ТӘЖІК ЖАЗУШЫСЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ТАНЫТҚАН ӘУЕЗОВ
Тәжікстанның «Шарқи сурх» (қазіргі «Садои Шарқ» журналы. «Шарқи сурх» («Қызыл шығыс») кеңестік кезеңдегі атауы) атты ғылыми, әдеби, қоғамдық һәм саяси журналының 1957 жылдың қазан айындағы №10 санында Мұхтар Әуезовтің 60 жылдық мерейтойына орай тәжік жазушысы Жалол Икрамидың (тәжікше Ҷалол Икромӣ) «Нависандаи азиз ва мухтарам» (Қадірлі, әрі құрметті жазушы) атты алғысөзімен «Абай жолы» романының үзіндісі жарияланыпты. Сол алғысөзді оқып шыққанда Әуезов пен Икрами арасындағы рухани байланысты, көңіл қимас достықты, бір-біріне құшағын айқара ашқан бауырлықты байқағандай болдық.
Тәжік қаламгері Жалол Икрами: «Халықаралық оқырмандардың сүйікті жазушысы, атақты тұлға, қазақ халқының аса қадірлі перзенті, бауырымыз Мұхтар Әуезов қазір Қазан төңкерісінің 40 жылдық мерекесі қарсаңында өзінің шығармашылық жолында үлкен жетістіктерге жетіп отыр. Біз осы мереке аясында қадірлі әрі құрметті жазушымызды құттықтап, оған зор табыс тілейміз», деп бастайды «Садои Шарқ» журналындағы мақаласын.
Тәжік жұртшылығы үшін «Садои Шарқ» («Шығыстың дауысы») журналының тарихы тым терең. Бұл журнал 98 жылдан бері жарық көріп келе жатқан Тәжікстандағы ең көне басылымдардың бірі. Бүгінде Тәжікстан Жазушылар одағының әдеби басылымы саналатын журнал 1927-1932 жылдар аралығында «Раҳбари дониш» («Білім жетекшісі»), 1932-1937 жылдар аралығында «Барои адабиёти сотсиалистӣ» («Социалистік әдебиет үшін»), 1937 жылдардан кейін «Шарқи сурх» («Қызыл Шығыс») атауымен оқырмандарға жол тартқан. 1964 жылы басылым қазіргі атауын иеленіп, «Садои Шарқ» болып өзгертілген. Сол ұлт руханиятының алтын мінберіне айналған «Садои Шарқ» («Шарқи сурх» кезінде) журналында Әуезовтің шығармашылығы туралы «Қадірлі әрі құрметті жазушы» атты мақала жазған Жалол Икрами кім?
Тәжікстанның халық жазушысы Жалол Икрамидың 1909 жылы қазіргі Өзбекстанның Бұхара қаласында дүниеге келген. 1928 жылы мұғалімдер даярлайтын училищені тәмамдап, 1930 жылы Душанбе қаласына қоныс аударған. Әдебиет табалдырығын алғашында ақын ретінде аттап, кейіннен Садриддин Айнидің кеңесімен біржола прозаға ауысты. Осылай кеңестік кезеңдегі тәжік прозасының жетекші өкіліне айналды.
Жалол Икрами ғылыми-зерттеу мекемелерінде, баспа мен театр саласында өнімді еңбек етті. Тәжікстан Жазушылар одағына мүше болып, 1964 жылы Рудаки атындағы мемлекеттік сыйлықты, 1976 жылы Тәжікстан Халық жазушысы атағын алды. Ол тәжік әдебиетіне «Шабе дар ригистони Бұхара» («Бұхара шөліндегі түн», әңгімелер жинағы, 1927), «Душман» («Жау», 1933), «Тухми муҳаббат» («Махаббат дәні», 1934), «Тирмор» (1935), «Зуҳро» (1940), «Шоди» («Шаттық», 2 томдық роман), «Ман гунаҳгорам» («Мен кінәлімін», 1957, психологиялық роман), «Тори анкабут» («Өрмекшінің торы», 1960, тарихи роман), «Духтари оташ» («От қызы», 1962), «Дувоздаҳ дарвоза-и Бұхоро» («Бұхараның он екі қақпасы») және «Тахти вожгун» («Тақтың аударылуы»), «Дувоздаҳ километр» («Он екі километр», Бұл роман 1967 жылы жазылғанымен 1988 жылы ғана жарияланған), «Зоғҳои бадмур», «Фарзанди Хатлон-замин» (1984 жыл), «Он чӣ аз сар гузашт» («Өткенім туралы»; мемуар) секілді туындылар сыйлады.
Икрами кеңестік дәуірдегі тәжік прозасының ең ірі жазушысы, әрі драматургының бірі болды. Осындай қаламгер алғысөздегі ойын: «Қараңғылық пен феодалдық езгінің тар қыспағынан азаттыққа шыққан қазақ халқы, басқа да халықтар сияқты, Қазан төңкерісінің жемісі ретінде ұлы бақытқа жетті. Сол бақытты баянды ету жолында Мұхтар Әуезовтің әдебиеттегі еңбегі зор. Оның «Абай» романы халықтың тарихын, тұрмысын, өмірін бейнелеген ұлы шығармалардың бірі болды. Бұл роман қалың бұқара арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болып, әр үйге жетті, әр жүрекке қуаныш сыйлады. Қазан төңкерісі қазақ халқына азаттық әкеліп, ұлттық тәуелсіздікке, теңдікке, бақытқа жол ашты. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, қазақ халқы өзінің ұлы перзенті Абай Құнанбаевты мәңгілікке таныды. Ал Мұхтар Әуезов болса, өзінің «Абай» романы арқылы осы ұлты таныған ұлы бейнені әлемдік деңгейге көтерді», деп жалғайды.
Бұл жерде ескерте кететін бір жайт бар. «Абай жолы» романының алғашқы томы 1942 жылы, екінші томы 1947 жылы, үшінші томы 1952 (кей деректерде 1954) жылы, ал төртінші томы 1956 жылы жарыққа шықты. Романның алғашқы екі томы «Абай» деп аталған. 1956 жылы төрт біріктіріліп «Абай жолы» деген ортақ атаумен оқырманға жол тартты. Яғни, Икрами мақаласында сол алғашқы нұсқаға сүйеніп, «Абай» романы» деп отыр.
Әуезовтің 60 жылдығы һәм Қазан төңкерісінің 40 жылдығы қарсаңында жазылған мақаланың әр жолынан кеңестік кезеңнің рухы сезілетінін жоққа шығара алмаймыз. Материалдағы «Халықтар теңдігі, азаттыққа қол жеткізу» секілді мерзімдік идеологияға сай жазылған мәтіндерді бүгінгі күннің көзқарасымен қарауға келмес. Десе де Жалол Икрами «заманы түлкі болғанда тазы болып шалып», ауызға Қазан төңкерісін ала отырып, Әуезовке деген құрметінің шексіз екенін байқатады.
Ең қызығы сол, осыдан бар болғаны 5-6 ай уақыт бұрын «Тәжікстан коммунисі» («Коммунист Таджикистана», 1957, 24 сәуір) газетінде Мұхтар Әуезовтің «Жалол Икрамидың жаңа кітабы жайында» деген атпен сын мақаласы жарияланыпты. Ол мақаланы оқып шыққанда Әуезов тәжік қаламгері Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» атты романын бірде мақтап, енді бірде «ұр тоқпақтың» астына алғандай әсерде боласыз.
