Жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлының өмір соқпақтары талай сынға салып, алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып, азаматтық шоқтығы әбден биіктеген шақта ол бір кездері арман болған қаламын қолына алды, ақ қағазға шимай-шатпағын түсіріп, өз ойымен өзі сырласты. Қай машықтың да сәтсіздіктері болмай қалған емес. Оның сәбидей тәлтіректеген сөйлемдері, қашып-пысқан сөздері келе-келе түзеліп, күн өткен сайын қабыса, жымдаса түсті. Әңгіме – ар жағыңда өшпес қоламтаның болуында. Ол да Құдай ғана негізін қалайтын бұл бақыттан кенде емес екен. Жылдар өтіп, жапырағын молынан жайған ел ағасы тұсында сол бір балаң күнде жанын жылытып, қиял әлемінде қанаттандырған қоламта қызуын енді, міне, өзі үрлеп көрді. Сығырая қызарып, шоқтана тұтанды. Бала бұлақтай сыздықтап аққан нұры екі-үш прозалық кітабы шыққанда біздің мекендегі Қиғаш өзеніндей көктемі жетіп, құтырынып ақты, құлашымен кеңірек қарманды, келе-келе бұрқ-сарқ қайнады.
1986 жылы жарық көрген тұңғышы – «Биіктерге беталыс». Бұнысын өз басым, алдағы үлкен жолға дайындық деп есептеймін. Өйткені, өзі басқарған шаруашылық өмірі, жетістіктер сыры, адамдармен қарым-қатынас, түрлі-түрлі мінез иелері жайында баяндалатын публицистикалық шығарма. Осының өзіне тілеулестер, өңір жұрты «Е, мына Өмірзақ құр жаяу емес, жазушы екен ғой, тек шаруасы түскірден босамай жүрген болды ғой», – деп бір желпініп қалғанының куәсіміз.
Қаламгер аға сол қайнаған шаруаның бел ортасында жүріп 2001 жылы «Жолдар-жылдар» аталатын қалың кітабын шығарды. Аты айтып тұрғандай, өткен жылдарда, жүрген жолдарда кезіктірген тағдыр сыйы, өмір бастауы мен азаматтық шақ арасындағы қилы-қилы бастан кешкендері сыр шереді кітапта. Мұнда еңсе басқан ездер де, етектен тартқан енжарлар да, қолтықтан демеп, шалыс басудан сақтандырған салиқалы жандар да кезігеді. Алғашқы міндет арқалаған күндер, ел таныған, жер киесін сезінген, алғашқы махаббат, атойлап соққан жүрек лүпілі, мастанған, мақтанған, жасқанған сәттер – эссе, естеліктер, әңгімелер түрінде баяндалады. Өз басым, өмір, әдебиет жолына біршама қанық інісі ретінде Өмірзақ Қажымғалиұлы жазба дүниесі деген киелі босағаны осы кітабын қолтықтап келіп, аттады деп бағалаймын. Алғашқының аты – алғашқы, кедір-бұдыр жолдар, алқынған асығыс шешімдер, бірде жетіп, бірде асып жағылған бояулар жоқ дей алмаймын. Бірақ қаламгерді халқына жазушы ретінде танытқан, әдебиетке құштарлығын еселеген, қалыбын түзеген, қаламын қатайтқан осы «Жолдар – жылдары». Қалың том болып жаралған сом дүние.
Бұдан кейін текті тұлпар тұяғымен тас атып, бірте-бірте бауырын жаза, еркін көсіле түседі. «Нарынның нар ұлдары» 2003 жылы, «Мүслимат» 2008 жылы, «Дариға-дәурен» романы 2009 жылы, «Самғау» деректі хикаяты 2010 жылы, «Мақашпен қауышу» кітабы 2011 жылы, «Жанкешу» романы 2012 жылы «Қиял… Үміт…» хикаясы 2013 жылы, «Қыран қияда» деректі хикаясы 2014 жылы, «Кемел» романы 2016 жылы, «Ғашық зар» хикаялары 2017 жылы, «Жаңғырық» трилогиясы 2018 жылы, «Орындалған арман» 2019 жылы жарық көрді. Осы роман, повесть, хикаяттар, әңгімелерден тұратын бірқатар кітаптары кезінде әдеби ортадан жоғары бағасын алды. Республиканың белгілі журналдары, газеттерінде олардан үзінді жарияланды. Танымал қаламгерлер жетістігін жеткізіп, жетілдірер тұстарын нұқшап көрсетіп, оңды пікірлерін білдірді.
Жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлы қаршадайынан өмір көрігінде пісіріліп, шар болаттай суарылып өскен азамат. Елдің арқар сүйері болуы жолында сүрінсе тұрмай қоймады, бет қақпай көрсе безіп кетпеді, жақсымен де жаманмен үзеңгілес, пікірлес болған, көргені мол, көкірегіне түйгені көп қаламгер. Оның жазушылық лабораториясы бай, нені жазам десе де еркін көсіліп жүре берері сондықтан. Санаулы жылдар ішінде прозалық күрделі шығармаларына қоса, республиканың белгілі басылымдарында оның қазақтың зиялы азаматтары жөнінде жазған сан алуан очерктері, эсселері жарық көрді, бірқатары түрлі жинақтарға енді. Оларды «Жігіттің жайсаң едің, жарқыным!», «Ардақты ағаның ажары», «Тоқсан толғау», «Халқының баласы, елінің данасы», «Тұлға», «Жарқыным», «Шуақты ғұмыр», «Атаға тартып ұл туар», «Жарқын өмір», «Ұстанымы бөлек ұстаз», «Азғырдың алыбы», «Елге де ерге де жаққан Ерекең», «Болмыс пен биіктікте», «Даралық пен даналық», «Еңбекпен өрілген ғұмыр», «Елім деп соққан жүрегі», «Мәртебе биігі», «Алдыңда ағаң болған қандай жақсы», «Сахараның сардары», «Ерлік пен өрлік» т.б. жалғастыра беруге болады.
Сексеннің сеңгіріне қажымай шыққан қаламгер Қажымғалиұлының прозалық шығармаларының қай-қайсысында да өмірде болған адамдардың тағдыры баяндалады. Кейіпкерлердің бастан кешкен жайларында сол кезеңнің тынысы кең қамтылады. Тарихи тұлғалар өмірін публицистикалық тұрғыда көрсетпей, әрқайсысына бір-бір көркем шығарма арнауы – жанкештілік. Кешегі кеңестік шаруашылықтардың табыс қазынасы, Одақтың обыр өңешін толтыра алмай сол жолда саулықтары сыр берген, өмірмен ерте қоштасқандар «Нарынның нар ұлдары», «Алтынды тот баспайды» кітаптарында кеңірек сөз болады. Мәселен «Алтынды тот баспайды» тарихи-танымдық шығарма. Автор өз түйсігіне тоқығандарын Астрахань, Орал, Орда мұрағаттарында шұқшия отыруы арқасында толық дәлелдеп, тың мәліметтермен байыта түскен. Ондағы «Алаштың Батырхайыры», «Нарын не дейді?», «Нарындық дворяндар», «Республиканың тұңғыш прокуроры», «Алтынды тот баспайды», «Дәуір жыршысы», «Жайсаң жандар» т.б. тақырыптармен берілген тарихи-танымдық шығармалары солай деуімізге негіз бола алады.
