ТАҚТАЛАС

(Эксцентрикалық комедия)

Қатысушылар:

  1. Б а с т ы қ
  2. Х а т ш ы қ ы з
  3. Қ а у ғ а б а й
  4. Д а у ғ а б а й   шенеуніктер
  5. Ж а у ғ а б а й
  6. М а у ғ а б а й қарапайым еңбек адамдары
  7. Б а қ ш а г ү л

І БӨЛІМ

Төрде бос орынтақ. Жауғабай кіреді. Ол орынтақты тамашалап көріп жүр.

Ж а у ғ а б а й: Пай-пай-пай! Иесі жоқ кездің өзінде айбынды екен-ау бұл тақ дегенің! Тақ қой бұл, иә, тақ! Баяғыда атқа мінген қазақтың арқасы қозып, әруақтанып кетеді деуші еді. Бүгінде креслоға отырған қазақ қоқырайып шыға келеді. Алдына кірген адамға емес, аспанға қарайды. Басынан көкірегі биіктеп кетеді. Биіктемей қайтсін. Не кием, не ішем демейді. Біздің де аштан өлетін халымыз жоқ, бірақ қанша тамағың тоқ, киімің көк болса да, оның қызығы мансаптың қызуындай қайдан болсын. Орынтаққа қолы жеткеннің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс.

Енді кімге бұйырар екен бұл орын? Кімге бұйырадым не? Өзім ше? Жаудан қайтпаған Жауғабай, яғни мына мен кімнен кем? Мен отырмағанда кім отырмақ бұл таққа? Иә, иә, мен отырамын. Сендерге сыр ғып айтайын. Мәселені басынан пісіріп келіп отырмын. Жүз процент шанс менікі дей беріңіздер. Осы айтқаным келмесе, Жауғабайды қатын деңіздер. Келістік қой!?

Ал, тарт, Жауғабай! Музыка! Шапалақ! (Жауғабай салтанатпен жүріп барып, орынтаққа отыра бергенде Дауғабай кіреді.)

Д а у ғ а б а й: Рұқсат па екен, Басеке?

Ж а у ғ а б а й: (Алдында селк ете қалады да, Дауғабайды көріп, маңызданып) Рұқсат емес, прием бітті.

Д а у ғ а б а й: (Жауғабайды енді танып) Жауғабаймысың, ей? Жар басындағы жапалақтай жарбиып неғып отырсың мұнда?

Ж а у ғ а б а й: Немене, біз отырсақ жараспай ма?

Д а у ғ а б а й: (Аярланып) Жарасады ғой, жаным-ау, неге жараспасын жастарға. «Ағаштың көркі – жапырақ, әйелдің көркі – шүберек» дегендей, сұлтанның көркі – тақ қой бұл. Бірақ «күбісіне қарай піспегі» деген тағы бар, адам артына қарап өлшер болар.

Ж а у ғ а б а й: Бастықтардың артын құдай креслоға жапсырып жаратқан жоқ шығар, атаңның гөрі. Кетті ғой кешегі қылышынан қан сорғалаған көкеміз де.

Д а у ғ а б а й: Не дейд?! Рас айтасың ба? Мен сені әншейін ойнап отыр екен десем.

Ж а у ғ а б а й: Бастықпен ойнап өле алмай жүр дейсің бе?

Д а у ғ а б а й: (Дегбірсізденіп) Алда құдайдың ұрғаны-ай, ә! Қу тақырға отырғызып кетті ғой, қу тақырға. Не қара басты мені соны сезбей. Әй, кәрі қақпас, әй, кәрі шөңге, залым екенсің-ау, залым.

Ж а у ғ а б а й: Не болды, Дәуке? Жайшылық па әйтеуір?

Д а у ғ а б а й: Ойбай-ау, кеше ғана үйіне шақырып… Бастық шақырған соң біздей пақырда жан қала ма?

Ж а у ғ а б а й: Е, оның несі бар? Қайта үйінен дәм татыпсыз.

Д а у ғ а б а й: Тапқан екенсің ақымақ раисполкомды. Бастық тегін тамақ беруші ме еді? Өмірі есігін көрсетпейтін Басекең бұл жолы жайылып жастық бола қалған соң, менің де алақаным ашылып кеткен жоқ па.

Ж а у ғ а б а й: «Қапқа түскен қайта шықпайды». Көп болса биылғы қызыл қырманның кеусені кеткен де, тәйірі. Қалғанына береке берсін деңіз.

Д а у ғ а б а й: Жоға, осы уақытқа дейін мен де құйрығымды ұстатпай-ақ жүр едім. Ол залым да айланы арыдан ойлаған екен. Тап кетер кезінде қарашы, топ дегізіп торына түсіріп кеткенін.

Ж а у ғ а б а й: (Көрермендерге) Қыста қар сұрасаң бермейтін сараңның өзі еді, құп қатырыпты. (Дауғабайға) Оқа емес, Дау-аға, келесі бастыққа кетерінде емес, келерінде ала жүгіретін боласыз енді. (Хатшықыз кіреді.)

Х а т ш ы қ ы з: Иесіз кабинетке неге кіресіздер?

Д а у ғ а б а й: Мен басекеңді іздеп келіп едім, жарқыным. Сөйтсем, мына Жауғабай ініміз Басекеңнің орнына жапалақша жарбиып алыпты.

Ж а у ғ а б а й: Бір адам қозғалтып көрсін мені осы жерден, көріп алайын. Атам жаудан қайтпаған, атаңның гөрі.

Х а т ш ы қ ы з: (Мырс етіп) Бұйрығыңыз бар шығар. Әкеліңіз, тіркеп қояйын.

Ж а у ғ а б а й: Аз шыдасаң, болады.

Х а т ш ы қ ы з: О, Жауғабай айтса болады. Дегенмен босата тұрсаң бұл жерді. Бұйрықпен бірге келерсің. Сол кезде Басеке деп иіліп тұрамын. Ал, қане, айда марш!

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан!

Х а т ш ы қ ы з: Болашақ басеке, болыңыз!

Д а у ғ а б а й: Хатшықыз қарағым, соңғы кезде Басекең қалай болды өзі? Көңілді жүрді ме, әлде?..

Х а т ш ы қ ы з: Қызметі өскен адам неге көңілді болмасын. Көңілді.

Д а у ғ а б а й: Немене, немене? Қайта айтшы?

Х а т ш ы қ ы з: Көңілді деймін.

Д а у ғ а б а й: Жоқ, қызметін, қызметін айтам?

Х а т ш ы қ ы з: Не айтатыны бар, орталыққа аппаратқа кетті. Жаңа ғана радиодан айтты ғой, естіген жоқсыздар ма?

Ж а у ғ а б а й: Әлі қаһарында десейші ол қақпас. (Орнынан тұрып кетеді.)

Д а у ғ а б а й: Сен не дедің, Жауғабай, жарқыным? «Қылышынан қан тамған, жоқ сорғалаған кәрі қақпас» дедің, ә? Жауап бересің, бергіземін саған осы сөзіңе.

Ж а у ғ а б а й: Өзің не дедің жаңа? Залым дедің!

Д а у ғ а б а й: Мен олай деп айтқан жоқпын. Айтуға тиіс те емеспін, айтуым мүмкін де емес. Куәң бар ма? Хатшықыз, жарқыным, менің аузымнан ондай сөз шықты ма?

Х а т ш ы қ ы з: Естімедім.

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан!..

Д а у ғ а б а й: Менің куәм бар, жаңағы соңғы сөзіңді Хатшықыз естіді. Естідің ғой, Хатшықыз?

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан!..

Д а у ғ а б а й: Сен танба, Хатшықыз. Тануға тиіс емессіз.

Х а т ш ы қ ы з: Менен сұрап қайтесіздер, мына халықтан сұраңыздар. Халық бәріне куә, барлығы көз алдында, тіпті өз басында өтіп жатыр. (Көрерменге) Ал, халайық, ағайынның тақталасы басталды. Сіздер көріңіздер, мен барып хаттай берейін. (Шығады.)

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан!..

Д а у ғ а б а й: Сонымен, мәселе шешілді ғой деймін. Құдай қаласа бұл тақ бізге тиіп қалатын шығар. Қалатын шығарым не, құдай-ау, тиеді. (Келіп орынтаққа отырады.) Басекең мені тегін шақырмаған болды. Бағалағаны ғой ол. Дегенде тегін адам емеспіз. Маған құдай сездіріп тұрады. Сүңгітіп жібергенім қандай ақылдылық болған.

Ж а у ғ а б а й: Басекең жалғыз сені шақырды деп отырсың ба? Сені кеше шақырса, мені алдыңгүні шақырған.

Д а у ғ а б а й: Жетістірген екен. Бәрібір саған жол жоқ. Сенбесең халықтан сұра. Ата жолының өзі сол.

Ж а у ғ а б а й: Ата жолы, ата жолы деп-ақ мысымды құртып болдыңдар-ау. Кіші екенмін деп мансаптың ләззатын татпай-ақ өткенім бе өмірден. Атаңның гөрі, айқасып өлемін аяғына дейін. Бұл заман күштінікі, мына қолда бес трактордың күші бар. Қане, орынды қайта босат! (Сол кезде Қауғабай кіреді.)

Қ а у ғ а б а й: Жарайсыңдар, бауыр болсаң осындай бол. Ағасын малмен бірге құмға қуып тастап, өздері жұмсақ креслоны жағалап жүр. Халқым-ау, бұл заманның жастары не боп барады, үлкенді нетуден қалған ба?

Д а у ғ а б а й: Ассалаумағалейкум Қау-аға, қалай, мал-жан аман ба?

Қ а у ғ а б а й: Қауғабай тұрғанда мал аман. Өздеріңе жол болсын?

Д а у ғ а б а й: Мен Басекеңе кіре кетейін деп қырдағы егістіктен келсем, мына Жауғабай отыр жапалақша жарбиып.

Қ а у ғ а б а й: Ал сен қырғиша қона кеттің жапалақтың үстіне.

Ж а у ғ а б а й: Соны айтсаңшы, Қау-аға. Мен жөні солай ғой деп айтсам, көнбейді. Да еще жапалақ деп оскарбит етеді. Көрсетейін мен оған жапалақты. Қолымда жеті трактордың күші бар, атаңның гөрі.

Д а у ғ а б а й: Күш бергенмен бас бермесе қайтесің?

Ж а у ғ а б а й: Сенің ақылды басың менің бір нұқығанымнан қалмайды, атаңның гөрі.

Қ а у ғ а б а й: Жә, осы есіргендерің де жетеді. Қауғабай қауғамен бірге құдыққа түсіп шықпай қалады дедіңдер ме? Қауым болып ақылдасқанды да білмейсіңдер. Өй, жол-жобаны білмейтін өңкей кеще. Жөні олай емес, былай… (Орындыққа келіп отырады.)

Ж а у ғ а б а й: Апыр-ай, Қау-аға, осы жолы кезек менікі сияқты еді…

Қ а у ғ а б а й: Кезек үлкендікі.

Ж а у ғ а б а й: Асығым алшы тұрса да менікі, тәйкі тұрса да менікі, бүк түссе де менікі, шік түссе де менікі десеңші. Кезек деген итіңнің маған бұл дүниеде келетін түрі жоқ қой. Шабысып өлемін, атаңның гөрі, атам жаудан қайтпаған. Аттан! Аттан! Жауғабай! Жауғабай! (Үшеуі жұлқыласып кетеді.)

Қ а у ғ а б а й: Жауласып келгендеріңде екеуіңді де бөлмей, бауырыма басушы едім. Енді бірігіп мені жұлып тастамақ екенсіңдер ғой. Түсінікті. Бірақ байқаңдар, «жыртық үйдің де құдайы бар».

Д а у ғ а б а й: Жоқ, сен екеуің мені жібермексің құрдымға. Екі өкпемді екі жақтан қысып қойған құдай-ай!

Ж а у ғ а б а й: Жасым кіші болса да, құлдан туған жоқ едім ғой. Итермеңдер өңменімнен екеуің. Шашбауларыңды көтеріп, шаңдарыңа көміліп болғанмын. Мен әлі оң қолымды іске қосқан жоқпын. Оң қолымда он трактордың күші бар. (Үшеуі алысып-жұлысып, бірін-бірі орынтақтан аулақтатып әкеткенде, оған басқа бір адам келіп отырады. Қасына Хатшықыз келіп тұрады.)

Б а с т ы қ: Жұмыс істеу керек, жолдастар! (Үшеуі үш жерде қалшия қалады.)

Қ а у ғ а б а й: (Сасыңқырап) Нетіп, істейін деп, істеп жатырмыз, Басеке.

Д а у ғ а б а й: Біздің халық еңбекшіл халық.

Ж а у ғ а б а й: Жай, әншейін, былай жұмыс арасында көңіл көтеріп жатқанымыз ғой, әлеулай.

Б а с т ы қ: Тәртіптерің жоқ, жұмысты ұмытып әлеуләймен кеткенсіңдер. Сендерді нағыз жатып ішер, нансоғар деуге толық негіз бар.

Қ а у ғ а б а й: Мен мал жағына жауап беремін. Етті де, сүтті де, жүнді де орындап тұрмыз. Нансоғар анау (Дауғабайды көрсетеді). Ал анау әлеуләйім (Жауғабайды көрсетеді).

Ж а у ғ а б а й: (Қауғабайға). Ал сен етсоғар.

Д а у ғ а б а й: Иә, иә, сен етсоғар. Ал астықты осы өңірде ең көп жөнелткен мына мен.

Ж а у ғ а б а й: Мен осы өңірдің тауын талқандап тасыттым, құмын көсіп алып, жерін үңгіп тесіп алып жөнелттім. Тіпті мұхиттың аржағындағы Америкаға жетіп қалдық-ау деймін.

Д а у ғ а б а й: Иә, біз Америкаға жетіп қалдық.

Қ а у ғ а б а й: Біздің алдымызға қойылған мақсат та сол Американы нету.

Д а у ғ а б а й: Енді аз жылда осы қарқыннан таймасақ, программада жазылғандай, коммунизмге кіретін боламыз!

Қ а у ғ а б а й: Иә, қазіргі ұрпақ коммунизмде өмір сүреді!

Ж а у ғ а б а й: Шалқадан түсіп жатамыз. Кнопканы басып қалсаң қалағаның болады. Бәрін автомат атқарады. Аузыңды ашсаң тәтті-дәмді, жылы-жұмсақ өзінен өзі түсе береді, түсе береді. Тек шайнауға ерінбесең болды.

Б а с т ы қ: Партиялық сана жоқ сендерде. Мелкобуржуазиялық психологияға беріліп кеткенсіңдер.

Ж а у ғ а б а й: Менің атам байларды қамшыменен қойдай қуған!

Д а у ғ а б а й: Менің атам халық жауларын әшкерелеген чекист!

Ж а у ғ а б а й: Менің атам колхозды өз қолымен құрған!