Әуезов Икрамидың туындысы туралы: «…мені романдағы негізгі кейіпкерлердің күресі мен әрекеттері ойландырды. Олар бір қырынан ғана көрсетілген және тым идиллиялық («идиллия» гректің «eіdyllіon» картина, шағын өлең деген сөзінен шыққан. Яғни, Әуезов автордың романдағы кейіпкерлердің табиғат аясындағы қамсыз, алаңсыз өмірін тым поэтикалық тұрғыда жазғанын меңзеп отыр) сипат алған. Біржақты бейнелер белгілі бір жасандылыққа, жанжалсыз жағдайларға әкеледі. Автордың бас кейіпкері Әнуардың жеке өміріндегі өткір тартыстарды, күрделі драмалық шиеленістерді кеңінен ашуға үлкен мүмкіндігі бола тұра, оны толық пайдаланбағаны өкінішті әсер қалдырады. Сірә, ол шынайы драманы жасауға батылдық етпегендей» дейді.
Әуезов саналы ғұмырында өзінің туған халқының руханиятын кемелдендіру жолында қажыр-қуаты мен күш-жігерін аяған жоқ. Қазақтың бас ақыны Абайдың өмірін өзек ете отырып, ұлттың тұтас дүниетанымы мен этнографиясын қамтыған шоқтығы биік «Абай жолы» эпопеясын жазды. Кеңестік тоталитарлық жүйенің сызып берген тар шеңберін шиырлап жүріп, алаш баласының келешегі үшін тыным таппай тер төкті. Арқа сүйер алдыңғы буын ағалары, қанаттаса шабатын үзеңгілес достары һәм артынан құлдыраңдай ерген інілері репрессияға ұшырағанда Әуезов «жапанға біткен бәйтеректей» (Жамбыл) жалғыз қалды. Арда туған азаматтарымыздан айрылып, ел есеңгіреп қалғанда Мұхтар Әуезовтің саяси-қуғын сүргінге ілінбей, дін аман ортамызда жүруі ұлтқа олжа болды. Ол Абайдың «Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» дегеніндей соқтықпалы, соқпақсыз жолдардан өтіп, бір өзі мыңмен күресіп, Әлихан, Ахмет, Міржақыптардан мұраға қалған Алаш идеясын ұрпақ санасына сіңірді. Жазушылық жолда том-том кітаптар жазып, көркем әдебиет майданында арпалысса, ғалым ретінде ұлттың жоғын түгендеп, кемін бүтіндеп, ол аз болса, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.
Бүгінгі әдебиеттегі көзқараспен қарасаңыз осындай қазақ әдебиетінің классигі тәжіктің қабырғалы қаламгерінің романын іске алғысыз етіп, сын тезіне салған секілді көрінеді. Бүгін Әуезовтің көзі тірі болып, қазіргі қаламгерлердің бірінің туындысын «кейіпкерлердің күресі мен әрекеттерін бір қырынан ғана көрсеткен, поэтикалық тұрғыда тым идиллиялық сипат алған, біржақты бейнелер белгілі бір жасандылыққа құрылған, туынды шиеленіссіз жазылған, бас кейіпкердің жеке өміріндегі өткір тартыстарды, күрделі драмалық шиеленістерді кеңінен ашпаған, автор қаламгерлік мүмкіндігін толық пайдаланбаған, шынайы драманы жасауға батылдығы жетпеген» деп талдау жасаса не болар еді? Мұндай мірдің оғындай һәм сүйекті тесіп өтер сынды былай қойып, аға буын қаламгерлердің жанашырлықпен сипай қамшылаған ескертпесін көтере алмайтын заман келді. Қазір әдебиетте әділ баға, тең таразы, сындарлы сын жоқ. Әдеби басылымдардан түрлі туындыларды бірыңғай мақтаған, мадақтаған мақалаларды ғана көреміз. Ал, сынай қалғанның өзінде жанашырлықтың емес, бас араздықпен жазылған мәтіндерге кездесеміз. Соңғы кездері сын найзасы бастан салу, аяқтан шалу, негізсіз қаралау, қаламгерді біржақты мұқалтуға ғана сілтенетін болды.
Әрине, Мұхтар Әуезовтің бұл талдауын қазіргі замандағы тізгінді бір жаққа ғана тартатын сыңаржақ, сыңарезу сынмен салыстыруға келмейді. Сырт көзге тәжік қаламгері Жалол Икрами сол сынға: «Абай» романы тек қазақ үшін ғана емес, бүкіл кеңес халықтары үшін де қымбат қазынаға айналды. Әрбір оқырман оны сүйіспеншілікпен қабылдады. Бұл роман әр халықтың жүрегінен өзіндік орнын тапты. Әуезовтің туындысы халықтар достығын, олардың бірлігін, өзара түсіністігін нығайтты. «Абай» романы – халықтың арман-мақсаттарының айнасы. Оның жарық көруі қазақ ұлтының рухани өміріндегі үлкен оқиға болды. Бұл роман халықтың тарихи дамуының маңызды кезеңін көрсетті. Мұхтар Әуезовтің ұлылығы сол, өз халқының тағдырын, оның асқақ армандарымен ұштастыра бейнеледі. Сол себепті Әуезов тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл кеңес халықтарының сүйікті жазушысына айналды. Оның «Абай» романы Сталин сыйлығына ие болып, әлемдік әдебиетте жоғары бағаланды», – деп жауап беруі қазақтың «таспен атқанды, аспен ат» деген қағидасына сәйкесетіндей көрініп, бір-біріне кереғар көзқараста жазылған осы екі мақаланы қатар оқыған бүгінгі оқырман абдырап қалары анық. Одақтас тәжік елінің қаламгерін сынаған Әуезовке де, сол сынға мадақпен жауап қатқан Икрамиға да қандай баға берерін білмей дал болары және мәлім.
Әрине, біз сол замандағы саяси ахуалды терең сезінбейміз. 1937-1938 жылғы қуғын-сүргінді көрмеген, 1940-1950 жылдарда әдеби туындылары үшін әділетсіз қуғындалған қаламгерлердің басынан өткен қилы тағдырды тек қағаз бетінен оқыған, оқысақ та терең сезіне қоймаған ұрпақпыз. Мәселен, Әуезовтің шәкірті Қайым Мұхамедхановтың жарының мына естелігін қараңызшы: «Кеш бата үйдің есігі тарсылдан талқан бола жаздап, біреулер алқын-жұлқын кіріп келді де, үйдің астаң-кестең тінте бастады. Қайымның кітаптары мен қолжазбаларына жаудай тиіп, тіркеп жазады да, сыртқа шығарып әкетіп жатыр. Жазу-сызуы бар қағаздардың бәрін қидай сыпырды. Мұхтар Әуезовпен жазысқан хаттары бір сандықтай болып қалып еді, оны сол бойы әкетті. Кейін Қайым қанша іздесе де, КГБ-ға, басқа орындарға барып, қаншама өтініш жазса да, сонда тәркіленген заттардың ешбірін қайтара алмады», – дейді.
Абайдың әдеби мектебі туралы ғылыми еңбек жазғаны үшін қызыл коммунистердің қырына ілігіп, тоталитарлық жүйенің жауына айналып, жазықты болған Қайым Мұхамедханов 1951 жылдың 1 желтоқсанында ұсталып, талай жыл тас қапастың тұрғыны болды. Абақтының адам жаны төзгісіз азаптауларын көріп, сонда да ғылыми идеяларынан бас тартпай, тағдырдың тақсіретті сынағына төтеп берді. Басына қанша қара бұлт үйіріліп, замананың дауылы жаны мен тәнін мұздатса да Абайдың әдеби мектебін жоққа шығармады. Қайым Мұхамедханов өзіне жасалып жатқан қысым мен зұлымдықтың артында Мұхтар Әуезовтің мойнына қыл бұрау салар қара ниетті саясаттың тұрғанын жақсы түсінді. Өз ұстанымынан тайқып мойнын ілінген азапты қамытты шешсе, ол қамыт ұстазының мойнын қажарын білді. Өйткені тергеушілер «Абайдың әдеби мектебі туралы диссертация жазуға сені Мұхтар Әуезовтің мәжбүр еткенін мойында!», – деп азаптайтын. Қайым Мұхамедханов өз өмірін қатерге тіге отырып, қазақтың Ұлы жазушысына құрылған тұзақтың қыл арқанын үзумен болды. Ең ақырына дейін өз рухын да сындырмай, ұстазын да сатпай қарсыласты.
