ШЫНДЫҚ  ПЕН ҚИЯЛ

Жаңа жыл баршамызға жақсылық әкелсін, аса құрметті оқырман қауым. «Жұлдыздың» шеберлік мектебіне қош келдіңіздер! Қаңтардың 12-сінде әлем әдебиетінің классигі, адамзатқа «Мартин Иден», «Солтүстік әңгімелері», «Ақ азу», «Теңіз көкжалы», «Темір табан», «Үшеудің жүрегі», «Адамға дейін», «Жұлдыз кезбесі», тағы басқа толып жатқан шығармаларды тарту еткен, қаламының ұшы алтын атақты жазушы Джек Лондонның дүниеге келгеніне 150 жыл толды.
Енді ойлаңыз, осы жазушы әлдебір себеппен өмірге келмегенде не болар еді? Өз басым оның кітаптарынсыз өмірді елестете алмаймын. Ал егер шынымен солай болса ше? «Бұл мақұрым қалмағыма кім жазалы» болар еді? Әлгі кітаптарсыз қалай өмір сүруге болады?! Қолына қалам ұстаған талапкерге жазушылық өнердің қызығы мен шыжығын, азабы мен ләззатын бірдей ұғындыратын «Мартин Иден» романын немен алмастыра аламыз? «Солтүстік әңгімелерін» ше? Көңіліңе кірбің түсіп, жаның жаурағанда осы әңгімелерді оқысаң болды, серпіліп сала бересің. Осыдан жүз жылдан астам уақыт бұрын Жер шарының арғы бетінде өмір сүрген қаламгердің әр сөзінде лапылдап тұрған жалын жүрегіңе от беріп, жігеріңді жаниды, көктемде қайта түлеген қырандай дүр сілкінесің… «Ақ азуды» оқығанда тілсіз хайуанның, жабайы жыртқыштың психологиясын қайдан біледі, қалай меңгерген оны деп таң қаласың. Бауырын жаңа ғана көтерген бөлтіріктің қаһарлы арланға айналғанға дейінгі өсу жолын асқан білгірлікпен суреттеген қаламгердің шеберлігіне сүйсініп, өмірдің қаталдығына, ашкөздердің қатыгездігіне куә боласың, күштінің әлсізге әлімжеттік жасауы заңдылық сияқты көріне бастайды, хайуанаттар әлеміндегі қиянат пен адамдар арасындағы қарым-қатынастың арасына іштей пареллель жүргізіп, «өмір – күрес» деген осы емес пе деп күмәнданасың…
Құдай әділ ғой. Шынымен әділ!.. «Адам деген ардақты ат» деп Горький айтқандай, ізгілікке, ұлылыққа, биіктікке, тазалыққа ұмтылып, әр таңнан жақсылық қана күткен, риясыз махаббатқа шөлдеген адамзаттың рухани қажетін өтеу үшін Джек Лондонды жіберді. «Қазақ та адамның баласы», бізге Абайды берді, Махамбетті берді, Сұлтанмахмұтты берді, Жұмекенді берді. Мұхтарды берді, Әбішті берді, Мағауинды берді. Тағы кімді берер екен?.. Осындай тұлғалар арамызда бар ма қазір? Әлде жоқ па?.. Болса да танымай жүрген жоқпыз ба? Бәлкім танығымыз келмейтін шығар?
Осы төңіректе де ойлану артық етпейді-ау, сірә. Тек сол баяғы керітартпалыққа салынып, іштарлыққа бой алдырып, «ауылдағының аузы сасық», ол кім еді, тәйірі деп көре алмаушылықтың қара тұманы көзімізді тұмшалап жүрмесе болды. Әйтпесе, ағылшынның айтқанын қазақ та айта алады, сөз өнері бізде де жақсы дамыған!
Жарайды, бұл жайында әлі талай әңгіме қозғалар, ал қазір бүгінгі мерейтой иесінің әдебиетке қатысты кейбір ойларына назар аударыңыздар.

