ТЕМІР ТӨСЕК

      Кеңшар басшысы Өмірзақ аудандағы жиналыстан көңілсіз оралды. Облыстың жаңа әкімі өте қатал әрі кірпияз адам дейді. Барған жерінде көңіліне ұнамаған басшыны орнынан алып тастап келе жатқан көрінеді. Оның үстіне «аудан басшылары соңымнан шұбап жүргендерін қойсын. Шаруашылықтарды жалғыз аралаймын» депті. Енді сол қаһарлы басшының жолы осы ауданға түспекші. Облыс әкімі «аралап көремін» деген шаруашылықтардың қатарында Қасқабұлақ кеңшары да бар. «Өмеке, мықтап дайындалыңыз. Ұятқа қалып жүрмейік» деп аудан әкімі Құрал да алаңдап қалған. Ымырт жабыла ауылға оралған Өмірзақ орынбасары мен зоотехникті шақырып алып, түн ортасына дейін кеңесті. Ақылдаса келе сыры беймәлім басшыны алдымен баратын көрші ауыл қалай қарсы алғанын біліп келуге жансыз жіберуге тоқтасты. Оған бұрын сол шаруашылықта қызмет істеген, қазір өзінің  орынбасары Молдаханды лайық деп тауып, үйді-үйлеріне тарасқан. Ертеңінде Молдахан жолға шығарда Өмірзақ оңашалап:

– Үлкен кісінің бабы қалай екен, не ішіп, не қоятынына дейін біліп кел, –  деп қайта-қайта тапсырды.

Араға күн салып Молдахан да жетті. Екі танауы желпілдеп, ентігіп тұр.

– Ойбай, сұмдық! Білмейтіні де жоқ, сұрамайтыны да жоқ. Топырақтың құрамы мен К-700-дің тетіктеріне дейін аңыратып тұр. Архаттың  мал дәрігерінен «бәленше деген бәксинаның пайдасы қандай екен?» деп сұрап еді, дәрігердің бетінен оты шықты.

– Ол не қылған вакцина?

Өмекеңнің маңдайынан шып-шып тер шығайын деді. Атам заманда үш айлық курс бітірген, бүгінде алпысты алқымдаған Молдаханнан не қайыр:

– Пәленше деген ауруға қатысты пәленше деген бәксина шығыпты…

– Құдай-ау, пәленшең не айтып тұрған! Аты бар шығар, ол құрғырдың?

– Өмеке, сол пәленің атын қарбаласта ұқпай қалғаным.

– Кеңшар басшысынан бірдеңе сұрады ма?

– Жағалай сұрайды екен.

Енді Өмірзақ шын састы.

– Әлгі ветврач қайда? Айтыңдар, тапсын әлгі вакцина құрғырдың атын.

Инженерге де айтыңдар, К-700-дің бүкіл саймандарын жатқа білетін болсын. Кім еді… әлгі құрғырдың аты… кім еді?.. Әй, әлгі агрономға да айтыңдаршы. Топырағын біле ме екен, алқаш неме…, – деп қарамағындағылардың алдында тым дегбірсізденіп кеткенін сезе қойып, қайтадан сыздана қалды. – Ал, Молдеке, ішіп-жемі қалай екен? Архаттықтар қалай қарсы алды, қайда жатқызды?

Молдахан басқасын ұқпаса да дәл осы мәселеге зерек екенін аңғартқысы келгендей көсіле сөйледі.

– Қарсы алуы керемет болды. Қопаға, бұлақтың жанынан үй тіккізген екен, үлкен кісі қатты риза болды. «Ауасы неткен ғажап» деп қайта-қайта тамсанады. Қазы-қарта, қымыздан бас тартқан жоқ. Ішімдікті жолатпады. Бірақ…

– Не бірақ?

Өмірзақ Молдаханға қарай ұмсына түсті.

– Үлкен кісінің бойы тым ұзындау екен, тізесі бүктеліп, төсекке сыймай шала ұйықтаған болуы керек, таңертең көзі қызарып, көңілсіз тұрды, – деп Молдекең ең маңызды мәселенің басын шығарды. Өмірзақ ауыр денесімен креслоның арқалығына шалқая жатып, ұзақ ойланды.

– Бізде Қопадай жер жоқ. Маңайдың бәрі қу тақыр. Осы Сыртқасқабұлақтың жағдайы қалай?

Әңгіменің соңына қарай ілініп, мәселенің мән-жайына әлі қаныға қоймаған зоотехник Күмісбек:

– Былтыр айтып едім сізге, көзі бітеліп бара жатыр, тазалап тастайық деп…

– Өй, былтырғыңды бықсытпай қоя тұршы. Қазір қалай екен?

– Көзін ашып жіберсе болатын шығар. Маңайы шалшыққа айналып кетіпті. Бірақ ой жағы көкпеңбек, жайқалып тұр, – деп Молдахан сөзге араласты.

– Олай болса, дәл қазір сол жерге экскаватор жіберіңдер. Таң атқанша бұлақтың көзін ашсын. Молдеке, өзің қадағала, трактормен суға із салып, ылдиға дейін ені екі метрдей қылып канал жырғыз. Бір оңтайлы тұсынан кәдімгі тақтайдан көпір салғыз да сол көпірге қазақ үй тіккіз. Архаттықтар бұлақтың қасында күтсе біз үлкен кісіні бұлақтың үстінде күтетін боламыз. Каналдан шыққан топырақты ой-шұңқырға төккізіп, мәшинемен әбден таптатқыз. Айнала жол тегіс болсын. Күмісбек, ішіп-жем жағына өзің бас-көз бол. Сені үйрететін емессің ғой. Ал, барыңдар, – деп өз қимылына көңілі толғандай креслосына жантая кетті. Алар тапсырмасын алып, екі көмекшісі есікке беттеп қалғанда ең басты мәселе ойына сақ ете түсіп, орнынан ұшып кете жаздады.