Біз бұл арада қиыннан қиыстырып, Қайым Мұхамедхановтың мысалын Әуезов пен Икрами арасындағы жоғарыдағы сырды ашпақ үшін әдейі кірістіріп отырмыз. Жалол Икрамидың Әуезовке қатысты ақ жарма тілегін айтардан бар болғаны жарты жыл бұрын, яғни 1957 жылдың басында «Мен кінәлімін» атты психологиялық романы жарияланып, туындыда коммунистік қоғамға сыни көзбен қарағаны себепті кеңестік тоталитарлық жүйенің аяғын басып кеткен еді. Кеңестер Одағы ауқымында түрлі пікірталастың аңысы туып, замананың желі қаламгерге қарсы соға бастаған-ды. Социализмнің бір сызықпен сызылған «тура жолында» қалыс басып, аяғы шалынып кеткен қаламгерді қорқау қасқырдай талауға салып, біржола мұқалтып һәм тұқыртып «жазалайтын» күн таяп келе жатты.
Жазалау дегенде 1957 жылды баяғы 1938 жылдардағы Хамза Есенжановтың «Қазақтың ұлан-ғайыр даласына не жетсін? Жайлауға киіз үйді тігіп тастап, қымыз ішіп, бәйге тамашалап жатсаң ғой, шіркін» деп абайсызда айтылған жалқы ауыз сөзі үшін басына «ұлтшыл» деген таз кепешті кигізіп, 25 жылға соттап, Итжеккенге айдайтын, оның 18 жылын «тар жолда, тайғақ кешіп» түрлі лагерлерде өткізетін Сталиннің заманымен салыстыруға келмес. Тіпті, Икрамидың романы жарияланған 1957 жылды, осыдан бар болғаны 5-6 жыл бұрынғы, яғни 1951 жылы тұтқындалған Қайым Мұхамедхановтың тағдырымен таразылауға да болмайды. Хрушевтің «жылымық кезеңі» жеке басқа табыну дерті асқынған Сталин дәуірімен екшегенде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жайлы уақыт болғанына тарих куә. Хрушевтің «Жылымық кезеңі» жып-жылы самал боп өбіп, қазақ һәм тәжік әдебиетінің арқырап ағуға тиіс арнасын сәл де болса кеңіткенін жоққа шығармаймыз. Десе де, ол заман да талай азаматты қырына алғанын, жаппай жазалау тоқтағанымен, алдымен газеттер арқылы жаланың қара күйесін жағып, соңынан жүйенің көрігіне салып түзейтінін, түрменің орнын жындыханаға ауыстырғанын жұрт біледі. Мысалы, Кеңестер одағының басшысы Хрушевке Қазақстандағы қазақ ұлтының мүшкіл хәлін баяндап, қазақ мектептері мен қазақ тіліндегі оқулықтардың тым аздығын айтып хат жазып, 1957 жылы партиядан шығарылып, нақақтан жындыханаға жабылған мұғалім М.Елікбаевтың тағдырын еске алыңызшы. Жалол Икрамидың басына да осы хәлдің келуі әбден мүмкін еді. Олай болмағанның өзінде кітабы қырық қидаланып, үш әріптің адамдары сенімсіз адам ретінде жіті бақылауға алары анық-ты.
Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» романы тәжік жұртшылығына кеңестік кезеңдегі әлеуметтік шындықты, адам тағдырын, заман қайшылықтарын дәл өмірдегідей шынайы суреттегені үшін құнды. Қаламгер коммунистік-тоталитарлық жүйенің жеке адамның тағдырын қалай әсер етіп, сарсаңға салатынын боямасыз суреттей алған. Туындыда «ой түбінде жатқан сөз шер толқыта шығып» жазушы қоғам алдындағы жауапкершілік, ар-ождан мәселелерін тереңінен қозғай отырып, кейіпкерлердің болмысы мен заманға деген ішкі жанайқайын түрлі астарлармен шебер суреттеген. Қысқарта айтқанда, Икрамидың кейіпкерлері өздеріне тән тағдыры арқылы дәстүрлі сана мен жаңа қоғамдық құндылықтардың қақтығысына түседі.
Жазушы басты кейіпкер Әнуардың өмірі арқылы адамның ішкі әлеміне, мың бояулы жанына үңіледі. Әнуардың қоғамдағы келеңсіздіктердің бәріне өзін кінәлі санап, заман әділетсіздіктеріне төзбей іштей күресуі жеке тұлғаның ғана емес, сол кезеңдегі барша азаматтың жанын жауратқан жағдай еді. Осылай Жалол Икрами қылышы қанды, бұғауы шеңгел кезеңнің өзінде заманның моральдық һәм этикалық мәселелерін тереңінен қаузап, қозғай алды.
Әрине, соцреализмнің сүзгісіне сүзіліп, елегіне елене отырып қағазға түскен бұл туындыны бүгінгінің таным безбеніне тартып, әлем әдебиетіндегі үздік романдардың озық үлгілерімен шендестіріп, тәжік қаламгерін асыра дәріптеуден аулақпыз. Қазір заман да, қаламгерлер өзгеріп, баяғыдай төбе қылтитсаң қиып түсер цензураның өткір қылышы келмеске кетті. Өз заманында Әуезов пен Икрамилар қоғамның қоясын ақтарып, шырқыраған шындығы мен жанайқайын бүкпесіз жазуға қолдары қысқа болды. Сөйтсе де, жағымсыз кейіпкерлердің іс-әрекетін сынаған болып, аузына елдің ішінде толқып жатқан шерлі сөзді салып, түрлі астарлармен айтарларын айтты. Икрамиды «Мен кінәлімін» романының орысша аудармасын оқып шыққанда өзара диалогтардан кейіпкерлердің сөйлеу мәнеріне дейін сезіп, іс-әрекетінен кескін-келбетін көз алдымызға елестете алдық. Оқиғаның басталуы, дамуы, шиеленісуі, шешімі бәрі классикалық үлгіден ауытқымаған. Сюжетті – шымыр, детальдері – нанымды. Кейіпкердің жақсылығы мен жамандығын өмірдегідей шынайы тең суреттей біледі екен. Демек, Икрами адамды жағымды немесе жағымсыз деп екіге жарып қарайтын соцреализмдік танымды бұза алған.
Көркем туындыға қойылатын басты талаптың бірі – автордың позициясының жасырын болуы. Тәжік жазушысы өз позициясын айғайлап, аттан салып айтпай, мәтін көлеңкесіне жасыра алыпты. Бұл тұрғыдан алсақ та Икрамидың өз заманындағы қаламгерлерден оқ бойы озық болғанын оңай-ақ аңғаруға болады. Оқырман ретінде шығарманың жүлгесінен, оқиғаның желісінен, өрбуінен, аяқталуынан жазушының көкейіндегісін, яғни не айтқысы келгенін, сезіп отырдық. Икрами кейіпкердің образына бір түсті бояқ жаға бермей, олардың психологиясын дөп басуға, жан дүниесіндегі қайшылықтарды айпара ашуға ұмтылады. «Мен кінәлімін» романындағы басты кейіпкер Әнуар қоғам үшін қылмыскер емес, тура жолдан адасып, аяғы сүрініп кеткен жан. Осы сүрінуді суреттеу арқылы Икрами кеңестік кезеңдегі қарапайым адамның ішкі әлеміндегі күрделі толғаныстарды, жауапкершілік сезімін поэтикалық сипатта бейнелеген. Ал, қызығы қосымша кейіпкерлердің образынан да қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін көресіз. Олардың мінез-құлықтарына қарап отырып, бүгінгі адамдардың да түрлі пенделік мінездері көз алдыңыздан көлбеңдей өтеді. Жазушы олардың да жан сырын, ішкі монологтарын нәзік жеткізе алған. Ал, табиғат көріністері француздардың шығармаларындағыдай кейіпкердің көңіл-күйімен астасып, символикалық мәнді иеленген. Қысқарта айтқанда, Икрамидың «Мен кінәлімін» романы тәжік прозасындағы драмалық тартыс пен психологиялық тереңдікті жаңа деңгейге көтергені анық. Осындай туындының тоталитарлық жүйенің қырына ілігуі заңды да сияқты. Қызылдардың қанды қылышы кез келгенді қиып түсер қилы заманда романды социалистік реализм әдісімен жаза отырып, автордың өмірлік шындыққа адалдық танытуы расында ауыр жазаға лайық «қылмыс» болатын.
Біз осындай шынайы туындылары арқылы «қылмыскер» атанып, басы дауға қалған, қаншама қазақтың таланттарын білеміз. Олардың барлығы да Мағжанша айтқанда «Абақтыда айдан, күннен жаңылды». Қаншама есіл ер қабырғасы қара тас түрмеде, жарық сәуле, жылы күнді көре алмай:
«Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!», – деп азапқа түсті. Хрушев кезеңінде ондай азаптау болмады дегеніңізбен, түрменің орнын жындыхана алмастырғанын, өзгеше ойлайтын, басқаша жазатын азаматтар «психологиялық дертке шалдықты» деген айыппен астыртын қоғамнан оқшауланғанын тағы да еске саламыз.
Қош. Сонымен 1957 жылы 9 сәуір күні Кеңестер одағының астанасы Мәскеуде тәжік әдебиеті мен өнерінің онкүндігі басталып, 11 сәуір күні Кеңес Жазушылар одағында тәжік прозасының бірнеше өкілінің туындылары талқылаудан өтті. Бұрын әлемге Рудаки, Фирдоуси, Сағди, Хафиз, Жами сынды классик ақындардың шығармаларымен кеңінен танылған тәжік әдебиеті Қазан төңкерісінен кейін жаңа дәуірге аяқ басып, Айни бастаған кеңестік қаламгерлер шоғыры қалыптасып үлгерген кезең еді. Десе де социалистік заманның рухындағы шығармалар көптеп жазылғанымен, кейіпкерлердің шынайы болмысын, адами мінездерін, тағдырын жазар өріс тарылған-ды. Сол тар өрісті кеңіткен 48 жастағы жазушы Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» романының тағдыры қыл үстінде тұрды. Алғаш болып Икрамидың кітабы жайында филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы, сыншы, парсы-тәжік тілінің білгірі Израэль-Иосиф Брагинский, өзбектен шыққан әйгілі әдебиет сыншысы Иззат Сұлтановтар ойларын ортаға салды. Осы екі әдебиетшіден кейін мінберге көтерілген Мұхтар Әуезов Икрамидың туындысын асыра мақтамай-ақ, басты кейіпкердің іс-әрекеті бір сарынды баяндаудан тұратынын, шығарманың күрделі тартысқа құрылмағанын мысалға келтіріп, кітаптың атауы да сюжеттік, психологиялық тұрғыдан ақталмағанын айтып, сипай қамшылап сынай отырып, жазушының өз кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашудағы шеберлігін, табиғатты суреттеудегі өзіндік мәнеріне де тоқталып, ақырында ақ батасын береді.
Біздің білуімізше, Әуезов саналы ғұмырында Кеңестер одағы деңгейіндегі әдебиетке қатысты түрлі даулы мәселелерге араласып, білімі мен білігінің арқасында қара қылды қақ жарып, кесімді сөзін айта білді. Шоқан Уәлихановтың қағазға түсіруімен әлемге танылған «Манас» жыры соцреалистік тұрғыдан талауға түсіп, кеңестік темір шеңгел цензураның пышағына ілінгелі тұрғанда да қырғыздардың «Шоң қазағы», яғни Мұхтар Әуезов кеудесін «оққа» төсеп, қорғап қалды.
Әуезовтің осы бір ерлігін «Ұраным, Алаш» кітабында Тұрсын Жұртбай: «Өзінің жұртындағы дау мен дамай, айып пен жала, сатқындық пен табалау, басыну аздай, Мұхтар Әуезовке осы 1951-1953 жылдардың аралығында қырғыз ағайынның «алақандай намысын алып беруге» («Манастағы» Ер Ағыштың сөзі) атсалысуына тура келді. «Атаң көрі, қоқи» деп бір кіріссе, оңайшылықпен екпінін баспайтын шағын елдің талқысы да оңайшылықпен өткен жоқ. Мұхтар Әуезовтің шәкірті ретінде әшкереленген Жамғырчинов жер аударылып тынған. Алайда олардың ең ұлы ұлттық мұрасы, ұлттық ұйытқысы, қырғыз ұлтының екінші мағынасы – «Манас» эпосының тағдыры тәлкекке ұшырап, содан айырылып қалу қаупі туды» деп сипаттайды. Осыны айта келіп: «Қырғыздар үшін сондай бір талмауытты тұста КСРО Ғылым Академиясының ұсынуымен «Манас» эпосының тарихилығы мен халықтығы қақындағы Бүкілодақтық көлемдегі талқы Фрунзеде (Бішкек) өтуге тиісті болды. Эпос пен фольклор туралы қорытынды тұжырым жасауға тиісті бұл жиналысқа ең таңдаулы шығыстанушылар мен түркологтар, фольклоршылар, әдебиеттанушылар, тарихшылар, жазушылар қатысу жоспарланды. Егерде осы жолы «Манастың» беті теріс қайырылып кетсе, қырғыз халқы ғана емес, әлем жұртшылығы өзінің ұлы эпостық мұрасын зерттеуге, оны басып шығаруға кемінде елу жыл кенжелік танытар еді. Қазақ эпостары мен фольклоры да соның кебін құшар еді», – деп түйеді ойын.
Сол Тұрсын Жұртбай ағамыз айтқанындай, «Мен кінәлімін» романын жазғаны үшін Жалол Икрами қуғындалмай қалғанның өзінде оның бұл туындысын оқырмандар кемі 35 жылдай оқи алмай қалары анық еді. Яки Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат» романындағы аштық жылдарды бейнелейтін тұстары қиылып қалғанындай, цензураның өткір қайшысының жемі болар еді.
Осы орайда кеңестік дәуірінде қазақ-тәжік халықтарының әдеби байланыстары қарқынды дамығанын, қазақ басылымдары тәжік қаламгерлерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып жарияласа, тәжік тарапы да қарап қалмағанын айтқымыз келеді. Мәселен, Тәжікстанға барған сапарымызда біздің қолымызға Бердібек Соқпақбаевтың «Пионери Точикистон» газетінің 1963 жылғы 21 қыркүйегінде жарық көрген «Қутбнамо» (Компас) және «Машьал» (Алау) журналының 1966 жылғы №5 санында «Қазақ әдебиетінен» деген айдармен жарияланған «Ердени худпараст» («Жексен – жекеменшік») әңгімелері түсті. Қызығы аудармашы бас кейіпкердің Жексен деген атын өзгертіп, Ерден деп алыпты. Ал, «Қутбнамо» (Компас) түпнұсқадан алыс кетпеген.
Тәжік жұртына «Қутбнамо» мен «Ердени худпараст» әңгімелерімен танылған Бердібек Соқпақбаевтың «Өлгендер қайтып келмейді» романының алғашқы журналға жарияланған нұсқасын бірнеше жыл бұрын тауып, кеңестік цензураның пышағының өткірлігі туралы бірнеше мақала жазған едік. Жалол Икрамидың романы да сондай құқайды көруі мүмкін екенін ескерте отырып, бірер мысалды алға тартайық.