Джек ЛОНДОН

ШЫНДЫҚ  ПЕН ҚИЯЛ

Төменде айтылған жәйттер – шындық, тек қана шындық, шындықтан
басқа ештеңе емес екеніне салтанатты түрде куәлік етемін.

Осыдан бірер жыл бұрын, Клондайкқа барар жолдағы күндізгі дамылдау орнында шошқаның етін қуырып тұрғанымда Юконға алғаш жол салған пионерлердің бірі өзінің неден қиналғанын айтқан. Ол кезде мен оған сенген жоқпын. Шіркейден қалай қорлық көргенін айтқанда көзіне жас алып, дауысы дірілдеп кетті, жан қиналысы ап-анық білініп тұрды. Сол бір қанатты жәндіктерден шеккен азабын еске алғанда ашуға булығып, құтырып кете жаздады, өзі білетін бар былапытты солардың басына үйіп-төкті.
Ал ол мықты жігіт болатын. Жеті жылдан бері осы жақта тұрып жатыр. Ұмытпасам, сол күні он бес сағат бойы тоқтаусыз жүріп, елу миль қашықтықты артқа тастағаннан кейін аяқ суытуға аялдапты. Қараңғы түскенге дейін тағы жиырма бес миль жол жүрмек.
Әлгінде айтқанымдай, мен оны танитынмын. Жіггіттің төресі болатын. Қолынан іс келетін адам, мұны бәрі біледі. Соған қарамастан: «Шіркей туралы айтқаны өтірік. Олай болуы мүмкін емес. Алдап тұр мені», – деп ойладым.
Арада төрт ай өткен соң екі жолдасыммен бірге – үшеуміз де қайратты жігітпіз – үсті ашық қайықпен Юконды бойлап екі мың миль қашықтықты жүзіп өттік. Сол кезде қиналғанымыз соншалық, қаншама сабыр сақтауға тырысқанымызбен дауысымыз жыламсырап қана шығатын. Шыжбалақтап, не болса соған күйіп-пісумен болдық. Адам сияқты сөйлесудің орнына қыңқылдай береміз, жігеріміз жасып, жабырқап, шіркей дегеннің не екенін мүлдем білмейді екенбіз-ау деп бір-бірімізге шағымданудан аузымыз босамады. Ал мен Клондайк соқпағындағы күндізгі дамылдау орнында шіркейлер туралы айтқан жігіт қандай ұстамды әрі сабырлы еді деп таңданумен болдым.
Кейінірек, үйреншікті өмірге оралған соң шіркейлерден көрген қорлығым туралы айтып бермек болдым. Достарым жанашырлық танытқан кейіппен тыңдады, біреулері сенімсіздік білдірді, тіптен Клондайкта шындықты айту адами қасиетке жатпайтын болғаны-ау деп ашықтан-ашық мәлімдегендер де болды. Әуелі соның бәріне шыдап бақтым, мән-жайды егжей-тегжейіне дейін түсіндіріп, көздерін жеткізуге тырыстым. Ақыр аяғында бір танысым: «мынауың шіркейлерге қатысты шынымен болған оқиғаны есіме түсірді» дегеннен кейін бұл тақырыпты мүлдем қозғамайтын болдым. Содан бері өзімді адами қасиеттерге бай адамша ұстаймын және жалған айтпайтын жігіт деген сипатымды көрге кірмей тұрып қайтарып алармын деп үміттенемін.
Бұл жерде шіркей туралы айтқалы тұрған жоқпын, ондайға батылым бармас еді. Бұл тек сөзімнің кіріспесі ғана, аздап созылыңқы болып шықса айып етпеңіздер, шығармаларымдағы кейбір жәйттерді сылтауратып, әдеби туындыларымды қайтарып беруден танбайтын редакторлардың не ойлайтынын үғынуға тырысып, кешіріммен қарауымның себебін түсіндірмекпін. Естеріңізде болсын, шындық кейде қиялдан да асып түседі, сондықтан редакторлар мен оқырмандарға ойдан шығарылғандай болып көрінеді.