– Ойбай, тоқтаңдар. Әлгі төсекті… төсекті ұмытыппыз ғой! Молдеке, осы бетте бас инженерді тап. Сваршик Төленді алсын да, – деп біраз ойланып барып: – осы ауылдан екі темір төсек табылатын шығар. Соларды ортасынан кесіп, ұзындығы екі метрден астам қылып жалғап, бір төсек жасап шығарсын.

Қойшы, сонымен жарты Қасқабұлақ шуылдап жүріп талай жылдан бері тұншығып жатқан бұлақтың көзін аршып, каналын жырып, көпірін салып, үйді де тігіп тастады. Жоны жарылғалы тұрған қысырақ жығылып, қазы-қарта айналдырылды. Қалаға арнайы адам жіберіп, өрік-мейіз тәрізді шайдың тәтті-дәмдісіне дейін дайын қылды. Ең бастысы, қазақ үйдің тең жартысына жуығын иемденген темір төсекті айтсаңшы! Өз-өзіне дән риза болған Өмірзақ облыс әкімі келерден бір күн бұрын жандайшаптарын Сыртқасқабұлақ басына жинап, «басшыны қарсы алу» жоспарын тағы бір мәрте пысықтаған.

– Үлкен кісі келген кезде мен, Молдахан, Күмісбек —  үшеуміз қарсы аламыз. Мына тұсқа келгенде шашу шашатын кемпір тосып алуы керек. Арнау айтатын әнші жігіт сәл төменірек тұрады. Бұған, завклуб бала, сен жауап бересің, – деп соңғы тапсырмаларын беріп, жаны жай тапқандай болды.

Осылайша үш күн дайындалған Өмірзақ бастаған топ бес-алты жеңіл мәшинемен үлкен кісі келетін күні таң ата Сыртқасқабұлақтың желкесіндегі қырға келіп, алқа-қотан иіріліп, тоқтай қалысты. Өмірзақтың көңілінде алаң бар. Үйткені кеше ымырт түсе басталған жауын әлі сіркіреп тұр. Содан Өмірзақтар үлкен кісіні түске дейін тоссын. Келе қалған үлкен кісі де жоқ, жауын да толастар емес. Мәшиненің кәбинесінде отыра-отыра қалжыраған Өмірзақтың көзі ілініп кеткен екен, «келді, келіп қалды» деген дауыстан шошынып оянды. Апыл-ғұпыл сыртқа атып шықса сүлік қара Волга қарсы беттегі қырдан асып, ойпаңға қарай құлдырап келеді екен. Жанында басқа көлік жоқ. Тек соңғы мәшинеден өзіне қарай «келіп қалды, келіп қалды» деп өңешін созып Молдекең өкеңдеп келеді. Өмірзақтың жаны мұрнының ұшына келді.

– Әу, Молдеке, әлгі кемпір қайда?! Шашу қайда?! Өй, әкеңнің… өңшең қырсық… Әнші қайда, болыңдар!..

Саздауыттау беткейдің батпағына аяғы тайғанап, шатқаяқтап келе жатқан Молдахан жұртты шақыру керектігі енді есіне түсіп, кілт тоқтаймын дегенде табан асты жылп ете қалды. Бойын тіктеп үлгере алмаған күйі екі аяғы көтеріліп барып, жамбасымен шалшыққа оңбай құлады. Қиралаңдап орнынан зорға тұрған ол жамбасынан су сорғалап, кері қарай жүгірді. Дәл осы сәтте қара Волга құрғақтау жерге келіп тоқтай қалды да жүргізуші жағынан қара костюм, ақ көйлек киген, қырықтарды алқымдап қалған еңгезердей жігіт ағасы шығып, бойын жаза керіліп тұрып қалды. Өмірзақтың санасында «үлкен кісі орта жастан асқан адам деп естіген сияқты едім, өңі жас көрінеді екен. Рөлге де өзі отырыпты» деген ой қылаң беріп қалды. Мәшиненің жолаушы жағынан аяғына керзі етік, басына көнелеу кепкі киген мосқалдау шопыр шықты. Ол да бастығынан асып түспесе кем түспейтін еңгезердей екен. Қасына алқына жеткен серіктерін ілестіріп, балапандарын соңынан ерткен қаздай болып Өмірзақ галстукті үлкен кісіге қарай балпаңдай жөнелді. Әншейінде орнынан әрең қозғалатын Өмекең бұл жолы тым ширақ. Жүгіріп емес, мұхитта жүзген кемеше жер бетімен сырғи жылжып бара жатқан тәрізді. Соңынан өңкеңдей жүгірген серіктеріне жеткізбестен арқан бойы алда кетіп барады. Елді аяғына тік тұрғызып, бері қарай бет алған Молдаханның дәл осы сәтте «қап» деп санын бір ұруға ғана шамасы жетті.

– Ойбай, Өмеке, тоқтаңыз!.. Тоқтаңыз! – деп құстай ұшып келеді. Үлкен кісінің алдында жалбаң-жалбаң безілдеп келе жатқан Молдаханның ебедейсіз қылығына күйіп кеткен Өмірзақ:

– Ой, қақпас! Кет әрі… ары кет, — деуге ғана шамасы жетіп, ашудан тырысып кеткен бет терісін әрең икемге келтіріп, ыржиған бетінде үлкен кісінің қолына жармаса кетті.

