ТӨРТТАҒАН

Айтмұхамбет Қасым

Туған жерге деген сағыныш, балалық шақты аңсау жасың ұлғайған сайын еселене түсетін бір табиғи заңдылық сияқты. Әлі күнге дейін ауылдастармен кездесіп, әңгімелесе қалсақ, еліне құтты мекен болған, бүгінгі күні Бұқтырма теңізінің астында қалған шағын ауылымыз Аюлының «құлағын бір шулатпай» қоймаймыз.
Мынау төрттағандағы ата-анам, өскен ортам туралы әңгімелердің де басын біріктіріп, өзегін өріп тұрған – сол туған жерге деген, қазіргі ұрпақтары негізінен Ұлан өңірін мекендеп жүрген Аюлының аға ұрпағына – әке-шешемнің замандастарына деген перзенттік өтеуім.

1. Аюлының арыстары

Әкемнің әкесінің ағасы Шіңкенің әйелі Бәтіш апамыз дүние салғанда көз жасын бұлап, шын жылаған екі-ақ адам болды. Біреуі алты жасар шөбересі Ләзиза да, екіншісі – бір кездегі тәп-тәуір тіршілігі мен сүттей ұйыған отбасының шырқын бұзып, араққа салынып, ел ішінде «қаңғыбас Құмарғали» атанған, қырықты орталап қалған жамағайыны. «Соқа басың сопиып қаласың» деуші еді, «неткен әулие едің, айналайын апам-ау» деп еңкілдеп қоймаған соң үлкендердің бірі зекіп:
– Көзің ақсын, сенің, Құмарғали, жүз жасаған әжеңнің соңғы сапарын көпсініп отырсың ба, мына артында қалған тұяқтарына сол кісіңің жасын берсін деп тілемеймісің одан да…
– Әй, нең бар онда, елуге келмей жатып жетім қалу оңай ма? – деді бір қушыкеш.
– Сау адамды оңдырмайтын арақ, ілмиіп жүргенде сенің де түбіңе жетеді ғой, – деп бір мосқал әйел мүрнының ішін тазалауға қимағандай қорс-қорс тартып отырған Құмарғалиға есіркей көз тастады.
– Олай деме, Қамқа, мынаның атасы Кәдірбайдан ащы суды көп ішкен осы ауылда ешкім жоқ, өзіміз де көрдік емес пе шет жағасын. Жарықтық өмір бойы трубка тартып, арақ ішсе де тоқсанға жетіп өлді емес пе, – деп шоқша сақалды сары шал жан-жағына қарап, қостаушы іздеді…
– Қарағым, Айдармысың, танымай жатырмын, әжеңнің алдынан жарылқасын, – деп мұның қолын кезек-кезек алып жатқан қалтылдаған тарамыс қолдар мен еңкейтіп маңдайынан иіскеген кезерген еріндер, айғыз-айғыз әжім тілгілеген мейірімді жүздерден бір кездегі осы ауылдың абыройы мен атағын шығарып жүрген асыл азаматтарын айнытпай танып отыр. Ат ізін салмаған оншақты жылдың ішінде туған ауылы Тайынты едәуір қартайып-ақ қалыпты.
Көшербайдың Тоқтары жарты ғасыр колхозда бастық болған. Сексенге келсе де тік жүреді екен. Қолына таяқ ұстап, кібіртіктей басқаны болмаса әлі де ауыл ағасы. Ауыл адамдары үшін Тоқаң қатысқан қуаныш, Тоқаң бөліскен қайғының орны бөлек.
– Баяғыда өзің бізді қонаққа шақырғанда «Өзі жоқ екен, шешесіне айттым» деп бір күлдіріп едің ғой. Ұлғайғанда әйелің шешеңдей күтеді екен, міне, екі жыл болды, одан да айрылғанбыз, айналайын, көз көруден қалып барады, – деп қанша жыл осы «Обухов» совхозында есепші болған Үсеннің Ихсаны келіп Айдардың қолын алды.
Шалғымбайдың Хамзасы – осы ауылдың үш ұрпағын оқытқан мұғалім. Қазір бұл кісі де бір аяғын протезге алмастырып, қолына таяқ ұстапты.
Мағзұмның Тілеуханы жуан-жуан ағаштарды кескенде өр жақта тұрып, төрт-бес адам араны кезек тартқанда былқ етпеуші еді. Өзінің бір аяғы кем, сылтып басады. Соғыстың басынан аяғына дейін қатысқан. Қазір таяқ ұстапты, белім сырқырайды дейді…
Әр жерде тұратын осы шалдардың бастары жиі қосыла бермейді. Қуанышқа баруды міндет деп санамайтын үлкендер жағы бойында жаны болса қазаға жиналуды борыш санайтын. Осындайда өткен-кеткенді еске алысып, мауықтарын бір басатын.
Қабір қазушылардың үйді босатуын күтіп сыртта отырған осы топ апам марқұмды мүлдем ұмытқандай, әңгіме арнасын ауылдың өткен-кеткен атақты адамдарының естен кетпес ерліктеріне бұрып, енді бірде өзара тағы да қауқылдасып кетті…

* * *

Шырт ұйқыда жатқан Сыдық түн ортасында біреу жамбасына біз сұғып алғандай атып тұрып, киіне бастады.
– Палуан-ау, не болды? – деген бәйбішесіне:
– Соңынан естірсің, – деп жауапты шолақ қайырады да кермедегі сүлік қараны асығыс ерттеп, Манаттан суыт аттанады.
Ол кезде Әбікенің Сыдығы ауылсоветтің бастығы екен. Кәнпеске, колхоздастыру деген құлаққа жат сөздер шыға бастаған, бірінен бірі үркердей заманнан зәрезеп болған бәйбішесі көршісіне жүгіреді.
Тарғынға жете бере Сыдықты артынан жалғыз қара қуып жетеді. Астындағы Ақбозы сүмек болыпты. «Сен жалғыз кетті деп естіген соң ерейін деп келдім». Қуанбағанмен, көршісі Кәленнің ниетіне Сыдықтың жүрегі жылып қалды.
– Октәбірдің он жылдығына Кемпірқорада (қазіргі Баяш ауылы) күрес болады деп ұзынқұлақ естіп едім, бірақ анық хабарын біле алмай жүргем. Мана, түсімде бір ақсақал аян берді, дауысын ап-анық естідім. «Тұр, күрес өтіп кетеді» деп саңқ ете қалғанда шошып ояндым, – деп палуан жанындағы серігіне өзінің ауылдан суыт аттанғанының мәнісін айтты.
Тарғында, тап күре жолдың үстінде таң алакеуімде жолаушыларды Сыдықтың бір жамағайын апайы күтіп тұр екен. «Сені күреске бармай қалмас» деп өзім де ойлаған едім. Асығыс екенсіңдер, жолдарыңды бөгемейін» деп кейуана ақ жол тілеп, бұларға бір-бір тостаған қымыз ұсынды.
Күн найза бойы көтерілгенде бұлар Кемпірқораға, қаптаған қара құрымның шетіне де ілікті. Екі қолын артына алып, қатты мазасызданған Баяш Өтепов Сыдықты күтіп жүр екен, бірден бұлардың шылбырына жармасып, күрес өтетін жерге алып келді. Бұлар келгенде Сыдықтың қарсыласы Семей жақтағы Матай ішінен келген бас палуан Өкірешті екі адам қара тайға мінгізіп ары-бері қыдыртып жүр екен. Денесі шойыннан құйғандай, иықты, бура сан, бұлшық еттері ойнақшып тұр. Өзіне өзі сенімді, сырықтай ықшам денелі Сыдыққа менсінбегендей жоғарыдан тәкаппар көз тастайды.
Сыдық ешқашан жалаңаш күреспейтін. Осы жолы да түйе жүн шекпенінің бір жеңін ғана босатып, қатты буынған беліне қыстырып қойды. Өкірешті де екі адам сүйемелдеп, тайдан түсіріп, ортаға әкелді.
Мерекеге жиналған жүрттың барлығы дерлік осында. Екі палуанды меншіктеп алып, әлден салғыласып жатқандар да бар. Күрес басталды дегенде жапа-тармағай бір лап қойып, төрешінің айқайынан кейін қайта ығысты. Алдыңғы қатардағылар тізерлей отырып, соңғы жақтағылар мойындарын созып, барлық назарлары ортадағы екеуге ауған.
Сыдықтың қимылы шалт. Өкіреш те тәкаппарлықты қойып, қарсыласын мойындай бастаған сияқты. Қолына іліксе езіп жіберердей алыстан ұмтылады. Сыдық болса бұлт етіп екінші жағына шыға қалады. Бір кезде екеуі де белдесіп, тіресіп тұрып, итжығыс түсті. Қайта көтерілгенде Өкірештің бір қолына топырақ уыстай тұрғанын Сыдықтың көзі шалып қалды. Оны қарсыласының көзіне шашу үшін алғаны белгілі. Көрермендер де байқап қалыпты, алаңның маңайы у-шу болып кетті. Өкіреш топырағын тастады. Енді халықтың пейілі өзіне ауғандай Сыдық аруақтанып кетті. Өкірешке жолбарыстай атылды. Белінен қатты қысып тұрып, сызықтан бері жұлып алды. Арғы жағын өзі де білмейді, сілтідей тұнған жұрттың жер жарардай ду ете қалған айқайын естігенде құлап жатқан Өкірештің басынан аттап барады екен…
– Сонда селкілдеген Сыдықты екі адам екі жағынан ұстап, киіндіре алмай жыларман болыпты, солардың өз ауыздарынан естідім, – деді ақсақалдардың бірі.
– Ой-пой, Сыдық кейін Самар жақтан Кәрімғазымен, ұландық Ботажан­мен, Бозанбай атамен күресіп, жауырыны жерге тимей өтті ғой, әттең осындай адамдарды жазатын кісі жоқ, кейінгі ұрпақ елінің, жерінің тарихын білмей өсетін шығар…
– Жарықтық соңғы рет 1947 жылы тағы да Өктәбір тойында күресіп, содан жеті жыл сал болып ауырды ғой, көз тиген дейді біреулер, – деп тағы бір ақсақал қабіршілерден хабар болмаған соң, сөніп бара жатқан әңгіменің шоғын одан әрі көсеп қойды.

* * *

Тайынты, Манатта аузы дуалы, өз елінде танымал ақындар да аз болмаған. Соның бірі – дүниеден тым жас кеткен шоңай Сақатай ақын екен.
Оның он-он бірдегі ғана кезі болуы керек. Танымал Тұрғынбай ақын Сақатаймен айтысып, жеңіле береді. Сонда Сақатайдың атасы Жолымбетке келіп:
– Жәке, сынайын деп бірнеше кездесіп едім, балаң шалдырмады, тегі ұзаққа бармас, – дейді.
– Сақатай Самар жақтағы Қараужасық ішіне шешесімен бірге қонақтап барып, бір «жамбасы жерге тимеген» өлеңші әйелмен айтысып, жеңіп шығады. Сонда сол топта отырған үлкен бір бәйбіше «Әй, балам, тусаң ту!» деп арқасынан қағыпты. Сақатай қолма-қол ауырып, үйге келген соң қайтыс болыпты. Денесін жуарда қараса баланың арқасында алақандай қара дақ болған деседі.

