СЫЙЛАСТЫҚ­ ­– ОТБАСЫНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

СЫЙЛАСТЫҚ­ ­– ОТБАСЫНЫҢ БЕРІК ТІРЕГІ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

Бұл осыдан біраз жыл бұрын болған еді.
Таңертең жұмысқа шығып бара жатқан Есенәлі көршісінің көлігі жанына жинала қалған бір топ адамды көргенде неге жорырын білмей, аңтарылып тұрып фқалды. Енді көршілер топтанып тұрған соң жұмысына асығып тұрса да амалсыз бөгеліп, олардың неге таң атпай жинала қалғанын сұраған. Сөйтсе, Есенәлінің көлігінің жанына бір келіншек құндақтаулы сәбиді тастап кетіпті. Мұны жасаған кім? Нәрестені шырылдатып тастап кеткен қандай көкек ана? Баланың әкесі кім? Мына жағдайды полицияға хабарлау керек пе, әлде «жедел жәрдем» шақыртқаны дұрыс па? Есенәлі бір мекемеде қызмет істеуші еді. Көзі ашық жан ғой деп, көршілері бұдан ақыл сұрады. Есенәлі полицияны да, «жедел жәрдемді» де шақыру керек деп кеңес беріп, жұмысына кетті.
Қызықтың «көкесі» кешке бұл жұмыстан оралған соң басталды. Келіншегі шайтанның шалығы тигендей бұлқан-талқан. Ыдыс-аяқтарды даңғырлатып, балаларды бір бұрышқа тығып, үйді қырып-жойып барады.
– Иә, қымбаттым, бұл ненің жоралғысы? Неге теріңе сыймай жүрсің? – деп Есенәлі келіншегіне қарады.
– Машинаның жанына қалдырып кеткен сенің балаң!
Есенәлінің төбесінен жай түскендей есеңгіреп қалды. Е, бәсе! Құндызай бекер долданбайды. Есенәлінің есіне таңертеңгі жағдай түсті.
– Оның менің балам екенін қайдан білдің? – деп Құндызайға қарата сауал тастады.
– Оның білетін несі бар? Баланы бекерден-бекер біздің үйге жақын жерге тастап кетеді дейсің бе? «Қауырт жұмыстар шығып қалды. Біздің жұмыс осылай» деп үнемі қызметіңнен кешігіп келуші едің, бір бәлеңнің барын сезетінмін, – деп Құндызай одан сайын долданды.
Есенәлі өзінің мұндай жолға бармайтынын қанша айтып ақталса да, Құндызайды сендіре алмады. Сол күні екеуі екі бөлек жатты.
Арада екі апта өткенде көкек ана табылды. Ол баланың әкесі кім екенін айтып берді. Ол көлік жүргірушінің баласы болып шықты.
Құндызайдың қабағы ашылды. Шай қоюлана бастады. Бірақ, Есенәлінің ойынан келіншегінің күдіктене беретіні шықпай қойды. Оның бұлай жасайтыны бір бұл емес. Той-томалаққа барса да, жиынға бірге бара қалса да келгеннен соң ұрыс шығармай отыра алмайды.
– Ана келіншекке неге қарадың?
– Ана бір бойжеткен саған үздігіп қарай береді ғой. Бір бәлелерің бар ғой.
– Ана келіншектің бетінен неге сүйдің?
Осындай тергеп-тексерулерден Есенәлі мезі болатын. Машинаның жанынан тастанды бала табылғанда да қашан анасы табылғанша құлағынан келіншегінің ызыңы кетпеді. Жұмыстан жарты сағат кешіксе болды, сазарып отыратын Құндызайдың қылығына ығыры шыққан Есенәлі не істерін білмей дал болатын. Осы жағдайды тіпті енесіне айтып та көрді. Бірақ, енесі қызын жақтап шықты. Екеулеп ортаға алған соң не жаны қалады, Есенәлі екі қолын төбесіне қойып, үйден безіп кеткісі келетін.
Ақыры осы қызғаныш жас отбасының түбіне жетті. Құндызай жоқ жерден дау іздеп, үйді борандата бергеннен соң Есенәлі құлақ тыныштығын ойлап, бір апта ағасының үйінде тұрып келген. Келсе, Құндызайы есікті құлыптап, төркініне кетіпті. Араға адамдар салып, Құндызайды қайта әкелгенімен, ол қит етсе үйіне кетіп қалатын әдетін қоймады.
Бір күні Есенәлі үйге жолдастарын ертіп келген. Құндызай қабағы түйіліп жүріп, шай жасады. Олардың арасында Тұңғыш деген ауызы жыпылдақ біреуі бар еді. Қалжыңқойлығы тағы бар. Сол отырып:
– Әй, Есенәлі! Өткенде көрсеткен келіншегің бұл емес еді ғой. Мынауың кім? – деді төтесінен.
Құндызай бір табақ тамақ әкеле жатыр еді, мынаны естіп, қолынан ыдысы түсіп кетті. Беті ду ете қалған ол алды-артына қарамай үйден ытқып шықты.
Бәленің басы осы болды. Содан кейін ол бұл үйдің қарасын көрген жоқ. Есенәлі досы Тұңғышты ертіп барып, оның әзілдегеннін айтып та ақталды. Бірақ Құндызай илікпеді.
Иә, қызғаншақтық деген қызыл ит оларды қауып тынды. Бүгінде балаларының алды бесінші сыныпқа барып қалды. Олар әкесін іздейді. Құндызайдың мінезі белгілі. Үйге барса Есенәлінің ұрлығының үстінен түсетіндей, тартыншақтай береді.
Осындай жәйт бүгінде көбейіп кетті. Азаматтардың хал-актілерін тіркеу орындарына барсаңыз, жастардың ажырасуы көбейіп кеткенін алдыңызға жайып салады. Оның себеп-салдарлары да көп. Кей келіншектер күйеулерінің табысын қанағат тұтпайды. Көрші сияқты оның да дүниеге малынып жүргісі келеді. Енді біріне күйеуінің мінезі жақпай қалады. «Сүйдім, күйдім!» деп үйленген ерлі-зайыптылардың бір-бірдеріне артар кінәлары көп. Оларды санап тауыса алмайсың. Сонда отбасылық құндылықтар деген қайда қалады? Жетім қалған баланың көз жасын кім құрғатады?
Отбасы – шағын мемлекет. Мемлекетіміздің мықты болуы үшін әрбір отбасының шаңырығы берік болуы керек дейміз. «Отан – отбасыдан басталады» дейтін қазақ халқы отбасылық құндылықтарды қашан да жоғары қойған. Халқымыздың бақытты да, тыныс-тіршілігі, тұрмысы, бірлігі – отбасының ынтымағына байланысты. Мемлекет үшін маңызды тірек болып саналатын отбасылық құндылықтар Үкіметтің де назарында. Осы орайда, мемлекет тарапынан жас отбасыларға түрлі қолдаулар көрсетіліп, олардың әлеуметтік жағдайларының жақсаруына қолайлы мүмкіндіктер жасалынып келеді. Дей тұрсақ та, отбасылық құндылықтар дегенде мүдіріп қалатын тұстарымыз көп екен. Соның ішінде біз байырғы бабалар жолынан, яғни ұлттық құндылықтардан бірте-бірте алыстап бара жатқанымыз жанымызға батады. Жасырып-жабатын ештеңесі жоқ, бүгінде батысқа еліктеуден алдымызға жан салмайтын болып алдық. Жат елдің жат әдеп-ғұрыптары, одан қалса жолдан қосылған жаман салт-дәстүрлер қазақтың тұнығын лайлап тастады. Біз еліктегіш халықпыз. Сырттан не көрсек, соны зиянды-зиянсыз екеніне қарамастан тұтына береміз. Қазақ қоғамына азаматтық неке деген керек пе? Ал бізде азаматтық неке деген тым көбейіп кетті. Бұрын ажырасу деген бүкіл әулетке ұят болса, бүгінде ол сәнге айналды. «Ішіме сыйған бала сыртыма да сияды» дейтұғын аналар көбейді. «Біреудің носкиін жуып жүргенше, жалғыздығым жақсы» дейтін бойжеткендер баршылық. Мансап, атақ қуып, отбасын құра алмай жүрген қыздарда сан жоқ. Мұның барлығы айналып келгенде отбасылық құндылықтарды тәрк етіп, ұлтымыздың саны азаюына әкелетін қауіпті құбылыстар.
Рас, бүгінде әлеуметтік жетіспеушілік, жұмыссыздық жас отбасыларға үлкен қиындықтар әкелуде. Соның салдарынан үйде ұрыс-жанжал тұтанып, соңы ажырасуларға апарып соғып жатыр. Осындай отбасыларда тәрбиеленген балалардың сана-сезімдерінде елеулі өзгерістер байқалады. Психологиялық жарақат алған бала түрлі келеңсіздіктерге тап болады. Осыдан соң «қиын балалар» көбейеді.
Бұл жерде ерлі-зайыптылардың жарасымды тұрмысы, бірін-бірі құрметтей білуі, өзара сүйіспеншілігі үлкен роль атқармақ. Осындай отбасыларынан тәрбиелі, үлкендерді сыйлай алатын, өзгені құрметтей білетін ұрпақ шығады.
Тәрбиенің өзегі – ұлттық құндылықтарда жатыр. Ата-бабалар дәстүрлерін, ұлтымыздың тілі мен мәдениетін ұрпақ санасына молынан сіңіріп отырған ата-ана ұтылмайды. Олар балаларын жастайынан ұлттық тәрбие негізінде тәрбиелеулері керек. Бұл «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» ұғымынан бастау алады.
