Шуақты Шымкент шаһары туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Қазақстанның барлық аймағы жақсы. Бірақ Шымкентте тұрып, жұмыс істеу одан да жақсы», – деп ерекше лебізбен айтты. Елбасы мұны бәлкім қалжың ретінде де айтқан шығар. Қалай дегенде де, осы сөздің астарында шындық бар. Шымкент – шынайы достықтың мекені. Күншуақты Шымкентте бірнеше ұлттың өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Мұны Шымқалаға келген әрбір адам айтқызбай-ақ аңғарады.
Шұғылалы шаһарға әр ұлттың өкілдері қалай келді? Бұл енді ұзақ тарих. Кешегі сталиндік қуғын-сүргін уақытында бассауғалап келгендердің өзі – бір шоғыр. Одан кейін де мұнда әр ұлттың өкілдері ағылып жатты. Біріншіден, осы маңның ауа райы шаруа үшін өте қолайлы болды. Екіншіден, адамдары қонақжай келеді. Үшіншіден, осы аймаққа қоныстанғандар тұрақтап қалып жатты. Қазақстанды екінші Отаным деп санағандар қазақтармен құйрық-бауыр жесіп, құдандалы бола бастады. Төртіншіден, Ұлы Отан соғысы жылдары зауыттар мен фабрикалар көптеп көшірілді. Сол кәсіпорындармен бірге Шымкентке көптеген ұлт өкілдерінің білікті мамандары келді. Соғыстан соң да зауыттар осында қалып қойды. Міне, осы жағдайлармен Шымкент көпұлтты қалаға айналды.
Бүгінде үшінші мегаполис – Шымкентте 1093,2 мың адам тұрады. Соның ішінде 8,5 пайызы – орыстар, 17 пайызы – өзбектер, 6 пайызы – өзге ұлт өкілдері. Демек, Шымкент – татулық бесігі, тұрақтылық алаңы.
Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы (бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан халықтарының кіші Ассамблеясы) 1995 жылдан бастап облыстық әкімдіктің құрылымдық бөлімі ретінде жұмыс істей бастады. Қала аумағында облыстық деңгейде 20 этномәдени бірлестік тіркеліп, мемлекеттік саясат аясында жергілікті биліктің қолдауымен этностар мәдениеті мен ана тілін сақтап, дамуға және қазақстандық патриотизмді насихаттауға бар мүмкіндігін жұмылдырды. 20 этномәдени бірлестігіне бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры басыбайлы берілді. Осында әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін, тілін, дінін сақтау жөнінде кеңестер өткізіп тұрды. Театрдың үлкен сахнасында түрлі ұлт өкілдерінің концерттері жиі өтеді. Қазір де осы ғимаратта тату-тәтті тіршілік етіп жатқан этномәдени бірлестіктері өзара бірлікте жұмыстарын жалғастырып келеді.
2018 жылғы 19 маусымда Шымкент қаласы ҚР Президентінің Жарлығымен республикалық деңгейдегі бас қала болып өз алдына отау тікті. Осыдан соң үшінші мегаполисте Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық филиалы өз алдына шаңырақ көтерді. Осы филиал қоғамдық құрылым ретінде жұмысын жемісті жалғастырып келеді. Қала әкімдігі аппараты құрылымындағы қалалық бөлім 2020 жылы қайта жасақталып, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың құрылымына еніп, этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлім болып қайта құрылды.
Бүгінде төрағаның қоғамдық негіздегі екі орынбасары бар. Қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасарлары жыл сайын ауысып отырады. 2021 жылы осы қоғамдық қызмет қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Викторовна Пак пен қалалық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы Заал Резоевич Бочоришвилиге бұйырды.
Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық 17 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Ассамблея жанындағы ақсақалдар алқасы, аналар мен іскер әйелдер бірлестігі, жастар қанаты қоғамдағы түрлі мәселелерді талқылауда және татулықты тірек етіп ұстауда көптеген ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Жалпы, Ассамблея туралы айтқанда әлемде баламасы жоқ осы құрылымды дүниеге келтірген, келтіріп қана қоймай оның халықтар достығына ықпалын арттыра білген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты атап өтпеу мүмкін емес. Бұл – еліміздегі әрбір этнос өкілдерінің мүддесін қорғаушы ұйым. Ассамблея 1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылды. Алғашқында Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган болып ашылған еді. Қазақстан қоғамының беріктігіне ұстын болар ұлтаралық татулықты қалыптастыру әрине, үлкен мемлекеттік саясат.
Бұл идея қайдан туды? Қашан қолға алынды? Деректерге жүгінсек, 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқының бірінші форумын өткізгенін табамыз. Осы форумда Ассамблея құру керектігі тұңғыш рет айтылды. Тап осы кезеңде дәл осындай саяси институт құру көпконфессиялы қоғамға ауадай қажет еді. Егемендігін енді алған елді тұрақтылық пен ауызбіршілік ұстап тұрмақ. Бұл екінші жағынан мемлекетті дамытуда мәдениетаралық диалогты нығайтуға, этносаралық қатынастарды берік ұстауға қажет болатын.
Ассамблея аз ғана уақыт ішінде толерантты, қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін жасап шығарды және қалыптастырды. Ұлттық саясаттың концептуалды идеологиясы пісіп, жетілді. Соның ішінде әсіресе, қазақ халқының ұлт ретіндегі рухының қайта жаңғыруы, тарихымыз бен тіліміздің, мәдениет, салт-дәстүрдің дамуы айқын басымдыққа ие болды. Республикамыздағы 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің мүдделері қорғалып, жалпыұлттық тұрақтылық арқылы мемлекеттік сындарлы саясат жүзеге асты. Осы құрылым аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Халық бірлігі күшейді. Осындай нәтижелі жұмыстар арқасында Ассамблея Президент жанындағы құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие конституциялық органға дейін жол ашты.
2007 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасының Ата Заңы – Конституцияға бірқатар өзгерістер енгізілгені белгілі. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе берілді. Ассамблея ҚР Парламент Мәжілісіне 9 депутат сайлау құқығына ие болды. Халық қалаулыларын сайлау арқылы Ассамблеяның қоғамдық-саяси қауымдастықтағы орны айшықталды.
Сонымен, 2008 жылдың 20 қаңтарында ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздің саяси жүйесінің толыққанды бір бөлігіне айналғанының нақты көрінісі еді. Ассамблея қызметінің нормативтік-құқықтық негіздері айқындалды.
Қазір этносаралық келісімнің Қазақстандық моделін әлем халықтары мойындап, өздеріне үлгі етіп алуда. Шымкентте жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Олар бір шаңырақ астында татулықты ту етіп көтеріп келеді. Бағалы бастамаларға, шуақты шараларға, басалқалы басқосуларға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру тек этномәдени бірлестіктерінің ғана емес, барша тұрғындарға жүктеліп отырған маңызды міндет.
Шуақты Шымкентіңізде бүгінде бір миллионнан астам тұрғын бар. Олардың үштен бір бөлігін өзге этнос өкілдері құрайды. Ырысты елдің ынтымағың жарастырып, табыстарын тасқындата түсу үшін олар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып, ортақ мүдде жолында аянбай тер төгіп келеді.
Халықтарды біріктіретін ынтымақ екені рас. Бұдан басқа да құндылықтар халық бірлігінің негізі. Осы орайда тіл бірінші кезекке шығады. Елбасы Н.Назарбаев тіл мәселесіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Себебі, этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл ел бірлігін қалыптастырудың қайнар бұлағы. Ассамблея мүшелері қашан да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге барынша қолдау көрсетіп келеді. Сондықтан әрбір этномәдени бірлестіктері жанында мемлекеттік тілді тегін оқытатын курстар ашылған.
