Кескін
Егізімдей бала күннен ес кірген,
Мен жымисам “сен де-өзімсің” деп күлген.
ЖаҺан түзде жалғыз тастап кетсе де
Үйде жиі кездесемін кескінмен.
Қатар жүрген талай жылдар, талай күн,
“Сыңарымды” түсінеді қалай кім?
Қайда кеткен жастық шақтың жұрнағы
Жақын барып жанарына қараймын.
Елу жасты еңсерген бе бұл-дағы,
Соны аңғартып самайының тұрды ағы.
Өлерменше өлең өртін кешсе де
Осы ақын ғой елеусіздеу Сырдағы.
Жүрегіне жалқын жырын орап ап,
Азаптану…
Ай, обал-ай, обал-ақ!
Қарыс бойын билей алса жарады
Анау басы қол добындай домалақ.
Қасын көріп қара ормандай қап-қалың,
Тағып қайтем селдіреген шашқа мін.
Ол да оңаша, мен де оңаша қалғанда
Ісіменен ісіміз жоқ басқаның.
Шаршап келсем “Ей, мынауың кім?” демей,
Менен теріс айналмайтын бұл кедей.
Ешқашанда тіл қатпайды ол,
Себебі,
Іштей ғана ұғысамыз үндемей.
Тапсаң сөкпе, жалқаулықтың тобынан,
Шөпті ілуге жарамайды ол жолынан.
Қайдан ебі болсын кетпен, күрекке
Тастамаса қаламсабын қолынан.
Зияны жоқ болғаны үшін көпке түк,
Бермеспісің өз етіңнен ет кесіп.
…Тысқа шығып бара жатыр бөлмеден
Айна алдында тұрмыз тағы беттесіп…
Ұста
Көрік пеш қасы – жұмыс тұрағы,
Қолында балға, қысқашы.
Ерутай дейтін мүкіс құлағы
Болған-ды ауыл ұстасы.
Еске алған жұрты елжіреп кейін,
Өнердің нағыз иесін.
Шебер деп соны айт, сом білектейін
Темірден түйін түйетін.
Тапсырыс берсең — байланып тоспа,
Уақытыңды алмас көп сенің.
Темірдің өзі айналып шоққа
Әп-сәтте даяр кетпенің.
Қолы алтын болып жаратылғасын,
Зергерлік оған сөз боп па?
«Теңдессіз, көке, дара тұлғасың» –
Деп тілін тапсаң болмас па.
Тот басып қалған бұйым дегенді,
Береді ол саған жаңалап.
Еңбегі үшін тиын-тебенді
Ұмытпай ұсын шамалап.
Ақын сияқты ол жетім жүрегі,
Бала болсам да түсініп,
Әкесі – Рахмет есімді еді
«Рахмет!» – деймін қысылып.
…Боясын мейлі самайымды әр жыл,
Жадымда қапты нар мүсін.
Алдына барған ағайындардың
Арқалап өткен алғысын…
Баласы оның — Райым да анау,
Әке орнын басқан. Құптадық.
Райымда осы уайым да бар-ау
Қонбапты ондай ұсталық.
Себебі… дауға ұрынбай тыңда,
Болса рас пікір бұл егер –
Ұлылықты шын ұғынбайтынға
Илікпейді екен ұлы өнер.
Қасапшы
Қан базарда теңге арбап тұр пенде есін,
Қамданарға – соғым болсын енді етің.
Алмас сынды айбалтаның жүзі анау
Қан бастырды қасапхана бөлмесін.
Баға бұзар қызған сауда көрігін,
– Таразы бар!
– Тартып жамбас бер, інім!
(мына ерің қасапшы емес,
Батыраш –
Құлагерін шапқан Ақан серінің)
Қағар мұнда сансыз басты күніне,
Алла алдында теңбіл доптың бірі ме?
Бейқам жеткен осы айбалта емес пе ед
Махамбет пен хан Кененің түбіне.
Алғашында сай қару боп заты ұлға,
Қай ғасырда пайда болған расында?
Иіп күткен қылша моны шарасыз
Қиып түскен Пугачевтің басын да.
Бөрілікке тән кәсіпті кім көрген,
Көрініске демен етім мүлде өлген.
Шегініп тез шетке шықтым шыдамай
Шері бітпес, шіркін, жүрек сыр берген.
Балта, Балта!
Балтада да балта бар,
Арқа-жарқа иесі оның – Малтабар.
