…Бақытжан Қанапияновтың ақындық өнерін сөз етсек, ең алдымен айтарым, өлең анасының ақ сүтімен келген, Алланың өзі мәңгілік серік етіп берген жан досы. Оған қоса әкеден ерте қалған баланың мұңы қозғау салып, көкірегіндегі өлеңге деген отты үрлей түскен, қыздыра түскен. Үшіншіден, алты баланы бағып, жалғыз қалған ардақты анасының аналық арманы Бақытжанның өз арманы болып кетті. Анасы ұлым жақсы азамат болсын деп тілесе, сол қасиетті тілекті әкесінің өсиетіндей етіп орындауға қажырлы талпыныс бітті. Міне, осылардың бәрі, әрі өзі шеккен замананың желісі қажымас қайрат, талмас қанат бітірді. Сондықтан да Бақытжанның өлеңдері – ешкімге ұқсамайтын жеке-дара желісі мен жемісі бар, оқырман қауымға қажеттілігін танытқан өміршең өлеңдер. Бұл өлеңдердің куат-күшінде, жадына сіңірген энергетикасында рухани ұмтылыс бар, ұлтына деген риясыз берілгендік, өнерге деген сүттей тазалық, сөнбес махаббат бар. Жүрек көзімен біреулер байқамасты байқайтын құдірет берген көрегендік бар. Міне, осы көрегендік сезімталдық, суреткерлік, ойшылдыққа жеткізіп, сыншылдықтың сойқан күшін танытты.
Кәкімбек САЛЫҚОВ
* * *
…Б. Қанапияновтың «Торғыл ай» («Смуглая луна») кітабынан ХХ ғасырдың екінші жартысында туып, атышулы кеңестік заманда дүниетанымы қалыптасқан, басқа тілде сөйлесе де, ана тілінің құдірет-парасатын пір тұтқан, көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениеттен алар орнын сарыла дәлелдеу арқылы өзінің ұлттық ар-намысын биік ұстауға ұмтылған, өнерді өміріне, өмірді өнеріне балаған қажыр-қуатты, мол саналы азаматтың қалыптасу, шыңдалу соқпақтарын көреміз. Орыс тілді талант иелерінің бұрын да, қазір де бір ғана өз ортамызда емес, әлем жұртшылығы алдында қазақ халқының іргелі тарихы мен ұмытылмас дәстүрлерін шынайы махаббатпен дәріптеуде атқарып жүрген перзенттік парызын ешкім де мансұқ ете алмайды. Бұл қазақ тілінің мәнін төмендету емес, керісінше, билингвизмнің ұлт болашағы үшін мейлінше қолайлы жағдай тудырғанын, генофондық әрқилы қиындықтарға қарамастан, ұдайы өсіп отыруға соншалық бейімділігін танытатын қалпын түсіну ретіндегі ой.
Бақытжан МАЙТАНОВ
* * *
…Осының бәрінен Бақытжан ақынның «жүрек кардиограммасының сүзгісінен» өткен терең сезімталдықты жыға танисың, ақын атты тәңірі жарата салған ерекше бір текті тұлға тұрпатын бағамдайсың.
Оннан астам жыр жинағын берген, қазақ халқының ұлы туындысы «Қыз Жібек» эпосын орыс тілінде сөйлеткен, Абай, Жамбыл, Кенен, Шәкәрім, Мағжан өлеңдерін орыс тілінде аударуға мол қуат сарыққан, өз өлеңдерін грузин, қырғыз, тәжік, поляк, фин, якут, неміс, корей жұрты ана тілінде оқып отырған Бақытжан Мұсаханұлы Қанапиянов есімін әлем танып отыр. Бұл – қазақ әдебиетшілер қауымы үшін мәртебе, жерлестері үшін қуаныш.