* * *

Тағы да Шоңайдан шыққан Баянды деген адам болған екен. Бірде үй-ішіндік кикілжің болған болуы керек, сонда әйелі оған: «Осы сен өлгенде жоқтап жыламаспын» дейді.
Әлгі әңгіме ұмытыла бастаған бір күні Баянды Ақтеке деген құрдасын шақырып алып, «Мен ертең өлем, өзің күтуші боласың, менің жаныма өзге ешкімді жолатпа. Тек шомылдырар кезде бас жағыма Түгелді қой» дейді. Түгел де құрдасы екен.
Айтқандай, ертеңінде Баянды бала-шағасын шулатып, «кенеттен дүние салады». Әйелі керегеге бетін жыртып, дал болып жылайды. Мүрдені шомылдыра бастағанда «Аллатағала маған Түгелді ала кел деп еді», – деп сұлап жатқан Баянды бас жағында отырған құрдасын бас салады. Содан соң оны жібере салып, бетін жыртып отырған әйелін шашынан жұлып, оңдырмай сабапты…
Ал Түгел қүрдасы содан көп ұзамай қайтыс болады.

* * *

Осы өңірде Жауыр деген көріпкел, тамыршы адам болыпты. Басы ауырып, балтыры сыздаған адамдар көп келеді екен оған. О дүниеге шындап бет бұрған адамдарға: «Пәлен күні жазыласың, сүйген тамағыңды іше бер» дейді екен. Сол айтқан күні сол сырқат адам дүниеден қайтады екен. Ал енді ауруынан жазылатындарды өзі емдеп, өмірін ұзартқан деседі.
Жауыр түбегі деген киелі жер әлі де бар. Оның киесіне сенбеген Ошақбайдың Қайсасы сол түбектен екі аққу атады. Көп ұзамай оның екі бірдей азамат баласы мерт болыпты…
– Е, еһ, әулие адамдар аз болған жоқ, – деп ақсақалдардың бірі бала кезінен екі көзінен айырылған Еламан ақынды есіне алып, оның бір-екі шумақ өлеңін айтты:
Еламан сөз сөйлесе топ ішінде,
Салқын жел лебі тиед көп ісіне.
Адамның бірі тобыр, бірі обыр
Қалармын осылардың сөгісіне.
Көзімнің көрмейтіні – жалғыз жарық
Міні жоқ көңілімнің көрісінде.
Сүйкемей көрінгенді тура айтамын
Шыдамай содыр сойқан терісіне.
Бек, қара, би мен болыс, кедей, байың
Сөзімнің маталады желісіне.
– Паһ, паһ, айтуым-ақ, – деген қошаметпен бірге ақсақалдарды асқа шақырған хабар да келіп, орындарынан ақырындап тұра бастады.
Содан бері де отыз жылға жуық уақыт өтіп кетіпті. Сондағы қариялардың барлығы дерлік аттанып кеткен. Әкем марқұм да содан бері Тайынтыға сирек қатынады. Барған сайын өзі тұстас қариялардың төрт-бес қарашаңырағына бас сұғып, құран оқытып, «Қатарымыз күннен күнге сиреп барады» деп күрсінуші еді…
Шынында да, сондағы Бәтіш апамның асына жиналғандар «көнекөз, кәріқұлақтың» соңғылары екен-ау. Бірен-саран қарттар болмаса шежіре таратып, әңгіме айтар адам да жоқ. Болғанымен, оларды тыңдайтын құймақұлақ жас та қалмапты ауылда. Бірден бірге қастерлей өтіп келе жатқан Тайынты өңірінің өзі мақтан етер шежірелі шынжырының бір шығыршығы күндердің күнінде қайтадан жалғанбастай мүлдем үзіліп түсуі де мүмкін екен-ау деп те уайымдаймын.
2. Әкемнің әңгімелері

Үш кластық кана білімі бар әкемнің оқуынан тоқуы көп еді.
– Осы Өтемістің үлкені қазір мен ғанамын, құдая тәуба, – дейді де көңіл хошы келгенде ел ішіндегі әңгімелерді соғып отырады. Бір жыл бұрынғыңды ұмытып қаласың, ал тоқсанға келгенше әкем осыдан жетпіс-сексен жыл бұрынғы оқиғаларды айы мен күніне дейін тәптіштеп айтып, кімнің бізге қандай туыс екенін де атаға ажыратып, түсіндіріп отырушы еді. Тайынты бойын мекен еткен Өтеміс елінің кейбірінің өзін, кейбірінің артында қалған көзін көрген игі жақсылары туралы, замандастарының кейбір күлкілі де тапқыр оқиғалары туралы сөздің майын тамыза әңгімелейтін.

* * *

Өр жақта, Қаракерейде бір байдың ерке де палуан қызының дақпырты біздің Өтеміс еліне де жетіпті. Әкесіне: “Мені қалыңмал алып, ешкімге берме. Күресіп, кім жықса, соған тұрмысқа шығамын” депті-міс бірде. Бай әкесі арнайы отау тіккізіп, үміткерлерді сонда қабылдайтын болыпты. Қыз ешкімді шыдатпайды. Сол кездері Тел атамыздың 19 жасар кезі екен, әкесінен рұхсатын алып, жанына бір жолдас ертіп, сол қызға барады.
– Жарайды, таңертең көрмеге келерсің, – дейді бай.
Ертеңінде қыз да келеді. Екеуі белдесе кеткенде-ақ қыз қоя беріпті:
– Осы жігітке күйеуге шығамын, – дейді.
Сонымен Тел атамыз қалыңдығын көп малымен қоса елге алып келіпті. Екеуінің бір арқалап әкелген шыбығы мың қойға қора болады деседі. Қазір Желдіайрықта сол кісінің көтерген тасының атымен аталатын «Сандықтас» деген жайлау бар. Сонда “Тел көтерген тас” деген үлкен тас бар. Көтеріп әкелді ме, домалатып әкелді ме, әйтеуір, сол тастың қиқайып қалған бір бұрышына әйелі әкеліп қойған “жастықтың” көлемінің өзі үлкен сандықтай.
Алғашқы қансонарда кім бұрын сол тасқа жетіп ақтық байласа, сол күні оның қанжығасы майланып, олжалы қайтады екен.

* * *

Сол Телдің алты баласының кенжесі – Апақ та аса күшті, палуан адам болыпты. Өр ел –Тарбағатай жаққа жолаушылап бара жатып, ауылы жаңа ғана көшкен жұртқа кезігеді. Жұртта желі мен тоқпақ қалып қойыпты. Сол кезде бір қара жорғасын тайпалтып келген жас келіншек: “Жігітім, ана желіні әперіп жіберші” дейді ат үстінен. Апақ желіні бірден суыра алмайды. Келіншек атынан қарғып түсіп, тізесімен бір-бір нұқып суырып алып, атына салып алған соң: “Жүр, аға, менімен” деп, жол-жөнекей жөн сұрасады.
– Өтеміс елінен, Апақ деген едім, – деп жөнін айтады жігіт.
– Е, естуім бар, сырттай өзіңізге ғашық едім, – дей келіп, келіншек өзінің күйеуге шыққанына алты жыл болғанын, бірақ әлі бала көтермей жүргенін айтады.
– Енем жақсы кісі. Мен сізді туысым, ағам келіп қалды деп апарам, одан кейінгісін өзің білесің, – дейді.
– Олай болса, – дейді Апақ, – енеңе айтып, күйеуіңді қырық күн сапарға жібер…
Ауылына келген соң келіншек енесіне сырын жасырмай айтып, ол баласын жолаушылатып жібереді. Сол кездесуден туған бала үрім-бұтақты болып, сол жақта қалыпты дейді.
– Ендігі ұрпағының бірі – өзіңсің, – деп Апақ атамның камшысын Ғайша шешеміз 1956 жылы маған беріп еді. Ақтыққа орап, осы күнге дейін сақтап келіп едім, «емделейін» деп жалынып сұрап алған туысымыздың біреуі әлі бермей жүр, – деп, әкем өз есебімен Апақтың осыдан 220 жылдай бұрын өмір сүргенін, қазіргі Тайынты мен Майлыстың арасындағы Сенен қорасы деген жерде жерленгенін айтқан еді.

* * *
Бірде, ерте көктемде ауылдың үлкендері жиналып, Телдің кенжесі Апақ пен Жанқараның Алтай деген баласын аңға шығарып сынамақ болады. Көпшілік жиналып, бір Аюдың үңгіріне келеді. Екі бозбаланы үңгірдің аузына қойып, өздері төбені дүңкілдетіп, Аюды оятады. Алғашқы аю өкіріп атып шығады Апақ шошынып, шегініп қалғанда Алтай оқша атылып барып, жыртқыштың арқасына қона кетеді. Екінші аю шыға келгенде, намыстанған Апақ оны жұдырықпен бір ұрып өлтіріпті.
Үлкендер қараса, Алтай «мінген» баласы да, Апақ ұрып өлтірген үлкен ана аю екен. Жас сәбиге тілеу айтқанда Өтеміс еліндегі кәрі құлақ, көне көз қарттардың «Апақтың күшін берсін, Алтайдың жүрегін берсін» деп бата беретіндігі сол сынақтан қалған көрінеді.

* * *
Апақ өр елге, Қаракерей жағына жолаушылап бара жатып, бір жерде батпаққа түсіп кеткен атан түйені шығара алмай әбігерленіп жатқан жиынның үстінен шығады. Атынан түсіп, жағдайды пайымдаған жолаушы жергілікті жиынның басшысына «Төрт қанатты кереге алып келіңдер» дейді.
«Апырмай, мына қаңғыбастың құтыруын-ай» деген күңкілмен ол, амал жоқ, кереге алғызады. Апақ керегені табанының астына салып, ырғап-ырғап атанды батпақтан шығарып алыпты.
Апақтың палуан атының Қаракерей жағына танылуы осы оқиғадан кейін болса керек.

* * *
Апақтың қартайған шағы екен. Кедей ауылдың көлігі тапшы болған­дықтан, бірден көшіп кете алмай, ол бір-ер күн аялдап, жұртта қалады. Ерігіп, ел кезіп жүрген оншақты бозбала жұртта қалған жалғыз үйге түседі. Бүк түсіп, теріс қарап жатқан шалға сәлем бермек түгіл, назар да салмайды. Ешқандай рұқсатсыз, баса-көктеп барып, қорадан бір ешкіні сойып, оны Апақтың кемпіріне асқызады.
Өздері оны-мұны айтып, әзілдесіп, қалжыңдасып отырып, «Бісміллә» деп піскен етке қолдарын сала бергенде бұрышта бүк түсіп жатқан шал қозғалақтап, орнынан тұрады. Қолында ішіне өзек салып өрген он алты өрме қамшысы бар, көздері шатынап, өзі қалшылдап кеткен. Сол отырған жерлерінен тұрғызбай, ақырып, әлгі жігіттерді қамшының астына алады. Ағатайлаған жігіттерді айызы қанғанша сабап алып, жөнін айтады.
– Балалар, бұдан былай үлкен адамға сәлем беріп, сыйлап жүріңдер, ал тамақтарыңды бөлгеніме айып етпеңдер, – деп қайтадан бүктүсіп, бұрыштағы орнына жатып қалыпты.
Аналар Апақтың аяғына жығылып, кешірім сұрапты.
* * *
Өтеміс ішіндегі әңгіменің көбі Шоңайдан калған ғой. Шоңай Дүйсебайдікіне бір күні кешқұрым жеті адам сау етіп жетіп келеді. Ішіндегі біреуінің мықты кісесін байқап қалған үй иесі жөн сұрайды.
– Қай елсіңдер? Қонарсыңдар…
– Өтейміз.
– Е, жарайды, онда қоныңдар. – Қонақтарын күтіп, аттарына шөбін салып, ертесінде әлгі өзінің көзі түскен кісені буынып алып:
– Сендер кеше өтейміз дегенсіңдер, қондырып, күткеніміздің өтеуіне осы кісе жарап жатыр, – деп кісені алып калыпты.
Өтейлер еліне барып, “осылай да осылай” деп әңгімелерін айтады. Сонда бір пысықай пұшық жігіт ашуланып: “Өй, жаман Өтеміске кісені беріп… мен екі есе ғып қайтарып алам” деп, біраздан кейін біздің елге кайтадан жолға шығады.
Ұзынқұлақ арқылы бұл әңгіме Дүйсебайға жетеді. Содан ол қазіргі Мамай батыр ауылынан бір пұшық жігітті шақыртып алып:
– Балам, сен маған бір жұма қой жайып бер, ақыңды толық төлеймін. Тек намыстанба, мен сені қорлап отырғам жоқ, екі ауыз сөз үйретем, соны айтып берсең болды, – дейді.
Жігіт келіседі.
– Осы екі-үш күннің ішінде мына жолмен жеті жолаушы келе жатып, өзіңе жолығады. «Мына қой кімдікі?» деп сұраса, «Дүйсебайдікі» де. Іштерінде тұмсығын құрт жеген пұшық бір кісі болады, соған «Ой, бажа, аманбысың» деп құшақтап амандас, – дейді. Анау «Өмірде көргем жоқ сені, бажаң не, аулақ ары» деп қашқалақтайды. Сонда сен «Апырау, құрттың үлкен қызын сен алғанда, кіші қызын мен алмап па едім, бажа емеспіз бе» де. Қойшы жігіт Дүйсебайдың айтқандарын бұлжытпай орындайды. Сонда Өтейлердің пысық пұшығы:
– Әй ақсақалдар, тоқтаңдар, мен қателесіппін. Жаман қойшысының айтып отырғаны мынау, бұлар бізге жеңгізбейді екен, – деп аттарының басын кері бұрыпты-мыс.
* * *
Осы өңірдегі атақты Әлхан қазы (хорунжий) баласы Исләмнің (1908 жылдары қайтыс болған) төрелікке отыруына орай той жасап, игі жаксыларды шақыртады. Астан соң Әлхан ақсақал «Өтеміс бабаның баласы ғой, батаны Дүйсебайға істетіңдер» деген соң, Исләм бата сұрайды.
Сонда Дүйсебай:
«А, қүдай, алдымен өзімді жарылқа,
Одан кейін Көкжарлы, Саржомартты жарылқа.
Әлхан, Қауменді қайтсең сөйт, Аллаһуакбер»! – деп бетін сипапты.
Ашуланып, Дүйсебайға дүрсе қоя бермек болған Исләмді әкесі тоқтатып:
– Әй, Исләм, мен сені жетті ғой деп жүрсем, әлі жете қойған жоқ екенсің, анау кімді жарылқа деді? – деп сұрайды.
– Саржомартты деді.
– Сен кімсің?
– Саржомартпын.
– Енді не шатып отырсың? – депті әкесі.

* * *
Әлханның қарапайым ғана, төрелігі жоқ, кейде ақыл қосып жүретін Бағлан деген досы болыпты.
Исләмнің жеткен кезі, Әлхан қартайған, сырқат екен. Өзі кедей болса да Әлханның кезінде көбірек жер алып алған сол Бағланға Исләм: «Ана жерін пәленге, мына жерін пәленге берсін» деген сәлемін айтып, кісі жібереді. Осындай сәлеммен үш рет кісі жібергенде Бағлан не «иә», не «жоқ» деген жауап қайтармайды. Акыры Исләмнің өзі келіп, «Малың аз ғой, жеріңді өзгелерге бер деп едім, неге бермейсің?» – дейді.
Сонда Бағлан Исләмнің бетіне қарап тұрып, жатып кеп күліпті. Исләм ол кісіден күлкісінің жөнін сұрайды.
– Сенің екі жасар күнің еді, – дейді Бағлан. – Бұтыңда дамбал жоқ, ойнап жүруші ең. Бір күні сені ұстап алып, насыбайыңнан сүйгенде әкең акырып: «Қоя бер, андағыны, ертең өскенде сенің аузыңды пәленше ететін тақ сол болады» деп еді. Неткен әулие, пайғамбар кісі еді әкең, – дейді.
Содан өле-өлгенше күтіп, жылда соғымын жіберіп, Бағланның маңайына бармай қойды деседі Исләм.

* * *
Тағы сол Шоңайда Қайырбек деген көріпкел адам Қараужасық (Самар) жаққа сонарға шығыпты. Кешке тоқтаған үй иелері қонақасыға қой сойып, тамақ асады. Сонда Қайырбек қойдың жауырынына қарап отырып, жолдастарына:
– Тастаңдар табақты, тез аттарды ерттеңдер, қайтамыз, – дейді…
Сол кезде ауылда да Жауыр атты көріпкел адам бір баланы атқа мінгізіп, жол торытып қояды. «Қайырбек үйіне келгенде маған айт», – деп мазасызданып, ұйықтай алмапты.
Түн ортасынан аса «Қайырбек үйіне келді» деген хабарды естіген соң, Жауыр көз іліпті.
Ертеңінде күн шыға, сап-сау Қайырбек қайтыс болыпты. Не деген қасиет десеңші, сонда осы болар жағдайды екеуі де біліп, болжап отырыпты ғой, жарықтықтар.
* * *
Атақты Мұса болыс, сынамақ болған болуы керек, темірден түйін түйетін Кеңесбай ұстаға:
– Менің Туыш кер атымды тағалап берсін, – деп шұғыл сәлем айтады.
Кеңесбай жедел төрт тағаны соғып алып барады. Мұса оны гірге өлшеттіргенде біреуінің салмағы сәл ғана артық тартады. Кеңесбай әлгі тағаны ала кетіп, қырнап кайтадан апарғанда алғашқы үшеуімен дәп-дәл болып шығады.
Сол Мұса болыс бірде Өтемістің ұсталарына пышақ соқтырып, бәйге ұйымдастырады. Ағынды суға қошқардың қатып қалған күйегін ағызып, оның жолына ісмерлердің пышақтарын қойғызады. Сонда басқа ұсталардың пышақтарын айналып өткенде, Кеңесбай ұстаның ұстарадай пышағы әлгі күйекті ортасынан қақ бөліп, бас бәйгеге ие болады.
– Жарықтық, Кеңесбайға соқтырып алған мүйіз сапты бір пышақ менде де бар еді, өздерің балыққа апарамыз деп жоғалттыңдар, – деп әкем әңгімесіне өзінің өкінішін де қосып қойған еді…

* * *
Тұйықта шөптеміз. Ихсан, Бекен, Уәш бар, мен бар – отаудамыз. Бір уақытта алыстан бір салт аттының қарасы көрінді. Жігіттердің біреуі ол кісінің Шәкер екенін шырамытты. Жасында айтулы палуан болған, жаны жайсаң, қолы ашық, мейірбан ағаның аздап шау тартқан шағы. 13-14-тегі жалғыз ұлы Бүркітбай осы шөпте болатын. Ерігіп отырған бізге ермек керек, шөмеле жіберіп жүрген Бүркітбайды тез шақырып алып, қолына ұзын отау айырды ұстатып, шөп лақтырттық.
Шәкең аяңдап жанымызға келді. Амандық-саулықтан соң:
– Шәке, ұлыңыз азамат болды. Міне, отауға шөп лақтыруға жарап қалды, – дейміз ғой, баяғы.
– Көрдім. Рахмет, балалар, – деп, көп сөзге жоқ палуан торысын тебініп ары қарай аяңдап кетті…
Кеш бата Бүркітбай ауылды аралап, барлығымызды қонаққа шақырды. Әзіл-шыны аралас біздің қазақы қалжыңымыздың емеурінін жақсы түсінген, сөз қадірін білетін Шәкер ақсақал өз ұрпағының азаматтар қатарына қосылғанының ырымын жасап, үлкендердің батасын аламын деп, қойын сойып, арақ пен сырасын қойып, бір дүрілдеткеніміз бар. Сол кездегі не деген дархан көңіл, қандай сыйластық десеңші…
Әкем де жастық шағын сағына есіне алғандай бір сәт үнсіз қалды да, «ұлым саған айтам, келінім сен тыңданың» кебімен:
– Өтемісте әңгіме де, тарих та көп қой. Сонау 16-жылғы Жетпістің Сағымбайы бастаған «Орай шап» көтерілісі, өзінің көзі көрмесе де көңіл көзінің көрісі ересен болған Еламан ақын, өздерің шөпте таң атқанша қиссалар айтқызатын Шегірдің Әжібегінің жыршылығы, тазы ертіп, қыран бүркіт ұстаған атақты Отыншы саятшы, небір «сен тұр, мен атайын» деген сөзуар, тапқыр, әулие, көріпкел адамдар өткен ғой. Шіркін, соларды жазатын адам жоқ, тым құрығанда артындағы ұрпақтары естеріне алып жүретін, – деп, замандастарының соңында қалғанына өзі кінәлідей сезінген әкем марқұм, сол бір заманына деген аңсарлы сағынышын «уһ-һ!» деген ұзағырақ күрсінісімен білдіруші еді. Оның мұнысы – бүгінгі әңгіме осымен бітті дегенді аңғартатын.
Ондай кезде мен әкемді өз ойларымен жеке қалдырып, мазаламауға тырысатынмын…

3. Ана жүрегінің жылуы
– Тәте…
– Ау, балам.
– Ішім ауырды. Мені тастап, ат алып келші.
– Айдалада қорқасың ғой, құлыным.
– Жоқ, бұтаның түбіне тастап кетсең, қорықпаймын… Жиырманаң ішіндегі жас әйел арқасындағы алтыға таяп қалған баласын жерге түсірді. Қарны қабақтай сәби шілбиген аяқтарын баса алмай жерге отыра кетті. Дәрігер «рахит» деген, оның қандай дерт екенінен Рухияның хабары жоқ. Білетіні – арқасына жабысып біраз жүрсе баласының кеудесі қысылады да, құйрығын басып жерге отырса жайланып қалады.
Қасым – бригадир, колхоздың шаруасынан босамайды. «Мен сияқты емес, орысшаң да бар, астыңда атың да бар, апарып келсеңші» деп айтқалы қашан. Ақыры шыдамады, Қабдөсін арқалап, он сегіз шақырым Бүқтырмаға апарып келе жатқан беті. Дәрігер көрді, бірақ ауруханаға алмады. «Күтімі жақсы болса әлі-ақ шапқылап кетеді» деп шығарып салды. Жылы сөзден үміт еткенімен, ана жүрегі алай-дүлей. «Бижамал тірі тұрғанда қайдағы күтім…» деп ойлағанда көзіне еріксіз жас оралды.
– Тәте, жылап отырсың ба?..
– Жоқ, айналайын, неге жылаймын. Әлі-ақ жазылып кетесің деді емес пе, бағана першіл апайың. Содан кейін өзің-ақ жүгіріп, маған жеткізбейтін боласың, – деп теріс айналып, мөлдіреп келіп қалған көз жасын басына байлаған шыттың бір ұшымен сүртіп тастады.
– Су ішкім келіп отыр, шөлдедім.
– Көкенің бұлағына аз-ақ қалды. Жүре ғой, арқама отыр.
– Сен шаршадың ғой…
Рухия Қабдөсті арқасына салды. Өзінің де қол-аяғы салдырап, шаршағанын енді сезгендей. Жол азық деп алып шыққан қатырмалары біткен, өзегі талып өзі де сыр бере бастады. Көкеге бір ілінсе, ары қарай Аюлы да алыс емес. Күн ұясына кірмей жетіп қалады.
Қайта ми қайнатар шілденің аптабы тым апшыны қуырмай, анда-санда саумал самалымен сипалап қояды. Бұл да болса құдайдың болысқаны.
– Тәте, дем алайықшы, ішім ауырып барады…
– Қазір жетеміз, жігіт емессің бе, кішкене шыда. Жақындаған сайын жолдың алыстай беретін әдеті ме, белі үзіліп, аяғы талып, Көкенің суына бұлар әзер жетті. Қалың талдың арасынан сылдырай аққан мөп-мөлдір шағын өзеннің суы құдық суындай сұп-суық.
Басындағы шыт орамалын шешіп алып, өзенге шайқап-шайқап жуды да, төрт қабаттап, суды көсіп алып, шалғында жатқан Қабдөске әкелді. Бір-екі жұтқызып, кезерген еріндерін, жалқынданып тұрған бетін сүртті.
– Мен өзім ішейінші, – деп ол құйрығымен жылжып отырып өзенге жақындады. Еңкейе алмайды, Рухия енді қос уыстап ішкізді. Әбден қаталап қалыпты, шешесінің алақанын кіп-кішкентай нәзік саусақтарымен қаусыра отырып, ашқарақтана жұтты.
Рухия да сыртқы көйлегін шешіп, шып-шып терлеген маңдайын, күн тимеген аппақ білегін иығына дейін салқын сумен асықпай, сылай жуды. Мықынынан асатын қою қос бұрымын да шылап, салқын самалға кеудесін рахаттана тосып, кеңінен бір тыныстады.
– Тәте!
– Ау…
– Шешініп, суға түсіп алсаңшы.
– Біреу келіп қалса ұят болады.
Баласының басын тізесіне салып қойып, біраз отырды. Алтыға дейін аяғын баса алмай жүрген тұла бойы тұңғышының жағдайын ойлағанда өзегі өртене жаздайды. Бір жағы өздерінің жасықтығы. Үйдегі неше жан жүргенде жалғыз ғана Бижамалдың адуынына басу айтар адам жоқ. Бижамал – Қасымның өгей шешесі, Рухияның енесі. Басқаның барлығы колхоздың шаруасында болғандықтан кішкентай Қабдөстің күтімі сол енесінің мойнында. Қарайды деген аты ғана, қарабидайға шыланған бір тостаған көжені көңілі түскенде ішкізеді де, қабағы келіспесе «тойымсыз, жетпегір, іш атауыңды» деп алдына қоя салады. Күні бойы баланың отырған жерінен қозғалмайтын кезі де болады. Былғанған жаялығы артына жабысып қалады.
Жұмыстан келе сала баласын бауырына басатын Рухияға жаман көзін тіктей қарап, «Немене, емешегің үзіліп, балаңа қарамай қойды дейсің бе, осы мешел-ақ мені өлтіретін болды»… дейтін.
Көзі өңменіңнен өтердей. Рухия бір ауыз тіл қатпайтын.
– Әй, көтіне жаялығы жабысып жүрген кім, айта қойшы, – деп кейде өзінше еркелеткен болады баланы.
– Мен, – дейтін Қабдөс ондайда, өзіне апасының көңілі түскенін сезіп.
Колхоз шаруасынан қолы қалт етсе күйеуі Темірбек пен Рухияны масақ теруге, мойыл теруге қуалайтын. Атасы да тым ынжық-ақ кісі болды. Колхоздың атқамінерлері, бастықтары қонаққа келгенде, ол кісі де көбінде Қасым мен Рухияның бөлмесінде болатын. Ырду-дырдуда шаруасы жоқ. Ондайда ана бөлмеден Бижамалдың дауысы сыңғырлап, көңілді шығатын. Қонақтарының алдына барын тосып, гүл-гүл жайнап жүретін. Олар қайтқан соң, кебежелер кілттеліп, «жарымағандар өңкей» деген айғайымен қоса дастарханға күндегі қоймалжың қара көжелі кетік аяқтар қайта қойылатын. Атасы жарықтық әйелінің талай мазағын үнсіз көтеріп, былтыр сол үнсіз, елеусіз қалпы бақиға аттанған. Ол кісі қайтқан соң Бижамалға тіпті бостандық тиген.
Балқай – Қасымды бауырына салып өсірген әжесі. Алпысты алқымдаса да әлі тың, ақылды, сабырлы. Ол кісі де осы Темірбек пен Бижамалдың қолында.
Еркелетіп Кәкөш деп кеткен Қабдрасөл – Қасымның інісі, он үш-он төртте, іштеріндегі еті тірі, өжеттеуі де осы. Бижамалдан айласын асырып, қарнын тойдырып жүреді. Бірде өгей шешесін бақыртып, қолға түсіп қалғаны бар. «Ой, жүгірмек, көктүйнек, мен тышқан екен десем, сен екенсің ғой» деп бүкіл үйді басына көтеріп, кілеттен жүгіріп шыққан Кәкөштің соңынан тепсініп, долданып шыққан. Сөйтсе Кәкөш тары толы қаптың төменгі жағын ақырын ғана тесіп, сорып жүреді екен…
Күн екінтіден ауа Рухия пысылдап жатқан баласын оятып, бетін суық сумен тағы бір шайып, арқалап алып, Аюлының күре жолына қайта түсті.
Жота-жотаның арасын қуалай ирелеңдеген қара жол. Не бір аттылы, иә жаяу жолыққан жоқ. Қабдөс қайтадан ұйықтап кеткен болуы керек, үндемейді. Рухияның жалғыз серігі – ұшы-қиыры жоқ ой….
Темірбектің қырқы өте салып өгей шешесі Қасымға: «Сенің қара суың маған тамақ болмайды, шай да тауып бере алмайсың, оданда төркініме апарып сал» деген. Үйдегі іске татыр, іліп алардың барлығын арбаға салдырды. Әкетіп бара жатқан жалғыз сырмақты «Мені орап шығарсын, тастасаңшы» деген енесі Балқайға «Өлсең, текеметке-ақ оранарсың» деп алып кетті. Көйлектің барлығын алып, Рухия жалаңаш етіне шапан жамылып қалды. Жез шылапшын, үйдің бауына дейін қиып алып кетті. «Құдай-ау, Бижамал кеткен күннің ертеңінде мешел деп жүрген осы Қабдөс босағаға сүйеніп тұрып, аяғын басып кетті. Үйдің іші де кеңіп, көңторғай ғана тірлігі бар отбасына бір жылымық, жылылық орнаған еді…

