ТІРШІЛІКТЕ МІНӘЖАТЫМ ӨЛЕҢ ҒОЙ…

Заида ЕЛҒОНДИНОВА

 

МАХАББАТТЫҢ ҚАҢҒЫБАС ХАТТАРЫНДАЙ…

Сіздің көзіңізде тек күннің батуы…
Менің көздерімде тек таңның атуы.
Ал, менің саған сыйлаған қышқыл шарабым,
Махаббаттың қайта оралмас жат уы.
Жоқ, сіздің көз жасыңыз кінәлі емес,
Бұл менің таңдауым, тағдырдың сынағы емес.
Кешкі салқын сәуленің құшағында,
Ебіл-дебіл егіліп жылады елес…
Сен маған өлең арнадың ба аяп,
Жұлдыздар түнде көрші үйдің шарбағын бояп.
Өкінбеші, сенің маған арнаған өлеңдерің,
Білесің бе, жаңбырдың салмағындай-ақ.
Жел менің шашыммен ойнады,
Жүрегіме батты аспандағы Ай дағы.
Кешкі аспанға қарап жымиям,
Есіме түсіп қай-қайдағы…
Таңға енді отырмын ақтарылмай,
Сыланады күз тонаған мезгілдің бақтарында Ай.
Жапырақтар шашылып жатыр жерде,
Махаббаттың қаңғыбас хаттарындай…

СУРЕТ САЛАМ КҮЗ ЖЕЛІНЕ…

Гүлден тоқып Күнге көйлек,
Сөзден салып Айға қамал.
Өлең сөзбен жүрмін сөйлеп,
Дауыс естіп Заидалаған!
Махаббаттың күшіменен,
Құстар сөйлеп тізбегінде.
Кірпігімнің ұшыменен,
Сурет салам күз желіне!
Гүлдің сұлу мақамында,
Гауһар көздер қадалады.
Жердің жалғыз Жаһанында,
Адамзаттың адал әні!
Мендік болмыс сендік емес,
Көрсем болды күлем сені!
Махаббатым жерлік емес,
Айдан қашқан сүрең селі!
Күні көп пе, түні көп пе,
Ғұмырымның сен білесің!
Енді менен үміт етпе,
Үміт етсең сөндіресің!
Жұлдыздарды жиып алып,
Айдың сүйіп көз жасынан!
Сезімімді құйын алып,
Жұмыр жерде сөз басылған!
Жүрегімде аптап көктем,
Сурет салған су бетіне!
Баяғыда жат боп кеткен,
Көп қараймын суретіңе…
Қарашаның бұла күні,
Бұзыла ма, сенімсіз!
Сен өмірдің шырағысың,
О, махаббат!
Сен тек қана өмірсің…

ҚАҒАЗ-ҒҰМЫР…

«Аяғыңның астына қара, сүрінбе…»
деген сөз естіп, қанша сүріндім,
Қанша бүліндім!
Хош иісі аңқып көктемде гүлімнің!
Қауызы қарс айырылып, дарақтың бұтағына іліндім!
Аяғыңның астына қарама деді, қарадым,
Аспанымда дара күн!
Енді міне, ата-баба жолымен күнбатысқа барамын!
Бәрі-бәрі қарап тұрсам күлкілі,
Желге ұшты нәп-нәзік сол гүл тіні!
Ғұмырымды әлдилейді Ай, Аспан,
Тірлігімді әлдилейді жүрегімнің бүлкілі!
Жақсы түстер. Түсінбедім, түс тептім,
Құшағына алды сосын күштеп Күн!
Енді бүгін жүрегімнің әр тамырын қинайды,
Іліп-шалып іскек мұң!
Қантамырдан рухтар ғой шулайтын,
Жетелейді, жетелейді ырғай түн!
Жүрегім ғой, жүрегім ғой тіршілікке тұшынбай,
Аралындай Бермудтың күндерімді
жұтып-жұтып тулайтын!
Күлкілі ғой бұл өмір де, бұл тірлік,
Жалын кешіп, от шайнап, жастық шақта құлпырдық!
Ақ қағазға өлең жазып, жас төгіп,
Ал сонан соң мұң ұялап жүрекке,
сары қағаздай жыртылдық!
Қағаз ғұмыр, қағаз тірлік, қағаз күн,
Сан тасынып, бұл өмірде ырғайдай боп сан аздың!
Тіршілікте мінәжатым өлең ғой, қанымменен жазылған,
Жүреді енді орнына ол мен үшін, бес уақыт намаздың!
Қағаз ғұмыр, қағаз тірлік, жас сәбидей ұмтылған,
Сары гүлдей сап-сары боп жыртылған!
Мен қағаз боп қалатын да шығармын,
Көкте шалқып, тебіреніп жыр Тұлғам!
Қағаз, қағаз, жер де қағаз, көп қағаз,
Жыртылады көк аспан да — көк қағаз!
Адамдарды жылататын қағаз көп,
Адамдарды жылытатын оттар аз…

