«Қаныш аға» циклінен новелла
Елден шыққалы айдан асқан. Асқаралы Алатау да, алмалы Алматы да алыста. Даланың ұшы-қиырсыз кең жазира, құба белдері де қиянда қалған. Бәрі-бәрі соның қазір көз ұшынан гөрі қиял қиырынан ғана көрінгендей.
Асылында, мұндай сезім Қанышқа бұрын-соңды кезікпеген беймағлұм күй. Ес білгелі үйінен ұзап шыққаны осы ма еді? Туған Айырығын тастап он екі жасында Кереку кетті. Семей, Томскіде жүргенде де алыста қалған ауылын сағынып, дәл осылай аңсаған еместі. Ал бүгін солардың бәрінен жырақ кетіп, бөгде ел, бөтен жұрттың қонағы боп, көңілі өсіп масайрап жүрсе де, жүрегі сол бір туған, тұрған мекендерін іздегендей, көксегендей.
Әрі-сәрі күйде тұрып, тағы да қиял жетегіне еріп кетті. Таң қылаң бере оянған отельдің оңаша бөлмесі тылсым тыныштықта мүлгіп тұр. Күлгін түсті күңгірт қабырғалар да қалғи бер деп қабағын еріксіз жапқандай еді. Бірақ, ояна сала ойын шырмаған әлгі бір сезімдер ұйықтатпады. Со бетінде терезе алдына барған.
Ағылшын жұртының атақты астанасы бүгін де кіреуке тұманның кілегейдей қою шылауына оранып, тұнжырап тұр екен.
Лондонның тұнжыр аспанына қарап тұрып, тағы да көңілі өзінің шалқар даласына кетіп қалғанын Қаныш біраздан соң ғана аңғарды. Аңғарды да терезе алдынан шегініп кетті.
Британия парламентінің шақыруымен Англияда қонақта жүрген СССР Жоғарғы Советі делегациясының осы сапарға шыққанына бірталай күн болып еді. Бұл елге март айының басында келген.
Аз күнде көргендері де, білгендері де аз емес: Лондонның іші-сырты – Гайд-Парк, ұлттық галерея, Британия мұражайы, Сити, Пико-делланың түнгі от жарнамалары, Вестминстер аббаттығы, Эдинбург пен Стратфордтың көрікті орындары, Шеффилдтің металлургия алыбы, Ватерлоо көпірі… ең аяғы, мына өздері жатқан ақсүйектер кварталы Вест-Эндадағы айшықты сарайлар… бәрі-бәрі қонақтарға түгел көрсетілген; көне, жаңа тарихтары, аңыз-ертегілері әлденеше қабат қайталанып айтылған. Осылайша, әрбір сағат, минутына дейін еншіленіп, ерекшеленіп, бір саяхатқа бір саяхат жалғаса берген.
Бүгін де сондай күндердің бірі еді.
Таңертеңгі ас үстінде делегация мүшелеріне бүгінгі күннің ресми программасы жария етілді. Темза бойымен серуен жоспарланған екен.
Қаныш Имантайұлы бұл хабарға онша қуана қойған жоқ. Еркі өзінде болса, Лондонның сұрғылт қоршаулы сүреңсіз сұр үйлерінің қамауы мен тұман тұмшалаған аспанынан бір сәт құтылып, тынысы кең қала сыртында ұзақты күн серуен құрар еді. Қонақтың осы күйін сезгендей, өздерін неше күннен бері бастап жүрген үкімет чиновнигі кенет Қанышқа бұрылып:
– Мистер Сатпаеф, сіздің бұрнағы күнгі тілегіңізді Британия музейі қуанышпен қабыл етіпті. Қай сағатта баруды қалайсыз? – деді.
Қисыны келіп тұрған шаруаны кейінге қалдырып қайтсін. Сол сағатта-ақ музейге баруға әзір екендігін білдірді.
