Соғымбасы
– Ал, батаны Асан берсін! – деп Атамқұлдың әйелі білезігіңдегі қос-қостан таққан сақиналарды сылдырлатып үйме табақ етті ортаға әкеп қойды. Шілтік сары мұрт қойған оның тұңғыш ұлы жалпақ ағаш астауға салынған жылқының шекесі мен қойдың семіз жамбасын ұстап, қасыма келіп қалшиып тұра қалды.
Бата беріп бола бергенімде Маралбай дөңгелек столға ентелеп кеп, басындағы жүні шыққан ескі тақиясын жөндеп киіп:
– Мен әруақтарға арнап құран оқып жіберейін! – деп екі көзін жұмып,
естілер-естілмес дауыспен бастап кетті.
Есік көзінде тұрған әйелдер мен бала-шаға түгел тізе бүгіп, отыра қалды.
Жыланқұрт секілді жастыққа жантайып жатқан үй иесі ырсылдай көтеріліп, бойын тіктеді де бетін сипады.
– Құран оқымай, бісмілла айтпай тамақтан ауыз тисең харам болады, – деді Маралбай қалтасынан беторамалға оралған бәкісінің шаппасын ашып, табаққа төне түсіп.
– Әй, міне, бәріміз де жетпістен астық. Сыбағаларыңды жегізейін деп әдейі шақырдым, – деп Атамқұл дір-дір еткен қолымен алдыма жылқының шекесін қойды.
– Мына Асан оқымыстыны екі жыл бойы шақырып келтіре алмадық қой
тегі, – деп әйелі өкпе-назын айтып қалды…
– Құдайға тәубе деңдер. Баяғыда алпысқа келгендер кәужіреген шал
болып, тәлтіректеп қалушы еді… Сендер әлі қутындап жүрсіңдер ғой, – деп Алпысбаев мырс-мырс күліп, қағытты.
– Алпысбаев айтса ақиқатын айтады. Біздің әкелеріміз не көрмеді, бәрі
соғыста болған, кәнтөжный, қабырғасы қатаймай колхозда күні-түні қара жұмыс істеп, тоя тамақ ішпей, демалыс дегенді білмеген адамдар ғой. Содан мүжіліп, шөгіп, ерте қартайды емес пе! – дедім алпыс жасында кеткен әкем есіме түсіп.
– Біздің бір класта үш Берік болды да оларды Қонақбаев, Құтпанбаев, Алпысбаев деп фамилиясымен атап кеттік. Мына Алпысбаев Берік сегізіншіден кейін училищеге түсіп кетті емес пе! – деп едім, Алпысбаев күміс тісін көрсете ыржаң ете қалды.
– Қырық жыл шопыр болдым, үш рет авария жасадым. Бір Камаз, жаңа
«Москвичімнің» талқанын шығардым. Тек қолым сынғаны болмаса, құдайға шүкір дін аманмын. Екі адамды қағып кетіп, әйтеуір құтылдым-ау, – деп ол бөсіп бара жатқанда:
– Дүкенші әкең әбден шашылып, әрең құтқарып алды емес пе? – деді
Атамқұл оның тәрелкесіне омыртқа салып жатып.
– Әй, ана құрдасыңның біріне бас пен жамбасты қатар бердің, екіншісіне асық жілік тарттың… ал маған бергенің жалаңаш беломыртқа. Мұның қалай, ә? – деген Алпысбаевтың даусы қатты шығып кетті.
– Мә, мына жамбасты ал, мен ауыз да тимедім. Заман өзгерді, ал адам өзгермейді-ау… Бала кезіңде шатаққұмар едің, — деп алдымдағы майлы жамбасты оған қарай жағалаттым.
– Алпысбаев, сен ауылдасымсың, күнде осы үйден дәм татып жүрсің. Мына Маралбайды – Тәукеден, ал Асанды — Алматыдан арнайы шақырып алдым. Бәріміз биыл жетпіске аман-есен келдік. Соғымбасы берейін деп әдейілеп жинап отырмын. Сайра, әй, Сайра! – деп үй иесі айқай сап әйелін шақырды.
Толықтығына қарамай зыр жүгіріп жүрген Атамқұлдың әйелі дөңгелене кірді.
– Әлгі бөтелкеңді әкелсеңші!
– Арақты ма?
– Иә…
– Құран оқыған дастарханда ішпей-ақ қойсаңдаршы, – деп әйелі жақтырмай күбіжіктеді.
– Осы төртеуміздің де әкелеріміз өкіртіп ішкен, біз де қалысқан жоқпыз. Қазір ғой Асан мен Маралбай аурумын деп бұдан қашқалақтап жүргені. Әкел, қане! – деп Атамқұл әйеліне зіркілдей бастады.
– Бүгін сендерге баяғыша сыбаға беріп отырмын. Алдымен баспен қоса жілік тараттым. Әйелдер ана үйде бөлек әңгіме-дүкенді дүрілдетуде. Енді кеспе ғып кескен қамырымен етті майдалап турап, үстіне сорпа құйып, араластырып алып келемін.
– Ол қырғыздың нарыны емес пе? – деп Алпысбаев кекетті.
– Жо-жоқ, ол баяғыдан бері ата-әжелеріміздің салт-дәстүрі, соны есіме түсіріп, отағасының кластастарына соғымбасы беріп отырмын.
– Әй, Сайра, қызыл тіліңді беземей, әкелсеңші тез! – деп Атамқұл әйеліне алакөздене қарады.
Әйелі жайқала басып бір бөткелкені алдына тақ еткізіп қоя салды.
– Жігіттің әйелі – қолындағы туы. Мына Сайраның көңілі баладай, пейілі даладай. Қарамайсың ба, үшеумізге тура жылқының жарты етін салған ба дерсің, — деп едім, Сайра қаздың бөтегесіндей әдемі тамағы бүлкілдеп, күлім қағып, жайраңдап кетті.
– Біздің отағасына жақпайды ғой бұл, ауырып қалады.
– Ештеңе етпейді. Мына Алпысбаев екеуміз ішеміз.
– Маралбайдың да біртартары бар еді ғой. Ә, Мәке!
Маралбай екі көзін бағжаңдатып көкпеңбек боп қаздиып тұрған бөтелкеге бір, маған бір қарады да:
– Ем үшін жүз грам құйшы, мейлі, — деді бәсең үнмен.
