ШЫҢҒЫС ХАН

Айсұлу ҚАДЫРБАЕВ

Дастан

 

Ұшар дәурен басымнан жыл құсындай!

Келешек тұр мылтықтың ұңғысында-ай!

Әттең дүние! Атой сап, бар түрікті

мұсылманның жинайтын Туы астында

тағы бір ұл туса-шы Шыңғысымдай!!!

 

Қабағында қара бұлт күркіреген,

Қалың әскер соңында дүркіреген,

еш бір пенде Шыңыспен тең түсе алмас

он сегіз мың ғаламның қағидасын

астастырған тұқымы түркіменен!

 

Он сегіз мың ғаламым – Тәңірімнен!

Тәңірімнің “Бол!” деген әмірінен!

“Болма!” дей ме?! – Ғайыппыз! –

                                    Қас-қағымда

дүние біткен қақырап жүре берер

сөгітіліп жік-жігі әдібінен!!!

 

Сол дүниенің сен де бір тетігісің!

Жүректегі иманың – бекінісің!

Бекінісің барында саспа, мүмін! –

келе жатқан ұрпақтың қағырадай

қамалы – сен! Тапжылмас кепілісің!!!

 

Жұмысым жоқ есеп пен қисабында! –

Мендік мақсат – ақиқат мисалында!!!

Адам ата, Анамыз Хауанадан

бермен қарай түзілген түп шежірем

қаттаулы тұр Құрани исламымда!!!

 

Өлшенбейді иманың саныңменен, —

жылжып аққан тамырда қаныңменен.!

Қағидасы Құранның сол болады –

бір анадан тусаң да, туыстық жоқ

ардан безген Құдайсыз залымменен!!!

 

Әңгімемді қозғасам әріректен,

“Тәурат”, “Зәбүр”, “Інжілді” тәлім еткен

бір жүз дағы жиырма төрт мың пайғамбар,

міне, осының бәріне жаббар ием:

“Дін мұсылман – Антың!”- деп, әмір еткен!!!

 

Саңқылдаған дауысы сұңқардайын,

жер тарпыған тұяғы тұлпардайын,

алып тұлға ғұмыры – ғибрат бізге,

Хақ-Тағала жолында, ұран тастап,

Тажалменен алыс Зұлқарнайын!!!

 

Зұлқарнайын есімі – Тариықта!

Аллаһ рақымын жаудырғай ағиыққа!

Насихаты – қаттаулы Құранымда!

Өнегесі – өсиет Тұранымда!

Жан иманым – түюлі тұмарымда!

Тұран, Тұмар, қолымда Құран тұрып,

мен мойнымды өзгеге бұрарым ба?!

                                         Иә, Алла!!!

Ғайса, Мұса, Дәуіт пен Исаларым

Мұсылмандық жолында қиса жанын, –

Нұх, Сүлеймен, Ибраһим, Смайылдай

бабалардың, кім білмес, иман үшін

еткен еңбек, төккен тер – қиссаларын!

 

Тура тартып солардың жолыменен,

Үдері көш – қаптаған қолыменен,

қиқу салған дұшпанға Шыңғыс атты

баһадүрге не біліп, сорлы ағайын,

жібімейді жүректің тоңы неден?!

 

Жауда кеткен әперіп кегіңізді, –

тезге салып тентек пен теліңізді, –

шекпен менен бүтіндеп шеніңізді, –

алшаңдатып бегзада, бегіңізді, –

шиыршықтай ширатып, ширықтырып,

қайта тартып босаған беліңізді, –

«Халық» атты белгілеп  еніңізді, –

жұдырықтай, бір жерде жұмылдырып,

қосып кеткен қатарға еліңізді  –

                                 сол Шыңғыс хан!  –

                                 Мойында-мойындама!!!

Шарпып өтіп шалғайы Шыңғыс ханның,

айтшы, қане, қор болған жеріңізді?!  –

Ту көтеріп Шыңғыстан тапқан ұлың,

дүр сілкінткен жоқ па еді, тегі, бізді?!

Келер Ұрпақ!!!

Шегелеп саған айтам:

Таразының басында – Шыңғыс Қаған! –

Барша мұрат-мақсатың сол бабаңның

жыюлы тұр бойында, сенің, ізгі!

Сол Шыңғыстан ізде сен, іздей қалсаң,

тепкілесе үзілмес «Қазақ» атты

тегеуріні темірдей тегімізді!!!

 

Қара қазан, қалың ел – қарауында! –

Дүниенің ісі жоқ талауында!

«Құдай – жалғыз!» «Құран – шын!» –

                                           құрамды сөз –

жауға шапса, жарқ та жұрқ найзағайдай,

жарқылдайды Шыңғыстың Жалауында!!!

 

Тарих – теңіз. Сүңгі өзің тереңіне, –

ілігерсің деректің керегіне!