– Оспандияр Махмутович, қош келіпсіз. Ел-жұрт болып, асыға күтіп тұрмыз, — деп жалпылдай амандасып жатып, көз қиығымен келген жағын бір шолып өтті. Бұл бейшараға не болғанын кім білсін, «тоқта, тоқта» деп айғайлап Молдахан келеді безілдеп. Соңында табақ ұстаған қара кемпірді екі қолтығынан тік көтеріп, аяғын әр жерден бір тигізіп, сүйреген бойында завклуб пен әнші келеді. «Үлкен кісі» бірдеңе айтпаққа оқталып, артына қарағыштай беріп еді, онсыз да қысылып тұрған Өмірзақ киіп кетті.

– Осеке, тойст… Оспанеке… Оспандияр Махмутович, жолыңыз ақ екен, жауын да ашылып…

Осы мезгілде екі жігіттің күшімен әлі де айғайлап келе жатқан Молдаханды басып озған кемпір шашуын шашып-ақ жібергені. Кемпірді аман-есен жеткізген әнші жігіт те бөгелместен түні бойы жаттаған арнау термені термелете жөнелді. Осы кезде қара терге түскен Молдахан да келіп жетті.

– Ойбай, Өмеке, ол емес. Анда… анда, — деп ентігін баса алмай, мәшиненің жанында қалып қойған мосқалды нұсқай берді. Өзін қара басқанын Өмірзақ енді ұқты. Галстугына қарап әкім екен деп қалған шопыр жігіттің қолын сілкіп тастап, «тоқтатқа» басып әншіге қарай ұмтылды. Көзін жұмбаса ән айта алмайтын жыны бар ма, су қараңғы соқырша меңірейген қалпында аңыратып тұр.

– Тоқтат дедім ғой, иттің күшігі, тоқтат! — деп ентелей келген Өмірзақ әншінің қолындағы домбырасын жұлып алып, сасқанынан қара кемпірге ұстата қойды да мәшиненің қасында мына арпалысқа аң-таң болып, қарап тұрған үлкен кісіге қарай бұрылды.

– Кешіріңіз… кешіріңіз… Өсеке… О..о…с-пандияр Махму-у-тович. Танымай… – ірі денесінің қалай бұраңдап кеткені белгісіз, құйрығы төңкеріліп, қиралаңдады да қалды. Өзінше ыржиған болады. Бырақ сырт қараған кісігі ыржиып емес, жылап тұрғандай көрінеді екен. Еңгезердей үлкен кісі мұның бірін елемеген тәрізді. Байыппен ғана:

– Бүгін тығыз шаруамен Астанаға ұшуым керек. Шаруашылығыңмен осы жолы танысудың реті келмейін деп тұр. Сәті түскенде келермін, — деп мәшинесіне қарай бұрыла берді. Үлкен кісінің орнықты дауысынан кейін есін жиып алған Өмірзақ әкімнің шаужайына орала кетті.

– Оспандияр Махмутович, өзіңізге арнайы дәм дайындап қойып едік. Құрығанда үйге кіріп, дәм татып шығыңыз.

Үлкен кісі сәл ойланқырап барып:

– Жарайды, дастарханды аттап кеткенім дұрыс болмас. Ештеңеге әуре болмаңдар. Тек нан ауыз тиіп шығамын, – деп канал үстіне тігілген қазақ үйге қарай беттей берген, сол мезет тігулі үй әлденеден шошығандай селк ете қалып, келесі сәтте көпірімен қоса төңкеріліп бара жатты. Ойға қарай жантая құлаған киіздің іргесінен екі метрлік темір төсек сопаң етіп шыға келді. Қапелімде не болып кеткені санасына сыймаған Өмірзақ қос дізесі дірілдеп, шөгіп бара жатқанын сезді. Сәлден кейін ес жинап, жол жаққа қараса жоны жарқыраған қара Волга қарсы қырдан асып бара жатыр екен. Өмірзақ орнынан тұрды да ауылды бетке алып, жаяу жүріп кетті…

Ертеңінде Молдахан Сыртқасқабұлаққа барып, мән-жайді анықтап қайтты. Салынған көпіршені теңестіру үшін ой жағына кірпіш төсеген екен. Күні-түні жауған жаңбырдан каналдың шеті ойылып, кірпіш құлап кетіп, үй төңкеріліп түссе керек. «Қазы-қарта, өрік-мейізді біреу үптеп кетіпті» деп келді Молдахан. Арнайы жасалған темір төсек «кейінірек керек бола ма» деп директорға кірген екен, Өмірзақ кабинетінен қуып шығыпты.

ТӨР

 Ауылға күні кеше ғана көшіп келген Ыбырай шалдың ұлы ферма меңгерушісі болып орналасқанын естігенде Бөкейдің аузы қисайып кете жаздады. Оның ойынша, осы фермада ұзақ жылдан бері механик болып істеп келген өзінің ұлы Құрманбек зәпперме болуы керек еді. Бөкей іштей осы ұлынан үміт күтетін. Ал қалған алтаудың бірі –  шопан, бірі –  тракторшы, суырылып шыға қоятыны жоқ. «Әйтеуір көштен қалмай өмір сүріп жатқандарына шүкір», — деп ойлаушы еді Бөкей. Енді міне, соңғы үмітін келімсек Ыбырайдың тұқымы кесіп отыр. Күйіктен күйіп кете жаздаған ол жеті ұлын жетпіс жеті әкесінен түк қалдырмай түгендей келе жол-жөнекей сары мейіздей кепкен көтерем кемпірін де біраз жерге апарып тастады.