Бір мысал келтірейін. Бір қызды танитынмын. Алғашқы кездесуіміздің өзі қызық болды. Иен таудың арасында жолыққанбыз. Күндізгі уақыт, күн салқын, түнерген қалың орманнан шықты, қысқа юбка киген, шашы желбіреп тұр, қолында бытырамен атылатын мылтық. Қоян аулап жүр екен, бірақ қолына «Винчестер» ұстап, бұғы аулауға шықса да сөкет көрінбей, бәрі жарасып тұрар еді. Мінезі ашық екен, жалған сыпайылық дегенді білмейді. Атқа мінгенде ковбойлардан асып түседі, сүңгуірлер киімін киіп, судың астына түсуден де тайынбайды, журналдарға мақала жазады (ол үшін қаламақы алады), қызық үшін сахнаға шығып, шотландтардың буырқанған биін де билеп береді. Оның үстіне, кітап оқиды. Менде оның өте әсем жазылған оннан астам өлеңі бар. Табиғат аясында да, таңдаулы қоғамда да өзін еркін ұстайды, мәдени жаңалықтармен жете таныс. Қысқасы, ғажап адам!
Мен оны бір шығармамның кейіпкері етіп алып, біршама жұмсартып суреттедім. Шіркейге қатысты жәйттер есімде ғой, сондықтан шындыққа барынша жақындатқым келді. Өмірде ондай да адам болатынына оқырман күмәнданып қалмасын деп бойындағы қасиеттерін едәуір азайтып, шын кейпінен төмен қылып бейнеледім. Пікір білдірушілер көп кідірмей жауап қатты, тағы да сәтсіздікке ұшырағанымды көрсетіп берді. Шамамен мынадай баға беріліп жатты: «Ондай қыздың болатынына сенбейсің, бірақ ұнамды кейіпкер, мәдениетпен таныстығын да кешіруге болады»; «жазушы өзінің арманындағы әйелді қағазға түсіріпті»; «қыз емес, құбыжық»; «табиғатқа жат жаратылыс, ондайдың болатынына сене алмайсың, әңгіменің соңына дейін шындыққа сай келетін ештеңе жоқ».
Кейде шытырман оқиғалы әңгімелер жазып, жастарға арналған танымал журналдарға жолдайтынмын. Ондай әңгіме жазудан едәуір тәжірибем бар. Балалардың басынан өткен қым-қуыт оқиғаларды бастан-аяқ ойдан шығарсам, баспагерлер оны қуана қабылдайды. Ал егер өз өмірімде болған, басымнан өткен, өз қолыммен істеген оқиғалар туралы жазсам болды, баспагерлер күңкілдеп, бұрқылдап шыға келеді. «Бұл мүмкін емес, – дейді олар, – ақылға сыймайды. Ондай да, мұндай да, басқасы да ешқашан болмақ емес».
Бірде менің тік жартаспен жоғары көтерілу жайында жазған, өз басымнан өткен жәйт туралы әңгімемді басқа да мыңдаған оқиғалар тәрізді жоққа шығарып, іске алғысыз етіп тастағанда шыдай алмадым. «Мен сіздерді түсінуге дайынмын, – деп жаздым оларға, шындығында сол сәтте ашуға булыққаным соншалық, ештеңені түсінетіндей халде емес едім. – Баспаның жайлы кеңсесінде отырып, ой-санам тік жартастың кедір-бұдырына жабыса өрмелеген адамның жағдайына дейін көтеріле алады деп есептейтін адамның ой-санасы ешқашан әлгі жартастың әжімденген қыртыстарын құшақтап, биікке өрмелеуін тоқтатпаған адамның ой-санасындай бола алмайтынын түсінуге дайынмын». Дегенмен олар мендей емес, салқынқанды болып шықты, сынағаныма өкпелеген жоқ; өкпелесе де олардыкі дұрыс. Өйткені, өмірде істеп жүрген нәрселеріңді сол күйі қағазға көшіре салуға болмайды екен.