«Өлгендер қайтып келмейдінің» түпнұсқасында (бірінші дәптер) басты кейіпкер Еркін «Халық жауының» баласы болып суреттеледі. Кейіннен білесіз, бұл тұс қысқарып, қидалауға түскен. Сол қысқартылған тұстарды оқып шығалық.
«Бұл жолы әкем келе қоймады, кешіге берді: енді кеп қалар деп, елеңдеумен біз отырмыз. Кенет есік алдында жатқан қар сықырлады. Е, бәрекелді, әкеміз болар деп едік, ол болмай, басқа біреулер тық-тық еткізіп есікті қақты. Балалық мінезім ұстап: – Да! – деп, айқайлап жібердім. Сау етіп үш-төрт адам кіріп келді. Кейбірін танысақ та, кейбірінің түсі басқа, суық. Алдыңғы біреуі сөлбірейтіп шинель киген, портупея асынған, белінде наган. Шешем екеуміздің көздеріміз атыздай болып кетті.
– Тінтеміз, – деді шинельді.
«Неге?», «Не үшін?» деп сұрауға бізде шама жоқ. Біреудің үйін тінту, адамын ұстап әкету ол кезде онша қиын емес. Тінте бастады. Жүк, төсек-орын, қора-қопсының әптер-тәптерін шығарды. Не іздеп жүргендерін құдайым өзі білсін. Күмістеген ескі ердің кұйысқан, тартпа, өмілдірігімен қоса ескі құранды да әкетті.
Соңынан білдік, әлгілер біздің үйге тінту жасап жатқанда, екі милиционер Жабырда жылқыда жүрген жерінен әкемізді қамауға алып, Қарасазға айдап әкетіпті.
Ойламаған жерден шаңырағымыз ортамызға түсіп, астан-кестең болдық та қалдық. Шешем зар жылап:
– Жұртым-ау, бұл не сұмдық? Қандай пәле болғанын айтсаңдаршы? – деп, біресе зыр жүгіріп ауыл совет кеңсесіне, біресе колхоз кеңсесіне барады. Бірақ ешкім оған ештеңені түсіндіріп айта қоймады.
Ол кезде Тұйықта колхоз председателі Нұрәлі. Әкем қамалғанның соңынан: «Мамырбай халық жауы болып ұсталыпты. Қытайдағы бандамен байланысы бар екен!» деген тажалдан суық хабар дүңк ете қалды. Мәссаған, керек болса! Бұл біз үшін күн жарқырап тұрғанда төбемізден шарт етіп жай түскенмен бірдей еді. Әкеміздің қамалуына байланысты… біз басқа сұмдықтың бәрін күтіп едік. Бірақ дәл осыны күткен жоқ едік. Сауатсыз, қараңғы адам. Осы колхозды қолдан тұрғызысқан қу тақыр кедей. Қаршадайынан бастап өмірі байларда жалшылықпен өткен. Қой аузынан шөп алмас момын. Сондай адам кайтып халық жауы болады? Қысы-жазы бел шешуге мұршасы келмей мал соңында жүріп, Қытайдағы бандамен қалай байланыс жасайды? Бұлай деп үн көтеріп, ауыз ашуға әл қайда. Жұрттың бәрі көлеңкесінен қорқады. Сол кеткеннен әкем байғұс зым-зия кете барды. Қарасазға бір түнетіпті де, Жаркенттің түрмесіне әкетіпті. Соңынан бір-екі айдан соң қайта әкеп, жасырын сот жасапты. Бізді оған қатыстырмақ түгіл жолатқан да жоқ. Шешем байғұс неше күн сыртынан торуылдап жүріп, жолыға да алмай қалды. Тек: «Мамырбайға он жыл беріпті» деген хабарын бір-ақ есіттік. Кұдай-ау, не үшін? Не қылмысы үшін? Кімдер куә болыпты?
Біз жауап таба алмаймыз. Тек ел аузында әралуан пыш-пыш алып қашты әңгіме бар. «Мамырбайды бандамен байланысы бар деп, қаматушы да, оған негізгі қаралаушы, куә болушы да Нұрәлі екен», – дейді. Кім біледі, болса – болар дейміз. Бұлай ойлап, сезіктенуге бірсыпыра себеп те бар. Неге екенін мен өз басым анық білмеймін, бірақ әйтеуір әкем Нұрәліні жек көретін. Оның аты естілсе, жиырылып тұратын. Техникумге оқуға кеткенге дейін Сәрсебек ағайым кеңседе Нұрәлінің қарауында есепші болып істеді. Сонда әкемнің бірнеше рет: «Балам, Нұрәлі жаман адам, байқа. Сақ жүр!» деп, айтып отырғанын еститін едім. «Несі жаман?» деп, мән беріп сұрап қоймаушы едім.
Және бір себеп: сол әкем ұсталардан үш-төрт ай бұрын, 1937 жылдың күзінде, біздің Тұйықтан Бөкей, Мәмбет деген адамдар халық жауы болып ұсталды. Бөкей – ұста, ал Мәмбет еті тірі белсенділеу адам. Әртүрлі қызметтер атқарып жүретін. Ел соларды да: «Нұрәлі ұстатыпты. Нұрәлі тыңшы екен» деген сөздер айтып жүрді. Үшінші себеп: әкеміз қамалған соң Нұрәлі бізге тіпті қырын қарап алды. Халық жауының баласы, халық жауының қатыны деп, төбемізге талай рет қамшы ойнатқан кездері болды. Міне, осының бәрі тегін бе?
Ал бірақ әкемді қаматып айдатушы дәл осының өзі деп, біз тап басып айта алмаймыз. Оны өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіген жоқпыз. Расында да дәл солай ма? Жоқ, солай емес пе деп, көңілге күдік кіретін кездеріміз де болады».
* * *
«Әкем қамалғаннан соң бір айдан кейін киім-кешегін арқалап, ағайым сүмірейіп үйге келіп тұр. Сөйтсе, оны халық жауының баласы деп, әрі оқудан, әрі комсомолдан шығарып жіберіпті. Ол тіпті өзінің 1917 жылы туғанын да мақтаныш көретін. Жасы он төртке толар толмастан комсомолға жазылған. Енді, міне, сүтке тиген күшіктей бәрінен аласталып отыр».
* * *
«Бір күні ойнап-күліп Нүсіпбай екеуміз белдеуге таласып жанжалдасып қалдық.
Нүсіпбай: – Халық жауының баласы, кет! Жолама біздің үйге деп! – мені ұрып, қуып жіберді.
Мен кете бардым. Ұрғаны ештеңе емес, «халық жауының баласы» деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме бір-ақ жетті. Төбелесейін десем әлім келмейді. Үйге келдім де, ет кесетін мүйіз сап қара пышақты алып, Нүсіпбайға қайта бардым. Пышақ ұстаған қолым артымда жасырулы. Нүсіпбай мені көріп:
– Неге келдің? Мен саған бұл араға жолама деп айтпадым ба? – деп, қодиланып, қарсы жүрді.
Мен үндемей жақындап келдім де, пышақпен Нүсіпбайдың бетінен көлденеңдей тартып кеп жібердім. Нүсіпбайым баж етіп, бетін басып, отырды да қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті. Мен жалт беріп, зыта жөнелдім. Үйге де соқпастан қырқаны асып, басым ауған жаққа тартып отырдым. Сол күні ауылға жолаған жоқпын. Егінжайдағы ескі қырманға түнеп, ертеңінде қараңғы түсе үйге бір-ақ келдім. Мені жазым боп қалды ма деп ойлап, үйдің іші, бүкіл ауыл-аймақ болып іздеп жүр екен…
Нүсіпбайдың беті тыртық боп бітті. Менен қалған таңба».
Цензураға кеткен бұл беттердің орны қалай толтырылды. Түпнұсқа қаншалықты өзгеріске түскенін бағамдау үшін оны да назарыңызға ұсына кетейін.