Екі аяқтым сәтте кірпік қақпай-ақ
Төрт аяқтың жілігінен жаңқа алар.
Кенесары қайтпасада қырғыздан
Келеді әлі бай үйірмен мыңғырған.
Жарылсайшы құлағымның жарғағы
Арылсайшы сол дауыстан шыңғырған.
Жануардың көзі есте қап мойылдай
Жабығармын байыз таппай ойым қай.
…Обалына жетті шарап кешкісін
Қонағыма қойдың басы қойылмай.
Байшұбар
Эпостық жыр сарынында айтылар
Тарпаң тұлпар тақымыма сай шығар.
Білесің бе, менің бала күнімде
Болған еді талшыбығым – «Байшұбар».
Желдірткенде жарып өтер жел өтін,
Шабандоз ем шабысына сенетін.
Төрт аяғын тең басатын жорғадан
Екі аяқпен оқ бойы озып келетін.
Бәс тігудің бәйгесінде тіпті үстем,
Ойқастаса – өн бойына күш біткен.
Қарғығанда арығынан ауланың
Арғы бетке таутекедей тік түскен.
Құмырсқа бел қызыл жыңғыл шалымды., ә
Құйғытарда қанат берген сан ұлға.
Мінісіме қалған күні жарамай
Оттап жатар ошақтағы жалынға.
…Кереметі эпостардан айтылар
Сол жануар – бізден қалған Байшұбар.
Жерортадан асқан мынау жасымда
Тақымыма темір тұлпар сай шығар.
Бай болмай-ақ дүниені шайқаған,
Көлікке ие болдым бірде қайтадан.
Оттан аман шыққан оның түр-түсі
Қызыл күрең төресі деп айта алам.
Атбегіше көзім тастап ауладан,
Бақ іздемен сауырынан саулаған.
Қай ауылда қалып қойған құштарлық
Жорға көрсем жүрегімді жаулаған?
Тас сарайда бабы күйлі тұр деймін,
Көлеңкелеп, көзін көрмей күнгейдің.
Жаяу Мұса емеспін ғой,
Сонда да
Көңіл тартпас тұлпарға анау мінбеймін.
Күлесің бе, күл, мейлің?!
***
Есі бар ел ерлерін керек етпей,
Қорлайтын кім өренін өре жетпей?
Әр аймақтың өзені өз жұртына
Көрінетін секілді кереметтей.
Кеңгір көрдім. Шу бойлап, Талас бардым,
Сырға оралдым, сұқтана қарап қалдым.
Аралды айтсам,
Арда ақын түседі еске –
Ақ бұлағы шапқылап Жарасқанның.
Тіршілікте тіріден ірі кеміп,
Жаз жоғалды, күреңдеу күзі келіп.
Тоқтар бір күн өр ағыс…
Бәріміз де
Өмір атты лентаның үзігі едік…
Бастау алып тұмадай бұлақтардан,
Ақжалданып толқыны сыр ақтарған.
Аралды айтсаң,
Көзімде көлбеңдейді –
Қара бала түйеден құлап қалған.
Қайсарлық қой, көрмей-ақ кеселін кем,
Жас жүрегін жанартау ете білген.
Сол балақай – Шүкіров емес пе еді
Биігіне булығып көтерілген.
Неге сұрқай тартты екен бозаң дала?
Түп жусанның түбінде тозаң ғана.
Бозторғайы мен болып шырылдасам
Бозғылт шөпке мөлдір шық қонар ма, аға?!
Мендік қиял…
Өзіме бұл да мәлім
Дастан еді жастанып тыңдағаным.
Қосылайын қосшы боп Жанқожаға
Соңына ерткен сарбаз ғып Сыр қазағын.
Мен де сырлық!
Байланғам қазыққа да.
Маған мүлгіп қарама жазық Дала!
Жыраулардың қай-қайдан қоңыр даусы
Құлағыма жетіп тұр талып қана.
Марқасқаның мақамы бөлек десең,
Сом тұлғалы сағымда елестетем.
Еркелеткен елінен ерте көшкен
Соңғы тұяқ – Көшеней емес пе екен?
…Сыр өңірі жайында сан аңыз бар,
Өтті осында сүлей мен дана, абыздар.
…Әне, ақын тұр жыр оқып жамиғатқа,
Қане? – демей, бажайлап қараңыздар!
Достық Тілеубергенов