Тамғашы
Адам өмірінің барлық саласы сансыз рәміздерге толы. Ертеде рәміз «жеке куәлік» орнына жүрген. Рәміз деген – адам танымынан тыс дүниелер мен дерексіз ұғымдарды таңбалық формада бейнелеп, көрнекті модель арқылы көрсететін танымдық белгі.
Рәміз – шартты мағынаға бай, нақты мәнге ие ұғымның көркем бейнесі (заттық), астарлы образы, арнайы түрі, сыртқы болмысы. Рәміз геральдикалық теория тұрғысынан екі бағытта танылады: бірінші, көрнекті-экспессивті; екінші, бейнелі-объективті. Әр рәміз ақпарат қазынасы, ал әр ақпарат таңбадан тұрады. «Таңба» атауынан «қолтаңба», «ентаңба», «мөртаңба», «төлтаңба», «елтаңба» категориялары қалыптасқан. Алайда олар бір-бірімен тепе-тең ұғымдар емес, геральдикалық мағыналары әртүрлі. Мәселен, таңба деген – кодталған графикалық ақпарат, форма мен мазмұнның бірлігін білдіретін бейнелі мағынасы бар сурет. Таңбаның семантикалық жүктемелері ақпараттық, коммуникативті және консервативті болып бөлінеді. Сондай-ақ таңба – жекеменшіктік құқық құралы. Энеолит дәуірінде адамдар малына таңба басу арқылы жануардың иесі екенін білдірген. Уақыт өте келе таңбалар әрбір ру мен тайпаның елдік сипатын білдіретін елтаңбаларға айналды. Қазіргі кезде әр мемлекетте елтаңба бар. Өткен дәуірлердегі елтаңбалар ру мен тайпаның шығу тегін ұмытпас үшін қолданылған. Яғни бір ру, не бір тайпа ел белгілі бір елтаңбаны қаншама ғасырлар бойы бекерден-бекер сақтамайды. Осы орайда ру-тайпалардың елтаңбаларын толықтай зерттесек, қазақтың шынайы тарихын білуге даңғыл жол ашылар еді.
Айталық, ашамай таңба. Қос қанатын жайып, жан-жағын төрт көзімін түгендеп тұрған екі басты самұрық құс бейнесі – әлемдегі ең көне және ең көп танылған свастика (күн құсы) рәмізі. Мағынасы – оттың, судың, ауаның және жердің бірлігі. «Екі басты самұрық» бейнеленген рәміз бір-бір қанатпен жаралған екі құстың бірігіп ұядан ұшқаны туралы аңызға негізделген. Ол ынтымақты білдіреді. Екі басты самұрық – б.з.д. XVIII-XII ғасырларда Хет империясының, X-XI ғасырларда Бұлғар патшалығының, XI-XII ғасырларда Селжұқ сұлтандығының, XIII-XIV ғасырларда Алтын Орданың мемлекеттік рәмізі болған. Кейіннен, византиялықтар, ресейліктер, гитлершілер «екі басты самұрық» рәмізін біржола иемденіп, тек атауын ғана «екі басты бүркіт» (двуглавый орёл) деп өзгерте салса, христиандар қорған есебінде дінге белгі қылып, оны «крест» деп атап алды. Алайда христиандардың «крест» (свастика, аджи, айшық, айқас, қас) дегені – қазақтың кете, қият, керей, сарыүйсін, төртқара, тілеу тайпаларының «ашамай» таңбасы. Бұл ашамай таңба киіз үй шаңырағында және қошқар мүйіз оюында тұр. Ол мәңгілік қозғалысты, шексіздікті меңзейді. Мұндағы «аш» /ас/ сөзі аспан руһын білдіретін «көк» ұғымының, ал «амай» /ұмай/ сөзі жер руһын білдіретін «Ұмай ана» ұғымының атауы. Көне «түріктер көкті – әке, жерді – ана», деген. Өкінішке қарай, бұл екі басты самұрық рәмізін сақтай алмаған өзіміз. Біз тарихқа қазақтың көзімен қарауды үйренген жоқпыз. Жерімізге табаны да тимегін, тек саудагердің айтқанынан ой қорытқан жателдіктің жазбасына жүгінеміз. Керек десеңіз, советтік гербтегі орақ – жастабанның, балға – сарбастың таңбасы. Бір қызығы – екеуі ағайынды рулар. Сондықтан қазаққа ұлттық пайым керек!