АЙ БЕТІНДЕ МӨЛДІРЕЙДІ ГҮЛ АППАҚ…

Көптен бері көріспедік, жақсы ма, Ай, Күн?!
Жалықтырды тірліктің мұңды әуені!
Келді кезең Килиманджаро* жанартауы
жүрегімде атқылайтын,
О, адамзаттың әлемі, тыңда мені!
О, сәуірім, сағындым, тезірек кел,
О, самал жел, өтіп кетпе тұсымнан!
О, жұлдыздар, жаныма сезім еккен,
Мен бүгін Гималаймын*, көк аспанға
әз жүрегін ұсынған!
Ей, өзендер, жүгірмеңдер асығып,
Сен жүгірсең, қаламын ғой өте алмай!
Мен шайырмын жұлдыз кешкен тасынып,
Арманымды қуып жүрмін жете алмай!
О, жел! Уақыттың аяғына шалынбағын,
О, махаббат жолаушысы, шәй ішіп кет!
Сағындым сәуірімнің қалың бағын,
Самалмен тербелетін майысып көк!
О, Жұлдыздар, түсіңдерші аспаннан,
Сендер де түс, жарқыраған жаз күні!
О, көктемім, сал сәуірден басталған,
Оянсыншы, жапырақтың жадындағы
махаббаттың назды үні!
Ақ бұлақтар, жүгір, жүгір асыр сап,
Теңізге де жетерсіңдер шалдығып!
Шымырлаған су бетіне ою-өрнек
жасын сап,
Ақ жүзімнен өпсін мені таң нұры!
Қара жолды шаңдатады жол, үміт,
Шуақ шашып, жымияды көкте Күн!
Ақ сәуірмен, Айлы түнмен жолығып,
Тезірек кел, күтем сені, көктемім!
Өзендерде асығып барады ағын,
Ай бетінде мөлдірейді гүл аппақ!
О, жарығым!
Махаббатқа таңғы шықтың көзімен қарамағын,
Жанарыңда таңғы шықтың көз жасы,
қалар мәңгі тұрақтап…

ӨМІР ДЕГЕН «МЫҢ БІР ТҮННІҢ» ТҮСІ ҒОЙ…

Мінезімді тастап асқақ, өр, ағат,
Өзімді өзім топ ішінде даралап!
Ең соңғы рет ғашық болсам деп едім,
Белла* сынды жүрегімді жаралап!
Махаббаттың жасы да жоқ, шегі жоқ,
Қантамырға алауласам егіп от!
Қайта туып, қайта оралсам әлемге,
Петрарканың* беделі жоқ кегі боп!
Жолы қиын өлеңнің де, өнердің,
Уәжіме ойлап тұрсам сенер кім?!
Хафизді* енді жарты жолда қалдырып,
Жолын қуып кетсем білем Гомердің*!
Жетелейді, жібермейді өмір дөй,
Көлденеңдеп жүрер кейде көңілді ой!
Әрі-сәрі күй кешемін бұл күнде,
«Өлі жандарды» жазған сонау Гогольдей*…
Енді міне, он сегізден асты күн,
Енді міне, жиырма беспен жастымын!
Мен сенімен мәңгі бірге боламын,
Қайта оралған қызу қанды жастығым!
Бар боп шықты мен ойлаған Ай да арман,
Жер шары да тоқтамайды күнді, күнді айналған!
Сәуір келсе қайта жасыл боламын,
Енді бүгін жапыраққа айналғам!
Өртей берсін, өртей берсін өрт өмір,
Қазан келсе қысқарады келте күн!
Тұмандарда жоғалтқан сол жастығым,
Енді бүгін Хафиз күйін шертемін!
Қайта келсем бұл өмірге қайтадан,
Көктем болып, көктем болып айтам ән!
Өмір деген «Мың бір түннің»* түсі ғой,
Өмір деген өзіңді өзің қайталау…
Тым тәкаппар, салқын қанды ғасырдан,
Жүрегімде қазынам бар жасырған!
Шекспирді* жоғалтудан қорқатын,
Ұлыбританияда өтіп жатыр, өтіп жатыр ғасырлар!

