ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БІЛІМІ МЕН ҒЫЛЫМЫ

Еліміз тәуелсіздік алып, егеменді елдердің қатарына еңгелі 30 жыл болды, бұл – аз да, көп те емес. Алайда адам өмірі тұрғысынан алсақ, біраз уақытты құрайды, өйткені сол жылдары дүниеге бала да бүгін отызға келді. Қазақта отыз жасты «орда бұзар» жас дейді, яғни ел қорғаны болар, басшы болар жас. Ал жаһандық тұрғыдан алғанда бұл – тек бастапқы кезең. Тәуелсіздік қуанышты оқиға, тарихқа үңілер болсақ, бұл қаншама жылғы еңбектің жемісі.
Сонымен, Қазақстанда білім, ғылым саласында қандай жетістіктер болды? Алдымен жаңа нормативтік құжаттар қабылданды. «Білім туралы», «Ғылым туралы» және «Жоғары білім туралы» заңдар, Қазақстан Республикасының жалпы орта білім беру және жоғары білім берудің мемлекеттік стандарттары, білім беру саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы, «Дарын», «Бола­шақ бағдарламалары» т.б. жүзеге асырылды. Бұл заңдар мен заңға тәуелді актілердің барлығы біздің тәуелсіз елімізде өмір бойы білім беруді дамытуға ықпал етті. Сол құжаттар негізінде, алғашқылардың бірі болып, Болон үдерісіне қосылды. Қазақстанның Болон үдерісіне қосылуы Қазақстан ЖОО-дары мен студенттеріне жаңа межедегі мүмкіндіктер берді. Қазақстан – Болон процесі бақылау тобының (BFUG) толық құқықты мүшесі, 8 халықаралық ұйымның консультативтік қатысушысы болып табылады. Оларға Еуропа Кеңесі, ЮНЕСКО, Еуропалық университеттер қауымдастығы (EUA), Еуропа­лық жоғары оқу орындарының қауымдастығы (EURASHE), Еуропалық студент­тер одағы (ESU), Еуропалық жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету қауым­дастығы (ENQA), Education International және BUSINESSEUROPE жатады.
Білім саласында көптеген реформалар орын алды, әрине кемшін тұстар болғанымен, бұл сөзсіз игі үдеріс болды, өйткені практика бір орында тұрған жоқ және дамудың тиімді жолдарын үнемі іздестіру шаралары жүргізілді.
Білім сапасы – бұл адамның азаматтық, тұрмыстық және кәсіби құзыреттіліктерін дамыту мен қалыптастыру кезіндегі әртүрлі әлеуметтік топтардың қажеттіліктеріне сәйкестігін анықтайтын әлеуметтік категория.
Жоғары мектепте мамандар алдымен бакалавриат академиялық дәрежесін аяқтап, жоғарғы оқу орнынан кейінгі магистратура, PhD докторантура (ғылыми-педагогикалық, бейіндік) болып кезеңмен кадрлар даярланып келеді.
Қазақстанда білім мен ғылым жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін Мемлекеттік бағдарламалар да қабылдануда. 2020-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының білімі мен ғылымын дамытудың мемлекеттік бағдарламасының мақсаты – қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген жеке тұлғаны тәрбиелеу мен оқыту, ғылымның үлесін арттыру елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Еліміз Орталық Азия аймағының көшбасшысы ретінде танылды. Жалпы ХХІ ғасыр – ғылым мен техниканың, білім мен экономиканың ғарыштап дамыған ғасыры. Қазіргі жаһандық даму процестеріне қатысу үшін мемлекет бәсекеге қабілетті болуы керек, бұл өз кезегінде мамандардың бәсекеге қабілеттілінің зор болуымен сипатталады. Яғни, бұл алдымен қоғамның қозғаушы күші – жастардың біліктілігі, құзыреттілігі және сауаттылығына байланысты. Демек, білім беру жүйесіне елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруда ауқымды міндеттер жүктелген.
Білім беру жүйесі – өте күрделі сала, сондықтан оны дамыту мәселелері ғылыми негізде шешілуі тиіс. Кеңес Одағы кезінде ірі ғылыми-зерттеу институттары болған, онда білім беру жүйесін дамытудың перспективалық мәселелері ғалымдардың ғылыми ұсыныстарын ескере отырып шешімін тауып отырған. Қазіргі таңда осы саланың дамуына арнайы ғылыми-зерттеу институттарымен қатар, лабораториялар да өзіндік үлесін қосып келеді.
Елбасы Н.Назарбаев білім мен ғылымды дамудың стратегиялық бағыттары ретінде анықтады. Ол: «Білімді қалай дамытатынын білмейтін ел ХХІ ғасырда сәтсіздікке ұшырайды», «Үздік халықаралық тәжірибе: елдің бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейі білім беру мен денсаулық сақтаудың жоғары сапасы болып табылатындығын растайды», – деп атап көрсетті.
Бүкіл өркениетті әлемде экономикалық прогресс пен қоғамдық-саяси тұрақтылыққа ұмтылатын мемлекет пен қоғам білім беруді дамытуға, оның сапасын жақсартуға мүдделі болып қана қоймай, ондағы өз рөлін үнемі арттырып келеді.
Халқымыздың ата-баба дәстүрін сақтай отырып, ескісін жаңғыртып, ұрпақ жинаған тәжірибені өз ұрпағына беру керектігі – заңдылық. Осы тарихи міндетті орындау үшін халықтың рухани байлығын бейнелейтін және жастарды патриотизм рухында тәрбиелейтін заманауи ғылым тұжырымдамаларын қамтитын жаңа оқулықтар дайындала бастады. Білім, ғылым саласының өзекті мәселелері бойынша ғылыми жобалар жүзеге асырылды.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру барысында мұғалім кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңарту, қала мен ауыл мектептері, аймақтар, білім беру мекемелері, студенттер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту және де басқа маңызды мәселелер шешімін тауып келеді.
Педагогикалық кадрлардың жалақысын көтеру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, бұл өз кезегінде мұғалімдер кәсібінің беделін арттыруға және мұғалімдер мамандығына жастардың жетекші бөлігі талантты және шығармашыл жастардың келуіне ықпал ететіні сөзсіз.
Біздің университетіміз өзінің алдында тұрған міндеттерді түсініп, мамандар даярлаудың сапасын және олардың рейтингтерін халықаралық деңгейде жақсартуда. Білім беру бағдарламалары халықаралық аккредитациядан кезең-кезеңмен өтіп, сұранысты қанағаттандыруға үлес қосып келеді. Жоғары білім беру жүйесін дамытудың стратегиялық міндеттерінде екі қазақстандық университет әлемдегі жетекші 200 университеттің қатарына енетіні көрсетілген. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өткен жылы бұл міндетті абыроймен орындап, алдына әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құруды және әлемдегі жетекші 100 университеттің қатарына кіруді мақсат етіп отыр.
ЖОО қоғам сұраныстарына жауап беретін жаңа білім беру бағдарламалары, қос дипломды және бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Мысалы педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында 6B01101 – «Педагогика және психология» мен 6B01801 – «Әлеуметтік педагогика өзін-өзі тану» мамандықтары бойынша Minor (Минор): «Инклюзивті білім берудегі тютор» білім беру бағдарламасы ұсынылуда. Магистратурада «Педагогика және психология» Ресей Халықтар Достығы және Б.Н.Ельцин атындағы Орал федеративті университетімен қос дипломды бағдарлама, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ бірлескен «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу», «Білім берудегі менеджмент» жаңа бағдарламалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, елімізде «Үздік мұғалім» мектеп мұғалімдері үшін, «ЖОО үздік оқытушысы» жоғары мектеп оқытушылары үшін арнайы байқау ұйымдастырылып, білім мен ғылымды дамытуға мотивация берілуде. Биылғы жылы жыл сайын 50 үздік ғылыми қызметкерге 5 млн. теңге көлемінде сыйақы тағайындалатындығы көзделіп отыр, оның механизмі «ЖОО үздік оқытушысы» байқауына ұқсас екендігін ҒжБМ министрі А.Аймағанбетов атап өтті. Міне, өзіміз көріп отырғандай, білім мен ғылымды дамытуға дараланған жол салынуда.
Қазақстандық университеттер ғылым мен техниканың, экономика мен мәдениеттің барлық салалары үшін жоғары білікті кадрларды даярлауда мақсатты түрде көптеген жұмыстар жүргізуде деп қорытынды жасай аламыз. Бұл – біздің еліміздің табысты дамуының кепілі.

Н.С.ӘЛҚОЖАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі, профессор м.а.

Пікір қалдыру