Б а с т ы қ: Ал сендер жекеменшіктің батпағына батып қалғансыңдар.

Д а у ғ а б а й: Дұрыс айтасыз, Басеке. Мына Қауғабайдың қорасында 10 қойы бар.

Б а с т ы қ: Он қой? Нағыз бай десеңші.

Ж а у ғ а б а й: Биесі, айғыры да бар.

Б а с т ы қ: Мұндай адам, әрине, жұмыс істемейді. Заразительный тип.

Қ а у ғ а б а й: Балам да он. Он баламның нәпақасы ғой. Әлі шиеттей жас.

Б а с т ы қ: Жоспарсыз жұмыс істейсіңдер. Қолдарың бос болған соң баланы таптыра бересіңдер. Әйелдердің денсаулығына қарамайсыңдар. (Хатшықызға) Жазыңыз. №1 бұйрық. Жекеменшік мал үш күннің ішінде етке өткізілсін. Қарсылық көрсеткендер партиялық, әкімшілік жазаға тартылып, керек болса ісі заң орындарына берілсін.

Х а т ш ы қ ы з: Түсінікті. Бір сағатқа жетпей радиодан берілетін болады.

Б а с т ы қ: Ауылда бір түйір дән қалмасын. Таулар атом күшімен қопарылсын. Жер түгел жыртылсын.

Ж а у ғ а б а й: Апыр-ау, сонда халық қалай?..

Б а с т ы қ: Молчать! Коммуниспісің?

Ж а у ғ а б а й: Дәл солай. Коммуниспін, большевиктің ұрпағымын.

Б а с т ы қ: Бұл партияның нұсқауы.

Д а у ғ а б а й: Партияның тапсырмасы – коммунистер үшін бұлжытпас заң.

Қ а у ғ а б а й: Партия халықпен бірге.

Б а с т ы қ: Вот, солай. Қане, барыңдар.

(Үшеуі кетеді.)

Х а т ш ы қ ы з: Тағы қандай тапсырмаңыз бар? (Қағаз, қаламын оңтайлайды.)

Б а с т ы қ: Тапсырма… қалай, орындауға әзірмісің?

Х а т ш ы қ ы з: Хатшы әрқашанда әзір болуға тиіс.

Б а с т ы қ: Тәрбиеден өтіп пе едің?

Х а т ш ы қ ы з: Мен сіздің тәрбиеңізді көргім келеді.

Б а с т ы қ: Демек, тәжірибең бар.

Х а т ш ы қ ы з: Мен сіздің тәжірибеңізді алғым келеді.

Б а с т ы қ: Бастықтың ең сенімді серігі кім?

Х а т ш ы қ ы з: Хатшысы.

Б а с т ы қ: Жарайсың. Алғашқы тапсырма. Әлгілердің отбасы, тұқым-тұқияны, арласатын ортасы, мінез-құлқы, білімі, жұмыс қабілеті туралы, бір сөзбен айтқанда, түгін қалдырмай анықтама әзірле. Содан соң…

Х а т ш ы қ ы з: Содан соң сіздің жемісті жұмыс істеуіңіз үшін қолайлы жағдай тудыру керек.

Б а с т ы қ: Дұрыс айтасыз, бара беріңіз.

Х а т ш ы қ ы з: Қызметіңізге әзірмін. (Шығады.)

Б а с т ы қ: Өңкей мал. Орталықтың дүкендерін еселей беру керек. Ал бұлар жекеменшікті өркендетіп, баяғы ата-бабалары құсап шетінен байып алған. Филипп Исаевичтің істегені аз бұларға. Мен жегендерін желкелерінен шығарамын. (Хатшықыз кіреді. Қолында қобди.)

Х а т ш ы қ ы з: Аса қадірлі Басеке! Сіздің біздің өлкемізге келуіңіздің құрметіне мына бір шағын сыйлықты қабыл алыңыз.

Б а с т ы қ: Мен сыйлық алмаймын.

Х а т ш ы қ ы з: Сыйлық болғанда сувенир ғой әншейін.

Б а с т ы қ: Ә, сувенирді можно. Бірақ ішінде не бар? Бәлкім сен…

Х а т ш ы қ ы з: Міне, қараңыз, ештеңе де жоқ.

Б а с т ы қ: Ештеңе де жоқ? Онда несін әкелдің?

Х а т ш ы қ ы з: Бұл қобдидың қазақша оюы бар.

Б а с т ы қ: Онысы дұрыс екен. Бұл қазақ халқына деген ілтипатымның белгісі болады.

Х а т ш ы қ ы з: Игілігіңізге ұстаңыз. Ал мынау сұратқан анықтамаңыз.

Б а с т ы қ: Дұрыс. Сізбенен жұмыс істеуге болады екен.

Х а т ш ы қ ы з: Жалко жоқ.

Б а с т ы қ: Бара беріңіз.

Х а т ш ы қ ы з: Қызметіңізге әзірмін.

Б а с т ы қ: (Қағаздарды қарап) Жалаң сөз. Бұларды бір уыста ұстау үшін бұлтартпайтын факті керек. Дегенмен алғашқы бопсалауға жарап жатыр.

(Есіктен Дауғабай көрінеді.)

Д а у ғ а б а й: Халіңіз қалай, Басеке? Біздің даланың ауа райына үйренейін дедіңіз бе? Табиғатымыз қаталдау болғанымен өзіңізге деген ниетіміз оң. Жоғарыдан келгеннің жөні бөлек екен ғой, шіркін! Сіз келгелі жұмысымыз да жүріп берді.

Б а с т ы қ: По существу.

Д а у ғ а б а й: Тапсырмаңыз орындалып жатыр. Жекеменшіктің өзінде бір түйір дән қалдырған жоқпыз. Күзде жинап алған тарыларына дейін қоймадық. Тіпті, күш көлік үшін берілген ат жемін де сыпырып алдық.

Б а с т ы қ: Жарайсың! Сонда олар не тамақ жеп отыр?

Д а у ғ а б а й: Ой, қазақ бұрын қойдың айранынан жасалған ірімшік, құрт, сүзбе жеп-ақ күн көре берген.

Б а с т ы қ: Орталыққа сүт жетпейді. Ал бұлар ірімшік, құрт жасайды. Полное безобразие, самовольство!

Д а у ғ а б а й: Бұл Қауғабайдың тірлігі, Басеке. «Қоғамдық қойды сауып, сүзбе жасаңдар, алты малта ас болатын заман туып келе жатыр», деп малшыларды үгіттеп жүрген көрінеді. Бұл барып тұрған саяси қате емес пе?

Б а с т ы қ: Дұрыс айтасың. Саяси қырағылық танытып тұрсың. Ал жер жырту мәселесін не қылдың?

Д а у ғ а б а й: Ойды да, қырды да жыртып тастадық. Енді орманды өртеп, орнын айдап жатырмыз. Тек анау Қауғабайдың кесірінен құмға түрен сала алмай отырмыз.

Б а с т ы қ: Неге?

Д а у ғ а б а й: Қазақстан тыңының көкжиегі кеңи бергенін сол қаламайды-ау деймін. Ата кәсібіміз мал бағу, жеріміз де соған ыңғайлы, өрісті тарылтпайық деген пікірді бықсытып жүр. Тіпті айғырын етке әзер өткізді. Соған қарағанда әлі күнге дейін феодализмді көксейді. Оның әйелінің нағашысы нағыз шынжыр балақ, шұбар төс болған.

Б а с т ы қ: Так, так, солай де. Қауғабайға бақылауды күшейту керек. Бәрін мәлімдеп тұрасың, ұқтың ба?

Д а у ғ а б а й: Өзім де қыбыр етсе де, сыбыр етсе де қалт жібермей қадағалаймын. Ана Жауғабай да «сау сиырдың боғы болмай тұр».

Б а с т ы қ: Айта бер.

Д а у ғ а б а й: Әкем жаудан қайтпаған деп, жоқ жерден жау шақырып жүр. Большевиктің баласымын дегені де өтірік болу керек. Оның көп ағайыны кезінде Иранға өтіп кеткен. Қазған алтын-күмісін де Орталыққа жөнелтпей, қайтадан көміп тастап жатқан көрінеді. Оны да ауыстырмаса болмайды.

Б а с т ы қ: Тапсырманы орындап шыққанша тиіспейміз. Бірақ бақылауды күшейту керек.

Д а у ғ а б а й: Кірпік қақпай бақылаймын.

Б а с т ы қ: Солай ет. Партияға адалдығыңды осы қызметіңмен бағалаймыз.

Д а у ғ а б а й: Сеніміңізге құлдық. Ақсарбас құрбандық. (Қобдиды жаңа байқап.) Оу, мынау бір керемет дүние ғой. Бұл деген халық қол өнерінің нағыз үлгісі. Құтты болсын!

Б а с т ы қ: Иә, бұндай сирек кездесетін бірегей бұйымдар жинау менің хоббиым.

Д а у ғ а б а й: Бұндай асыл бұйымға байғазы беру біздің, иә, менің хоббиым, то-есть парызым, Басеке?

Б а с т ы қ: Ол немене тағы?

Д а у ғ а б а й: Дәстүр-салтымыз ғой енді. Орамал тон болмайды, жол болады, Басеке. (Қалтасынан ақша алып, қобдиға салады.)

Б а с т ы қ: М-м… Осы сені бәрінің үстінен старший қоямын ғой деймін.

Д а у ғ а б а й: Сеніміңізден шығамын ғой. Мен оларды сіздің алдыңызда құрдай жорғалататын боламын.

Б а с т ы қ: Байқа, ауыз жаласып кетіп жүрме. Өкіметтің құрығы ұзын. Партияның көзі қырағы.

Д а у ғ а б а й: Ауыз жаласқаныңыз не?! Мен олардың бар әбүйірін ашып беремін. Тап қазір тексеруге жіберіңізші. Асқазанының әрбір қыртысында ненің сөлі жатқанын жапон аппаратынан да дәл тауып берейін.

Б а с т ы қ: Бар, Дауғабай, бар. Тапсырманы орында.

Д а у ғ а б а й: Келесі келгенде тапсырмаңыздың асыра орындалатынына сене беріңіз.

Б а с т ы қ: Сенемін. (Ол кеткен соң басқа дауыспен) Сенемін, иә! Сендерге сенгенше сайтанға сенген дұрыс.

(Қолбырап, болбырап Қауғабай кіреді.)

Қ а у ғ а б а й: Ассалаумағалейкум, Басеке. Қауғабай неғып келмей кетті деп жатқан шығарсыз. Келмейін демейсің, малды ауыл алыс. Орныңызға да құтты болсын айта алмай…

Б а с т ы қ: Тапсырма қалай?

Қ а у ғ а б а й: Соны баяндайын деп келдім өзім де бір жағы. Жекеменшікте тігерге тұяқ қалдырған жоқпыз ғой деймін.

Б а с т ы қ: Жоқпыз ғой деймін? Жауабың сырғақ қой. Сенімсіз сияқтысың.

Қ а у ғ а б а й:  Қалдырған жоқпыз. Бәрін нетіп жібердік. Состав-составымен кетіп жатыр. Әйтеуір, менің құлағым тыныш болатыны бар.

Б а с т ы қ: Ал сонда жергілікті халық не жеп күн көреді?

Қ а у ғ а б а й: Өй, біздің қазақ қоянға қақпан, құрға тұзақ құрып, киік пен қырғауылды мылтықпен нетіп алып күн көре береді. Бұларға малдың керегі жоқ. Әр бұтаның түбінде бір асым ет бар.

Б а с т ы қ: Солай де. Орталықтарға деликатес жетпейді. Ал бұлар нағыз деликатесті әр бұтаның түбіне жасырып қойған. Нағыз вредительство!

Қ а у ғ а б а й: Дұрыс айтасыз, Басеке, вредительство! Бәрі ана Жауғабайдан, вредитель сол.

Б а с т ы қ: Неге?

Қ а у ғ а б а й: Мына жерде кен бар, ана жерде военный бар деп әйтеуір адамның аяғын аң-құсы бар жерге бастырмайды. Малды да жолатпайды. Сол бар ғой, аң-құстың етін сізге де, бізге де бұйыртпастан, қызығын өзі көріп жүр. Құдай біледі, көлденең біреулерге де сатады. Нету керек, ауыздықтау керек оны.

Б а с т ы қ: (Кекетіп) Ауыздықтау керек. Жалғыз өзім қай жағына жетемін. Бастық біреу, ал…

Қ а у ғ а б а й: Біз, е, мен тіреу, Басеке. Мен бармын қасыңызда қашанда болсын. Мен өзіңізге деген адалдығымды дәлелдеймін әлі. Ал анау Дауғабай бар емес пе егіншілікпен айналысатын. Соның өзі сөзі көп, жүрісі сұйық сенімсіз жігіт. Бәрін тілімен жайғағаны болмаса, түк бітірмейді.

Б а с т ы қ: Неге? Ол алдына қойылған міндетті абыроймен атқарып шықты. Жекеменшіктің барлық астығын жинап алды.

Қ а у ғ а б а й: Сенбеңіз оған. Дауғабай су жұқпас суайттың өзі. Алдында нетіп сөйлеп, іші-бауырыңызға кіріп алады да, артынан кенеше қадалады. Атышулы даукес ол. Ал енді жыртқан жерін көрдіңіз бе, тырнақпен сызғандай ғана. Қамбадағы тұқымның бәрін туған-туысқанына үлестіріп қойды. Ол бар ғой, ол сеялканы холостой қуып жүр. Оны тексеруді де маған сенсеңіз болады. Су бетіне шығарамын мен оны.

Б а с т ы қ: Дұрыс, шығар! (Қобдиын қолына алады.)

Қ а у ғ а б а й: О, мынау бір тамаша дүние ғой. Сізге лайық екен. Қой, іші бос тұрмасын, байғазы берейін.

Б а с т ы қ: Байғазы – жақсы салт.

Қ а у ғ а б а й: Айналып кетейін ата-бабамның айтқанының бәрі ақыл, істегенінің бәрі жөн ғой. (Бастық қабағын түйгенін байқап) Советтік салт-дәстүр одан да жақсы. Бұл – Советтік байғазы. (Қобдиға ақша салады.)

Б а с т ы қ: Жасың үлкен, өзің басалқалы екенсің, түбі сені старший қоямын-ау. Былайша айтқанда, оң қолым боласың!

Қ а у ғ а б а й: Періште әумин десін. (Сасып қалып) Ә, жәй сөздің несі, салты ғой, иә. Мен партияның қарт солдатымын. Тексеруге осы қазір кірісіп кетуге рұқсат етіңіз.

Б а с т ы қ: Рұқсат.

Қ а у ғ а б а й: Сіздің бұл бастамаңыз қоғамымызға жаңа сілкініс әкелетініне кәміл сенемін. Сол кезде де қасыңыздан табыламын. (Кетеді.)

Б а с т ы қ: Табыласың сен. Жаман айтпай жақсы жоқ, сәл бағым тайсыншы, інге кірген тышқандай ана құмыңның ішіне кіріп кетерсің.