Осы тұста айта кетейік, әлемде этносаралық қатынастардың түрлі моделдері қалыптасқан. Мәселен, Американың Солтүстігі мен Оңтүстігінде бір-біріне ұқсамайтын өзіндік сара жолы бар этносаралық институттар бар. Еуропа елдерінің бірқатарында, Ресей, Қытай, тағы басқа бірқатар мемлекеттердің өзіне тән моделдері бар. Осылардың арасында қазақстандық моделдердің басқаларға ұқсамайтынының мәні этнос өкілдерінің салт-дәстүрлерін құрметтеу, түп тарихынан ажыратпау сияқты басымдылықтарға көңіл бөлінеді. Қазақстанның ұлан-байтақ жері түпкілікті қазақтың Атамекені. Бұған ешқандай талас болмауы керек. Өз жерінде, өз отанында мемлекет құрушы және мемлекет атауына ие-қазақтар екенін басқа ұлт өкілдері жақсы түсінеді. Сондықтан олар мемлекеттік тілді меңгеруге тырысады. Унитарлы мемлекет, қоғамды топтастыратын ұлт-қазақ екені барлығына аян. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Оны білу, құрметтеу барша қазақстандықтардың басты борышы. Қазақ жері ешбір ұлттың ата-бабасынан қалған мұра емес. Қалса қазақққа ғана қалды. Тағдырдың түрлі теперіштерінен осы елге қоныс аударғандар мұны мойындайды.
Қазақ жерінде өмір сүріп жатқандарға өз тілінде сөйлеуге ешқашан да шектеу қойылған емес. Олар салт-дәстүрлерін сақтай алады, тілдерін дамытады, түрлі шаралар өткізеді. Этномәдени бірлестіктері жанында жексенбілік мектептер жұмыс істейді. Онда өскелең ұрпағына өз ана тілін ұмытпаулары үшін тіл үйрету сабақтары өтіп тұрады. Бұл ретте қазаққа тән кеңпейілділікке, мейірімділікке өзге ұлт өкілдері дән разы.
Шымкент шаһарында әртүрлі ұлт өкілдерінің шаралары жиі өтіп тұрады. Оған этномәдени бірлестіктердің мүшелері белсене қатысады. «Мектепке жол», «Қайырымдылық істер марафоны» атты сауапты істерге этномәдени бірлестіктерінің мүшелері ұдайы белсене қатысады, міндетіміз деп санайды. Қазақта асар деген бар. Мұны бүгінде барша қазақстандықтар жақсы біледі. Біреу асарлатып жатса, оған түрлі ұлт өкілдері қолғабыс жасап жатса, бұған таңырқауға болмайды. Бұл – өзгелерде жоқ, тек Қазақстанда ғана бар қазақстандық модулдің бір көрінісі ғана.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік маңызы бар межелі міндеттерге де мүдірмей атсалысып келеді. Айталық, 1995 жылғы сәуір айында Ассамблея Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттілігін 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі жалпыұлттық референдум өткізу туралы бастама көтерді. Бұл мемлекет тарихындағы саяси рөлі жоғары бастама ғана емес, көпұлтты Қазақстан халқын ынтымақтастыратын қоғамдық институттың рөлін айқындай түсті. Бұған шымкенттіктер де айтарлықтай үлес қосты.
Дәл осы Шымкентіңізде этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айқындайтын ескерткіштер де жеткілікті. Айталық Тәуелсіздік саябағыңда орналасқан Шаңырақ типтес ескерткіш шымкенттік түрлі этнос өкілдерінің тату-тәтті өмір сүріп жатқанын айғақтайды. Шаңырақты биік көтеріп тұрған уық саны – 131. Демек, Қазақстанда бір тудың астында осынша этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр деген сөз.
Шымқаланың Желтоқсан көшесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Шымкент қалалық бөлімі орналасқан. Ғимарат алдында «Ел бірлігі» атты ескерткіш тұр. Оның ашылу салтанатына кезінде ҚР Президенті Н.Назарбаев қатысқан.
Мегаполисте бұдан басқа да ауқымды істер бар. Тәуелсіз Қазақстан бүгінде тұрақтылық пен тұтастықтың мызғымас үлгісі! Мұны жемісті жұмыстарымен әлемге паш етіп келеді. Тұғыры биік Тәуелсіз еліміз татулықтың символы.
