УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ АБЫРОЙЫ АСҚАҚ
ұстаз мәртебесі де соған сай болса
Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті еліміздегі іргелі білім ошақтарының бірі һәм бірегейі. Өзінің ұзақ тарихында көптеген бел-белестерді бағындарды, ғылым-білімнің нағыз ордасына айналды. Елімізге аттары жайылған әр саланың атақты мамандарын, өнер, білім, мәдениет және мемлекет, қоғам қайраткерлерін даярлап шығарды. Олардың жан-жақты жетілуіне, өмірге еркін қанат қағуына, биікте самғауына мол мүмкіндіктер тудырды. Бұндай жетістіктері мен табыстарын тізбелей берсек, кеңінен көсілеріміз анық. Өйткені университетіміздің жеткен жетістіктері мен табыстары шын мәнінде ауыз толтарып айтарлықтай.
Бүгінде белгілі QS халықаралық рейтингтік агенттігінің (Ұлыбритания) зерттеу қорытындысы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің 800 танылған университеттерінің арасында 165-ші орынға тұрақтап, топ-200 университеттің қатарына енді. Бұл ҚазҰУ-дың әрбір оқытушысы мен студентіне мақтаныш сезімін ұялатады.
Біз мұндай нәтижеге қол жеткізу үшін тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың 2010 жылғы халыққа жолдауындағы Қазақстанның кем дегенде екі университетінің әлемдік үздік университеттер рейтингісінің қатарына кіруі туралы бастамасы түрткі болғанын білеміз.
Біз бұл серпілісті шын мәнінде жан-тәнімізбен сезініп жүрміз: соңғы кезеңде университет құрылымдық тұрғыдан кешенді жаңғыртылды, процестік менеджмент енгізілді, ал нәтижеге бағдарланған басқару жүйесі және жетістіктерді рейтингтік бағалау неғұрлым тиімді және айқын бола түсті.
Әлемнің жетекші университеттерінің үлгісі бойынша біздің ҚазҰУ-де эксперименттік білім беру бағдарламалары әзірленді, жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес келетін бағдарламалар енгізілді, олардың көпшілігі халықаралық кредиттеуден өтті. Университетте «идеяны генерациялаудан бастап оны коммерцияландыруға дейін» технологиялық топ жұмыс істейді.
Статистикалық деректер ҚазҰУ ғалымдарының Thomson Reuters және Scopus компанияларының халықаралық деректер базасында индекстелетін шетелдік рейтингтік басылымдардағы жарияланымдарының ең көп саны бар екенін көрсетеді.
Барлық осы нәтижелердің артында адамдар – басқарушы персонал және ең алдымен профессорлық-оқытушылық құрам тұр. ҚазҰУ-да 7 ҒЗИ, 1 ғылыми-технологиялық парк, 5 институт, 30 әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы ғылыми орталық, 14 факультет, 62 кафедра және 7 департамент қызмет жасайды. Университеттің ең маңызды бөлімшелерінің бірі – ең көне кафедраның бірі – жалпы және этникалық педагогика кафедрасы, ал қазіргі таңда педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы туралы толығырақ тоқталғым келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің педагогика кафедрасы негізі 1940 жылы 12 қаңтарда қаланды. Бүгінгі күнге дейін кафедра педагогикалық бейіндегі мамандарды дайындауды жүзеге асырып келеді. Оның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз етер болсақ, тарих-филология факультеті құрамында кафедраның пайда болуынан университеттің педагогикалық мамандықтарын жаппай қамтамасыз етуден бастап, «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану» мамандықтарының ашылуына және «бакалавриат – магистратура – PhD докторантура» көп деңгейлі жүйеде білім беру қызметінің кеңеюіне дейінгі ұзақ мерзімді қамтиды.
Кафедра атауындағы өзгерістерге қарамастан, қоғамның қазіргі заманғы талаптарына жауап беретін педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрлардың шоғырланған орталығы болып табылады. Қазіргі уақытта кафедрада тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де ғылыми беделімен танылған қазақстандық жетекші педагог-ғалымдар мен білім беру ісінің үздік мамандары қызмет атқарады.
Көптеген жылдар бойы аталмыш кафедра классикалық университеттің ғылыми педагогикалық қоғамдастығының педагогикалық идеяларының жетекшісі қызметін атқарып келеді.