(Жауғабай кіреді.)

Ж а у ғ а б а й: Сәлем бердік. Денің сау ма, Бастық?

Б а с т ы қ: Ә, Жауқамысың, кел, кел. (Қобдиды соған қарай жақындатып қояды.)

Ж а у ғ а б а й: Бұл не, Бастық?

Б а с т ы қ: Неменеге келгеніңді ұмытып қалдың ба? Қобди жинау менің хоббиым, байғазы, көрімдік беру сенің хоббиың, солай ма?

Ж а у ғ а б а й: Байғазы, қобди, хобби? Иә, иә, естігенмін.

Б а с т ы қ: Естісең не тұрыс. Давай тезірек, ырғалып-жырғалып, тігісін жатқызып жататын уақыт жоқ.

Ж а у ғ а б а й: (Көрермендерге) Осы тесік бас мені ұстатып жіберейін деп отырғаннан сау ма? Сендер не білдіңдер?

Б а с т ы қ: Қорықпа, сала бер. Байғазы үшін соттайтын заңда статья жоқ. Ол – салт-ғұрып.

Ж а у ғ а б а й: Иә, солай екен-ау. (Көрермендерге) Бұл тесік басыңды да ауыздандырып қойған болды ғой. Қайран ағаларым-ай, періште тұрмақ пайғамбарды да жолдан тайдырасыңдар ғой, құдай кездестіре қалса. (Қобдиға ақша салады.) Барсын, көп болса бес-алты «БелАЗ» топырақ.

Б а с т ы қ: Жақсы, енді бара бер, Жауқа.

Ж а у ғ а б а й: Қалай бара берейін? Тапсырманы баяндайын.

Б а с т ы қ: Одан басқа айтатын арызың да бар, солай ма?

Ж а у ғ а б а й: Оны енді арыз деуге де болмас, былай… елдегі моральдік-саяси хал-ахуалды баяндайын дегенім ғой. Қанша дегенмен халық арасында көп жүреміз.

Б а с т ы қ: Әсіресе, Қауғабай мен Дауғабайдың тәртіптері, істеген ұрлықтары, ішкен-жегені туралы ғой.

Ж а у ғ а б а й: Дәл солай, Бастық. Мұны менен артық ешкім білмейді. Су бетіне шығарамын мен.

Б а с т ы қ: Дұрыс, Жауқа, саған большевиктің ұрпағы әрі жас коммунист ретінде егіншілік пен мал шаруашылығындағы кемшіліктердің бетін ашу тапсырылады. Қауғабай мен Дауғабайдың жеке бастарын да ұмытпайсың.

Ж а у ғ а б а й: Көктен тілегенім жерден табылды десеңші, Бастық.

Б а с т ы қ: Жассың, энергияң мол, білімің жетеді. Сен менің орынбасарым боласың әлі-ақ. Содан соң… біз қашанғы жүреді дейсің. «Уақыт озады, оқалы шапан тозады» дегендей.

Ж а у ғ а б а й: Рас қой. Ешкім қызметте байланып қалмайтыны рас, атаңның гөрі. (Артынан сасып) Ничего, сіз әлі өрлеу үстіндесіз. Бізге сол орынбасарлық та жетеді. Апырай, мынау ойламаған жерден оңына келе салған шаруа болды-ау, ат жалын тартып мінгелі арманым ғой бұл. Жеттім бе, жетпедім бе? Жүрек жардым мойнымда.

Б а с т ы қ: Мойныңда емес, қойныңда тұр ғой. Ол жағыңда емес, мына жағыңда. Давай сал. Смело сал, әкең жаудан қайтпаған!

Ж а у ғ а б а й: Шынында да мына жағымда бірдеңе бар екен ғой. (Халыққа) Тесікбастың көзінің рентгені бар ма, немене? Әй, әбден битий екен. (Қобдиға тағы салады.)

Б а с т ы қ: Оқасы жоқ, ұмытшақсың, әйтпесе ниетің дұрыс.

Ж а у ғ а б а й: Сенің жолыңда, Бастық, ақшамды емес, өзімді де саламын. Тек аласа болса да бір тақ тисе болды.

Б а с т ы қ: Саласың, Жауғабай, саласың. Кіріс тапсырманы орындауға.

Ж а у ғ а б а й: Кеттім, Бастық, екеуі де екі аяғымның астында жататын болады. Мен тұрғанда бастарын көтере алмайды. (Кетеді.)

Б а с т ы қ: Қолыңнан келсе, табаныңның астына бірінші мені саларсың сен. Бірақ мен сендерді жіпсіз матап тастадым. Жүріңдер енді бір-біріңнің артыңнан түрткілеп. Енді қай таланғанын арашалаған болып отыра беру керек.

(Кнопканы басады. Хатшықыз кіреді. Қатарына тұрады. Бастық бір қолымен Хатшықызды, бір қолымен қобдиды сипалап отыр.)

Біраз жұмыстың бетін қайырып тастадық қой деймін, Катюша.

Х а т ш ы қ ы з: Енді бір мезгіл демалуға да болатын шығар, таза ауаға шығып, аң-құс атып дегендей.

Б а с т ы қ: Аң-құс атып деймісің? Идея! Жаңа идея келді басыма! Бұрын неге ойламағанмын. Тұрғындардың қолындағы барлық мылтық, басқа да аң аулайтын қарулар жинап алынсын!

Х а т ш ы қ ы з: Олардың малы да, астығы да жоқ, бар қорек қылып отырғаны аң-құс емес пе? Мылтығын, басқа құралдарын алып қойса, немен ауламақ?

Б а с т ы қ: Ауламайды олар. Бас-басына аң қуып, бетімен кеткен түге. Содан да жұмыс істемейді. Ал аң аулайтын арнайы мамандырылған отрядтар шақырамыз орталықтан. Вот, солар көрсетеді. Сол кезде шығамыз аңға, Катюша.

Х а т ш ы қ ы з: Сіз, сірә, мерген шығарсыз?

Б а с т ы қ: Бір кезде алтыатармен мүлт жібермейтінмін. Тура ондыққа тигізетінмін. Қазір…

Х а т ш ы қ ы з: Әлі де тұғырыңыздан тайып тұрған жоқсыз ғой.

Б а с т ы қ: Сен солай ойлайсың ба, Катюша?

Х а т ш ы қ ы з: Әрине. Қуатты екеніңіз бүкіл тұла бойыңыздан көрініп тұрған жоқ па?

Б а с т ы қ: Дұрыс айтасың, Катюша. Біздің порода – мықты порода. Деревняда ешкімді бет қаратпайтынбыз. Мен де энергиямның мол екенін сеземін.

Х а т ш ы қ ы з: Иә, сіздің еңбекқор екеніңізді бәрі айтады.

Б а с т ы қ: Мен туралы жұрт әңгіме ете ме? Сонда не дейді? Бәрін айт, жасырмай айт, Катюша.

Х а т ш ы қ ы з: Сізді нағыз Ленин, Сталин, то-есть Ленин ісіне адал коммунист, біздің жарылқаушымыз дейді. Ал жастар тіпті әкеміз деп айтады.

Б а с т ы қ: Шынымен солай дей ме? Әкеміз дей ме?

Х а т ш ы қ ы з: Иә, иә, әкеміз дейді.

Б а с т ы қ: Партия – біздің әкеміз, партияның солдаты – жастардың әкесі, логично, Катюша, жастар туралы көбірек айтшы.

Х а т ш ы қ ы з: Ой, біздің ауылдың жігіттері нағыз қабыландар ғой. Атылғанда жауын алмай қоймайды.

Б а с т ы қ: Атылады дейсің бе? Қалай атылады?

Х а т ш ы қ ы з:  Жәй әшейін теңеп жатқаным ғой. Олар ат үстінде құйындатып келе жатып, жүз құлаш арқанды лақтырғанда қашағанның мойнына дәл түсіреді де, тақымға басып, сүйретіп жүре береді.

Б а с т ы қ: Жүз құлаш деймісің? (Өз құлашын жайып) Сұмдық қой бұл, 150 метрден кем емес. Мойынға сарт дегізіп салып, сүйреп кете бере ме?

Х а т ш ы қ ы з: Дәл солай, небір асау айғырларды бір пәсте жуасытады.

Б а с т ы қ: Адамға да лақтыра ма?

Х а т ш ы қ ы з: Оларға бәрі бір.

Б а с т ы қ: Катюша, жаңа директива жаз. Барлық отбасына арқан салығы салынсын, түп-түгел жинап алынсын.

Х а т ш ы қ ы з: (Көрерменге) Байлайтын малы жоқ болса, арқанды бермегенде не қылсын. (Бастыққа) Құзырығыңызға құлдық, Басеке. Тап қазір жөнелтуге рұқсат етіңіз.

Б а с т ы қ: Жөнелт, Катюша, жөнелт. Мылтық туралы да ұмытпа.

Х а т ш ы қ ы з: Бәрі оқтай болады.

Б а с т ы қ: Содан соң қайтып ораласың, Катюша.

Х а т ш ы қ ы з: Не үшін?

Б а с т ы қ: Сәске болып қалды. Демалыс бөлмесінде отырып шәй ішейік, демалайық.

Х а т ш ы қ ы з: Жалко жоқ. Тапсырмаңызды орындаймын да келемін. (Кетеді.)

Б а с т ы қ: Вот охота! Ал аналардың охотасының ойранын шығарамын. Олар үшін тағы бір директива дайын. Бұлардың санасын бір сәт те еркіне жіберуге болмайды. Үнемі өз идеяңды құйып отыру керек. Әй, менің басым да бас-ақ қой, шіркін! Идеялардың генераторы деуге болады. Сол қасиетімді білгендіктен ғой, жіберіп отырғаны осында. Мен туралы әлі талай естеліктер жазылатын болар. Сонда не деп атар екен? Идеялар көмбесі! Жоқ, мен идея беруші ғана емес, оны жүзеге асырушымын да. Жаңа революцияның жетекшісі! Жоқ, жетекші деген менің тарихи ролімді бәсеңдетіп жібереді. Жасампаз! Қаһарман! Революционер! Бұл атау біршама жақындайды. Бірақ кім көп, революционер көп. Көсем, жаңа революцияның көсемі! (Сол кезде сырттан шатыр-шұтыр еткен қатты дыбыс шығады. Бастық қатты сасып столдың астына кіріп кетеді. Шатыр-шұтыр күшейеді, ол одан сайын бұғады, сақта құдай, сақта құдай деп сыбырлайды. Катюша деп айқайламақ болады, тағы да шатыр ете қалғанда қайта бұғады. Хатшықыз кіреді.)

Х а т ш ы қ ы з: Біз дайын, Басеке, жалко жоқ. Бұл кісі қайда кеткен құдайым-ау. демалыс бөлмесінде де жоқ. Қалыңдығынан қашқан Гогольдің кейіпкері құсап терезеден шығып кеткеннен сау ма? Осының өзі құр маупиған маймұрын болып жүрмесе игі еді.

Б а с т ы қ: (Даусы әрең шығып) Катюша!

Х а т ш ы қ ы з: Ау, қайдасыз?

Б а с т ы қ: Мұндамын.

Х а т ш ы қ ы з: Басекең көрдің астына түсіп кеткен бе? Еденнің жарығы жоқ сияқты еді ғой. (Бір уақытта көріп) Мұнда неғып жатырсыз? Демалыс бөлмесі ана жақта ғой.

Б а с т ы қ: Жаңағылар кетті ме?

Х а т ш ы қ ы з: Кімді айтасыз?

Б а с т ы қ: Покушение жасады ғой жаңа. Автоматпен тыр-тыр еткізіп атқанын естімедің бе?

Х а т ш ы қ ы з: Қойыңызшы, рас па? Мен сіздің директиваңызды жеделхатпен жөнелту үшін бес минутқа ғана почтаға шығып кетіп едім. Сол кезде ме? Мүмкін емес!

Б а с т ы қ: Сол кезде аңылып тұрған ғой. (Тағы да сатыр-сұтыр ете қалды. Бастық әне дейді де, тағы жатады. Мәселенің мәнісін енді түсінген Хатшықыз ішек-сілесі қата күледі.)

Х а т ш ы қ ы з: Қайдағы қастандық, қайдағы автомат?! Кептерлер ғой ол.

Б а с т ы қ: Кептері кім тағы?

Х а т ш ы қ ы з: Кәдімгі көк көгершін. Біздің шатырда толып отырады. Осы уақытта мына көршінің қызы мектептен қайтып келеді де, оларға жем шашады. Сол кезде кептерлер сатыр-сұтыр ұшып, шатырды көтеріп кете жаздайды.

Б а с т ы қ: Көршінің қызы? Оны біреулер бақылауға жіберіп жүрген шығар. Өзі көрші, өзі кәмелетке толмаған, да еще қыз. Ой, қулар, залымдар. Катя, бұл қыз туралы менде толық мәлімет жататын болсын. Әке-шешесі, қатысатын ортасы, әсіресе, ересектермен араласа ма, соған баса назар аудар. Ал жаңағы кептерлерді қыру керек!

Х а т ш ы қ ы з: Бейбітшілік құсы ғой олар, Басеке.

Б а с т ы қ: Олар авантюристер. Факт на лицо. Олар жаңа ғана авантюра жасады. Сол үшін жазасын алсын!

Х а т ш ы қ ы з: Құста не жазық бар?

Б а с т ы қ: Сентиментализмге орын жоқ бұл жерде. Жаз, Катя, жаз. Жаңа директива! Кептерлер жер аударылсын. Көршінің қызы қатаң тергеуге алынсын. Есік, терезенің бәрі брондалсын. Күзетуге Орталықтан арнайы гвардия шақырылсын.

Х а т ш ы қ ы з: Бәрі дұрыс, бірақ кептерлерді қалай жер аударамыз? Адам емес қой олар, айтқанға көнбесе де, айдауға жүретін.

Б а с т ы қ: Ендеше ұшуына тиым салынсын.

Х а т ш ы қ ы з: Құсқа ұшпа деу, желге тұрма дегенмен бірдей емес пе? Қанатын қырықпаса, қалай тиым саламыз.

Б а с т ы қ: Қырқылсын.

Х а т ш ы қ ы з: Қала да, дала да қаптаған көгершін. Бұл операцияны жүзеге асыруға қол күші жете қоймас.

Б а с т ы қ: Орталықтан сұралсын. Одан әрі тұрғын халықтардың арасынан партияның директиваларына теріс пиғылмен қарайтындар немесе бейтараптық танытатындар анықталсын. Қазір жөнелт, Катя.

Х а т ш ы қ ы з: Әлгі сәскелік шәйіміз қайда қалды?

Б а с т ы қ: Уақыттан ұту – табыстың басты кепілі. Темірді қызған кезінде соқ. (Ән естіледі. Бастық біраз тыңдап қалады.) Бұл не тағы?

