ТҮНГІ АСПАНҒА ТЕЛМІРМЕЙДІ АЛМАТЫ…
ҚЫЗЫЛ МЕКТЕП
…Жабасақта 1934 жылы «Қызыл мектеп» деп аталынған типтік үлгідегі бастауыш мектептің ғимараты салынды. Бұл ғимарат сол кездегі Халық Ағарту комиссары Т.Жүргеновтың «Республикада 1 000 мектеп салу» бағдарламасы бойынша салынған алғашқы мектептердің бірі еді…
(Архивтен)
Өрілер ұлы істермен өмір көркем,
Кешкенге көркем ғұмыр көңіл бөлсем:
Елдегі «Қызыл мектеп» еске түсер,
Салдырған кезінде өзі «Темір нарком».
Алтын ұя туған ауыл төсіндегі,
Арғысы бүгінінен көш ілгері.
Тұлғалар тәлім алған, ізі қалған,
Жоғалмас жұрт жадынан есімдері.
Мұратын бабалардың тым арайлы,
Ұрпағы ұғынбаса, тұралайды.
Алаштың арманынан шошыған Көз
Қыш кірпіш тасасынан сығалайды.
Қызыл ту, қызыл әскер, қызыл шаһар…
Түс қалмай тең келетін қызылға пар,
Зәуіде заман өткен ел қан жұтқан,
Зардабы жүректі әлі қыжылдатар.
Жарғысы адасқанға жол көрсеткен,
Болмысын ізгілікке мелдектеткен,
Арыстар рухы атып шығатындай
Қаңқасы ғана қалған сол мектептен.
Өміршең бола алмайтын бұзық істер,
Өркенге өнегелі түзіліс бер!
Осыған міндеттейді, тәпсірлейді –
Жүргенов салып кеткен қызыл үшкөл!
КҮЗДІҢ ЖЕЛІ
Өнердің ұша білсең, – жоқ шеңбері,
Өлшемі ол – сағыныштың тек сендегі.
Көгіне Көкалаттың қайта оралды,
Өлеңқұс көрінбеген көптен бері.
Торғайдан шалғайға ұшып кеткен еді, –
Шалғайдан шуақ шашып жетті өлеңі.
Хас өнер махаббаттан басталады,
Жасы емес, жемісімен екшеледі.
Самғады, сапарлады талай жерді,
Соңына қарайлады, қарайды енді.
Сонау жыл қалай сенсе ұшарына,
Қияға қонарына солай сенді!
Дәм жазып АҚШ барды, Берн барды,
Кей шақта қанаты рас, оның талды.
Сағынды Қабырғаның жағасында
Жыр қуған жалаңаяқ өрімталды.
Даламен тыныстады, арқаланды,
Сағызға Кенжебекпен қанша барды?!
Дидармен Абыралыны аралады,
Қайынжұрт Шайтанкөлге тамсана алды!
Нәтінде тамыр үзбей жер шарынан,
Ғанибет ел таныған, жер таныған.
Дәм татты «Қайнарбұлақ» тұнығынан,
Ем тапты Кәттақорған малхамынан.
Үзбеген қызғалдағы жалғандағы,
Үміткүл жасап алған сордан бағы.
Қосылып Оразәлі домбырасына,
Гүліне қайталанбас ән де арнады!
Алабы Жыланшықтың толы аңызға,
Ұя болды Зылиқадай бала қызға!
Рух болды ұяласқа Бақыткүлдей,
Әруағы арулардың оған ырза!
Осы оның бар болмысы біз білгелі,
Білгіңіз келді тағы Сіздің нені?!
Оралды өлеңқұсың, енді өзі айтар,
Жылатты, уатты қанша Күздің желі!
КҮЗГІ КӨҢІЛ
Сарғайған күзге ұқсаттым өлең кейпін,
Бөленген сағынышқа көнермейтін.
Жарығын ақырап ашып, сәуір жапқан,
Есағам «Күзді жақсы көрем дейтін»
Жадыма жылап енді көктем, сағым,
Көктемдей жырақтағы өткен шағым.
Сағымға сіңіп кетіп, келмей қойған,
Бекберді-Борядай досты аңсадым.
Есенбай, Есенғали, Есентүгел,
Өздерің барда өлеңде – есем түгел,
Деуші едім Әзиевке әзіл-шынды,
Кетті ұзап опасыз шақ көсемсіген.
Өлеңді ана тұтқан Есағам жоқ,
Өнерде арын сатқан есалаң көп.
Соңыра сор құшарын сезіндірсең,
Соңыңа түсер мықтап өш алам деп!
Періште пәкизаттан бетер өңі,
Тазалық өнердегі өте әдемі!
Куәдүр Ғұсағама қарай берем,
Сақталған ақындықтың эталоны!
Дарытар дегдарлығын жолағанға,
Тоқсанға бет түзепті ол ағам да.
Жаураса жылытар деп жыр ұсындым,
Жол ашар, – деп, айналса орамалға!
ТАУ ҰЛЫНА
Арбағанда сырлы өлең,
Алматыға шөлдетіп,
Сен келіпсің Сүмбеден,
Жабасақтан мен жетіп.