Әлем асылдарының атақты ордасы Британия музейін қонақтар келген кезде-ақ көрген-ді. Тобымен жүріп, әлденеше залда көрмеге қойылған асылдарды армансыз тамашалаған.
Қаныштың сұрағаны бұл емес. Ұлы өнерді тани да, қадірлей де білетін талғамы болғанымен, оны қайта бажайлап қарауға уақыты жоқ-тын. Британия музейіне оның екінші рет, өзі сұранып келуіне себеп мүлдем басқа жай еді.
Бұл жолы ұлы Королевствоның музейде тұрған тас қазынасымен толығырақ танысу үшін келген-ді. Тас көмірден өзге қазынасы жоқ, қазба байлыққа мүлдем жұтаң, ұлтарақтай арал болғанымен бұл елдің тас қоймасы қордалы екенін Қаныш ойша болжаған. Алданбағанын музейдің минералогия залына келгенде білді. Королевствоның тас қазынасы әрқайсысы жеке музей дерлік, зәулім, кең бірнеше залға орналасқан екен. Қайда қараса да көздің жауын алғандай жыпырлаған тас.
Қаныш шынымен риза болды. Өзінің бұрын-соңды көрген минералогия музейлері мынаның қасында әншейін сияқты. Бірақ, ол осынша байлықтың бұл араға жиналғанына таңданған жоқ. Қанша жесе де қанағаты жоқ жыртқыш арыстанның алып бейнесін мемлекеттік гербіне ұялмай салып, қанды шеңгелін алты материкке бірдей созған алақандай аралдың қомағай екенін бұрыннан білетін. Шынында да, ол жер бетіндегі барлық асыл қазына, тас байлығын қылғымай жұта берген тәрізді. Геологтың кәнігі көзі зал экспонаттары ішінен Африканың тұңғиыл мөлдір алмасын да, Алтайдың аспан түстес асыл тасын да көрді. Скандинавияның атақты карборитін, Американың қызыл агатын, Оралдың түрлі-түсті боратын да таныды. Көп тасты ол алдында жатқан этикеткасын оқымай-ақ танып, ескі танысындай айырып келеді. Тек, оқта-текте ғана еңкейіп, жазуға үңіледі. Кейбір сәтте өзін бастап келе жатқан музей қызметкеріне бұрылып, түсінік беруін сұрайды. Бірақ, көбіне ол үн-түнсіз қалыпта, өзімен-өзі құныға тамашалаған күйде, тастармен ғана тіл табысып сырласа берген-ді…
Сонан бір сәтте ол қалың шынымен тұтас көмкерілген ұзын тағанның қазынасын қарап болып, бүйір қабырғаға бұрыла бере, қалт тұрып қалды. Тіпті, ұзағырақ бөгелген-ді. Музей қызметкері қағылездік көрсетті: қарсы қабырғада тұрған, сирек кездесетін қымбат минерал хреозолит екенін айтып берді; оның қасындағы – Амазонка агаты. Екеуі де қан атқандай қызыл нұр шашып, жанып тұр. Ал, одан арғы үлкен тас-тас емес, Трансвальдан әкелінген мыс тұнбасы…
Қаныш гидтің ашық даусын да, оның сөзін өзіне баяу мәнермен аударып тұрған тілмаштың биязы үнін де естімеген сияқты. Әлі де өзімен-өзі боп аңтарылған қалыпта.
– Это не вероятно! – деп қабырғаға жақындай берді.
Бұл – қарамы ат басындай табиғи мыс еді. Әдемі дерлік иә мүсіні жоқ, иә жарқырап біткен түр-түсі жоқ, бұжыр-бұжыр, қалыпсыз құйып, нобаймен долбарлай салған кесектей теңкиіп қалған табиғи тұнба болатын. Сонда да, әлдебір қасиетімен мыс кесегі қонақ көзіне жылы ұшырап барады. Көптен бері кезікпеген танысымен ұшырасқандай, қуанған шыраймен толғана қарап тұр. Залдағы өзге қазыналар, көздің жауын алғандай неше түрлі қымбаттардың бірін де елеген жоқ, көрер де емес.