О, МАХАББАТ…

О, махаббат! Құлақ түр,
Бұл жаз жүректің таңғы дауылы!
Күзгі жаңбыр жылап тұр,
Алыстады сәуірдің де ауылы!
Сонау жасыл көктемнен бір күлкі кеп,
Шық сүйеді қызыл гүлдің қауызын!
Ағаштарды қаңғыған жел сілкілеп,
Қалың тұман жауып қалды тау ізін!
Махаббаттың ақпай қалған көз жасы,
Көктем туса теңіздерде көз іліп!
Сағыныш та сарғаяды тозғасын,
Тұзға айналар теңізге тамған сезімің!
О, махаббат! Тербетеді сансыз ән,
Жағажайда тізіліп тұр қайықтар!
Көк теңізде балдыр иісі аңқыған,
Ай жүзеді сағыныштан айыққан!
Көктем келсе гүл-бәйшешек көктейді,
Мәз болады жапырағын жайып таң!
Күн мен Айға мұңның үні жетпейді,
Мен де мұңнан баяғыда айыққам!
Жүрегіме жанартаудан түсіп от,
Жалындаймын, өртенемін мен неге?!
Қолымнан тарт, қолымнан тарт кісі боп,
Айналайын бақытты бір пендеге…

АДАМДАР ЖҰЛДЫЗДАРҒА АЙНАЛАДЫ…

Менің шашымның өріміне мың-сан жұлдыз қонақтап,
Жұлдыз, жұлдыз жиі ақты.
Шақырады алыс-алыс жол аппақ,
Бәрі-бәрі баяғыдай сияқты.
Айды аспаннан жұлып алып, Тәңірім,
Жаратқандай жүзімді алтын құймадан!
Қайран жүрек, бүлк-бүлк етіп тамырың,
Махаббатыңды жұбатасың жер бетіне сыймаған!
Хош иісті бұлттарды жамылып,
Ақ бұлақ болып Ай ағып жатыр!
Қолы жетпей Аспан Жерді сағынып,
Сұлу өмір сұңғыла жыр кешіп,
боянып жатыр!
Сенің көлеңкең-махаббаттың
көлеңкесі,
Замандарда көшіп жүретін!
Ал менің өмірімнің ерен сесі,
Қып-қызыл отты кешіп жүретін!
Біз қос Жұлдызбыз аспандағы,
Ешқашан, ешқашан да тоғыспайтын!
Бұл бізге Тәңірдің тосқан бағы,
Біз тірі жұлдызбыз, ешқашан
соғыспайтын!
Менің жүрегім көктем түсті,
Теңіздің әлемімен астасатын!
Махаббат маған көктен түсті,
Көктемді сағындым екеуміз
бас қосатын!
Сен менің оттай ыстық жүрегімнен,
Махаббатты жамылған күллі әлемді көресің!
Көктемде біз табысамыз гүл егілген,
Енді бүгін көлеңке боп ересің!
Сен өкпелеме, біз ешқашан табыспаймыз,
Сен көресің бе, арамызда жайылған шаш тұрғанын…
Ғасырлардан ғасырларға, бірімізден біріміз алыстаймыз,
Сен найзағай, мен гүлмін, ғасыр бойы көзімді аштырмадың!
Жалғанның алды ғұмыр, арты сағым,
Аспанда ағараңдап Ай қалады!
Кез келер кеңістікте шарпысатын,
Адамдар жұлдыздарға айналады…