Төлеген ҚАЖЫБАЙ
* * *
…Бақытжан Қанапиянов – көп қырлы талант. Ол – әуелі ұлт рухын өзінің қуатты поэзиясы арқылы тамаша талантымен, шеберлігімен таныта білген ақын. Ақынның жыр жинақтары әлемнің жиырмадан астам тіліне аударылып, лайықты бағасын алды. Сыр мен сезімге толы өлеңдерінің бай ұлттық нақышы, қазақтық болмысты көркемдік кеңістікте еркін тыныстатқан поэтикалық қуат Бақытжан Қанапияновтың поэзиядағы орнын анықтап берді. Ақын поэзиясына тән басты ерекшеліктің бірі – ұлттық поэтикалық танымды әлемдік озық дәстүрлерімен үндестіргендігі. Тек Қазақстанға емес, шетелдерге де шығармашылығымен танымал болған ақынның ұлттық әдебиетті әлемдік әдеби үдеріспен тығыз байланыстырушы тұлғалардың бірі екендігін жоққа шығара алмасақ керек. Халықаралық «Алаш», Махамбет атындағы, Қазақстан Журналистер одағының Смағұл Сәдуақасов атындағы әдеби сыйлықтарының және тәуелсіз «Тарлан» сыйлығынын иегері болған ақынның бүкіл-әлемдік «Үміттің алтын лирасы» поэтикалық конкурсының (Нью-Йорк, АҚШ) лауреаты атануы жайдан-жай емес.
Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ
* * *
…«Қыз Жібек» сияқты эпосты, қазақ ақындарын басқа ұлт тілдерінде сөйлетіп, бөтен елдерге таныту үлкен еңбек екені шындық. Бақытжанның өз өлеңдері әр жылдары қазақша аударылғанымен, 2000 жылы ғана «Тікшырқау» деген атпен жеке кітап болып басылып шықты. Енді қазақ оқырмандары да ана тілінде шығармаларын оқитын дәрежеге жетті. Бұған Сарбас ағасы бас болып, қаламдас достары Жұматай, Иранбек, Есенғали, Дәуітәлі, Тұрсын, Мылтықбай, Несіпбек сияқты белгілі ақындар атсалысты.
«Шыңғыс хан, Абылай, Шоқан Уәлиханов ұрпағы – ақын Бақытжан Қанапиянов арынды жырлармен әлем оқырмандарын тәнті етеді», – деп кезінде М. Симашко бағалағандай, қазақшаға аударылған жырларын оқыған біз де бір желпініп қалдық.
Жеңіс ҚАШҚЫНОВ
* * *
…Ақындық – дерт, ақындық – серт. Поэзия – жан дiрiлi, сезiм сыңғыры. Тағдыры талантына ақын болуды жазған ұлтымыздың маңдайына бiткен таланттың бiрi – Бақытжан Қанапиянов. Өлеңдерiн орыс тiлiнде жазатын оның жырларымен төрткүл дүниедегi әлем халықтарының көпшiлiгi таныс.
Бақытжан шығармашылығы хақында Ян Август, Олжас Сүлейменов, Александр Ткаченко, Андрей Вознесенский сияқты аса iрi қалам қайраткерлерi жылы пiкiр айтады. Олжас: «Бақытжан Қанапияновтың өлеңдерiнде өмiрдiң күретамыры ырғақты қалпымен соғып тұрады», – десе, Александр Ткаченко: «Бақытжан лирик болған және болып қала бередi», – деп ой түйедi.