Бір күні кезбелікке салынған қаңғыбас туралы әңгіме жаздым. Қаңғыбастың бастан кешкендері туралы циклдың алғашқысы осы деп жоспарлап та қойдым, бұл әңгімелердің бәрінің кейіпкері бір ғана адам – әлгі қаңғыбас болуға тиіс. Ондай циклды жазуға дайындығым жетерлік, оның екі бірдей себебі бар. Біріншіден, шамамен он мың мильдей жол жүріп, Құрама Штаттар мен Канаданы түгелге жуық аралап шыққанмын, қарным ашқанда біреулердің есігінен сығалап тамақ сұрап, кезбелікке салынғаным үшін талай рет қамауда отырған қаңғыбастың бірі өзіммін. Екіншіден, кейіпкерім ретінде бір досымды таңдағанмын. Бір үзім нанды бөліп жеп, көшеде бірге түнеп жүрген тағдырласым ғой. Мен оны туған бауырымнан да жақсы білетінмін. Күрделі адам еді, колледж бітіріп, сотта заңгерлік істермен айналысуға құқық беретін диплом алған, Зеноннан бастап Ницшеге дейінгі әлемдік философия алыптарының шығармаларынан деректер келтіреді, саяси экономия мен социология мәселелерін терең зерттеген әрі сөзге шешен болатын, қысқасы, жан-жақты дамыған нағыз кемеңгердің өзі.
Көркем шығарманың кейіпкеріне айналдыру үшін оның тұлғасын біраз өңдеп, шынайы болмысын едәуір әлсіреттім, алғашқы әңгіменің желісі ретінде өмірде болған бір ғана оқиғаны алдым. Сөздің шыны керек, өз басым бұл менің әңгімелерімнің арасындағы ең жақсысы болмаса да ең жақсыларының бірі деп есептеймін. Кейде жалғыз қалған сәттерде жазу үстелімнің тартпасынан сол әңгімемді шығарып алып, рахаттана оқимын, өз-өзіме көңілім толып, осындай ләззаттан құр қалған әлемді аяп кетемін.
Баспагерлердің бұл әңгімені шындыққа жанаспайды деп танығанын айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Оны бір ғана баспагер қолдады. Бұл былай болды. Оңтүстік Калифорниядан шыққан бір жаз жазушыны танитынмын, ол да қызық үшін АҚШ-ты шығысқа қарай қаңғыбас ретінде кесіп өтті. Оны Джонс деп атайық. Сол Джонс Нью-Йоркта әлгі баспагермен кездесіп, өзінің қаңғыбастық тәжірибесінен әңгіме айтып беріпті. Көп ұзамай баспагердің қолына менің әңгімем түскен. Әңгімені жаратпау себебін ол былай деп түсіндіреді: «Осыдан біраз уақыт бұрын мистер Джонспен кездеспеген болсам, Сіздің қаңғыбасыңыз тәрізді кейіпкердің өмірде болуы мүмкін емес дер едім. Қолжазбаңызды қайтарып берген себебім мынау: қаңғыбастың қандай болатынын білмейтін, соның бәрі қалай жүзеге асатыны, адамның қалай өзгеріп кететіні санасына жетпейтін адамдар көп, олар бұған сенбейді ғой».
Қаншама әлсіретіп бейнелесем де менің Қаңғыбасым шынайы кейіпкерге жатпайтын болып шықты, бәрібір шындыққа сәйкес келеді екен. Оның шынайылығына жалғыз-ақ баспагер сеніпті, онда да мистер Джонстың көмегімен ғана, соның өзінде оқырмандар мистер Джонспен таныс емес, сондықтан кейіпкердің шынайылығына сене алмайды деп ашық мәлімдеген. Сөйтіп, алғашқы әңгімені қоспағанда, бұл цикл жазылмастан қалды, әлем де оны жоқтап қайғыра қоймаған сияқты.