Х а т ш ы қ ы з: Көршінің қызы ғой.

Б а с т ы қ: Ән салуға тиым салынсын. Жүгеріге барсын.

Х а т ш ы қ ы з: Мектепте ғой әлі.

Б а с т ы қ: Олардың мектебі еңбек даласы болу керек. Содан соң, Катя, жина халықты. Алғашқы директивалардың орындалу қорытындысын қараймыз. (Хатшықыз шығып кетеді, телефон шылдыр етеді. Телефонды алады) Жағдай жақсы. Барлық салада реформа революциялық масштабта жүріп жатыр. Иә, бұл революция. Жылқы мен түйені түгел бітірдік. Қоғамдық меншіктен басқа қой да қалдырмадық. Скоро жыртылмаған жер, қазылмаған тау, жарылмаған тас қалмайды. Тек адам күші жетпейді. Орталықтан қоныс аудартамыз дейсіз бе? Өте дұрыс. Мен де соны айтайын деп едім. (Қауғабай, Дауғабай, Жауғабай, Хатшықыз, Мауғабай, Бақшагүл кіреді.)

Б а р л ы ғ ы: Ассалаумағалейкум, сәлеметсіз бе?

Б а с т ы қ: Келіңдер, келіңдер. Күн тәртібіндегі мәселе: директивалардың орындалуы. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Көрші үйдің қызы дала аруы – жүгері плантациясында жұмыс істеудің орнына өлең айтады. Қалай еді, Катя? (Хатшықыз қайталайды.) Міне, көрдіңіздер ме? Бұл жақсы емес. Партия сызып берген жолменен жүрмейміз. Бұл жерде жат идеологияның әсері бар. Демек, жаңа директива керек. Өлең айту, ән салу тоқтатылсын. Бізге ән емес – нан керек!

Б а р л ы ғ ы: Ән емес – нан керек! (Сондай транспорант көтеріледі.)

Қ а у ғ а б а й: Құдайға шүкір, тұқымымызда бақсы-құшнаш болған емес.

Д а у ғ а б а й: Жезқалам атансақ та, желпілдек желікпе атанған жоқпыз.

Ж а у ғ а б а й: Жан керек болса – нан керек десеңші.

Б а с т ы қ: Дұрыс айтасың, Жауке, жан керек болса – нан керек. Енді тексерудің қорытындысы баяндалсын. Қане, Қауғабай, сөйле.

Қ а у ғ а б а й: Егіншілікте жағдай нашар. Шұғыл нетуді қажет етеді. Егістіктің айналасына тексеру-зерттеу жұмысын жүргенімізде, көптеген жасырын нелер, жер асты астық қоймалары табылды. (Әр жерден «сұмдық-ай, халық байлығын тонау ғой бұл” деген дауыстар естіледі.)

Д а у ғ а б а й: Ұра қазып, астықты жасырған кім екен сонда?

Қ а у ғ а б а й: “Сезікті бұрын нетеді” деген, неменеге қимаң қыши қалды?

Д а у ғ а б а й: Фактімен сөйлеу керек.

Б а с т ы қ: Иә, факт керек бізге.

Қ а у ғ а б а й: Факт бар, Басеке. Ол ұраны жасаған кеміргіш тышқандар мен құмырсқалар. Оларға тапсырма берген, әрине, егіншіліктің жетекшісі. Тышқандар мен құмырсқалар тасыса ешқандай нетеді, күдік келтірмейді деп ойлаған. Сондықтан да кеміргіштермен байланыс орнатқан.

Д а у ы с т а р: О, тоба, «естімеген елде көп» деген осы екен ғой. Залымдықтың мұндай түрін кім білген. Бұлардың қайсысы залым?

Б а с т ы қ: Жә, тынышталыңыздар. Басқа айтатының бар ма?

Қ а у ғ а б а й: Бар болғанда қандай! Мен басқарған комиссия тау-тас мәселесімен де нетті. Жолсыздықтың көкесі сонда. Жауғабай «жолдас тас кеміріп, құм шайнап күн көріп жүр деуге толық негіз бар. Оның асқазанына мәшине-мәшине тасың жұғын да болмайды. Қараңдаршы, түк білмегендей тымырайып отыруын.

Ж а у ғ а б а й: Боз даланың боз шаңынан басқа бірдеңе табар ма екенсің асқазанымнан. Аппаратың болса, қарашы, қане.

Қ а у ғ а б а й: Сендейлерді қарайтын жер табылар. Сен партияның меншігіндегі тастарды сатасың.

Б а с т ы қ: Түсінікті. Дауғабай, кезек сенікі.

Д а у ғ а б а й: Жолдастар, тек ақиқат ашылып, әділ қазылық айтатын алқалы жиында имандай шындыққа жүгінуіміз шарт. Сонда ғана біз партия алдындағы және сіздің алдыңыздағы адал борышымызды атқара аламыз деп ойлаймын. Қауғабай жолдас жеріне жеткізе тексермеген. Оның өзіндік себебі де бар. Жауғабай жолдас пен Қауғабай жолдас ауыз жаласып, қылмысты бірге істеп отыр. Әйтпесе іргеде ұлан-ғайыр құм жатқанда, біздің құрылысшыларымыз құмды өзге өңірден таси ма?

Ж а у ғ а б а й: Құрамы келмесе қайтеді енді?

Д а у ғ а б а й: Ол құр әншейін сылтау. Бұл Орталықтан келетіндер үшін тұрғын үй салу қарқынын қасақана бәсеңдету болып табылады.

Ж а у ғ а б а й: Маған да кезек келер. Соға бер.

Д а у ғ а б а й: Шиқаныңа тиіп кетті ғой деймін, Жауғабай жолдас.

Б а с т ы қ: Әрі қарай.

Д а у ғ а б а й: Әрі қарай айтсам, қадірлі Басеке, Қауғабай жолдас жекеменшік малды реквизиция жасауда үлкен көзбояушылыққа жол беріп отыр. Баса айтамын. Саналы түрде жол беріп отыр. Ол уақ мал деп тек қойды ғана көрсеткен. Ешкілерді ескермеген. Ал ешкілердің егіздеп, тіпті сегіздеп туатыны белгілі. Оны айтасыз, оның есебінде есектер мүлде жоқ. Ал біздің өлкемізде есек көп. Мынау отырған Мауғабай шалдың үйінде бір қора есек бар.

Ж а у ғ а б а й: Есегімен бірге Мауғабай шалдың қорасы толған бүрге. Құдай біледі, ышқырында биті де болу керек. Айтқасын бәрін де айтпайсың ба? Бит те үй жануары ғой.

Б а с т ы қ: Саған кезек келген жоқ, Жауке.

Ж а у ғ а б а й: Кезегімді бермей мысымды құртты ғой. Мыналардың қорлығы өтіп барады.

Б а с т ы қ: Жарайды, жалғастыра берші.

Ж а у ғ а б а й: Мен жалғастырсам былай, Бастық. Дауғабай көртышқандар мен құмырсқаларды ғана жұмсап отырған жоқ. Мен сиырлардың жапаларын де тексеріп көрдім. Оның ішінде де дән жүр. Торғайлардың ұясында да дән бар. Демек, Дауғабай бәрімен шарт жасасқан. Ал Қауғабайға келетін болсақ, оның ең мықты одақтасы – қасқыр. Қауғабайдың арғы атасының біреуінің аты – Бөріемген, яғни, қасқырдың сүтімен ауызданған. Сырттай бір-біріне айбат көрсеткенімен, туыс туыстығын жасамай тұрмайды.

Б а с т ы қ: Түсінікті. Қорытынды жасайтын уақыт жетті ғой деймін. Қылмысты әрекеттер ашылды. Енді жазаларын белгілеп, қаулы қабылдауымыз керек. Қане, кімде қандай ұсыныс бар?

Ж а у ғ а б а й: Қауғабай мен Дауғабай орнынан алынсын, ортамыздан аласталсын. Сол керек оларға, атаңның гөрі. Бастық, мені білесің ғой.

Д а у ғ а б а й: Басеке, мен өзіңізге деген көңілімді білдіргенмін. Қобдиыңыздың бірегей тарихи мұра екенін алғаш атап өткен мен едім. Ал Қауғабай мен Жауғабайдың қылмыстары ауыр екенін өзіңіз көрдіңіз. Менімше, заң орнына берген жөн.

Қ а у ғ а б а й: Бұл қоғамға ең көп неткен, еңбек сіңірген мен. Жасым да үлкен. Кетсе Дауғабай мен Жауғабай кетсін.

Д а у ғ а б а й: Жоқ, сіздің жолыңыз, Қау-аға, жасыңыз үлкен.

Ж а у ғ а б а й: Ура! Дұрыс айтады – үлкендер кетсін. Қауғабай мен Дауғабай!

Д а у ғ а б а й: Қауғабай мен Жауғабай!

Қ а у ғ а б а й: Дауғабай мен Жауғабай!

М а у ғ а б а й: (Бақшагүлге) Мыналар неменеге хауа-хауа деп кетті.

Б а қ ш а г ү л: Е, бұл үшеуінің айтысы біткен бе, ит пен мысықша ырылдасады да жатады ғой, әйтеуір.

М а у ғ а б а й: Әй, береке тапқырлар-ай, бұларға не жетпейді осы?

Б а қ ш а г ү л: Тақ жетпейді.

М а у ғ а б а й: Таласып отырған тақ тұрлаусыз. Қой, бұлар айтысып жатқанда жұмыстың жайын кім ойлайды. Қайтайық, келін. (Екеуі шығып кетеді. Үшеуі тағы айтысады.)

Ж а у ғ а б а й: Өлтірсең де өзің өлтірші, Бастық.

Д а у ғ а б а й: Иә, не болса да осы жолы окончательно шешіңіз.

Қ а у ғ а б а й: Неңізге… төрелігіңізге құлдық.

Б а с т ы қ: Катюша, милиция шақырыңыз. Мыналардың бәрін алып кетсін. (Үшеуі де состиып қалады. Бір кезде естерін жиып, бір-біріне қарайды.)

Қ а у ғ а б а й: Әй, біздікі не жорық осы, өз немізді өзіміз ашып.

Д а у ғ а б а й: Соны айтамын-ау.

Ж а у ғ а б а й: Бәрімізді түрмеге жапқанда кім жұмыс істейді, Бастық?

Б а с т ы қ: Орталықтан келеді.

Д а у ғ а б а й: (Қобдиды жанап өтіп, ақша салып кетеді). Қызыл қырманнан кеусен деген болады.

Қ а у ғ а б а й: (Қобдиды жанап өтіп) Қыруар малдың ішінде бәсіре жүреді.

Ж а у ғ а б а й: Жеңгейдің білезігі қашан да қайнысының мойнында. (Қобдиды жанап өтеді.)

Б а с т ы қ: Дұрыс. Дегенмен бұл жиналыстан бір қорытынды шығаруымыз керек. Бір адамды наказать етпесе болмайды. Мен Орталыққа солай деп хабарлап та қойдым.

Д а у ғ а б а й: Дап-дайын Мауғабай бар емес пе?

Ж а у ғ а б а й: Дұрыс айтасыз, Дәуке. Сол шалдың барынан жоғы.

Қ а у ғ а б а й: Иә, қойға да нете алмай қалды өзі. Бірақ оған не қылмыс тағамыз?

Д а у ғ а б а й: Оны жаңа айтқан жоқсыңдар ма? Есегін, бүргесін, битін есепке кіргізбегені жетіп жатыр.

Қ а у ғ а б а й: Үшеуіміз бірдей мөрлесек, кім айырып алады біздің қолдан.

Д а у ғ а б а й: Ағайынның ауызбірлігі деген, міне, осы болады.

Ж а у ғ а б а й: Әкеліңдер, мен бірінші қоямын қолды. Ең болмаса осы жерде беріңдерші жолымды, атаңның гөрі.

Д а у ғ а б а й: Ала ғой, Жауғабайжан, «жас келсе іске» деген. Осындайда белсенділік көрсеткенің дұрыс-ақ.

Қ а у ғ а б а й: Басеке, қағаз дайын, қылмыскерді әкете беруге болады.

Б а с т ы қ: Катюша, Мауғабай – қылмыскер, вредитель. Ол жөнінде бүкіл халыққа үлгі болатындай етіп директива дайындаңыз.

Х а т ш ы қ ы з: Құзырыңызға құлдық, Басеке. Қазір арнайы наряд жөнелтіледі Мауғабайды алып кетуге. (Шығады.)

Б а с т ы қ: Дегенмен, басқару структурасын да нығайтуымыз керек.

Б а р л ы ғ ы: Қалайша? Қайтіп?

Б а с т ы қ: «Екі қошқардың басы бір қазанға симайды» дей ме қазақ. Ал, сендер, тем более, үш қошқарсыңдар. Мүйіздерің қарағайдай. Сондықтан үшеуіңді үш айыру қажет.

Д а у ғ а б а й: «Ортақ егізден оңаша бұзау» болып жатса, қанеки.

Ж а у ғ а б а й: «Чем большой зам, лучше маленький сам», бөлсе бөлсінші.

Қ а у ғ а б а й: Әй, әліптің артын бағайықшы осы.

Б а с т ы қ: Қауғабай, сен күнгейліктің құрамына кіресің, ал Дауғабай теріскейліктерге телінесің. Сен болса, Жауқа, орталықтың өзіне тікелей бағынасың.

Қ а у ғ а б а й: Сонда қалай, басқа біреуге бағынамыз ба?

Д а у ғ а б а й: Бағынғанды айтасың, кірме боласың, мал-жаның жатқа байланып кетеді деп тұрған жоқ па?

Ж а у ғ а б а й: Атаңның гөрі, бұл патшаның боданы болғаннан да қиын ғой. Көнбейді оған Жауғабай, атам жаудан қайтпаған.

Б а с т ы қ: Қайда жүрсеңдер де, партияға бағынасыңдар. Вот солай, коммунизмнің табалдырығында тұрмыз. Ал сендер жершілдік, ұлтшылдық психологияны бүксіткілерің келеді. Әлде сендер коммунист емессіңдер ме?

Ж а у ғ а б а й: Коммунистпін, Бастық, большевиктің ұлымын.

Д а у ғ а б а й: Коммунситпін, әкем чекист.

Қ а у ғ а б а й: Коммунистпін, әкем колхозды өз қолымен құрған. (Бастық кнопканы басады, Хатшықыз кіреді.)

Х а т ш ы қ ы з: Кезекті директиваны жүзеге асыруға әзірмін, Басеке.

Б а с т ы қ: Бұл – жәй ғана кезекті директива емес, Катюша.Бұл – шешуші директива! Менің басшылығыммен жасалып жатқан революцияның шыңы. Ұқтың ба? Барлық идеологиялық құралдар осылай түсіндіретін болсын бұл шешімді. Сонымен Қауғабай шаруашылығы күнгейге кіреді, Дауғабай… (Телефон шылдыр ете қалады. Бастық түрегеп тұрып сөйлеседі.) Өзгеріс? Саясатта да күрт өзгеріс? Так, так… революциялық масштабтағы реформаны аяқтап қалып едік. Штансыз қалсақ та, цифрді жеткізетіндей болып едік.

