Тойлыбай ҚҰРМАНМОЛДАҰЛЫ. ҰЯСЫНАН ҰШПАЙ ҚАЛҒАН ҚҰСТАРЫМ

Мен Монғолиялық ақын, аудармашы, ұлағатты ұстаз Тойлыбай Құрманмолдаұлының артында қалған әдеби мұрасын зерттеп-зерделеу ісін Сайран қажы Қадырұлының аманаттауымен қолға алған едім.
Сайран қажы Қадырұлы ағамыз ұзақ жылдар бойы жылдары Моңғол елінің Египет Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі, Біріккен Араб Әмірлігі, Кувейт, Оман, Катар, Бахрейн, Израиль елдеріндегі Моңғолия елшісі қызметтерін атқарған. Еңбек жолының көп уақытын дипломатиялық қызметке арнаған Сайран ағамыздың ұлт руханиятына деген ықыласы кейінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге. Бізді де осындай игілікті іске жұмылдыра отырып, ақылын айтып, бағыт-бағдар бере білгенінің арқасында, Тойлыбай ақынның туған бауыры Дондог ақынның артында қалған, көбісі әлі күнге дейін ешқайда жарияланбаған қолжазбаларын 2019 жылдың күзінде, Қазақстанға келген сапарында маған арнайы тапсырған еді.
Ақын Тойлыбай Құрманмолдаұлының өлеңдерін «Жұлдыз» журналының оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік.

Еркегүл Арыққарақызы,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының
бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты.

Ақын туралы азғана сөз

Ақын Тойлыбай Құрманмолдаұлы – мектеп қабырғасында жүрген кезінен өлең жазумен шұғылданып, 1960 жылдардың басында аймақтық газет, журналдарда, «Жыр қарлығашы» атты біріккен жинақтарда жарық көрген алғашқы балауса жырларымен-ақ болашағы зор, тегеуріні күшті тамаша талант иесі екенін танытқан еді.
«Ырғап-ырғап еменді,
Толғап-толғап өлеңді,
Төгіп-төгіп жібердім,
«Нөсерімді» мен, енді,
Бозша торғай әндетіп,
Бұлбұл сайрай жөнелді.
Байтақ өлке балбырап,
Бақша гүлген бөленді» – деген шумақтары секілді нені жырласа да нөсер жаңбырдай ағыл-тегіл ақтарылып, арынды өзендей ақ көбік шашып, астарлы да айшықты, сұлу да сүмбіл сөз асылын гүл шоғындай әсем де әсерлі жыр жолдарына жымдастыра өрнектейтін өзіндік үні, өзгеше өрнегі бар, аймағымыз ғана емес күллі қазақ әдебиетіне, жыр әлеміне келген бір оқшау дарын иесі екендігін сөз қадірін білетін жандарға әу бастан-ақ мойындатқан Тойлан ақынның «Мұхит тамшысы» атты тұңғыш жинағы 1972 жылы Өлгий баспасынан жарық көрді. Осыдан кейінгі жылдарда бірқанша топтама өлеңдері аймақтық газет-журналдар мен әлденеше біріккен жинақтарда жарияланған Тойлан ақын 1978 жылы «Жұлдыз жамыраған жазира», 1982 жылы «Монғолиям – миуа бағым», 1986 жылы «Жүрегімдегі меруерттер» атты жыр кітаптарын оқырманына ұсынды. 1987 жылы таңдамалы өлең-жырлары Ш.Жамлиха, Н.Нямдоржлардың тәржімәлауымен монғол тілінде «Од түгсэн нутаг» / «Жұлдыз жамыраған жазира» / деген атпен Ұланбатыр баспасынан жарыққа шықты. Сондай-ақ, сексенінші жылдары бір топ өлеңдері Қазақстанның «Қазақ әдебиеті» газетінде қазақ поэзиясының ақсақалы Әбділдә Тәжібаевтің алғы сөз, ақ батасымен жарияланды. Бұдан кейінгі жылдары Тойлан ақын өлең-жырларын әредік газет-журналдарға ұсынумен ғана шектеліп, жеке жинағын жарыққа шығарып үлгермеді. Не себепті екенін марқұмның өзі ғана біледі, барша шығармаларын тек өз мұрағатында ғана сақтап, үнемі жазу үстінде болғаны баршаға аян.
Дара дарын иесі, дауылпаз ақын, ұлағатты ұстаз, абзал азамат, халқының қадірменді Тойланы – Тойлыбай Құрманмолдаұлының алып жүрегі 2018 жылы ақпан айының 14-жұлдызында, Ұланбатырға барған алыс сапар үстінде мәңгілікке тоқтады. Мүрдесі Дархан-Уул аймағының Шарынгол қалашығында жер қойнына тапсырылды. Жаны жәннатта, иманы жолдас болсын!
Тойлыбай Құрманмолдаұлының үлгілі де өнегелі өміржолы, ұстаздық, ақындық еңбегі, шығармалары кеше-бүгінгі шәкірттері, қызметтес, тағдырлас, тұрғыластары мен келешек ұрпақтың жадында мәңгі жаңғырып жарқырап тұрсын деген мақсатпен Дэлүүн мектебінің ұстаздары және туыстарының бастамасымен өзінің ұзақ жылдар қызмет атқарған киелі ордасында Қ. Тойлыбай атындағы ұстаздарға арналған мұражай-кабинеті ашылды.