«Мақашпен қауышу» – жоғымызды түгендескен, төл тарихымызға қосылған сүбелі үлес. Шежірелі жинақ. Мақаш бабамыз да сөз орайында айтқандай, Патша үкіметінің жымысқы саясатының ара-арасынан сыналап жарық тауып, туған халқының бақыты мен болашағы үшін талай тәуекелдерге барып, ел мен жердің қорғаны бола алған сұңғыла жан. Ұлы сазгер Құрманғазы осы Мақаштың арқасында даудан басы, кісеннен қолы босап, жасы ұлғайғанда біразырақ қуғын-сүргінсіз еркін өмір сүрген. Солақай саясат Мақаштың елжандылығы мен еңбегін, ғылымға, өнерге қосқан үлесін екі ғасырдай бүркемелеп келді. Батыс өңірінің Каспий жағалығынан қырға ұласқан шұрайлы бөлігін 40 жылдай басқарған, қарамағындағы аумақты Ресейге қосылып кетуден амал тауып, аман алып қалған Мақаш бабаның есімі Тәуелсіздіктің арқасында жарқырап жарыққа шықты, басына ақшыл кесене орнықты. «Мақашпен қауышу да» осы және басқа жайлар мұрағаттар деректері негізінде көркем тілмен баяндалады.
«Жанкешу» романы бастан-аяқ соғыс тақырыбын қаузайды. Сол бір қасіретті жылдардың барша қазақ ауылдарына салған ортақ ауыртпалығына жаның күйзеледі. Автор: «Бұл еңбегімді екінші дүниежүзілік соғыстың елдегі ауыр салмағын көппен бірге қаймықпай көтеріскен, әскер жесірі, анам Мұқашева Самиянның көрген қиындығы, шеккен қасіретінің ескерткіші ретінде қабылдаңыздар!» – депті оқырмандарына! 330 беттен тұратын көлемді роман сол бір қиын-қыстау жылдардағы ел еңбеккерлерінің қайсарлық күресін, әйелдер мен шолақ белсенділердің қырғи қабақ текетіресін, ауыздағысын жырып, алдындағысын сыпырып майданға берген, жарым көңіл, жүдеу жүз ауыл бейнесін айна-қатесіз көз алдыға әкеледі. Романның бастан-аяқ тұрақты кейіпкері – Мархаббат есімді әйел. Ол айбынымен жасқайды, ақылымен үлкенді-кішіні оңды істерге бастайды.
Көлемі 400 беттік «Дариға-Дәурен» романы да ертеректегі әз аға – Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарындай» қолдан-қолға, ауыздан-ауызға көшіп жүрген көнермес тақырып, өміршең дүние. Белгілі жазушы-драматург, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаев марқұм аталмыш роман туралы кезінде жазған «Сөзбен соғылған ескерткіш» деген шолу мақаласында былай депті: «Дариға-Дәурен-роман эссе. Шешен тіл, шежірелі тағдыр. Қыр жайлап өскен иен дала перзенттерінің адал махаббаты. Ақтарылған сезім, аяулы сыр-сұхбат, аңдаусыз айыптар, құлаш жыртар қызу еңбек – бәрі-бәрі жазғы рахман жаңбырдан кейін көкжиекке керіле қалған кемпірқосақ бояуындай көз қарықтырады, көңіл қуандырады.
Шалқар мен Самал арасындағы іңкәрлік, бұл-мәңгілік махаббат жыры. Түнде берген уәдеден күндіз таятын ұшпа сезім емес, кәнігі қазақы мінезге сай мінсіз сезім. Шығармадағы Ажар, Гаухар, Меруерт, Мақпал, Тотылар негізгі кейіпкерлердің образын күшейтіп, толықтырып тұрған тұлғалар. Сөзбен соғылған ескерткіштің құрамдас бөліктері.
Роман-эсседе мұнымен қоса сол даланың қыр асып кеткен қоңыраулы керуендей өткен тарихы, бабалар сөзі, байламы, еңбек ырғағы, сол кезгі елдің қоңторғай тірлігі, жастардың алуан мінезі, болмыс-бітімі, ғашықтық хикаясы, тұтасып келіп, кең көлемді көріністі көз алдыңа әкеледі. Міне, сөзден бұйда ескен шеберлік деген осы! Ендеше сәт сапар, сағынышқа толы сыр, жастықтың жалауы».