Тұнбаның үстіңгі жағына, әлдекім әдейі қыстырғандай-ақ, жұдырықтай ғана сұртас қоса біткен екен. Тесіле қараған Қаныш оның құнарлы халькозин екенін аңғарды. Иә, бұл шүбәсіз. Басқа жердің кен тасында нақ осындай түсте кезікпейтін, басқа жердің кен орнында мұндай кескінмен бітпейтін құмдауық сұртас, мысқа құнарлы халькозин минералы осы. Соны көрген соң-ақ ғалымның күдігі тарқады. Көңілінде байыздамай, шарқ ұрып тұрған сезік те енді тыншу тапты.
Сөйтсе де, көңілінде күдік қалмасын дегендей, кесектің іргесінде жатқан этикеткаға үңілген-ді. Ағылшын тілінде бөгетсіз сөйлеп кетпесе де, қара танырлық сауаты бар-ды. Жазуды аудартқан жоқ, өзі оқыды. Бірақ, оқығанына танданғаны соншалық, артына жалт бұрылып:
– Мүмкін емес. Это не вероятно! – деп салды. Толғанып тұрып қазақша сөйлеп жібергенін аңғарған да жоқ.
Қонақтың не айтқанын бірден айырмаса да, үн ырғағы мен тез өзгерген кейпінен әлденеге секем алған музей қызметкері тілмаш қарады. Түсінік сұрағандай.
– Мынау жатқан мыс тұнбасы Трансвальдан келген деп жазылыпты. Мен соны бекер деймін. Бұл – қазақ даласының қазынасы. Осы сөзімді анықтап жеткізіңіз, өтінемін, – деді ғалым тілмәшқа бұрылып.
Гид тыжырынып қалды. Қонақтың сөзін шам көрген сияқты. Барша ағылшындарға тән әскездікпен миығынан күле, мырс етіп:
– Мистер Сатпаеф геология докторы, академик деп естіп ек, дәрежеңізге тиіп, артық айтсам, ғафу өтінемін, – деді, сонсоң әр сөзінің дәл аударылғанын қалағандай, асықпай тосып тұрып, келесі сөзін баяу мәнермен баптай айтты. – Мистер бекер күдіктенеді, әмбе қателесіп тұр. Бұл самородок – Трансаваль мысы.
Трансаваль мыс өндіру компаниясының ұлы Королевство музейіне сыйлығы.
Елден шыққалы әлденеге елегізіп, әлдебір қымбат затын ұмытқандай қамкөңіл күйде жүрген Қаныш Имантайұлы әлгі бір сәтте туған жерінің жұдырықтай жертасын көріп, бір түрлі мерейі өсіп, қуанып қалғанды. Көзтаныс тасты көптен кезікпеген досындай көріп, іші-бауыры елжіреп кетіп еді. Соны енді мына текті ағылшын бекер деп, әрі өзін дәрежесімен атап, миығынан күліп, әжуалап тұрғанда, шыдай алмады.
– Мен де артық айтсам мына мырзадан ғапу өтінемін. Солай деп тура аударыңыз, – деді тілмашқа. Үні қатқылдау шықты, – бұл тас – қазақ даласында жаратылған. Тіпті, түпкі мекенін де айтайын. Жезқазған деңіз. Бұл мырзалар Жезқазғанды жақсы біледі. Қайталап айтайын, «Джез-каз-ган, Қор-сак-пай, Акционерное общество Атбасарских медных копей» десеңіз, тіпті оңай таниды. Бұл сөзді геология ғылымының докторы, академик қана емес, сол Жезқазғанның мыс кенін ағылшын компаниясы кеткеннен кейін он бес жыл ұдайы зерттеген инженер-геолог Сәтбаев айтып тұрғанын және ескертіңіз. Мұражай қызметкері бұл сөздерді ықыласпен тындаған еді. Бірақ, мойымапты, жанағы, мысқылды кейпінде жалт қарап, немқұрайдылау үнмен:
– Ұлы Королевствоның мұражайында қателесу болмайтынын мистер Сатпаеф неғып естімеді екен? – деп сұрады.