* * *
Алайда ол жылымық ұзаққа бармады. Дендеген сол ауру ақыры Қабдөсті алып тынды. Жас отбасының ауыртпалығын біршама сейілтіп, жарық дүниеге Өкен есімді тағы бір шарана келіп еді, келесі жылы ішкері Гремячийдің орыстарына бір пұт бидайға бір арқан айырбастаймын деп Қасым істі болып, үш жылды арқалап кете барды. Кәрі енесі мен жас бала Рухияның қолына қарап қалды. Ағайынның, әке-шешесінің көмегі болмаса далада қалып, аштан қатқандай екен. Істемеген ісі жоқ: пұлық айдады, шөпке де шықты, мал да бақты, айлаққа астық тасыды. Иен даладағы қырманды да күзетті. Сол күзетте үйілген тарының ортасын қазып алып, түнімен кірпік ілмей шыққан кездері жиі болатын. Етігінің ішіне түсетін қос уыс тарыны қос мұңлық екі күн талғажау қылатын. Жәрәуішке шамның жарығымен біреуі ұлын, біреуі қосағын ойлап аһ ұрады: «Қасым не күйде жүр екен, қарны аш шығар, ұрып-соғады деуші еді»… Бір жылдан кейін дүниені дүр сілкіндіріп, соғыс басталды. Ешкімге іштарлығы жоқ еді, дегенмен бұл да болса Рухияның көңіліне демеу болды. Өйткені бір ғана отбасына түскен ауырлық жалпақ елге жайылып, ауылдағы ауыртпалық жетімдер мен жесірлердің иініне түсе бастады. Алдымен соғысқа аттанған тетелес бауыры Шаяхмет болды. Самарда мұғалім еді, жазғы демалысында Аюлыға келген.
– Мен сендерді жердің астынан үстіне шығарып кетейін, – деп әкесі Әкімхан мен Қанипаға бір айдың ішінде ағаштан қиып, даңғыраған үй салып, көшіріп, сол үйде екі бауыры – Шайырғазы мен Махсұтты екі жағына алып бір түнеді де, шақыру қағазын күтпестен өзі аттанып кетті. Рухия да барған шығарып салуға, сонда Өкені екі жаста. Бұқтырмадағы айлаққа пароход келгенше Шаяхмет мандолина ойнап, аттанушылар да, шығарып салушылар да ән салғанда, Өкен де қолын шапалақтап мәз болатын.
Осы шаңырақтан әскерге, трудармияға аттанған екінші адам – Рухияның әкесі Әкімхан болды. Колхоздың бастығы Молдахан: «Бізге ұста керек» деп шақыру келіп тұрған Әбілқалықты алып қалып, оның орнына әртүрлі шаруа атқарып жүрген Әкімханды жіберткізді. Шешесі екеуі ғана болмаса оның кетуіне селт ете қойған тірі пенде болған жоқ ауылда. Молдахан оған жолазыққа нан пісіріп беретін бір уыс көкбидай да бергізбей қойды. Қасымның әкесімен бірге туысқан Шіңке бригадир болатын, жаяу-жалпылап аттанып бара жатқан Әкімхан «Құдаға сау бол дейінші» деп сол үйге бұрылған. Бәтіштің күрең шайына бусана шынтақтай жатқан Шіңке жалғыз көзін бұған тіктей қадап, «жүре берсеңшінің» ишарасын ғана жасаған. Тізе бүк, шай іш деген сөз екеуінің де аузынан шықпады. Рухия Шіңкені «Үлкен аға» дейтін, қаталдығын да еститін, бірақ дәл осындай тасбауыр, қатыгез деп ойламаған. Майданға аттанған өзінің жалғыз ұлы Елемеске де теріс батасын беріпті деп бүкіл ауыл дүрліккен еді, оның жанында неғайбыл сапарға аттанып бара жатқан құдасының тағдырына алаңдап қайтсін…
– Құда, мына кісіге бір ат берсеңізші, айлаққа дейін мініп барсын, – деп Қанипа Шіңкенің шіренгеніне күйіп кетті.
– Шаруадан бос жылқының бәрі тай-тулақ, қайтіп мінесің оларды, – деген керенау ғана жауап алды.
Сонымен, жаяу кеткен әкесінің соңынан ертеңінде шешесі екеуі де Бұқтырмаға жетті. Айлақта адам қарасы көп емес. Әкесі жағалауда консервінің қорабына су қайнатып, екі-үш қартопты пісірген болып отыр екен. Қанипа жол-жөнекей тоғайдан біраз шырмауық терген болатын, соны Көкқойдың орыстарына бір қалашқа айырбастап, күйеуіне әкеліп берді. Пароход әлі болмайтын болған соң түс ауа бұлар Аюлыға қайтуға жиналды.
– Сен қалмайсың ба? – деген күйеуіне Қанипа «андағы жалғыз қалашқа ортақтасып қайтем» дегісі келгенімен «Үйде балалар бар ғой, жолың болсын!» – деп, қысқа қайырған.
Осының барлығын көріп, сезіп тұрған Рухия әке-шешесіне көз жасын көрсетпейін деп теріс айналған…

* * *
– Е-е-е, жалған-ай десеңші, ауылдастары Қыз Жібекке балаған, үріп ауызға салардай сол сұлу Рухияңыз бүгін тоқсан қайдасың деп отырған қатпа қара кемпір. Глаукома деген пәленің кесірінен көруден қалған, таяқпен жүреді. Сырлы аяқтың сыры кетсе де сыны кетпейді дегендей әжім торлаған жүзінен ерекше бір жылылық аңғарылады. Кербез, үсті мұнтаздай, бойын тік ұстайды. Кейде немерелері, шөберелері жетелеп жүреді, ондайда ғаріптікке көндіккен көңілі марқайып қалады. Ал енді кібіртіктеп жалғыз таяққа қарап қалған шақта «Құдай-ау, сенен осынша жас сұрадым ба?» деп қатты кейіп, барлық ашуын шалынан алады. Ондайда буындары сырқырап, аяғын әзер сүйретіп жүрген Қасым қарт та «Біріміз соқыр, біріміз ақсақ, балаларға масыл болдық қой» деп кемпірін қостап, қолынан жетелеген болады.
Екеуінің Өкеннен соң он екі жылдан кейін көрген бір ұлдары бар. Қалада, газетте істейді. Анда-санда сол Айдар келгенде қариялар өткен-кеткенді еске алысып, шерлерін бір тарқатып алады.
– Ал, тәте, өмірбаяныңды айтшы, – деп ішқұса болып жүрген шешесін бір уақыт көз ұшында қалған жастық жағалауына жетелеп кететін.
Сондай бір көңіл хошы келіп отырған шақта «Қатарыңнан кейін қалған соң әңгімелесер де адам болмайды екен» – деп Рухия кемпір үзілген әңгімесін қайтадан сабақтайтын.
– Құдай бәрін де көреді екен. Әкем де, Шаяхмет те соғыстан оралмады, қара қағаз да келген жоқ, «хабар-ошарсыз жоғалды» деген қағаз келді…
Шаяхмет немістің тұтқын лагерінен үшінші рет қашқанда құтылып, Югославия партизандарының құрамында соғысып, солардың Броз Тито деген қолбасшысынан орден алыпты. Соғыстың бітуіне екі ай қалғанда оққа ұшып, сол Батыстағы Италияның Триест деген қаласындағы Бауырластар зиратына жерленген көрінеді. Ескерткіште «Боранбаев Шаяхмет» деген жазуы да бар көрінеді. Кезінде ағасының дерегін іздеп, Шайырғазы біраз жерді аралап қайтқан болатын-ды. Әкесінің ізденістерін Гүлнар жалғастырып, соңғы деректерді тауып, бәрімізге айтып, түсіндіріп жүрген сол қыз…
Әкесінен теріс бата алған Елемес те майданда шейіт болды. Бертінірек, Үлкен аға, Шайырғазы үйленгенде бір тайыншасын өзі әкеліп беріп еді, сонау соғыс кезіндегісі көкейінде болған болуы керек. Шіңке мен Бәтіш келгенде шешем жарықтық «Қуып шығатын-ақ кісі» деп білегін сыбана бастағанда Шайырғазы:
– Апа, таспен атқанды аспен ат, өзі түсінсе түсінер, етіңді асып, арағыңды құй, – деп басу айтқан еді.
…Соғыс басталғанда Рухияның Шаяхметтен кейінгі бауыры Шайырғазы он төртте, кіші бауыры Мақсұт он бірде болатын. Қырық екінің күзінде майданға Қабдрасөл аттанды. Келесі қыста Шайырғазы Нижний Тагилдағы металлургия комбинатына, ФЗО-ға жіберілді. Рухияның әлі көз алдында: бауырының үстінде арық қойдың терісінен апасы тігіп берген ақ тон, көнетоз құлақшын, аяғында басы қайқая бастаған көн етік. Тағы сол Көкқойда шанаға отырар кезде Рухия өзінің пимасын Шайырғазыға кигізіп, өзі ауылға оның көн етігімен қайтқан.
– Жарығым, «тәте, сенің ақ пимаң болмаса, аяғымды үсітіп қайтар едім» деп ылғи айтып жүруші еді. Оны еселеп қайтарды ғой, жарықтық. Өкеннің үйлену тойын өзі жасады. Бертінірек, бір ала биесі болды, соны мініп Ақтаудан Аюлыға, біздікіне келді. Сен соның құлынына қатты қызығып, жанынан шықпай қойғансың, – деп Рухия жанарсыз көзін Айдарға бұрды. – Жарығым, қайтарында «жиеніме ұнаған екен, байлағаным» деп сол ала құлынды қашаға қамап, саған қалдырып кетті ғой, – деп, бетіндегі сансыз әжімді қуалап кеткен көз жасын қол орамалымен сүртіп қойды.
– Жөн менікі еді, бәрін бірдей жалмап алып, сопайып отырғаным мынау…
– Жазуға дауа бар ма, тәте. Атақсыз болса да әкемнің сапары да біраз жылға созылыпты ғой. Ол кісіге қалай барғаныңызды айтыңызшы, – деп Айдар басу айтып, ол жақ бұл жақтағы ата-бабасының біразын түгендегенше егілетін шешесінің көңілін аулардай сауалын көлденең тарта қойды.
* * *
Аюлының қазақтары үшін бүкіл Бұқтырма ауданында Айтпай мелитсадан мықты адам болған жоқ. Осы өңірдің соты да, прокуроры да, милициясы да жалғыз сол сияқты. Өзі де еңгезердей, құлағына жетердей қою, ұзын мұрты бар, өңі сұсты адам. Жанында бір орысы бар, кешкі алакеуімде ауылға келіп, Сақиттың Байсолтаны, Мағзұмның Байсолтаны, Қасым бар, Аюлыдан үш адамды шанаға отырғызды да алып кетті. Жылап-сықтаған әйелдеріне Айтпайдың айтқаны: «Ертең этаппен Өскеменнің абақтысына апарамыз» деген жалғыз ауыз сөз болды.
– Әкеңді алғаш әкеткенде бір барғам қалаға. Қабдрасөлдің жазып берген қағазын көрінген орысқа көрсетіп жүріп, сол қаладағы жамағайын туыс Зәбер Баяновты, сол кісінің көмегімен түрмені де тауып алғам. Маңына жолатпай, екі күн қарасұр қорғанды айналсоқтап жүріп-жүріп, амалсыз қайтып кеткем…
1941 жылдың наурызында сот болып, көкек айында Қасымдарды Өскеменнен этаппен Малайүлбіге (Малая Ульба) алып кетті. Мұндағы орман ішінде мыңға тарта адам Лениногор комбинатына қажетті плотина салды. Келесі қыста Аюлыдан Есеке ақсақал сол Малайүлбіге апарып келмек болғанда Рухия қатты қуанды. Атына жемін, қолына ақшасын ұстатты. Тары мен талқанын, аздаған майы мен ірімшігін жинастырып, жолға шыққан. Омбы қарда «ат жолдан шығып кетеді» деп жас әйелге жаяулатып белуардан қар кешкізіп, жол бастатып қояды. Тіпті бір төбенің басында мұны бір шақырымдай жерге тастап кетті.
– Қарағым, сен шанаға отырған екен десем, қалып қалыпсың ғой, – деп кеңкілдеп күледі сосын.
Көзіне кеңсірік атар ащы жас үйірілген жас әйел іштей тынады. Жалғыз-ақ демеуі – Қасымды көру.
Көрді, жолықты, көңілі біршама орныққандай болды. Бірақ, сол жолдан оралысымен айға жуық безгекпен қатты ауырды. Үйдегі бас көтерер өзі ғана, жан сақтау керек. Қойға қарауылдыққа шықты. Қой фермасының бастығы – аталас апайларының күйеуі Туғанбай жезделері. Жақсы-ақ адам еді, заман тарылтты ма, кім білсін, көп қарайласпайтын, сүт те жоқ деуші еді. Содан түнгі күзетте майқарағайды жағып қойып, Рухия біраз ешкіні сауып алатын болды. Үш жанның көже қатығына әбден жететіндей әжептәуір сүт шығады. Таңертең ыдысын алып апайына барады.
– Сүт жоқ, айналайын, өзі ешкілер суалып бара жатқан сияқты, – деп апайы мұны шығарып салады. Ауруынан айығып, фермадан Аюлыға қайтадан көшіп келіп, пұлыққа шықты. Ударник деп Рухияға колхоз бастығы Әбидің Тоқтары бір қой бергізді. Ат жетектеуші Сәкәй екеуі күніне гектардан артық жер жыртып жүрді…

