызша мәдениет немесе фольклорлық ұлттық мәдениеттің идеалдарынан пана іздеді. Оған алаңдаудың мәні мынада болатын: тіл – жалпы ұлттық дүниетанымның көрінісі, сол себепті империя тілін қабылдау, шын мәніне келгенде, империализмнің дүниетанымын, өз мүддесіне қайшы келетін барлық өктем, жымысқы пиғылдарымен тұтас қабылдау деген сөз еді» (Райан Майкл. Әдебиет теориясы: Кіріспе. – Алматы: «Ұлттық аударма бюросы», 2019. – 292 б., 200-б.)
Бұл отарлаушының аса қатпарлы, күрделі бейімдеу ынтасын «Әдебиет теориясы» көптомдығының кіріспе кітабында Майкл Райан келтірген пікірлер. Майкл Райан осы тұста Ресей, Кеңес отаршылдығының діни ұстаным құқына қол сұғуы сынды ұстанымын ескеріп отырмағанын көреміз. ХІХ, ХХ ғасырлардағы жергілікті халықты шоқындыру саясатының рухани салдарлары туралы арнайы сөз қозғауға Батыс әдебиеттануы құлықсыз. Қағаберіс қалдырып отыратыны шет жұрттар үшін бұл мәселенің көкейкестілігі болмауынан деп ойлаймыз. Басқа да астыртын ағыс, себептері бар болуы бек мүмкін. Отаршылдық және отаршылдықтан кейінгі рухани-көркемдік аңсарлар қазақ әдебиеттануында кенжелеп қалыптасып келе жатқан бағыттың бірі.
Мағира Қожахметованың «Жантәсілім» романында отарлық езгіден қалпы өзгерген жұрттың дәстүрлі өмір салты мен заманауи үрдістердің қақтығысы, қайшылығы бастан-ақ, қосақабат, адамның жан күйіне тиген уақыт пен саясат әсерінде қатар екшеледі.
Романдағы Құрман, Тоқсейіт, Итемген сынды әкелер мен олардың Кеңес, Қалқан, Кенжеболат, Көпжасар сынды балаларының басынан өткен қилы жағдайлардың арқауында өткен мен бүгіннің, замана ағысының адам тағдырын билеп-төстеу еркі; жеке адамның қилы сәттегі жан толқыны ішкі, сыртқы күйі арқылы көрініс тауып отырады.
Кеңес өкіметін «құрып» жүрміз деп көп құндылықты құртып алған буынның өкілі Құрман – саяси жүйенің құрбаны. Отбасылық ырың-жырың, ендігі, зауал шақ жақындағандағы жан алаңы – уақыт шындығы.
Тұтас бір уақыттың аясында белсеніп «жау» аулаған, аштық көрген, соғыс жалмаған, алма-кезек ауыса беруі таусылмайтын саяси жүйе ойынынан жүйкесі жұқарған Бұғылы ауылының ендігі тұрғындары тақыр жерде қалғандай тірліктен біртүрлі жерінетіндей. Ауыл-үй бұрынғы береке, дәуренін жоғалтқан. Тіл бұзылған. Ой бұзылған. Шылқып отыратын игіліктің орнына қуаяқ бір бақытсыз тобырдың күйбең, күйкі тірлігі орныққан.
Әлемдік романшылдықта отарлық езгіде қалған этнос өкілдерінің таңбалы тағдыры сан қырын ашып баяндалады. Мағира Қожахметованың «Жантәсілім» романын бір мәнде Элас Манроның «Тағылық мекені», Тони Моррисонның «Нағыз көккөздің өзі», Киран Десайдың «Тоналғандар мұрасы», Луиза Эрдрихтың «Дәрігерлікке құштарлық» сынды романдардың талдану, талқылану тәсілдерінде саралап көру ойға келді.
ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарында жазылған «Жантәсілім» романын тұтас бір саяси дәуір құшағындағы қазақ ауылының әдеби портреті десе де болады.
Бұғылы тұрғындарының өмір салты, жеке тұлғаның жан алаңы, ішкі күйі, төбеден төніп тұрмаса да халықтың этникалық айрықшалықтарын, салт-дәстүрін ту-талақай еткен, аннан-мұннан құралған қоспа дәстүрмен алдаған қайтымсыз қайырсыздық.
Жазушы Мағира Қожахметова «Жантәсілім» романында отарлық езгі зардаптарында қалыптанған бір замандардағы қалпы да, салты да өз өмір дағдысымен біте қайнаған жұрттың жаппай ішімдікке үйір, атаққа, мансапқа арын айырбастауға бейіл, жалған жүйенің отыр, тұр үкіміне бейім, кішілік ізеті, үлкендік ілтипаты қызыл кітапқа енетін деңгейде ғана сақталып, әйтеуір ілдалдалап, діні де, тілі де жұлма-жұлма болып, талапай көрген, таусылып бара жатқан жұрттың қасіретін кескіндейді. Бұл роман қазақ әдебиетінде аз жазылған әлеуметтік роман жанрындағы туынды. Шығармадағы қазақы болмыс, кейіпкерлер тасасында тұратын типтік тұтастық – жазушы табысы.
«Жантәсілім» романының атап айтылуы тиіс көркемдік айрықшалықтары бар. Автор әйел адамның отбасы шырқын бұзар жағымсыз әдеттері туралы басымдау жазады. Жолдан тайған, жүріске салынған, бейпіл сөйлейтін ауыл әйелдерінің бірі Гүлсәннің баласы Сайраннан айрылып қалуы тітіркендіреді.
Қанипаш МӘДІБАЕВА,
филология ғылымдарының
докторы, профессор