Замана көші осылай деп санайтын бүгінгінің кейбір білгірлері қазақы салт-дәстүрлерді ескіргенге балайды. Оларға салса, келіннің атасына, енесіне сәлем салуы да жат. Осыдан барып, өзара түсінбеушілік басталады. Өзің сыйлай алмаған басқаны сыйлап жарытпайды. Ал, өзін сыйласа өз ортасын да құрметтейді. Отбасы үшін ананың орны, әкенің орны қай жер екенін түсінеді. Бүгінгі гендерлік саясаттың шырмауығындағы кейбір келіншектер күйеулерін бір қауыздың ішінде ұстағысы келеді. Бірнәрсе дейін десе, «құқығымыз бірдей» деп тепсініп шыға келеді. Осыдан соң отбасында береке бола ма? Бұл жерде келін өз жөнін біліп, кішірейе салуы керек. Кішірейгісі келмесе, күйеу жолын тауып, өз орнын пайдаланып, отбасы ынтымағын сақтап қалуға тырысады.
Сыйластық – отбасының берік тірегі. Осы сыйластық, өзара түсініктестік махаббаттың маздағы. Олай болса, тәрбие деген Тәңірге табына білейік. Ал, Мағжан Жұмабаевтың пікірінше: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие түгел берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны… Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені орындасын», – дейді «Педагогика» деген еңбегінде. Ол туған халқының тәлім– тәрбиесінің бай мұрасын пайдалану керектігін айтты. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан сыналып келе жатқан тастақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» дейді де, ойын былай жалғайды: «Бастапқы кезде жөбішенді білінбейтін баланың жан тұрмысы бала өскен сайын бірте-бірте біліне бастайды. Сондықтан баланың дене тәрбиесі мен жан тәрбиесін қатар алып бару керек. Қатар алып бару емес, бала өскен сайын тәрбиеші күшінің көбін баланың жан тәрбиесіне жұмсай беруге міндетті». Жан тәрбиесі отбасында қалыптасады.
М. Жұмабаев айтпақшы, әр халықтың ұлттық қалпын сақтап қалуда отбасы құндылықтарының маңызы зор. Қазақ халқының отбасы тәрбиесі атамзаманнан бері қалыптасып, атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келеді. Оны халқымыз ең жақсы қасиеттермен байытып, ұл-қызының бойына сіңіріп отырған. Отбасы тәрбиесі ғасырлар бойы сараланып, ұлттық тәрбиемен тығыз байланыста бізге жеткен. Адам баласының бүкіл асыл қасиеттері отбасында беріліп, бүкіл ғұмырына өзек болады. Ол болашақ азаматтың бет-бейнесін, ұлттық ерекшеліктерін қалыптастырады. «Қалпыңнан айнысаң да, салтыңнан айырылма» деген ата-баба өсиеті осыдан қалған.
«Тәрбие – тал бесіктен» дейді халқымыз. Қазақ халқы отбасында тәрбие беруді ана құрсағынан бастап, адам өмір бойы және о дүниеге шығарып салғанша анықталатын әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер негізінде үздіксіз жүргізіп, іс-әрекеттер мен қарым-қатынастар арқылы тұрақты жүзеге асырылады. «Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлттың тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті» (М. Жұмабаев).
Тәрбие жұмысы бала дүние есігін ашқан күннен бастап бойына сіңіріліп, ол мектеп қабырғасында, жоғары оқу орындарында, еңбекке араласқан кезде де жалғасын тапқан жөн. Өйткені «Жастай берген тәрбие – жас шыбықты игендей» дейді дана халқымыз. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» дейді ұлы педагогтер.
Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Ал ұлттық тәрбиенің көздері – фольклор, ауыз әдебиеті, ұлттық әдебиет, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлағатты қағидалар, шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, туған топырағымызда дүниеге келген ойшыл ғұламалардың еңбектеріндегі тәрбие қағидалары. Сонымен қатар отбасы тәрбиесінің ұлттық ерекшеліктері, туыстық қарым-қатынас, жеті ата туралы түсінік, перзенттік қарыз бен парыз, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім, ұлттық адамгершілік, отансүйгіштік, еңбексүйгіштік қасиеттері, ізгілік т. б. тәрбиенің негізгі көрінісі.
Бала туылған кезден бастап мұсылманшылап азан шақырып, ат қойып, алғашқы ұлттық дәстүрлі жоралғылар жасала бастайды. Бесікке бөлерде бесік жырын айтудың өзінде қаншама өсиет жатыр. Әжелеріміз бен аналарымыз ғасырлар бойы балаларымыздың бойына сол бесік жырын айтып отырып-ақ ұлтжандылықтың ұрығын септі. Себебі ұлттың анасы болған бұл абзал жандар жай ғана бесікті тербетіп қоймай, балаларымызды рухты етіп тәрбиелейтін жыр-дастандарды сіңіріп, діні мен тілін, дәстүрі мен тарихын жөргегінде жатып жақсы көруге үйретті. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп бекерге айтылмаған.
Өкінішке орай, бүгінде баланың әке-шешесі, ата-әжесі ертегі айтып бере алмайды. Жас та, кәрі де ертеден кешке дейін «көк жәшікке», ұялы телефонға телміріп, соның жетегінде кетеді. Оның жақсысы мен жаманын талғамай, сіміре береді. Б. Момышұлы: «Бесік жырын айтпаған аналардан қорқамын, бесік жырын тыңдамаған балалардан қорқамын» деп балалардың болашағына алаңдайды. «3-13 жастағы балалар ертегіні есту, оқу арқылы үлкен рухани азық алады» деп жазды ұлы ұстаз Ы. Алтынсарин.
«Бала – жастан, асыл – тастан» деп айтқан дана халқымыз. Баланы жастан жинақылыққа, тәртіптілікке баулып, әрбір іске жауапты етіп тәрбиелесек, ол ұққанын әдетке айналдырып, келешек тұрмыс барысында да оны еркін қолдана біледі. Адам жасынан бұлақ суындай мөлдір, айнадай таза болып өмір сүруге машықтану үшін бала кезінен соған қалыптастыру керек . «Сәби не біледі?» деп немқұрайдылық танытуға болмайды. Нәресте сөйлей алмаса да, бәрін түсінеді. Сондықтан баланың қасында келеңсіз жағдайлар жасап, жағымсыз сөйлеуге, айқай-шу көтеруге болмайды. Әр ата-ана баласын жақсы адам болса екен деп армандайды. Баласы жақсы адам болып өсуі үшін әр ата-ана отбасында мәдениетті сөйлеп, сыпайы қарым-қатынасын көрсетіп, оған дөрекі мінездерін шығармауы керек. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген аталы сөз осыдан қалған.
Ата-бабаларымыз сан ғасырлар бойы ұрпақтарын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де өнерлі, иманды да инабатты, ар– ожданы жоғары, намысқой етіп тәрбиелеп келді. Ол кезде салт– дәстүр, наным-сенім, әдет-ғұрып, жора-жосын, үлгі-өнеге арқылы ешкімнен кем қылмай тәрбие берген.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бүлдіршіндердің көпшілігі балабақшадан тәрбие алуда. Оларға ұлттық негізде тәрбие беруді негізге алу керек, Әйтпесе «Ұлттық мәдениеттен жұрдай тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын, пайдалы азамат шықпайды» дейді Алаш арыстарының бірі Мұстафа Шоқай.
Бала тәрбиесімен арнайы айналысатын қоғамдық орындары (бөбекжай, балабақша т. б.) болмаса да қазақ халқы өз ұрпағын бесікте жатқан кезінен бастап-ақ өлең-жыр мен әңгіме, ертегі, тақпақ, санамақ арқылы тәрбиелеп отырған. Бала жүре бастағаннан-ақ қоршаған ортаның құпиясын ғылыми тұрғыда білмесе де, жапан түзде жолсыз жерлермен жүріп, жұлдыздарға, түрлі белгілерге қарап жол тауып, алыстағыны болжайтын, жоғалғанды табатын ізшіл де, құралайды көзге атып түсіретін мерген де болған. Кәсібі, тіршілігі мал шаруашылығына байланысты болғандықтан, бала 5-6 жасынан ат құлағында ойнай бастайды. Оқусыз-ақ бір есіткенін қалтқысыз есте сақтайтын қабілеті күшті, әңгімеге үйір көшпелі халықтың баласы небір қызық ертегілерді, жыр-дастандарды жаттап алады. Сөз өнерінің әдемі кестелері олардың сөздік қорын байытып, шешен, мағыналы, кестелі сөйлеуге жаттықтырған.
Қазақ отбасындағы тәрбие ісін ғалым Ш. Ахметов негізінен сегізге бөледі. Біріншіден, тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген, әке-шеше баласына «Әдепті бол» дегенді басты міндет етіп қойған. Екіншіден, олар баланы қайырымды, иманды, мейірімді болуға тәрбиелеген. Үшіншіден, тілалғыш, елгезек болуға баулыған. Төртіншіден, адал, шыншыл болуға үйреткен. Бесіншіден, өнегелі ұстаз бен көпті көрген қарияның сөзін тыңдап: «Ақпа құлақ болмай, құйма құлақ бол» дегенді бойларына біртіндеп сіңіре білген. Алтыншыдан, үлкенді, ата– ананы сыйлап-құрметтеуге үйретуді ең басты міндеті етіп қойды. Жетіншіден, «Кісі айыбын бетіне баспай, біреуге орынсыз тіл тигізбейтін азамат бол, әсіресе қарып-қасерлердің кемдігін (Мұрны пұшық, көзі қисық, аяғы ақсақ т. б. бетіне баспа) деп үйреткен. Сегізіншіден, «Ел қорғаған батыр бол, халық алдында қызмет ет, бар өнеріңді соған жұмса» дегенді ерінбей-жалықпай айтып қана қоймай, жеке өнегелер арқылы көрсетіп отырған» деп тұжырымдайды.