Көне түріктер таңбаны «тамға» деп атаған. Тамғаны әзірбайжан – дамға, кабардин – дамыгъе, адыгей – тамыгъа, абаз – дамыгъа, абхаз – адамыг, дейді. Тамғадан тамғашы, таңбашы, тамгачы, тавгашы, табгачы, табғаш, тамғашхан сөздері шыққан. Мұндағы табғаш – Түрік кезеңіндегі Таң империясының халқы (қазіргі қытайлар); тамғашхан (хандардың ханы) – Қарахан билеушілерінің лауазымы; тамғашы – Шыңғыс хан және Алтын Орда кезеңіндегі мөртаңба сақтаушы әрі іс жүргізуші ұлық. Бұрын бір елдің қағаны қайтыс болса, онымен мүдделес (одақтас) елдің қағаны қазаға көңіл айту үшін, тамғашыны (мемлекеттік хатшы) немесе йабғуды (вице-премьер) жіберетін. Қазір «көңіл айту» жеделхатын жолдайды. «Күлтегін» жырында «…Түргiс қағаннан Мақраш тамғашы, Оғыз елiнен Бiлге тамғашы аңырап келді», – деген жолдар бар. Қазақ та адамы қайтқанда, алыстан дауыс салып, аңырап жетеді…
Еңiреп егiлген
Қытаң, татабын бастап
Удар Сенуң келдi.
Қайғыдан
Қабырғалары сөгiлген
Табғаш қағаннан
Iсиi Лекең келдi.
Байлықтарының ауызын
Ашып тастады.
Алтын, күмiстi
Шашып тастады.
Түпiт қағаннан
Бөлек келдi.
Ол да ерек келдi.
Күн батыстағы
Соғуд, Берчекер,
Бұқарақ жұрттарынан
Нең Сеуң,
Оғыл Тарқан жеттi.
Олар да тартынбай
Дарқан жеттi.
Он оқ оғлым,
Түргiс қағаннан
Мақраш тамғашы,
Оғыз елiнен
Бiлге тамғашы
Аңырап келдi.
Қырқыз қағаннан
Тардуш Ынанчу Чур
Зарлап келдi.
Қара тастарға
Құмның бетiне
Сызғандай етiп
Өрнек салатын,
Бояулы жiп төккендей
Әрлеп салатын
Табгаш Қаған жиенi
Чан Сеңуң келдi…
Өткенде «Түркия мектеп оқулықтарындағы «Орта Азия» терминін «Түрікстан» деп өзгертуді қолға алыпты» деген ақпарат шықты. Әрине, Орта Азия деген − ХІХ ғасырда пайда болған атау. Тұтас аймақтың тарихи атауы − Түрікстан! Алаш арыстары Мағжан Жұмабайұлы мен Мұстафа Шоқай «Түрікстан» деп «Орта Азияны» атаған. Түрікстан – түрік тарихының бұлағы. Сондықтан Түркияның бұл бастамасын дұрыс деп санаймын. Ол тарихи әділдік орнауы үшін керек!
Біз де қара жерге қарап отырған ел емеспіз ғой. «Түбіміз – түрік» дейміз. Онда Түрік қағанаттары туралы кино неге түсірмейміз? Күлтегінді неге жарыққа шығармаймыз? Қазаққа ауадай қажет тақырып − осы! Жалпы түрік әлемінен Еуразия құрлығы қатты сескенген. Әсіресе екі жақтағы көршілер. Яғни көне түрік тарихын сөйлету керек!