Д а у ғ а б а й: Тағы қандай сыбаға дайындап жатыр екен мыналар бізге?

Ж а у ғ а б а й: Не болушы еді, жерді, елді бөлді, малды алды, енді семьясын шүлен таратқандай таратып жіберіңдер деп жатқан шығар.

Д а у ғ а б а й: Ә, ойың бұзық екен ғой, бала. Қаламның ұшына ілініп кетіп жүрме, байқа.

Ж а у ғ а б а й: Ей, қойшы-ей. Өзің көрдің аузында тұрып қорқытасың ба?

Қ а у ғ а б а й: Әліптің артын бағайық, жігіттер.

Б а с т ы қ: Түсіндіріледі, орындалады. Сау болыңыз. (Жүзі жылып) Сендердің қамдарың ғой сөйлесіп жатқаным. Орталық та жағдайларыңды қалай да жақсартуды ойластыруда. Әрине, кейбір жеке адамдардың тарапынан кемшіліктер кетті. Мәселен, жекеменшік малды құртуды алайық. Оны партия дер кезінде көрсетіп отыр.

Ж а у ғ а б а й: Қауғабайдың әрекеті ол. Жазалау керек.

Б а с т ы қ: Жоқ, партия өзінің солдаттарына кешіріммен қарайды. Мал өсіретіндер өсіре берсін, бақша айдағандар айдасын. Осы жүз грамға да орынсыз тиым сала береміз. Катюша, бізде мына қонақтар үшін бірдеңе бар ма өзі? Біз көп қиындықтарды бастан кешірген халықпыз. Біраз демалайық.

Ж а у ғ а б а й: Мынау рақат болды ғой. Бір тояйықшы, содан кейінгісін көре жатармыз, атаңның гөрі. (Қойнынан бөтелкесін суырып алады. Дауғабай, Қауғабайда да бөтелке. Той-думан.)

Қ а у ғ а б а й: Мен мына тосты халқымыздың жарқын болашағын жасаған неміз, көсеміміз Басекең үшін көтеруді ұсынамын!

Д а у ғ а б а й: Басекең біздің ырыс-құтымыз, әкеміз, асыраушымыз. Оған ұзақ өмір тілей отырып, оның адал, сенімді қызметшісі болуға шақырамын.

Ж а у ғ а б а й: Басекеңнің жолында өлемін, оның жауларының қолында өлемін, атаңның гөрі, әкем жаудан қайтпаған.

Б а с т ы қ: Иә, менің барлық саналы өмірім халыққа қызмет етуге арналды. Бірақ мен сендер болмасаңдар бұндай табысқа жете алмас едім. Мен сенімді серіктерім – сендер үшін көтеремін тосты. (Көтереді.) Катюша! Біраз ән салып, көңіл көтермейміз бе? Нан бар, енді ән керек!

Б а р л ы ғ ы: Нан бар, енді ән керек! (Бастық «Русское полені» бастайды. Оған бәрі қосылады, ән бітеді.)

Б а с т ы қ: Пляска! (Үшеуі билейді. Бастық оларға қарап арақ ішіп отырады. Хатшықыз қызмет көрсетеді. Бір кезде Бастық құлайды. Оны Хатшықыз сүйемелдеп демалыс бөлмесіне әкетеді. Сонда ғана үшеуден үшеу билеп жатқанын байқаған үшеуі тоқтайды. Жауғабай қазақша өлең бастап жібереді де, кенеттен Дауғабайды құшақтайды.)

Ж а у ғ а б а й: Бауырмыз ғой біз, көке, бауырмыз.

Д а у ғ а б а й: Тетелесім-ау, арамызда түсік жоқ қой біздің.

Қ а у ғ а б а й: Қос бауырым менің, қоңыр қозыларым.

Д а у ғ а б а й: Қау-аға, біз бір жағынан сүйек жекжатпыз ғой. Сіз менің түп нағашым боласыз.

Қ а у ғ а б а й: Баяғыда менің бір апам сенің атаңа тиген. Сен содан қалған тұяқсың ғой, жиенжан.

Ж а у ғ а б а й: Мен сендердің аталарыңа екі апамды бірдей бергенмін. Екеуің де маған жиенсің.

Д а у ғ а б а й: Біздің үйдегі де әкпең ғой, мен саған жезде боламын, Жауғабайжан.

Ж а у ғ а б а й: Құлағыңнан тартайыншы жездеке. (Бұлар құшақтасып жүргенде Бастық пен Хатшықыз кіреді. Бастық сауығып кеткен.)

Б а с т ы қ: Жұмыс істеу керек, жолдастар. Осы жұмыс істеп жатқан адам бар ма?

Д а у ғ а б а й: Бақшагүл бақшада істеп жатыр.

Х а т ш ы қ ы з: Өтірік, ол бір апта болды, қызын ұзатудың қамымен жүр.

Б а с т ы қ: Мауғабай қайда?

Х а т ш ы қ ы з: Мауғабай әлі срогін өтеп болған жоқ.

Ж а у ғ а б а й: Орталықтан келгендер тау бұзып, тас жарып жатыр.

Х а т ш ы қ ы з: Олар получкадан кейін өздеріне демалыс жариялаған. Шабаш.

Б а с т ы қ: Тағы да орталықтан жұмысшы күшін сұрауға тура келеді. Оларға бездельниктердің үйлерін босатып беру керек.

Қ а у ғ а б а й: Басеке, маған бір ой келіп тұрғаны.

Б а с т ы қ: Айт, біз мәселені коллегиально шешуіміз керек.

Қ а у ғ а б а й: Мауғабайға нетсеңіз, помилование берсеңіз қайтеді? Кемпіріне малды жалғыз бағу ауырлау болып жүр.

Д а у ғ а б а й: Егіншілікте жалғыз істеу Бақшагүлге қиындау тиіп жүр. Ана көршінің қызы оныншы бітірді. Соны қоссам деймін. Өзі ән де салады.

Ж а у ғ а б а й: Мендегілер шетінен әнші. Получкадан кейін апта бойы тоқтамай айтады.

Б а с т ы қ: Бұл ойларыңның зерносы бар. Мауғабайды босату керек. Қалған жазасын еңбекпен өтесін. Ал көршінің қызын жүгеріге жіберген жөн. Дала аруы! Журналистерге қандай тамаша тақырып, ә…

Д а у ғ а б а й: Трактор айдатамыз, түйенің өркешінде өскен қазақтың қызына трактор айдау түк емес.

Б а с т ы қ: Дұрыс, олар партияның жылы алақанын сезінуі тиіс.

Х а т ш ы қ ы з: Түсіндім, Басеке, директива қазір дайын болады.

Б а с т ы қ: Маған тағы бір үлкен ой келіп тұрғаны. Біз еңбекшілерді ынталандыруымыз керек емес пе? Оларды наградаға ұсынайық.

Ж а у ғ а б а й: Көрсеткішіміз төмен болып жүрмесе…

Д а у ғ а б а й: Сен де бір болмайтын сөзді айтады екенсің. Көрсеткіш деген цифр емес пе, қағаз бен қалам бәрін көтереді.

Қ а у ғ а б а й: Бізді көрініп тұрған ненің, коммунизмнің табалдырығына алып келген сіз. Сіз болмасаңыз осындай ұлан-асыр неге ешкім жете алмас еді. Сондықтан ең үлкен награда өзіңіздікі. Сіз халқымыздың қаһарманысыз!

Д а у ғ а б а й, Ж а у ғ а б а й, Қ а у ғ а б а й: Халқымыздың қаһарманы жасасын! (Бәрі тост көтереді.)

Д а у ғ а б а й: Ізін суытпай протоколдап жібермейміз бе?

Қ а у ғ а б а й: Иә, әлгі Хатшықыз қайда?

Х а т ш ы қ ы з: Осындамын.

Б а с т ы қ: Бұл мәселеге мені араластырмайтын шығарсыңдар. Мен жұмысымды жалғастыра берейін. (Демалыс бөлмесіне кетеді.)

Х а т ш ы қ ы з: Бастықтан басқа кімді ұсынасыздар?

Ж а у ғ а б а й: Тұрған жоқпыз ба бәріміз де қарағайдай болып.

Х а т ш ы қ ы з: Бәріңді бірдей өткізбейді. Еңбек адамын араластырмаса болмайды.

Д а у ғ а б а й: Хатшажан, қарағым-ау, түсінігің бар бала едің ғой, осы мәселеге келгенде неғып солқылдай қалдың. Жаза бермейсің бе, Қау-ағаңды шопан, Жауғабайды шахтер, мені сушы деп жаз.

Қ а у ғ а б а й: Апырай, кейін нетіп, былай… шиі шығып жүрмей ме?

Д а у ғ а б а й: Орталықтағылар қай қазақтың фамилиясын біліп жатыр. Екі вариант дайында, қайсысы қолайлы болса, сонысы өтеді.

Ж а у ғ а б а й: Апырай, мынау бір рақат дүние болды ғой. Коммунизм дегенің осы шығар.

(Бастық кіреді.)

Б а с т ы қ: Қалай, бітірдіңдер ме?

Қ а у ғ а б а й: Соны былай атап өтсек деп едік.

Б а с т ы қ: Міндетті түрде!

Ж а у ғ а б а й: Біздің еліміздің қаһарманы үшін!

Д а у ғ а б а й: Біздің еліміздің екі мәрте қаһарманы үшін!

Қ а у ғ а б а й: Біздің еліміздің үш дүркін қаһарманы үшін!

Х а т ш ы қ ы з: Біздің еліміздің төрт мәрте қаһарманы үшін!

(Бәрі қосылып Е. Хасанғалиевтің «Ильич» әнін орындайды. Бастық Хатшықыз ұсынған қағаздарға қол қоя береді. Ән аяқталғанда телефон шылдыр ете қалады.)

Б а с т ы қ: (Телефонды көтеріп) Тыңдап тұрмын. (Орнынан атып тұрып.) Не дейсіз? Сұмдық қой бұл? Дұрыс айтасыз, жөргегінде тұншықтыру керек. Індет ішінен шықпауға тиіс. Көнбей көзіне қарасын. (Трубканы орнына қояды.) Жолдастар, жаңа директива!

 

 

ІІ БӨЛІМ

 

Орынтақ бос. Алдында гу-гу жиын.

Д а у ғ а б а й: Халқым, алашым, жұртым, жұрағатым, ата көзің ашылатын уақыт таяу. Тәуелсіздік туы маңдайшаңда желбіреп, елтаңбаң төріңді әруақтандырып, әнұраның әлемге әуелейтін күн туып келеді алдыңда. Енді тайсақтаудың да, жалтақтаудың да реті жоқ. Өз билігімізді өзіміз алып, арбамызды өзіміз айдайық.

Қ а у ғ а б а й: Дауғабай дұрыс айтады. Енді нетпесек болмайды. Ел билейтін азаматтар арамызда аз емес, иә.

Ж а у ғ а б а й: Құдай деп айтайын, біз осылай қысыр сөзді соза берсек, тағы да заң өзгереді де, орынтаққа сырттан келген біреу отыра кетеді.

М а у ғ а б а й: (Бақшагүлге) Не дейді мыналар, жұмыс істейік дей ме?

Б а қ ш а г ү л: Халқым, халқым деп қақсап қалыпты ғой, әйтеуір бәрі.

М а у ғ а б а й: Е, олары жөн, естері кірейін деген екен.

Б а қ ш а г ү л: Шеттерінен жүзіктің көзінен өтердей жалпылдайды, көкейлерінде басқа бірдеңе бар-ау.

М а у ғ а б а й: Мейлі ғой, әйтеуір, малдың жағдайын жасаса болды да.

Б а қ ш а г ү л: Күнде жиналыспен жүріп, менің бақшамның да мезгілі өтіп барады.

Қ а у ғ а б а й: Ау, көпшілік, бірлікке неткен дұрыс, бірақ былай ненің жөнін айтпайсыңдар ма?

Х а т ш ы қ ы з: Бәріңіз де жоғарының бағытын күнделікті оқып-біліп отырсыздар. Қайта құру керек.

М а у ғ а б а й: Қыру керек дейді?

Б а қ ш а г ү л: Құру керек дейді.

М а у ғ а б а й: Құдай алмаса қайда құримыз?

Қ а у ғ а б а й: Қайта құруды неден бастаймыз сонда?

Х а т ш ы қ ы з: Неден болушы еді, әрине, кадрлардан бастаймыз.

Ж а у ғ а б а й: Дұрыс, Жүз, то-есть тоқсан процент ауысуы керек.

Қ а у ғ а б а й: Сонда қалай, жазықсыздан жазықсыз қызметті нетіп кете береміз бе?

Ж а у ғ а б а й: Жасына, стажына қарай кетеді.

Д а у ғ а б а й: Жолдастар, былай ғой, жүз процент ауыстыру керек десе, солай-ақ болсын. Біз қай кезде де асыра орындауға үйреніп қалған халықпыз.

Ж а у ғ а б а й: Асыра сілтеуге де.

Д а у ғ а б а й: Олай деме, асыра орындау біздің ұйымдастырушылық қабілетіміздің күштілігін көрсетеді.

Қ а у ғ а б а й:  Сонымен тоқетерін нетші.

Д а у ғ а б а й: Тоқетерін айтсам, мен қызметімнен өз еркіммен кетем.

М а у ғ а б а й: (Бақшагүлге) Не дейді анау, жұмыс істейміз дей ме?

Б а қ ш а г ү л: Жұмыстан кетем дейді.

М а у ғ а б а й: Е, есі кірейін деген екен.

Қ а у ғ а б а й: Дауғабай-ау, пенсияға жасың неткен жоқ қой.

Д а у ғ а б а й: Мына заманда мен түгіл, жасыңыз жақындаған сіз де пенсияға тып-тыныш шыға алмайсыз, Қау-аға. Алда әлі айқай көп. Сондықтан із суытып, орын ауыстырмаса болмайды.

Х а т ш ы қ ы з: Бізде бос вакансия жоқ. Қайта, штатты қысқарту керек деп жатыр.

Д а у ғ а б а й: Маған бос вакансияның керегі жоқ. Жауғабайдың орнын берсеңдер жетеді.

Ж а у ғ а б а й: Мен қайтемін?

Д а у ғ а б а й: Сен Қауғабайдың орнына бар.

Қ а у ғ а б а й: Жарға итергілерің келіп тұрғаны мен бе?

Х а т ш ы қ ы з: Сізге Дауғабайдың орны босайды. Сонда бізде кадр жүз процент ауысқан болып шығады. Тамаша идея! Ақпар бергенге оңды болды.

М а у ғ а б а й: (Бақшагүлге) Не дейді аналар?

Б а қ ш а г ү л: Қызметтерін қайта бөлісіп жатыр.