* * *
Қасым қырық төртінші жылдың жазында оралып, Ақтаудағы өндірмеге жұмысқа кірді. Біраздан кейін майданның алғы шебіндегі Қабдрасөлден хат келді, қысқа ғана жазыпты: «Өтемістің үлкені боп Шіңке төрде отырса, оның сыңары боп мен босағада отыратын болдым. Жуықта елге барып қалармын».
– Е, мынау көзінен айырылған екен, – деді ауылдың үлкендері. Айтқандай-ақ, фашистке бір көзін беріп, аздан кейін Қабдрасөл де елге оралды.
Аға-жеңгесі оны өз қолдарымен үйлендірді.
Соғыс біткен соң, төрт жылдан кейін Нижний Тагилден Шайырғазы оралды.
Төрт құбыласы түгелденгендей болған Рухия бейбіт еңбектен қалған жоқ. Кейінгі жылдары Қасым екеуі шопан кәсібін тастап, зейнеткерлікке шықты. Құдайға шүкір, туыс-жұрағатқа сыйлы, ұлдары әке-шешелерінің алтын тойларын дүрілдетіп өткізген болатын.
– Тоқсан көрейін деген жасым ба еді деп кейде ренжиміз ғой, дегенмен, өстіп араларыңда отырғанымыз бір адамның көңілін қалдырмаған ақтығымыздан болар. Алладан ендігі тілерім – үрім-бұтағыма амандық беріп, өздеріңнің алдарыңда кетсем, арманым жоқ, – деп Рухия бойы бір жеңілдеп қалғандай, желпіне күрсінді. Содан соң таяғын тықылдатып:
– Әй, Азат, бармысың, – деп көбінде осы кісінің жанында болатын жетідегі шөбересін шақырды, – мен далаға шығып келейін.
Құлағы түрік жүрген қалқанқұлақ, қағылез қарасирақ жүгіріп келіп, әжесінің сұқ саусағынан ұстады. Өз жасындағыларға қарағанда орнынаң ширақ көтерілген әжесі таяғын тықылдатып, күбірлеп барады:
– Бақытты бол, жарығым! Менің жасымды берсін, бейнетімді бермесін…

4. Тоқсанның толғауы

Араға төрт ай уақыт салып жүз шақырым жердегi мына тұрған Өскеменнен Бұқтырмаға соңғы барғанда ауладағы лапаның астында отырған Қасым ақсақал кiшi ұлымен салқын амандасты. Халiн сұраған Айдарға:
– Өлмеген соң, құдай алмаған соң отырмын… – деп қысқа қайырды.
Осынша жасқа дейiн әкесiнiң құдайға тiл тигiзгенiн естiп тұрғаны осы. Қабағы түсiңкi, сақал — мұрты көптен алынбаған. Әжiм айғыздап, күн қағып әбден тозған өңi де сынық көрiндi. Орнынан тұрмады, тұрмады емес, тұра алмады. Жаратылысынан жайдары, әңгiмешiл, көпшiл әкесiнiң бiр сәттiк көңiл күйiн «Тоқсанның жайын тоқсаннан өзге кiм түсiнер дейсiң» дегенге сайып, мiнезi тұйық ұлы да тым өбектей қоймады, «бiраздан кейiн дастархан үстiнде сабасына түсер»… – деп те ойлады.
Адамның таудай көңiлiн қара жерге сiңiре шөктiрiп, тiлiм-тiлiм тулақтай ету түкке тұрғысыз нәрсе екен-ау. Көңiлiнiң нелiктен нiлдей бұзылып отырғанын шал айтқан жоқ. Осы ауылдағы замандасы қаладағы жалғыз ұлының қолына бармақ болып көптен жиналып жүрген болатын. «Келсең пенсияңмен кел» дептi келiнi. Жаңа ғана тiлi сүйреңдеген көршi келiншек келiп айтып кетiп едi, содан-ақ шалдың iшi-бауыры астан-кестең болды. Балалардың адамгершiлiк, перзенттiк парызды ақшамен өлшеуi қара шалдың сергек сезiмiне үлкен сызат түсiрдi. «Сонда пенсиясы болмаса әке-шешенiң қажетi жоқ екен-ау, тегi. Менiң балаларым да сөйтетiн шығар» деген суық ой арқасын ызғар қарығандай бiр сәт осып өткен. Барлығы да өткiншi дүние ғой, ертең көмескi тартар, әй бiрақ ұмытыла қоймас. Кезiнде бiр ортаның, керек десең бүкiл бiр ауылдың әнi мен сәнi болып жүрген бұлар өздерiнiң бiр кезде «ас iшiп, аяқ босатарлықтан» басқа шаруадан мақұрым қалып, тобаяқ шал мен соқыр кемпiр атанарын ойлады дейсiң бе. Келместiң кемесiне алған кезектерiн немере-шөбереге ерiксiз берiп, соншама тәттi дейтiн өмiрден адыра қалып, ажал деген тажалды соншама бiр ынтық жандай күткiзген тоқсанның тозағын бұлар аңсады дейсiң бе. Бүкiл бауырларының артында қалып, ұл мен келiнге жалтақтап, күн санап отырғандары мынау. Е-е, дүние-ай…
Өзiнiң көңiлiн аулағысы келiп әлi де далада айналсоқтап тұрған ұлы мен келiнiне ол үйдiң есiгiн нұсқады:
– Қазiр аға-жеңгең де келiп қалар, барып шешелерiңе амандасыңдар. Сендер келедi дегендi естiгеннен берi байғұстың дегбiрi кетiп жатыр.
Бұлар iшке кiрiп, мұнтаздай жиналған үйдiң қаракөлеңкелеу төргi бөлмесiне өттi. Шешесiнiң көзден айырылғанына он жылдан асты. Мойны бүгiлiп төсектiң ортасында отырған шүйкедей қария тосын дыбысқа елең етiп, алдымен екi қолын қармана созды.
– Бұл қайсың?
– Тәте, амансыз ба?!
– Құлыным-ау, Айдармысың, келшi берi, – деп ұлының бетiнен сүйiп, маңдайынан емiрене иiскедi.
– Жалғызбысың?
– Жоқ, тәте, Күләй екеуiмiз.
– Келе ғой, айналайын, – деп даусы дiрiлдеп келiнiнiң бетiнен сүйдi, сендер аман болсаңдар, бiздi қойшы, бүгiн бе, ертең бе деп отырған, – кемсеңдей отырып аттарын ұмытпаған немерелерiнiң, қаладағы туыстарының жағдайларын сұрап жатыр.
Айдар қайтадан далаға шығып, әкесiнiң жанына келiп отырды.
– Шаруадан мүлде қалдық, тiзе бастырмайды. Бiз қатарластан ешкiм қалған жоқ. Шалғымбайдың Хамзасы қайтыс болыпты, жуықта Құрманғазы да аттанып кетiптi, барып көңiл де айта алмадым, өздерiң естiп пе едiңдер?
– Жоқ, әке, естiгемiз жоқ.
– Апырай, бiр қалада тұрып, оларың қиын екен…
– Қала үлкен, жұмыстан қол тие бермейдi.
– Е, қарағым, ол қаланың үлкендiгiнде емес, көңiлдiң жоқтығында ғой, әйтпесе барлығы да бiр Аюлының азаматтары емес пе едi… Заман өзгердi десеңшi.
Айдар қарсы уәж айтқан жоқ. Киiмiн ауыстырып, қора тазалауға кiрiстi.
– Келе сап боққа кiрiстiң-ау, – дегенiмен ұлының шiренiп тұрмай қолына күрек алғанын ұнатты. Салмақты, бiртоға, көп үндемейдi. Үлкен ұлдары Өкен кiшкентайынан нағашыларының қолында өстi, ол кезде өздерi де жас болғандiкi ме, әйтеуiр одан гөрi осы кенжелерiнiң бала күнгi қылықтары әлi көз алдында. Кейбiр тентектiктерiн еске алғанда «енеңдi» деп аузынан қалай шығып кеткенiн өзi де аңғармай қалды…
Аюлыда шөпте болатын, мұның үш-төрт жасар күнi. Шешесi шөпшiлерде аспаз. Сонда қатырмаға деп жайып қойған қамырға табанының iзiн салам деп қиғылық салып жылайтын, шешесiнiң «ұят боладысын» қайтсiн. Құрбыластары атап кеткен «Қалмақ» дегенге тілі келмей, «Қаймақ» атандырған Совет сияқты бозбала жiгiттер «тәте, осы Айдар өзiнiң мөрiн соқсын, бастырыңызшы» деп күлетiн. Рухия ұлының аяғын жуып, әр қатырмаға табанының iзiн салдырып, содан соң бiрақ қуыратын.
Бiр күнi Нұғыманға шашын алдыруға апарған. Жартылай алған соң «сен ауыртасың» деп атып тұрып қашып-ақ кеткенi. Содан сол «жарты баспен» бiр жұма жүрдi де, ауыртпай алатын Қалижар ақсақалға қалған шашын алдыртқан. Соғыстан екі аяқсыз оралған Сағидыбектің артынан «Мен Сағидыбек болам» деп тізерлеп алып, ана кісімен «жарысатын». Мұны желкесінен алып, нұқымақ болғанда, жарықтық Сағидыбек кеңкілдей күліп, «Әй, Кәке, сәбидің қылығына ашулануға болмас» деп өзі тоқтататын.
Ойлап қараса мұның қылмағаны жоқ екен-ау. Тағы сол Аюлыда, шөпте. Салмадан қаңқасын құрып, үстiне шөп жауып, әркiм өзiне балаған соғып алатын. Балағанды алғаш көргенi ғой, жауын құйып тұрғанда «мен қораға кiрмеймiн» деп кiрмей қойды. Амал жоқ, шешесі екеуi екi жақтан мұның төбесiне үлкен шекпен ұстап тұрды. Жауын басылғанша әр балағандағы жiгiттер шығып, бұларды алмастырып тұрды, өздерi мұның қисықтығына мәз. Сол кезде не деген кең халық десеңшi. Сол жiгiттерiңнiң өзi қазiр жетпістен асып кеткендер, анда-санда кездесе қалса «Аға, сондағы есiңiзде ме?» деп күлiседi. Қайра-ан, Аюлы-ай, сондағы iшек-қарындарына дейiн араласып кеткен ауылдың ақжарқын азаматтары-ай…
Осындай ұсақ-түйек есiне түсiп, Қасым шалдың өңiне қан жүгiрiп, таяғына сүйене «әуп» деп екi-үш ұмтылып барып орнынан қинала тұрды. Аяғын сүйрете басып, ұлының жанына келдi. Екi қолында екi таяқ. Бiр кездегi кесек, батыр тұлға қушиып, шөгiп қалыпты.
– Жүр, үйге кiрейiк, ертең де күн бар ғой, – деп жылы шырай бiлдiрдi.
– Ой-бой, қалалықтар келiп қалыпты ғой, – деп көңiлдi келген Тұрсын қайнысын құшақтай амандасты.
– Апырмау, Түке, қыдырмашы болып кетiпсiң ғой.
Кiшкентайынан бiрге өскен жалғыз жеңгесiн Айдар да ықыластана құшақтап, қалжыңын араластырды.
– Ендi, сынықтан басқаның бәрi жұқпай ма, – деп кеңкiлдей күлiп атасы мен Өкенге ишара жасады. Әке-шешесiнiң де, ағасының да ретi келген жиын-той, мереке мен науқаннан қалмайтындары рас, оны барлығы да үнсiз ұғысып, бiр-бiр күлiсiп алды.
Аға-жеңгесiмен бiрге үй iшiне ақжарқын күлкi мен Айдарға бала кезiнен етене жақын бiр көңiлдiлiк ере келгендей. Аз уақытта дастархан жасалып, анда-санда бас қосатын үлкен жанұя мәре-сәре болды. Жай күндерi де жарты уақыттарын осында өткiзетiн Қасым шалдың немере-шөберелерi де лезде жиналып, отырыстары думанға айналып кеттi.
– Айналайын, бiздiң көзiмiз де, аяғымыз да осы сендер емессiңдер ме, құдайға тәуба, – деп қанағатшыл қариялардың көңiлдерi көтерiлiп, бiр сергiп қалды.
* * *
Сол жолы Айдар әке-шешесiн қалаға ала қайтқан болатын. Өмiр бойы ауылдағы үлкен ұл-келiнiмен бiрге тұрып келе жатқан қариялар тынысты тарылтатын қаланың ауасына, көршi тұрып бiр-бiрiн танымайтын қалалықтардың өмiрiне онша ынтық емес. Ертеректе еңбек ардагерi ретiнде осы Бұқтырмадағы этажды үйден пәтер бергенде «Қажетi жоқ, ертең ел ұлы мен келiнiне сыймай кетiптi деп сөз қылады» деп алмай қойған. «Ондай сөз бiзге де келуi мүмкiн» деп Өкен мен Тұрсын да өзара күлiсiп, әкелерінің шешiмiн құп көрген. Анда-санда ғана Өскеменге келiп, бiраз «аунап-қунап» қайтатын. Жасырақ кезiнде, аяғы жүрiп тұрғанда барғысы келген туыстарды ақсақалдың өзi-ақ аралап шығатын. Орысшасы бар, баратын жерiн тауып алатын. Алдымен iздейтiнi – жалғыз iнiсi Қабдрасөл мен осындағы балаларында тұратын ауылдас, замандастары болатын. Қазiр олардың бiрi жоқ, әрқайсысы да мұның мойнына зiл батпан ой iлiп, көңiлiне аса бiр запыран сағыныштарын, жастық шағының қымбат та қимас елестерiн қалдырып, бақиға аттанып кете берген. Бүгiн бұл фәниде, көзiнен айырылған шүйкедей бәйбішесі екеуi ғана, қанша халықтың арасында жүрсе де елсiз аралда жападан жалғыз қалғандай. Үйдiң iшiнде қозғалуы мұң. Түнiмен неше уақ түзге шығады, кемпiрi көйлегiнiң етегiнен, кейде ышқырынан ұстап ерiп жүредi.
– Неге iлбiп қалдың, бассаңшы аяғыңды, – деп кейде зекитiнi бар. Өзi екi таяқпен сiркесi су көтермей зорға келе жатқанда кемпiрiнiң қай сөзi болсын қитығына тиiп, екеуi әжептәуiр тәжiкелесiп қалады.
– Әй, құдай-ай, көрмегендi көрсеттiң-ау… – деп ондайда қатты кейiстiкпен күрсiнедi. Жанары суалған бәйбiшесiн де аяйды, шiркiн көзi болса бала-шағаға жүк болмай өзi-ақ шәй-пәйiн ыңғайлап, жеңiл-желпi кiр-қоңын жуып жүрмес пе едi, «әттең, дүние-ай, құдайдан бейнетi мол осынша жасты екеуi де сұраған жоқ едi ғой».