– Маралбай, алқаштың арағы қасында тұрады. Сырың белгілі болды, – деп Алпысбаев қиқ-қиқ етті.
– Иегі қисық болса сақалы да қисық бітеді. Бұл Алпысбаев кекетуден жарыс өтсе чемпион болар еді, – деп ол да қарсы уәж айтқансыды.
– Ал, Асан, сен сөйле! – деді Атамқұл төрт рюмкеге арақты құйған соң.
– Тас үгіліп құм болар, мұз үгіліп су болар. Сенесіңдер ме, біздің достығымыз еш уақытта өзгермейді. Сендердің орталарыңда болмасам да жүрегімдесіңдер, ойымнан шықпайсыңдар. Сендерді сағынамын… Бәріміз аман-есен болайықшы!
– Қане, алып қояйық! – деп Атамқұл өжектеді.
– Асекең керемет айтты. Біз не, қабандай қорсылдап кеп іше саламыз. Шымшықтан бүркіттің батылдығын күтпейтініміз сияқты, бізден не қайыр? Асанның айтқаны аңыз, өзі нағыз абыз! – деп Алпысбаев тақпақтағанда таңдана қарап қалдым.
– Сен Кәріпбай ағамнан аумаған шешен болыпсың.
– Енді ол сенің жақын туысың ғой. Кел, Асан, нағыз Айқым болсаң сен де жүз грамм алып қой. Жаңбыр өзін селге санайды, құдық өзін көлге санайды. Міне, топты жарып, атағың аспандап академик болдың. Сенімен мақтанамыз, марқаямыз… ішпесең ренжиміз… – деп Алпысбаев қылбұрауды салды дерсің.
– Ал енді, көтер қане! – деп Атамқұл айырдай үлкен қолы дір-дір етіп ентелеп ап жөнелсін.
– Бір мәрте ғана тартайын! – деп рюмкемді ұстадым.
Бұл бәлекетті ішпегелі не заман, тамағымды тырнап, өзегімді өртеп кетті.
– Не деген ащы еді! – деп тыжырынып жатқанымда Алпысбаев бір кесек етті аузыма тосты.
– Сүйекпен ұрған ит қыңсыламайды. Қазір кәйіп ұстайсың, – деп шиқылдай күлгенде қушиған екі иығы бірге селкілдеді. Артық қырым еті жоқ, еңкіш тартқан, тыртиған арық, қоңқақ мұрынның астына бармақтай мұрт қойған бұл Алпысбаев күнге күйген терідей мыж-мыж, қап-қара. Күміс тісі жылтылдап сойқан, шақпа тілді шақар. Кейбір әзілі өңменіңнен өтер зәрлі, кекетіп-мұқатаудан алдына жан салмайды.
Үй-іші ысыды ма, арақтың әсері ме – бусанып, терлеп қоя бердім.
Тұла бойым құрысып, бір албасты басып тұрған…
– Туһ, жеңілдеп қалдым ғой, – деп, Маралбай жиегі түтілген, кір-кір тақиясын шешіп, алдында жатқан орамалмен маңдайын сүртті.
– Онда қалғанын да қағып салайық, – деп Атамқұл бөтелкеге жармасты.
– Бұл пәле мың кеселді жазады, ә? – деген Алпысбаев май-май сірнеленген қолымен рюмканы ұстағанда мойны-басын сүртініп отырған Маралбай киіп кетті.
– Алыстан келдік, күнде жинала бермейміз. Алқаштар сияқты іше бермей, бір ауыз тілек айтайық та.
– Айтсын, Мәкеңдікі жөн, – деп мен қоштаған соң ол қопарыла көтеріліп, жүрелей отырып бастап кетті. Әкелерімізді еске алды, оның әкесі отыз бес жасында тоққа түсіп ерте қайтыс болған, әке мейірімін сағынады-ау… Титтейімізден асыр салып бірге өскенімізді айтты.
– Міне, жетпіске аман-есен жеткенімізге тәуба! Өстіп бір-бірімізді іздеп, шақырып, бір шәугім шәйімізді тату-тәтті ішкенге не жетсін!
– Ой, жарайсың. Мынау нағыз ақсақал болыпты! – деп Атамқұл көтермеледі.
– Әй, қайдам? Көкмылжың десеңші, – деп Алпысбаев қыршып алды.
Дүрілдесіп босаған рюмкелерді қайта қойып үлгермедік, біздің үйдің бәйбішесі кіріп кеп таңдана қарап қалды.
– Бетім-ау, ата сақалдарың ауыздарыңа түскенше не болған сендерге, әлі ішіп жүрсіңдер ме? Ұят емес пе! – деп бетін шымшып, жымиып, құпия сыр айтқансып:
– Асеке, мынаны ана досыңа бермейсің бе? – деп газетке оралған әлденені Атамқұлға ұсынды.
– Оу, қатын! Мынауың не? – деді ол құрдассынып қалжыңдасатын әдетімен.
– Бұл ма, бұл – таптырмайтын дәрі. Асекең досыңнан сұра, – деп ұзын көйлегі көлбеңдеп ауыз үйге шығып кетті.
– Атамқұл, бұл қарағайдың шырынынан жасалған самогон. Бір кәріс Алтай тауына арнайы барып, нешетүрлі шөп, бал қосып жасайды екен. Сенің белің ауырады ғой, соған жақсын деп әдейі тауып әкелдім.
– Белімнен шойырылып жүре алмай қалып едім, жақсы болды ғой. Аяғым да қақсайды, оған да жақсам қайтеді?
– Осыны түнге қарай, күнара жағып жатсаң бір айда құлантаза жазылып, жүріп кетесің, – деп білгенімді айттым.
– Оу, мен де таяқ ұстап қалдым ғой. Мына бір жақ жамбасым шаншулап жүргізбейді. Маған да қарайлассаңшы онда, – деп Маралбай шишаны алып, айналдырып көре бастады.
– Әй, бар қызықты тазбастың аяғы мен іші көре ме? Әкел бермен! – деп Алпысбаев бөтелкені жұлып алып, тісімен тығынын тістеп ашып:
– Пой, пой! Иісін-ай, шіркіннің!.. Мынауың арқырап тұр ғой. Әй, шымшықтың көзіндей мына рюмкелеріңді жинап қой. Әкелсеңші өзіміз үйренген айғыр стакандарды, — деп лепілдеп кетті.