«Түрік», – десе, түрпідей жиырылып,

теріс қарай ағызар қара суды

ғылымыңның шетелдік берері не?!

 

Үш ұйқтасам, түсте жоқ Голланыңа,

Әмрикаң, Әңглия, Алманыңа,

Францияң, Қытайың – қалғанына

менің тегім не керек, тінткілеп,

бір-ақ мақсат – бәрінде, жалғыз-ақ шарт, –

адастырып ақ жолдан, біз сорлыны,

қайткен күнде түсірмек қармағына!!!

 

 

Жел сөзің мен ісім жоқ таласыңда!

Түбі ақиқат жеткізер қарасынға!

Сандырағы дұшпанның неге керек?!  –

Ар-ұжданы Түріктің – Жасыл Байрақ

Оғыз Хан мен Шыңғыстың  арасында!!!

 

Айтқан сөзі халқының зиянына,

қалды қандай қасиет зиялыда?!

«Шыңғыс!» – десе, Қытайға жүгіреді,.. –

етек-жеңі далиған қайран Бабам

қоржынына қытайдың сыяды ма?!

 

Жазған тарих тарих па сұрастырып,

аннан-мыннан жоқ-барды құрастырып?!  –

«Шыңғыс!» қылам десеңіз Шыңғыс ханды,

түріктіктің төңірегін түрткілемей,

тұтас қара Алланың жолындағы

мұсылмани күреспен ұластырып!!!

 

Бір Алла аты – Шыңғыстың Ұранында!

Болат тәртіп! Ол тәртіп – Құраныңда!

«Аллаһу акбар! Аллаһу акбар! Аллаһу акбарлап!»

азандатқан дауысы Шыңғысханның  

ұйқысынан оятып қалың жұртты,

азынайды дүниенің құлағында!

                                         Иә, Аллаһ!!!

Жиылмайды, оу, жұртым, неге есіңіз?!

Кім не десе, бас шұлғи бересіңіз!..

Қараңғылық шегі – сол – бұл Шыңғысты:

«Пұтқа құлай табынған кәфір!» – десе,

аузыңды ашып, оған да сенесіңіз!..

 

Не гәп менің тәптіштеп қоймауымда, –

қызыл сөзді ермек қып ойнауым ба?!

О, жоқ, жұртым! Санаңа салдым қозғау… –

Қал қимылдап! Қазына тұнып жатыр

мұсылмани Шыңғыстың қойнауында!!!

 

«Шыңғыснама» айналса қазығына,

ғылымның да жетеді ол азығына.

Құдай оңдап, бас қосса барша түрік,

Ергенекон – Алтайдан бастау алған

тартар шеру жорығы мұсылманның,

Дешті-Қыпшақ ұласып жазығына!!!

 

Сөздің нем бар тумайтын қысырында! –

Бибарыс Хан қайдан жүр Мысырыңда?!

Батыс жаққа ұзатрқан ұғымымды

болмас ұмыт қалдырсам Тұғырымды!

Тарамады қай жаққа тамырымыз,.. –

Үнді елінен не іздепті Бабырымыз?!

Сал осыны санаңның салмағына,

жол табасың өзің-ақ қалғанына. –

Не қасиет – Шыңғысқа дейінгіде, –

сол қасиет – Шыңғыстан кейінгіде!

Тұраның да, дәулети Османың да –

Шыңғыспен бір тарихтың тостағында! –

Түп шежірең шешілер Шыңғыс ханмен 

аты аталған баһадүр батырлардың

бір арнада бастарын қосқаныңда!!!

 

…Бәйтеректің тамыры – түбірінде. –

Түбіріне зердемен үңіліңдер!

Шыңғыс – ақыл! Шыңғыс – күш! Шыңғыс – батыр!!! –

Жалпақ әлем әскері, дүр-Жиһангер 

Шыңғыс Қаған алдында жүгініңдер! Жүгініңдер!!!

 

…Әңгімемнің зейін қой әрісіне, –

Түсінерсің сөзімнің мәнісіне!

Құй санаңа! Сал құлақ! – Ойлан, бауырым! –

Бұл дүниеде тең келер еш әдіс жоқ,

Шыңғыс ханнның соғысу әдісіне! –

 

Шыңғыс бабаң «Аттандап!» «Аллғадайлап!»

Отқа түскен «Отан!» – деп, қарғадайдан!

Ақыл-қайрат Құдайдан дарымаса,

шегірткедей қаптаған қара қытай

сол заманда-ақ жер бетін жалмамай ма?!

 

Ана-жатыр жаралып қуысында,

кек түйіліп темірдей уысында,

жауда кеткен ақысын даулай туған

бұл Шыңғысың –  Жалғыз ұл! Жалғыз тарлан

түрік деген тұқымның туысында!!!