Қазақстандық қапысыз достық пен Ассамблея мұраттары туралы Шымкентті мекендейтін этнос өкілдері не дейді?
Латипша АСАНОВ,
Шымкент қалалық түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Егер сіз кешегі КСРО құрамындағы ТМД елдерінің барлығына көз тіксеңіз, біздегідей Ассамблея таба алмайсыз. Ал, Қазақстанда бұл бар! Және қандай жұмыс істейді? Ассамблея Кеңесінің мүшелері жетекшілік ететін республикалық, аймақтық, қалалық және аудандық этномәдени бірлестіктер өзара татулықта жұмыс істейді. Біздегі түрік, ұйғыр, әзербайжан, өзбек, корей, ингуш, неміс, чечен, поляк, тағы басқа да бірлестіктердің жексенбілік мектептері бар. Олар жұмыстарын тиянақты жүргізеді.
ҚХА Еупопадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының құрылымдарымен тығыз іскерлік байланыс орнатқан. Осы Ұйымның қолдауымен Ассамблея этносаралық қатынастар мәселелерін зерттейтін талдау орталығын құрды. Бұл Қазақстан үшін, Қазақ Елінің ауасын жұтып, суын ішіп жүрген қаншама этнос өкілдері үшін үлкен мүмкіндік. 2007 жылы Парламент басқа да ұлт өкілдеріне орын берілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжіліске 9 депутат сайлай алады. Демократиялық қоғамда сөз бостандығы бар. Біреулар Ассамблея жұмысын сынға алғысы келеді. Мен олармен келіспеймін.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» жаңа Заң бізге үлкен серпін берді. Бағдарлы іске жаңа көзқарастар пайда болды. Аталған заңнамалық құжат елдің әрбір азаматына халық үшін аянбай қызмет етумен қатар, осы елдің патриоты болуға шақырып, нақты іс-қимыл бағытын ұсынды. Мемлекеттік және өзге этнос тілдерін, салт-дәстүр, мәдениетін өркендетуге толықтай мүмкіндік қарастырылған. Осындай қоғамда өмір сүрудің өзі бір бақыт.
Таһиржан ХАКИМБЕКОВ,
Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Қазақстан-– көпұлтты мемлекет. Мұнда барлық ұлт өкілдеріне барлық жағдай жасалынған. Сондықтан, татулық пен тұрақтылықты ту еткен осындай жерде тұрғаныма мақтанамын. Шымкенттің өзінде бірнеше ұлт тұрады. Олар бір мүдде жолында тірлік жасап келеді. Ағайынның татулығы – бірліктің бастауы. Осы ретте Елбасы Н.Назарбаев көрегенділік танытқанын айта кетуім керек. Ол осы жолда тың қадамдарға бара алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі мақсаты – республикамыздағы ұлттық саясатты ұтымды жүргізу және қоғамдағы саяси жағдайларға болжам жасау негізінде қоғамдағы ынтымақтастықты қамтамасыз ететін іс тәжірибелік ұсыныстарды електен өткізіп, тиімділерін пайдаға асыру. Мемлекет басшысы республика азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін қызмет етеді. Ассамблеяның да түпкі мақсаты осы. Ендеше, біріккен іс-қимыл адамдардың сенімділігін оятады.
Біз осы ретте Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Зәуре ОРАЛБАЕВАМЕН тілдескенімізде мына төмендегі мәліметтерді алдымызға жайып салды.
Биылғы қаңтар айында ҚР Парламенті Мәжілісіне депутаттығына үміткерлер ретінде ҚХА ұсынған кандидаттармен Шымкент қалалық ҚХА мүшелерінің кездесуі өтіп, кандидаттардың сайлауалды бағдарламалары тыңдалды.
7 қаңтар – Рождество мерекесіне орай славян этномәдени бірлестігінің өкілдері онлайн құттықтаулар ұйымдастырып, олар Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына орналастырылды.