– Бұл самогон жетпіс градус, – дедім ішуге қимай.
– Тіпті тамаша. Бізге де ем болсын. Академик досымыз аман болса тағы да әкеп береді, – деп төрт стаканға құя бастады.
– Су! Суық су әкелсеңдерші, – деген Маралбайдың қолақпандай жұтқыншағы қашқан қояндай жоғары-төмен жүгіріп кетті.
– Әй мұны былай «кока-коламен» ішу керек, – деп Алпысбаев жарты стакан самогонды тартып жіберді де батпақ жұтқандай тыпыршып отырып қалды. Көзін шарта жұмып, жаңа бауыздалған өгіздің қанындай қызылкүрең кока-коланы қылқылдатты.
Қалған екеуі тост айтып, самогон таусылуға айналғанда әңгіме дүрілдеп жүріп берді.
Қара жартас үстіндегі кәрі құлжадай өңкиген Маралбай итініп кеп:
– Асан мүлде ішпеуші еді, бүгін жарады! – деп есіне бірдеңені түсіріп, әңгіме бастайын деп еді, Алпысбаев киіп кетті.
– Өздерің білесіңдер, мына кәужіреген Маралбай жас кезінде 130 кило тартып, түйе палуан атанған. Шурик деген құрдасымызды отыз құлаш жардан лақша бақыртып лақтырып жібергенде қалай тірі қалғанына таңым бар!
– Төменде қалың үйілген оппа қардың үстіне топ ете түскен ғой. Өліп қалды ма деп жүгіріп барсақ, дін аман. Есін жия сала мына диюдай болған Маралбайдан қорқып тұра қашпады ма! – дедім есіме алып.
– Осы қу арақтың кесірі ғой, Шурик те жақсы жігіт еді, марқұм. Былтыр қайтыс болды, тундрада туған, үңгіш екендігін еститінбіз. Қазақша бізден жақсы сөйлейтін, асыл досымыз еді, – деп Маралбай бетін сипады. Бізге сіңісіп, бауыр басып кеткен, май-май боп тракторын айдап жүретін Шурик құрдасымыздың бала кезіндегі оқиғаларын еске алыстық.
– Өле-өлгенше ораза-намазын үзбеді ғой, марқұм, – деп Маралбай досын жоқтап, кеудесін кере күрсінді.
– Асық жілігіңнің майынан бізге де берсеңші, – деп Алпысбаев бұжыр-бұжыр алақанын тосты.
– Естеріңде ме, баяғыда соғым сойып жатқан кезде ауылдың шалдары жылқының бір елідей қазысын тіліп алып, шикідей жұтып жіберетін. Қызыл Төлеген мен ағашаяқ Иса деген кісілер әдейілеп үйімізге келіп, шешеме: – «Айналайын қарындасым, бір кесе құйрық май ерітіп бере қойшы, жел қатып, сіркем су көтермей жүр», – дейтін төрімізге жайғасып. Анам қатырып сақтап жүрген майынан опырып алып пешке қойып, ерітіп, екеуіне ілкілдеген май толы екі кесені ұсынатын. Әлгі кісілер әлгіні шайқап-шайқап, үрлеп отырып, ыстықтай түгін қалдырмай ішіп алатын.
– Осы Жәкемдер қызық, ай сайын келіп, балаларға сақтап жүрген құйрық майды тауысатын болды, – дейтін анам олар есегіне мініп кеткен соң, дастарханын жинап жатып.
– Әй, қане, қарағайдың сөлінен жасалған шипалы судың қалғанын алып қояйық, – деген Алпысбаевтың даусы қатты шыға бастады.
– Ал, ет тартамыз, – деп Сайра алдымызды тазартып, қызы екеуі дәу екі жалпақ табақты көтеріп әкеп ортаға қойды. Ауыз үйден әйелдеріміз келіп аяқ жағымызға жайғасты. Бағанадан бері аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермей отырған Алпысбаев та, қол-аяғы дірілдеген Атамқұл да арыстанның алдында жүні жығылған күшіктей үндері өшті. Бұл екеуі бәйбішелерін жіберіп, жас келіншек алған. Олардың көзінше бейпіл сөйлемей, мысық табандап, басылып қалатынын бұрыннан байқайтынмын.
Сөз өзіне еркін тиген Маралбай күректей қолымен етін майдалап турап араластырған кеспе толы табақтың бір бүйірін опырайтып тастады. Екі кесе қатық қатқан сорпаны ішіп, майлық орамалға қолын сүртіп отырып:
– Жігіттер деймін, осы жасқа дейін казиношы, нашақор деген бәлені көрмеп едік. Сенесіңдер ме, біздің ауылда бір бай коммерсанттың жалғыз ұлы казиношы болып, әке-шешесінің ауылдағы, қаладағы үй-жайын, бар мал, дүниесін, машинасын салып жіберген ғой. Казинода ұтылып қаншама адамнан қарыз алған десеңші… Ақыры сотталып кетті.
– Ойпырмай, ә! Сонда ауылда да нашақорлар бар ма?
- Ой, академик, сен білмейді екенсің ғой. Біздің ауыл нашаға тұншығып жатыр. Мына таудан анда-санда бір машине бері түсіп келіп, ауылға бір түнеп қайта көтеріліп кетеді. Міне, сол уазик сонау Ауғанстаннан наша тасиды екен. Соны жап-жас жүгірмектердің үйіне қап-қап етіп түсіріп кетеді. Олар жан-жаққа жымын білдірмей таратады. Алматыға апарып сонау Мәскеу, Европаңа дейін алып кететін алыпсатарларға бөліп-бөліп береді.
– Ойпырмай, сонда ауыл не болып барады? – деп таңдандым.