* * *
Қаланың өмiрi – тас үйдiң төрт қабырғасы. Балалары күнi бойы жұмыста, әйтеуiр түсте келiп бiр шайларын берiп кетедi. Қалаға келе салып-ақ бiраз үйге кiрiп шыққылары келген, бiрақ баласы ондай аптыққан көңiлдерiне тоқтау салды.
– Кiмдi көргiлерiң келедi? Үйлерiнен шәй iшкiлерiң келе ме, жоқ амандықтарын бiлейiн деп пе едiңдер? – деп нақтылап алып, бiр жексенбiде тамақтарын асып, арақтарын құйып сұраған адамдардың бiразын үйге жинаған. Әңгiме-дүкен құрып, естелiктер айтылып, көңiлдерi көтерiлiп қалған қарттарға қонақтар қайтқан соң:
– Мiне, негiзгi жұрағаттарды көрдiңдер, бiреу-мiреуi өздерi келiп шақырмаса, тапжылмай үйде отырғандарың жөн, – деген. Әке-шешесiнiң нәзiк жандарын жақсы түсiнетiн, қатты айтқан жоқ, әзiл-шынын араластыра қалжыңдай айтқан. Сұңғыла қарт оны да түсiнiп отыр, этажды үйдiң екiншi қабатына жарты сағатта ентiгiп, баласының сүйрелеуiмен әзер көтерiлетiн өздерiн «кiм сағынып отыр дейсiң», бiрақ жас кездерiнен сауықшыл, қонақшыл көңiл алабұртып, әсiресе ескi көздердi, көз көргендердi аңсап тұрады екен.
Екi-үш немересi, Қабдрасулдiң балалары үйлерiне апарып, қонақ қылып күттi. Өкеннiң бiр жолдасы, Айдардың жолдасы, осындағы үлкен құдашалары шақырып, бәйек болып күттi, «көргендi балалар ғой» оларына мың да бiр рахмет. Үрiм бұтағының, жұрағаттарының барлығына тәубә деп табиғатынан қанағатшыл қариялар риза болысты. «Маған тамағы емес, қабағы керек» деушi едi жарықтық інісі Кәкөш, сол сияқты адамның көңiлден семiретiнi рас-ау. Әттең, аяғы құрғыр болмаса өзгесiнiң бәрi орнында. Үйге дәрiгер шақыртып Айдар аяғын да қаратқан, оның тоқ етер сөзi «ешқандай ем-домның шипасы бола қоймайды, бәрi кәрiлiктiкi». Баяғыда бiр аяғы сынғанда жатқаны болмаса осы уаққа дейiн аурухана, дәрiгер дегендермен еш жақындығы жоқ ақсақал аяғының кәрiлiктен бастырмай қалғанын өзi де бiледi, тек «ақ халаттың» келуiнiң өзi күптi көңiлге медеу болар дегенi ғой…
Сыйлас замандасы, қатты қалжыңдасатын құрдасы Құрманғазыға көңiл айтсақ жөн болар едi дегенде ұлы тағы көнбеген:
– Ол кiсiнiң үйiнде сiздi танитын тiрi пенде жоқ, бәйбiшесi мен баласының баяғыда қайтыс болғанын өзiңiз бiлесiз, соңғы жылдары Құрман ата немересiнiң қолында тұрған болатын. Аюлыны көрмеген ол бала тоқсандағы Қасымның кiм екенiн қайдан бiледi. Бiраз үйдi араладыңыздар ғой, жөнi бар, ретi келген жерге, өздерiңiздi танитындарға ғана барайық, оған ренжiмеңiздер.
Баласының сөзiнiң жөн екендiгiн сезiп отырғанымен көңiлi жүдеп қалды, «ол үйге де ел жақтан таныстардың бiреу-мiреуi келiп жатқан болар» деген дәме де жоқ емес-тi көкейiнде.
Күнi бойы – төрт қабырға мен жанындағы бәйбiшесi. Анда-санда болмаса балалары көп әңгiмелеспейдi, жұмыстан кейiнгi кешкi уақыттарында не қағаздарын жазады, не болмаса айналдыратындары – телевизор. Қалаға келiп iшқұса болармын деп ойлаушы едi, бiр айдан соң үйрене бастағандай. Көбiнде көзi жұмулы, көңiлi ояу, өткен-кеткеннiң барлығы ойға оралады…
Шiркiн Аюлы жердiң жаннаты едi ғой. Топырағына шыбық шанышсаң өсе беретiн, тоғай-тоғайының бәрi – жемiс-жидек, шөбi шүйгiн, суы бал, өзенiнде Асанқайғы айтпақшы – «балығы тайдай тулайтын». Әсiресе адамдарын айтсаңшы, жұмысты да жапырып iстейтiн, сауық-сайранды да салушы едi. Бiрақ сондағы қазақтың қараңғылығы ма, ебiнiң жоқтығы ма әйтеуiр жемiстi ұқсатуды, картоп дегендi бiлмедi ғой… Ауылға отыз жетiншi жылдары Каширин деген жалғыз орыс көшiп келiп, Аюлыны тiптi құтыртып жiбердi. Ауыл адамдары жаппай картоп сала бастады, есiгiнiң алдына дейiн өсетiн қызылқатты суықтық деп шикiдей соғатын ел ендi одан варенье қайната бастады, ағаштан еңсесiн биiктетiп шатырлы үйлер салынды. Ең мықтысы – осы өңiрдегi жалғыз-ақ Кашириннiң су диiрменi Аюлының абыройын көтерiп, дүрiлдетiп жiбердi. Ол бертiнiрек қой… Одан бұрынырақ… Арасы отыз шақырым Көкбұқадан сәмбi талдай майысқан осы Рухиясын Тұйыққа алып келгенде он алтыда ғана екен ғой, қайран уақытты айтсаңшы содан берi жетпiс бес жыл өтiп кеттi дегенге өзiң сенсең де, көңiлiң сенбейдi. Әкесi әжептәуiр ауқатты – алты-жетi жүз қойы, екi айғыр үйiрлi жылқысы болды. Әйтеуiр кәнпескеден аман, бiрақ ауылсовет малдарын ортаға сыпырып алып, «Шұрық» колхозының құрамына ерiксiз ендi. Ашаршылықтың азабын, iсiнiп өлгендердi де көрдi, өздерi де тұңғыштарынан сол отызыншы жылдары жастай айырылды ғой, әйтпесе қазiр үш ұлы жүрер едi. «Құдайға тәубә, күпiрлiк жасамайын, осылар аман болсыншы»… Қу тіршіліктің қамы ғой, дәл соғыс басталар жылдың қысында орыстың арқанына айырбастаған бiр пұт бидай үшiн iстi болып, үш жыл «темiр тордың» да дәмiн татып қайтты, ол да құдайдың жазуы шығар. Жеңiстiң мерейтойларына орай соғыс ардагерлерiн марапаттап, сыйлық үлестiрiп жатқан сайын осы немересiнiң бiреуi «Ата, саған неге сыйлық бермейдi, орден неге бермейдi» деп тақылдап қоймайтын. Саңылаусыз сәбиге не десiн, өзiнiң «басқа майданда» болғанын, этаппен талай жердi шарлап, қызыл жағалылардан талай құқай көргенiн тәптiштеп жатпай-ақ «ұмытып кеткен шығар, кейiн бередi ғой» деп алдарқататын.
Орден-медальдарын сыңғырлатып соғыс ардагерлерi жиналыстарына бара жатқанда, әрине, жүрегi шымырлап, бала-шағадан аулақ жүргiсi келетiн. Өзiнiң соғыс даласын көре алмағанына кейде өкiнген сияқты болғанымен, «мына балалардың жарық көрерi болар» деп көбiнесе шүкiршiлiк қылатын.
Бұл түрмеден босап келгенде жалғыз iнiсi – он тоғыздағы Қабдрасөл бiр көзiнен айырылып соғыстан келiпті. Сонда ғой, төрт жасар Өкенге «Мынау сенiң әкең емес, шешеңнiң жанына жатқалы келген Темiрбайдың Ысқағы» деп ағасының құрдасының атын атап, баланы бұлқан-талқан жылатқан. Долданған бала сонда мұны шешесiне бiраз уақыт жолатпай қойған… «Әй, Кәкөштiң де қылмағаны жоқ екен ғой» деп ерiксiз мырс еттi. Бұған қарағанда iнiсiнiң етi тiрi, сауатты, пысық едi. Ата-аналарынан ерте айырылғандықтан өзiн үйлендiрiп, отау үй ғып шығарған аға-жеңгесiн, әке-шешесiндей көрдi ғой, жарықтық. Шәмшәға жетi, Кәкөшке алты жыл болып қалыпты ғой деп Қасым шал бақилық болған iнiсi мен келiнiн есiне алды. «Құдайға шүкiр, әйтеуiр артында алты баласы қалды, барлығы да өз балаларындай «аталап» тұрады…
