ТАСҚЫННЫҢ ТАУҚЫМЕТІ МЕН ТАҒЫЛЫМЫ

2024 жылы еліміздің біраз өңірін қамтыған алапат тасқын Жылыой ауданын да айналып өтпеді. Табиғат апаты аудан тұрғындарын әбігерге салып, орасан зор шығынға ұшыратты.
Жылыой. Кең Жылыой — киелі мекен, қасиетті өңір, құтты аймақ. Қазақстандағы екінші Алтын киімді адам осы өңірден табылды. Исі қазақтың пірі – Бекет ата осында дүниеге келді. Қазақ мұнайының қара шаңырағы Қарашүңгіл осы ауданда орналасқан. Дүние жүзіндегі алпауыт компаниялардың бірі — «Теңізшевройл» осында мұнай өндіреді. Соның арқасында ауданымыз ел қоржынына қомақты қаржы салып отыр.
Ауданның тағы бір мақтан тұтар нәсібі – Жем өзені! Асан қайғы бабамыз айтқан «бақасы қойдай шулаған, балығы тайдай тулаған» ұлы Жем. Қандай жұт, қасіретті ашаршылық болғанда да Жемді жағалағандардың өзегі талмаған.
Өкінішке қарай, табиғаттың өз заңы бар. Жем суы соңғы кездері тартылып барады, кейде бірнеше жыл үзіліп қалатын жағдайға жетті. Дегенмен, еліміздің батыс аймағындағы ауа-райының құбылмалылығына, жауын-шашын мен қардың түсуіне қарай жиырма-отыз жылда бір рет арнасынан асып, жағадан 15-20 шақырымға дейін жайылып кетеді.
2022-2023 жылдары Жем өзенінің көктемгі көтерілуі алдыңғы жылдармен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болатыны алдын-ала хабарланып, қауіпсіздік шаралары дер кезінде алынып отырды. Бірақ 2024 жылы Наурыз айының соңына қарай күн кенеттен ысып, қардың, күзде түскен мол ылғалдың тоңы тез еруінің салдарынан Жем суы күрт көтеріліп, ағысы күшейіп кетті.
1993 жылы Құлсары қаласы суға кеткенде Жем суының ағысы секундына 1200 текше метр болған екен. 2024 жылғы ағыстың қарқыны секундына 2000 текше метрге дейін жетті. Бұндай күтпеген тасқын жағдайды ушықтырып жіберді.
Қазгидромет 2024 жылы Жем өзенінің қандай көлемде, қашаннан бастап таситыны туралы алдын ала мәліметті нақты хабарлай алмады.
Күрес пен қорғаныс: Соған қарамастан қорғаныс шаралары ертерек қолға алынып, Жем өзені мен оның аудан орталығы Құлсары қаласы арқылы өтетін Құрсай саласының жағасын биіктету, Жем бойындағы Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарын айналдыра бөгет салу жұмыстары шұғыл қолға алынды. Аудан халқы қорғаныс ісіне түгел жұмылдырылды. 29-шы наурызда су басу қаупінің алдын алу және қатерді жою жөніндегі штаб құрылып, ұйымдастыру шаралары бекітілді.
Біз аса қауіпті аймақтардағы бекіністерді нығайтып, бөгеттерді биіктетіп жүргенде Құлсарыдан 25-30 шақырымдай жоғарыда Жем өзені арнасынан асып, жойқын су 3-ші сәуір күні түнде Қарағай елді мекенін басып, Құлсары қаласының «Болашақ» ықшам ауданының құбыла беттегі үлкен бөлігінен өтіп, Жадырасын ықшамауданына кірді.
4-ші сәуірде «Жылыой ауданы аумағындағы жергілікті ауқымдағы табиғи апатқа қатысты төтенше жағдай жариялау туралы» № 8 шешім шығардым.