– Асеке, несін айтасың, қайран жастар соғыс, апат болмай-ақ құрып барады. Еріккеннен кеш бата бір үйге жиналып, көк түтінге көміліп, түні бойы наша тартып, кәйіп болып ұйқы көрмейді. Ертесіне екі көзі құтырған иттікіндей қызарып, жынды адамдай мең-зең болып жүреді. Әуелі үш-төрт бала осы пәлекеттен үзіліп те кетті. Сұрқия сор болды бұл бізге жабысқан…
– Ол жыланқұрт бәле бізге де жетті. Өткен аптада отыздан асқан зіңгіттей жігітіміз асылып өлді. Соңғы бес жылда төрт азамат өзіне-өзі қол салып, жанын үзді. Білеміз, бәрі де наша тартатындар. Уландырып, миды кептіріп жібереді дейді ғой, балалары да жарымжан. Шошитын болдық, – деп есік көзінде отырған Сайра орамалын жөндеп қойып, әңгімеге араласты. Маралбайдың тез-тез сөйлейтін бәкене әйелі ортаға кіріп кетті.
– Ауыл не болып бара жатыр дейсің бе? Басқа дінге кіріп, солардың кітабын сатып, ақша тауып жүргендерді көргенде тіпті шошисың.
– Қойшы, ей? Бұл қалай, сонда олар мұсылман емес пе?
– Бір-бірін үгіттеп секта құрып алып, айтқаныңа пішту деп қарамайды. Балалардан, немерелерімнен қорқам, – деп бұған не дейсің дегендей маған шаншыла қарады.
– Короновирус келіп, бір-бірімізді көрмегелі үш жылдан асыпты. Атамқұлға рахмет, соғымбасын беріп, басымызды қосқанына. Осыдан жиырма-отыз жыл бұрын осы казино, наша, дінбұзар дегендер жоқ еді. Бұл кесапаттар жаһандану деген батыстың бізге жіберген вирус-микробтары. Бізді улап, құртудың амалы. Үсті-үстіне нешетүрлі бәлелерді ойлап тауып, аздыртуда. Баяғыда мамыражай, рахат ғұмыр кешуші едік. Ұрпақты аздырмай тәрбиеге салу керек, – дегенімде Сайра ұмтылып кеп, шыныларымызды алып, қайта сорпа құйып әкеліп жүріп, әңгімеге араласып кетті.
– Қазір мына компьютер, сотка, уатсап деген бәле болды емес пе! Еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін соған үңіліп, маймыл ғұсап бүкшиіп көз алмайды. Ал, онда не былық-шылық, ұятсыз, арсыз нәрселер өріп жүр. Міне, балалар қабырғасы қатпай сұмдық, сұрқияларды бойына сіңіріп жатыр. Осы ауылда баласы наркоман болып, пышақ алып, әкесін ұрып-соғып, буындырып жатқанда әйелі артынан үтікпен ұрып жығып, өз ұлын өлтіріп қойды. Әкесі бәрін мойнына алып, түрмеден бір-ақ шықты, үй-іші біржола көшіп кетті.
– Әнеукүні оны Қарағанды жақтан көрдім, түрмеден шығыпты. Елге баруға бетім жоқ, қарабетпін, өмірлік қара таңба басылған адаммын. Осы жақта өлсем, мүрдем де осы жақта қалады, – дейді көңілі жасып. Бірге өскенбіз ғой, жаның ашиды байғұсқа, – деп Атамқұл айтқаным дұрыс па деп, толықсыған келіншегіне жарамсақтана қарады.
– Қазір мал өсіре алмайтын болдық. Ұрлықшылар малың көзіңнен таса болса болды қағып кетеді. Тіпті аудан әкімінің фазендасындағы жүз қаралы жылқыны бір түнде айдап кетіп, із-түз жоқ, мүлде табылмай қойды. Ұры алыстан келмейді, – деді Маралбай, тұп-тура баяғылардың қарияларындай аспай-саспай әр сөзін салмақтап айтатын болыпты.
– Мына Асекең жақсы біледі, біздің ауылда Ғұсман деген құрдасымыз бар. Нағыз баукеспе, барымташы. Қанша рет сотталды, бірақ қар бір түскенде елеңдеп отыра алмайды. Жүген мен жеңіл орыс ертоқымын қапқа салып алып, пойызға отырып, шығанға шығып кетеді. Апта жоқ, ай жоғалып барып, бір түні бір үйір жылқыны шұрқыратып айдап әкеп қорасына қамайды. Сақал-мұрты қаудиып өскен, қап-қара болып түтігіп кеткен, кеудесі мен белін арқанмен буып алған Ғұсманды ат үстінен әрең көтеріп түсіреміз.
– Содан соң? – деп Алпысбаев итіне елеңдеді.
– Содан қазысы айналған семіз жылқыларды жарты бағасына сата бастайды. Бүкіл ел соғымға қарық болып, бір жырғап қалады. Бұл не қылған ен байлық, қайдан келді? Білмейміз…
– Жегенің ұрлықтан келген ет екен ғой, – деп кекете бастаған Алпысбаев қуыршақтай үлбіреген келіншегі «Онда сенің не жұмысың бар?», – деп ызғар шаша қарағанда жым болды.
– Ғұсманды мен де жақсы танимын. Кездескен сайын, – «Асеке, машинаңды жібере қойшы, биылғы соғымыңды сойып, салып беріп жіберейін», – дейтінін қайтерсің, – деп есіме түсіп бір бүйірден қосылып едім, Маралбай жақтырмай, әңгімесін әрі қарай жалғап әкетті.
– Жібердің бе машинаңды?
– Жоға…
– Ғұсман пойызға мініп сонау алыс аймақтың бірінен түсіп қалып, барлау жасайды. Әбден әккіленген сол жердегі таныс ұрыларының үйінде тығылып, демалады. Ол жекжаты бұрқыраған бір топ жылқыны алдына салып берісімен дүркірете қуып айдап жоғалады. Арасынан белді біреуін ерттеп мініп алып, шойын жолдың табанымен қуып отырып, күндік жердегі күтіп отырған серігінің қорасына қамап тастайды. Серігі күні бойы малға жем-шөп беріп суарып бағып-қағады. Ұйқысын қандырған соң сол үйден сыбағасын жеп, кеш бата тағы жолға шығады. Тақымына қысқан шолақ қосауызы бар. Кездейсоқ біреу-міреу қарсы жолығып, жөн сұраса – «Көрдім, білдім деме. Әйтпесе жеті қат жерге кіріп кетсең де тауып алып мынаумен тарс еткіземін. Ажалың менен болады», – деп қосауызды маңдайына көздеп тақаса анау жеті атасына дейін айтып қарғанып, жанын әзер арашалап алып қалатын көрінеді.
Қонып, түнеген жекжат-жораларының үйіне бір жылқыны сойып, тастап кетіп отыратын жомарттығы бар көрінеді. Ғұсман секілді алыстан әкелетін барымташылар қазір мүлде жоқ. Бүгіндер ауылда жұмыс істегісі келмейтін өңкей сасық ұрылар қаптап, қорадағы аз-маз малыңды аш бөрідей талапайлап жоқ қылып жатыр емес пе! – деп Маралбай басындағы ескі шет-шеті жемірілген киіз үйдей тақиясын шешіп тастап еді, қазандай басынан бу бұрқ ете түсті.
– Әй, Асеке, мынауың басқа шықты, – деп босаған бөтелкені көзімен нұсқады.
– Бұл еш ауыртпайды, бар дертіңе ем, – дедім…
– Әй, сендерді жан досым, жолдасым деп жүрсем… Неге қызымды ұзатқан тойыма келмедіңдер былтыр, а? Ешқайсың келмедіңдер, мен күттім ғой. Титтейімізден бірге өскен, бір класта оқыған, интернаттың қара нанын бөліп жеген достарым емессіңдер ме?..
Атамқұл масайып қалған ба, дауысы мылтық атқандай қатты шықты. Төбесіне жиналған ескі сабан секілді шашы ұйпа-тұйпа. Бұрын топ-толық домаланған жан аурушаң азып, беті шұбар-шұбар, қаудыраған құр сүйегіне киім кигізіп қойғандай.
– Үшеуіңнің де той-жиыныңнан қалмаушы едім. Қызымды ұзатқанда құдалыққа жүріңдерші деп әрқайсыңа жалындым. Біреуің келмедіңдер ғой, – деп кенет өкіріп жылап жібергені. Екі иығы селкілдеген қайран, асыл досым-ай!..
– Пандемия болды ғой, — деп түрегеліп құшақтадым. Жас балаша кеудеме басын қойып солқылдап тұрып алғанда менің де көзімнен ыстық жас ыршып-ыршып шығып кетті.
– Кірмегенім қара жер болды. Қатын мен бала-шағадан ұялдым…
– Атеке, сенікі дұрыс… келер сенбіде біздің үйге келіңдер. Ат-шапан айыбың менен, – деп Маралбай да көзін сүрткіледі.
– Ойбой, мына шалдар жетпіске келгенде жылауық болып кеткен бе? Атамқұл, үйге келген қонаққа үйдей өкпеңді айтпа… – деп Сайра күйеуіне таза сүлгі беріп, бет-ауызын сүртті. Ықылық атып, жыламсыраған қайран досымның түр-әлпетін көріп жүрегім уылжиды. Әй, бітпейтін қу тірлік, неге ғана келмедім екен! Неге?
– Қартайғанда жас қатын алып, баламыз жаңа ержеткен кінә өзімізден. Маралбайлар бәленбай немере сүйіп отыр. Бойжеткен қызыңды енді ұзатып отырған өз обалың өзіңе! – деп Алпысбаев шағып алды.
– Біздің үйдің отағасы, қойыңыз енді. Төсін жарып, жүрегіне операция жасатты ғой бұл кісі – осыдан бір жыл бұрын. Қатты толқып, ашулануға болмайды, – деп күйеуін айналып-толғанған әйеліне риза болдым.
– Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады. Мына үйді жайнатып ұстап отырған, біздің Атамқұл досымызды сәбише мәпелеп күтіп-баптап отырған Сайраш, саған рахмет, — дегенімде Алпысбаев іліп әкетті.
– Сайра төрт сиыр сауып отыр. Қыстай үш-төрт тана, бұқа байлап сойып, сатып, Атамқұлды асырап отырған осы қатын.
– Сендерге сол тойдан сыбаға сақтап қойғанмын. Дәм татыңыздар, — деп буаз сиырдай белі жуан шишаны ұстатқан Сайраның томпақ беті алаулап, қызарып тұр.
– О-о, бұл шотландский виски ғой, удай қымбат! – дедім әлгінің сыртын айналдырып қарап.
– Ит болса да ішейік онда, – деп ит кемірген ешкінің асығындай Алпысбаев жұтынды.
– Ағаштан – бал, шөптен – сүт ағызған заман-ай десеңші. Қай жердікі дейсің? – деп Маралбай тамсанды.
– Сендерге арнап сақтап жүргеніме бір жылдан асты. Сендерден артық кімім бар? Сендер менің ең жақын достарымсыңдар ғой, – деген Атамқұлдың иегі кемсеңдеп кетті.
– Арғы жексенбіде біздің үйге келіңдер. Атамқұл қызының тойында өлімші боп коронавируспен ауырып, ауруханада жатқан едім, – деп досымның арқасынан сипалай бердім. – Мына өмірдегі ең жақын досым сен екенсің. Титтейіңнен маған қамқор болып жүруші едің. Маралбай екеуің бәйтеректей биік, еңгезердей дәу жігіт едіңдер. Арқа сүйегі адырайған, қол-аяғы шодырайған, қалтылдап-дірілдеген шалға айналғаныңа қайранмын. Досым, сенің өкпе-назың өте дұрыс. Қайсы бірін айтайын, әке-шешем қайтыс болғанда бәрін өзің басқардың. Осыдан үш жыл бұрын қарындасым елуге де келмей жатып аяқ астынан дүние салғанда қолтығымнан сүйеп, жасымды сүртіп қасымда жүрдің. Күніге телефон шалып өткен-кеткенді айтып, әзілдеп есімді жиғызып, көңілімді аулағаныңды қалай ұмытайын. Сенің маған істеген жақсылық шапағатың ұшан-теңіз. Неге ғана қызын ұзатқан соң да жазылып шыққанымнан кейін келіп құтты болсын айтып кетпедім, а? Неге? Әй, мен тасбауырланып кеткен жоқпын ба осы?
Өзегіме ащы өксік тығылып, өкіріп жылап жіберуге шақ-шақ тұрмын, көзімнен жасым төгіліп-ақ кетер еді, әйелдерден қысылдым.
– Әкелші бермен. Бұл үпіл-мәлікті өмірі татып көрмеппін.