Менде ұзақ уақыт бақылау мен тәжірибе жинақтаудың нәтижесі ретінде жинақталған пасторальдық (табиғат аясындағы қарапайым адам, көбінесе, малшы – аудармашы) материал да бар. Өмірде жасы да, дене бітімі де, жынысы да әртүрлі жүздеген адаммен жолыққанмын; өзіме қызықты болып көрінген адами қасиеттер мен психологияның да соншалықты әкетіп бара жатқан ерекшелігі жоқ, қарапайым адамдарға тән қасиеттер мен кәдімгі психология. Сосын өзімнің пасторальдық тәжірибемді жалпыландыруды қолға алдым. Амал қанша! – мойындауға тура келеді – тым тәуір әңгіме шығатын еді, бірақ шындыққа тым сәйкес, сондықтан шынайы болмайды.
Материалды өңдеудің жаңа тәсілі ойыма келмегенде бұл жоспардан біржола бас тартатын едім. Дереу жазу үстеліне отырдым да іске кірістім. Әуелі тақырыбын жаздым да астынан жақша ашып, «Болған оқиға» деп жазып қойдым. Сосын әлгі оқиға өмірде қалай болса тура солай жазып шықтым, нақты фактілерді ғана келтірдім, бәрі де шынымен болғанын айшықтай түсу үшін әйелімнің, апайымның, жиенімнің, қызметші қыздың, өзімнің нағыз аты-жөнімізді сол күйі жаздым, тіптен үйім мен пошталық адресті де қостым.
«Ха-ха! – деп мәз болдым қолжазбамды Шығысқа жолдап жатып. – Ақыры баспагерлерді алдап соғатын болдым». Бірақ шығармамды тағы да қайтарып жіберіпті. Қайда жолдасам да қайтып келеді. Бекер обалы не керек, баспагерлер жариялаудан бас тартатынын хабарлай келіп, жылы сөздерін де аямай, әңгімемді (!) қарап шығу бақытына ие болғаны үшін рахмет айтыпты.
Ақыр соңында бір баспагердің көңілі түсіп, қабылдайтын болды, бірақ қоятын шарттары бар екен. Былай деп жазыпты: «Күмән жоқ, жақсы дүние… Бірақ кейбір жәйттерді, аналар мен мыналарды сол күйі қабылдауға болмайды. Қарапайым оқырман мынау тым тереңдеп кетіпті дейді, ал өзім нақты өмірде дәл солай болғанына сенуге дайынмын». Сөйтіп қай жерлерін түзететінін көрсете келіп, былай деп аяқтапты: «Осы шарттарға келіссеңіз, әңгімеңіз (!) үшін мұнша доллар төлеймін».
Оскар Уайлд бірде Табиғаттың өзі Өнерден көшіреді деп еді, бұл сөзінің негізі де бар. Ал мен Факті шынайы болуы үшін Қиялдан көшіруі керектігін амалсыздан мойындауға мәжбүр болдым. Өмірдің қаны сорғалап тұрған жанды тынысы емес, ойдан шығарылған қиял шындыққа көбірек жақын келеді екен. Қисынмен құрылған образдар мен ойдан шығарылған өтірік шынымен болған оқиғалардан әлдеқайда шынайы болып көрінеді. Сондықтан беллетристикамен шұғылданатын адам фактілерге жүгінбей-ақ қойғаны дұрыс.
Сөйтіп әлгі шіркейлер туралы айтқан жігіттің өтірікті соққанына өз-өзімді сендіріп тындым. Баспалардан жиі келетін, менің шығармаларымды жариялаудан не үшін бас тартатынын түсіндіретін жауаптарында мені өтірік жазасың деп кінәлайды. Сондықтан осы очерктің тақырыбының астына бұл айтылғанның бәрі шындық екеніне салтанатты түрде куәлік ететінімді жазып қойдым. Біліп тұрмын, бәрібір ешкім сенбейді. Өйткені бұл шындыққа тым сәйкес келеді, сондықтан шынайы болуы мүмкін емес.

Орыс тілінен аударған:
Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