«Мүслимат» – естелік, эсселерден тұратын жинақ. Онда аяулы да асыл жары туралы қаламгер аға терең тебіреніс ұйығында жүзеді. «Мүслиматым мен үшін өмір сүрді. Мені шаттыққа бөлесе, өзіне бақыт санады және ол басты мұраты болды. Ол өзінің саналы өмірін жасаған жасымен емес, менімен қосылып, шаңырақ көтерген жылдарымен өлшеген еді. 2007 жылдың мамыр айында күн күрт ысып, Мүслиматымның дерті асқынып, қатерлі шақтар болған кездердің бірінде өзінен-өзі: «Биыл біздің қосылғанымызға 25 тамыз күні 45 жыл толады, соған жетіп, сол күнді көрсем, Аллаға шексіз риза болар едім», – деді.
…Шындығында, 1962 жылдың күзге таяу уақытында үйлендік, оның 25-тамыз екені есімде қалмапты.
Осы сөзді естігенде қайран қалдым. Жаным-ау, қосылғаннан бергі әр күнді қуанышпен қарсылап жүреді екен-ау! Мерейтойларда екеуіміздің фотосуреттерімізді үлкейтіп әкелгенде қатты қуанып қалатын еді. Сонда өмірінің тұғыры да, базары да мен екенмін ғой.
– Мен деп соққан жүрегіңнің, дүрсілінен айналайын… деп айтылатын әндей, Мүслиматымның жүрегі үнемі мен деп, «Өмесім» деп соғып тұрады екен ғой, осы кезге дейін анық байқамағаным ба?
О, сүйген жар, асыл Мүслимат, отқа түсер махаббатыңды жүрегіңнің тереңінде ұстап келген екенсің ғой. Мен сол қалпында түсіне білдім бе?! – деп өз-өзімен жабырқау ой кешсе ағамыз, онысын әрине орынды санау ләзім.
«Ындынымнан жалғанар хұсни-хатым,
Жүрегімнің төрінен түспейді атың.
Қалған ғұмыр өтер де елесіңмен,
Ағаттығым болса кеш, Мүслиматым!» – деп ағаның асыл жарына деген қимас сезімін «Жанартау» дастанымызға түсіргеніміздей, 2007 жылдың 29 тамызында асыл жар, адал махаббат иесі, ұрпағының аяулы анасы Мүслимат есімді бірегей болмыс, нұрдай таза пәк көңілді жанның бұл жалғандағы көрер жарығы таусылды.
Қарағайдай теңелсе жоқтаған азаматын ел сүйеп есін жиғызды. Жалғанның жүзінен көшсе де көңілдердің жайлауына жаз мінезі мәңгілікке жарасқан ізгі жанның бауырынан өрген балапандары ер жетіп, ес біліп өмірден өз орындарын тапқан, әулет көшін ілгеріге жалғаған, Тәуелсіздік тұғырын бекітісуге алаң, бойларына ана сүтімен кісілік пен кішіліктің рахман шарапаты дарыған қарақтар ылғи.
Мараты – Танясымен, Болаты – Гүлбаданымен, Нұрланы – Өрігімен, Риммасы – Қазбегімен, Кларасы ұрпағымен бүлдіргендей бүрін жарып, ерте көктеген алма ағаштарындай аппақ гүлдерге толы саялы баққа айналуда. Аллаға шүкір, аталап мойынға асылатын немерелер мен жиендерден алды босамайды. Алысқа адым оздырса әкесін күткен ұрпағы аяғын жерге тигізбейді.
Аяулы жарының асыл қасиеті әлі де оған жол менен жөн көрсетіп тұрғандай. Демек, ол санасы сырға, жүрегі нұрға толы бақытты әке, әлі де ой дүниесінен лағылдары мен асылдары сарқыла қоюы екіталай қаламгер.