СУҒА АҚҚАН ҚАРАЙМЫН СУРЕТІМЕ…

Өз жебеммен өзімді жаралағам,
Таңғалған-ды тамсанып талай адам.
Мен өзенге айналғам, енді далмын,
Қай теңізге құямын, қалай ағам?!
Баяғыда әлемді тәрк еткенмін,
Қызықтырар тек қана жарқ еткен Күн!
Ойға шомып отырмын, оң жағымнан,
Қапияда апыр-ай арс еткен кім?!
Азуы алты қарыс жас бөрі екен,
Айналам Айды құшқан жас пері екен!
Қоршаған айналамды қалың нөкер,
Шыңғысханның сол торғын әскері екен!
Көрінеді бір ауыл айлақтағы,
Көрінеді бір қайнар аулақтағы!
Сыңсыған ши айналам, шілік тоғай,
Біреулер жүр шүберек байлап тағы…
Ескі өмір, шаттығы да, мұнары көп,
Кетті ол ескек желдің сыңары боп!
Айлақтан атып шықтым, сол махаббат,
Қайтадан тірілудің шынары деп!
Тап-таза махаббат қой жазылған су бетіне,
Суға аққан қараймын суретіме…
Махаббат жымиған сол сары қағаз,
Күлкі үйірді апыр-ай, мұң бетіне…
Сары қағаз, Ай мұңы барады ағып,
Ақ бетіне опасын қала жағып!
Ай астында бөрілер жортуылдап,
Арлан қасқыр қалыпты-ау жараланып…

ТЕҢІЗ, МЕНІ ТҰМАНҒА ОРА…

Бүгін түнде көздерің мені сүймеді,
Бөтен болды жарқылы.
Сені сүйіп… күйді ернім,
Лақтырам!
Керегі жоқ!
Сезіміңнің сарқыны!
Бүгін түнде ұлы өзенге айналдым,
Көк теңізге ұмтылған!
Сен сүймеген айлардың,
Жырлары ғой жыртылған!
Айдың қаққан кірпігіне,
Көз жасымыз ілініп.
Қап-қара түн.
Шырпы кімде?!
Дірілдейді гүл үміт!
Махаббаттың көз жасынан,
Енді сенің жамылғың!
Жабырқама сөз басылған,
Көктем де келер тамылжып!
Дене мен ой өлшеп, пішіп,
Бәрі өлшенді сөз табылды.
Махаббаттың бөлшек күшін,
Жібек емес, бөз жамылды!
Теңіз, мені тұманға ора,
Сезім сөнді лаулап болып.
Өмір сүрем болып дара,
Сенің тұтқының болудан
аулақ болып!
Түнде тұңғиық гүлі гүлдеді,
Теңіз-айна бетіме қарап.
Жымия қарап жүр дедің,
Мен тұрдым,
көкжиектің шетіне қарап!

ЖЫНДЫ ЖЕЛМЕН ОЙНАП БАРАМ…

Жел соқпаған жұмбақ жерде,
Кеңістікте адам жаны
өсті жасыл шөп болып!
Жасыл шөпті тербемеді
самал жел де,
Жер бетінде махаббат та,
мейірім де кетті-кетті жоқ болып!
Асау сезім, асқақ бейне
жоғалып,
Күн батқанда Көлеңкелер
кетті өліп!
Шабыт келіп көк желкеден
қысқанда,
Махаббат та айналады
дұшпанға!
Күллі әлемнің күркіреген,
Дүрбелең мен түнегінен,
Шақырайып көк аспанда,
Айырылғандай Күн өңінен!
Жаралған сол махаббаттан,
Іңгәлады шақалақ таң!
Бір тыныштық гүлдегенде,
Жұмыр жердің жүрегінен!
Мәңгіліктің мәңгілігін,
Сезім іздеп жаңғырығып!
Таң атады сан құбылып,
Күн батады сан құбылып!
Жарық күтіп әлденені,
Көлеңкелер бәлденеді…
Таулар-таулар түнде ой кешіп,
Келмей кеткен күндейді есін,
Ағараңдап сәлделері!
Шырт ұйқымнан оянып ап,
Мен де ойлаймын әлденені…
Сол баяғы қаңғыбас жел,
Тар көшеде шаң көтеріп.
Ғажап мына өмір көшін,
Бара жатыр таң көтеріп!
Өмір деген өрімдей тым,
Ізім бұлдыр көрінбейтін…
Сонау Күннің санасында,
Күлімсіреп менің кейпім,
Күлімсіреп сенің кейпің!
Күннің сұлу сәулелері,
Шашыммен ойнап ерінбейтін!
Ойлар, ойлар еселенген,
Көше кезіп, ойлап барам!
Тіл қатады көшелер де,
Тоқта десіп жайлап маған!
Жынды желмен ойнап барам,
Жас ботадай ойнақтаған!
Сары жел де, сары түз де,
Жайлап алған алып қырды!
Сары жапырақ, сары күз де,
Бәрі-бәрі жалықтырды!