М а у ғ а б а й: Қолдарынан не мал бағу, не су суғару келмеген соң қайтсын енді.

Х а т ш ы қ ы з: Бұл мәселені осымен бітті дейміз. Қазір жоғарыға ақпарат жіберемін.

Д а у ғ а б а й: Иә, бұл мәселе бітті. Анкета тазарды. Бәріміз де ескі жерден із суыттық. Енді негізгі мәселені ойлайық та, Хатшажан.

Х а т ш ы қ ы з: Қызметті жуу мәселесін айтасыз ба?

Д а у ғ а б а й: Ішің біліп тұр ғой, Хатшажан, тереңсің, бірақ бойлатпайсың, ананы айтамын. (Орынтақты көрсетеді.) Сайлаудың мерзімі қашан деймін?

Х а т ш ы қ ы з: (Орынтаққа қарап) Иә, мынау бар екен ғой. Енді бұл жоғарының құзырында емес, халықтың қалауында.

М а у ғ а б а й: Бітетін түрі бар ма мыналардың?

Б а қ ш а г ү л: Асықпа, бізге қарап күнбағысша иілгелі тұр. (Орнынан тұрып) Оу, игі-жақсылар, «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізердің» кері келіп тұр ғой. Малдың жемшөбін дайындап жатқан адам жоқ, егістік болса шөліркеп ол тұр. Ал сендердің қысыр әңгімелерің бітер емес. Мау-атам екеуміз енді күте алмаймыз. Шаруамызға кетеміз.

Д а у ғ а б а й: Бақшагүл, қарағым, сайлау да маңызды науқан.

Ж а у ғ а б а й: Жеңеше, сен өйтіп бағаңды көтере берме. Жиналысқа шақырса бақшам, бақшам дейсің, ал өзің базардан шықпайсың.

Б а қ ш а г ү л: М-м… мен саудамен жүргенде, егінді өсіріп жатқан сендер екенсіңдер ғой. Ертең біреуіңе де дауыс бермеймін. Үшеуіңді де сызып тастаймын.

Қ а у ғ а б а й: Келінжан, былай… не боп… керек боп тұрсың ғой енді.

Б а қ ш а г ү л: Керек қылған қайнаға өзі тауып алады. Жүр, ата, кеттік. (Мауғабай екеуі шығады.)

Д а у ғ а б а й: Осы сенің қызбалағың-ай, Жауғабай.

Ж а у ғ а б а й: Қайсы біріне жалынамыз. Қыздарына жасау керек болса, келеді өзі-ақ.

Д а у ғ а б а й: Сенімдімін десеңші. Қой, мен қайтайын. Бірақ кандидат ұсынатын жиналыстың мерзімін ұзаққа созбайық, Хатшажан.

Қ а у ғ а б а й: Мен де жүрейін. Жаңа шаруаға кіріспес бұран, ескісін нетіп кету керек.

Ж а у ғ а б а й: Оның рас, шал. Әр малдың тісін қарап, тіпті үстіндегі қылшығына дейін санап қабылдаймын, білдің бе?

Қ а у ғ а б а й: Кімнің нені қабылдайтынын кезінде көреміз. (Кетеді.)

Ж а у ғ а б а й: Қорқытады-ей мына шал.

Х а т ш ы қ ы з: Немене, сенің шаруаң жоқ па, Жаука?

Ж а у ғ а б а й: Шаруаның үлкені өзіңде болып тұр ғой, Хатшажан, неге түсінбейсің?

Х а т ш ы қ ы з: Түсінемін, түсінгенде қандай!

Ж а у ғ а б а й: Түсінген түйсігіңнен неге садаға кетпеймін.

Х а т ш ы қ ы з: Түсінгенде тұрған не бар? Бәрін, бәріңді түсінемін.

Ж а у ғ а б а й: Түсінген соң енді…

Х а т ш ы қ ы з: Түсінемін де қоя саламын.

Ж а у ғ а б а й: Түу, садистің өзісің ғой, аяушылық жоқ.

Х а т ш ы қ ы з: Аяғанда қолымнан не келсін.

Ж а у ғ а б а й: Бәрі келеді. Бүкіл қазына қолыңда болады.

Х а т ш ы қ ы з: Көрмедік қой ол қазынаңды. Өзіңнің мыржық әйеліңнің төбесінен төмен қарай құйып жатқан шығарсың.

Ж а у ғ а б а й: Сенен аяғанды ит жесін, атаңның гөрі. Міне, мынау білезікті саған арнап әдейі соқтырғанмын.

Х а т ш ы қ ы з: Қой, мыртығың алмай қойған соң әкеліп тұрған шығарсың?

Ж а у ғ а б а й: Құдай біледі, саған арнап соқтырдым. Қане, әкелші өз қолыммен салайын. (Білезікті қолына салып, қысып-қысып қояды.)

Х а т ш ы қ ы з: Қандай мәдениеттісің.

Ж а у ғ а б а й: Әдеп сақтап тұрмыз ғой енді.

Х а т ш ы қ ы з: Сөзің қандай сүйкімді, әйелдің жүйкесін еріксіз босатады.

Ж а у ғ а б а й: Сол ғой менің де күткенім.

Х а т ш ы қ ы з: Оның үстіне мынандай қымбат сыйлық алған әйелдің жүйкесі қалай босамасын.

Ж а у ғ а б а й: Қайран білезігім, сиқырсың ғой сен, сиқырсың. (Ұмтылады.)

Х а т ш ы қ ы з; Қой-ей, біреу-міреу кіріп қалар. Мыртық әйеліңе жетсе…

Ж а у ғ а б а й: Жауғабайды алған бетінен ешкім қайтара алмайды, атаңның гөрі, әкем жаудан қайтпаған.

Х а т ш ы қ ы з: Мына орынтақ та қайтара алмай ма?

Ж а у ғ а б а й: Орынтақ та.

Х а т ш ы қ ы з: Егер саған келіп: «Жауғабай, не орынтақты таңда, не Хатшықызды таңда» десе қайтер едің?

Ж а у ғ а б а й: Сені ешкімге де, ештеңеге де айырбастамаймын. Жауғабай айтты, бітті.

Х а т ш ы қ ы з: Айтпақшы, сен жаңағы екеуінің қайда кеткенін білесің бе?

Ж а у ғ а б а й: Қайда кетсе, онда кетсін, шаруам жоқ. Менің қасымда сен болсаң болды.

Х а т ш ы қ ы з: Ол екеуі мынаның (орынтақты көрсетеді) қамымен кетті.

Ж а у ғ а б а й: Не дейді?

Х а т ш ы қ ы з: Иә, олар сенен ұрланып, ауыл адамдарын өз жақтарына қаратуға үгіттеп жүр. Түгел қаратып алып та қойған шығар.

Ж а у ғ а б а й: Қап, құдайдың ұрғаны-ай, ә! Мен мұнда неғып тұрмын езіп? Қазір жетейін, көрсетейін мен оларға. Бұл жолы жығыла қоймас Жауғабай. (Тұра жүгіреді.)

Х а т ш ы қ ы з: (Ішек-сілесі қата күліп) «Жауғабай айтты, бітті». «Сені ешкімге айырбастамаймын». Орынтақ десе дүниедегі басқа ләззаттың бәрін ұмытып кететін ағаларым-ай! (Қолына шүберек алып, орынтақты сүрте бастайды.) Енді кімнің хатшысы болар екенмін? (Телефон шырылдайды, Хатшықыз көтереді.) Хатшы тыңдап тұр. Түсінікті. Барлығы да заңға сәйкес өтеді. (Трубканы қояды. Көрермендерге) Сайлау жақын. Ағалардың айқасы енді қызады.

(Сахнаға Мауғабай шығады, Қауғабай шаужайлап келеді.)

Қ а у ғ а б а й: Мәуке, былай мойын бұрсаңшы енді.

М а у ғ а б а й: Нені мойындаймын? Тергеушің мойындатып болған мені, енді маза беріңдер.

Қ а у ғ а б а й: Мойын бұрсаңшы деймін.

М а у ғ а б а й: Е, бұрылмайтын шошқа болып кетті дейсің бе мені. Түйемойын қазақтың өзімін ғой. Айтсам, түрмеге салып көрсеткен қорлықтарыңды айтамын. Ол жақта бит пен бүрге көп екен, соның есебін неге алмайсыңдар осы?

Қ а у ғ а б а й: Жарықтық-ай, о заман… былай… қиын заман болды. Өзіңді қанша қорғасақ та, қолымыздан ештеңе келмеді.

М а у ғ а б а й: Енді қолдарыңнан бірдеңе келетін болып қалды ма?

Қ а у ғ а б а й: Келер еді, бірақ сендерге байланысты, былай нетіп жіберсеңдер болар еді.

М а у ғ а б а й: Нетіп жіберің не, соғып жібер дейсің бе? Шатаққа жоқпын, айналайын.

Қ а у ғ а б а й: Мау-аға, ешкімді соқ деп тұрған жоқпын. Маған дауыс бер деймін.

М а у ғ а б а й: Құдай берген дауысты құдай алады да, саған қайтіп беремін? Құдай берсін!

Қ а у ғ а б а й: Қағазға жазылған басқа фамилияларды нетіп, урнаға салсаң болды.

М а у ғ а б а й: Ұраға сал дейсің бе, ұраға салатын астығым жоқ. Тек жүрген тоқ жүреді.

Қ а у ғ а б а й: Мәуке, осы екеуміз ағайынбыз ғой. Екеуміз де Тақиялы атамның балаларымыз.

М а у ғ а б а й: Апырай, сен де ата жөнін біледі екенсің ғой.

Қ а у ғ а б а й: Қызмет бабымен айта бермейміз ғой. Әйтпесе, бәрі ішімізде. «У ішсең руыңмен» деген, Тақиялы атам ұрпақтарының сыналар күні туып тұр. Өзің бастап, ағайындарды соңыңнан ертіп, осыған күш салыңдар. «Бір кісі таққа отырса, жүз кісі атқа отырады» деген бар.

М а у ғ а б а й: Өзің бүгін шешен болып кетіпсің ғой. Таңдайың тақ-тақ етеді.

Қ а у ғ а б а й: Мәуке-ау, шешен болмай сақау болсам да өз қаныңызбын ғой, әйтеуір. «Қанына тартпағанның қары сынсын». Жағдайыңызға қарасып тұрамын.

М а у ғ а б а й: Жағдайыма қарасасың, ә. Жөн, жөн. Айтпақшы, Қауғажан, менің қолымдағы биеңнің биылғы құлынын қасқыр жеп қойды.

Қ а у ғ а б а й: Бұйырмаған мал да, қайтеміз енді.

М а у ғ а б а й: Былтырғы тайы жоғалып кетті.

Қ а у ғ а б а й: Не дейд? (Көрермендерге) Қап, мына шалдың қорлығын-ай, ә. (Мауғабайға) Тай табылар, тақты айтсаңшы.

М а у ғ а б а й: Иә, соны айт. Тай деген не, тәйірі, таққа отырған адамға. Бірақ сол биенің өзі Сорбұлақтың батпағына батып өліп қалыпты.

Қ а у ғ а б а й: (Көрермендерге) Құдай мысымды құртып тұрғаны-ай. Жайшылықта болса, өзін батырар едім батпаққа. (Мауғабайға) Мейлі, мал садақа. Дауыс берсең болды.

М а у ғ а б а й: Е, енді дауыс бермегенде қайтемін. Әрине, беремін.

Қ а у ғ а б а й: Бәрекелді, Мәуке. Иә, әруақ қолдай гөр. (Кетеді.)

М а у ғ а б а й: Мауғабайдың есебі түгенделді. (Кетеді.)

(Сахнаға Дауғабай мен Бақшагүл шығады.)

Б а қ ш а г ү л: Әңгіме бітті осымен. Мен ештеңе білмеймін.

Д а у ғ а б а й: Екеуміз екі облыстан болғанымызбен, түбіміз бір ғой, Бақшагүлжан.

Б а қ ш а г ү л: Бүкіл қазақтың түбі бар.

Д а у ғ а б а й: Оның рас қой, Бақшажан. Сөзіңнің терісі жоқ. Ақылды, түсінігі мол біздің жақтың қызы екенің бірден байқалады. Тегінде, шіркін, біздің жақтың қыздары бауырмал, сарамжал келеді. Әттең, қайтесің, мына топы-тақиялыларға бұйырыпсың. Бұлар бар ғой, біздің қыздар болмаса, қатынсыз қалады. Осыларға жақсы ұрпақ тауып беріп жүрген сендерсіңдер. Дегенмен Бөрікті атамыздың әруағын да ұмытпағандарың дұрыс.

Б а қ ш а г ү л: «Киіз кімдікі болса, білек сонікі».

Д а у ғ а б а й: Тек, үйтіп сүйегіңді сатпа. Сен Бөріктісің. Қазақтың нағыз зиялылары біздің Бөріктіден шыққан.

Б а қ ш а г ү л: Шыққандарыңыз сол ма, бақша айдатып қойдыңыздар.

Д а у ғ а б а й: Әттең, билік тимей жүр ғой қолға. Билік тиген күні үлде мен бүлдеге орап қоямын осындағы Бөріктінің бар қыздарын.

Б а қ ш а г ү л: «Қашпаған сиырдың уызына жерік қылып» қайтесіз.

Д а у ғ а б а й: Бүгін кешке үйге келсеңдерші, жеңгеңнің шәйін ішіп, көйлегін киіп қайт. Күйеу бала момын жігіт қой, сенің айтқаныңнан шықпайтын шығар.

Б а қ ш а г ү л: Оны қойыңыз, өзім дегенде өңмеңдеп кетеді, ал біздің жақты айтсаң жиырылып қалады.

Д а у ғ а б а й: Менің қарындасым болсаң, көндіресің. Білемін, Бөріктінің қыздары бір ер-тоқымды алдап ұстауға жарайды. Күйеу баланың да костюмі дайын.

Б а қ ш а г ү л: Қыздың жасауы да қинап тұрғаны. Шүкір, жоқ емеспіз ғой, сонда да нағашының жөні бөлек екен.

Д а у ғ а б а й: М-м… Әрине, нағашының жөні бөлек, ойбай-ау, жиенімнің алтын-күмісі мойнымда.

Б а қ ш а г ү л: Е, бәсе, Бөріктілер бармыз ғой.

Д а у ғ а б а й: Бармыз, Бақшажан, бармыз. Ал жақсы, мен кетейін, ұмытпа.

(Дауғабай шығады, Қауғабай кіреді.)

Қ а у ғ а б а й: Келінжан, жақсы болды ғой оңай тапқаным. Қалай, балаларың нетіп, ержетіп жатыр ма? Аман болсын, әйтеуір. Біздің тұқым ғой не де болса.

Б а қ ш а г ү л: Қайнаға, күнде көрсек те ілтипатыңызға ілмей кетуші едіңіз, бүгін жағдай сұрап қалыпсыз, жайшылық па?