Қорғаныс шаралары күндіз-түні толассыз жүргізілді. Құлсары қаласындағы және ауылдардағы қауырт жұмыс қызып тұрған тұстарға 11 шатыр тігіліп, далалық асхана ұйымдастырылды, қорғаушылар кезекпен шатырларда көз шырымын алды. Аса қауіпті аймақтар деп танылған Құлсары қаласында, Ақкиізтоғай, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарында, Жаңа Қаратон кентінде жүргізілген қорғаныс жұмыстары 15-ші сәуірге дейін жалғасты.
Кейін мәлім болған деректерге сүйенсек, қауіпті жағдайдың туындауына Ақтөбе облысы аумағынан бастау алатын Жем өзені бойындағы 4 дамбының үшеуі бұзылуы әсер еткенге ұқсайды. Сол өңірде шығатын «Диапазон» интернет-ресурсында көктемгі су тасқынында 15 дамбы жарылғаны туралы ақпарат жарияланды.
Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Мұғалжар тауынан еріген қар суының алдын алу мақсатында Ақтөбе облысында тиісті гидробекеттер жасақталмағанын, Қазгидрометтің болжау құралдары тиісті деңгейде орнатылмағанын атап айтып, Жылыой ауданында орын алған су тасқынын табиғи апат деп жариялады.
Қауіпті тасқын аймақтарын тәулік бойы бақылау мақсатында жауапты қызметкерлер басқаратын кезекші топтар ұйымдастырылды.
15-ші сәуірден бастап тасқынның қарқыны қайта бастады. 17-ші сәуірде Жем суы арнасына түсті.
Жан аямай жасалған тосқауыл жұмыстарының арқасында Құлсары қаласының 70 пайызын, Ақкиізтоғай, Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдарын, Жаңа Қаратон кентін су басу қатерінен аман алып қалдық. Тасқын толастасымен оның зардаптарын жою жұмыстары жедел басталып кетті.
Апат кезіндегі ынтымақ пен көмек: Жұмыстың қауырт болуына қарамастан зардап шеккендерге көмектесу қолға алынды. Тасқын қаупінің аса күшейген кезі — 4-ші сәуірде үйі құлаған, су ортасында қалған 30 мыңға жуық тұрғын Құлсары қаласындағы мектептердің ғимараттарына, Майкөмген ауылына, «Теңізшевройл» компаниясының Теңіз вахталық қалашығына, Маңғыстау облысында, Атырау қаласында ұйымдастырылған эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Ауданда тасқыннан зардап шеккен 3697 тұрғынға бюджет қаражатынан бір жолғы көмек көрсетілді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп халқымыз тегін айтпаған. Аудан халқы қауіпті тасқынға қарсы күреске жұмыла кірісті. Аудандағы көптеген мекемелердің басшылары қарамағындағы жұмысшылардың жалақысын сақтай отырып, қорғаныс жұмысына босатты.
Маңғыстау облысы мен өз облысымыздағы 20-ға тарта кәсіпорын мен мекеме, «Теңізшевройл» компаниясы жүздеген техника, мыңдаған адам бөліп, қиын сәтте қасымыздан табылды.
Атырау облысындағы жергілікті атқарушы органдардан 162 адам, 151 техника; Төтенше жағдайлар министрлігінің жергілікті өкілеттіктерінен 350 адам, 31 техника, 17 жүзу құралы, 19 су сорғыш; Ішкі істер министрлігінен 230 адам, 35 техника; Қорғаныс министрлігінен 570 адам, 30 техника; Ұлттық ұланнан 125 адам, 10 техника көмекке келгенін атап айтқан жөн.
Ел басына қиындық түскен кезде қол ұшын берген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінен, еліміздің түкпір-түкпірінен қомақты гуманитарлық көмектер келіп, 5 тарату пункті арқылы Құлсары қаласындағы, Тұрғызба, Шоқпартоғай ауылдарындағы зардап шеккендерге үлестірілді. Барлық гуманитарлық көмек мөлшері 881,3 тонна шамасында болды.
Жылыойға көмек қолын созған волонтерлер саны 10000 ға жетті.
«Жаны күйген тәңірісін қарғайды» деген нақыл бар. Үй-жай, дүние мүліктен бір сәтте айырылу кім-кімге де оңай емес. Далада қалғанына ашынған әрі осындайда еліріп кететін, қаншама текті халық болсақ та әр жерде де кездесетін арандатушылардың айдап салуына ерген халық аудан әкімдігінің алдына жиналып, наразылық білдіріп, қисынды- қисынсыз талаптар қоя бастады.