– Мынауыңның бағасы бір сиырдың құны дейсің бе? Не деген қымбат, – деп күректей алақанымен құмыраны сипап, ары-бері төңкеріп көрген Маралбай сыртындағы ағылшынша жазуларға қанша үңілгенімен оқи алмай қайтарып берді.
– Атамқұл, әлі талай-талай қуанышыңда бірге боламыз. Қой енді. Тау да өзгерер, заман да мың құбылар, бірақ менің Атамқұл досым табиғи, кіршіксіз таза қалпында қалады. Келіңдер, ұлы достық үшін алып қояйық!
– Асеке, сен де ішейін деп отырсың ба? Ауырып қаласың ғой, – деген әйелімнің ескертпесіне пішту деп қарамадым.
– Ешкі пұл болған, әйел би болған заман-ай! Ішпесең ішпей-ақ қой, Асан, – деп Алпысбаев кілмие қарады.
– Келіншектерге импортный вино бар. Соны ішеді, – деп Сайра оларға қызылкүрең тырна мойын шарап әкеліп қойды, бізге төрт түйекөз рюмкені тізіп берді.
– Вискиге мұз, су не коко-коланы қосып ішеді, – деп білгішсініп едім, Алпысбаев сасық күзенше шақ ете қалды.
– Асан, сен білгішсінбе! Спирт те іштік, әскерде жүргенде одеколон да ішкенбіз, сол тамақтан бұл да зу ете түсер. Мына үшеуміз жетпіске дейін ішіп келеміз. Қырық жыл шопыр болдым, бір рет те мас болып ұсталған емеспін. Атамқұл машинасын екі рет төңкерді. Мына Маралбай Беларусін быт-шыт қылды. Бұлар іше алмайды. Ал, қызыңның барған жерінде бағы ашылсын, – деп Алпысбаев екі көзін тарс жұмып тартып алды.
– Біз де бұл жарықтықты татып көрейік, – деп Маралбай ұрса ма деп әйелі жағына ұрлана қарап қойып, рөмкесіне жармасты. Үстіне су қосып ішкен виски жылқының майындай тамағымнан жылпып өтіп, жүрегімнің үстіне кілкіп тұрды да қалды.
– Біздің ауылға әлі күнге дейін газ келмей, қыстай көмір жағып шығамыз, – деген Атамқұлға қарап Сайра:
– Атекең пештің маңына да жоламайды. Қыстай оған қожайын өзім, – деп Сайра әйелдерге шарап алдыруға кірісті.
– Газ тартылып еді, ауылымызға көшіп келушілер шыбындай қаптады. Бәрі жапатармағай үй салып алды, бұрынғы жүгері, қызылша егетін суармалы жерлерде жыпырлаған там. Қаладан ба, даладан ба, аннан-мұннан келген қалталылар тау, құм демей бәрін сатып алып, тышқан кіргізбейтіндей етіп қоршап тастады. Қарауыл қойып, мал тұрмақ адамды да жолатпайды. Жекеше малымызды бағатын жайылым жоқ, – деп Маралбай ішінде жүрген гөй-гөй сырын ақтара бастады.
– Сен, Мәке, өте дұрыс айтасың. Баяғыда Алматымыз қандай гүлжазира ғажап қала еді? Қысы-жазы ағашқа малынып, көше-көшедегі арықтардан сылдырлап су ағып жататын, тап-таза, сонда баруға асығушы едік. Қазір сонау тау шыңдарындағы ағаш, орман біткенді отап, төңірегін түгел тас-талқан қопарып, үй-жайлар салып тастаған. Саин көшесінен бері қарай жайқалған жүгері, одан бері көк-мөк, ал тау етегі апорт өсіретін совхоздардың жері болатын. Қазір далиып бей-берекет салынып жатқан құрылыс ар жағы Талғарға, бергі жағы Қаскелең, төменгі беті Қапшағайға дейін кеулеп барады, – деген менің сөзімді Сайра бөліп жіберді:
– Қалаңда ауа жоқ қой, қалай тұрып жатсыңдар? Анда-санда барсақ тұншығып, давлениеміз көтеріліп, өліп кете жаздаймыз, – деп еді, бәрі жапатармағай «Дұрыс, дұрыс айтасың!» деп бастарын изесті.
– Қайран Алматы – қазір әлемдегі ең былғаныш қаланың бірі, мұнда тұратындардың үштен бірі дімкәс, түрлі дерттерге шалдыққан, әсіресе балаларға обал-ақ, – деп күрсіндім.
–Ау, отыра береміз бе, Маралбай тост айтсын, – деп Алпысбаев мұным қалай дегендей танауын жоғары көтерді.
– Айтсын! Сөз сенде, Мәке! – деп үй иесі елеңдеп қалды.
– Атамқұл, Сайра! Құдалықтарың құтты болсын! Қыздарыңның барған жерден бағы ашылсын! Қазіргі балалар үйленбей жүріп алатын болды ғой. Сенесіңдер ме, алақандай біздің ауылда қырық бозбала үйленбей бойдақ боп жүр. Алды қырықтан асып кетті, ауылдағы қыздар бір атадан, жақын туысқандары ала алмайды. Бойдақ жігіттер топырлап кешке көшеге сыймайды.
– Не дейді, бетім-ау, қырық бойдақ бар дейсің бе? – деп Алпысбаевтың жас әйелі бетін шымшыды.
– Алдымен Маралбайдың сөзіне алып қояйық, – деп Алпысбаев дікілдеп, бәрімізге ішкізіп қойды.
– Бойжеткен қыздарың болса айтыңдар, құда болайық.
– Қазіргі кезде жастардан мейірім қашып бара жатқандай көрінеді. Әсіресе, қалаға, сыртқа кеткендер жатбауыр болып кетеді екен. Дәулетті, ел басқарған Боранша деген ағамыз екі ұл, бір қызына Алматыдан орысша мектеп бітіргізді, кейін екі ұлын «Болашақпен» шетелге жіберді, қызы орысқа күйеуге шықты. Сенесіңдер ме, сол Боранша бар тапқан-таянғанын соларға жіберіп тұратын. От жағатын пеші жөнді жанбай, әйелі екеуі қатар иіс тиіп аяқ астынан дүние салды, байғұстар. Астанада бір ұл, екіншісі Ақтөбеде, қызы Саратовта тұрады екен, телефон шалып бәрімен өзім сөйлестім. Шіркіндер-ай, иттер-ай, біреуі келмеді ғой. Бәрі үйлі-баранды, тұрмыстары керемет. Туыстары жиылып, өзіміз жерледік. Міне, келесі айда жылдығын бермекпіз. Мәпелеп өсірген балаларының ешқайсысынан хабар жоқ, біреуі келіп, әке-шешесінің басына құран оқып кетпеді ғой.