«…Алтыншы оқып жүрген кезім. Әкем жуырда қайтыс болған. Қысты күн. Топ бала жар қабақтан сырғанақ теуіп жүрміз. Нүсіпбай дейтін менен екі-үш класс алда оқитын, сотқарлау жуан білек бір баламен жанжалдасып қалдым. Екеуміз боқтастық. Нүсіпбай:
– Әкеңнің аузын… жетім, – деді. Жетім деген сөзі етімнен өтіп, сүйегіме жетті.
Екеуміз жата кеп төбелестік. Нүсіпбай менен әлді, күшім келмейді. Таяқты көбірек жеп қалдым. Өшім кетіп бара жатыр. Жетім деп қорлағаны тағы бар. Сазарып үйге келдім. Нүсіпбайдан қалай да өш алуым керек. Қалай алам?
Ет кесетін мүйіз сап қара пышағымыз бар. Әлгіні жеңімнің ішіне тығып алдым да, сырғанақтың басына қайта бардым. Үн-түнсіз кеп, Нүсіпбайдың бетінен пышақпен көлденеңдей тартып жібердім… Нүсіпбай баж етіп, бетін басып, тұрып қалды. Қара қан қолының сыртын жауып кетті».
«Жетім» деген сөз, әрине, кімге болмасын ауыр тиеді. Бірақ Бердібек Соқпақбаевтың Еркін кейіпкерін жетім деген сөз жасытпаса керек-ті. Оның жүрегіне тікен болып қадалған – «Халық жауы» деген жәбір.
Кеңестік дәуірде «Халық жауының» балалары көзге шыққан сүйелдей болғанын, ата-анасының қылмысына бола перзенттері шетқақпай көріп, қоғамның табасына қалғанын тарихтан білеміз. Тіпті, арғы тегі ақсүйек, яки байдың балалары да кеңестік жүйедегі ең сенімсіз адамдар сапында болды.
Осы орайда «Мен кінәлімін» романын жазған Жалол Икрамидың тегіне қатысты тәжік оқымыстысы, академик Мұхамеджан Шукуровтың мына бір дерегін алдыға шығарған дұрыс секілді. Ол жерде Икрамидың кеңестік жүйеге ата-бабасының бай болғандығы себепті ұнамағаны айтылады.
М.Шукуров әдеби ортада Әуезовпен бірнеше рет кездескен, оны жақыннан таныған адам. Ол Тәжікстан Ғылым академиясында 1997 жылдың 24 маусымы күні өткен М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияда біз сөз етіп отырған Әуезов пен Икрами арасындағы байланыс туралы тың деректерді алға тартқан. Академик сол конференцияда Әуезовтің өзі билік тарапынан бақылауда болғанын Әбдіжәміл Нұрпейісовтің естелігіне сүйене отырып әңгімелейді. Шукуров соғыстан кейінгі жылдары Мұхтар Әуезовтің қуғын-сүргіннен қашып, Мәскеуді паналап, МГУ-де дәріс оқығанын, бұл туралы мәліметтерді Брагинскийден естігенін, Әуезовті қатты құрметтеген Брагинский артында көп естелік қалдырғанын айта келіп: «Мәскеуде жүрген жылдардың бірінде Брагинскийге «Әуезов Қазақстанға оралса, тұтқындалады» деген сыбыс жетеді (мүмкін, бұл хабарды МГУ-дегі КСРО халықтары әдебиеті кафедрасының оқытушысы, Әуезовпен әріптес болған А.Шариф жеткізген болар). Сонда Брагинский бұл жайды Б.Ғафуровқа мәлімдеген. Академик Ғафуров Сталиннің қабылдауында болып, «осы замандағы ең ұлы әдебиетшіні саяси қуғыннан қорғауды» өтінеді. Осыдан кейін Сталиннің тапсырмасымен М.Әуезовке тағылған барлық айыптар алынып тасталады. Мұны Әуезовтің өзі де білген», – дейді.
Естелікте айтылған Бабожан Ғафуров 1946—1956 жылдар аралығында Тәжікстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы болған, 1956-1977 жылдары КСРО-ның Шығыстану институтын басқарған, 1949 жылы тарих ғылымдарының докторы, 1951 жылы академик атанған саяси һәм шығармашыл тұлға. Яғни, Шукуров Әуезовтің Икрамиға тигізген шапағатын Бабожан Ғафуровтың қазақ қаламгеріне жасаған жақсылығымен байланыстырады. Біз бұған дейін Ғафуров пен Әуезов арасындағы жақындық туралы мәліметтермен танысқан емеспіз. Сондықтан да, мұны әрі тереңдетуге білігіміз жете қоймас. Десе де, сол жылдары Әуезовтің басы даудан айрыла қоймағанын жақсы білеміз.
Мәселен, 1951 жылы Жазушылар Одағының V-пленумында Мұхтар Әуезовтің «ұлтшылдығы» тағы да бетіне қара күйе болып жағылды. Оның «Хан Кенесі» мен «Абай жолы» шығармаларына шүйлігушілер көбейді. «Хан Кене» пьесасын буржуазиялық ұлтшылдық тұжырымында жазылған, интернационалды еңбекшілерге кереғар туынды» деп, Абайдың образынан да ұлтшылдық белгісін тауып, тіпті оның театр сахнасындағы пьесаларын қаралайтындар шықты.
1952 жылы «Правда» газеті Әуезовті қайтадан ұлтшылдыққа айыптайды. 1953 жылы «Абай жолы» романы Жазушылар Одағының жиналысында талқылауға түсіп, Жаймұрзин жүргізген жиналыста С.Нұрышевтің «ҚазКСР ҒА Хабаршысы» журналының 4 және 11 нөмірлеріндегі сыни мақалаларының қателіктері баса айтылды. Мәселен, 4 нөмірде Нұрышев Әуезовті «1932 жылдан бері өзгермей, сол қалпында қалды» деп айыптайды. Мұндай «ұлтшыл» деген айып жазушының қызметіне де, шығармашылығына да үлкен кедергі келтірді. 1953 жылы арнайы бұйрықпен Қазақ ұлттық университетіндегі қызметінен босатылып, оқып жатқан аспиратурасынан қуылды. Әуезов осы оқиғадан кейін негізсіз жаламен айыпталғанын баяндап, КСРО мәдениет министріне хат та жолдайды. Алайда оның жан айқайына лауазымды тұлғалар ләм-мим тіл қатқан жоқ. Сөйтіп, Әуезов еріксіз Мәскеуге кетуге мәжбүр болады.
Яғни, бұл жерде Шукуровтың топшылауы шындыққа жанасуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Бір кездері Тәжікстанды басқарған Бабожан Ғафуровтың Әуезовке араша түсіп, Сталинге кіруі әбден мүмкін. Әңгімені Шукуровтың жазбасымен әрі қарай жалғастырсақ.
«Өз кезегінде (Ғафуровтың жақсылығынан кейін) Әуезов те тәжік әріптесі Жалол Икрамиге үлкен қолдау көрсетті. Икрами де ресми билік үшін сенімсіз адам саналатын, өйткені ол ақсүйек әулетінен шыққан еді. 1957 жылы Жалол Икрамидың «Мен кінәлімін» романы жарық көріп, туындының тақырыбы, идеялық-көркемдік негізі жағынан тәжік прозасына тың леп әкелді. Сөйтсе де ол шығарманы әдеби орта бірден жылы қабылдай қойған жоқ. Роман кейіпкері ауыл мұғалімі, мектеп директоры Әнуардың образы мен оның отбасылы адам бола тұра облыстық оқу бөлімі инспекторы Зайнабқа ғашық болуы оқырман тарапынан «моральдік азғындықты дәріптеу» деп бағаланып, шығарманың тағдыры тығырыққа тірелді. Икрамидың «Мен кінәлімін» атты романынан бұрын жазған «Зухра» повесін де әдеби орта салқын қабылдап, сынға ұшыраған. Сол дәстүр қайталанып, Икрамидың романын шарпыған қауіпті жағдай 1957 жылғы Мәскеуде өткен Тәжік әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде сейілді. Мұнда бірқатар жазушылар мен сыншылар туындыны қорғап шықты». Осы айтыста Мұхтар Әуезов белсенділік танытып, романды қауіптен арашалап, «Осылай, қазақ жазушысының әділ пікірлері шығарманың тағдырын анықтап берді», дейді.
Осы талқылаудан кейін арада бар болғаны 15 күн өткенде Әуезовтің осы бір уәлі сөзі «Жалол Икрамидың жаңа кітабы жайында» деген атпен «Тәжікстан коммунисі» («Коммунист Таджикистана», 1957, 24 сәуір) басылымында жарияланды. Талқылауда Әуезовтен бұрын сөйлеген филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Израэль-Иосиф Брагинский мен өзбектің әйгілі әдебиет сыншысы Иззат Сұлтановтардың сөздері жарияланбай, тек Әуезовтің баяндамасының газетке басылуынан да қазақ қаламгерінің салмағын саралауға болатындай.
Икрамидың сиясы кеппеген туындысы қылкөпірде аяғын қалт-құлт басып құлап кетейін деп тұрғанда Әуезовтің: «…мені романдағы негізгі кейіпкерлердің күресі мен әрекеттері ойландырды. Олар бір қырынан ғана көрсетілген және сәл тым идиллиялық («идиллия» гректің «eіdyllіon» картина, шағын өлең деген сөзінен шыққан. Яғни, Әуезов автордың романдағы кейіпкерлердің табиғат аясындағы қамсыз, алаңсыз өмірін тым поэтикалық тұрғыда жазғанын меңзеп отыр) сипат алған. Біржақты бейнелер белгілі бір жасандылыққа, жанжалсыз жағдайларға әкеледі. Автордың бас кейіпкері Әнуардың жеке өміріндегі өткір тартыстарды, күрделі драмалық шиеленістерді кеңінен ашуға үлкен мүмкіндігі бола тұра, оны толық пайдаланбағаны өкінішті әсер қалдырады. Сірә, ол шынайы драманы жасауға батылдық етпегендей» деп сынап алып, оған қоса: «Бұл кітапта мені ерекше қызықтырған тұстардың бірі – кейіпкерлердің ішкі болмысын ашудағы психологиялық тереңдік. Жеке тұлғаларды жазушы бір ғана бояумен – қара не ақ түспен емес, мінез-құлқының бар қырын, түрлі реңктерін көрсете отырып сипаттайды. Бұл тек қана олардың іс-әрекеттерінен, негізгі ерік-жігерінен ғана емес, сонымен бірге ең жасырын сезімдерінің нәзік әуездерін бейнелеу арқылы да айқындалған. Икрамидың көптеген кейіпкерлерінің бейнесі нанымды әрі кейде нәзік әсер қалдырады», – деп бағалауы талантты қаламгердің басына үйірілген қара түнек бұлтты сейілтіп, тағдырын қатерден арашалап қалды.
Әуезовтің мінберден айтқан сөзі мен мақаласынан кейін роман төңірегіндегі айтыс-тартыс бәсеңдеп, Икрамидың бұдан кейінгі шығармашылық жолы ашылды. Әрине, аға қаламгер Әуезовтің бұл жақсылығына қайырым жасау шығыс мәдениетін бойына сіңірген Жалол Икрамиге парыз екені анық. Икрами Мұхтар ағасына деген інілік алғысын араға 5-6 ай салып: «Мұхтар Әуезовтің ұлылығы сол, ол «Абай» романында өз халқының тағдырын ұлттың асқақ армандарымен ұштастыра отырып бейнеледі. Сол себепті Әуезов қазақ халқының ғана емес, бүкіл кеңес халықтарының құрметті жазушысына айналды. Оның ақын Абай туралы жазған романы Сталин сыйлығына ие болып, әлемдік әдебиетте де жоғары бағаланды. Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбектері арқылы тәжік халқының да сүйікті ұлына айналды. Қазақ халқы оны туған перзенті ретінде мақтан тұтса, тәжік оқырмандары да Мұхтар Әуезовтің шығармаларын жылы қабылдап, өздерінің сүйікті жазушысы санайды», деп «Шарқи сурх» журналындағы «Нависандаи азиз ва мухтарам» (Қадірлі, әрі құрметті жазушы) атты алғысөзімен айтыпты. Тәжік қаламгерінің «Мұхтар Әуезов өзінің ғылыми әрі әдеби еңбектері арқылы тәжік халқының да сүйікті ұлына айналды» деген пейілді ықыласындағы «тәжік халқы» дегеннің орнына бірінші жақтағы «менмен» алмастыра оқысаңыз, автордың «Әуезов сүйікті ағама айналды» деген лебізді сөзін естігендей боласыз.
Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған тұлға. Бұл орайда классик жазушының «Абай жолы» эпопеясын халқымыздың шежіресін шерткен мәңгілік дастан деп бағалаймыз. Тәжікстанның халық жазушысы Жалол Икрами осы асыл туынды туралы тебірене жазып, Әуезовті «барлық халықтардың сүйікті жазушысы, аса қадірлі тұлға» деп бағалауы біздің ойымызша әдеби пікір емес, қазақ пен тәжік ұлттары арасындағы рухани жақындықтың айғағы болса керек. Осылай қазақ әдебиетінің аяққа нық тұрып, әлемнің есігін қағуына бар күшін салған Әуезов туыстас халықтармен арадағы әдеби байланыстарды нығайтуға да аз тер төкпегенін көрдік. Бұл ерлік істер көршілес елдердің қаламгерлерінің өзара рухани бәсекеге түсуіне жол ашқанын да айта кеткеніміз жөн. Осы орайда тілі жағынан туыспаса да, діні мен тіні рухтас қазақ пен тәжік халықтарының әдеби байланыстарының тарихында ұлтымыздың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің есімі алтын әріппен жазылуы керектігін байқаймыз. Өйткені, Алаштың әйгілі қаламгерінің дара тұлғасы мен жазушылық таланты Қазақстанда ғана емес, шекарадан тыс шетелдерде де лайықты бағасын алған.
Икрамидың мақаласында айтылған «әр үйге жеткен, әр жүрекке қуаныш сыйлаған роман» деген тұжырым Әуезов шығармашылығының құдіретін айқын көрсетеді. Шынында да, «Абай жолы» тек кітап сөресінде шаң басып жататын шығарма емес, ол халықпен бірге өмір сүрген, оның жан дүниесін жарыққа шығарған, әр жүрекке үміт отын жаққан рухани құбылыс.
Аталған мақаладан Әуезовтің көркем проза саласындағы тәжірибесі, әсіресе оның «Абай жолы» романы тәжік жазушысына ерекше ықпал еткенін де байқаймыз. Икрами «Абай жолы» эпопеясының көркемдік қасиеттерін жоғары бағалай отырып, ғылыми және әдеби шығармашылығымен тәжік ұлтының сүйіспеншілігіне бөленгенін, қазақ халқы өз таланты ұлының есімімен мақтануға әбден лайық екенін айтады.
Ұлы қаламгерлер өзінің талантымен, жазу мәдениетімен өзге де жазушыларға ықпал ететіні мәлім. Мақаланы оқи отырып көркем проза саласында Жалол Икроми бастаған тәжік әдебиетшілеріне Әуезовтің ықпалы болғаны күмән тудырмайды. Бұл туралы академик М.Шукуровтың: «Тәжіктер мен тәжік әдебиеті үшін Абдулла Қадыридің «Өткен күндер» және «Құрбандықтағы шаян» романдары, Айбектің (Муса Ташмухамедов) «Қасиетті қан» және «Науаи» романдарына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы ерекше ықпал етті. А.Қадыридің және Айбек шығармаларында өзбек және тәжік халықтарына ортақ өмір суреттелген. Мұхтар Әуезовтің романында да тәжіктерге өте жақын оқиғалар мен характерлер бейнеленген. Бұл шығармалар тәжік халқына өзінің тарихын түсінуге, қайта ой елегінен өткізуіне жәрдем етті», дейді.