Сабақ пен тағылым: Осынау келеңсіз жағдайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты сабырға шақырып, «…барлық шығын өтеледі» деп мәлімдеуі мен облыс басшысы Серік Жамбылұлы Шәпкеновтің жанымыздан табылуы, Парламент депуттары, Министрліктердің басшылары ауданымызға келіп, халықпен көзбе-көз сөйлесуі бізге үлкен қолдау болды.
Қандай қысым көріп, қиындыққа тап болсақ та тасқынға тосқауыл жұмыстарын да, тасқын зардаптарын біртіндеп жоюды да тоқтатқан жоқпыз.
2024 жылдың 14-ші сәуірінде жергілікті тұрғындармен тиімді байланыс орнатып, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында Құлсары қаласы аумағында су тасқынынан зардап шеккендермен тұрақты жұмыс істейтін, құрамы 16 адамнан тұратын Жылыой аудандық қоғамдық штабы құрылды. Олардың арасында қиын-қыстау сәтте жастардың арасынан суырылып шыққан көшбасшылары, сындарлы қоғам белсенділері, жергілікті беделді кәсіпкерлер, заң мәселелері мен банк операциялары жөніндегі консультанттар, дін қызметкерлері бар еді. Сонымен қатар, алаңкөңіл тұрғындарға адвокаттар, нотариус қызметкерлері, сот орындаушылары кеңес беру жұмыстарын тынбай жүргізді.
Тұрғындарға бір жолғы материалдық көмек төлеу, бүлінген тұрғын үйлер мен жарамсыз болып қалған дүние-мүлік үшін өтемақы төлеу, төтенше жағдайдың мерзімін ұзарту, несие төлеуді кейінге қалдыру, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тағы басқа мәселелер жөнінде ақыл-кеңес беріліп, заттай көмек көрсетілді.
Бұл бастама әр тұрғынға су тасқынының салдарын жою және өңірді қайтадан қалпына келтіру тұрғысында тиісінше қолдау көрсетіп, шұғыл да нақты ақпарат беріп отыруды қамтамасыз етуге жағдай жасады.
Қалпына келтіру және жаңғыру: 2024 жылы орын алған су тасқыны біздің өңір үшін үлкен сынақ болды. Табиғи апаттан кейін Жылыой ауданында, әсіресе Құлсары қаласында толықтай қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстардың басты мақсаты халықтың тұрмыс сапасын арттырып, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңа деңгейге көтеру болатын.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды (нұқсанды) бағалау және өтеу бойынша аудан әкімдігінің 2024 жылғы 15 сәуірдегі № 100 қаулысымен аудандық комиссия құрылды.
Нәтижесінде 2920 жеке тұрғын үйді, 812 тұрғыны бар 19 көп пәтерлі корпусты, 31 әлеуметтік нысанды және 353 шағын және орта кәсіпкерлік нысанды су басқаны анықталды.
Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін Жылыой ауданы Құлсары қаласындағы «Болашақ» шағын ауданынан әрқайсысының жалпы ауданы 100 шаршы метр құрайтын бір типті 100 тұрғын үй салу қолға алынды. Әр үйдің құрылысын жүргізуге 10 сотық жер телімі бөлінді.
Су тасқынан зардап шеккен «Кең Жылыой» мәдениет үйі, Орталық стадион, Жылыой аудандық музейі, №5 Абай атындағы орта мектеп, №19 жалпы білім беретін мектеп, Достық ықшам ауданындағы көпір, «Өркен», «Айгөлек» бала бақшалары, №1 Жылыой аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және адамдар көп шоғырланатын басқа да орындар қалпына келтіріліп, қазіргі таңда жұмыс істеп тұр.