– Шамасына қарамай, бауырына басқан барлық жұмыртқадан балапан шығарамын деп құрттап кететін жаман тауықша отырысың мынау, ыбырсып. Май сасыған жеті ынжық тапқанша гәлстүк таққан бір ұл таппадың-ау, сорлы бейбақ!

– Әдірем қал, әдірем қалғыр! Тері дамбал, жыртық шапаннан құндыз бөрік туғанды қайдан көріп едің! Азбан қошқарша артылғанға мәз болмай, асыл туғызсаң қайда қалдың? — деп қарызға сөз сұрап көрмеген қара кемпір онсыз да күйреп келген Бөкейді улы тілмен одан әрі түйреп өтті.

Өткенде, Өмірзақтың үйіндегі сүндет тойда жұрт Ыбырай шал көсіле әңгімелеген ескіден қалған шежірелерге тамсанып, айтқыштығына қайран қалысқан. Тіпті күні кеше «Бөкеш, Бөкеш» деп елпілдеп тұратын Қыдыш «Баяғыдан бері Бөкейдің ала сиыры мен ақсақ биесі төңірегіндегі әңгімесіне қор болып келіппіз-ау. Міне, нағыз көпті көрген көненің лебізі осындай болса керек» деп Бөкей байқұсты мұқатып, Ыбырайдың абыройын аспандатып жіберіпті. Содан бері той-томалақ, бас қосуларда төрде Бөкей емес, сұлу сөзді сапырып Ыбырай отыратын болды…

…Енді міне, араға жыл салып Ыбырайдың ұлы орнынан түсті де Бөкейдің кенжесі Құрманбек ферма меңгерушісі болып шыға келді. Бұл хабарды түнде естіген Бөкей таң атқанша дөңбекшіп, шала ұйқылы қалпында құлқын сәріден тұрып кетті. Өткен жылы құдалықтан киген  жеңі ұзындау костюмін киіп, ыздиып сыртқа шықты. Бүгін –  Бөкейдің күні. Баласы зәпперма болып жатқанда Бөкей құтырмағанда кім құтырады? Содан ауылды екі айналып шықты. Құдай ұрғанда, бір адам кезіксеші. Сөйтіп, әрі-сері күйде аңтарылып тұрған кезде Құдай айдағандай алып ұшып қоймашы Әділжан келе қалғаны.

– Ассалаумағалейкум, ақсақал. Қатып киініп алыпсыз, кемпіройнақтан келе жатқаннан саумысыз? – деп қалжыңдай келіп, Бөкейдің қолын алды.

Бұрындары бір қап жем алу үшін «Әдекем» деп елжіреп тұратын Бөкей бұл жолы елп ете түскен жоқ. Илікпеген қалпында қолын салқын ұсынды. Ақкөңіл Әділжан шын көңілмен шалдың қал-жағдайын сұрап жатыр.

– Күш-қуатыңыз қалай?

– Шүкір, Алла. Қонай ұрпағының беті жүріп тұр ғой!

Әділжан Бөкейге аңтарыла қарады.

«Мына ит шынымен білмей ме, қызғаныштан қасақана білмей тұр ма» деп ойлаған Бөкей ызалана бастады.

– Өй, қызталақ! Құрманбегім зәпперма болды емес пе! Құдайдың назары Қонай ұрпағына түсті деген осы!

Бөкейдің балалары Бөкейдің арғы атасы Қонайдың атында. Соны меңзеп тұр.

– Иә, айтпақшы, кеше әктивте өзім де болдым ғой. Құтты болсын! Бөке, әлгі біздің боқмұрын биыл мектепке барды ғой. Үлкендердің батасын алайын деп едім. Түске біздің үйге келіп, дәм татып кетіңіз, – деген Әділжан өз жөніне кетті.

– Әп, бәрекелде-е-е.

Бөкейдің көктен сұрағанын Құдай жерден берді. Дәл бүгін дүйім жұрттың алдында Ыбырайды жер қылмаса Бөкей аты құрысын.

Түске дейін уақытты әрең өткізген Бөкей елден бұрын келіп, шыңға қонған қыранша қомданып, төрге отырып алды. Үздік-созық жиналған жұрттың сәлемін салқын алып, құттықтау сөздерді бас изеп қана тыңдап отыр. Өзін сұлтандықты жеңіп алған Құнанбайдай сезінетін сыңайлы. Бөкейдің тағатын тауысып барып Ыбырай да көрінді-ау ақыры. Жұрт жапа-тармағай орындарынан тұрысып, оған сәлем берісіп жатқанда Бөкей орнында отырып қалған. Қыдыш бастатқан шалдар Ыбырайды қолпаштап төрге оздыра берді. Ыбырайды қолтықтап келе жатқан Қыдыш «Әй, Бөкей, жылжы ары» деп Бөкейді иығынан қағып, ығыстырғысы келген. Бөкей дайын отыр екен.

– Тарт қолыңды! — деп суырдың айғырынша шақ ете қалды. – Бұл – зәпперманың әкесінің орны.

Жұрт сілтідей тынды. Екі көзі тұздай болып, шаншылып отырған Бөкейдің ойын енді түсінген Ыбырай мырс етіп күліп жіберді.

– Бөкейдікі дұрыс, осы жер завферманың әкесінің орны болсын. Қазақтың дөңгелек үстелінің айналасының бәрі төр. Жақсы адам отырған жердің бәрі төр болып саналады. Маған мына орын да қанағат, — деп малдасын құрып отыра кетті.

