ТОТИЯЙЫН ТІЛДІ ТАРЛАНДАР

«СӘБӘКІ» ДЕСЕҢ ҰТЫЛМАЙСЫҢ
Бір күні әлдебір танысы журналист-жазушы Әшірбек Амангелдиевтен «Құдамның аты Итбай, Итеке дейін десем ұят, ақыл қосшы, қалай атасам болады?» – дейді. Сонда Әшірбек «Сәке» деп атай бер» – дейді еш ойланбастан. Әлгі танысы «Сәке деген нені бідіреді?» дегенде, қушыкеш Әшірбек «Сәбәкі» деген емес пе!», – деген екен.

АЛАША ҚАЙДА?
Достығы мықты, әзілі қатты ақын-жазушылар Жұмекен Нәжімеденов пен Қалихан Ысқақ көздері жұмылғанша сыйласып өткен жандар. Қалекең Жұмекеңді руы бойынша «Алаша» деп атайды екен. Бір күні Қалихан баспаға телефон шалып:
– Сіздерде Алаша бар ма? – дейді.
Тұтқаны көтерген әйел ашуланып:
– Шырағым, үйдегі сілкіп салар жалғыз сырмақ, жалғыз алашамызды кеңсеге сүйреп жүреді деп пе едің?», – деген екен.

ҚҰЙЫМШАҚТЫҢ ҚҰДІРЕТІ
Ана бір жылдары Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, әйгілі палуан Қажымұқан, әйелі Мінәйім, тағы да басқа бірнеше өнер адамдары тойдан келе жатып, жолшыбай тағы да дастархан жайып, табиғат аясында отыра кетеді. Дастархан басында Сәбит Мұқанов палуанның зайыбына ерекше құрмет көрсетіп: «Батыр жеңгем!» деп бәйек болады. Соны байқаған Ғабит: «Сен бүгін жеңгемізге айрықша жылпылдап кетіпсің ғой», – деп қағытады. Сонда Сәбең: «Ай, Ғабит-ай, аңғалсың-ау, мына шөккен атандай Қажекеңді құйымшағымен көтерген жеңгемді батыр демегенде, не деймін!», – деген екен.

АРУАҚТЫ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРУ
Бірде әйгілі жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов әлдебір мерекесін атап өтуі үшін өзінің көңілі қалаған замандастарының, іні-қарындастарының, ұзын-саны отыз бір адамның тізімін жасайды. Сол отыз бір адамға шақыру қағазын жазып, оны таратуды жиені, ақын Мырзан Кенжебайға жүктейді. Бір аптадан кейін жиені нағашысына телефон шалып: «Отыз адамға шақыруыңды тапсырдым, тек біреуіне бере алған жоқпын, оны өзің апарып берерсің», – дейді. Қиқар шал жиенінің дымын қоймай, сықпырта жөнеледі. Сөйтсе, Әбең әлдеқашан дүние салған, қайтқанына 35 жыл болған Оспанхан Әубәкіровті де қонаққа шақырған екен.
ТӘРЖІМАШЫЛАР ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Осыдан он жыл бұрын, 2015 жылы Ли Бао деген қытай ақынын Ли Бай деген қазақ екен, біздің Шу бойында туыпты деп, оның өлеңдерін жаппай қазақшаға аудару басталды. Мазмұнына көз салған біреу әлгі қытай ақынының бір өлеңін екі ақынның аударғанына көзі түседі.
Аудармашылар Ғалым Жайлыбай мен Жаркен Бөдеш. Содан әлгі адам Ғалым Жайлыбайдан: «Бір өлеңді Жәркен екеуің тең бөліп аудардыңдар ма?», – деп сұрайды ғой! Сонда Ғалым: «Жоқ, Жәркен орыс тілін білмейді, мен былай-былай деп, ұзын-ырғасын қазақша айтып бердім, Жәркен соны өлеңге айналдырды», – деген екен.

ПАРЫЗЫҢДЫ ТОЛЫҚ ӨТЕГЕН АБЗАЛ
1994 жылы Н. Назарбаев ораза кезінде Алматыдағы ескі мешітке келіп, мінәжат етеді. Сол кездегі бас мүфти Рәтбек қажы Нысанбайұлымен әңгімелесіп тұрып: «Реке, мен мемлекет шаруасындағы адаммын ғой, түрлі кездесулер, сапарлардан қолым босамайды. Сондықтан мен оразаны 30 күн ұстамай, басында 3 күн, ортасында 3 күн, аяғында 3 күн ұстасам қайтеді?», – дейді. Сонда мәймөңкені білмейтін, тік мінезді Рәтбек қажы: «Нұреке, сіз біреуден 30 теңге қарыз алып, соның тек 9 теңгесін қайтарсаңыз қалай болады? Сондықтан, парызыңызды толық өтегеніңіз дұрыс», – деген екен.

ТАУЛАР МЕН ШАЛДАР
1960 жылы Қазақстанда Сәбит Мұқановтың 60 жылдығы кеңінен аталып өтіледі. Алматыдағы алқалы жиынға Кеңестер одағының түкпір-түкпірінен қонақтар келеді. Ташкенттен Сәбиттің жан досы Ғафур Ғұлам да қатысады. Алайда, бұл салтанатқа Алматыда бола тұра, Мұхтар Әуезов келмейді. Осыны көңіліне қатты алып қалған Ғафур Ғұлам ертесіне көңілсіздеу Алатауға қарап тұрып: «Е, бұл қазақтардың таулары мен таулары қосылғанмен, шалдары мен шалдары қосылмайтын көрінеді ғой», – деген екен.

АЙТЫЛҒАН СӨЗ – АТҚАН ОҚ…
Әйгілі суретші Леонардо да Винчидің туған күніне байланысты Қазақтан Суретшілер одағында үлкен жиналыс өтеді. Одақтың төрағасы Әбілхан Қастеев орысша білмегендіктен, біреулер баяндаманы орысша жазып береді. Оны да дұрыс оқи алмаған Әбілхан қағазды жинап қойып, енді қазақшаға көшеді.
«Құрметті халайық, Леонардо және да Винчи деген екі ағайынды адам болыпты, екеуі де суретті жақсы салыпты» дей бергенде, президиумнан әлдекім: «Әбеке, екеуі бір адам ғой», – деп сыбырлайды. Сонда Қастеев: «Ху….ним», айтылып кетті, енді өзгерте алмаймын», – деген екен.

НЕКЕ ДАУЫ
Бірде Мұхтар Әуезов орыспен бас қосқан суретші қарындасына (Гүлфайрус Ысмайылова) кейіпті. Қаракөз қарындасының бөтенге кеткенін ұнатпаса керек. Қарындасы да жазушының үйіндегі орыс жеңгесін айтып қалыпты. Сонда сұңғыла жазушы: «Менің балам қазақ болады, ал сенікі қазақ болмайды ғой», – деген екен.

 

Жұмабай ҚҰЛ




ПІКІР ЖАЗУ