Бұл педагогикалық проблемалар жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығы ретінде кафедраның абырой-беделінің өскенін, сондай-ақ жалпы білім беру және педагогика проблемаларына жұртшылықтың қызығушылығының артқанын, педагогикалық қызметтегі бірегей жетістіктерді және білім беру процесіне инновациялық қатысуды білдіреді.
Шынайы өмірдегі және психологиялық түсініктегі білім көптеген адамдарды белсенділік кеңістігіне тартатын және әртүрлі шығармашылық оғиғаларға жетелейтін маңызды әлеуметтік-мәдени құндылыққа айналатынын бәріміз түсінеміз.
Сонымен бірге педагогикалық мамандықтың әлеуметтік мәртебесі туралы мәселені тағы бір рет көтергім келеді.
«Адам факторының» бой көрсете бастаған дағдарысының жылдамдығы, ұрпақтардың өзгеруі, дәлірек айтсақ, «кеңестік идеологиялық сананың» сарқыншақтары бар адамдар ақша табуға көбірек көңіл бөлетін жаңа буын үшін жұмыс орындарын босатады және осыған жалғас басқа факторлар педагогикалық іс-әрекеттің құндылығын жоғалтуға және қоғамдағы оқытушының, яғни ұстаздың мәртебесіне көлеңке түсіруге кері әсерін тигізеді.
Рационализмнің жаңа құндылықтарының үстемдігі жағдайында мұғалімнің өзі, біздің ойымызша, өткен дәуірдің құндылықтарын жоғалтқанға дейін мағынасын ашып көрсете алады. Бір жағынан, мұғалімнің жеке басына соққылар БАҚ-тан, әсіресе интернеттен жасалады. «Ұлы информатор» – интернет педагогтың жекелеген қызметтерін ауыстыруға айналды, бұл ретте ақпаратты иесіздендіру және тіпті бұрмалау оған ешқандай сөгіс әкелмейді, ал педагог білім алушыға беретін тәлім-тәрбие түгілі, әр материал үшін жеке жауаптылықта болады.
Бұл ретте ең алдымен білім алушы зардап шегеді. Интернет алдында сана-сезімі толық қалыптаса қоймаған мектеп оқушысы мен жеке тұлғаға айнала қоймаған студент арнайы мықты педагогикалық қолдау мен көмектен тыс, жаһандық супер БАҚ-пен бетпе-бет қалады. Сондықтан олар әр нәрсенің ара-жігін ажырата алатындай дәреже-деңгейге жетіп, алған білімін, тұлғалылығын, өзіндік ерекшелігін толығымен жұмылдыра алуы керек.
Екінші жағынан, экономика мұғалімнің жеке басына да өз әсерін тигзеді: «бейімделмеген мұғалімдер» түсінікті «нарық заңдары» бойынша өмірдің сыртында қалып қойып жатады. Ал бұл педагогикалық кәсіптің әлеуметтік мәртебесінің төмендеуіне әкеліп соғады. Мұндай жағдайда білім беру процесінің адами капиталы туралы – білім алушының сана-сезімін қалыптастыратын мұғалімнің жеке басы туралы ойлану қажет. Мұнда сіз педагогикалық мамандықтың семантикалық жағына жүгінуіңіз керек.
Егер Қазақстан Республикасының жалпы білім беру жүйесі білім беру үшін дағдарыс жылдарында өзінің жұмыс күшін – мұғалімдерді жоғалтпаса, онда, ең алдымен, алдыңғы социалистік жылдары үгіт-насихат жүйесі олардың кәсіби қызметінің берік семантикалық және этикалық құрылымын құра алды. Яғни мұғалімдердің көпшілігі кәсіптен кетпеді, өйткені ол бұл жұмыста үлкен әлеуметтік қолдау және жеке бас пен тіршілікке қатысты мән-мағына барын біліп-сезінеді.
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасы өзінің көпжылдық тарихында педагогикалық қызметке деген құндылық қатынасын ешқашан жоғалтқан емес, жоғалтпайды да. Әрі педагогтардың соңғы буынының негізгі міндетін жақсы түсінеді, терең сезінеді. Қысқаша тұжырып айтқанда, өздерінің педагогикалық қызметінің мәнін жандандырып қана қоймай, үлкен жеке және кәсіби әлеуетке ие барлық салалар үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті мамандар дайындайды, білім алушылардың жаңа да жас ұрпағын қалыптастыру жолында аянбай еңбек ете береді.
Самал РАМАЗАНОВА,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университеті,
педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының
аға оқытушысы