ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННЫҢ БАСЫҒЫРА ДАТҚАНЫҢ АСЫНА БАРУЫ
Ыбырай Алтынсаринның көзін көрген, онымен жақын араласып, кейін көлемді естелік жазған кісілердің қатарында екі тұлғаны ерекше атап өтуге болады. Оның бірі – Н.Ильминский (1822-1892), екіншісі – Ә.Балғымбаев (1868-1943). Н.Ильминскийдің кітабы «Воспоминания об И. А. Алтынсарине» деген атаумен 1891 жылы Қазан қаласында жарияланған. Ол бүгінгі таңда таптырмайтын раритеттік кітапқа айналды. Ағартушы туралы көптеген деректер Н.Ильминскийдің аталған естелігі арқылы біздің заманымызға жетті.
Әбдіғали Балғымбаевтың «Воспоминания об И.А.Алтынсарине, первом инспекторе народных училищ б. Тургайской области»» естелігі кеңестік дәуірдің 40-жылдары жазылады. Естелік қолжазба күйінде Ғылым Академиясы кітапханасының сирек қожазбалар қорында сақтаулы, ол жазба баспа бетінде толық жариялануын күтіп сарғайып жатыр.
Ә.Балғымбаев – Торғай облысы Тосын болысының тумасы. Оның әкесі Балғымбай Торғай уезі басшысының кіші көмекшісі Қорғанбек Беремжановқа жақын кісі болғандықтан, Торғайда түрлі қызмет (мұғалім, ісжүргізуші, уезд басшысының көмекшісі) атқарған Ы.Алтынсаринмен де жақсы қарым-қатынаста болады.
1876-1879 жылдары Ә.Балғымбаев Торғай қаласындағы бір сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Осы жылдары, өзінің айтуынша, ол Торғай уезі басқармасының ісжүргізушісі (письмоводитель) қызметін атқарып жүрген Ыбырай Алтынсаринның үйіне, әкесі сыйласқан кісі болғандықтан, жиі барып тұрады.
1883 жылы Балғымбаев алғаш ашылған Орск Мұғалімдер мектебіне түсіп, оны 1886 жылы 20 түлектің бірі қатарында 18 жасында тамамдайды. Сол жылы оның әкесі қайтыс болады. Қостанайдан Торғай қаласына іссапармен келген Ыбырай бұлардың отбасына соғып, қазақи дәстүр бойынша қазаға көңіл айтады. Сол жолы ол жас ұстазды өзімен бірге Қостанайға қызметке шақырып, бұл ойын Әбдіғалидің анасына жеткізеді. Қара жамылып отырған ана және Тосын болысы Қорғанбек Беремжанов бұл ұсынысқа қарсы болады. Ыбырай Алтынсарин оларды қалайда көндіріп, Әбдіғали Балғымбаевты сол жылдың тамыз айында Қостанайға алып келеді. Ол жас ұстазды екі сыныптық Қостанай уездік орыс-қазақ мектебіне мұғалімнің көмекшісі қызметіне орналастырады.
Ы.Алтынсаринның Қостанай уезінің басшысы Н.Карауловтың мектепке келуіне байланысты Қостанай уездік мектебінің шәкірттері мен ұстаздары ортасында 1889 жылдың сәуір айында түскен суреті біздің заманымызға жеткен. Біздіңше, сол суретте Ә.Балғымбаев та бар (суретте). Бірақ ол өз естелігінде аталған сурет туралы ешбір сөз қозғамайды. Себебі естелік жазылған уақытта кеңестік билік патша заманында қызмет еткен кісілерді таптық көзқарас тұрғысынан қатты сынап жатқан кезең болатын.
Естеліктің басым бөлігі Ы.Алтынсаринның Қостанай кезеңіне қатысты көріністерді баяндайды. Автор 1886-1889 жылдар аралығында ұлы ағартушының уезд басшыларымен, қызметтес әріптестерімен, туған-туыстары, дос-жарандарымен қарым-қатынасын суреттейді. Ә. Балғымбаев – дертке шалдығып, төсек тартып жатқан науқас ұстазын күтіп-бағып, оны соңғы сапарға шығарып салуға куә болған бірден-бір кісі.