ЕСКІ КАФЕ…

Қар жапса да анау биік асқарды,
Махаббаттың маусымы енді бүгін басталды!
Сонша неге жүрегімді қарайтып…
Енді отырмын жарқ-жұрқ етіп ән айтып!
Көктем иісі бұрқырайды даладан,
Көзіме бір көрінбейді жан адам!
Жүрегімде көктем туған секілді,
Серпіп тастап енді отырмын кекілді!
Мен жүретін енді бүгін жол да әсем,
Күю-сүю, көңілдену қолда екен!
Ескі кафе енді бізге тұрақ боп,
Даяшы қыз алдымызға гүл әкеп…
Бокалдарда бал-шарбаттар көпіршіп,
Жанарыңнан жалындаған от ыршып!
Ой, шіркін-ай, отырысты қыздырып,
Өлең-жырдың теңізінде жүзді үміт!
Сен де, мен де көктем болып кеткенбіз,
Кенет, кенет сары жапырақ жамылып,
Кіріп келді күз күліп!
Сен қарайсың үздігіп,
Мен қараймын үздігіп!
Жымиямыз, жымиямыз
екеуміз,
Терезені көлегейлеп күзгі бұлт…
Жарасады ойлап тұрсам күз гүлге,
Сезіміңді, сезіміңді білдір де,
Жүрегімді жанарыңмен аймала,
Жарасады бұл махаббат сұлу шайыр Зайдаға!
Бәрінен біз, бәрінен де баз кештік,
Біз отырмыз жүректегі сазды естіп…

СҮЮ, КҮЮ АЙЫП ПА, ӘТТЕҢ…

Ай тәнінде ұшқын шашқан,
Қантамыр мен жүйкем гүлдеп!
Жамырайды жұлдызды аспан,
Қас-қағымда ғашық түн кеп!
Сенің ғажап күміс күлкің,
Мен шөлмін ғой, шөлді басып!
Таң атпаса екен, шіркін,
Жұлдызды түн, таңға ұласып!
Жып-жылы сол шақты ұрлайтын,
Сұлулығым сұңғыла түн.
Кірпігіңді қақтырмайтын,
Құрбан болсын мың құба түн…
Түнгі шамдал тауға шығып,
Қоюланып қараңғылық!
Өмір гүлі бауда ашылып,
Ай аспанда сараң күліп!
Раушан гүлдің лүпілімен,
Дүрсілдейді жүрегім де!
Сонша, сонша күлкілі ме ең,
Есік қақшы кіреріңде…
Желкендерді жайып баппен,
Тербеледі махаббаттың кемесі…
Сүю, күю, айып па, әттең,
Күңгірт тартты Айдың аппақ денесі…
Сені сонша, сені сонша күтіп ем,
Патшасындай сезімдердің!
Ай сәулесін қашан ішіп бітірем…
Амансың ба…
Рахмет, өзің келдің…