Солардың қатарында Кең Жылыой аудандық мәдениет үйі қайтадан пайдалануға беріліп, мәдениет пен өнерді сүйетін тұрғындардың көз қуанышына айналды. Жөндеу барысында ғимараттың шатыры, есік-терезелері толық жаңартылып, жылу, су, және электр жүйелері заманауи талаптарға сай қайта жасақталды. Көрермендер залы жаңа креслолармен жабдықталып, акустикалық жүйесі жаңартылды. Сахнаға заманауи жарық және дыбыс беру жүйелері орнатылып, сахналық шымылдық толық жаңартылды. Әртістерге арналған және дайындық бөлмелері кең, жарық әрі ыңғайлы етіп қайта жасақталды. Ғимараттың ішкі кеңістігі — фойе мен холлдар — ерекше заманауи дизайнмен әрленіп, кіреберіс алаңына ұлттық рухты айқындайтын «Домбыра» мүсіні орнатылды. Сыртқы жарықтандыру жүргізіліп, ғимараттың ажары ашыла түсті.
Білім беру саласында да су тасқыны салдарынан зақымданған бірқатар білім мекемелері жаңғыртылып, оқушылар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасалды. Мәселен, №19 орта мектеп «Реновация» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп, мектептің материалдық-техникалық базасы толық жаңартылды.
Болашаққа бағыт: Осындай апатты қайта болдырмау мақсатында Жем өзенінің тасуына толық тосқауыл болатын құрылыстарды қолға алдық. Атырау облысы құрылыс басқармасымен ынтымақтаса отырып, 2024 жылдың тамыз айынан бастап Жем өзені мен Құрсай өзегінің түбін тереңдету және жағаны бекіту жұмыстары жүргізілді. Өзен арнасының түбін тереңдету жұмыстарының жалпы ұзындығы 96 шақырым (Құрсай каналы — 46 шақырым, Жем өзені — 50 шақырым) құрады.
Аудан бойынша жалпы ұзындығы 65,3 шақырым құрайтын (Құлсары қаласы — 42,8 шақырым, Ақкиізтоғай ауылы — 5,3 шақырым, Тұрғызба ауылы — 10,8 шақырым, Шоқпартоғай ауылы — 6,4 шақырым) бөгет салынды.
Жем өзені бойынан су қоймасын салу үшін Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен «Казгипроводхоз Институты» ЖШС арасындағы келісімге сәйкес Жылыой ауданында Жем өзенінің бойындағы Аралтөбе учаскесінен сыйымдылығы 220 млн. текше метр болатын су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда. Бұл су қоймасының пайдалануға берілуі аудан экономикасының өркендеуіне, негізінен, мал шаруашылығын дамытып, балық өсіруге, егіншілікті дамытуға игі әсерін тигізер еді.
Айта кету керек, су қоймасын салу Жем өзені мен қолда бар және болашақта игерілетін су ресурстарын кешенді пайдалануға мол мүмкіндік туғызары сөзсіз.
Алдағы уақытты Жем өзеніне судың қаншалықты мөлшерде келетіні жоспарлы түрде алдын ала зерделеніп, өзен арнасын тереңдету, жағалауын нығайту жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады.
Иә, өтер іс өтті. Алапат тасқынның зардаптары жойылды. Бұның өзі аудан басшысы ретінде мен үшін үлкен сынақ, тағылымды сабақ болды.
2024 жылғы су тасқыны — ауыр сынақ қана емес, ел бірлігінің, төзім мен сабырдың айғағы.
Бұл апат қауіп-қатер төнген сәтте Жылыой халқының ынтымағы арта түсетінін көрсетіп, мемлекеттің қамқорлығын және халықтың рухани биіктігін тағы бір дәлелдеді.
Тасқын өтті, тағылым қалды. Табиғаттың кезекті тексеруінен абыроймен өттік деп есептеймін, болашақта алдымыздан шығар кез-келген сынаққа да дайынбыз деп нық сеніммен айта аламын.
Жылыой халқының жігері мықты, еңсесі биік, бұл — кез-келген қиындықты жеңуге жетелейтін қасиет!
Қаражанов Жұмабек Байрақбайұлы,
Атырау облысы,
Жылыой ауданының әкімі