Көлемді естеліктің бір тұсында ағартушының қазақ жұртының құрметіне ие болған образын нақты болған оқиға негізінде ашуға ұмтылған эпизод бар. Ол «О поминке (ас), устроенной на известном влиятельном богаче Малой орды, Джаппаского рода, Достияровского отделения Басыгаре (датқа бий)» деп аталады.
Естелікте автор асқа дайындықтың қалай жүргенін, ас иелерінің қонақтарды қалай күткенін, қандай сайыстардың болғанын, Ыбырай Алтынсариннің сол аста қалай көрінгенін үлкен ыждағатылықпен баяндаған. Кіріспеде естелік авторы Жаппас Басығара датқаның асы қай жыл, қай жерде өткенін былайша баяндайды: «В 1888 году на границе Кустанайского и Тургайского уездов б. Тургайской области, прикочевавшие из Кызылорды, выкочевавшие ранней весной через Тургайский уезд в Кустанайский Джаппасы – достияровцы устроили большую поминку (ас) – по умершему своему известному всему краю богаче Басыгаре, назвавшегося «даткой» имевший грамотой от бухарского эмира, пользовавшийся большим авторитетом среди всего населения как Перовского, так и соседней Тургайской области. Ас устроили на берегу озера «Кожа-куль», находившимся на одинаковым расстоянии от Тургая и Кустаная недалеко и от Иргизского уезда, населенном казахами Малой орды».
Асқа Жаппас Достиярға күйеу болып келетін (Айғаныс – Достияр Жаппастың қызы – авт.) атақты Ыбырай Алтынсарин де құрметті қонақ ретінде шақырылады. Ә.Балғымбаев болса, асқа ұстазымен бірге бір пәуескемен барады.
300-ге жуық кигіз үй тігіліп, 500-ден астам қой, 100-ден астам ірі қара сойылған ұлан-асыр аста бәйге, балуандар күресі, садақ ату, теңге алу сынды сайыстар ұйымдастырылады. Бәйгенің және өзге де сауықтық сайыстардың бас төрешісі болып, халықтың ұйғарымымен, Ы.Алтынсарин бекітіледі. Жаппастар бәйгеге 10 жүлде тігеді. Бәйге қортындысында Алтыбас қыпшақтар мен Арғынның Тоқтамыс руы арасында дау туады. Төреші бәйгені сөреден өткен жерден бақылап тұрған қарақшылардың (қазылардың) сөзіне сүйеніп алтыбастарға береді. Бұл шешімге тоқтамыстықтар келіспей, әсіресе, Байбатша Сартов деген жас жігіт дауды үдете түседі. Ыбырай Алтынсарин көмекшілеріне пәрмен, беріп өзеуреген Байбатшаны өзінің пәуескесінің артына байлап тастайды. Тоқтамыстықтар бір жерге жиналып, өздерінің ақсақалы Нұрбай Талпақов деген кісімен ақылдасады. Сол-ақ екен бір топ кісі атқа қонып, Алтынсаринның күймесіне қарай қиқулай шабады. Олардың алдынан Жаппас достиярлықтар кесе көлденең шығып, шабуылдаушы атты кісілерді тоқтатады. Дау бейбіт түрде шешіледі. Бірақ бұл оқиға асқа жиналушылардың арасында қызу әңгімеге айналады.
Балғымбаев жазбасында Тоқтамыс руынан аттары аталатын Талпақов Нұрбай мен Сартов Байбатша есімдері шежірелік тарқатуға түскен. Олар ағайынды кісілердің – Әзірбай мен Сандыбайдың ұрпақтары. Айталық, Нұрбайдың әкесі Талпақ Тоқтамыстың тоғыз баласының үлкені Әзірбайдан туады. Бәйге жүлдесін даулап жүрген Байбатшаның әкесі Сарт – Сандыбайдың баласы. Сандыбайда да тоғыз бала болған екен.
Ел әңгімелерінде «Жәнібектің қара шаңырағы» деп танылатын Тоқтамыстан да тоғыз ұрпақ тараған. Бұл туралы халық арасында:
Тоқтамыстан – тоғызбыз,
Әзірбайдан – тоғызбыз,
Сандыбайдан – тоғызбыз,
Әзір Құдай өзіміз, – деген өлең жолдары сақталып жеткен.