– Үлкен ұлы еврейден, кіші баласы якуттан әйел алды деп естіп едім, – деп білгенімді айттым.
– Иә, солай дейді, басқа ұлтқа үйленсе балаң біржола бөтен, жат боп кетті деп есептей бер.
– Индонезия деген елде балалары ай сайын арнайы келіп, әке-шешелерінің аяғын жуып, дәмдеп ас-суын беріп тұратын бұлжымас дәстүрі бар екен. Бұл ел ата-анасын қадір тұтатын, оны парыз-борыш деп білетін мейірбандық қасиеттері жойылмаған бірегей ұлт. Бұл елде қарттар үйі деген мүлде жоқ, – дедім білгішсініп.
– Сол Боранша балаларын Алматыға интернатқа беріп, орысша оқытқан, тікаяқ болып, ауылға келмей, суып кетті. Әке-шешесі өлгенде келмеген балалардан не үміт, не қайыр? – Маралбайдың тез-тез қатты дауыстап сөйлейтін әйелі ішіне сыймаған ойын ақтарып салды.
– Ал енді жарты сағаттай үзіліс, далаға шығып аяқ суытыңдар. Одан кейін қуырдақ, – деп Сайра басқара бастады.
– Тағы қуырдақ бар ма? – дедім асқазанымның жайын ойлап.
– Асеке, саған арнап үндік асып қойғам. Қам жеме, асықпаңдар, – деген соң қиқайып-сиқайып орнымыздан тұра бастадық. Екі аяғым сіресіп, ұйып қалыпты. Маралбай байғұс қорбаңдап, әйелі қолтығынан демеп, әзер түрегеліп, таяғына таянды. Көлбей жатқан Атамқұл да қирелеңдеп, Сайра қолынан тартып, тіктелгенмен «ойбайлап» дауысы шығып кетті. Алпысбаев қана лып көтерілді, әлі ылдым-жылдым, ширақ.
Қардан кебіс киіп, мұздан тон оранған дала шаңғытып тұр. Буымыз бұрқыраған біздер тондарымызды түймелеп, тұмағымызды басып кие бастадық.
– Жүріңдер, қора-жайды көресетейін, – деп белін ұстаған Атамқұл алға түсті.
Сыртта үскірік, ал қораның іші жып-жылы, бес-алты ірі қара күйіс қайырып тұр. Шеткерірек бөлек байланған мойны қатпар-қатпар дәу қарын бұқа бізге қызылкөзденіп қарап-қарап тепсінді.
– Әбден семірді, сойып жіліктеп сатамын бұл бұқаны – деді үй иесі.
– Былтыр Атамқұл қаладағы кардиология ауруханасына аяқасты түсіп, операция жасатқанын естіп, дереу жеттім. Кеудесін тіліп, төсін жарып жүрегінің қалақшаларын жөндеген ғой. Алғаш көргенімде көзімнен жас шығып кетті. Әзер-әзер сөйлейді, барып-келіп жатыр.
«Платныйда жатырмын. Үйдегі бордақылап отырған малдың бәрін сатыңдар, — дедім. Қу жаным қалды ғой әйтеуір» – дейді дірілдеп. Оншақты күннен кейін шығатынын біліп арнайы барғанымда әйелі, бала-шағасы түгел келіпті. Атамқұл жазылған, дауысы өктем-өктем, бәріне ұрысып, қырып-жойып барады. «Алты ай баққан екі бұқа мен бір байталымды ен тегінге сатып жіберіпті мына кеңкелестер» – деп апшысын қуырып жатыр. – «Ау, Атамқұл, жаның қалғанына тәубе демейсің бе, мал табылар, өзің аман болшы», – деп ашуын әзер бастым, – дегенімде бәрі ду күлді.
– Аяз арқырап тұр екен. Жүріңдер, моншамды көрсетейін, – деп үйіне жапсарлас салынған құжыраға бастап кіргізді.
– Әй, өңкей ақсақ-тоқсақ, жүрсеңдерші тезірек, – деп соңынан кірген Алпысбаев бәрімізді шаншып өтті.
– Жетпіс жас оңай емес, уыс-уыс дәрі ішіп әзер жүрміз, – деп бір басында қырық түрлі дерті бар Маралбай досым моншаның кіре берісіндегі сәкіге отыра кетті.
– Алпысбаев, сен мақтанба. Қантың көтеріліп, әнеугүні ғана емделіп шыққаныңды ұмытып кеттің бе? – деп Атамқұл оның аузына құм құйды.
– Жігіттер, сыртым бүтін болғанмен ішім түтін. Мені де соңғы жылдары дерт айналдырып инфаркт алдым, жүрекке сақина салдырдым. Қайтеміз енді, тозған машина секілдіміз, жөндетіп тұрмасақ сылқ ете қалармыз, – деп кеселімді айта бастадым.
Атамқұл көк түтінді бұрқыратып, темекісін тартып жүріп бұрыштағы легеннің астынан үш стакан алып, ортаға қойды.
– Сендер келеді деп мына бұрышқа бір-екі көкмойынды тығып қойғанмын, – деп орамалға оралған екі бөткелкені тақ еткізіп қоя салды.
– Міне, мында құрт бар, тістеуге, – деп қалтасынан екі құрт шығарды.
– Ал жігіттер, келер жылғы соғымбасына дейін аман-сау болайық. Міне, соңғы бір жылда Молдахан, Рафат, Орынбасар деген үш кластасымыздан айырылып қалдық, – деген кезде алдындағы стақанды ұстаған Алпысбаев:
– Давай, солардың әруағы үшін ішейік! – деп ұсыныс айтты. Бәріміз көтеріп тастадық. Атамқұл стақанға орталай құйып алып жеке тартты.
– Қандай жігіттер еді. Молдахан Таразда кетті, Орынбасарды Қаскелеңге жерледік, Рафат досым ата-бабасының жанында жатыр, – деп жыламсырап еске алды.