«Білетін адамға дауа бар ма» деп жиылған жұрт бір гуілдеп барып басылды. «Қонақтардың бас-аяғы жиналғанша әңгіме айта отырыңыз» деген көпшіліктің өтінішінен кейін Ыбырай талай әңгіменің басын қайырып тастады. Бөкейдің қазіргі күйін ұғар бір кісі болсашы. Тіпті мұны «зәпперманың әкесі еді-ау» деп елеп-ескеріп жатқан тірі пенде жоқ. Бөкейдің ішкі ойын жазбай таныған Ыбырай:

– Оу, Бөкеңе де кезек берейік, – деп қалды.

– Бөкең не айтушы еді. Ала сиырының желінін қалай емдегенін айтпаса, — деп Қыдыш қарқылдай күлді. Жұрт жамырай күлісіп жатыр. Ызадан булыққан Бөкей бірдеңе демекке ұмсына бергенде буы бұрқырап ет те келіп қалды. Әділжанның інісі Құрманжан  бас салынған табақты Ыбырайдың алдына тарта берген, манадан терісіне сыймай отырған Бөкейдің жарылып-ақ кеткені:

– Әпкел бері басты. Қайдағы бір келімсекке қайта-қайта бас ұсынғаны несі!

Манадан бері көңілді отырған Ыбырайдың түсі бұзылып кетті.

– Әй, Бөкей, тантымай отыр. Исі қазақтың түп атасы бір. Осы жерді сенің де, менің де ата-бабамыз қанымен қорғап қалған. Жоқ жерден ши шығармай жайыңа жүр. Бас мүжімесең мәңгүрттігіңнен көр, толғамды сөзге жарымаған тексіздігіңнен көр, — деп салды.

– Не дейді мына төбет?! Тексізді көрсетейін саған! — деген Бөкей бас ұстап отырған Ыбырайдың үстіне қона кетті. Шалқалай құлап бара жатқан Ыбырайдың қолынан сусып кеткен бас тегене толы сорпаға шолп ете түсті. Әлгінде ғана сызылып келіп, баппен сорпа сапырып отырған сылқым келіншектің бет-жүзін майлы сорпа жуып кетті. Ыстық сорпа оңдырсын ба, бетін басқан күйінде «ойбайға» басып ол қалды. Шалқалай құлаған Ыбырай екі қолы босаған соң үстінде тырбаңдап жатқан Бөкейді сәл көтере түсіп, тізесімен іштен түйіп өткен. Көтерем тоқтыдай ғана қауқары бар Бөкей дастарқанға жаңа қойылған ет толы табақты жамбасымен баса құлады. Ендігі сәтте желкесінен бүре қысып, тік көтеріп алған Қыдыштың уысында кетіп бара жатқанын сезінуге ғана мұршасы келді. Қыдыштың май құйрықтан оңбай тепкені, борпылдақ жердің шаңын бұрқ еткізіп сүзе құлағаны есінде. Қалғаны өң мен түс тәрізді.

…Келесі жылы Бөкейдің ұлы ферма меңгерушілігінен түсті. Қыс бойы үйде жатып, жазғытұрым ғана күн көзіне шыққан Бөкей қал-жағдай сұрағандарға «Болмады. Қонай ұрпағының беті жүрмей тұр» деп ернін жалап-жалап алып, мұңая қалатын күйге түсіпті. Содан бері Қасқабұлақ жұрты аман-саулықтың басын «Бет қалай? Жүріп тұр ма?» деп бастайтын болды.

 

БАС БАРМАҚ

 Терлікбайды жұрт «сараң» дейді. Сараң болса сараң шығар, бірақ анау айтқан шық бермес Шығайбай емес. Өз есебі өзінде. Көңіліне жаққанға тай сойып тастауға бар. Оның үстіне бұл үйден қысы-жазы майы бетіне кілкіген қымыз үзілмейді. Шүкеңдеген қара кемпірі де пысық. Қыс айларын былай қойғанда жаздың шіліңгір шілдесінде ұн толы қап ішінен суырып алып, иісін бұрқыратып қазы асып жіберіп, дастарқанға өрік-мейіз, қант-кәмпиттің түр-түрін шашып тастайды. Өткенде біреу қаладан жырақ ауылда тұрып жатқан Терлікбайдық дастарқанынан кәрістің салатын көргенде шалқасынан түсе жаздапты. Қайдан, кімнен алғызып, қалай сақтайтынын кім білсін, әйтеуір Терлікбайдың үйінде құстың сүтінен басқаның бәрі бар. Содан болар, бұрын-соңды болған жергілікті әкімдер арысы облыс, берісі аудан басшылары сапарлап келе қалғанда осы үйден дәм татқызуға құлшынып тұрады. Қолайына жақпағандарға қара су татырмайтын жыны да бар. Терлікбайдың көңілі кімге ауып, кімге аумайтынын болжап білу мүмкін емес. Өзгені былай қойғанда, басшылардың өздерін ала-құла қабылдайды. Біреулеріне телегей теңіздей төгілсе, енді бірін қара шаймен шығарып салып, үшіншісін есігінен аттатпай қоюы да мүмкін. Қолындағы барын төгіп тастап, езуінен май ағызып жіберген талай бастық келесі жолы босағадан ары аттай алмай, пұшайман күйге түсіп қалғанын Қасқабұлақ ауылы талай көрген. Бір қызығы, қонақ келгенде шал мен кемпір бір-біріне тіс жарып, ақылдасып жатпайды. Өмірі қонақтың үстіне кірмейтін қара кемпір босағадан бір қылт ете қалғаннан кейін бірін-бірі көзден ұға ма, кім білсін, әп-сәтте бүгінгі қонақтың беделін айғақтайтын дастарқан жайылып сала береді. Екінші бір қызығы, Терлікбайдың үйінен дәм тата алмай кеткен басшы көп ұзамай қызметінен босап қалады. Сәуегейлігі бар ма әлде жоғарғы жақтан біреу хабарлап қоя ма, әйтеуір бұл да бір бұлжымайтын қағида…