«Қыран – қияда» аталатын повесі де оқырмандар арасында дүбір туғызған шығарма. Кітаптың басты кейіпкері – Мақсым Шафихұлы Ізбасов. Повестен гөрі бір романның жүгін көтерерлік шығармадағы бүкіл оқиға желісі осы бір кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Әрине, шығармада басқа да адам бейнелері шеберлікпен ашылған: олардың портреттік бет-бейнесі, мінез-құлқы, сезім-түйсігі, өзі өмір сүріп отырған қоғамда жеке тұлға ретінде қалыптаса алғандығы жазушының қаламымен шебер суреттелген. Бейне сол кейіпкерлермен күнбе-күн кездесіп, сөйлесіп, олардың жан дүниесін де терең білетіндей сезінесіз өзіңізді. Көргені де түйгені мол Шафих ақсақал, баладай аңғал қарапайым Ақбал апа, қазақ әйелдерінің үлгісіндей сұлу да парасатты Тамара, тіптен сонау бағзы жаугершілік заманындағы батырлар образы – бәрі де шынайы сомдалған. Алайда, бағамдап қарасаңыз, олардың бәрі де бір ғана басты кейіпкердің төңірегінде, сол кейіпкердің образын сомдауға қызмет жасап отырғанын да аңдайсыз. Бұл да жазушы шеберлігінің бір қырын көрсететіндей.
Бұл «Қыран-қияға» жазған жазушы-журналист, ақын жылойлық Сәулеш Шәтенованың рецензиясынан алынған үзінділер.
Автордың: «Повестегі бас кейіпкер, студент Мақсымның Алматыдағы институттан ауылға оралып, оны әкесі Шафихтың әуежайда күтіп алып тұрған сәтінен басталады. «Әуежайдан шыққан орта бойлы тығыншықтай әдемі жас жігітке құшағын айқара ашып қарсы жүрді… Әке: «Ұлым, Мақсымжаным» – дегенде жуан даусы күндей күркүреп шықса да, аяқ жағы тарғылданып, қарлығыңқырап барып тоқтады. Ол қаптап келген қалың жаудан тайсалмаған, қайтпаған. Өзі алғыр, облыс, республикадан кеудесімен көк тіреп, бәрін қыратындай болып келген басшылардан қаймықпаған. Талай қиындықтан шайлықпаған жүрек құрғыр жалғыз ұлын сағынып көргенде сыр беріп, елжіреп кетті ме?! Осы шағын ғана эпизодтан әкенің алай-дүлей көңіл-күйін, ұлына деген махаббатын анық сезінесіз. Сол сәтте тап сол әуежайда, тап сол кейіпкерлердің қасында тұрғандай әсер аласыз. Кейіпкерлердің эмоциялық көңіл-күйін дәл суреттеу – автордың өзіндік машығы. Шафих ақсақалдың «өзім өмірден өткенде ұлым ізімді жалғай ала ма?» деп толғанып, іштей аласапыран ойларға берілуі, аяулы әкесі өмірден өткенде Мақсымның қайғырып, күйзелуі, сол сәтте достарының оны сергіту үшін өздерінше амал жасаулары, жары Тамараға деген сүйіспеншілік сезімі, басшылық қызметтен әлдекімдердің шеттетуімен кеткенде сағы сынғандай болғаны – міне осы эмоциялық күрделі сезім қайшылықтарын жазушы тап басып бере білген.»
Қалам тартқандардың көпшілігі бара бермейтін трилогия жанрын тайсалмай қолға алып сәтті шығарды. Оны «Жаңғырық» трилогиясының «Кемел» кітабына Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, ақын Ғалым Жайлыбайдың «Бұрқыраған бұлттай көшіп жатқан мынау аумалы – төкпелі дүниенің қабағын бағып, қара судан қаймақ қалқығандай, қара сөздің түбін түсіретін жазушы дегеннің өзі – шынымен де адам жанының инженері екен-ау! Алмағайып заманда елдің бәрі рухани дүниеден гөрі материалдық байлықты игеру үшін жанталасып жатқан кезеңде қаламды серік етіп, ақ қағаз бетіне елдің өткені мен бүгінін саралап жеткізетін үлкен кітап жазу оңай іс емес. Өткен өмір баспалдақтарына қайта үңіле отырып, өткен шаққа айналған естеліктерді жадында тірілтіп, өткен белестерін кітап етіп, жас ұрпаққа ұсыну екінің біріне бұйырмаған. Бізді осындай ойларға сүңгітіп жіберген – жазушы Өмірзақ Қажымғалиевтың «Кемел» романы», – дегені пікірімізді айғақтайды. Трилогия желісінде қоғам дамуының, адам өмірінің сан саласын жан-жақты қамти отыра, бір ауылдың тыныс-тіршілігі арқылы сол ғасырдағы заманның құбылыстарын мөлдіретіп жеткізген. Жастық шақтың жарасымға толы сәттері жүрегіңді шымырлатып сезім иіріміне тартып әкетсе, қызғанышқа бой алдырғандардың тасадан тас атып домалақ арыз жазуға машықтанған пенделік психологиясы жаныңды жаралайды. Ұлттық рухы оянған жасампаз жастар мен кеңестік идеология бар болмысын билеген жасамыс- ақезулердің арасындағы сана алшақтығы, пікір қайшылығы, Желтоқсан оқиғалары, тарихи тұлғаларды тану, тоқырау жылдарындағы өзекті мәселелер кейіпкерлер көзқарастары арқылы шебер өрілген. Көрнекті жазушы Өмірзақ Қажымғалиұлының басқа да роман, повесть, эссе, хикаяттарына берілген баға, баспасөз беттерін тапқан рецензия, сыни пікірлер молынан жетерлік. Ағамыздың 80 жасқа толуына арналған бұл мерейтойлық шағын баянымызда оның бәрін бірдей тамшылатып тізіп, анауысы – алай, мынауысы – былай дей берсек, оқырманымыздың жалығып кетуі де кәдік.
Санаулы жылдар ішінде әдебиетіміздің қордалы қорына өзіндік үлесін қосып үлгерген ақсақал жазушы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ретінде әріректе «Проза саласына сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталса, 2018 жылы «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының» иегері атанды. Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі. ҚР «Туған жер» бірлестігінің «Үздік өлкетанушысы», «Астана», «ҚР Тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына – 10 жыл» т.б. медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер (1996 ж.). ҚР Тұңғыш Президентінің 2009 жылғы Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен де марапатталған. Басқа да толып жатқан атақ, дәрежелері бар.
Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестердің, І шақырылған Атырау облыстық мәслихатының депутаты ретінде ел-жұрт аманатына сай бітірген тірлігі бастан асады.
Жасым ұлғайды, жазуым көп демей қазірде бірнеше қоғамдық жұмыстардың басы-қасында жүр. Атап айтқанда, «Нұр Отан» ХДП қоғамдық бірлестігінің аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі. Құрманғазы аудандық Билер кеңесінің төрағасы, т.б.
Құрманғазы ауданы Қазақстанның Ресейдің Астрахань облысымен шекаралас Батыс қақпасы. Ұлы Еділ, Жайық, Қиғаш өзендерінің атырабына орналасып, Каспий теңізімен шендесіп, бір жағы Нарын құмы, Азғыр алқабын алып жатыр. Сығыр көз қалмақты, басқа да «ата жауыңмын» деп келгендерді қазақтың ішкі бойына жібермей арпалысқан, аяғы Исатай, Махамбеттерге келіп тірелетін жаужүрек бабалардың қасиетті Ата қонысы.
Ауданның 90 жылдығы тойланған тұста: «Бұл дұрыс емес, кеңестік жүйеден басталатын, содан көп әріге аспайтын шежіреміз, біздің тарихымыз тым тереңде, Тәуелсіз ел болдық, енді ел мен жердің ежелгі атауларын, көне тарихын, қасиетті адамдарын, қастерлі жерлерін түгендеуіміз керек», – деген болатын, осы Өмірзақ Қажымғалиұлы.