Түрік қағанаттары мен хандықтарындағы атақтар, лауазымдар, мансаптар, дәрежелер туралы кеңірек таратып айтуға тиіспіз. Мәселен, Қаған (император), Йабғу (премьер-министр), Шад, Тегін (тақ мұрагері), Білге, Елбілге (Ілбілге), Елтеріш (Ілтеріс), Құтылығ (Құтлық), Елхан (ел басшысы), Гүрхан (тайпалар бірлестігінің басшысы), Абыз (кеңесші), Тамғашы (Мемлекеттік хатшы), Ордубашы (Президент әкімшілігінің басшысы), Баһадүр (Генералиссимус), Бек, Беклербек (Бас қолбасшы), Сардар (сарай ісіне араласу құқына ие қолбасшы), Жарған (Жоғарғы сот), Инал (Инақ), Иналшы (Министр), Салтық (шынжырлы тұқым), Сыртырақ (сыртқы істер), Ішрекі (ішкі істер), Ердемші (мәдениет), Ыдықұт (Идіқұт), Таяңын (Таян), Бұйрық, Өге-бұйрық, Тархан (генерал), Апа-тархан, Баға-тархан, Бойла-баға-тархан, Түменбасы, Мыңбасы (түріктер – бек, моңғолдар – ноян, арабтар – әмір деген), Жүзбасы, Онбасы, Ерден, Тұтық, Құлабұз, Түксін, Елтебер, Бөрі, Бұлғай, Тарғушы, Еркін, Терім, Тирек, Тұйғын, Шықын, Құлұқ, Ағыншы (шабуылшы), Йалыман (жортуылшы), Йізек (шолғыншы), Тұтғақ (барлаушы), Бұлғай (ішкі басқару ісі, қаржы мәселесі), Жұртшы (әскерді орналастырушы), Табашы (жүкті қадағалаушы), Бұларғашы (әскери мүлікті қадағалаушы), Ақташы (әскерге қажетті малды қадағалаушы), Айдауыл (қылмыскерлерді, тұтқындарды айдаушы), Ерауыл (ереуіл, арнайы жасақ), Торуыл (тұтқиыл шабуылшы), Шығауыл (әскердің алдыңғы шебінде жүретін жасақ), Йортүк (қаған қорғаушысы), Бақауыл (қаған тамағын тексеруші), Бөгеуіл (жаяу әскерге қарсы жасақ), Кежеуіл (қарауыл), Жасауыл (Ертөле), Артауыл, Қайдауыл, Домбауыл, Жортуыл, Құрауыл, Есауыл, Оңғар, Жоңғар, Шаңдауыл, Бұқтырма, Ағышы, Жұғрышы, Шабушы, Арқышы, Канг (Иниигун), Ракабдар, Йалафар, Йалабашы, Ракабдар, Мөһердер, Дастур, Мосул, Мұлазым, Мұқтасиб, Хан, Қалға (ханның тірі кезінде орнына сайлап қоятын адамы), Жандар (хан сақшысы), Уәзір, Жауынгер, Сарбаз, Алпағыр, Бұлық (Полк), Аламан (Десант), Атарман, Ұрыңғы (Хорунжий), Жүзгін, Ұшар, Алғадай, Шора (Чурра), Шабарман, т.б. түркілік терминдерді кейінгі жас ұрпақ білуі керек!