Бiздiңше, Бақытжан ақынның даралығы да Батыс пен Шығыс жырының қайнар бұлақтарынан зәмзәм сiмiрiп, көзiн көкжиекке қадап сара жол iздеуiнде. Адамзатқа ортақ ойдың түйiнiн шеше бiлетiн Бақытжан Қанапиянов жырына ортақ үлкен бiр қасиет бастауы шығыс пен батыс поэзиясындағы озық үлгiлерден нәр алатын көзiнде. Ой мен сана сәтiмен жымдасып, нақышты да түр-тұрпаты ерек жырлар көңiлдi көктес етедi. Қазақ ақынының жүрек лүпiлiн ағылшын ба, орыс па, басқа ұлт па қалтқысыз тыңдайды. Жырдың бағы, ақындық құдiретi деген сол.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ
* * *
…Бақытжан Қанапиянов – орыстілді ақын. Орта білімді тарихи Сырымбеттегі орыс мектебінде алды (бұл мектепте Бақытжанның әкесі, белгілі педагог Мұсахан Қанапиянов директор болған, елге еңбегі сіңген көптеген тұлғалар оқыған), жоғары мектептерде де орысша оқыды, қоршаған ортасы да негізінен орыстілділерден еді, яғни ол тыныс-тіршілікті интернационалдандыру ұранымен жүргізілген советтік орыстандыру саясатының жемісі, коммунистік саясаттың сол ауқымдағы жүйелі шаралары көздеген типтік тұрпаттағы басты өнімі болатын. Бірақ Бақытжан, оқу-тоқуы орысша болғанмен, қазақ өмірін терең зерттеп, ғұлама ғалымға айналған даңқты жерлесі Шоқан Уәлиханов секілді, тамырынан біржола қол үзіп кеткен жоқ, ол өзінің отаршылдар саясатының құрбаны болып бара жатқанын дер кезінде ұғынды.
«Жан-дүние игілігі» кітабына ақын Қанапиянов осындай бай шығармашылық және қайраткерлік тәжірибесімен келді. Оның аталмыш жинағына енген өлеңдерінің бірқатары әлден-ақ түрік, әзірбайжан, армян, испан, араб, француз және моңғол тілдеріне аударылып, шетелдік поэзия әуесқойларын рухани тұрғыда сусындатуда. Ал кітап екі жылдан бері республика жырсүйер қауымының ризашылығына бөленіп келеді. Қорыта келе, «Достояние души» («Жан-дүние игілігі») кітабының авторы ақын және жазушы Бақытжан Қанапиянов еліміздің биік дәрежелі сыйлығына әбден лайық деген пікір айтпақпыз.
Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ
* * *
…Жалпы, Б. Қанапиянов поэзиясы – біз үшін сырлы әлем. Ақынның «Тікшырқау» («Жібек жолы» баспасы, 2000 ж.) кітабына кірген өлеңдерін оқып отырсаңыз, шулаған орман көз алдыңызға келеді. Ол – ой орманы. Ақын жан-дүниесінің әр пернесін еппен басып отырып, сезім мен ойдың әуенінде толқып, құрақ ұшып, қиял қанатымен самғап кеткендей сезіледі.
Орман деген – жалпы атау. Ақылдық танымға тән жинақтау, қарапайымдастыру, жүйелеу, тұрақтандыру басымдық алған біздің бүгінгі қоғамдық жағдайымызда нәзіктікке, дәлдікке, нақтылыққа, жіңішкелікке басымдық беру – поэзия үшін өте қажет. Ол сенің өлеңнен орман арқылы ағашты емес, әрбір тал шыбық пен бұтақ арқылы орманды көруіңе жол ашады. Поэзия деген – үлкен сезім. Ол – аңғару. Арысы – сырлы ғаламның, оны Жаратушы дейсің бе, әлде басқа ма, өз еркіңде, мейірін сезіну болса, берісі – сондай салмақтағы қарғыстың отын жүректен өткізе білуге дейін бару, сондай кеңістікке шыға алу. Содан да өлең түрлі деңгейде болады. Поэзия майданында идеялардың адамзаттық болғаны, әрине, жақсы, бірақ сәулелі ойға жетелер бір түйсік туғыза алсаң, ол да керемет нәрсе. Ол сенің қарадүрсін айғайшы, барабаншы емес, қаламыңның ұшы тисе, суретке жан бітетін өнер иесі – шын ақын екеніңді әйгілейді. Бұл тұрғыдан келгенде, Б. Қанапиянов поэзиясының берері көп.
Ардақ НҰРҒАЗЫ