Ішім әлем-жәлем өртеніп, сыртқа шықтым, аяз буып тұр. Анау еңісте бұрала ағып жататын өзен көзіме түсті. Жаз кезінде ылғи Атамқұл екеуміз сонда барып шомылып, күнге қыздырынатынбыз. Аңсарым ауып, төмен түстім де сай табанындағы өзенге келсем, беті тұтас қатып қалыпты. Көкшіл мұзбен ары-бері жүріп, сонау балалық шағымды еске алдым.
Өмір деген бір тұтам ғана екен ғой. Күні кеше өзен бойлай жүгірген бала едік, міне жетпістен асқан қария болғанымызды білмей қалдық. Уақыт шіркін қалай ғана зымырап тез өтеді. Енді ойлап қарасам, әр күніміз санаулы сияқты. Бүкіл ғұмыр өтті, аз ғана мерзім маңдайға жазулы қалды. Ертең бе, бір жылдан кейін бе, тағдыр жазып әлі он, жиырма жыл жүре тұрамыз ба? Кім білсін? Тіршілік не деген тәтті, әр күніміз алтыннан қымбат екен ғой…
– Ей, тажал ажал, әзір бізге есік ашып, шақырмай-ақ қойшы. Анау бала-шаға, немерелерімізді өсіріп, қызығын көре тұрайық. Мына дуылдасып жатқан құрдас-достарымнан да бір күні айырыламын-ау, жоқ әлде дімкес жүрекпен алдымен мен кетемін бе?
Бұрын мүлде басыма келмеген сұмдық ой санамды осып, тез сергідім. Өрге қарай ентігіп, алқынып әзер көтерілдім. Жақындап келе бергенімде моншаның қызыл есігі шалқасынан ашылып:
– Мә, саған онда! – деп гүжілдеген Маралбай Алпысбаевты көкпар көтергендей тік төбесінен асыра айналдырып, лақтырып кеп жіберді.
Күртік қарға күмп ете түскен Алпысбаев ес-түссіз жатып қалды.
– Өліп қалды! Алпысбаевты өлтірді! – деп шыңғырған әйелдер далаға буы бұрқырап, жалаң киіммен жүгіріп шықты.
– Берік-ау, жаным-ау, өлтірді ме сені? Кім ол қанішер?! – деген әйелінің зарлы дауысы тұла бойымды түршіктірді.
– Өлмесе өмірем қапсын! – деп сыртқа жалаңбас шыққан Маралбайдың қақ шекесінен қызыл қан саулап тұр, бет-аузын түгел жауып кетіпті.
– Әй, айттым ғой саған! Ажалың арақтан болады деп қақсадым емес пе? Алжыған кезде арақтан өліпті деген атқа қалатын болдың ғой. Масқара! – деп оның тез сөйлейтін быдық әйелі шаптықты.
Қақпаның сыртында машинада отырған балаларымыз жүгіріп келді, у-шу, азан-қазан.
– Берік-ау, жаным-ау! – деп атын атап ойбайлаған әйелінің даусынан оянған Алпысбаев жатқан күйі төңірегіне бағжаңдай қарап, ұмтылып тұра бере оң қолын ұстай алды.
– Қолым! Қолым көтертпейді.
– Қолыңды сындырып жіберген ғой, Берікжан! – деді әйелі.
– Әй, андағы жындыкөшің шалымның басын ұрып жарып тастапты! Осыдан бірдеңе болса соттатып, көзіңе көк шыбын үймелетемін, – деп Маралбайдың әйелі долданып, күйеуінің қызылала қан болған бет-аузын сүрте-мүрте сүйрей жөнелді.
– Кеттік, қане! Доғдырға көрсетейік, бас сүйегің сынып, жынды боп қаларсың!
Маралбайдың шекесіне дереу киіз күйдіріп басып едік, бет-аузы түгел күйелеш боп, тіпті ұсқыны кетті.
Ойбайлап ыңқылдаған Алпысбайдың қолын байлап, баласы мен әйелі дедектетіп машинасына отырғызып алды да аудан орталығына тартты.
Бет-аузымды жуып, үйге кіргенімде үйме табақ қозы қуырдақ пен маған арнап пісірген пілдей әппақ үндіктің етін алдымызға қойды.
Жүрегім тас төбеме шығып, не бәле болғанын сұрағанымда Атамқұл аспай-саспай, бәрін айтып берді.
– Алпысбаев адыраңдап, шәңкілдеп, масайып Маралбайға нағыз барымташы сенсің деп еді, анау дойырланып бір перді. Көзі алақтап, жалп ете түскен шақар неме пеш алдында жатқан темір көсеумен Маралбайдың басынан сақ еткізіп ұрған, сәл қиғаш кетіпті. Ауыр көсеу бір жақ құлақ шекесін жырып, қан сау ете түскенде Маралбай арыстандай қаһарланып, Алпысбаевты тік көтерген қалпы далаға атып кеп жіберді. Сүйегі аман, әйтеуір екеуінің де, – дегенде барып сабама түстім.
–Атамқұлға арақ ішпе деп зарлаймын ғой, – деп келе жатқан әйеліне қарап:
– Бас сынса мойын ішінде, қол сынса жең ішінде. Ештеңе етпейді, – дедім.
– Е, неменеге жетісіп күлесің, жетпістен асқанда төбелесіп, шу шығарып… – деген әйеліме де қарамай рахаттана күлдім кеп.
– Қане, ашуларыңды басыңдар. Келесі сенбі күні бәріңді үйге шақырып татуластырайын. Ит ырылдаспай араласпайды, – дедім езуімді жия алмай…
– Тек қана сұрарым, арақ-шарап болмасыншы, – деді Сайра.
– Әбизателні! Қымыз бен шұбат алдыртамын Айдарлыдан. Соғымбасы сыбағаларыңды жеп, демалып қайтасыңдар. Жарай ма?
Бәрі мақұлдай бастарын изесті.
Далада Аңырақайдың ақмылтық бораны басталып, терезені қар қиыршықтары тысырлата сабалай жөнелді.
Үй-іші жып-жылы, самауырға салған сексеуіл шытырлай жанады. Сүт қатқан иісі бұрқыраған үнді шайына құныға бас қойдым.
Құрдастарым-ай, жүрегімде мәңгі жүретін, сағынатын қайран асыл достарым-ай!..
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