Қ а у ғ а б а й: Келінжан-ау, жағдайларыңды нететін кез келіп тұр ғой. Бақша енді менің немде екенін ұмытпа.

Б а қ ш а г ү л: Қайнаға, мен де ініңізге: «Қайнағаға сәлем беріп келейік, үйден сыбаға жегізейік»деп күнде айтамын.

Қ а у ғ а б а й: Е, былай, ақылы бар келінсің ғой, оның жөн. Бірақ, алдымен үлкеннен дәметер болар, ертең біздікіне келіңдер. Тақиялының игі-жақсыларын шақырып жатырмын. Списокте сендер де барсыңдар.

Б а қ ш а г ү л: Оныңызға рақмет. Сіз егінге ауысты дегелі ініңіз де, үйдегі балалар да, «көкеміз бақшаның жерін судың басынан береді» деп қуанып жүр.

Қ а у ғ а б а й: Түсіндім, келінжан. Қалаған жер сенікі. Тек…

Б а қ ш а г ү л: Мен де түсіндім, қайнаға.

Қ а у ғ а б а й: Е, бәсе, солай болсын.

(Қауғабай кетеді, Жауғабай кіреді ентелеп.)

Ж а у ғ а б а й: Қайдасың, Қалпақтылар! Бармысың, ойбай! Атамыздың әруағына сиынып келіп тұрмын алдыңа. Қолда мені, қолтығымнан деме! Отырғыз орынтаққа, отыруға жараймын мен! (Пауза.) Мен Қалпақтымын деп біреуі шығатын емес қой бұлардың. Қайда кеткен қалың Қалпақты?

Б а қ ш а г ү л: Тамаққа кеткен, тамаққа. Бүгінде атаңның әруағын қанша аттандап шақырсаң да, «Құрғақ қасық ауыз жыртады». Менің Қауғабай қайнағам бүкіл Қалпақтыларды нағашы жұртым деп, қой сойып күтіп жатыр.

Ж а у ғ а б а й: Солай ма? Қап, атаңның гөрі. Ол қой сойса, ертең мен атан түйе соямын. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген сол болады. Қалпақтым кете қоймас менен. Ол аз десең, тауда орыстарым тағы бар.

Б а қ ш а г ү л: Таудағы орыстарыңа атасының тамағын алып, қызметімді жуатын едім деп Дауғабай кетіп бара жатқан.

Ж а у ғ а б а й: Бұнысы қиын болған екен. Бұл Дауғабай бар ма, жер түбіндегіні шалады. Ендеше мен малшыларға тарттым. Олар менің уысымда әзір. Бірақ сөзім сөз, жиен жеңеше. Ертең атан түйе соямын. Жиенді ертіп, қонақ боласың. Жиенді күтпегенде кімді күтемін мен, атаңның гөрі.

Б а қ ш а г ү л: Оның рас, «Жиен ел болады малды болса, желке ас болады жалды болса».

Ж а у ғ а б а й: Рақмет, жеңеше, рақмет.

Б а қ ш а г ү л: Неменеге рақмет? Қалпақтыларыңа қосақтала алмаймыз. Жиеніңнің жөні бөлек.

Ж а у ғ а б а й: Түсіндім, бүрсігүні.

Б а қ ш а г ү л: Е, мұның жөн. Бірақ биыл сиырымыз қысыр қалып тұрғаны.

Ж а у ғ а б а й: Жауғабай жігіт болса, егіз тудырады сиырыңды.

Б а қ ш а г ү л: Бәсе-ау, қысыр қалған сиырымды Жауғабай туғызбағанда кім туғызады деп ойлап жүруші едім өзім де.

Ж а у ғ а б а й: Жауғабай екі айтпайды, жеңеше, туғызамын. Ал мен малшыларға тарттым. (Кетеді.)

Б а қ ш а г ү л: Осы сайлау жылда екі-үш рет болып тұрса жарар еді. Жаңағы ел сорғыштардан талай жыл кеткен есемді қайтарып алар едім. Ал дауыс бергенде бар ғой, үшеуін де сызып тастаймын, қараң қалғыр. Бақшам аман болсын. Айтпақшы, бүгін суғаруым керек екен ғой. Қой, кеттім.

(Шығады. Телефон шылдырлайды. Хатшықыз келіп көтереді.)

Х а т ш ы қ ы з: Хатшы тыңдап тұр. Арыз? Қауғабайдың үстінен? Дауғабайдың да ма? Жауғабай да құр қалмаған шығар? Комиссия келеді деймісіз? Сайлаудың алдында қиын болды-ау. Күтеміз. Комиссияның жұмыс істеуіне бар мүмкіндікті жасаймыз. (Трубканы қояды, көрермендерге) Е, арыз жазбаса біздің қазақтарға ас батпайды. Бес уақыт намазын қаза қылғандай көреді. Қой, комиссияны қарсы алуға дайындалайын. (Шығады. Жауғабай кіреді. Қолында күрегі.)

Ж а у ғ а б а й: Атаңның гөрі, өзінің көрін қазайын мен үстімнен арыз жазғандардың. Қауғабай мен Дауғабай ғой жазып жүрген. Әрине, солар. Бірақ мен тірі тұрғанда аттатпаймын оларды орынтаққа. Жолына опырып ор қазып тастайын, жете бере желкесі қиылып жатсын сонда. Жауғабай алысты ма, аяғына дейін алысады. Әкем жаудан қайтпаған, атаңның гөрі.

Орынтаққа ол осы жағымен келеді. Мұнда шыға бергенде күмп ете қалады. Я, пыссымылда (қазуға кіріседі.) Әруақ жар бола көр. Біреуге ор қазған бірінші қазақ мен емес. (Хатшықыз сыртынан көріп кетеді. Қазып болған соң) Осылай, енді үйге бар да шаниып жата бер, Жауғабай. Менің қылмысым ашылды екен, өзгені де мерт етемін. (Кетеді. Қауғабай келеді, оның қолында да күрек.)

Қ а у ғ а б а й: Мен қай жерден жаздым? Артымды нетіп-ақ кетіп едім. Мына комиссия ішкен-жегенімнің бәрін ішіме кіргендей біліп тұр. Әрине, бұл Дауғабайдың ісі. Жауғабай да қарап жатқан жоқ. Ал, ендеше, мен де бұйыртпадым оларға. Бұл тақты орап тұрып ор қазып тастайын. Е, біреу нетіп, бастап та қойыпты ғой. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің» деген осы. Сендер түсесіңдер. (Қазып жатыр. Аяқтың дыбысы естіледі.) Біреу келе жатыр-ау, қой, кетейін, кейін келіп аяқтармын. (Кетеді. Дауғабай келеді.)

Д а у ғ а б а й: Мен бұларды құлатам ба деп жүрсем, бұлар мені құлатпақ. Дәмелерінің зорын. Осы Қауғабай мен Жауғабайға алдырмай жүрген ішімді кім біліп қойған? Төбеден түскендей ғой тура. Қай жерден қателестім? Бәле Хатшықыздан келіп жүрмесін. (Оны Хатшықыз естіп тұрады. Орды байқап) Оу, мыналар қазатын орларын қазып та қойыпты ғой. Бәсе, бір жағымда ағам, бір жағымда інім, жол беруші ме еді маған. Бірақ «біреуге ор қазсаң, қайтып шықпайтындай етіп терең қаз» деген, мен оны біржолата шыңырау қылайын. (Сол кезде Хатшықыз шығады да, телефонды бұрайды. Дауғабай орға бұғып қалады.)

Х а т ш ы қ ы з: Алло, Орталық па? Комиссия жұмысын аяқтады. Қорытындысы өздеріңізге жіберілді. Арнайы нұсқау күтемін, жақсы.

(Жауғабай кіреді.)

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан, қу жаным қалатын ба мына тексеруден. Не білдің?

Х а т ш ы қ ы з: Мен не білуші едім? Шетінен ысқаяқ екен, сыр алдырмайды.

Ж а у ғ а б а й: Сен жердің астындағыны да білесің. Тек маған келгенде қиқаясың да қаласың.

Х а т ш ы қ ы з: Неге, әнеукүні емес пе еді, осында жүйкемді босатып кеткенің? Тек «айтасыз да қоясыз» дегендей, жүйкені босатуын босатасыз-ау, артынан айдалаға қашады екенсіз.

Ж а у ғ а б а й: Түу, сен де қайдағыны ұмытпайды екенсің. Келіп тұрмыз ғой енді.

Х а т ш ы қ ы з: Келсең, қашасың қазір, оны да білемін.

Ж а у ғ а б а й: Қашпаймын, атаңның гөрі. Тек аналардың не деп кеткенін айтшы. Еруліге қарулы. Мен де айтқаныңды істеймін.

Х а т ш ы қ ы з: Не айтсам да ма?

Ж а у ғ а б а й: Не айтсаң да, Жауғабай сөзін жерге тастамайды.

Х а т ш ы қ ы з: Мына жерде бір ор бар. Өзің түскір, кімнің қазғанын… Сол ордың ішінде бір дәу мақұлық жатыр.

Ж а у ғ а б а й: Қойшы, шынымен бе?

Х а т ш ы қ ы з: Маған сенбейсің бе?

Ж а у ғ а б а й: Саған сенбей кімге сенемін?

Х а т ш ы қ ы з: Сенсең бар ғой, саған өтірік, маған шын, қорбаң-қорбаң еткен бір пәле. Өзім анықтап қарай да алмадым.

Ж а у ғ а б а й: Көме салайық та ол пәлені.

Х а т ш ы қ ы з: Сүйтеміз бе, ә? (Осы кезде ордан бір дыбыс шығады.) Әне, естідің бе даусын? Қасқыр құсап ұли ма, қалай? Бәсе, қаңғыған қасқыр шығар мұнда адасып түсіп кеткен.

Ж а у ғ а б а й: Қайдағы қасқыр? Ауыл үйдің иті болар. Көмемін де тастаймын. (Ордан ит құсап үрген дыбыс шығады.)

Х а т ш ы қ ы з: Шынында ит-ау деймін. Бірақ мәселе онда емес, жаңа байқамай сол орға сен берген білезікті түсіріп алғаным.

Ж а у ғ а б а й: Қап, әттеген-ай, ә. Ендеше мен үйге барып мылтық әкелейін де атып тастайын. Содан соң саты түсіріп… (Дыбыс тағы шығады, енді адамға ұқсайды.)

Х а т ш ы қ ы з: Өзің қайдағы бір бұралқы иттен қорқып тұрғаннан саусың ба, батырым-ау? Жаңа ғана алған бетімнен қайтпаймын дегенің қайда?

Ж а у ғ а б а й: Қорқып не көрініпті, атаңның гөрі. Әкем жаудан қайтпаған. (Орға секіріп түседі.)

Х а т ш ы қ ы з: Көрсін біраз көкелерім, ор қазғанның қандай екенін. Ә, үлкен көкем де келе жатыр екен ғой жарыққа үймелеген көбелектей болып. (Қауғабай кіреді.) Сәлеметсіз бе?

Қ а у ғ а б а й:  Аман ба, Хатшықыз? Не жаңалық бар?

Х а т ш ы қ ы з: Жаңалық көп, анда барыңыз, қызық көресіз.

Қ а у ғ а б а й: Е, нетіп, не жұмыс бар онда, орға менің қатысым жоқ.

Х а т ш ы қ ы з: Қызық бар, Қау-аға, қызық. Ішінде екі бірдей мақұлық жатыр. Біреуі – қаптесер, екіншісі – тасшайнар.

Қ а у ғ а б а й: Қойшы, сондай да мақұлықтар болады екен-ау.

Х а т ш ы қ ы з: Сенбесеңіз шетінен ғана үңіліп қараңызшы.

Қ а у ғ а б а й: Апырай, ә, қане? (Ол үңілгенде ар жағынан екеуі шап беріп ұстап, орға түсіріп алады.)

Х а т ш ы қ ы з: Енді бұларға қарауылдың керегі жоқ. Өздері-ақ етектерінен тартып, бірін-бірі шығармайды. (Кетеді. Ордан үшеуінің басы көрінеді.)

Қ а у ғ а б а й: Әй, екеуің неғып отырсыңдар мұнда, ауыл үйдің ұрылары құсап?

Ж а у ғ а б а й: Окопта жатқан жауынгерміз. Алдымызда жау бар, қазір атамыз, атаңның гөрі, пах, пах, пах…

Д а у ғ а б а й: Сол жау алыста емес-ау. Мен білсем ішімізде. Мына орды қазған кім?

Қ а у ғ а б а й: Бұл орды неге қазды екен, алдымен соны нетіп алайық.

Ж а у ғ а б а й: Геологтар жүр деген. Солар кен іздеген шығар.

Д а у ғ а б а й: Иә, тақ тегін жерге қойылмайды. Тақтың астында қашанда қордалы байлық жатады. Бірақ геологтар күрекпен шұқылап қайтсін.

Қ а у ғ а б а й: Білсең айтпайсың ба енді.

Д а у ғ а б а й: Іштерің сезіп тұр ғой сендердің де, мынау тура қазақтың қазғанына ұқсайды.

(Осы кезде телефон шылдырлайды. Хатшықыз келіп көтереді.)

Х а т ш ы қ ы з: Алло, Орталық па? Жер арендаға беріледі дейсіз бе? Кәсіпорындар, техника жекешелендіріледі? Науқанды тездетіп жүргізу керек? Айтқандарыңыз орындалады.

Ж а у ғ а б а й: Хатшықыз!

Д а у ғ а б а й: Хатшажан, айналайын, бір қайырылып кетші.

Қ а у ғ а б а й: Былай нетіп, ағаларыңа қол ұшын берсейші.

Х а т ш ы қ ы з: (Жақындап) Ау, ағалар, сіздер әлі отырсыздар ма, шықпайсыздар ма енді?

Д а у ғ а б а й: Шығамыз ғой, шығамыз. Сен кішкене мені демеп жіберсең, шыққалы тұрмын. Қане, маған жақындай қойшы.

Қ а у ғ а б а й: Алдымен былай… үлкенді сыйлау керек, айналайын, маған соз қолыңды.

Ж а у ғ а б а й: Хатшажан, кәрілерден не пайда, мені шығаршы алдымен. Өмір бойы құлың боп өтейін.

Қ а у ғ а б а й: Үлкен тұрып, кішіге жол қайда, былай тұршы өзің.

Д а у ғ а б а й: Соны айтамын-ау, осы бәленің басы сенсің, сенен шыққан тірлік.

Ж а у ғ а б а й: Ордың түбінде жатқан мақұлық кім еді? Мынау күрек сенікі емегенде, менікі ме?

Қ а у ғ а б а й: Осынікі, Жауғабай, осынікі. Енді таныдым. Ой, оңбаған!

Д а у ғ а б а й: Бәленің басы сендерсіңдер.

Ж а у ғ а б а й: Мынау сөйлейді-ей, еще. Ұстамашы қолымды, алдымен жайғайын оны, атаңның гөрі.