Және осы істің бастамашысы да өзі болды. 2020 жылдың басында аудан белсенділерінің арасынан өткен тарихымызға бей-жай қарамайтын, көбісі зейнет жасындағы, бұрынғы түрлі лауазым иелерін, тарихшылар мен журналистерді әр саланың мамандарынан таңдаулыларды іріктеп, бастарын қосып, оларды ата-баба рухы, туған жер қасиеті үшін ақы-пұлсыз тегін жұмыс жасауға шақырды. Олардың баршасы да Өмірзақ Қажымғалиұлы құрып, енді өзі төрағалық ететін «Өренді өлкетанушы» клубының мүшелері болды.
Топ-топ азаматтар өз алдарына жұмыс бөлісіп, Азғыр мен Қиғаш арасын шарлады. Мазарлар, ежелгі қорымдар, петроглифтер мен ескерткіштер, басқа да тарихи нысаналар шұқшия зерттелді. Тау мен дала, қырат пен беткей, өзен мен көл, елді мекендердің кеңестік жүйе телігеннен бұрынғы ежелгі атаулары сұрастырыла бастады. Астрахань, Атырау, Орда мұрағаттары ақтарылды. Аңыз, әңгімелер, естілерден қалған есті сөздер зерделенді. Нәтижесінде туған өңірдің шынайы бейнесі, шыңыраудан шығып, қазақы қансіңді болмысымен сұлбалана бастады. Көнелер деп келгеніміз көрікті екен. Тілін тапса жермен-жексен болған ата-баба мазарлары да көп құпиясын жарқыратып ашады екен. Көп ескі, көмескі дүниелер «біз бармыз ғой» деп өздері сұранады екен…
Түсінігі мол азаматтардың қызығушылығы мен өткенге құрметі 2020 жылдың аяғында «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» деген танымдық-тағылымдық-ақпараттық қалың томды өмірге әкелді.
Қазіргі шақта екінші томының соңғы нүктесі қойылу сәтінде, енді үшінші кітаптың жоба-жоспары сызылмақ. Сонымен, біздің кейіпкерімізді әйгілі батыс қақпа-Құрмағазы ауданының ежелгі тарихын түгендеген, қасиетті адамдарын халқымен қауыштырған бірегей тұлға деп тануларыңызға әбден болады.
Осы жылғы Сәуір айында ғұмырының 80 жасына толғалы отырған жазушы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері Өмірзақ Қажымғалиұлы әлі де жетсем, жеткізсем, көрсем, білсем, қазағыма басым жер иіскегенше қызмет етемін деген ниетте тынымсыз ізденісте, қаламы қолында, жақсы мен жайсаң соңында, қарбалас қам-қаракет үстінде дүниені қажымас тұлпардай дүбірге бөлеп, алысқа ұзап барады. Арының басылмасын, шабысыңнан жаңылма, кәрі тарлан-еліктей елпілдеген елгезек аға!
ҚР Жазушылар одағы, Атырау филиалының директоры, белгілі ақын Қойшығұл Жылқышиев оған арнаған «Өмір» атты өлеңінде:
Құм нарын,
Мына жағың қайран Еділ,
Қошалақ…
Кең құшағын жайған өңір.
Жүз арал-жүз оралып мойыныңа,
Аймалар ақ самалы майдақоңыр…
…Жүгірдің жүрегіңді тосып елге,
Табылды несібең де көсілерге.
Әріге асып кеттің десем егер,
Әбудың аруағы кешірер ме?!
Отырсың төбесінде, міне, төрдің,
Емессің қатардағы бір-екеудің.
Сексенге жеткеніңде романдар жазып,
Жүйіткідің рухымен Жұмекеннің!
Құм Нарын, Қошалағың, Көктеңізің,
Оларға тартпайтұғын жоқ негізің…
Арқырап асыл Қиғаш көбік шашса,
Ол сенің өмір атты өткен ізің.
Шарықтап, шыңға өрлесін шабытыңыз,
Шарбақтан шаңқан бозды ағытыңыз!
Шөбере, шөпшектерді ілестіріп,
Алдынан аламанның шаңытыңыз! – депті.
Ләйім солай болғай!