 

Кең жаһанды Бабамыз қоныс қылған.

Қоныс үшін қанқұйлы соғыс қылған!

Шыбын жаннан түңілтіп кәфірлерді, –

дінін берік тұтынған мұсылманмен

ниет қосып, тілегін тоғыстырған!

 

…Сөйлеп кетсем, өлең сөз жосыла ма?

Аярлықтың бет-жүз осыла ма?!

Ақиқатқа соқпаса Бабам ісі,

қол бастаған сан батыр, бас иіп кеп,

өз еркімен Шыңғысқа қосыла ма?!

 

Кәфіріңді жанынан түңілдіріп,

бір Алланың алдында жүгіндіріп,

атой салған ұрандап, Дін-Мұһаммед

Пайғамбардың Шыңғыстай хас сарбазын,

уа, халайық, жатырсың бүгін біліп!

 

Көңіліміз жарасып осындайда,

пікіріміз бір жерден қосылғай да!

Ұстанымы Қаһанның Шыңғыс атты –

Құл-Ахмет сап берген Ясса жолы. 

Ендігі айтар әңгімем осы ыңғайда:

 

Иәәә, хабар беріп санаңа ақыреттен,

қиялдағы қиырды жақын еткен

ғалымдардың ғалымы шоң ғұлама,

ғибрат болар кейінге Шыңғыс ханның

берік тұтқан Одағын Ахметпен.

 

Ахмед-құл-Яссауи Кемеңгерім!

Ол ақиқат жолында не көрмеді?!

Тұңғиық сыр болмаса тұнып жатқан,

Пайғамбардың жасында белді буып,

қара жердің қойнына енер ме еді?!

 

Ол кездегі имани қалып күшті.

Ата-Бабам ұстанған салт күшті.

Әмірімен Алланың Қожа-Ахмед

қалдырмаққа мәңгілік, сол мұраның

түп тамырын тереңге алып түсті.

 

Түп тамырын тереңге алып түсті!

“Аллаһу! Аллаһайлап!”- зікірін салып түсті!!!

Қақ айырылып қара жер, –  қойнауына

әулиемен ілесіп Яссауидей,

көз қарыққан керемет жарық түсті!

 

Жердің асты – мәңгілік түнгі аймағым,

жүре берді жарқырап күнге айналып!

Он сегіз мың  ғаламым дөңгеленді,

Құдайы жол – Құрани  пәрменменен,

Қожа-Ахмед Яссауи Күнді айналып!

 

Шашты Күнім әлемге шұғыласын!

Жазбай танып мүмінім Құбыласын!..

Бабам орнын өзгеден бөлек қойсам, –

оның сырын осы бір жыр-датанның

желісінен өзің-ақ ұғынасың!!!

 

Алла берген осындай несіп болды! –

Жердің асты ғаламат Мешіт болды!     

Мінездегі айығып күліктіктен,

сол Мешітке ағылды түрік біткен!!!

 

Маңдайымның жазылған еншісіне,

жан-дүниемнің айналды ол емшісіне!

Бір жаратқан Алланың рахымымен,

Яссауиді бекіткен Пайғамбарым

“Түрік” атты әулеттің Елшісіне!!!

 

Бұған болмас, сірә, енді таласыңыз?! 

Уәжімді айтқан ақылға саласыңыз! –

Яссауидей Құдайым сүйген құлды

Пайғамбардың ықыласты құшағынан

қалай ғана айырып аласыңыз?!    

 

Ахмедтей бас иіп Бабамызға,

Сараптайық осыны санамызда!

«Қылуетке кеткені – неткені? – деп,

Алла берген  қызықты шектеді!» – деп,

жел сөзге ерген жан болса арамызда,

«Қайт, – демекпіз, – райдан, Раббым өзі

тұрғанында түсірмей сабаңызға!!!»

 

Ой – тұңғиық! Түбіне үңілгенім! –

бүктетіліп аш белім бүгілгенім!…

Кәрі тарих көн көз, сен не дедің?! –

Әлденені айтқандай, еппенен кеп,

құлағымның түбінен күбірледің!..

Күбірледің!!! – Ішкі әлем дүр сілкінді! –

Сірә, ми қабатым қақырар бүгін менің!

                            Иә, Алла!!!

                                          

…Тағы тартам алдыңа тосын жайды, –

“Қайдан табад, – деп жүрме, – осындайды?”:

Моңғолияң қазіргі – Жоңғар жұрты! –

Оу, сондықтан, Шыңғыстың бұл моңғолға

үш қайнаса, сорпасы қосылмайды!

 

Шыңғыс тегін іздесең, – ол моңғолда. –

Дін мұсылман – иманы мол моңғолда.

Оғыз-Бабам ізіме “Аллаһу акбарлап”,

сап түзеген жауынгер қол моңғолда!