Жалпы бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің түп-тамырын зерттеуді кешегі түрік, сармат, ғұн, сақ, оғыз тайпаларының әлеуметтік құрылымынан бастаған жөн. Себебі олардың тегін иеленіп отырған – бүгінгі қазақ халқы. Сол ата-бабаларымыздың тілінде этимологияға сұранып тұрған ақпараттар өте мол. Ал біз болсақ, олардың атауын да қате айтып, қате жазатын сияқтымыз. Тарихта оғыздардың «ішкі оғыз» және «сыртқы оғыз» болып бөлінгені белгілі. Ішкі оғыз дегендегі «ишке» сөзін грек ғалымы Геродот «скиф» деп жазған. Оны евроцентристік көңіл-күйдегі ғалымдар «сақ» деп оқыған. Ішкі оғызда «сақ» деген ру жоқ, тек «сағай» /сакай/ руы бар. Сағайлар – қазіргі сахалар (сақалар). Сақа десек, біздің ұлттық санамызда, дүние танымымызда, тарихи жадымызда сақталған, тұрмыс-салтымыздан, әдет-ғұрпымыздан, ырым-тыйымымыздан, наным-сенімімізден ойып орын алған, ауызекі әңгімемізде жиі қолданылатын сөздер ойымызға оралады. Қазақта сақа, сақай, сақау, сақтық, сақта, сақтан, саққұлақ, сақпан, сақи, саға, сақыман, сақал, сақан, сақай, сақып, сақтиян, сақар, сеңгір, т.б. сөздер, сақа жігіт, сақа сарбаз, сақа айғыр, сақа құдық, сақ-сақ күлу, сақ бол, т.б. сөз тіркестері, «ол қай кезде де сақадай сай тұрады», «ол тәжірибелі сақа жауынгер», «олар тісқаққан сақа жігіттер», «бұл үйірін қасқырға алдырмайтын сақа айғыр», т.б. теңеулер, «қой асығы деме, қолыңа жақса сақа тұт», т.б. мақал-мәтелдер жетерлік. Сақа – көргені-түйгені көп, тәжірибесі мол, әбден ысылған, дайындығы мықты, тісқаққан, сергек, қырағы, озық ойлы, ақылды, өнерлі, сенімді, сайлы, сыйлы, елағасы, игі-жақсысы деген мағына беретін, сонымен қатар жақсы ой тудырып, жағымды түсінік қалыптастыратын және ауыз толтырып, сүйсініп айтатын жігерлі сөз. Осыдан 2700 жыл бұрын грек ойшылдары да «сақ» емес, «сақа» деп жазған (Көне грек сөздігінде – сақа). «Сақа» сөзінің «сақ» болып өзгергені секілді «папа», «поп» сөздері «баба», «баб» /бапы/бабай/бопай/папай/папа/поп/ сөздерінің өзгеріске ұшыраған түрі. Геродот скиф құдайларының көсемі – «Папай», ал оның әйелінің есімі – «Апи» (Апа) дейді. Грек аңыздарындағы «Папай» қазақ ертегілеріндегі «Бапы хан» болуы ықтимал. Өйткені ертегі деген өтірік бір нәрсе емес, ертегі – ата-бабаларымыздың дүниетанымы.
Және бір өрескел қателікке аз-кем тоқталсам. Оны көпшілік «мөр» дейді, дұрысы – мөртаңба. Мөртаңба деген – сыртқы және ішкі билікте дербестікті куәландыратын заңдық күші бар ресми құжат. Ертеректе мөртаңба «сенім грамотасы» қызметін атқарған. Мөртаңбаны иелену, оның иесінің қоғамда беделді тұлға екенін білдірген. Қағандар мен бектердің, хан-сұлтандардың мөрлері тамшы тәріздес алтыннан не күмістен соғылып, жүзік күйінде бас бармаққа шақталса, билердің, батырлардың мөрлері доғал не жұмыр қалқан пішінде күмістен жасалатын. Мөртаңбаның жоғарғы бөлігіне иесінің атағы жазылса, төменгі бөлігіне өз есімі мен әкесінің есімі қоса жазылатын. Айталық, Алтын Ордада – босаға таңбасы, Қазақ хандығы мен Қырымдағы Гирей әулетінде – тарақ таңбасы мөртаңба ретінде қолданылды. Тарақ таңба кейіннен Қырым татарларының ұлт-азаттық көтерілісінің рәмізі болды.
Қадірлі оқырман! «Таңбалар әлемді үнсіз басқарады» деген геральдикалық қағида бар. Бірақ бұл өркениетті елдерге ғана тән қағида. Оны қазақ «ымды білмеген, дымды білмейді» дейді. Тіпті тарихтың өзі тілсіз қалғанда, таңбалар ғана сөйлейді. Өйткені тарихты қайта жазуға және жасауға болады.
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист