ТАРИХИ МҰРАНЫ ДАМЫТУ – ҰРПАҚ АЛДЫНДАҒЫ ПАРЫЗ

Тарихи мұра – бір ұлттың өткенін ғана емес, болашағын да айқындайтын рухани-мәдени қазына. Ежелгі қалалар мен қорғандар, көне қолжазбалар мен жыр-дастандар, халықтың тұрмыс-салт дәстүрлері – барлығы да ұлттың кодын, төлтумалығын, өркениеттік орнын дәлелдейтін дереккөздер. Осы құндылықтарды сақтау мен дамыту – бүгінгі буынның басты міндеттерінің бірі.

Қазақстанда тарихи мұраны қорғау бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүздеген ескерткіштер қалпына келтірілді, археологиялық зерттеулер нәтижесінде жаңа нысандар табылды. Соңғы жылдары тарихи орындарды цифрландыру, виртуалды турлар жасау арқылы оларды әлемдік аудиторияға таныстыру үрдісі күшейіп келеді.

Тарихи мұраны дамыту тек реставрациямен шектелмейді. Ол – ұрпақ санасына өткеннің асыл қазыналарын сіңіру, тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу және ұлттық өнер мен фольклорды үнемі жаңғыртудан тұрады. Мысалы, ұлттық қолөнер шеберлерінің туындыларын заманауи дизайнмен ұштастыру, көне жырларды сахналық қойылымдар мен мультимедиялық форматқа бейімдеу арқылы насихаттап дәріптеу – тарих пен бүгінді жалғаудың ең тиімді жолы.

Сондай-ақ тарихи мұра – ел аумағындағы туризмнің де қуатты қозғаушы күші. Түркістан, Отырар, Сарайшық, Жаркент сынды қалаларға туристерді тарту арқылы жергілікті экономика жандандыруға әбден болады. Және де жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл ретте тарихи нысандарды халықаралық стандартқа сай инфрақұрылыммен қамтамасыз ету өте маңызды болмақ.

Батырлық рухтың бесігі

Жаркент қаласының қақ төрінде орналасқан «Жауынгерлік Даңқ» музейі – бұл жай ғана тарихи жәдігерлер қоймасы емес. Ол – ел мен жердің тағдырлы жолын, батыр бабалардың ерлігін, Отан үшін төгілген қан мен төзімнің шежіресін жинақтаған қасиетті орын. Музейіміз – өңірдің мәдени-рухани кеңістігінде ұлт жадын жаңғыртып, жас ұрпақты отансүйгіштікке баулуда ерекше рөл атқарып келеді.

2011 жылдың 25 қаңтарында ашылған бұл мәдени нысан «Жетісу облыстық тарихи-өлкетану» музейінің филиалы болып саналады. Қастеев көшесіндегі ғимарат мемлекет қаражаты есебінен абаттандырылып, ағымдағы жөндеу мен ішкі қайта безендіру жұмыстарын жүргізу арқылы барлық залдары жаңартылған. Мақсаты – жергілікті батырлар мен майдангерлердің ерлігін келешекке жеткізу, Жаркент өңірінің бай әскери шежіресін кең көлемде насихаттау.

Музей қоры – өңірдің әскери тарихын терең қамтитын баға жетпес құндылықтардан тұрады. Мұнда 700-ден астам негізгі жәдігерлер мен жүздеген қосымша қордың экспонаттар сақталған.

Төрт залдың әрқайсысы өз тақырыбымен ерекшеленеді:

«Көне заман тарихы» – ғасырлар қойнауынан жеткен ежелгі шежіреден сыр шертеді;

«Қазақ хандығы және Ұлт-азаттық күрес қаһармандары» – ерлік пен ұлттық намыстың өшпес өнегесі;

 «Екінші Дүниежүзілік соғысы кезеңі (1941-1945ж.ж.)» – майдандағы және тылдағы ерлік.

«Интернационалист жауынгерлер» (1979-1989ж.ж.) және «Тәуелсіздік батырлары» – Ауған соғысы мен «Желтоқсан-86» көтерілісі қаһармандарына арналған.

Музей сөресінде белгілі шебер Дәулет Шоқпаров жасаған «Бес қару» жинағы – қазақ жауынгерлік өнерінің символдық бейнесі тұр. «Жауынгерлік Даңқ» музейі – тек тарихты танытушы ғана емес, өңірдің мәдени тынысын жандандыратын орталық. Ол Жаркенттің басқа да киелі орындарымен – «Жаркент мешіті», көне сауда көшелері, тарихи ғимараттармен бірге тұтас бір мәдени кластер құрайды.

Музейде ұйымдастырылатын ғылыми-танымдық дәрістер, өлкетану сабақтары, көрме және конференциялар арқылы өңірдің рухани картасы жан-жақты байып келеді. Демек, өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің таптырмас мектебі. Мұнда жыл сайын оқушылар мен студенттерге арналған экскурсиялар жасалып, тарихи-танымдық сағаттар мен дәрістер оқытылады және батырлар ұрпақтарымен кездесулер өткізіледі. Желтоқсан құрбандары – Ербол Сыпатаев пен Ләззат Асановалардың ерлігі жайлы кештерде жастар сол оқиға куәгерлерінің әңгімесін тыңдап, деректі фильмдер көреді. Бұл – қағаздағы тарихты адамдар жүрегіне жеткізетін шынайы сәттер.

«Жауынгерлік Даңқ» музейі алдағы уақытта да өңірдің әскери тарихын толықтырып, экспозицияларын заманауи мультимедиа технологияларымен байытуды көздеп отыр. Бұл – тарихты тек көру ғана емес, сезіну, бастан кешіру тәжірибесін қалыптастырады. Және де өткеннің өнегесін бүгінгіге жеткізетін, болашаққа аманаттайтын киелі орын. Ол ұрпақ санасына батырлық рух, отаншылдық сезімін сіңіру арқылы елдік мүдденің бекемделуіне ерекше қызмет етеді. Мұндай мекендер – тарих пен халық жадын тірілтіп, ұлттың рухани қуатын арттыратын мәңгілік шамшырақ іспетті.

Мәңгілік мұра – ұлттың генетикалық коды

Әр халықтың ең үлкен байлығы мен баға жетпес құндылығы – оның төл тарихы. Уақыт көшінде ұмыт бола жаздаған оқиғалар, жойылып бара жатқан жәдігерлер, көненің көзі саналатын мәдени ескерткіштердің – бәрі сол ұлттың өзіндік келбеті мен болмысын айқындайды. Сондықтан тарихи мұраны жинау, сақтау және тірілту – бұл тек өткенді құрметтеу ғана емес, ел болашағын берік іргетасқа сүйеу, одан әріге дамыту ісі.

Археологиялық қазбалардан табылған қыш ыдыстар, бабалар тұрғызған кесенелер, шежіре мен ескі қолжазбалар – барлығы да өткеннің үнін жеткізуші. Мұндай мұраларды ел ішінен жинау – ұлттың «генетикалық кодын» сақтаумен тең. Әрбір жәдігер – тарихтың бір бөлшегі, заттай дерегі, сол әр бөлшек бірігіп, халықтың тұтас шежіресін құрайды.

Тарихи құндылықтарды сақтау – бұл тек музей сөресіне қою емес. Ол – ғылыми зерттеу, қалпына келтіру, цифрлық форматқа көшіру және келешекке қолжетімді ету. Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тарихи мұрасына бей-жай қараған елдің рухани тұтастығы әлсірейді. Ал тарихи жадын сақтап, оны келер ұрпаққа аманат еткен ұлт – өз жолынан ешқашан да жаңылмайды.

Кейбір тарихи ескерткіштер мен дәстүрлер тек сақтау арқылы емес, қайта жандандыру арқылы ғана өміршең бола алады. Сондықтан да ұмыт болған қолөнер түрлерін қайта үйрету, дәстүрлі мерекелерді жаңғырту, көне ғимараттарды бастапқы қалпына келтіріп, мәдени орталыққа айналдыру секілді жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Бұл – тарихты тек көру ғана емес, оны сезіну, өмір сүру кеңістігіне енгізу деген сөз.

Тарихи мұраны дамыту – тек рухани миссия емес, экономикалық әлеует. Мәдени-танымдық туризм – өңірлердің экономикалық жағынан дамып гүлденуіне жол ашады. Мысалы, жөнделген тарихи ескерткіш, ашылған этнографиялық ауыл, ұйымдастырылған дәстүрлі өнер фестивалі – жергілікті кәсіпкерлікті жандандырып, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашады.

Тарихи жәдігерлер – жас ұрпақ үшін тек ақпарат көзі емес, мінез-құлықты қалыптастыру мектебі. Батырлық, еңбекқорлық, әділдік, отансүйгіштік секілді асыл қасиеттер – өскелең ұрпақ бойына тарихи тұлғалар тағдырынан, халықтық дәстүрлерден сіңеді. Мектептер мен колледждердегі «өлкетану» сабақтары, музей сабақтары, тарихи орындарға саяхат – мұның бәрі жастардың ұлттық сана-сезімін күшейтіп, рухани жағынан байыта түсері хақ.