«Ontustik» телеарнасымен бірлесе Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Т.Хакимбековтың, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Р.Пактың, қалалық неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы И.Бахманның қатысуымен арнайы телебағдарламалар түсіріліп, эфирден көрсетілді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің қатысуымен «Stop COVID-19» профилактикалық бейнероликтер дайындалып, қалалық ассамблеяның «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына орналастырылды.
Шымкент қалалық «Адалдық алаңындағы» «Antiсor Live» жобасына Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктерінің «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов қатысып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады.
Медиация заңының қабылданғанына 10 жыл толуына орай Шымкент қалалық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің бастамасымен заңгерлер және кәсіби медиаторлардың қатысуымен онлайн форматта кездесу болып өтті.
ҚР АҚДМ жанындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты өткізген «Қазақстан өңірлерінде этносаралық саладағы талдамалық жұмыс», «Қазақстан аймақтарындағы этносаралық қатынас саласындағы жұмыстар» тақырыптарындағы онлайн семинар тренингтерге «Қоғамдық келісім» КММ мамандары мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысып, біліктіліктерін арттырды.
Шымкент қалалық ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының кезекті отырысы өтіп, онлайн форматта БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан әрекет ететін «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мүшелерімен тәжірибе алмасу семинары ұйымдастырылды.
Шымкент қаласында әрекет ететін 16 этномәдени бірлестік жетекшілерімен жұмыс кездесуі өткізіліп, бірлестіктердің 2021 жылға арналған жұмыс жоспарлары талқыланды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері Забадам, Оңтүстік, Тельман, Қатынкөпір, Самал-3 шағын аудандары мен тұрғын алаптардың тұрғындарымен кездесулер өткізілді.
Этнос жастарының қатысуымен «Мен қазақша сөйлеймін» онлайн челленджі өткізіліп, тақырыптық бейнероликтер қалалық ассамблеяның «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына орналастырылды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың мәжілісі өткізіліп, этносаралық қатынастар саласындағы өзекті мәселелерді ғылыми тұрғыда талдау, сараптау жұмыстары талқыланды.
1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Ontustik» телеарнасымен бірлесе этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің, жастар белсенділерінің қатысуымен сұхбаттар, бейнеқұттықтаулар ұйымдастырылып, эфирден берілді, қалалық ассамблеяның «Facebook» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына орналастырылды.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Шымкент қаласы аумағындағы этностық топтардың әлеуметтік жағдайына социологиялық зерттеу жүргізді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблясы жанындағы Аналар кеңесінің кезекті отырысы өтіп, отбасылық құндылықтарды нығайту, жастар тәрбиесі мәселелері талқыланды.
Қалалық шешен-ингуш этно мәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен депортация зардабын көрген азаматтарды еске алу іс-шарасын өтті.
ҚР Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «30 жыл – 30 жетістік» тақырыбында Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің галереясында қаладағы түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен фотокөрме, «30 игі іс» қайырымдылық акциясы бастау алып, «Біздің қанымыз бір» донорлық акциясы ұйымдастырылды.
Қалалық «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығында этнос өкілдерінің қатысуымен «Дархан елдің татулығы» іс-шарасы өткізіліп, оның аясында қалалық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қазақ халқының салт-дәстүрлерін орындады.
Наурыз айында Алғыс айту мерекелік іс-шарасы қалалық этномәдени бірлестіктер жетекшілерінің қатысуымен «Қазақ еліне мың алғыс!» монументіне гүл шоқтарын қоюмен бастау алды.
Салтанатты жиын қала әкімдігінде жалғасып, оған қала әкімі, қалалық ҚХА төрағасы М.Әйтенов қатысты. Карантиндік талаптар сақталған іс-шара барысында қаланың әр аумағында өткен іс-шаралар тікелей эфир арқылы қосылып, кешенді мерекелік іс-шара болып өтті.