…Екі кештің арасында соңынан ерген шаңды сілкіп тастаған су жаңа сұр «Волга» Терлікбайдың үйінің алдына алқына келіп тоқтады. Мәшинеден қырықтың қырқасына енді ғана іліккеніне қарамастан маңдайдағы шашы кері қашып, төбеге қарай ілінген алпамсадай сары жігіт бастаған үш адам шалдың үйіне еркін кірді. Төр алдында малдасын құрып тастап, кітап оқып отырған Терлікбай ентелей кірген жігіттерге ерекше назар сала қарағанымен, қонақтардың екпініне елп ете қалған жоқ. Берілген сәлемді салқын қабылдап, қонақтарды төрге оздырды. Дастархан шетіне ебедейсіздеу отырып жатқан дәу сарыға сығырая бір қарап алды да «ортақол қонақ болды» деп ой түйіп қойды. Қазақи дөңгелек үстелдің етек жағына отыра бере:

– Иә, балалар, жол болсын, – деп қойды.

Төрдегі дәу сары да іркілген жоқ.

– Алматыдан шыққан қонақ едік. Қазақтың бағына біткен қасиетті мекен жайлы мақала жазуға келген тілшімін. Осы өңірді өзіңізден артық білетін жан жоқ дегеннен кейін ат басын сізге тіреп отырған жайымыз бар, – деп сайрай жөнелді.

– Е, сөз терген сыпыра қу болдың ғой. Бұл өлкені Мұхаңнан артық айтып та, жазып та кеткен кімің бар? Мұхтардың жазғаны аздық етті ме?

– Мұхаңның үтіріне дейін жаттап жүрген жанбыз ғой. Бірақ көзбен көргенге не жетсін.

– Жөн-ақ екен. Мына отырған жерлерің Мұхаңның туған жері Бөрілі екенін өздерің де біліп келген шығарсыңдар. Осыдан сәл жоғары иек астындағы қора Әйгерімнің… – дей бергенде үстелдің үстінде жорғалап бара жатқан қоңызды көзі шалып, бас бармағымен іргеге қарай шертіп жіберді. Дәл осы тұста қара кемпір есіктен жылт ете түскен. Өз ойының әсерінде отырған шал оны байқамай қалды. Содан әңгіме желісімен Қарасиырдан айналып, Ақбиікті жоталап, Сыртқасқабұлақтан сырғи өтіп, Еңлік-Кебекке аялдап, Ақшоқыға енді ілінген кезде шайдың дәм-тұзы салынған дәу табақты көтеріп келіні кірді. Еркін көсіліп отырған Терлікбай басқа ұрған аттай кілт тоқтай қалды. Жаңа ғана қызара бөртіп отырған шалдың өңі сұп-сұр болып кетті, ортаңғы саусағымен үстел үстін тоқтаусыз ұра берді. Дастарқанға келген қазы-қарта, бауырсақ, жент, ұзын мойын коньяк, бұраңбел бөтелкелердегі таза арақты көріп, көздері жайнап кеткен қонақтар Терлікбайдың оқыс қылығына мән берген жоқ. Өңкей қамшы салғызбайтын «сен тұр, мен атайын» сұғанақтар екен, дастарқанды өздері билеп-төстеп жүре берді. Бағасы удай қымбат армян коньягінің тығыны жұлынып, соңынан қазы мен жал-жаяны ілестіріп, өңештен ары асып жатты. Терлікбайда үн жоқ. Сызылып шай құйып отырған келінінен көз алмаған қалпында ортаңғы саусағымен дастарқанды ұрғылап отыр. Әлден кезде шыдамады білем, бағана суып қалған шайын бір-ақ қылқытып жұта салып, дастарқанға төңкере салды да:

– Қонақтар тойса, үй иесі тойды білем, – деп жантая кетті.

Терлікбай сол жантайған күйінде орнынан қозғалған жоқ. Әңгімесінің жалғасын тыңдағысы келген қонақтарға «күйімнің болмай отыр, ертерек барар жерлеріңе жетіп алыңдар» деп ол байғұстарды зорлағандай қылып үйден шығарып салды. Гүр еткен сұр «Волганың» дауысы ұзаған бетте-ақ төргі үйден:

– Ойбай, қу кемпір, қайдасың?! – деген Терлікбайдың ащы даусы шықты.

Аяқ астынан шалына не көрінгенін бағанадан бері түсіне алмаған кемпірі мен келіні төргі бөлмеге имене ене бергені сол еді:

– Құрттың ғой мені қу қақпас! Ортақол қонаққа бас бармақтың асын беріп, қай Құдай шатастырды сені, қу қақпас?! — деп барып, алқынып сөйлей алмай қалды.

– Өзің ғой бас бармағыңды басқан, — деп қара кемпір күңк ете қалды.

– Кеш бойы ортаңғы саусағымды көрмей, көзіңді шел басты ма, сорлы-ау?!

– Есіктен қарағанымда бас бармағыңмен үстелді тесіп жіберердей боп отырған мен бе, сен бе?

– Әәә, солай екен ғой! Мені құртқан жолың болмағыр қоңыз болды ғой, – деп күйіктен күңіренген Терлікбай сыртқа ата жөнелді.