Тарихи мұраны жинау, сақтау, тірілту және дамыту – бір ғана мәдениет саласының міндеті емес, бұл – бүкіл қоғамның, әр азаматтың борышы. Өткенін қадірлеген халық қана болашағын сенімді жасай алады. Біз күнделікті өмірде сақтап және насихаттаған әрбір тарихи жәдігер – немереміз бен шөберемізге қалдырған рухани аманат.

Бабалар мұрасын бағалай білейік

Халықтың өмірінде тарих – тек өткен күндердің тізбегі емес. Ол – ұрпақтың жадында сақталатын ұлы сабақ, болашаққа жол сілтер шамшырақ. Өз тарихын қастерлеген ел – тамыры терең бәйтерек секілді, қоғамда болып жатқан саяси және экономикалық дауылдарға да, желге де майыспайды. Ал өткенін ұмытқан халықтың болашағы – ашық теңіздегі бағытсыз кемедей, қайда апарарын өзге ағын айқындайды.

Өз тарихы мен ата-тегінен безінген, тарихынан ұялған, ата-баба жолын мойындамаған жұрттың тағдыры өте ауыр болмақ. Мұндай халық басқа елдің тарихын жаттауға, қабылдауға, бөтеннің мұрасын өзінікіндей көруге мәжбүр болады. Демек, бұл дегеніңіз – рухани тәуелсіздіктен айырылудың алғашқы қадамы. Шынайы тәуелсіздік тек шекарамен емес, халық жадымен бекітілетіндігін ұмытпағанымыз абзал.

Біздің ата-бабаларымыздың әрбір қадамы – өшпес өнегелі ерлікке толы. Қиын-қыстау заманда елін қорғаған батырлар, білім мен өнер жолында елді алға жетелеген ойшылдар, адал еңбегімен ауылын көркейткен қарапайым адамдар – бәрі де ортақ тарихымыздың алтын жіптері. Олардың қалдырған мұрасы – қылыш пен найза ғана емес, әділдік пен ар-ождан, өнер мен білім, дәстүр мен тіл. Мұның бәрі қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан – баға жетпес рухани байлығымыз, бабалардың бізге деген адал аманаты.

Қайбір жылдары байтақ даламызда шашылып жатқан балбал тастар байлардың сәнді сарайларының ауласына «көшіп», тіпті құрылыс жұмыстарына қор болғанын республикалық газеттерден оқып қалған едік. Ендігіде мұндай әрекеттерге жол беруге болмайды. Өйткені тарихын құрметтеген халық қана рухани тұрғыдан мықты болады. Өткеннің үлгісімен өскен ұрпақ әділетсіздікке мойымайды, қиындыққа төзімді келеді. Балаларымыз өзінің қайдан шыққанын, кімнің ұрпағы екенін анық біледі. Ал, керісінше, тарихынан ажыраған адам – тамырсыз ағаш секілді.

Тарихты қастерлеу, ұлықтау дегеніміз – тек мерейтойларда еске алу немесе газет-журналға бір-екі мақала жазып қоя салу деген сөз емес. Ол – ата-бабаның мирас еткен жерін, тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін күнделікті өмірде тұтыну және сақтау. Бұл үшін мектептен бастап тарихты шынайы әрі қызықты үйрету, өлкетану мен тарихи саяхаттарды дамыту, батырлар мен ойшылдар мұрасын насихаттау, музейлерді жаңғырту, экспонаттарды тірілту істерін жан-жақты әрі кең көлемде қолға алуымыз қажет-ақ.

Өзінің өткенін қастерлеп, ұдайы ұлықтап отыратын елдің болашағы жарқын, келешегі кемел. Тарих – біздің ұжымдық жадымыз, ұлттық рухымыздың негізгі тірегі. Бабалар ерлігі, жүріп өткен жолы, қалдырған мұрасы – біз үшін әрқашанда қасиетті және де ешбір баға жетпес байлық. Оны сақтау – әрқайсымыздың парызымыз, ал қастерлеу, мирас ету – болашақ ұрпақ алдындағы аманатымыз.

P.S. Жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыру – ұзақ мерзімді дамудың һәм мәңгілік ел болудың кепілі. Мектеп бағдарламасында өлкетану сабақтарын күшейту, студенттерді археологиялық экспедицияларға қатыстыру, еріктілер қозғалысын қолдау – осы бағыттағы тиімді шаралар.

Тарих – өткеннің естелігі ғана емес, болашаққа жол сілтейтін рухани шамшырақ. Ұлт ретінде іргемізді бекемдеу үшін тарихи мұраны сақтау мен дамыту ісі ешқашан тоқтамауы тиіс. Өйткені, өткен тарихын, шежіресін құрметтейтін ел ғана келешегіне қай кезде болмасын сенімді әрі нық қадам басары анық.

 Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,

«Жауынгерлік Даңқ»

музейінің меңгерушісі




ПІКІР ЖАЗУ