Өкініштісі қазір, осындай әдеби байланыстар мен өзара ықпалдар жоқ. Орта Азия елдерінде қандай ақын, қандай жазушылардың бар екенін, олардың не жазып жатқанын білмейміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ғылым да, мәдениет те, әдебиет те оқшау дамымайды. Әлемдік кеңістікте өзара ықпалдастық пен шығармашылық тұрғыда барыс-келіс жасау кез келген ұлттық әдебиеттің өсіп-өркендеуінің басты шарты. Яғни, халықаралық әдеби байланыстардың әлсіреуі әдебиеттің дамуына елеулі кедергі келтіріп жатыр. Әдебиет әрдайым диалог арқылы дамиды. Кеңестік кезеңде көршілес елдермен, алыс мемлекеттермен жасалған байланыстар жазушыларға жаңа тақырып, тың идея, өзгеше форма әкелген. Оның дәлелі – Мұхтар Әуезов пен Жалол Икрамилардың сырға толы мақалалары.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, тәжік әдебиеттанушысы Атахон Сайфуллаев: «Әуезовтің әділ сыны кейінгі жылдары Икрамидың шығармашылығына оң ықпалын тигізді. Мәселен, Әуезовтің романдағы шиеленістің әлсіздігі туралы пікірінен Икрами нәтиже шығарып, «Духтари оташ» («От қызы», 1962 жыл) романында туындысын ширықтыра түсті. Бұл екі қаламгер арасындағы достық ескертпенің жемісі деп бағалауға болады» дейді. Сондай-ақ, Атахон Сайфуллаевтың: «Егер Икрами сынды прозашы «Абай» романы мен оның кейіпкерлерінен зор әсер алдым десе, мұндай ықпал оның өз шығармашылығында да көрініс таппай қоймайды» деген пікірі және бар. Осылайша, қазақ әдебиетінің ірі өкілі Мұхтар Әуезовтің шығармашылық ықпалы тәжік прозасының дамуына да игі әсерін тигізіп, екі халық әдебиетінің байланысын нығайтқанын мақтанышпен айтуға тиіспіз.
Ал қазіргі таңда мұндай мүмкіндік шектеліп отыр. Әдебиет тек ұлттық шеңберде қалып, бір арнамен аға бергендіктен, жаңа серпіннің болмауы сезілуде. Халықаралық байланыстардың жоқтығы әдебиетіміздің әлемдік аренада насихатталуына тосқауыл қойып, жаңа әдеби тәжірибе мен әдістердің еркін алмасуын тежеп отыр. Халықаралық байланыс – тек шығармашылық танысу ғана емес, ол мәдени дипломатияның құралы. Әдеби форумдар, фестивальдер, аударма жобалары арқылы ұлттық сөз өнері жаңаша тыныс алады. Егер мұндай алаңдар болмаса, жазушының да, оқырманның да көкжиегі тарыла бермек.
Біз Әуезов пен Икрами мақалаларының жұмбағын шешумен отырып, әдебиеттің дамуы үшін халықаралық диалогтың ауадай қажеттігін де сезіндік. Бүгінгі таңда мұндай байланыстар үзіліп қалғандықтан, әдеби үдеріс тоқырауға ұшырап отыр. Әдебиеттің ертеңі әлемдік мәдени кеңістікпен бірлескенде ғана жарқын болмақ. Егер біз әдебиетімізді жаңа деңгейге көтергіміз келсе, алдымен халықаралық ынтымақтастықты қайта жандандыруға тиіспіз.
Әуезовтің өз заманында әдеби құбылыстарды теориялық тұрғыдан пайымдай білуі, халықтар әдебиеттерінің байланыстары туралы беделді пікірлері оның Тәжікстанның әдеби қауымы алдында мәртебесін көтерді. Сондықтан да болар Әуезовтен тәлім алған тәжік жазушылары ұстазы туралы тәжік баспасөзінде аз жазған жоқ. Ол туралы бұдан кейінгі жазбаларымызда айтатын боламыз.
Біз сөз етіп отырған екі мақаланың бүгінгі күн үшін де мәні ерекше. Уақыт өзгерді, идеология құбылды, бірақ Әуезовтің де, Икрамидың да мұрасы бастапқы қалпында қалды. «Абай жолы» әлі де халықтық арманның, әділет іздеген жүректің, рухани бостандыққа ұмтылған халықтың айнасы болып келеді. Икрамиды тәжік халқы төбесіне көтереді. Сондықтан да, Мұхтар Әуезов пен Жалол Икрами халықтар арасындағы дәнекер болып қала береді. Олардың шығармашылық жолдағы бауырлығы арқылы қазақ пен тәжік ұлттарының рухы бірігіп, бұл тарихи оқиға басқа да туысқан халықтардың жүрегін тербері анық. Демек, әдебиет деген ұлттық шеңберден асса, халықтарды жақындастыратын, достыққа шақыратын ұлы күшке айналады деген сөз.
Енді осы журналдағы «Абай жолы» романының үзіндісін аударған, яғни романды тәжікше сөйлеткен аудармашы Эммонуил Муллокандовқа бірер сөз арнай кетейік. Эммонуил Муллокандов аударма саласы арқылы тәжік әдебиетінің ХХ ғасырдағы дамуына ерекше еңбек сіңірген тұлға. Эммонуил Муллокандов тәжіктің әдеби аударма мәдениетін жетілдіруге, тіл тазалығы мен стильдік нақтылықты қалыптастыруға ерекше үлес қосты. Ол Душанбе қаласында мәдени-ағартушылық, баспа және баспасөз саласында еңбек етті. Ұзақ жылдар бойы «Тоҷикистони Сурх» газетінде аударма бөліміне және мемлекеттік баспаның («Госиздат») әдеби аударма бөлімінде жетекші болып, қаншама туындыларды тәжік тілінде сөйлетті. Әдебиетке қатысты көптеген сын мақалалар жариялап, жас жазушылардың тілі мен стилін жетілдіруге бағыт-бағдар берді. Муллокандов аударманың сапасын көтеру мақсатында тілдік стильдің әлсіздігі, артық арабизмдер мен күрделі грамматикалық құрылымдардың орынсыз қолданылуы секілді проблемаларды көтеріп, аудармашылар мен редакторларды тілге аса жауапкершілікпен қарауға шақырды. Әдеби шығарманың ең әуелі оқырманға түсінікті, әрі көркем болуы тиіс екенін жадында тұтты. Осылай Эммонуил Муллокандов тәжік әдебиетінде аудармашылық мәдениеттің биіктеуіне, әдеби тілдің тазалығы мен көркемдігін арттыруға қызмет етті.
Әлемге танылған отыздан аса әдеби туындыны тәржімалап, тәжік руханияты үшін артында өшпес із қалдырған аудармашының «Абай» романының алғашқы нұсқасын аударуы – қазақ әдебиеті үшін де мәртебе. Бұл орайда Әуезов пен Икрамиды қазақ пен тәжік елдері арасына рухани көпір орнатқан тұлғалар ретінде танып, олардың кітаптарын екі ұлттың тілінде басып шығу қажеттігі сезіледі.
(Мәдениет және ақпарат министрлігі мен
Қазақстан Жазушылар одағының
«ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық
жазушылардың зерттеу жұмыстары»
жобасы аясында жазылған мақала)
Қанат ӘБІЛҚАЙЫР