Мерекелік іс-шара аясында М.Әуезов атындағы ОҚУ-де бейнебайланыс конференциясы өтті. Оған университет оқытушыларынан бөлек ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің басшылары, «Қоғамдық келісім» КММ Қызметкерлері, т.б қатысты.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай этномәдени бірлестіктер төрайымдары мен Аналар кеңесінің төрайымына мерекелік тарту жасалды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері Сайрам, Абдулабад, Исфиджаб тұрғын алаптары тұрғындарымен кездесулер өткізді.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшелерімен онлайн кездесу өткізіліп, Наурыз мерекесін атап өтудің тұжырымдамасы талқыланды.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен этносаралық қатынастар саласына қатысты онлайн семинар өткізіліп, оған салалық мемлекеттік органдардың өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Сәуір айының 5 күні Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Ашық бюджет» жобасы аясында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бөлінген бюджет бойынша сұхбат берілді.
8 сәуір күні Шымкент қаласының этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекен тұрғындары арасында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру мақсатында Ынтымақ, Құрсай тұрғын алаптарында ақпараттық-насихаттық топ мүшелерінің кездесулері өткізілді.
9 сәуір күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» қайырымдылық акциясы аясында атқарған жұмыстар бойынша «Шымкент қалалық татар-башқұрт этно-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы А.Мухамедова «Ontustik» телеарнасының «Таң-нұры» бағдарламасында сұхбат беруі ұйымдастырылды.
12 сәуір күні Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары М.Шотановтың қалалық этномәдени бірлестіктер төрағаларымен кездесуі өтті.
14 сәуір күні Шымкент қаласы ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісі С.Қорғанова «Қоғамның саяси жүйесі» тақырыбында М.Әуезов атындағы ОҚУ студенттеріне дәріс өткізді.
15 сәуір күні күні Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблея жанындағы ақпараттық-насихаттық топ мүшелері Абай ауданының жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді.
Абай ауданының Қатынкөпір шағын ауданында өткен кездесу барысында түрлі келіспеушіліктерге жол бермеу мәселелері айтылып, мемлекеттік этносаясатты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
16 сәуір күні Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ кызметкерлері және қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері Әл-Фараби ауданының Забадам шағын ауданында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру бойынша карантиндік талаптарды сақтай отырып кездесу өткізілді.
Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастырылуымен өткен «Қазақстан жастарын тәрбиелеудегі этномәдени дәстүрлер» тақырыбындағы республикалық семинарға «Қоғамдық келісім» КММ кызметкерлері мен қалалық ЭМБ мүшелері қатыстырылды.
19 – 20 сәуір күндері Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ кызметкерлері мен қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері Еңбекші ауданының Маятас, Қаратау ауданының Сайрам елді мекендерінде мемлекеттік этносаясатты түсіндіру бойынша карантиндік талаптарды сақтай отырып кездесулер өткізді.
20 сәуір күні Қазақстан Республикасы өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы И.Хашимжанов «Аntikor.Live» бағдарламасында «Қоғамда парасаттылық, адалдық құндылықтарын қалыптастыру» тақырыбында сұхбат берді.
21 сәуір күні қалалық этномәдени бірлестіктер мүшелерінің «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» мерекесіне арналған құттықтаулары «Ontustik» телеарнасы арқылы түсірілді.
21-22 сәуір күні күні Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ кызметкерлері мен қалалық этномәдени бірлестіктердің мүшелері Абай ауданының Ынтымақ, Әл-Фараби ауданының Ескі шаһар тұрғын алаптарында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру мақсатында карантиндік талаптарды сақтай отырып кездесулер өткізді.
Шымкент қаласында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі жоғарғы деңгейде аталып өткізілді. Қала аумағында ұйымдастырылатын іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді.
Атап айтқанда, 2021 жылғы 21 сәуір – 1 мамыр күндері аралығында Шымкент қаласындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары, өкілдері және жастар қанаты мүшелерінің Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған сұхбаттары, құттықтаулары бейнероликтер түрінде түсірілді. Жалпы, бұл бағытта 6 бейнеролик жарыққа шықты.
30 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласында өткен 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін мерекелеуге арналған онлайн конференциясына Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің басшысы, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы, этномәдени бірлестіктердің беделді өкілдері қатысты. Осы күні Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 6698 әскери бөлімінде «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлерінің қатысуымен «1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні» тақырыбында ақпарат сағаты өтті.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесінде үшінші мегаполисте «ShymQala» этноауылы ашылды. Салтанатты іс-шараға қала әкімі М.Әйтенов пен әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері, қалалық мәслихаттың депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналған көпшілік алдымен Тәуелсіздік саябағында көшеттер екті. Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымақтастығы құрметіне 70 көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, 1 мамыр күні Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өзбек этномәдени бірлестігі тарапынан мерекеге орай қаладағы «Абдулхамид Қаттани» мешіті жамағатына 100 дана ауызашар себеттері таратылды.
Сонымен қатар, осы күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық «Таза көлдер, өзендер және бұлақтар» (көлдер, өзендер және бұлақтарды тазарту жұмыстары) тазалық акциясы өтті. Аталмыш акцияға санитарлы-эпидемиологиялық нормаларды сақтап өңірлердегі жастар, волонтерлар ұйымдары және жастар ресурстық орталықтары, этномәдени бірлестіктер жанындағы жастар қанатының мүшелері қатысты.
1 мамыр күні Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Құрақ құрау өнері» көрмесіне қалалық этномәдени бірлестіктер жанындағы Аналар кеңесінің мүшелері қатыстырылды.
Мерекелік іс-шаралар жергілікті және республикалық БАҚ-ы мен ақпараттық сайттарда және әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланды.
20 мамыр күні Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен қалалық этномәдени бірлестіктер мүшелерінің қатысуымен Абай ауданы, Жас Дәурен (Коммунизм) тұрғын алабындағы түрлі этностар тұрғындары арасында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру бойынша кездесу өткізілді.
Сонымен қатар, осындай бағыттағы түсіндірме жұмыстары «Автонұр» базары аумағындағы сауда-саттықпен айналысатын қырғызстандық азаматтармен жүргізілді.
20 мамыр күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қалалық ұйғыр этномәдени бірлестігі Қазақстан халқы Ассамблеясының «30 игі істер» қайырымдылық жобасы аясында аз қамтылған 25 отбасыға азық-түлік жиынтығы себеттерін таратты.
20-21 мамыр күні Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Қазақстан өңірлерін дамытудағы этнодемографиялық параметрлер» тақырыбы бойынша семинар-тренингке «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.
22 мамыр күні «Бірлігі бекем ел» телебағдарламасы аясында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне байланысты «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында, 4 маусым – ҚР мемлекеттік рәміздер күніне байланысты «Бұл – біздің рәміз» тақырыбында «Ońtústik» телеарнасымен бірлескен түсірілім жұмыстары жүргізілді.
26 мамыр күні қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Сабантой» мерекесін аталып өтті.
Сонымен қатар, қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігі «Замандашлар» ансамблінің әншілерін Дүниежүзілік татарлар Конгресінің медалімен марапаттау бойынша жиналыс өткізді.
Шын мәнінде шырайлы Шымкент шын достықтың шынары, дәнекері. Егер сіздің Шымкентке жолыңыз түсіп жатса, осы мәселелерді ұмытпаңыз. Достық туы желбіреген жерде табыс та мол. Аспанында күні күлімдеп тұрған үшінші қала тұрғындары неліктен дәулетті тұрады деген сауалға жоғарыдағы мысалдар арқылы жауап табуға болады. Бұл – мемлекеттігіміздің айқын нышаны, табысы! Ендеше, құрметті қазақстандықтар, шұғылалы Шымкентке келіңіз. Қанатын кеңге жайған әсем қаланы, тату-тәтті тұрғындарды көріңіз! Мұнда келген әрбір адам өзіне жаңа әлем ашып кетеді. Сол әлемнің ішінде сіз де барсыз. Туыстық туы мәңгілік желбірей берсін!
С. Дәніқұлұлы