Рысбек ЗҰРҒАНБАЙҰЛЫ

ДҮР ДӘУРЕН…

Асау өмір әр басқаным сынайды,
Айта қалсын болғаны жоқ тым айлы…
Бір жақсы жыр жазар болсам,
Бір білгіш
Он қайтара даттайтұғын сыңайлы.

Әйтсе де дер ем… даттау осы ұнайды.
Көруім үшін керек, сірә, күн-айды.
Жер бетінде көлеңкелер болмаса
Ұмытып, бәлки, кетер ме едім құдайды.

Иығыма зерлі шапан жабайын,
Дегенім жоқ тана-моншақ тағайын,
Ақтық күні ар сотының алдында –
Басым мынау бауыздалар, ағайын!
Жазған құлақ сарсылса да даттаудан,
Жаманаттан сияқтанам оқшау жан,
Басым егер Бас екені шын болса,
Сақта, тәңірі, қағаз қалпақ қаптаудан!…

* * *
Ақ еділ боп жойқын нөсер төгілді,
Көк күмбез айқыш-ұйқыш сөгілді.
Көк желекке дүн-дүние малынған,
Көктем-ерке әр мезеті көңілді,
Көк жойқыным, бола берші өмірлі!

Күн менен түн елжірескен сағаты,
Дән бүршіктеп қара жердің қабаты,
Көз жауын ап торқасы да манаты,
Адамзаттың бүтінделіп санаты,
Ай мен жұлдыз дырдуласқан сағаты!

Жұпарың шаш, желкілдеген қызғалдақ,
Дала төсі дарқан шеру қызған нақ,
Гүлдердей боп көркейсін деп сызғам хат,
Адамзаттың мираскері із жалғап,
Аршының жаз, алаулаған қызғалдақ!

Гүл дәуренім, сағымдай боп жоғалма,
Жауқазыным, желек ашқан көгалда,
Қызыл алма, жасыл алма, көк алма,
Алмадай бір бөбек толған көп аула,
Жас өркенім, тозаңдай боп жоғалма!

Мақпал айым, көкжиекке қанат қақ,
Көзайым боп қуанышым санап бақ,
Көз көрмеген алтын жаға, абат бақ,
Мәңгілікпен дидарласар сағат тап,
Маздақ жырым, ертеңіме қанат қақ!…

* * *
Буырқанған өзендерім өткелсіз,
Кезеңдерім жонарқамнан өткен сыз.
Жария емес өлеңдерім – жан жырым,
Махаббатым секілді бір шектеусіз.

Сақ-сақ күліп ту сыртымнан дұшпаным,
Сағым сынды қу медиен құшқаным,
Жария емес өлеңдерім – жан жырым,
Тәрк еткен бір дүниенің ұшпағын.

Жалтыр құздан жазатайым ұшқаным,
Жар басында жалғыз талға ұқсауым,
Жария емес өлеңдерім – жан жырым,
Бейопа бір тірлік кешкен тұстарым.
…Бүгін қайта қауырсының ұштадым,
Торда несін томағалап ұстадым.
Қайырлы таң,
Қанатың жаз,
Әуеле,
Ұясынан ұшпай қалған құстарым!…

АҚ ЕРТІС, АЙ және МЕН

Сөгілді де кіреукесі қолтығы,
Ақ айран боп асау Ертіс көлкіді.
Ақ қайрандай ақ айдында шолпыған,
Ай суретін қызықтауым сол түні.

Жүрегімде ұлы теңіз толқыды,
Ай ару қыз секілденді шолпылы;
Ақ сұлудай алғаш мәрте мен ғашық –
Ай тегеші, бал қотардым сол түні.

Айхай, көктем! Сүйдім-дағы өртендім,
Жағалауым жасыл гүлмен көмкердің.
Бал қотарып күміс түнде, шіркін-ау,
Ай тостағын таңдайыма төңкердім.
Аясында алтындаған шатырдың,
Күміс тостақ, зәмзәм ғана сапырдым.
Кәусар құйып, бал қотарған керсенім –
Бүгін тағы Айға бара жатырмын.

Құс жолымен кестелеп бір атымды,
Сертімдей-ақ тұңғыш һәм ақырғы,
Асау Ертіс құшағында, шіркін-ау,
Айға жазар сияқтымын хатымды.

Қыр асқанда қыр қабағы қатулы,
Тебіренген телегейдей сәтімді.
Ай да, бәлки, түсінетін сияқты,
Мен секілді маңаз сұлу ақынды.

Оркестрде «Сарыжайлау» шалқып кіл,
Әтір исі, саумал исі аңқып тұр.
Ай-періште келе жатқан сияқты,
Ақ қанаты жеңіл ғана қалқып бір.

Бақыт, шаттық тілемедім мен ерек,
Дүн-дүние болып кетті керемет.
Жан біткендей Абай жазған қауырсын –
Хақтың нұры жүре берді себелеп.

* * *
Қағыр тау.
Мұңлы һәм жабырқау.
Жалғыз жаяу. Жалғызаяқ бір соқпақ.
Сол соқпақта өмірім менің қоңырқай…
…Бабаларым бар тамшысы қанымда,
Бір гүл еді желкілдеген жанымда.
Тарпаңдай-ақ тау қыдырып кетер ек,
Әлмисақтан керей таңба санында!

Найза тастар қарауылдай бекетте.
Сай тағаны қара бауыр етекте –
Бір топ жылқы, ішінде бір серке сан –
Ертегінің дүлдүліндей жетекте.

Тағдырымның таңда жұмбақ ертеңі,
Ертеңім деп еңіреген серт еді.
Сандалкөктей терін үккен сан жорық,
Өмірімнің өзі-дағы ертегі…

Бір ұлан-ды қағыр тауда ерткенім
Бір өлең-ді жабырқауда шерткенім.
Нартәуекел наркескенім жанып бір
Бүгін қайта жыр-арғымақ ерттедім.

Қыран тұғыр қыратты жал, қыр дала
Жанымда жоқ бір бала.
Жылқым да жоқ бір үйір
Жан серігім жыр ғана…

Ауыл да жоқ, ел де жоқ
Таныс та жоқ, бөгде жоқ.
Өкінбестей сияқтымын сонда да,
Қағыр тауда туғаныма пенде боп!

Жылқым да жоқ ойға шабар дүркіреп
Бұлтым да жоқ төгіп өтер сіркіреп.
Ауық-ауық күшейтер бір қара жел,
Қағыр тауым тулақтай-ақ сілкілеп.

Досым да жоқ, қасым да,
Әскерім де, қосын да.
Абылайдай алшайып бір отырам,
Желкем күні желді мойнақ басында.

Боз інгеннің боздауы,
Сай-сүйекті қозғады.
Боздақ ердің еңіреп,
Боздай-боздай табанына тозғаны…

Беу, беу, арман! Боздап өткен боз маям!
Боз маям деп кімдер етті сөз баян;
«Бозқасқам!» деп Тәңіріге қол жаям,
Бозжігіт деп шежіреме ден қоям…

Осы сурет көкейімнен кетпеген,
Қиян соқпақ қусам сағым жетпегем,
Қилы жолдың сорабында не шиыр –
Осы тарих үзілгенім септеген…

Комментарий (1)

  1. Reply
    Гүлданаговорит

    Басқа өлеңдері барма

Пікір қалдыру