ҚАНДАЙ ҒАЖАП, ҚАНДАЙ ҒАЖАП СИҚЫРЛЫ БҰЛ ТҮН ДЕГЕН…

Теңіздегі кемелердей, мұхиттағы толқындардай,
Бірімізге біріміз магниттей тартылып.
Жанартаудан атылатын жарқылдардай,
Ұшып келем, ұшып келем, шағаладай шарқ ұрып!
Тақпа маған тосын айып, тоғыз жолдың торабында,
Күтіп тұрмын бүгін сені, түнгі поезд тәрізденіп.
Тар бекеттің шаң-шаң анау сорабында,
Қалды-ау, қалды-ау сені күткен сан іздерім…
Сол бекетте тұрады ылғи сап-сары боп шамдал жанып,
Күліп тұрсың риза боп, көкірегіңді айқара ашып!
Шаттық кешкен ақ жүзімді аймалайды аңғал жарық,
Сол сөзіңді сен тағы да, сен тағы да қайталашы!
Тар бекеттің қаңғыбас жел қасақана шаңың қағып,
Келеді атып еңкіш тартқан тым шаршаңқы қала таңы.
Бос көшеде сен екеуміз бақыт кешіп жалындадық,
Аялады сары күздің оттай ыстық алақаны!
Ескі кафе, жан тыныштық, жүрегіміз гүлдеген,
Сұлу әуен, сылқым кеште, біз отырмыз шөл басып.
Қандай ғажап, қандай ғажап сиқырлы бұл түн деген,
Даяшы қыз ұйқысырап отыр көзін зорға ашып…

ӨЛЕҢ, САҒАН НЕ БЕРДІМ…

Өлең, саған не бердім?!
Айтсын оны шебер Күн!
Бір бөлшегін жұлып бердім жанымның,
Бір бөлшегін жұлып бердім тәнімнің!
Ал сен болсаң көлеңкелер еліне алып кеттің,
Мен саған санамды да сан үптеттім!
Өлең, саған не дермін?!
Ал, сен болсаң не бердің?!
Тірі гүлдер қан тамырға егер мұң!
Жалындаған жастығымды, жас ғұмырды шегердің!
Өлең, саған не бердім?!
Жылдар, жылдар, жыр жазумен көнердің!
Тіршілікте тынбай жазған өлеңім,
Қалай саған сенемін?!
Мен сендерді тастап кетем бір күні,
Ойлап тұрсам күлкілі!
Жанарға жас іркіліп,
Көше берер тіршілік!
Біз біргеміз,
Сөгіледі ертең-ертең іргеміз!
Гүлдейді үнсіз жер бетінде басқа аңыз,
Өтінемін, о, өлеңім, бүгін мені тастаңыз…
Дәмін таттым сан көктемнің, сан күздің,
О, өлеңім, көріп тұрсың, әлі жасыл жалбызбын!
Қуалайды күнді-күн,
Мен шайырмын, менің осы шындығым…

МЕН ГҮЛМІН ҒОЙ…

Мен гүлмін ғой, гүл болып қалам мәңгі,
Аралаймын дауыл боп аралдарды!
Сары күзде сарғайған жарам қалды,
Көңілімде бітпейтін алаң қалды!
Күз келгенде қалады мұң да ауырып,
Көк аспанға төсейді Күн бауырын!
Бастан кешіп келеді күллі адамзат,
Тұзы-дәмі бітпеген құл дәуірін…
Жаңбыр да тұр жауа алмай бүркіп өтіп,
Жапырақтың бетінен күлкі кетіп!
Шырылдайды ұлы өмір көңірсіген,
Нәрестедей іңгәлап шыр-шыр етіп!
Ұялмайды, жылжиды Күн ілгері,
Жетелейді күз келсе мұңым мені!
Сары жапырақ сарғайып жаутаңдайды,
Сұп-суық күн…
Шөже торғай бұтақта дірілдеді!
Алатауды тым ерте қар басқаны,
Үміт, күдік, апыр-ай, арбасқалы!
Тал-дарақты аяймын, бір қызығы,
Жаңбыр жаумай, қиын-ай шаң басқаны!
Ауысқан ба, әлемнің басқа әлемі,
Соны ойласам, көзіме жас келеді!
Бұл әлемнен басқа елге кетер едім,
Солқылдайды өмірдің жас терегі!
Қағазым да сарғайды шимайлаған,
Күз де келді, сарғайды бидай ғалам!
Махаббатым, аман бол, аман болшы,
Жаутаң-жаутаң қарайсың қимай маған…
Шығатындай аспаннан Күн сен үшін,
Гүлдейтіндей жүректе мұң сен үшін!
Мынау сарғыш ғаламды қайта сүйдім,
Бір сен үшін білесің, бір сен үшін…

Комментарий (1)

  1. Reply
    Махаббатговорит

    Қандай көркем өлеңдер! Зайда ақынның жүрек сүзгісінен өткен сырлы сезім ғажайып жырға ұласып, оқырманның ой дүниесін терең сезімге бөлейді.

Пікір қалдыру