Мен ұлы Королевствоның мұражайын тұңғыш рет көріп тұрмын. Сондықтан да оның репутациясын білмеуім ғажап емес. Ал, далада туып, кен маманы бола тұра туған даламның төл тасын танымауым қалай болар еді? Сонсоң да, мен бұл мырзадан осы экспонаттың ата-тегі жазылған паспортын қайыра қарауын өтінер едім, – деді Қаныш Имантайұлы келесі экспонатқа бұрыла беріп.
Әдептілік сақтады ма, жоқ, әлде есе бермей, ұлы мұражайдың ұлылығына шүбә келтіріп, мін айтқан қонақтың меселін мойын бұрғысыз дәлелмен қайтаруды қүп көрмеді ме, мұражай қызметкері де бұдан әрі дау айтқан жоқ.
Залдың өзге экспонаттарын таныстыра бастады. Сапардың аяқталар қарсаңында қонақтарды Уинстон Черчилль қабылдады. Дос-жар ұлы елден келген парламент делегациясымен ресми емес, жай ғана жүздесу деп шақырған. Оның ар жағында қандай есеп, саясат жатқаны бір өзіне ғана аян, қонақтар аталған күні әйгілі қайраткердің резиденциясына келді.
Совет делегациясын ол өз үйінде, үй-іші, сыйлас дос-жаранымен түгел жиналған топ болып қарсы алды. Ешқандай ресмилік жоқ, қарт тарлан әйгілі керлігінен де айнып қалғандай. Соншама жарқын, жайма-шуақ пейілмен күтті. Көптен таныс ашына-жай адамдарындай-ақ еркін отырып, ашық әңгімелесті.
Оның ресми болмайтын себебі де бар-ды. Бұл кезде Черчилль премьерліктен босап, оппозицияға шыққан. Сонсоң ба, алғаш танысқан сәтте-ақ қонақтарына түгел естірте бір әзіл айтқан: «Қатардағы ағылшынның қарапайым дастарқанын көрсін деп шақырдым, Көлгірлікті кеңседе қалдырып, асқа орыстардың ежелгі екпінімен кірісіңіздер» деген.
Әңгіме үстінде Черчилль кен мандайлы, нұрлы көзді, кемел кейпі жүзінен танылғандай ашық өңді, келбетті қазақ мейманына тесіле қарап:
– Мистер Сатпаеф, бас киіміңіздің өлшемін сұрасам көңіліңізге келмес пе екен?, – деп кеңкілдей күлген-ді. Қандай құйтұрқылықпен сұрап отырғаны беймәлім, сырын аңғартпады.
Мұның ар жағында өздеріне белгісіз әлдеқандай бір қақпан тұрғанын қонақтар түгел сезді. Украина ақыны, аңқылдақ мінезді Микола Бажан шамданғанын жасыра алмай, қазақ досына дем бере иек қақты. Делегация басшысы Кузнецов қана сыр бермей, тым-тырыс қалпынан ауған жоқ. Қаныш сасқан жоқ, үй иесіне асықпай, барлай бір қарап алды да:
– Сэр, шляпаңызды сыйлағыңыз келіп отырса, қысылмаңыз. Бас киім ауыстырудан сіз бен біз ұтылмасақ керек, – деп биязы ғана жымиды. Айлалы арыстанның аяр күлкісіне қайырған қарымтасы да осы еді. Сен таңқылдап күлсең, мен жымиып-ақ есемді алармын дегендей. Өңі албырап нұрлана берді. Айтыс қызығына енді түсіп, тіл ұстарта бастаған ақындай лыпылдап отыр. Басынан бір сөз асырар емес, кер сөзге тең сөзбен жауап қатқандай мына қалпында.