Терлікбайдың күйінетіндей реті бар еді. Келісім бойынша үйге қонақ келгенде аман-саулықтан кейін кемпірі есіктен сығалайды. Оған дейін қонақтардың бедел-салмағын айқындап алған Терлікбай саусағымен үстелдің үстін тоқылдатып, кемпіріне белгі береді. Үстелдің үстінде бас бармақ билеп жүрсе нағыз қадірлі, үлкен қонақ. Бұлардан ештеңе аямау керек. Ортаңғы саусақ «орташа қонақ» деген сөз. Бұларға шай мен кешеден қалған суық ет беруге болады. Ал үстелдің үстінде шынашақ шәниіп жатса қара кемпір ештеңеге әуре болмауға тиіс. Бүгін өмірі қателесіп көрмеген Терлікбайды шатастырған қаңғып жүрген жаман қоңыз болып шықты. Енді Терлікбай күйінбегенде, кім күйінсін…

 

ТОЙ

 Түн жарымда басталатын ауыл тойы бұл жолы да әдетінен жаңылған жоқ. «Қырсыққанда қымыран іриді» демекші, Мұқан той жасаған күні ауыл әкімі мен кеңшар басшысын аудан шұғыл шақыртып, бүгінгі отырыста бола алмады. Қазір ауыл басшыларына арнайы тігілген қазақ үйдің төрінде әкімнің орынбасары, көзілдірігін анда-санда жоғары нұқып қойып, имиген Молдажан отыр. Оның оң жағын ала әкімнің үйіндегі семіз бәйбіше Күләйшә мен кеңшар басшысының сылқым жары Алма. Сол жағындағы өз бәйбішесінен кейін зоотехник Тұрархан мен оның тентек әйелі Дәмеш орналасыпты. Қызмет дәрежесіне қарай дастарханды жағалай орын тепкен ауыл активінің көңілдері көтеріңкі. Басекеңнің өзі болмаса да көзіндей болып отырған Күләйшәнің тілегінен кейін осы жердегі ендігі маңызды адам өзі екенін сездіргісі келгендей Молдажан:

– Күлекеңнің тілегіне мың рахмет. Қайрекеңнің (Қайрекең –  Қайырбек, ауыл әкімі) сәлемін өз мәнінде жеткізді. Ортамызда Қайрекең отырса, әрине, жағдай басқаша болар еді. Ертең келгенде бәріміз басымызды көтере алмай масқара болып жүрмейік, ішімдік жағына сақ болайық, — деп қойды. Бұл сөз Дәмештен басқа әйелдерге ұнаса да еркектер жағы жақтырмай қалды.

Осылайша бір-бірімен сыпайы ғана күңкілдесіп отырған активтің үстіне жылмаң етіп Уәлихан кіріп келгені. Жаңағы күңкіл іргеге тығылып, үй іші сілтідей тына қалды. Уәлихан таяуда ғана түрмеден босап келген қаны сұйық, бұзық жігіт. Оның атын естісе бұл ауылдың жылап отырған баласы жым болады. Баланы былай қойғанда үлкендердің өздері онымен көшеде қарсы жолығып қалмауға тырысып, бұрыш айналып кетуге тырысады. Енді міне, қызара бөртіп алған Уәлихан пышағын жалаңдатып, ауыл қаймағының алдында тұр. «Көтек» деуге ғана шамасы келген Күләйшә пана іздегендей жанындағы Молдажанды қалқалай берді. Қалқан болатын Молдажанның да қазіргі жағдайы белгілі. Бір пәленің болатынын іштей сезіп, көзілдірігін сұқ саусағымен нұқи береді. «Жынның сырын жын біледі» дегендей, көптің ішінен ес жиып, тіл қатуға жараған Дәмеш болды.

– Өй, тентек қайным-ау. Жастар жағынан орын таппадың ба? Өңкей қырма сақалдың ортасына не іздеп келдің? – деп күлді ол.

– Жастар жағына бас қатырмаңдар. Бір-біріне қарап мүләйімсіп отырған сендер сияқты емес, олар дүрілдетіп жатыр. Көңілдеріңді көтермесе болмайтын түрі бар. Тә-ә-к… Қазірден бастап осы дастарханның тамадасымын. Әй, ветврач мырза, сен менің көмекшімсің. Құй бәріне ақаңнан, –  деп Уәлихан билеп-төстеп барады.

Уәлиханның шегелеп айтқан қатқыл үнінен берекесі қашқан мал дәрігері Жандос қалбалақтай жүріп, жағалай арақ құйып шықты. «Құйма» деп ешкім айта алмады. Тек сылқым Алма ғана стаканды қолымен көлегейлей беріп еді, оны көзі шалып қалған Уәлихан қолындағы кездігін дастарханға бір-ақ ұрды.

– Сен не, сылқым? Ауданнан басшылар келсе аузың мәймиіп қалай сылқылдатар едің, Мұқанның дәмін менсінбей отырсың ба? Стақан осы үйдікі, қой орнына. Жандос, толтыра құй, — деген Уәлиханның бұйрығынан кейін стақандар тегіс толтырылды. Дәл қазіргі құдіретіне масайраған Уәлихан:

– «Жедел-жедел жеті тост, етке дейін екі, етте егіз тост, биге дейін бес тост, сорпада сегіз, таң алдында тоғыз тост» дегенді білетін шығарсыңдар. Бүгін осы рәсімнің бәрін орындайсыңдар. Ал, қане, мына шеттен бастаймыз! – деп жұртты жағалай ішкізе бастады. Уәлиханның мысы басқан активте қауқар жоқ, қолына ұстатқан стақанды түбіне дейін көтеріп жатыр. Тек кезек есепші Қадірбекке келгенде жүрегінен өмір бойы бейнет көріп келе жатқан бейбақтың көзі жыпылықтап кетті:

– Жаным, Уәшжан. Өзің білесің, жүрегім дімкәс… Бұл пәлені ішсем тынысым тарылып…

– Не оттап отырсың?! Сенің жүрегің арақтан емес, елден жеген ақшаны бойыңа сіңіре алмағандықтан ауырып жүр. Не ішесің, не мына кездікпен ана шартиған қарныңды бір-ақ ақтарамын, – деп Уәлихан орнынан тұра берген, қызыл танау есепші қолындағы стақан толы арақты көмейіне қалай лақтырып жібергенін өзі де байқамай қалды. Осыдан кейін елде бөгеліс болған жоқ. «Жедел-жедел жетіден» кейін Молдажанның көзі кіртиіп, Кәдірбектің танауындағы қызылы бетіне көшіп, Тұрарханның көзі аларып шыға келді. Қайнысының мына қылығына шын мәнінде риза болып отырған жалғыз Дәмеш қана. Ұйпа-тұйпасы шыққан шөмеледей шашын көтере алмай былқ-сылқ етіп отырған әкімнің әйелінің сықпытына қарап, іштей сылқ-сылқ күліп отыр. Кеңшар басшысының сылқымы мүлдем мәңгіріп қалған. Жанында отырған инженер қайнысының қолтығына кіре түсіп, айналасына шекесінен сүзіле қарап, мағнасыз ыржалаңдап күле береді. Есі ауған жалғыз сылқым Алма емес, алқа-қотан отырғандардың бәрінің санасы тұманданып кеткенге ұқсайды. Елге ішкізіп, өзі сақ отырған Уәлихан тағы бір сойқанды бастады:

– Әй, Мұқан, әктивің ішпейді дейсің, шетінен ішкіш қой мыналарың. Қалай-қалай сіміреді, ә? –  деп қарқылдап күліп алды да: – Енді бәріміз қосылып ән саламыз. Ал, кәне, зоотехник мырза, баста әнді, — деп Тұрарханға шүйлікті. Өмірі «әу» деп көрмеген күйеуінің сырын жақсы білетін Дәмеш «Өзіңмен Арыстың…» деп бастап кетті. Адам адамды түсініп болмайды. У-шу. Дәмеш әннің қайырмасын аяқтап жатса төменгі жақта отырғандар енді кірісіп, үйдің іші азан-қазан болды. «Жақсы өнер көрсеткені үшін» деп активке тағы бір-екі мәрте отты судан тартқызып жіберген Уәлихан енді өзін оркестрдің дирижеріндей сезінді. Сөйтіп ән салудың жаңа тәртібін енгізді.

– Қазір әйелдер үнсіз отырады. Әнді тек еркектер айтады. Менің командам бойынша еркектер тоқтаған кезде әйелдер шырқайды. Үнсіз қалғандарың менен жақсылық күтпеңдер. Ал кәне, еркектер, алға!

Араққа сылқия тойған қырма сақалдар бірі ықылық атып, бірі қырылдап, барылдап ала жөнелді. Мал жамыраған кешкі ауыл тынысы дәл қазір актив отырған той үйіне қонақтағандай.

– Еркектер тоқтайды. Әйелдер, бастаңдар.

Онсыз да қара терге түсіп, бора-борасы шығып отырған әйелдер шырылдап ала жөнелді. Әншейінде кісінің бетіне тура қарамай, етегіне сүрініп жүретін есепшінің әйелі Қаншаның дауысы мұнша ащы болар ма. Екі бүйірін таянып, көзін жұмған бетінде аңыратып отыр. Осылайша бірде барылдаған, бірде шырылдаған дауыстар таң қылаң бере әрең басылды…

… Тұрархан тілі аузына сыймай, қатты шөлден оянып кетті.

– Дәмеш, су… су…

Дәмеш үн қатпағаннан кейін еріксіз күштеп басын көтерген. Сұмдық… Дәл төрде қол-аяғын жайып тастап, шалқасынан түсіп әкімнің әйелі Күләйшә жатыр. Ашық-шашық жатқан ауылдың бірінші бәйбішесінің тегенедей қарнына басын төсеп Молдажан құлапты. Көзілдірігі мұрнынан сырғып аузына түскен Молдекең кешегі оркестрден жалғыз қалған аспаптай үй түндігін желпілдетіп, қорылдап жатыр жарықтық. Одан әрі кеңшар басшысы сылқымының төңкерілген бөксесі көрінеді. Тұрарханның жағалай сұлаған әйел-еркектердің арасынан Дәмешін іздеуге шамасы келмеді, қазақ үйдің босағасынан аттап, кіріп келе жатқан әкім мен кеңшар басшысын көзі шалып қалды. Жан дәрмен төрге еңбектей ұмтылып, жұмсақ жерден Молдажанның басын жұлып тастады да Күләйшәнің етегін төмен тартқылап, жарқыраған санын жауып әлекке түсті де қалды. Мұрын астынан әлдене деп күңкілдеген болады. Бірдеңе дегісі келеді. Бірақ түндегі ішілген арақ, таң атқанға дейін тоқтаусыз айтылған әннен кейін не қалсын көмейден, күшеніп барып, қышқыра алмаған әтештің үніндей жағымсыз дыбыс шиқ ете қалды.

  Таң ертемен ауданнан оралған әкім мен кеңшар басшысының әйелдерінің тойдан оралмағанын біліп, іздеп келген беті осы болатын. Оңды-солды сұлап жатқан көмекшілері мен әр жерде кесілген томардай  теңкійіп жатқан жеңге, келіндерін көргенде аңтарылды да қалды. Осы кезде басын көтерген Молдажанға да тіл біткен:

– Басеке, масқара болдық, масқара…

Мұратқали ДҮЙСЕНБАЕВ




ПІКІР ЖАЗУ