Өлеңге тән қыңырлық
Әуес жолдан бұруға,
Алғашында ұрындық
Сұлуға емес, СМУ-ға.
Тұлпар-тағдыр жұлқынып,
Салды талай бұлтаққа.
Алып келді бір күні
Жыр ордасы журфакқа.
Біздер келіп бұл қала
Жайнап кетті лезде.
Шырайлы ойға шырмала
Жырлар туды бір өзге.
Өлең туды қанатты,
Өлең туды өрнекті.
Қияларға қаратты,
Қиялдарда тербетті.
Таңдар атты жырменен,
Ойлар жырмен жасанды.
Басталған жол Сүмбеден
Алатауға апарды.
Бойыменен сол жолдың
Биігіне сол таудың, –
Өрмелеуді жөн көрдің,
Өлеңіңмен молдау мұң.
Жарты ғасыр жасыңа,
Осы болсын жыр-жора.
Жет те ұшар басына,
Мекендеп қал біржола!
ШОПЫР БАУЫРҒА
Күрт көбейiп жаназа, қонақасы,
Жиi келер жер болды мола қасы.
Барлық жолдың бақиға апаратын
Атақтысы бүгiнде – жол апаты!
Терiс iске кей пенде текке елiктер,
Төрден оған орын жоқ – тексерiп көр.
Ұшақша ұшып – ажалға құшақ ашар,
Тасып аққан тас жолда көп көлiктер.
Келешектен осы шақ сый күткендi,
Ентелейдi елемей күйкi iстердi.
Қия жолда бiр таныс қыршын кетiп,
Бiр досымның аяғы гипстелдi.
Кiмге аяусыз тырнағын өлiм салса,
Сол сезедi тұрарын өмiр қанша.
Темiр тұлпар жүйткiген
Қас-қағымда
Ұқсап тынар табытқа – темiр қаңқа!
Серт берсең де мың жерден шошымасқа,
Селк етерсiң айналса осы расқа:
Доңғалақтан дүние дөңгеленiп,
Қол-аяқтан ажырап басы жатса!
Жыр жазғаның жұбатпас, күн кешкенiң,
Не астында қалғаның гүлдестенiң!
Қуанышты көңiлден сырып тастар,
Құлыптас боп қарсы алса бiрге өскенiң.
Сенiң тас жол, үрейлi сұрың, кейпiң,
Сен осылай өмiрдi тiлiмдейсiң.
– Пәлекеттен сақта! –деп, – таңмен бiрге
Кейуаналар боп алды күбiрлейтiн!
Шопыр бауыр, ие бол рөлiңе,
Жылжы алға жолыңа гүл егiле.
Ақсын өмiр ағысы әр күн сайын
Кейуананың қосылып тiлегiне.
ШҰҒЫЛАЛЫ ІЗ
Ажал деген Сұр жылан,
Қайырымсыз оқ – атып шыққан ұңғыдан.
Жыртқыш жанар – көрмеген еш шын жылап,
Жауыз көмей – жолағанын қылғыған…
Бір анаға балапанын жоқтатты,
Бір арнаны тоқтатты
Шардарадан шартарапқа жылжыған.
Тосын қаза тітіркентті алашты.
Көкіректе тұнды өксік жасы ащы –
Ащы уыты әлі күнге шыжғырар!
Айырылып асыл достан,
Аяқталмай қалды дастан,
Ағыл-тегіл жылады аспан
Қабіріне топырақ салар кезінде,
Шық ойнады жиылған қауым көзінде.
Табиғат пен адамзаттың
Қасіреті ортақ дегізген –
Жалғыз тамшы ой әр жанардан үзіліп
Қосылып жатты Шардарадай теңізге.
Шабыт келсе –
Найзағаймыз, жарқылмыз,
Табыт келсе –
Солған аймыз, марқұмбыз.
Шектеулі ғұмыр –
Бәлкім, қырық бес, бәлкім, жүз.
Қуат алған өлеңнен
Нұр-шуаққа бөленген,
Ең бастысы –
Қалды өшпес артында із.
Суық қыста шұғыла шашып шырағы
Сол із-сәуле жан жылытып тұрады.
Өтсін көктем, жетсін жаз бен салқын күз,
Ол шұғыланың баса алмайды орынын
Барлық жарық, бар күндіз.
ЖАЛҚЫ ЖҰЛДЫЗ
Тербеледі белесте дала гүлі,
Тербеледі бақшада және бірі.
Тербер ойды
сол гүлдей жайнап өсіп,
Қыршын кеткен
Кегеннің Жанәбілі!
Дәті бармай көруге бұл азапты,
Жалқы жұлдыз сол түні жылап ақты.
Бейуақта жалт өшкен жасын ғұмыр
Сапарғали әулетін тұралатты.
Кіл жалқыдан құралған
мың сан шырақ,
Сол бір түні көрінді тым самсырап.
Сол бір түні жүрекке сіңіп жатты
Көз жасына оралған жыр тамшылап.
Өлім де өмір! –
Артыңда қалса нұрлы Із.
Өмір де өлім! –
Ұқпаса парқын ұл-қыз.
Мұң басқанда,
Көгімнен күн қашқанда
Жәудірейді Жанәбіл – Жалқы жұлдыз!
Сәндібек ЖҰБАНИЯЗОВ