Қ а у ғ а б а й: Хатшажан, мені тартшы, мені.

Х а т ш ы қ ы з: Ұраларыңыз кәрі арыстанның үңгіріндей екен. Кірген із бар да, шыққан із жоқ. Ақылға келсеңіздер, амалын әлі-ақ табарсыздар. (Кетеді.)

Ж а у ғ а б а й: Екеуіңді осы жерде не істейін, ә? Мына өз күрегіңмен өзіңді шауып түсейін бе?

Д а у ғ а б а й: Алдымен өзіңе істе істейтініңді. Осыдан аман-есен шықсам, ісім сенімен болсын, Жауғабай.

Ж а у ғ а б а й: Мен сені шығармай құртамын, білдің бе?

Қ а у ғ а б а й: Әй, мәмілеге келсеңдерші. Одан да былай, нетіп, амал ойластырайық та.

Д а у ғ а б а й: Сен осы тірліктен саумын деп отырсың ба? Үндемесең де ішіңде үйдей бәле жатыр. Сүттен ақ, судан таза болып ақыл айтқышын бұның.

Ж а у ғ а б а й: Рас-ау, осы сасық шал сау дейсің бе, қане, айт шыныңды жаның барында.

Қ а у ғ а б а й: Айтсаң айт, о несі-ей, үлкеннің жағасына жармасып.

Ж а у ғ а б а й: Жағаңа жармаспақ тұрмақ, бетіңді жапырып жіберейін, білдің бе? Әкем жаудан қайтпаған, жаман шал не тұрасың маған?

Д а у ғ а б а й: Дұрыс, Жауғабайжан, Қауғабайды қыс, Қауғабайды. Бәленің бәрі осының ішінде жатыр. Шығар бәрін сыртқа.

Ж а у ғ а б а й: Сен өйтіп аярланба, ал сенен бастаймын, қайтесің? Міне саған. (Ұрады.)

Д а у ғ а б а й: Енді жазсам бар ғой, сені тура түрмеде шірітетін етіп жазамын.

Ж а у ғ а б а й: О дүниеден жазып тұратын боласың. (Үшеуі алысып-жұлысып, әлден уақытта титықтап отырады.)

Қ а у ғ а б а й: Әй, не болды-ей, осы бізге? Бір-бірімізге сонша жауығып?

Д а у ғ а б а й: Соны айтамын-ау, атамыз енші бөлісіп көрмеген қазақ едік.

Ж а у ғ а б а й: Көкежан, кешір мені. (Дауғабайды құшақтайды. Сол кезде Қауғабай екеуінің үстіне шығып, сыртқа ұмтылады. Шығуға сәл-ақ қалады.)

Д а у ғ а б а й: Ойбай, кетті ана кәрі қақпас.

Ж а у ғ а б а й: Қайда? Қайда? Жау қайда?

Д а у ғ а б а й: Аяғына жармас, шығатын болды.

Ж а у ғ а б а й: Жауғабай тұрғанда жау кетпейді.

(Екеулеп Қауғабайды қайтадан ішке түсіріп алады.)

Д а у ғ а б а й: «Жуастан жуан шығады» деп айттым ғой жаңа. Көрмейсің бе, көзімізді бақырайтып қойып, шығып кете жаздағанын.

Ж а у ғ а б а й: Бұратала жер бауырлатып қояйын мұны, атаңның гөрі. (Қауғабайға ұмтылады. Сол кезде Дауғабай сыртқа шыға бастайды.)

Қ а у ғ а б а й: Нетті, ойбай нетті.

Ж а у ғ а б а й: Нетің-петіңді мен білмеймін.

Қ а у ғ а б а й: Кетті деймін, ойбай кетті.

Ж а у ғ а б а й: Кім, кім кетті?

Қ а у ғ а б а й: Дау… Дауғабай кетті.

Ж а у ғ а б а й: Атаңның гөрі, екі қақпастан-ақ күйдім-ау! Қайт, қайт!

Қ а у ғ а б а й: Тебінеді-ей! Күрекпен келтіріп жіберші аяғынан. Қырқып түссін бұратала. (Екеулеп Дауғабайды түсіріп алады.)

Д а у ғ а б а й: Сәл болмағанда шығып-ақ едім.

Ж а у ғ а б а й: Жаныңды шығарамын.

Қ а у ғ а б а й: Бүйтіп отыра бермей, былай мәмілеге келейік те.

Ж а у ғ а б а й: Қалай?

Қ а у ғ а б а й: Үлкенге кезек берейік дегенім ғой.

Д а у ғ а б а й: Содан соң орынтақ та сенікі, жер де сенікі, солай ма?

Қ а у ғ а б а й: Сен-ақ етегіме нетіп болмадың ғой. (Дауғабайға ұмтылады. Сол кезде Жауғабай сыртқа шыға бастайды.)

Д а у ғ а б а й: Маған емес, анаған ұмтыл. Шығатын болды ана жүгермек.

Қ а у ғ а б а й: Не дейд? (Дауғабай екеуі Жауғабайға жармасады.)

Ж а у ғ а б а й: Жібер деймін, әйтпесе, жер қыламын, атаңның гөрі.

Д а у ғ а б а й: Жіберме, ойбай, тастай қат!

Қ а у ғ а б а й: Аяғын бұра, бұра.

Д а у ғ а б а й: Санынан шымшы, санынан.

Қ а у ғ а б а й: Құйрығын тістеп алшы.

Ж а у ғ а б а й: Мына екі қақпасқа мұнша күш қайдан біткен-ей. (Жауғабайды екеулеп орға түсіріп алады, енді шаршап-шалдығып отыр үшеуі.)

Қ а у ғ а б а й: Әй, жаңағы қыз жер де, мемлекеттің мүлкі де сатылады дей ме?

Д а у ғ а б а й: Жер жалға беріледі, ал техника сатылады.

Ж а у ғ а б а й: Сонда біз мұнда жатқанда, ол жерді Мауғабай шал мен Бақшагүл сияқтылар алмақ па?

Қ а у ғ а б а й: Несімен алады кілең битін сығып, қанын жалап отырғандар.

Ж а у ғ а б а й: Орынтақты айтсайшы! Әй, бұйырмайтын болды-ау, отырып қояды-ау біреу.

Д а у ғ а б а й: Орынтақ қолдың кірі, жусаң кетеді, жерді айтсайшы.

Қ а у ғ а б а й: Сендер не десеңдер о деңдер, судың басы менікі.

Ж а у ғ а б а й: Неге сенікі болады?

Қ а у ғ а б а й: Неге менікі болмайды? Ата қонысым.

Д а у ғ а б а й: Тақ та сенікі, жер де сенікі, су да сенікі, бізді әкеміз тоқалдан таптырған екен-ау.

Ж а у ғ а б а й: Баяғыда таққа отырған қазақ болған жоқ.

Д а у ғ а б а й: Кеңестің кезінде ме? Бір жерге бір бауыр басып алса, тірі айырыла ма қазақ?

Қ а у ғ а б а й: Әрине, айырылмаймын. Сенбесеңдер ол жерде ата-бабамның моласы жатыр.

Д а у ғ а б а й: Көшіп жүрген қазақтың моласы қайда жоқ? Көш-жөнекей қоя салған шығар.

Ж а у ғ а б а й: Менің ата-бабамның сүйегі Қаптауында да жатыр.

Қ а у ғ а б а й: Ендеше, көш, ал Бақтаудың етегі менікі.

Ж а у ғ а б а й: Сені көшірермін, атаңның гөрі.

Д а у ғ а б а й: Бақтаудың етегіндегі «Молбұлақты» білесің бе?

Қ а у ғ а б а й: Білмей не қара басыпты мені.

Д а у ғ а б а й: Білсең, соның оң жағындағы шоқыны көріп пе едің?

Қ а у ғ а б а й: Ал көрдім.

Д а у ғ а б а й: Көрсең, сол шоқының иығындағы мола менің төртінші атам Жолболдінікі. Содан төмен қарай созылған Көріксайдың бәрі біздің бабамыздың жайлауы болған. Бұл туралы керек болса, архивтен оқығаным да бар. Мәселенің бәрі түбінде қағазға келіп тіреледі. Ал менің қағазым да бар. Әнеукүні архивке сұрау салып, хат та жазғанмын. Құдақаласа, жауабы келіп те қалар.

Ж а у ғ а б а й:   Архив-мархивіңді білмеймін. Менің атам Ақбатыр Молбұлақтан басмашыларды қуып шыққан. Молбұлақтың сол жағындағы жардың қабағындағы ескерткіш сол кісіге орнатылған. Қайран бабам! Жаудан қайтқан жоқ едің. Көрсетті ғой мыналар заман азған соң қорлықты.

Қ а у ғ а б а й: Ал сол сенің атаң айдап шыққан басмашылардың кім екенін білесің бе? Олар менің ата-бабам!

Ж а у ғ а б а й: Ах, атаңның гөрі, контраның тұқымы екенсің ғой. Атам колхозды қолымен құрды дегенің қайда?

Қ а у ғ а б а й: Шекарадан атысып-шабысып өтіп жатқанда, әкем осында қалып қойыпты да, басқа фамилиямен жазылып, колхозға нетіпті.

Д а у ғ а б а й: Мына фактіні білмей мені не қара басты, ә. Бәрі бір жазамын.

Қ а у ғ а б а й: Ол фактіге енді ешкім нетпейді.

Д а у ғ а б а й: Заман өстіп тұра береді деймісің? «Бір күн бетін, бір күн сыртын»дегендей, керек тастың ауырлығы жоқ, түртіп қояйын. (Блокнотын алып жазады.)

Ж а у ғ а б а й: Менің үстімнен арыз жазған сен сұм екенсің ғой. Ал мен тетелес ағам ғой деп кейде сыр ашып жүрсем. О, залым!

Д а у ғ а б а й: Қам жеме, әлі де жазамын. Жаңа атамның аты Ақбатыр дедің бе? Түртіп қояйын. Өте актуальды дерек. Қаны жерге тамбайтын факт.

Ж а у ғ а б а й: Сен басмашылардан жерімізді азат еткен революцияның солдатына тіл тигізбексің бе?

Д а у ғ а б а й: Қазіргі ұғымда басмаштар дегеніміз – шаруалар. Атаң соларды қырған. Соның тұқымысың. Жетіп жатыр бір сүйкеуге.

Ж а у ғ а б а й: Сандалыпсың, Ақбатыр менің түп нағашым. Ал өз атам бай болған. Белсенділер қудалаған соң, нағашысының атына жазылған.

Қ а у ғ а б а й: Сен де өмірбаяныңды неткен болып шықтың ғой.

Ж а у ғ а б а й: Иә, неткенмін. Жасырмасаң күн көргізесіңдер ме сендер, атаңның гөрі. Ордан шыға алмай отырып, түртіп жатсыңдар.

Д а у ғ а б а й: Мұны да түртіп қоямыз.

Қ а у ғ а б а й: Әй, Дауғабай, сен осы атам чекист болған, бандыларды қуған дейтінің қайда? Қазынаның киімінен басқа несі жоқ чекист қаяқтан Көріксайға ие бола қалды?

Д а у ғ а б а й: Чекист – әкемнің өзі емес, немере ағасы. Оны кезінде бай атам оқытқан.

Қ а у ғ а б а й: Сенің де сырың мәлім болды. Бірақ бәрібір Молбұлақ менікі.

Ж а у ғ а б а й: Қалайша сенікі?

Қ а у ғ а б а й: Ақбатыр нағашың екен ғой.

Ж а у ғ а б а й: Өз атам бай болған дедім ғой, оның қаздырған құдығы да бар.

Қ а у ғ а б а й: Жоқ.

Ж а у ғ а б а й: Бар.

Д а у ғ а б а й: Сенің атаңдікі «Сорбұлақ», шөлде жатыр.

Ж а у ғ а б а й: Сенің атаңдікі бұлақ та емес, жылға, жатта жатыр.

Қ а у ғ а б а й: Айтыса беріңдер, менің атам тауда жатыр.

Ж а у ғ а б а й: Жер менікі бәрібір, ескерткіш белгім бар.

Д а у ғ а б а й: Сенікі емес, менікі, архивім бар.

Қ а у ғ а б а й, Ж а у ғ а б а й: Көрсет!

(Өстіп таласып жатқанда Бастық пен Хатшықыз шығады.)

Х а т ш ы қ ы з: Сайлау жүйесінің жойылып, әкімнің жоғарыдан тағайындалғаны қандай жақсы болған. Орныңыз дайын.

Б а с т ы қ: Әлгі орынтаққа таласып жүргендер қайда?

Х а т ш ы қ ы з: Сіздің хабарыңыз тисе, жер астында болса жа жетеді қазір.

(Үшеуінің қылтиып бастары көрінеді.)

Қ а у ғ а б а й: Біз мұндамыз, Басеке.

Б а с т ы қ: Орда неғып отырсыңдар?

Қ а у ғ а б а й: Өзіңізді нетіп.

Д а у ғ а б а й: Иә, күтіп отырғанымыз ғой сізді.

Ж а у ғ а б а й: Жатырмыз Қособаның түбінде.

Қ а у ғ а б а й: Жерімді куәләндіріп алайын деп едім, Басеке.

Д а у ғ а б а й: Менің архивтен справкам да бар еді.

Ж а у ғ а б а й: Менің атам…

Б а с т ы қ: Уже поздно, жер беріліп қойды.

Ж а у ғ а б а й: Кімге?

Б а с т ы қ: Көрші мемлекеттен келгендерге. Олар бізге мол өнім алып береді.

Ж а у ғ а б а й: Кеніштер, кәсіпорындар ше?

Б а с т ы қ: Олар да иелендірілді. Біразы шетелдермен біріккен фирмаларға берілді.

Қ а у ғ а б а й: Мал жағы қалай екен?

Б а с т ы қ: Малды қырып, қалғанын жеп болған жоқсыңдар ма?

Ж а у ғ а б а й: Басеке, арызым бар еді.

Б а с т ы қ: Тезірек айт.

Ж а у ғ а б а й: Кішкентай да болса орынтақ берсеңіз.

Д а у ғ а б а й: Мен де соны айтайын деп едім.

Қ а у ғ а б а й: Менің ұзақ жылғы еңбегімді нетіп, қызметсіз қалдырмайтын шығарсыз?

Б а с т ы қ: Орынтақ біреу, қайсың аласың?

Ү ш е у і: Маған, маған, маған!

Б а с т ы қ: Ендеше отыра беріңдер қазған орларыңда. Катюша!

Х а т ш ы қ ы з: Тыңдап тұрмын, Басеке. (Қолындағы қобдиды бастықтың алдына қояды. Бастық бір қолымен қобдиды, бір қолымен Хатшықызды сипалап отырып.)

Б а с т ы қ: Катюша, жаз, жаңа директива!

 

С О Ң Ы

Елен ӘЛІМЖАН




ПІКІР ЖАЗУ