– О жоқ, мистер Сатпаеф. Сіз мені дұрыс ұққан жоқсыз. Ағылшындар бас киім ауыстырғаннан гөрі басын кесіп беруді артығырақ көреді, мұндай айырбас – бізде жаман ырым, – деп үй иесі тағы да рахаттана, кеңкілдей күліп ап, сөзін сабақтады, – мен сізден барлық қазақтың басы сіздің басыңыздай үлкен бе деп сұрамақшы едім. Бұрын көрмеген, естімеген жұрт болған соң қазымырлық жасап отырсам ғафу етіңіз!.. – деді де, қонақтарына Британия мұражайындағы әнеукүнгі дауды әңгімелеп берді. Сөзінің аяғында Қанышқа бұрылып:
– Мистер Сатпаеф, біздің мұражайдағы менменсіген шенділерге ұмытпастай сабақ беріпсіз. Мықтап үйретіпсіз. Дұрыс істегенсіз, – деді.
Манадан бергі әзілдің төркінін Қаныш Имантайұлы сонда ғана ұқты. Бірақ, сол әңгіменің мына жерде, ойламаған сәтте алдынан шыққанына таңданып та қалып еді.
Бұл шақта әңгіме басқа бір арнаға ауысып кеткен-ді. Сонсоң да Қаныш Имантайұлы үй иесінен мұның себебін сұрай алмады. Әрі қайыра қазбалауды ыңғайсыз көрген.
Мұның жай-жапсарына ол жатын орнына келген соң ғана қанды.
Отельде тілдей хат жатыр екен. Конвертінен-ақ Британия мұражайынан екенін танып, ашып қараса, сол жолғы жайсыздық үшін өзінен сыпайы ғана кешірім өтініпті. Экспонаттарды соңғы бір реттеуде мұражай қызметкерлері жиналып, тас этикеткасын ауыстырып алған деп түсіндіріпті. Бары сол-ақ.
Әлде өтірік, әлде шын? Әлде, бұл өзін сынау үшін әдейі қойылған қақпан ба екен? Қақпан болмаса, кәнігі түлкі, кәрі Черчилль қайдан білді оны?..
«Бар қазақтың басы сіздей үлкен бе?» Әуелі бас киімінің размерін сұрады. Қайыра қазбалап ежіктегенде, бірден айтпай біртіндеп тексергенде, білмегі осы ма еді? Жоқ. Көзі көріп отырғанды ұзақ бұйдалап, қазбалайтын кісің ол емес. Бейтаныс даладан келген, қарабайыр тағы атанған жат жұрттың көзіне көрінген жалғыз өкілін сөзбен шымшылап, сынын бағдарлау ма әлде? Не деп қалды, нендей пікірде қалды? Әншейін, бір дұшпан көзі етіп, қатар көбейту үшін ерте салған көптің бірі ме, әлде шын ғалым, осындай құрметке лайық мемлекеттік шын қайраткер ме деп сынағаны ма? Мейлі. Қажет көрсе, тағы сынасын…
Тағы да терезе алдына келіп, түнгі Лондонның отқа оранған келбетіне қарап, ойда тұр. Кеудесін бір қуаныш кернегендей. Көңілге ұялаған көк шымшық күмбір-күмбір ән салып, ұйқысынан сергітіп, алыс бір қияндарға жетелегендей. Тағы да тұмандар арасынан әрі асып кетті. Туған, тұрған даласы жатыр табан астында кең көсіліп.
Дала демекші, қызық болды-ау өзі. Иен даланың бір тасын осынау басқа материк, бөгде елде, мынау тұман бүркеген Лондонның тұнжыр аспаны астында кезіктірем деп кім ойлаған. Шіркін, туған жердің жұмыр тасы-ай! Ақ, қара демей, асыл, жасық деп және талғамай, бір ғана белгі-қасиетің үшін – туған жердің топырағында жаралып, қыр төсінде жатқаның үшін де қымбатсың-ау сен, туған жердің сұр тасы!…