– О, құдiрет, өзiмдi алмай, көзiмдi неге алдың, – деп күңiрене бiр күрсiнiп, қолымен отырған креслосының жақтауын сипалаған кемпiрі:
– Отырсың ба? – дедi.
Тәттi бiр ойын бөлiп жiбергенiне iштей қитығып, шалы үндемедi.
– Атасы … атасы?..
– Не болды айғайлап, жаныңда отырмын.
– Таң атып қалды ма?
– Қайдағы таң, кеш батты.
– Ұйықтап тұрған соң, қайдан бiлейiн.
– Ұйқы мен тамақтан басқа екеуiмiзде не қызық қалды…
– Балалар бiздi Шағилаға апармай ма, Хамзаға көңiл айтсақ…
– Мен айтпаймын, бiз сияқты бос отырған жоқ, жұмыстары көп, өздерi бiледi.
Әке-шешесiнiң екеуара әңгiмелерiн ауыз бөлмеде қағаз жазып отырған Айдар естiп отыр. Шағила деп отырғандары – Хамзаның бәйбiшесi, екеуi де өмiр бойы Аюлыда, кейiнiрек Тайынтыда мұғалiм болған замандастары. Қартайып, қуаттары қайтқан соң олар да қалаға көшiп келген, балаларының қолында болатын. Хамза ақсақалдың қайтыс болғанына жарты жылдай болып қалған.
Мынадай әңгiмеден соң Айдар барлық жұмысын ысырып тастады. Әкесi көңiлi соғып отырған нәрсенi емеурiнiмен ғана бiлдiретiн. Осы кейiнгi кездерi ғана болмаса шешесiне де бiр дауыс көтергенiн естiген емес, балаларының да маңдайынан шертiп көрген жоқ. Батыр тұлғасы, қаракүштiң иесi болса да бiреумен айғайласып, жанжалдасып, не болмаса жұдырық сiлтескенiн Айдар естiген де, көрген де жоқ. Ел-жұртының, жұрағаттарының үлкен-кiшiсiнiң барлығының да мұның әке-шешесiн сыйлап, қадiрлеп тұратыны өздерiнiң осындай сыйымдылығынан, бауырмалдығынан болар. Кезiнде Салық молда салғызған Шөже мектебiнiң үш класын ғана бiтiрген әкесi ликбез кезiнде аз уақыт мұғалiм болыпты. Естiгенiн ұмытпайтын құймақұлақтығы ғой, әлi де өлке тарихынан көптеген шежiрелердi жақсы бiледi, әрi әңгiменi дәмдеп, жақсы айтады. Колхоздың, совхоздың шаруасынан бiр қалған емес. Жетпiске дейiн совхозда қасапшы болды, жанындағы бiр көмекшiсiмен-ақ өгiзшелердi өзi жығып, жалғыз жайғап тастайтын. Сексенге дейiн отаудың төбесiне шығып, кейде екi аша ағаш айырымен шөп лақтыратын. Қазiр де үйде отырып сыпырғы, бейнек байлайды, айыр-күрек саптайды, әттең аяғы жүруден қалып барады…
Әкесiнiң сыртқы тұлғасына кереғар нәзiк көңiлiн қалдырғысы келмейдi-ақ. Осы келгенде қайда барамыз десе сонда алып жүрейiн деп ойлаған, оған кейде ретi келе қоймайды.
– Әй, балам, мәшiнiңдi алып кел, бiз бүгiн мұнда, ертең анда барамыз! – десе зыр жүгiрмей ме, олай батырып, батыл айтатын қариялар жоқ, екеуара ғана күңкiлдесiп қояды…
Айдар алдымен әкесiнiң сақал-шашын алып, жуындырып, «ертең қонаққа барамыз» деп ескертiп қойды. Әке-шешесiнiң емеурiнiн келгеннен-ақ сезiп, бiлетiн адамдармен хабарласып, Шағила апаның ауылдан кеше ғана келгенiн естiген. Өзi де апарайын деп жексенбiнi күтiп едi, ендi кешiктiруге болмайтын сияқты…
* * *
Сырлы аяқтың сыры кеткенiмен сыны кетпейдi дегендей сексеннен асқан Шағила мұғалiм әлi де болса бетiнiң әрiн жоғалтпапты. Қасым мен Рухияға құшақтай амандасып, пейiлденiп-ақ күттi. Қызы мен немересi де инабатты жандар екен, зыр жүгiрдi.
– Өзiң жасарып барасың ғой, көшеде көрсең, әй, танымай кететiн түрiң бар, – деп Қасым шал қалжыңдай тиiстi.
– Е, таяқ ұстағаның болмаса, өзiң де баяғы жiгiт қалпың екен ғой, – деп Шағила замандасы да есесiн жiбермей жатыр.
Көп әңгiменiң тиегi ағытылды. Аттанып кеткен Аюлылық азаматтарға бағышталып құран оқылды.
– Жарықтық Хамзадан қалған сусын емес пе, он жылда бiр кездескенде стақан соғыстырмай не бопты. Өзiң ұмытқан жоқсың ба, iшушi ме ең? – деп Шағила апа жартылығын қойды.
– Е, сенiң қолыңнан iшкен арақ бал татымай ма…
Аюлыдағы ойын-сауық, мерекелер, бiр үй қалдырмай кезектесiп соғым басына шақырысу, жарты құрсақ жүрсе де он шақырым жердегi астық пен шөпке әндетiп барып, әндетiп қайтатын замандарын, қол сыра мен тарының талқанын хан асындай қанағат етiп жүрген кездегi ел iшiндегi береке-бiрлiк сияқты талай әңгiме айтылды.
– Әке-шешеңдi ауылда Қыз Жiбек пен Төлеген деушi едiк, мiне, әлi де бiр-бiрiн қия алмай қол ұстасып жүр, шүкiр. Қарағым, әкелгенiң қандай жақсы болды, – деп ұстаз апасы Айдарға да риясыз ризалығын бiлдiрдi.
– Қайр-а-ан Аюлы-ай, – деп әрқайсысы да сонау бiр көңiлдiң көкжиегiнде қалған қимас та қымбат шақтарын бiр сәтке ойша оралтып, сергiп, бiр жасап қалды.
* * *
Жұрағатының ешқайсысынан бөлекпiз деп санамайтын бұл кiсiлер үшiн iнiсiнiң балалары да өздерiнiкiндей ғой. Қабдрасөл ағаның отыздағы бiр немересi оқыстан қайтыс болды деген жеделхат келiп едi бағана. Ата-енесiнiң көңiл-күйiне қарайлап жүрген келіндері бұл хабарды қалай айтарын бiлмей жүрген, «кешке Айдар жұмыстан келген соң өзi естiртер» деп ойлады. Е-е-е, келместiң кемесiне де Алла тағала кезексiз жiбермейдi екен-ау. Ой, дүние-ай десеңшi…
«Ой, Алла-ау, замандастарымнан бөліп алатындай сенен осынша жас сұрадым ба?» – деп отыратын пендесінің өтінішін естіпті ғой жаратқан ием.
Алла тағала кезекті алдымен ақсақалға берді. 2001 жылғы мамыр айының жиырмасы күні таңғы алаң-елеңде тірілердің алтын күнінің арайлы шапағы жердүниені өз нұрымен аймалай шығыстан көтеріліп келе жатқанда тоқсандағы Қасым қарттың жылусыз жарық күні соңғы рет көз қарықтырардай жалқындана барып, сон-а-ау батыс көкжиектен ары асып, бақилық ғұмырдың тұңғиығына сіңіп жоқ болды…
«Құдайым балаларға бейнетімді көрсетпесе екен» деген тілегі орындалып, бір апта ғана ауырып, бала-шағасымен, аққудың сыңарындай соңында қалып бара жатқан бәйбішесімен қоштасып барып көз жұмды қария.
«Армансыз, ақ өлім» десті жиналғандар.
Қос ғасырға да, екі заманға да куә болып, көнекөздер мен жас өрімнің арасын жалғап тұрған қасиетті шығыршықтың бірі үзіліп түсті…

Пікір қалдыру