 

Ол моңғолың – түріктің бір бұтағы! –

Қадір тұтып, қауымы пір тұтады!!!

Ал, мына моңғол, жылмиған желкедегі –

атын жұтқан жоңғарлар ертедегі!!!

 

Ақиқатта кетпесе аласымыз,

доғарылсын осымен таласымыз!!!

 

…Шыт-шытырман өмірдің өрмегінде

тұнып жатыр не бір сыр! Көрмедің бе?! –

Шыңғыс ханның бабасы – Оғыз Қаған

әмірімен Алланың, әлһәмдулилла,

иманына  жүгінген, антын байлап,

анасының сүтімен, жөргегінде!!!

 

Қол жүгіртіп, дәніккен жиғаныма!

түкірдім мен дұшпанның шимағына!

Бұққан сайын сұғады бұл кәззаптар!

Бұдан әрі үн-түнсіз жата берсек,

Шыңғыс емес, Шыңғыстың бабасының

тиісетін түрің бар иманына!!!

 

Құдай үшін!Сөйлеме, білмегесін!

Шежіре үнін құлаққа ілмегесін!

Мені қалай боқтасаң, олай боқта! –

Оу! Қалай ғана шыдармын, Бабамыздың

шыққан тегін “Кәфір!” – деп тілдегесін?!

 

Иншаллаһ!!!Түбі сенем таңымның атарына!

Қосылармын, қайта, елдің қатарына!

Бір Аллаға аманат – Баба рухы!

Рахым түссе Құдайдан, Лә илләһә ил Алла!

Бас көтеріп, тіл бітер баз-баяғы

түрки жұрт боп тұтасқан  Татарыма!

 

Иә!!! Тіл бітеді татардың малайына.

Жыйыламыз малайдың маңайына.

Күндердің бір күндері сол малайың

қойнауында ғасырдың тұнып жатқан

қатпар-қатпар қаттаулы қазынаны

тарқатады тарих қып талайыңа!

 

Көрерсің сен сол кезде сөйлегенді, –

Шыңғыс жәйлі өй деген, бүй дегенді.

Сүйекте – дақ! – Қорладың аруақты!

Ақырет күн татарсың әлі азабын,..

өңшең азғын түсінбес қой дегенді!

 

… Әңгімемді жөн еді созбағаным… –

Бір ойды кеп бір ойдың қозғағанын!..

Наламенен, қып-қызыл жаламенен,

көрде тыныш жатқызбай, бабалардың

көргенімде рухын қозғағанын,

жаным күйіп, ботадай, боздағаным!  

                                                 Иә, Алла!

 

“Жаббар ием, сақта!” – деп, Жаратқанға

жалынармыз, жан шығып баратқанда! –

Өкініш сол – ол кезгің кештеу болмақ,..

Құдай өзі жиып ап құл пендесін

құзырына еріксіз қаратқанда!!!

 

Жан тәсілім бүгінгі қысылған күн –

Аллам бізге мүмкіндік ұсынған күн!!!

Арашалап пәктігін ғұсыл жанның,

Туын көтер ғалами мұсылманның!!!

Ақыретте Аллаға берер жауап –

«Әлһәмдулилләһи, мұсылманмын!

Әлһәмдулилләһи, мұсылманмын!

                                  Мұсылманмын!!!»

                                         

Кім бар жеткен дүниенің баянына!

Көңілім құлай берілдім баяғыға!

Бабам аты аузымнан түспей қойды-ау! –

Айтқан сөзім Алланың аяны ма?!

 

Көз жасыма ұстаттым еркімді!

Балқып сезім, ет-жүрек ерітілді!

Біздің тамыр – әріде! Алданба, ұрпақ,

Аннан-мыннан жиып ап, әр кімдердің

айта салған сөзіне берітінгі!!!

 

Сөз салмағы – иманның қадірінде, –

бас билігің – Алланың әмірінде!

Тыныштығын бұзбалық! Шыңғыс баба

 ұйықтап жатыр, тыныстап, Лә илләһә ил Алла,

Құбылаға бас беріп қабірінде!!!

 

Көзін ашып өлең-сөз бұлағымның

 “Бисмилләлап!»  – қол жайып, дұға қылдым!

   Бір өзіңе аманат, иә Жаратқан!

   Бейнет кешкен «Ел!», « Жер!” – деп, Бабаларға

   бұйырта гөр рахатын Жұмағыңның!!!

                            Лә илләһә ил Алла!

                            Мұхаммадун – Расул Алла!!!

 

                                        Түркістан қаласы.

2 комментария

  1. Reply
    Көпбосынговорит

    Керемет дастан!

  2. Reply
    не понялговорит

    Шыңғыстың суретін көргем: сақалы да бар, мұрты да бар. Мұрты бар.

Пікір қалдыру