СОНГМИ ТРАГЕДИЯСЫ
Драмалық баллада
Кейіпкерлер:
РОНАЛЬД ФЕРРИЦИ – АҚШ армиясының 82-ші әуе дивизиясының ұшқышы, жасы отызда.
КУРСАНТ ҚЫЗ – жиырмалар шамасындағы әсем бойжеткен, АҚШ-тағы
Вест-пойнт әскери академиясында оқиды.
ТХЫЕУ – Сонгми қырғынының ең соңғы куәгері. Егде кісі.
Мезгіл – 1970-ші жылдар.
І. Қаралы хабар
Ыңырсып барып құлаған сансыз жарадан,
Сонгми – соңғы үй,
бәрі де өлген…
жоқ адам.
Наразы нота жолдайды ООН АҚШ-қа,
Сонгми…
Қырғын –
дүние жүзінің бәрі алаң.
Въетнамдағы масқара,
«сұмдық сахна»,
Айырмақ болған халықты намыс,
хақынан,
Америкаға тағады айып адамзат,
Ана мен бала
бейбітшіліктің атынан.
Жазылу керек
дәл осы кезде өр өлең,
Қайғыны ақын қанымен жазса,
сенер ем.
Жазады ол оқпен көкірегіне
жауының,
Бір ауыз өлең:
«Автомат.
Соңғы оқ. Өлер ем».
ІІ. Рональд Феррицидің курсант қызбен танысуы
Анкетам мынау,
қараңыз:
«Қырғи» болғанмын,
Өкініштісі – соғысқа, әттең, соң бардым.
Өмірлік жолым –
планшет,
ұшу,
қонғаным,
Сақтасын тәңірім
долларын Дюпон,
Морганның!
Отызда жасым.
Ұшқышпын.
Сері «янкимін»,
Теңізге қонам,
қаласаң құстай қалқимын.
Бір виски үшін
Майклмен кеше бәстесіп,
Жоқ қылдым бірден –
өшірдім отын
алты үйдің.
Кеткен жоқ есем ешкімде,
жықтым,
арбастым,
Мекенім – батыс,
провинциясы Канзастың.
Біздегі оқу – ережелері ФБР-дің,
Кездесуінде болмаппын
ақын Олжастың.
Мінезім осы,
тұрады бұрып әзілге,
Қыздарға көңілім
бозбала
қалпы қазір де.
Тапсырмаменен
асығып барам ұшуға,
Ренжімеңіз!
Ал сау болыңыз әзірге!
ІІІ. Сол күнгі Сонгми
Тхыеу қарттың
қалмады ешкім үйінде,
Көз жұмған бәрі «Там-там»
ырғағы, биінде.
Баласы жатыр
жұдырық түйген күйінде,
Бір үйлі жанның
қабірі енді – үйінді.
Анадай жерде
кокосы менен бананы,
Шашылып қалған…
Қызына қария қарады.
Көз тұнып аспан,
жерің де көшіп барады,
Жендеттер қыздың
ойып алыпты жанарын.
Қайғылы сурет.
Сонгми.
Мезгіл – екінді,
Қап-қара түтін,
күн ашылмайтын секілді.
Теңселіп Тхыеу жылады,
мылқау отырды,
Кәрі жүрегі қатайды,
беріш бекінді.
Айғыздап өткен тағдырдың
бағып сұм ізін,
Іздейді тынбай,
аспанға қарап күн ұзын.
Құлаққа таныс мотордың
мұңды шуылы,
Жырақтан сонау
жетеді талып бір ызың.
ІҮ. Кезекті ұшу сапары, яки… өлімге бет алу
Кеше түнде қонып шыққан
мейманхана астынан,
Эскадрилья көтерілді,
Рональд тобы –
жас құрам.
Жою керек орманын да,
аңдарын да,
адамын,
Казармада,
асханада жалғыз осы – басты ұран.
Қажетің не,
тілек етер
қыз ба,
әлде шарап па?
Өз еркіңде,
ақ сезімді жүрегіңе жолатпа.
Неге болсын салқын бол тек,
бізге жеңіс – сол ғана,
Гашетканы басып жібер,
жанып кетсін бәрі отқа.
Сен суперсің,
қыран досың – самолетің – супермен,
Көк қақырап,
айбыныңнан қанатыңа бұлт ерген.
Бомбаларын айдалаға
төгіп жүр бір мұндарлар,
Бізге, бауырым, сурет керек –
қираған үй,
жұрты өлген.
Қысқа-қысқа, тұжырымды
қатаң бұйрық берілді,
(Қанды жорық
жақсылыққа апармайды жолыңды).
Көз алдыңда қып-қызыл от,
аласұрған адамдар,
Осы сапар Феррици
өлімнен де жерінді.
Жауыздықта белгісіз ғой
ақылды кім,
өжет кім,
Гүрсілдеген бомба даусы –
бұл үшін, тек,
кезекті үн.
Қорқыныштан төмен қарай
құлдилайды жүрегі,
Соңғы бомба…
соңғы демі…
ортасында өзі оттың!
Ү. Соңғы дем немесе құлап түскендегі қиял
Ұшып шықты.
Тәуекел!
Тапсырма да, бәрі ойда,
Компас тілі дірілдеп,
ауытқиды Ханойға.
Бағыт таныс,
жер таныс,
қалтырайды қолдары,
Өмір қымбат саған да,
босап кетпе,
абайла!
Бір сұмдықтың боларын
көкірегі сезеді,
Сонгмиден екінді
ауып кеткен кез еді.
Барар еді үйіне –
анасына ақ шашты,
Әдемі еді сүйгені,
әдемі еді-ау, көзі, еріні.
Жетім еді Рональд…
(Өмірде ешкім жоқ бүгін), –
Осыны ойлап үлгіртпей
бір қатты екпін
соқты тым.
Тхыеудің мылтығы
сусып түсті қолынан,
Сұр «Локхидтің» айбыны –
қазір сынық,
көк түтін…
Жанып кеткен Сонгми –
қайғылы өлең,
соңғы өлең,
Жанарына шер тұнған
қасіреттен көлденең.
Қанішерлер дүниеден
жоғалады қарғыспен,
Отан үшін өлгендер –
нағыз ерлер
сол дер ем!
Бақытжан АБЫЗОВ