Қазақ отбасында дүниеге келген әр бала қашан ес біліп, етек жапқанша, негізінен өзінің әке-шешесі мен әжесінің тәрбиесінде болады. Ал оң мен солын тани бастағаннан кейін қыз өз шешесі мен әжесінің, ұл әкесі мен атасының қамқорлығына көшеді. Бұл баланың қалыптасу кезеңінің ана мейірімі шуағынан нәр алып, әке тәрбиесінде өсетіндігін көрсетеді. Мұның сыртында бала тірлігі үнемі ауылдың назарында болып, жетістігі үлкендер тарапынан дер кезінде бағаланып, кемшілігі сыналып отырады. Сөйтіп, баланы бүкіл ауыл боп тәрбиелейді. Мұндай жағдайда бүгінгідей үлкен адам баланың теріс қылығын көріп, ескерту жасағанда «сенің шаруаң қанша, маған ақыл айтатын өз әке– шешем бар ғой» деп беттен алу болмайды. Бала тәрбиесінде қазақ әйелдеріне тән қасиет өз таным-түсінігіне, білім-білігіне, шамасына қарай «обал», «сауап», адал», «арам» деп қарапайым ұғымдар арқылы баланың бойына адамгершіліктің, ізгіліктің ұрығын себеді. Бұл сәбидің адам болып қалыптасуының негізгі қазығына айналады.
Обалды қалай түсінуге болады? Қоршаған ортаға, табиғатқа зиян келтіруге, жамандық жасауға, жандыны жәбірлеуге, жансызды бүлдіруге тыйым салып отырады. Мысалы, жәндікті өлтірме, обал болады, шөпті жұлма, обал болады, ақты төкпе, обал болады, тағы сол сияқты. Сауапты қалай түсінуге болады? Өзіңді қоршаған ортадағы жанды-жансыздың бәріне бірдей жақсылық жасауға, қамқорлық көрсетуге үндейтін ұғымдар болып табылады. Мысалы, «Құстың ұясын түзей сал, сауап болады, жетім-жесірге қарайлас, сауап болады, аяқ астында қалған нан қиқымын көтер, сауап болады, тал ек, сауап болады, шөлдеген малға су бер, сауап болады деп тәрбиелеген.
Ал «адал», «арам» ұғымдарына келсек, дәстүр қалыптсатырған ұғымда еңбексіз табылған, қиянатпен келген жеуге болатынның да, жеуге болмайтынның да бәрі арам деп есептелген. Мысалы, зорлықпен табылған немесе зорлықпен тартып алынған нан да, ақша да, мал да, дүние де – арам. Бұларды жеуге де, пайдалануға да болмайды. Ал осылардың бәрі адамның адал еңбегімен, маңдай терімен табылып, болмаса, өзгенің ақ ниет, адал ықыласымен берілсе – ол адал, сондықтан да бұрын адалды аттамау, арамға жоламау – қазақ баласына тән төл қасиет болған.
Қазақ баласына иман түсінігін «Ұят болады» сөзімен жастайынан сіңіре білген. «Өлімнен ұят күшті» деп ұятты барлығынан жоғары қойған. Пайғамбар хадисінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ» деген. Абай Құнанбаев: «Ұят деген ­– адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты». «Осы күнде менің көрген кісілерім ұялмақ түгілі қызармайды да» деп налиды.
Жас ұрпақты парасатты азамат етіп тәрбиелеуде қазақтың тыйым сөздерінің мәні зор. Отбасында ата-аналары, үлкендер жағы әрбір тыйым сөздердің мағыналарын балаларына тәптіштеп түсіндіріп отырса, жас буын жаман әдеттен аулақ болады.
Қазақтың тыйым сөздерінде де халықтық тәрбиенің негізі жинақталған. Мәселен, «Әйел адам ер кісінің жолын кеспейді» дейді. Сол арқылы ер азаматқа отбасының, елінің жауапкершілігін міндеттеп, әйелге азаматын құрметтеуді тапсырады.
Тыйым сөздердің біразы қыз баланың инабатты, ізетті болуын еске салады. Қыз – ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Сондықтан ата-бабаларымыз: «Қызға қырық үйден, қала берсе, қара күңнен тыйым» деп оны ер азаматтарға тіреп қояды. Себебі әйел ерге қарайды, ер жерге қарайды емес пе? «Қыз – жат жұрттық», демек, ол өз үйінде жүрген кезде көңіліне нала ұяламай өсуі керек. Ертеңгі барар жері қандай болады? Бәлкім, әлпештеп өсірген алтын ұясы оның ең бақытты жылдары болар деген ниет жатыр.
«Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Қыз – келешекте ана, үйдің берекесі. Жастайынан жақсы тәрбие алған қыз бала бой жетіп, отбасын құрған соң, үй шаруасын дөңгелетіп, отбасының береке-бірлігін сақтайды. Жақсы азамат тәрбиелейді. Сондықтан да «Әлемді күн жылытады, баланы ана жүрегі жылытады» деп босқа айтылмаса керек. Қыз баланы жас шамасына қарай еденді жууға, ыдыс жууға, өз киімін өзі жуып, түймесін қадауға үйреткен жөн. Бесікті түзеу үшін ең әуелі әйелді түзеу керек. Сонда қызы арлы, намысты болады.
Жастар тәрбиесін түзейміз десек, ата-баба қалыптастырған тәрбие шарттарын орындап, ежелгі қалпына келтірсек, баланы аналық мейірдің жылуынан айырмасақ жетіп жатыр. Қалай болғанда да ғасырлар сынынан өтіп келген халқымыздың отбасы тәрбиесі дәстүрін қалпына келтірмей, ана көкіректің мейір-шапағаты арқылы баланың жүрегіне ізгілік, мейірімділік, тазалық ұрығын екпейінше, шын мәнінде болашақ азаматтарды тәрбиелеу екіталай. Тарихқа үңілсек, халқының қорғаны, еліне қамқор басшы болар азамат өсіріп, төңірегіне аналық мейірім төгіп, Ел анасы атанған аналарымыз аз емес. Домалақ ана, Қарашаш ана, Қарқабат ана, Мұрын ана, Қызай ана, Дәулетбике ана, тағы басқалар.
Абайдың: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген қанатты сөзі бүгінгі заманда да өзекті болып отыр. Адам үшін барлық игілік тек еңбекпен келеді. Еңбек еткеннің барлық жағдайы болады. Балаға да, отбасына да лайықты еңбек болады. Әсіресе ауылдық жерлерде егін шаруашылығы, мал шаруашылығы жолға қойылып келеді. Кейбір ата-аналар шаруа қожалығын құрып, балаларын қасында ұстап, еңбекке баулып, төрт түлігімізді өргізіп отыр. Сондықтан еңбекке үйрету кішкентайынан басталуы керек.
Қазақтың ойшылдары отбасы құндылықтары туралы құнды пікірлер айтқан. Мысалы, Абай жастарға қазақ халқының артта қалушылығын, надандығын жою үшін ең негізгі, керекті нәрсе ғылым, оқу деп білді. Өнер үйренсе, басқа өнерлі жұрттардан ғибрат алса, сонда ғана ол пайдалы кәсіпке де – егін салу, сауда істеу, қол өнеріне де тез жаттығар еді дейді.
Ерте заманнан өскелең ұрпақты елін, жерін сүюге, тектілікпен жан-жақты тәрбиелеуді басты мұрат тұтқан. Ұлы бабаларымыз жастардың бойына ұлттық сананы сіңіре отырып, Отаны үшін жан беріп, жан алатын батыр ұрпақты тәрбиелеп отырған. Осындай ұлы даланың иесі болып, оны қорғау тек рухы мықты халықтың еншісіне жазылған. Қазіргі дамыған дәуірде озық қоғамға ілесе алатын ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы. Ұлттық тәрбиеден нәр алған адам – рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, биік дәрежеге көтеріледі.
Қазіргі жастар тәрбиесінің жұтаңдығына Шығыс, Батыс ықпал етуде. Біздің дәстүрімізде аналарымыз бен қыздарымыз қара жамылып, бет тұмшалап, ашық-шашық киінбеген. Қазіргі қыз болашақ ана. Біз Шығыс пен Батыстың ықпалында өмір сүріп келеміз.
Отбасындағы бала тәрбиесі бүгінгі таңда ғылым мен технологияның даму әсерінен өзгеріске ұшырап бара жатқаны белгілі. Бала ата-анасынан гөрі теледидар мен интернет тәрбиесін алып жатыр десек те болады. Бұрынғы дана Абайды тәрбиелеген әже тәрбиесі, Шоқанға әсер еткен Айғаным тәрбиелері бүгінде ата-ана мен ата-әжелеріміздің ескеруінде болмай келеді.
Қазіргі жаһандану кезіндегі Батыс өркениетінен біздің алатынымыз да, ысырып тастайтынымыз да бар. Батыстан алатын тұстарымыз технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибесі мен ғылыми-техникалық үдерісін қабылдау. Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік жақсылықтың нышаны емес. Бұл ұлттық тәрбиенің қаймағын бұзып, қадірін кетіретін қаракет. Оған қарсы тұру үшін ұлттық тәрбиеге арқа сүйеу керек.
Батыс елдерінде педагогика (тәрбие) ғылымында әр елдің саяси мүддесіне, діни, шаруашылық, экономикпалық, мәдени көзқарасына байланысты алуан түрлі тәрбие жүйелері қалыптасқан. Мұның бәрі қазақы тәрбиемен қабыса бермейді. Соның ішінде ең прогресшіл, демократияшыл, ізгілік бағыттағы қазақ дүниесіне ең жақын жүйелерді пайдалану тиімді. Соның бірі әлемде кеңінен орын алған Адамшылық педагогикасы. Өйткені ол адамгершілікке, туыстық қарым-қатынасқа, имандылыққа негізделген.
Анығын айтқанда, отбасы құндылықтарын бүгінгі замандағы ең озық тәрбие үрдістерімен ұдайы толықтырып, жетілдіріп отырғанда ғана өркениетті елге лайықты азамат тәрбиелей аламыз.

БАЛА ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ӘКЕ ҰСТАНЫМЫ

Қазақ халқының бала тәрбиелеудегі өзіндік ұстанымы бар. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген. Бұл даналық сөзде ата– ананың бала тәрбиелеудегі ұстанымы, әр кезеңде баланы тәрбиелеу жөніндегі амал-тәсілдері қамтылған. Ғасырлар бойы халқымыз осы қағидаға берік болған. Қазақ халқының бұл ұстанымын бүгінде әлем ғалымдары жоғары бағалап отыр.
Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында қазақтың бас ақыны Абайды жастық шағында әкесі Құнанбайдың қалай тәрбиелеп баулығаны жан-жақты көрсетілген. Құнанбай Семейдегі медреседе оқып жатқан ұлын адам жіберіп, ауылға алдырады. Абайдың елге келе жатқандағы ата-анаға, туған жерге деген сағынышы шығармада әдемі көрсетілген. «Үш күндік жолдың бүгінгі соңғы күніне бала шәкірт барын салды. Қорықтан күн шыға атқа мінейік деп асыққан-ды. Бұны қаладан алып қайтқалы барған ағайыны Байтасты да таң атар-атпаста өзі оятып тұрғызып еді», – деп басталады да, ауылға келген соң, ата-анасы, туыстарымен қауышуы сипатталады. Абай алдымен анасы Ұлжанмен сәлемдеспекші еді, анасы:
– Әй, шырағым балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр. .. Сәлем бер, – деді. Абай әкесін көріп, сәлемін берді. Баланы қасына да шақырмады. Азғантай уақыт Абайға қарап алып:
– Балам, бойың өсіп, ер жетіп қалыпсың-ау! Молда болдың ба? Бойыңдай білімің де өсті ме? – деді».
Осы жолдардан ананың ұлына, ең алдымен, әкені құрметтеуді еске салуы мен әкенің қатал бейнесі аңғарылады.
Осылайша әкесінің ұлын оқудан шақыру себебі біртіндеп ашыла түседі. Енді әке ұлын өмірден тоқуға, ел тануға баули бастайды. Бірақ баласы әкесінің ойын білмейді.
Сондай бір іске Құнанбай Абайды кісі жіберіп, шақыртып алады. «Әкесінің бағаналы кешке күткен кісілері осы үлкендер болды. Абайдың бала күнінен сезетін бір жайы: мұндай кісілермен, әсіресе дәл осы төрт-бес кісімен бас қосу ел ішінде байқалатын бір үлкен істің, оқшау істің белгісі болатын. Оларды әкесі де дағдысы бойынша әдейі шақыртып алған сияқты.
Бұрын ондай сөздеріне Абай араласып та, тыңдап та көрмеген. Бүгін бірінші рет әдейі алғызып отыр. Бір ойдан Абай өзіме бірдеме айтпақ па екен деп те ойлады. Бірақ еш нәрсенің қисынын таба алмады». Міне, әкесі Абайды елдегі оқшау істерге қатыстыра отырып, ел билеудің сыры мен қырық қатпарлы құпиясына қаныға берсін, ел ішіндегі қым-қиғаш, шытырман оқиғалардың ортасында жүріп, жақсы мен жаманның парқын ажырата біле берсін деген оймен шақырған еді. Ақылды, есті бала бірте-бірте қиын, оқшау істерді көріп, оны әділ шешудің жолдарын пайымдай бастайды.
Бүгінгі оқшау іс – Қодар мен Қамқа жайы еді. Олардың туыстары Жігітек руының атқамінерлеріне алған беттен Құнанбай сұлтан шүйліге түседі. Салт– дәстүрді бұзған Қодар мен келіні Қамқаға тыйым салмай отырғанын, елге Тобықты руын масқара қылғанын тілге тиек етеді. Жазықтыларға шара қолдану жөнінде небір шарпысулар болады. Жиын соңында Құнанбайдың өктемдігі жеңіп, кінәлілерді шариғат жолымен жазалауға шешім қабылданады. Бала Абай осындағы кісілердің сөздеріне, мінездеріне, әкесінің билігіне зер салып отырады. Қодар мен Қамқаның қалай жазаланғанын да көзбен көреді. Әкесінің тым қаталдығынан шошынып, аурып та қалады. Бұл оқиға санасына өшпестей із қалдырады
Шығармада Құнанбай сұлтанның ел билеудегі іс-әрекеттері, әдіс-тісілдері кеңінен баяндалады. Ол заманда жер, жесір дауы, барымта өрши түседі. Енді бұл істерге сұңғыла, ақылды, тіс қаққан Құнанбай жас Абайды тартады. Өйткені басқа балаларынан гөрі Абайдың келешегінен зор үміт күтеді. «Келген кісілер Құнанбайдың балалары жөнінде әңгіме болып қалғанда: «Осы келгендердің ішінде Қаратай Абайды көре отырып, Құнанбайдың өзге жас балаларын да еске алды.
– Осы, ана Ысқақ бір жошын! Бір түрлі пысық, сергек неме! – деді.
– Ол әлгі Күңкенің қолындағы ма? – деп сұрап алып Бөжей.
– Рас, құлдырап тұр! – деді. – Иә, рас-ау, оның оты бар! – деп Байсал да құптады.
Үндемей түйіліп, сұп-сұр боп теріс көргендей мойнын бұрып, Абайға қарап: Одан да не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтсеңдерші! – деді». Міне, «Әке – балаға сыншы» демекші, осы әңгімеден Құнанбайдың өзге балаларынан гөрі Абайдан көп үміт күтетіндігі, адам танығыштық қасиеті аңғарылады.
Құнанбай осыдан бастап Абайды одан әрі оқытпай, ел билеу ісіне үйрете бастайды. Қыран бүркіт баласын ұшуға, жемін табуға, жауымен шайқасуға қалай баулыса, Құнанбай ұлын солай баулиды. Әуелде жанынан тастамай, ел ішіндегі істерге ертіп жүреді.
Әкесі Абайды Қарқаралыдағы өзі салдырған мешіттің ашылуына ертіп барады. Қодар мен Қамқа оқиғасынан кейін Құнанбай мен Бөжей арасындағы жаулық шиеленісе түседі. Бөжейлер қалаға Құнанбай үстінен арыз түсіреді. Осында арыз қаралмақшы болады. «Ұлжан ұлын жолға шығарып тұрып:
– Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі күндес» дегендей, сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлеміңді түзу бер. Бір кезде жақсы жақының еді. Кім тентек, кім мақұл? Қайдан білдің? Әкең дұшпан десе, сен әділ бол. Жамандыққа кім табылмайды дейсің, сен жанашырдан айырылма», – деп ақылын айтады.
Абай Қарқаралыда мешіттің ашылуына қатысып, әкесінің абырой-беделі өскеніне куә болады. Алшынбайдың ара ағайындығымен Бөжей жағымен бітімге келеді. Осында Құнанбай екі жақты бітістіруге көп ат салысқан Алшынбаймен құда болып, қызы Ділданы Абайға қалыңдыққа әперуге бәтуаласады. Қала ішінде қыдырып жүргенінде Абай қырғи тілді Шөже ақынды көріп, оның ел билеушілерінің әділетсіздігін сынаған өлеңдерін естиді. Көшеде келе жатып, Бөжейлерді танып, оларға иіліп сәлем береді. Баланың ықыласын көріп, Бөжей Абайға:
«Ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын! Жалғыз-ақ өзгені берсе де әкеңнің қаттылығын бермесін!» – деп ақ тілекпен батасын береді.
Осылайша Абай жақсы мен жаманды көріп, ақ пен қараны танып, одан тағылым алады. Өзінше ой түйеді. Айналасына сын көзбен қарайды. Әкесінің дау-шарларды шешкені үшін алған параларына қатты ұялады. Бөжей мен Құнанбай арасындағы татулықты бала беру арқылы бекіткеніне наразы болады.
Әкесі енді Қарқаралыдан келген соң, Абайды ел ішіне жұмсап, ел билігі ісіне араластыра бастайды. Қасына Қарабасты қосып, Құлыншақ аулына жұмсайды. Қарабастың қасында жүріп табиғат құбылыстарының, өзгерістерінің сырына қанығады. Әкесі Абайды Құлыншаққа шабындық жер мәселесі жайында жұмсаған еді. Құлыншақтың сөз мәмілесіне қарағанда Құнанбайдың шешіміне разы емес екенін аңғарады. Онымен бірге қосылып барған Қарабас Абайдың сондағы өзін ұстауына, мінезіне риза болғанын ауылға келген соң Құнанбайға айтқанында: «Балаңыз сөзге ысылып қалыпты. Тіпті бір үлкен кісідей орамды жатыр. Құлыншақ екен-ау, ұтылады екен-ау демейді. Қалай болса да, тең сөйлеседі, – деп мақтай бастап еді. Құнанбай «Жетті, доғар» дегендей ишарат қылды да, Қарабасты тоқтатып тастады». Бұдан Құнанбайдың бала тәрбиелеудегі көзқарасын байқайсың. Егер баланы мақтай берсе, мақтанып, дандайсып, бұзылып кететіндігін жақсы білетіні аңғарылады.
Осының ертеңіне Құнанбай Абайды және жұмсады. Қасына сол Қарабасты қосып, Сүйіндікке жібереді. Сүйіндікке барғанда, әкесі мен Сүйіндік арасындағы тартыстың себебін сұрастырып біледі. Ел басқарушылардың саясатына, шешіміне өкпелі екенін сезеді. Осындай даулы істерге барып жүріп, әкесінің оны неге жұмсап жүргенін түсіне бастайды. «Тегі әкесі өзіне жау адамдарға Абайды әдейі жіберген болар» дейді. «Жау барын көрсін, түсін танысын. Тани келе, көре келе, әкесіне достығы, тілеулестігі күшейсін деген болу керек. Абай осыны ойланып толқиды, қиналып ойланды. Шытырман. Бір сәтке өзі көлденеңдеп қарап шытырман ішіне жалғыз, әлсіз күйде еріксіз кіріп бара жатқан өзін көргендей болады.
Өзін-өзі ойша екіге бөліп, осылайша көлденең көзбен көре жүретін әдет Абайда әр кез болушы еді», – деп жазушы баланың ішкі сезімдеріне үңіледі.
Екі күн өткен соң Құнанбай Абай мен Қарабасты Байдалыға жұмсайды. Байдалы Абайды салқын қарсы алады. Ондағы барған жұмысы да жер жайында еді. Құнанбайдың зорлығын Байдалының аузынан естиді. «Құнанбай Жігітекті жаныштаудан тоқтамады ғой» деген ренішін әкесіне жеткізгенде әкесі:
«Адам пенде ғой! Пенденің жоқ-жіті толған ба? – деді Абайға. Ол әкесінің шешендіктен гөрі басқарақ түкпірі бар жан сияқты. Оңай жан емес. Қабат-қабат шың сияқты», – көрінді әкесі Абайға. Сөйтіп, Абай әкесінің көңіл түкпіріне, жан дүниесіне үңіледі. Әкесінің кінәсін мойындағанын сезеді.
Абай ел аралап жүріп, небір тамаша, жайсаңдармен жолығады. Олардың заман ағымы, билік туралы орамды пікірлерін тыңдайды. Халықтың әлеуметтік тұрмысымен, жағдайымен танысады. Жақсылардан тағылым алып, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асады. Ел билеушілердің халыққа жасаған зорлық-зомбылығын көреді. Мейлінше халық жағында болып, солардың сөзін сөйлейді.
Өмір таниды, адам таниды, заман тынысын аңғарады. Сөйте жүріп, махаббатын кездестіреді. Өмірден көргендерін көңілге түйіп, ақылға салып, болашақта ел басқару ісінде әділдікті темірқазық етіп ұстауға бекінеді. Абай есейіп, ел билігін қолға алғанда: «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп өзі жырлағандай, биік дәрежеге көтеріледі. Халқының Абайы, дана Абайы атанады. Әділдіктің қорғаны болды. Халқының сүйініші мен күйінішін жырлады. Әке тәжірибесінен тәлім алып, жауласқанның арты неге апарып соғатынын бағамдады. Рақымсыздықтың, надандықтың, қаталдықтың соңы сәби Кәмшаттың, Бөжейдің құсалықпен өліміне себепші болғанын түсінді. Ол әділет жолын таңдады.
Бөжей қайтыс болып, екі ел бір-бірімен ендігәрі бет көріспейтіндей болып ушыққанда, Абай Бөжейдің асын бас болып өткізіп, екі елді татуластыруға, ел бірлігін сақтауға ұйтқы болады. Ел адамдары халық қамын ойлайтын ер– азаматтың өсіп келе жатқанына сүйсінеді. Осының бәрі әкесі Құнанбай тәрбиесінің жемісі еді.

БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ ЖӘНЕ ОТБАСЫ ТӘРБИЕСІ

Аңызға айналған Бауыржан Момышұлының есімі қазақ тарихынан айрықша орын алған. Оның қазақтың біртуар азаматы болуында отбасы тәрбиесі маңызды роль атқарған.
Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» романында Бауыржанның балалық шағы, өскен ортасы, қоршаған қауым, оның адам, азамат болып қалыптасуы, оған отбасының ықпалы жан-жақты суреттеледі.
Шығарма Момыштың отбасында кілең қыздардан кейін ұл туғанын суреттеуден басталады. Атасы Имаш жан-жақтағы туысқандарына, құда-жекжаттарына ат шаптырып, кісі жібереді. Шілдехана тойын өткізеді. Сонда ел қариялары Имаш атадан бата сұрағанда:
Алатаудың қыраны мол еді –
Қырағы болсын, құлыным.
Қойнауы суға мол еді –
Бұлағы болсын, құлыным.
Елінің тірегі жер еді –
Шырағы болсын, құлыным.
Ата тілегі оң еді –
Құмары болсын, құлыным,
Бұл жер батырлар төрі еді – Сыңары болсын, құлыным, – деп бата береді.
Бауыржанның жарық дүниеге келгеніне екі-үш ай болғанда анасы ұлын күн көзіне шығарып, Имаш атасына әкеліпті. Атасы ерте көктемде ағаш отырғызып жүр екен.
– Атасының қолын ұзартып, қолғабыс етуге келді, – депті келіні ізетпен иіліп.
Атасы еміреніп немересін қолына алады. Қолына жас бұтақ ұстатып:
Құрық деп берсем – құл болма,
Шыбық деп берсем – шіл болма.
Бәрінен де шырағым,
Баяны жоқ ұл болма, – деп немересін келініне қайтарып береді.
Атасымен алғашқы дидарласуының құрметіне деп, алғашқы өсиет өмірлік өнеге болсын деп әкесі сол күні мал сойып, ауыл ақсақалдарын күтеді.
Бала Бауыржан қаймағы бұзылмаған қазақы ауылда отбасы тәрбиесін көріп еседі.
Әкесі Момыш еті тірі кісі болады. Сауатты, есеп-қисапқа тәуір болған. Жас кезінде ағаш ұстасы, етікші, тәуіпшілдігі де болады.
Момыш ат жалын тартып мінгенде атасы оған шаруашылыққа басшылық жасауды тапсырады. Әкесі ұлын білімқұмарлыққа тәрбиелеген.
Баласына арабша, орысша әліппені, есеп-қисапты үйреткен. Қысқы кештерде ұлына қисса, өлең, дастан оқып беріп, көптеген ертегілер айтқан.
Сонымен қатар Момыш жалғыз ұлын орысша оқып үйренуге талпындырады. Ол: «Орысша оқысаң, нақты білім аласың, көзің ашылады, айналадағы құбылысты, тіршілікті дұрыс бағалай білесің» деп иландырған. Ұлына «Сен мынаны тыңда, мынаны біл» деп бағыт-бағдар көрсеткен. Жаңа кітаптарды сатып алып, «Өзім оқымасам, балам оқиды» деп сандыққа салып сақтаған.
Бірде Момыштың інісі Момынқұл әжесіне:
– Қойшы, апа! – деп дауыс көтере қалып еді, әжесі:
– Сен тұрмақ Момыш маған осы күнге дейін бетіме тік қарап сөйлеген емес. Сен қайдан шықтың, иттің күшігі?! Жоғал, көзіме көрінбе! – деп Момынқұлды үйден қуып шыққан.
Момыш інісін үш айға нағашысының ауылына жібереді.
Осы отбасында ата-анаға, үлкендерге қарсы келу деген болмаған. Бұл көргенсіздік саналып, қатаң жазаланып отырған.
Бауыржанның анасы үш жасында қайтыс болып, әжесі Қызтумастың бауырында өседі. Б.Момышұлы адамтану жағынан әжесін ұстазы деп санаған. Жазушы оны былай сипаттайды: «Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті көп айтатын, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті, Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан әні әлі құлағымда. Бөстекке отырып алып басымды бауырына қысып, кәрі алақанымен арқамнан томп-томп қағып қойып:
Балам менің қайда екен?
Қыздарменен тауда екен.
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен.
Алмасынан қанеки?
Жаңа теріп жүр екен.
Қызыл алма қолында
Қыз-бозбала соңында, – деуші еді-ау». Осылай дей келе жазушы: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымыздың әжелері, не шешелері ертек айта бермейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта бермейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең боп қалмаса екен деп қорқамын» деп қорқынышын білдіреді.
Батыр Бауыржан балалық шағында ел ішіндегі талай оқиғаны өз көзімен көріп, өз құлағымен естиді. Осыдан тәлім-тәрбие алып, жақсы-жаманды ажыратады.
Сол елде Қабылбек, Текебай деген кісілер билікке таласады. Қабылбектің жағы Текебайды ұры, әділдігі жоқ, парақор деп ұлыққа жамандай берсе керек. Сонда Текебайдың ұлы Серікбай қарсы жақтың жаласына шыдамай, қасына бірнеше жігітті ертіп, Қабылбектің ауылына барады. Қабылбекті балағаттайды. Қабылбек оған бір ауыз сөз айтпайды.
Оның туыстары Серікбайға қарай ұмтылса, Қабылбек оларды тоқтатып қояды. Содан соң Серікбай әкесіне келіп, мақтанып Қабылбекке жасаған әдепсіздігін айтқанда, Текебай баласына: – Ақымақ! – депті. Баласы әкесіне ренжіп, үйден шығып кетеді. Екі күн отауында жатады. Үшінші күн дегенде Серікбай әкесіне келіп, оның аяғына жығылады.
Мені Құдай жаңылыстырды. Өзімнен жиырма жас үлкен Қабылбектің бетінен алып, тілім тиді. Елге қарайтын бетім қалмады, – деп көргенсіздігіне қатты өкінеді.
Текебай ат-шапан айыбын дайындап, қасына кісілерді ертіп, Қабылбекке барады.
– Менің күшігім саған қарап шәуілдесе керек, Қабылбек! Айыбын көтергелі келдім алдыңа. Кешіремісің? – депті.
Мына сөзден кейін Қабылбектің қабырғасы сөгіліп, қалбалақтап атынан түседі.
– О, текті би Текебай! Сенің айыбыңнан менің айыбым асып кетті, білем. Аға болсаң да, сені аттан түспей тыңдаппын-ау! Сен кешіремісің мені? Бұл әдепсіздігім бүкіл әулетімізге басылған қара таңба болатын болды ғой, әттеген-ай! Ат-шапан айып сенен емес, менен, ақсақал! – деп үстіндегі зере шекпенін шешіп, Текебайдың иығына жауыпты. Сөйтіп тұрып Жаңабайдың жағына:
– Уа, ағайын! Сайлауда Текебайға дауыс беріңдер! Мен қойдым дауысқа түскенді! – деп айқай салған. Екеуі де аттан түсіп, бір-бірінен кешірім сұраған екен.
Міне, осыдан кішінің үлкенді сыйлап, құрметтегенін байқауға болады. Осындай сөздерді бала Бауыржан санасына сіңіре берді. Шығармада тәрбиелік мәні бар мұндай естеліктер көп-ақ.
Бірде үйлерінде ауыл ақсақалдары қымыз ішіп отырады. Әкесі Бауыржанды қасына ымдап шақырып, құлағына: «Сен немене, аталарыңа сәлем беруді ұмытпа дегенім қайда?» деп сыбырлайды. Бауыржан қатты қызарақтап, үйден шыға жөнеледі де, біраз тұрып үйге қайта кіреді.
Көпшілікке қол ұсынып: «Ассалаумағалейкүм, аталар!» деп сәлемдеседі. «Уәғалейкүмассалам!» деп үлкендер оның сәлемін қабыл алады. Әкесі жанына жайғасқан ұлының басынан сипап: «Жарайсың, балам! Үйге кіргенде әрқашан үлкендерге сәлем беруді ұмытпа, әдепті бала сүйтеді» дейді. Міне, Момыш баласын осылай тәрбиелейді.
Әкесі ұлына жеті атасын үйретіп отырған:
– Кімнің баласысың?
– Мен – Момыштың ұлымын.
– Момыш кімнің баласы?
– Момыш – Имаштың баласы. Осылайша жеті атаға дейін айтқызады.
«Ал келген қонақ ең алдымен атымды сұрайтын. Сонан соң менің жеті ата жөніндегі білімімді тексеретін. Елтанудың осылай басталатынын ол кезде кім білген?» дейді жазушы балалық шағын еске түсіріп.
Әжесінен малдың «тілін» ұғуды үйренеді.
«Қаншаға келдің, қарағым?» деп қай баладан сұрасаң да, өз жасын мақтанышпен айтатыны мәлім. Қазір жыл сайын баланың туған күнін тойлау – дәстүрге сіңіп болған әдет. Ал менің балалық шағымда туған жылды, туған күнді емес, мүшелді кезеңдерді тойлаушы еді» дейді батыр.
Әжесінен күн, ай, жыл атауларын үйреніп, табиғат құбылыстарын жас кезінде-ақ біледі. Әжесі жақсылық пен жамандық туралы әңгімелерін айта келе: «Міне, балаларым, жақсылыққа жамандықпен жауап бермеңдер. Жақсылықтың өтеуі де жақсылық болсын» дейтін. Жазушы: «Біз осылай үлкендерден ғибрат алып есіп едік. Ал үлкендердің әр өсиеті өнер мен өнегенің ең шыңы ғой» деп ой түйе келе: «Мен осынау халық қазыналарын алғаш рет ақындардан, көзі ашық білімділерден сіңіргенмін» дейді.
Сол замандағы ел ішіндегі ұрыларды, телі-тентектерді халықтың қалай жазалағанын мынадай эпизодтан көруге болады. Бабас деген кісінің Қабаш деген інісі болыпты. Оның үйде жүргенінен сыртта жүргені көп болады.
Сөйтсе, ол ұрлықпен айналысады екен. Бірде жылқы ұрлап, базарда сатып тұрған жерінен ұстап, елге әкеледі. Оның айыбын ағайындары өтейді. Ағасы Бабас намыстанып, інісінің басын қасқалап, «Енді қайда барсаң, онда бар, сендей арам ағайыннан арым артық» деп, теріс батасын беріп, атақоныстан қуып жібереді. Ол кезде қарғыстың ауыры теріс бата, жазаның ауыры қасқа болған.
Бауыржан қазақтың өз қызын қалай қадірлеп, әлпештегенін көріп өседі. Қызға ауыр жұмыс істетпей, оған үй тірлігін, ісмерлікті, кілем, алаша тоқуды үйреткен. Қызды қонақ, өрісім деп сыйлаған. Бойжетіп, қызына құда түскен соң, оны ұзатуға үлкен мән берген. Қалыңмалын жасауына, отау, үй болуына түгел жұмсаған. Тіпті жасауынан өзінің малын, дүниесін аямаған. Қызын ұзатар алдында ағайындарын, нағашыларын аралатқан, той жасап, думандатып, сән-салтанатымен шығарып салған. Қа­зақтың салт-дәстүріне бала Бауыржан осылай қанығып өседі.
Жазушының бала жүрегін терең түсінетінін мына жолдардан аңғарамыз: «Біздің кейде өткенді еске алсақ, тұтас тұлға іздеп, бүтін бір жүйелі оқиға іздеп, кесек-кесек кереметтер іздеп, ерекше мән беріп қарайтынымыз бар. Дәл осы өлшем балғын кезге келе бермейді. Өйткені бала жүрегі, бала көңілі, бала ойы алғашқы көргенін, алғашқы сезгенін, алғашқы тұшынғанын қаз-қалпында сақтай біледі. Бала қиялы сол көргендерімен көлемді ой түйіп жатпайды. Үзік-үзік үміттің өзінен рақат сезіміне бөлене береді» дейді. Бұдан жазушының психолог әрі педагог екенін байқаймыз.
Шығармада Момыш отбасының орыс шаруаларымен достығы да суреттеледі. Орыстан егін салуды үйренеді. Жазушы екі отбасы балаларының бір-бірімен дос, тамыр болып кеткенін жылы сезіммен баяндайды.
Б.Момышұлы жақсы мен жаманды, адалдық пен арамдықты жастайынан айыра біледі. Бұл оның кейін халқының нағыз азаматы болуына ықпал етті. Ұядан ұшып, үлкен өмірде қанат қаққанда әділдікті, адалдықты, шындықты мұрат тұтып, ұлы тұлға дәрежесіне көтерілді. Ұлы Отан соғысында батырлықтың үлгісін көрсетіп, қолбасшы атанды. Майданнан қайтқаннан кейін қаламгерлікпен айналысып, өмірден көрген, түйгендері туралы жазып, халқының рухын кетеруге күш жұмсады.

МӘУЕЛІ БАҚ

Төс елінде Ералы деген қария болған. Өмірден өткеніне 60 жыл өтсе де, ол кісінің есімі ел есінде ұмытылмай, жасаған жақсылықтары ел жадында жаңғырып тұрады.
Қазіргі Қостөбе аулында Сыйқым, Қоралас, Сіргелі, Арғын, Бидайшы рулары тұрған. Солардың бәрін уақтысында жүйелі сөзімен, орнықты ісімен, ақылдылығымен айналасына ұйытып, ауылдың ынтымағын ұйыстырып отырған. Шектен шыққан телі-тентектерді дуалы сөзімен сабасына түсіріп, жаман қылықтардан арылтып отырған.
Замандастары Тайтелі, Бекбосын, Иманалы, Қожай, Қалдар, Бақтыораз, Қуатбек, Ораз, Батырбек, Бөбей, Мұсабек, Оспан, Жамаш сияқты қариялар үйінде жиі бас қосатын. Шай іше отырып, мамыражай әңгіме-дүкен құрып, ауылдың түйткілді мәселелерін талқылап, оны шешудің жолдарын қарастыратын. Ондайда келіндері зыр жүгіріп, үлкен кісілерге шай беріп, жылы– жұмсағын аузына тосатын. Билікті араластырмай-ақ, өзенге көпір салу, мектепті жөндеу, көктемде пада шығару, жайылымды дұрыс пайдалану, ағын су келетін арықтарды тазалау, ауылдың ауыз бірлігін сақтау, диірменді іске қосу, тұрмысы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсету секілді мәселелерді ақылдасып, оны орындауға жұртшылықты жұмылдыратын. Әсіресе жастар жағы үлкен кісілердің тапсырмаларын қалтқысыз орындайтын еді.
Ералы қария елге сыйлы, қадірлі, адамгершілігі мол, қайырымды, иманды кісі болған. 97 жыл жасаған қария өмірінің ақырына дейін бес уақты намазын қаза қылмаған.
Сұрапыл соғыс жылдарында Қап тауынан, Еділ өзені бойынан Қазақстанға жер аударылған шешен, поляк ұлттарының өкілдері елге арып-ашып, аш– жалаңаш жеткенде, ауыл ақсақалдары оларды әр үйге бөліп-бөліп орналастырады. Соның басы-қасында атамыз жүреді. Жасы жетпісті алқымдаған Молдаш деген шешеннің отбасын, үйелмелі-сүйелмелі кішкентай 4 ұл, 1 қызын үйінің бір бөлмесін босатып беріп паналатады. Өздері қалт-құлт етіп әрең күн көріп отырса да, бір құртын жарып жейді. Молдаштың Әду, Әзім деген балалары қарияның балаларымен бірге ойнап өседі. Кавказдықтарды өз елдеріне қайтуға пәрмен бергенде, олар Ералы қарияның отбасымен қимай қоштасады. Елдеріне барған соң, көп уақытқа дейін хат жазысып, хабарласып тұрады. Қазақ туыстарын аңсағанда, анда-санда іздеп келіп, сағынышын басады.
Ералы ата біздің әулеттің ең үлкені еді. Орта бойлы, дөңгелек жүзді, шоқша сақалды, иман жүзді кісіні үйіне барғанымда, төрде ылғи шөкелеп, құран оқып отырғанын көруші едім. Бірде атаға амандаспақшы болып, есік алдында именшектеп тұрғанымды көріп:
– Кел, кел, қарағым. Жақында бері, – деп қасына отырғызып, анамның, өзімнің хал-жағдайын сұрады. Басымнан сипап: – Әкең жақсы адам еді. Әулетіміздің тірегі болатын. Соғыстан оралмады. Қайтейін тағдырдың ісі дә, – деп біраз жабырқап тұрды да: – Жетімегім әлі-ақ жетіліп кетерсің. «Жетім қозы тез отығып жетілер» деді де, қолыма кәмпит, құрт ұстатты. Атаның сондағы мейірбан, жылы жүзі әлі күнге есімнен кетпейді.
Орта мектепті бітіріп, отбасы жағдайыммен оқуға бармай, «Совет» ұжымшарында әр түрлі жұмыс істеп жүрген кезім. Сол кездегі ұжымшардың төрағасы, үлкен ұлы Айтымбет Ералиев ағамыз бір күні мені шақырып:
– Атаңды Өтеміс аулындағы (Сайрам ауданы) інісінің қызы Кү­лайға, Көксәйектегі өз қызы Күнімайға және Қазақсан аулындағы құдасына қыдыртып қайт, – деп сұрады. Бригадирге айтып, екі аттық шана әперткізді. Қария жолда тоңып қалмасын деп, шанаға қалың шөп, көрпеше төсеп, үстіне тон жауып, жан-жағын қымтап жүріп кеттік.
Қаңтар айы. Қар қалың. Солтүстік-шығыстан ызғырық жел соғып тұр. Дегенмен аспан ашық. Шөкімдей бұлт жоқ. Жол даңғыл екен. Діттеген жерімізге оңай жеттік. Қызының үйінде аунап-қунап екі аптадай жатты. Қызының амандығын біліп, сағынышын басқан соң, Көксәйектегі қызына, одан Қазақсандағы құдасына қыдырттым.
Сонда байқағаным, атам сырбаз, таза адам екен. Тамақты талғап жейді. Әңгімені баппен айтады. Жанында біраз уақыт жүріп, өмір жолына бірсыпыра қанықтым.
Кезінде елдегі дәулетті кісілердің бірі болыпты. Алаңсыз, қамсыз мамыражай өмір сүріп жүрген заманда, Кеңес өкіметі орнап, көзі ашық зиялыларға, байларға бықпырттай тиіпті. Байлардың малын тәркілеп, өздерін қудалап, кейбіреулерін жер аударады. Атамыз да осындай тар заманға ілініп, белсенділер алдындағы бар малын сыпырып алыпты. Өзін Сібірге жер аудармақшы болғанда, бір түнде әулетімен Ташкент жаққа ауып кетеді. Елдегі дүрбелең басылған соң, ауылға қайта оралыпты. Өзінің шаруақорлығы арқасында алдына қайта мал бітіп, ешкімге алақан жаймайтын жағдайға жетіпті. Біраз ағайын– туыстары елге келуге жүрегі дауаламай, сонда қалып қойыпты. Ата тірі кезінде туыстары туған жеріне келіп апталап жатып, атамен сырласып тұратын. Одан бері бірнеше ұрпақ ауысты. Сондағы ағайындар о дүниелік болып кетті. Олармен қарым-қатынас сирей бастады.
Ералы атаның үш ұлы Сайранбай, Мәмбет, Ахметтер майданға аттанып, сонда қаза табады. Олардың қайғылы хабарын естігенде, қатты қайғырып, шөгіп қалыпты. Бірақ ауыртпалық бір басына ғана емес, ел басына түскеніне шүкіршілік қылып, қайта еңсесін көтеріпті. Ендігі заман білімдінікі екенін ерте ұғынып, қалған ұлдарын оқытуға көңіл бөліпті. Ортаншы ұлы Айтымбет ел ісіне ерте араласып, оны ауданға талай рет қызметке шақырыпты.
– Көзім тіріде сені еш жаққа жібермеймін, – деп қолында ұстап тұрады. Бақандай үш ұлынан ажырап қалған соң, қария қалған ұлдары көз алдында жүруін қалайды.
Атамыз балаларының текті, көргенді жерден үйленуін қадағалап отырыпты. Кенже ұлы Рсымбеттің сол ауылдағы бір көрікті, сұлу қызға сөз салып жүргенін естіп, оған үйленуіне рұқсатын бермейді. Өйткені ол қыздың отбасының тәрбиесі қандай екенін жақсы біледі екен . Сонан ұлының көрші Майбұлақ аулындағы уақтысында бай болған әрі ескіше оқыған Сыдықбайдың қызына сөз салып жүргенін естіп:
– Текті жердің қызы. Әкеле бер, – депті. Қыздың әкесін жақсы таниды екен. Жаз жайлауда талай рет қатар қонып, сыйласып тұрыпты.
Рсымбет ағамыз әке тілегіне орай Күлсара жеңгемізді келін етіп түсіріпті. Шындығында, Күлсара жеңгеміз инабаттылығымен, әдептілігімен, ізеттілігімен, сарамжалдығымен өзін текті жерден шыққандығын ісімен дәлелдеп, ата– енесінің көңілінен шығыпты.
Атамыз үш ұлын жауға беріп, одан кейінгі ұлы Айтымбеттің үйіндегі келіні Әтірден бір ғана ұл көріп, көптен бері көңілі қаяулы болып жүргенде, кіші келінінің құрсағы құтты болып, одан бірнеше немере көріп, көңілі орнығыпты.
– Айналайын, ақ келінім. Сен босағамызға құт болып келдің. Бірнеше немере сүйгіздің, – деп атасы ризалығын білдіріп, мейірін төгіп, ақ батасын беріпті.
Күлсара жеңгей келін болып түскендегі алғашқы әсерін қыдырып келген Қызжан анасына:
– Бұл үйдің қазаны оттан түспейді екен. Таңертеңнен кешке дейін қонақ үзілмейді. Шай қайнатып, тамақ істеуден қолымыз тимейді. Қатты шаршап жүрмін, – деп шағымданыпты. Сонда анасы:
– Әй, қызым, ақымақ болма. Кесірленбе. Қонақ үзілмесе, қазаны оттан түспесе, қызыр қонған үй шығар.
Есің барда осы үйдің отымен кіріп, күлімен шық. Ата-енеңді құдайыңдай сыйла. Сонда қор болмайсың. Батасы дарып, өсіп-өнесің, – депті.
Содан кейін Күлсара жеңгей ешкімге шағымданбапты. Бүгінде өсіп-өніп, 5 ұл, 5 қыз өсіріп отырған ардақты ана. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере, шөбере сүйіп, ақ әже атанып, үлкен әулеттің отын өшірмей отыр. Ата– енесінен алған тәрбиесін, ұлағатты ақыл-кеңесін өз ұрпағы бойына сіңіріп, оларды көпшіл, қонақжай, кең пейілді, адамгершілігі мол етіп тәрбиелеуге көңіл бөліп отырады.
Күлсара жеңгей бізбен әңгімесінде:
– Сол заманда бүгінгідей тұрмыстық жағдай жоқтың қасы. Үйіміз үш бөлмелі, қоржын там. Кіреберісі ауыз там. Бір бөлмеде ата-енем, екінші бөлмеде қайнаға, абысынымызбен бірге тұрамыз. Көңіл сыйса, бәрі сыяды екен. Сыйласып, тату-тәтті тұрдық. Әй-шәй дескен жоқпыз. Қазір ше? Әр адамға бір– бір бөлмесі болмаса, аздық етіп, көңілі көншімейді. Оның өзі тарлық жасайды.
Қазіргідей электр шамы, теледидар, газ дегендер жоқ. Қыста ауыл адамдарының қолы көбінесе бос. Кешкілік атамыздың әңгімесін тыңдауға біздің үйге жиналады. Ортадағы майшамды төңіректеп, атамыздың әңгімесін тыңдайды. Хат танитындар қисса-дастандар оқиды. Сары самауырдан шайды үзбейміз. Ада болса, еселеп қайнатып әкелеміз. Келушілер түн ауа тарқайды.
– Келіндерім, үлкенді сыйлаңдар. Сәлем салып, атын атамаңдар. Жалаңбас жүрмеңдер. Баталарын алыңдар. Одан кем болып қалмайсыңдар. Келгендердің ішінде аузы дуалы, қыдыр қонған біреу болуы мүмкін. Олар үйлеріңе тамақ ішу үшін емес, қабағыңа қарап келеді. Одан жаман болмассыңдар, – деп бізге насихат айтып отыратын.
Адамдар отырған бөлмеге ас-ауқат дайындап, кіріп, шығып жүргенімде, атамның біраз әңгімесі есімде қалыпты. Соны айтып берейін. Арғы аталары қазіргі Жамбыл облысындағы Мерке жақтан екен. Ертеде жаугершілік заманда жаудан ығысып, Қостөбеге келіп қоныстаныпты. Содан осында тұрақтап қалыпты. Оған дейін бұл жер бос екен. Басқа ағайындар кейінірек келіп қоныстана бастайды. Міне, осындағы әулеттің бәрі Арысбай бабамыздың кіндігінен тараған, – деп айтып отырушы еді жарықтық.
Атамның көзі бар кезінде Меркеден ағайын-туыстары атпен, есекпен келіп, бірер апта жатып кетуші еді. Аттары ашығып қалмасын деп атамның өзі жемшөп беруді қадағалайтын. Қой сойылып, қазан көтеріліп, мәре-сәре болатынбыз. Туыстар өткен-кеткенді еске түсіріп, бір жасап қалатын. Біз анда– санда кіріп, дастарқанды жайғап кетеміз. Заман өзгерді, ұрпақ ауысты. Бірте– бірте арадағы қарым-қатынас, барыс-келіс азайды.
Абысыным екеуміз қонақ күтуге үлгере алмасақ, ағайындарды шақырамыз. Еркектері қонақ күтіссе, әйелдері тоқаш пісіріп, қамыр жаяды. Шіркін, сол кездің адамдары-ай, бауырмалдығы мен татулығының қаймағы бұзылмаған кезең еді ғой. Қай тірлік болмасын жабылып кететін. Түн ауа қонақтарды жайғап, дастарқанды жинап, ыдыс-аяқты жуып, үйлеріне қайтатын еді. Олар кетерінде атам бізге:
– Тамақтан артылғанын үйлеріне беріп жіберіңдер. Балалары аш қалмасын, – дейтін. Қонақжай, кең пейілді, көргенді кісі еді.Атаның тәлімін алып, бүгінде келіндерімді солай болуға ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Атам ылғи:
– Иә, құдай, өзімді алсаң ал, пейілімді алма, – деп отыратын. Дүниеден озғанша, осы пейілінен айнымады. Дастарқаны берекелі болды.
Атам малсақ, шаруақор болатын. Тек жылқы, қой асырады. Сиыр малын лас деп асырамады. Бойынан қуат кеткенше, биені өзі сауды. Үйден қымыз үзілмейтін. Ол кезде қыстық мал азығын қораның төбесіне жинайтын. Қыста атам күнделікті сатымен төбесіне шығып, шөпті жерге айнала шашып тастайтын. Шөлдегенде қойлар қар жеп жүре беретін. Су берген емеспіз. Өйткені аулымыздағы өзеннің суы қатып қалтын. Өзіміз мұз ойып, ерітіп ішетінбіз. Қой қораның ортасы ашық болады. Түнде қойларды соған қамайды. Қойлары емін-еркін тыныстап, демалады.. Қойы бөлек, қозысы бөлек тұратын. Қойлары әрдайым семіз, құйрығы кетпендей болады. Сойғанда шара-шара май төңкеріліп түседі. Ал қазір ше? Қойлары қимылсыз қорада күні-түні қамаулы тұрады да, ондай мал баспақ ауруына шалдықпағанда, не қылады. Көктемге титықтап әрең шығады.
«Қойдың сүті қорғасын» деп ағайындардың әйелдеріне қой сауғызып, май– құрт жасататын. Қой сүтінен жасалған май-құрт өте дәмді, қуаты күшті болатын. Сол замандағы адамдар табиғи ас-ауқат жегендіктен, денсаулығы мықты болушы еді. Атамның ауырғанын көрген емеспін. Соның бәрі жеген тамақтың әсерінен, көп қимылдағандықтан болар. Дүниеден өткенше, тың, ширақ жүрді. Сіңімді болады деп, етті майдалап туратып жейтін. Кемпірі қайтыс болған соң, үйде көп отырмай, қыста інісі Керімбай екеуі қай жерде көкпар, той-жиын болса, сонда қыдырушы еді.
Тұрмыстағы қыздарына, құда-жекжаттарына қыдырып қайтқан соң, атамыз ауырмай, сыздамай, наурыз айының басында дүние салды. Сонда үлкен кісілер:
– Атамыз дүниеден өтерін білгендей, құда-жекжаттары мен өзінен тараған ұрпақтарымен қайырласып, қоштасып келген екен ғой, – десті.
Дүниеден қайтар күні кешкілік Қазақстан аулындағы құдамыз Әбдіқадыр келді. Дереу ағайындарды шақырып, қой сойғызып, тамақ асып жатырмыз. Дастарқаға ас қойылғаннан кейін, атамыз бата жасады. Бір кеседей туралған ет жеді. Біраз отырып:
– Мен аз ғана мызғып алайын. Сендер әңгімелесіп отыра беріңдер, – деп кереуетіне жантаяды. Жатар мезгілде Айтымбет қайнаға әкесінің көрпесін жаппақшы болғанда, жүріп кеткенін бір-ақ біледі. Ағайындарға дереу хабар жіберілді. Олар:
– Апырмай, бағана ғана сөйлеп отыр еді ғой, атамыз, – деп сенер-сенбесін білмейді.
«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ұлдары да көпшіл, кең пейілді, елге сыйлы, абыройлы азамат болды. Үлкен ұлы Айтымбет облыстағы бірнеше шаруашылықты басқарды. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары болып, басқарған ірі шаруашылықтардың табысын өрге бастырды. Өмірінің соңында Бәйдібек ауданының ең шалғайдағы экономикасы құлдыраған «Бөген» кеңшарын басқарып, 12 жылда аудандағы, облыстағы алдыңғы шаруашылыққа жеткізді.
Жұбайы Әтір еріне адал, мейірімді, ақылды әйел еді. Өмір бойы бала оқытты, Ерінің қызметіне байланысты көшіп жүрді. Қайнысының Мағрипа, Нұркен, Күлзина, Мәдина секілді ұл-қыздарын қолына алып, өз баласындай қарады. Тәрбиелеп оқытты. Бәріне жоғары білім әперді. Жеңгей айтады:
– Рсымбет ағаңның мектептен қолы тимейді. Абысыным той томалаққа, өлген-жіткенге бата жасауға мені ертіп алады. Екі-үш аптадай қыдыртады. Үйге қажетті киім-кешек, азық-түлік бәрін беріп жібереді. Үйге артынып-тартынып келемін. Ауылға тойға, тағы басқаға келгенде, балаларымның киім-кешектерін ала келеді. Жаны жәннаттан болғырлар жақсы адамдар еді.
Абысынымның анасы Қалияның қызынан басқа перзенті болмапты. Ата– енем қызын келін қылып түсіріп алған соң, құдағиын қолдарына алыпты. Өмір бойы бір-бірімен сыйласып тұрды.
Рсымбет көкең балаларын еңбекқор, адал, өмірге икемді етіп тәрбиеледі. Бірақ өмірден ерте кетіп, балаларының қызығын көре алмай кетті. Балаларым бала кезінде ойынның қызығына түсіп, тілімді алмаса:
– Әкелеріңе айтамын десем, – ойындарын тастай салып, маған келіп көмектесетін. Байқаймын, бүгінде бала әкесінен емес, шешесінен қорқады. Әкенің беделі төмендеп барады.
Атаның арты мәуелі баққа айналды. Қайнағамның ұлы Тоқтар бүгінде облыстың құрылыс саласын басқарып отыр. Екі ұлым білікті кәсіпкерлер. Басқа да ұрпақтары өмірден өз орындарын тауып, ата дәстүрін одан ары жалғастырып келеді. Осының бәрі ата тілегі орындалғаны деп түсінемін. Ата әулеті ішінде ең үлкені мен ғана болып қалдым. Әрдайым ұрпағына атаның жолын берсін деп күні-түні тілеп отырамын, – деп 85– тегі Күлсара апамыз әңгімесін аяқтады.
Иә, отбасы беріктігі өзара сыйластықта. Сыйластығы, татулығы, өзара жарасымдылығы бар отбасы мелекетіміздің алтын діңгегі.

Пікір қалдыру