Жаппас Басығара датқаның асындағы бәйге жүлдесін бөлгенде тоқтамыстық Байбатша Сартовтың дау тудырған осы бір оқиғасы кейін ауыздан-ауызға тарап, аңызға айналады. Аңыз халық ақындарының шығармашылығына да арқау болады. Халық шығармашылығы мен ақындардың байланысының бір көрінісі – үмбетейлік Қарпық ақынның аталас тумасы Төлебай Көбековтің қайтыс болғаннан кейін шығарған жоқтауы.
Төлебай Көбеков – ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Үмбетей руының старшинасы болып қызмет атқарған. Ол – ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туысқан атасы. 1903-04 жылдары қайтыс болған.
Қазақтың ғұрыптық дәстүрі бойынша қайтқан кісінің туған-туыстары жоқтау айтатын салты бар. Қарпық ақын сол дәстүрге сүйене отырып Төлебай бидің 12 жасар қызының атынан жоқтау өлең шығарған. Онда ол марқұмның ата-бабалары туралы, оның өзі атқарған ерлік істері, байлығы мен мырзалығын көңілге терең әсер ететін сыршыл жыр жолдарымен өрнектейді. Жоқтаушы әкесін асқар тауға, қарадан шыққан ханға, Бұқараның бегіне теңейді:
Қарашаның ханы әкем,
Бұқараның бегі әкем
Көлеңкесі күндік жер
Асқар тауға тең әкем.
Қол-аяғын жимаған,
Етек жеңі мол әкем.
Мұнарланған сеңірдей
Дұшпандарға бел әкем…
Көлемді жоқтаудың мазмұнында Басығара датқаның асы да сөз болады. Аста қыпшақтардың жақсылары әлде бір нәрсеге өкпелеп, содан Ыбырай Алтынсарин бастап асты тастап кетпек болады. Сонда Төлебай олардың соңынан қуып, оларды асқа қайта әкеледі, кешірім сұратады:
Қыпшақтың өңкей манабы
Кез болыпты ашуға.
Балқожаұлы Ыбырай
Артын жиып жөнелді,
Басын қорғап қашуға.
Мұны көріп әкекем,
Аманжолдап ат қойды.
Тасыған көңілін басуға.
Қуып жетіп соңынан,
Ағалығын білдірген,
Көрмегенін көргізген.
Бозбалаға айдатып,
Қайтарып топқа кіргізген.
Бекмұхамбет болысын,
Инспектор орысын,
Жұмылған көзін аштыртып,
Өкшесінен бастыртып,
«Жан сауға, батыр!» дегізген
Байқап отырғанымыздай, Қарпық ақын Басығара датқаның асында болған оқиғаны мүлдем басқаша жырлап отыр. Оқиғада кейбір кейіпкерлер (болыс Бекмұхамбет) мен олардың іс-әрекеттері де ойдан шығарылған.
Балғымбаев жазбасында үмбетейлік Төлебайдың аты аталмайды. Тіпті, Төлебай түгіл үмбетейлердің аста туындаған дауға қатысы жоқ. Ол жерде дау шығарып жүргендер – тоқтамыстықтар, атап айтқанда, Байбатша Сартов, тоқтамыстардың басшысы – Нұрбай Талпақов.
Бұл тұста мынадай мәселені айтып өткен жөн. Жоқтауда Қарпық ақын Басығара датқаның асында өзі болмағанын, оны сонда болған кісілерден естідім деп ескертеді:
Үш жүздің қазағы
Басықара датқаның
Басын қосқан асында
Болғандардан естимін,
Болмасам да қасында.
Жоқтау – ғұрыптық фольклордың бір түрі. Онда қайтқан кісінің атқарған істерін, жақсы мінез, ізгі қасиеттерін ардақтау сынды көріністер қайғы шеккен кісінің шерменді көңіл-күйі арқылы берілгенді. Онда эмоциялық көңіл-күй аса басым болады. Жалпы фольклорлық шығармаларға тән гиперболла, антитеза, литота сынды көркемдік құралдар молынан пайдаланылады.
Халық аңыздарында әлдебір болған оқиғаның интерпретациясы әртүрлі сипатталуы әбден мүмкін. Бұған нақты бір мысал – Ә. Балғымбаев суреттеген Басығара асында туындаған оқиға. Сондықтан фольклорлық шығармашылықтағы оқиғалардың шындығы көркемдік әдіс-тәсілдер мен құралдардың жиынтығы, үзігі екенін ескере отырып, оған шартты түрде қарау қажет.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
филология ғылымдарының докторы





