Солдат соғысқа қалай кетті?
Жер жәннаты аталған Жетісу жері. Жаз жайлауын жайлап, қыс қыстауын қыстап мамыражай отырған елдің ішінде қазақы салт-дәстүрге берік, атадан балаға жалғасқан бағзы құндылықтарды көзінің қарашығындай қорғаштайтын Тоқаның отбасы да ел қатарлы тірлік кешіп жатқан. Ашаң жүзді, ақсары, бидай өңді бойшаң келген бәйбішесі Әфуза – үйінде көлденең қылшық жатпайтын қылап адам екен. Пейілінің кең, дастарханының мол, асының дәмділігінен болар, бұл үйден қонақ үзілмейтін. Тоқа өзі біртоға, жуастау, ерекше балажан кісі болыпты. Кішкентай қызы Бибіажар шетінеп кеткенде ол жанын қоярға жер таппай қиналады. Ол кезде қайта алқалаған ағайын, ес жидырар елі бар уақыт қой. Қиындықтың көкесі содан кейін басталады. Өз жерінде өз салтынша өмір кешіп жатқан халықтың басына ауыр нәубет келеді. Ұжымдастыру! Кәнпеске!
Барынан айырылған Тоқа аштан қалған бала-шағаны аман сақтап қалу үшін Фрунзе қаласына барып, өлмеудің қамын жасап, тірлік етуге бекіген.
«Бұрынғы Фрунзеде – бүгінгі Бішкекте атам бір орыс отбасының біршама уақыт шаруашылығын жүргізетін қара жұмысқа келісіпті. Қожайынның үлкен үйінен алыс емес жерден оларға шағын қақыра бөлініпті. Қасіреттің үлкені сол жерде болатынын білмеген олар құлағалы тұрған әлгі тамның өзіне керемет қуаныпты» деп еске алады Қасым-Жомарт Тоқаев «Әке туралы толғаныс» кітабында.
Естілікте айтылғандай, 30-шы жылдың жазында екі үй Бішкекке тақау, кендір егісінің басында қарауыл қарайды. Айдалада, арық жағасында жалғыз үй отырады. Бір күні Тоқа бір жерде бір өгіз сойылады екен дегенді естіп, соның сирағын бір шапанға айырбастап әкелуге жолға шығады. Екі ұлы әкесінің соңынан ереміз деп көшеде адасып қалады. Сол күні қамыстан қауғалаған лашықтарынан өрт шығып, үйдегі аяғын апыл-тапыл басып жүрген қарындасы мен аштық өтіп, ауру болып төсекте жатқан анасы тұра алмай екеуі де отқа оранып кетеді.
Тоқа кештете келсе, лашықтың күлі ғана қалыпты. Екі ұл жоғалып кеткен, үйде қалған қызы мен әйелі бақилық болған. Бір күнде соқа басы сопайып жалғыз қалған мына қасіретке шыдамаған ол өзен жаққа қарай жүгіреді…
Жазушы Кемел Тоқаев өзінің «Солдат соғысқа кетті» романында сол балалық кезін романдағы бас кейіпкердің басынан өткен оқиға ретінде былай баяндайды:
«Қасым екеуміз әкемді іздеп шығайық. Жолда арба айдаған екі кісі делбені тартып, атын тоқтатып жөн сұрады. Қайда бара жатқанымызды білді. «Біз де со жаққа бара жатырмыз. Кел, арбаға отыра қойыңдар!» деді де, ырық бермей тура жетімханаға алып келді. «Біздің әке-шешеміз бар. Жетім емеспіз. Қырық кепелі үйде тұрамыз. Ағатай, жібер!» деп жалынсақ та босатпады. Беті ауызы баттиған қара шұбар қазақ: «Әке-шешеңнің қайда екенін айтпай-ақ қой. Сүйегі жер астында қурап жатқанын білеміз. Қасарыспа, осында әкеп тапсырғанымызға рахмет айт», – деп бетімді шымшып алды.
Қасым шұбар қазақтың қолын қағып жіберіп: «Былғаныш қолыңмен балаға тиюші болма!» – деп мені мойнымнан құшақтай алды.
«Ей, қарайгөр мынаны! Қол тигізбейтін соншама кім едің? Ақсүйек бай баласы шығарсың? Жетімханада бай мен манаптардың баласына орын жоқ! – деп әлгі шұбар бәле өршелене түсті. – Жыныма тисеңдер тура қара құдыққа апарып тастаймын. Кім арашаға түсетінін көрейін!». Мұрнының самалы бар серігі: «Әй, баламен керісіп қайтесің. Біздің міндет қаңғыған немелерді қалдырмай жинап, әлгі норма дегенін орындау ғой!» деп пысылдай сөйледі…
Сөйтіп, Қасым екеуміз балалар үйінде қалып қойдық».
Қасым мен Кемел сол бойы жетімдер үйінде қалады. Әкесін де көрмейді. Олар жетімханада жүргенде екеуіне берген нанның жартысын «қарындасымызға апарып берейік» деп тығып жүреді. Бір күні еті тірі Қасым ретін тауып қашып шығып, қала сыртындағы жұртына барады. Сол жерден болған жайды естіп, жетімханаға қайта оралады.
«Әке туралы толғаныс» кітабында жетімханадағы балалардың ары қарайғы өмірі былайша өрбиді:
«…Басқа баратын жер болмағанын түсінгеннен кейін олар балалар үйінде білім алуға кіріседі. Бір жылдан кейін Қасым ең алғыр және тәртіпті тәрбиеленуші ретінде старостаның орынбасары болып сайланады. Өзінің қоғамдық жағдайын пайдаланып, ол інісіне жан-жақты көмектесіп, тіпті асханадан қосымша нан үлесін алып беретін қулық та ойлап тауыпты. Балалар үйінде тиісті оқу процесі болмаған. Өйткені онда неше түрлі балалар – қаңғыбастар мен бұзақылар да кездесетін. Сондықтан да Қасым балалар үйінің бастығына өзін және інісін дұрыс оқып, жөнді білім алу үшін басқа балалар үйіне ауыстыру жөнінде өтініш жазуға шешім қабылдайды. Ақылды, ойлы азамат болғандықтан ол үлкен өмірде білімсіз өз орнын табудың қиын екенін жақсы түсінген.
Таңданарлығы – балалар үйінің бастығы бұл тілекке қолдау көрсеткен. Мүмкін ол Қасымға тәртібі мен мінездері барлық уақытта жайлы бола бермейтін қаңғыбас балалардың арасында тәртіп орнатуға көмектескені үшін разы болған шығар. Осылайша әкем ағасымен бірге Шымкент мырыш зауыты жанындағы жетім балаларға арналған интернаттан бір-ақ шығады. Олар осында орта мектепті бітіріп, өмірдегі тұңғыш ресми құжат – кәмелетке толғандығы туралы құжат алған…».
Соғыс басталғанда Қасым соғысқа кетеді. Екеуі қоштасарда аяқ киімдерін ауыстырады. Өкінішке қарай көп өтпей сағынып, сарғайған, әке орнына әке, шеше орынан шеше, аға орнына аға болған Қасым – жастық дәурен, жар қызығын көрмеген жас өрен сұм соғыста жантәсілім болады. Кеудесі ыза мен кекке толған Кемел Қасым ағасының кегін қайтармаққа өзі сұранып, сұрапыл майдан даласына аттанады.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМