Жүректің көзі
(«Аран» романынан үзінді)
Таң атқаннан бері ұсақ тамшыларымен бүрки жауған жаңбыр тынбай сіркіреп, жер әлемді әжептәуір көлкітіп жіберді. Асфальт жолдың бетіндегі шұңғылдау тұстарына ойдым-ойдым іркінді жиналды. Бірақ ол борбас саздағы шалшықтай емес, кәдуескідей мөлдір. Ара-тұра машина доңғалағынан шашылып кетсе де су қайта сол жерге лезде кішкентай жылғалармен үздіксіз құйылады.
Бұл «жасанды» көлшіктің молдығына әуежайдың алдында қыдырыстап жүрген кептерлер дән разы. Ортасында ала мойнағы бар бір ақ, бір көк кептер әуелі мейірі қана шөлдерін басты. Дәміл-дәміл үшкір тұмсықтарын көкке көтереді. Болмашы ғана ілінген жұғындыны тездетіп жұтуға асығатын тәрізді. Осылай біраз әуреленді, сосын рахаттана қанаттарымен суды сабалап шомыла бастады. Жүзу білмегендіктен үлкен суда мұндай қаракетке бармайды, әйтпесе басын тәуекелге тігер қатер төнбейтін шамалы «бассейндерде» шомылғанды жаны сүйеді екен. Бір кезде ала мойындыны көк кептер өздерінен шеттете тықсырып, ақпен екеуі оқшаулана берді. Айдарын күжірейтіп, «былдыр былдыр» етеді. Шамасы екеу араға киліккен оны ұнатпаса керек.
Лос Аламос халықаралық әуежайына ұшу уақытынан сәл ертерек келген Бенджамин Роджерс масайраған кептерлердің қылығын біраз тамашалады. Үнемі шодыр қабағы түксиіңкі жүретін ол жымиды. Өзі сөйтіп ойлады. Әйткенмен сұп-суық өңінен күлкінің ізі де білінбеді. Тек ішкі дүниесі езу тартса керек.
Сағатына көзінің қиығын аударды. Сосын бала кезгі әдетімен буырыл тартқан қою шашын сол қолымен кері қарай бір салалап, аяғын нық басып ілгері аттады. Тіп-тік тұлғасы мен қақпақтай жаурыны оны сырттай жас жігітке ұқсатады.
Терминалдың алды жүргіншінің көптігінен араның ұясындай құжынайды.
Өз секторына келіп шіретке тұрды. Дәл алдындағы қызыл шашты келіншек екі көзін қолындағы кітаптан алмай, құныға ішіне кіріп кетіпті. Бұл әбден үйреншікті көрініс. Өзі де әр минутын қаза жібермеуге тырысып, қаншама кітапты ары-бері тасыды. Бүгінде бір ғана кітапты бойынан тастамайды. Ол – Евангелия.
«Оқу түбі – дін». Бар ғұмырын ғылымға арнаған ол соңғы он шақты жылдың бедерінде осындай пайымға тоқтады. Зайырлы қоғам дін мен ғылымды араластырмай, екеуін өмірдің екі саласы ретінде бөлек-бөлек алып жүреді. Роджерстің соңғы байламы – діни өлшемсіз ғылым да қысырайды. Сондықтан дінге ғылым, ғылымға дін болмашы мөлшерде болса да қатысуы тиіс. Бірақ, бүгінде мұндай қағида жоқ. Әйткенмен, осы пайымды қағида тұрғысында қабылдайтын уақыт жетті. Онысыз өркениет тығырыққа тіреледі.
Дүние – от, су, ауа, жер деген төрт болмыстан тұрады, сондықтан «төрткүл дүние» атанады. Бұл – адамзатқа ежелден таныс. Өйткені Тәурат пен Інжілде, сондай-ақ басқа да көктен түскен кітаптарда жазылған нәрселер. Былайынша ауа мен су бір-біріне қосылмайтын дүние. Бұл сырт қарағандағы көрініс. Ал шынтуайтында ауа – судың құрамында, су – ауаның арасында бар. Ауасы жоқ су – өлі су. Оны ішкен кісі ешқандай сергімейді. Онда балық та өмір сүре алмайды. Сол сияқты от пен ауа араласпаса тотығу процесі жүрмейді. Ол екеуі болып, арасында су болмаса, от – және жанбайды.
– Билетіңізді беріңіз.
Бенджамин сол кезде барып әп сәтте үйіріп әкеткен ой иірімінен қалың нөпірдің ортасына оралды. Алдындағы әйел де қайда тұрғанын ұмытып, кітаптың қызығына әбден еніп кетіпті. Тіркеу платформасына таянғанын да аңғармаған. Қаперсіз бейтарап қылығы әуежай қызметшісін лажсыз тіл қатуға мәжбүрлеген.
– Құжатыңыз…
Ол кітапты жапты да төлқұжатын ұсынды. Беннің көзі еріксіз мұқабадағы айшықтала жазылған «Аbai» деген жазуға түсті. Жанарының алды жарқ ете қалғандай болды. «Ғылыми ұғымға айналған өлшем, азон қабатының ар жағындағы кеңістік… мына адам тегін кісі болмады».
Бейтаныс әйелге сауал көзбен қарады. Бірақ ол – бұл бір ауыз сөздің мағынасын жете түсіне алмады.
***
Ұшақ Амстердамға келіп қонды. Сапар енді үш сағаттан кейін қайта жалғасады.
Терминалдан шығып, күту залына бет алды. Адам ығы-жығы. Баппен басып самаладай жарқыраған атшаптырым холлға енді. Мұнда да сапырылысқан жұрт. Витраждың тұсындағы оңашалау шеткергі орындыққа жайғасты. Дәл қасына алып бамбукті өсіріп қойыпты. Еріксіз ұшар басына көз жүгіртіп, діңін бойлай түбіне тоқтады. Сосын жанарын тайдырып әкетіп, жұртқа қарады. Осы аралықта таныс бейненің дәл алдында отырғанын көрді. Толқынданған қызыл шашын біздей саусағының ұшымен түзеп қойды да, қолындағы кітабына қадалды. Ғалымның назарына еріксіз «Аbai» деген жазу ілікті. Тағы да ынтыға қарап, алдыға ұмсына түсті.
«Абай», «Абай»… жалпы көпшілік қолданатын әдеткі ұғымға айналып үлгергені ме? Астрономия ілімінде өзі сияқты бір-екі адам ғана білетін жаңалық. Енді әркімнің қолында жүрсе…».
Аңдаусызда көкірегі көріктей болып күрсінгенін аңдамады. Бір байқағаны маңдайы жіпсіп, терлеп кетіпті.
Абай кеңістігінде жасалған өзінің қаншама тәжірибелері бар.
Жерден миллион есе үлкен күн ұдайы плазмалық жалын шашып жатады. Оның қуаты іштен булығып шыққан жарылыстың әлеуетіне байланысты. Соның салдары жерге сегіз күннен кейін магнитті дауыл болып жетеді. Ол «дауыл» деп аталғанымен шатырды жұлып кететіндей жел тұрмайды. Тіпті, магниттің желге еш қатысы жоқ. Тек күшті магнитті өріс пайда болады. Сымды бір-біріне тұйықтап, үлкен ғимараттардан өрт шығаруы мүмкін. Соның кесірінен ұшақтағы немесе ракеталардағы өте әсершіл электрлі катушкалар сыр береді. Содан барып жан түршігерлік апаттар, жарылыстар орын алады. Ақырында сарапшы ғалымдар оның себебін таппай сенделеді.
Егер сол «Абай» кеңістігіне үлкендігі аяқдоп алаңындай айна апарып орналастырып, күн сәулесін үстемелеткен күшпен жердің кез-келген қаласына түсірсе – жанып кетеді. Екінші бір әдіс, ультра күлгін сәулені жіберсе, тек кеудесінде жаны бар тіршілік иесі ғана топалаң тигендей айналасы бес-алты сағатта өліп бітеді. Бұл – елдің бәрі білетін атом бомбасы мен сутегі бомбасынан әлдеқайда күшті әрі оған ие болған адамды шексіз билік пен дәулетке кенейтін ғажайып құдірет.
Тартылыс күшін адамның ырқына сол жерде ғана көндіруге болады. Өйткені атомдар әлгі кеңістікте ғана абсалюттік тепе-теңдікті сақтай алады. Таусылмас энергия көзінің өрісі де, оны өндіруге қолайлы орта да – сонда. Болашақтың отыны сол жақта. Тасымалдау да қиын емес, жасанды жер серіктерінің магнитті өрісі ғана керек. Ал жерге энергияны қабылдап, аккуммирлейтін трансформаторлық резервуарлар орнатылады.
Бірақ, «Аbai» – жатқан бір құпия «арал». Жеті қат көктің бесінші қабаты. Ол кеңістікті табу әзірге Бенджаминнен басқа ешкімнің маңдайына жазылмаған. Сондықтан «Аbai» – аса құпия термин.
«Одан басқа қандай мағынаға ие екен, ә-ә?».
– Сіз не ішесіз?
Шиленген ойын жұмсақ үн үзіп жіберді. Дәл қасында сұңғақ бойлы, талдырмаш келген даяшы бұған ықыласын аудара ілтипат білдірді.
– Сәле-матсыз… – Абдырай даяшының назарына зер салды.
Ерінінің ұшы ғана жыбырлап, қыз басын изеді.
– Кофе болса…
Көздей ғана құтыны қолына алып, қызыл шашты оқымысты келіншектің өңіне барлай қарады. Ат жақты бет-пішіні, тұздай көк көзі ағылшын екенін айғайлап айтып тұрды.
– Бикеш, жанарыңыз талған жоқ па? – Көмейінен мына ләмнің еріксіз қалай шыққанын аңдамады.
Келіншек бұған жалт қарап, тістерін ақсита жымиды.
– Жоқ, сэ-эр…
– Кітап қызық-ау…
– Адам қиялына кірмейтін нәрселер…
Беннің тұла бойы мұздап қоя берді. Жүрегінің түбіне сақтап жүрген жұмбағын біреу айпарадай әлемге паш етіп, шашып жібергендей.
– Жолымыз бір-ау, шамасы… – Аузына басқа сөз түспеді, енді шын әбіржиін деді.
– Сіз қай жаққа сапар шегіп барасыз, сэр? – Келіншек кітабының бетін жауып, сұрағына сауалмен үн қатты.
– Орта Азияға.
– Қорықпайсыз ба?
– Неден?
– Ол жерде көшедегі қақтығыс күнделікті әдеттеріне айналған.
– Мүлде олай емес. – Жігіт жымиды.
– Оған қалай көзіңіз жетті?
– Мидай жазық далада не бары он жылда әсем шаһар тұрғызған елді аумалы-төкпелі жағдайда күн кешеді дей алмаймын.
– Ол қандай ел?
– Қазақстан.
– Қаза-а-қстан?! – деп күмілжіді. Бірақ үні таңданыстың шарасынан қатты шықты. Келіншек алманың сабағындай мойнын соза түсіп, бұған ұмсына қарады.
– Неге таңдандыңыз?
– Сиқыршы емессіз бе?
– О-о не дегеніңіз?
– Жолымыз бір екен.
– А-аа. – Аузын аша иегін сәл көтеріп, басын изеді.
– Астанаға ғой.
– Иә!
***
Соңы созылыңқы «ты-ыың, ты-ыың» деген екі мәрте тұнық дыбыс шықты. Ізінше:
– Құрметті ханымдар мен мырзалар! Бірнеше минуттан кейін біздің әуе кемеміз «Абылайхан» халықаралық әуежайына келіп қонады… – деп, стюардесса сызылтып сөйлей жөнелді. – Астананың температурасы 24 градус, ауа қысымы…
Үйреншікті әуенмен салдыртып кеп, сапарлау үшін өздерінің әуе компаниясын таңдағандарына жолаушыларға алғысын айтып барып тоқтады.
Астананың аспаны шайдай ашық екен. Ұшақ қонар жолаққа еңкейерде болмашы ғана уақыт күнмен шағылысқан маржандай қаланың бір шетін жылт еткізіп көрсетіп, көз құмарлығын арттырды да қойды. Содан қайтып шәрі назардың қиығына ілінген жоқ.
Алып бойнинг иінінен демалып, терминалдың кіре беріс жеңдей шұбатылған мойнына қапталымен жабыса іркілді.
Ұшақтан түсер кезде Бенджамин көпшілік сияқты ентелемей, баппен ілгері жылжыды. Тексеру пункттерінен өтіп, былайғы жұрттың арасына барғанда да асыға қоймады. Өйткені өзін ешкімнің де күтіп отырмағанын білетін. Одан да бейтаныс елдің жайын алғашқы табан тіреген жері – «Абылайхан» әуежайынан барлап көрмек болды.
Бір байқағаны – сарайы саңғырап ашылып кеткендей. Тынысы кеңіп, тұла бойы жеп-жеңіл салмақсыз мақтаға айналғандай сезінді. Үстемелеп, иінтірескен адамның аздығынан да болар деп топшылады. Қайран қалдырғаны, шағын ғана әуежайдың өзі жолаушылардан кенде. Шанжау-шанжау шашырап жүрген бірді-екілі жұмыр басты болмаса, әдеткі ығы-жығы нөпір жоқ. «Кісі аяғы сирек тиетін ит арқасы қиянға келген шығармын…».
Бұрандалы баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді. Жан-жағын жіті бақылап келеді. Ақпараттық байланыс жүйесі заман талабына сай жабдықталған екен. Бірнеше тілде бірдей құлақтандыру жазылған сұйық кристалды мониторлар шамамен он қадам сайын орналастырылған сияқты. Оған қосымша плазмалық алып тақта қонатын, ұшатын рейстердің кестесін екі жақтаудан бұлжытпай көрсетіп тұр.
Арытаманырақта түрлі кәдесыйлар сатылатын шағын маркетке тап келді. Онымен жапсарлас тұрған кітап дүкені бар екен. Қуанып кетті. «Қазақстан туралы ағылшын тілінде жазылған полиграфиялық бұйымның біреуі ұшырасар» деп ойлады.
Ішіне енді. Қаптаған ресейлік өнімдер, батыстың шығармалары, альбомы. Адамның қиялы жетпейтін қиямпұрыстыққа толы ғарыштық оқиға, детектив, триллерлер. Бір сәт, Американың елінде жүргендей сезінді. «Өздерінің дүниесінен не бар екен?» Қызығушылық сезімі арта түсіп, тіміскілене ізденді. Назарына ағылшын тілінде шығарылған ұлттық кітап өнімнің біреуі де шалына қойған жоқ. Тек «Qazaqstan» деген жазуы бар үлкен фотоальбомды сонадайдан назары шалды.
Кітапты қолына алып, мұқабасына бір көз жүгіртті де енді ішкерідегі сөреге көңіл аударды. Сол-ақ екен жүрегі солқ етіп, бір аунап түсті. Өзі мелшиді де қалды. «Аbai».
– Что вам угодно?
Ту сыртынан естілген тосын үннен селк етіп оянды.
– Ғафу өтінем… қазақша түсінбеймін… – Жергілікті халықтың тілін білмегеніне кінәлідей іштей қысылды.
«Что вам угодно… можеть помощь..?» деп тұр еді ол өзі де ана тілін білмейтін қалпын ар санамай, сауда мәдениетіндегі әбден жаттанды жауыр сөзді көлденең тартып.
– «Аbai». – Сұқ саусағын шошайтты.
Қымбат кітапты нұсқағанына дүкенші қуанды. Өтіп кетер деп дәмеленді.
***
Әуежайдан сыртқа шыға берісте қарсы алып, құрақ ұшқан таксишіге «Rixos» қонақүйіне баратынын мағлұмдады. Ол елпең қағып көлігіне қарай жол бастады.
Бенджамин «Rixos» қонақүйін білмейтін еді. Тек әлемдік стандарт бойынша өркениетті қалаларда міндетті түрде «Кантиненталл», «Редисон», «Rixos», «Sheraton Hotel» деген атпен 5-7 жұлдызды мейманханалар болады. Осы халықаралық стандарттың талабына сәйкес мейманхананың атын батыл атаған.
Ә-ә дегенше-ақ жүйткіген көлік діттеген жерге ұшыртып жетті. Тіпті жан-жағына қарап, беймәлім дүниеге тамсанып та үлгермеді. Бір аңғарғаны – көшелері кең, қала тап-таза екен. Ғимараттардың да сәулеті сұлулығымен көрер көзге сес тастайтындай. Әсіресе, алып мешіттің көркі мен кескіні, қазақ-экспо алып шарының күнмен шағылысқан шырқы көзін байлады.
Қонақүйдің кіре беріс есігіне такси көлденеңдей тоқтады. Сол-ақ екен швейцар атып шығып, мейманды құрақ ұша қарсы алды.
Бен ішке енгеннен-ақ бір жақ қабырғаға кере тартып тастаған баннерді аңғарды. Ондағы дін иелеріне, яғни, құрылтайға қатысушыларға арналып жазылған ұрани сөзге назары түсті. «Бұл – жақсылықтың нышаны болар…».
Әкімші қыз жымия қарсы алды. Тез арада құжаттарын реттеп, қолына пластик кілтін ұстатты.
– Әлденәрсе қажет болса, сұраңыз. – Кішіпейілдікпен ілтипат танытты.
– Алда разы болсын.
Ту сыртына бұрылғаны сол еді, швейцар қол жүгін домалаң қақтырып алға түсті.
Номерге жайғасысымен барлау жұмысына кірісті. Түпкі мақсаты ештемеге еліктіріп, солықтатпады. Демімді алайын, жолсоқты қалден тынығайын деген ой болмады. Ең әуелі столдың үстінде жатқан жетелеме нұсқаулықты мұқият зердесіне тоқыды. «Rixos President Astana» мейманханасында қанша зал, неше мейрамхана, әр қабаттың ерекшелігін, шығатын-кіретін есіктердің орналасу тәртібін ыждаһатпен қарады. Бұл ретте оған «өрт болған төтенше жағдайда эвакуациялау» деген кескіндеменің көмегі тиді.
Орнынан тұрып ваннаға беттеді. Тәулікке жуық сабылған сүргіннен бой алдырғанын сезді ме, шайынып шыққанды жөн санады. Аздап өзегі талғандай да байқалды.
Арада 20-25 минут өткенде қылаң араласқан шашын бұрқырата сүрткен қалпы қайта жатын бөлмесіне келді. Үстінде лыпасынан басқа түгі жоқ. Ширақ қимылдап, спорттық үлгідегі киімін кие бастады.
Содан кейін әлгіндегі бағыттама бойынша қыдырыстаған кепте бүкіл қабатты сүзіп шықты. Төменгі қабаттағы кең де биік холл еңселі тропикалық ағаштарымен көкейіне орнады.
Көзіне жиі ұшыраған көрініс – әртүрлі дін өкілдері сопылар мен тақуалардың ары-бері қозғалысы болды.
Әредікте оқшауланған екі-үш адамның қылпы байқалады. Әлгілер өз бетімен әңгіме құрған бейтарап кісілердің сыңайын танытуға тырысатындай. Сонысынан-ақ бұлардың жай киініп алған «арнайы тапсырмадағы» агент-шенділер екенін аңғару қиындыққа соқпайды. Мұндай жағдайда қауіпсіздік шарасы алға шығады. Сондықтан сырт көзге әрекетін аңдатпай сақтық шебінде тұруы заңды. Бірақ, олардың қалт етпейтін қырағылығы өзіне мейлінше кедергісін тигізіп бақпақ. Әйтсе де бұған алдын-ала іштей дайындалып келген ол қобалжи қоймады.
«Ақ моншақ» мейрамханасына жайғасып, ас мәзірін қолына алды. Аздап ауқаттанғанды артық санамады.
Бейқам кепте отырып, жанарымен жан-жағын шолды. Әрбір қалт еткенді қаға беріс қалдырмай, іштей сараптап, пайым елегінен өткізді. Жазатайым жаңсақ басуға қақысы жоқ.
Іштей қанша әрі-сәрі болса да мұрыны қоңқақтау біткен, қара торы, қой көзді атпалдай азаматтан ешбір әбіржудің нышаны байқалмайды. Жайбырақат, жайсаң.
Мейрамханадан шығып, холлда тұрған жайлы креслоға барып жайғасты. Журнал үстөлінде екі-үш буклет әр-әр жерге тасталыпты. Тынығушылар ары-бері ақтарып, ретсіз қалдырып кете бергенге ұқсайды. Бұл да қолын созды. Үлкен шараға арнайы шығарылған өнім екені бірден білінеді. «Дүние жүзі дәстүрлі діндер басшыларының съезі». Әлемдік сенсацияның түйіндемесі түрлі-түсті қатырма бетке айшықтала беріліпті. «Әрқилы мәдениет пен кереғар діни наным-сенімнің бір-біріне алакөз танытып, атысып-шабысқан тұста дүниежүзі өркениетінің диалогын өткізу – шындығында да ерлік». Көкейіне осындай бір ой келді.
Қазір бұған әрбір ақпарат құнды. Этностық мәдени орталықтардың «Бейбітшілік пен келісім» халықтар бірлігі үйінде орналасқанын, ол ғимараттың перғауындар кесенесі кейпінде жасалғандығынан «Пирамида» деп аталатынын білді. Бірақ, мәлімет мардымсыз. «Бір ауыз сөз болса да ұғып қалсам» деген мұстақтықпен әкімшіге беттеді.
– Қайырлы күн.
– Тыңдап тұрмын. – «Құзырыңызға құлдық, бұйырыңыз» деген кепте ләббай қаққан корпоративтік унинысандағы бойжеткен ықылас таныта көңіл қойды.
– Дінбасылар съезінің баспасөз орталығы қайда орналасқанын білгім келеді.
– Мен сіздің бұл сауалыңызға жауап бере алмаймын, осында форумды ұйымдастыру жөніндегі штабтың өкілі бар. А211-кеңседе отырады. Сонда хабарласыңыз.
– Рахмет, ол жаққа қай тұспен барғаным дұрыс болады?
– Қазір оңға бұрылып, баспалдақпен екінші қабатқа көтерілесіз. Содан кейін тағы да оңға бұрыласыз. Алдыңыздан түзу дәліз көрінеді, сонымен тура жүрсеңіз «А» блогына барасыз. Сонда.
– Жақсы.
– Қажет болса…
Жүруге оқталған мейман кілт тоқтап, әкімші қызға бұрылды.
– Қажет болса ресми ақпараттар бар мына құжаттарды алыңыз. – Әппақ папкіге салынған бір бума қағазды ұсынды.
– Мың алғыс сізге.
Жаңағы бағдар бойынша ілгері озды. Талдырмаш қыз жымиған қалпы соңында қала берді.
А211-кеңседен форумның баспасөз орталығы «Думан» мейманханасында орналасқанын, ал «Пирамиданың» өзінде колл орталығының жұмыс істеп жатқанын білді.
Былай алып қарағанда ақпарат құралдары мен орталықтарының бұған еш қажеті жоқ. Қайда орналасса онда орналассын, қажеті – иудейліктердің қайда тоқтағанын білу. Ал бірақ іздегенін бүгіп, бүркелемей турасынан сұраса, әлдекімдер секемденіп қалуы ықтимал. Ісін бастамай жатып сезік тудырып, құйрығына шала байлап алса – онда текке сабылғаны. Сондықтан сақтық басты қағидасы болуы тиіс.
Бен ұзақ уақыт табан аудармай сарылып отырмады, бір лектің шеті көрінді. Бастарына әппақ сәлде ораған, иманын тасбиық қып түйіп қолына ұстаған мұсылмандар делегациясы келе жатты. Жандәрменде іздегені өңірлеріндегі бейджи болды. Көңіліне бір лекіген қуаныш лебі жүгірді. Төрт бұрыш ақ қағаз көзіне оттай басылды. Оның үстіңгі жиегін қуалай «Арап әмірлігі» деп жазылып, ортасына форумның логотипі салынған екен. Ал, сәл төменіректе аты-жөндері тасқа басқандай сайрап тұр. Яғни, әр мемлекеттің делегациясы өз елінің атауы көрсетілген бейджи тағады.
Осы ойын нақты дәлелдермен тиянақтай түсейін дегендей отырған орнынан қозғала қоймады. Сөйткенше, тұрқылары біртектес ортадан төмендеу үш ер адам оң қапталдан ілби басып, баяу келе жатты. Көзінің қиығын салғанда өңірлерінен бейджидің нобайы қылаңытты.
Қолындағы әлдебір журналды мақсатсыз кепте бір-екі парақтады. Сыртқа секем алдырмай беймәлім жандардың жақындай түсуін күтті. Құрық салымға таянғанда еңсесін түзеп, бір мәрте ғана қарады. «Қытай халық республикасы» дегенді жазбай оқыды. Сонда ғана өзінің жорамалының қапысыз екенін тиянақтап, бір серпіліп қалды.
Енді тек осы жерден тапжылмай күту керек. Тым құрымағанда Жақыптың үрім-бұтағының арасынан біреуі шығып алдынан өтсе, жетіп жатыр. Құлғанадай басқан ізінен қалмай қай блокқа, қай қабатқа, қандай номерлерге орналасқанын әп сәтте біліп алар еді. Ары қарай жағдайдың ыңғайымен әрекетке көшіп, шаруасын тындыра бермек.
Холлда тұрған жұмсақ креслоға жайғасқан аз уақыттың ішінде ой кешіп, ілгерінді-кейінді біраз жерге барып келді. Мәсіх… Ағартушы… Мәңгілік өмір… барлығы сақал сипағандай шамада көкейіне оралып қайтты.
… Католиг пен православия діндерінің негізі бір дін. Кітаптары – Інжіл, кәлимасы – шоқыну, табынатындары – айқыш ағаш. «Жеті данышпан» өмір кешкен атам заман ақиректегі[1] әдеби-діни-мифологиялық көзқарастар және күнделікті өмір тұрғысынан тұжырымдалған ой-пікірлер негізінде дамыған ол бүгінгі заманға келіп отыр. Әлемдік өркениет дамығанмен, олардың қатып қалған салты мизімейді.
Поптардың жар сүймеуі – көне дүниедегі мешеу көзқарастың бүгінгі жарқын өмірде қалыптасқан қағида ретінде сақталып келе жатқанының көрінісі. Құдай адамды бұ дүниеге ұрпақ сүй, тәрбиеле, өсіп-өн деп кеудеге жанын аманаттап жіберіп отыр. Олар құдайға құлшылық ете тұра, жаратушының пендеге жүктеген алғашқы парызын орындамайды. Хақ Тәңіріге ғана жалбарынудың орнына Иса пайғамбарға, Мәрия анаға, қала берді айқыш ағаш – пұтқа табынады.
Алпамсадай иықтарын қомдап қойып, былғары диванға жаурынын сүйеді. Осы екі ортада көзінің қиығымен төңіректі бір байырқалады. Сосын тереңінен дем алып, қолындағы журналды шарасыздықтан парақтай бастады.
Бен – провослав дінінің ішіндегі протестант бағытын ұстанатын «Матфей уағызы» псалтырь сектасының өкілі. Исаны құдай емес, пайғамбар деп таниды. Өзінің ұғымынша Мұхаммедтен кейінгі ең соңғы Тәңірдің елшісі – Лев Толстой. Бұл ішкі құпиясы, ешкімге тіс жарып бөліспеген пайымы. Кейде ұлы ұстаз жазып шыққан Інжілді оқып отырып халық санасына тым жақын, бұқараның қамын жейтін байламдарды жүрегі елжірей екі-үш қайырады. Ар-ожданы мен парасатының биіктігінен Левті пайғамбарындай көреді. Оның өзіндік көзқарасы негізінде жазылған діни дүниесіне қызығушылығы арқылы көркем шығармаларын оқи бастады. Сүйіп оқыды. Әсіресе, поп қауымы онша жақсы көре қоймайтын «Воскресение» романын жанына жақын тұтқан. Ондағы адамзат қоғамы үшін айтылған имани ой – қазіргі өркениеттегі заманауи пенденің бүгінгі бет алған бағыты болуы керек. Бірақ Толстойды оқитын раввин, кординаль, молда, поп, монах сирек шығар. Міне, сол Толстойды сүйіп оқығандықтан бұл алқалы жиынға қатыса алмайды. Кезінде Левтің өзін графтықтан айырып, шіркеуден қуып шыққан дінбасылар еді…
Қалың нөпір ойын бұзып, еріксіз өзіне назарын аударды. Дін иелері қым-қуыт араласып бұған қарай беттеп келеді. Сәлделі имам, сары-қызыл матасын оранған монах, кішкентай қызыл тақиялы раввин…
Жүрегі атқалақтай жөнелді. Қапелімде орнынан атып тұрмағанына қуанды.
Ә-ә дегенше-ақ ығы-жығы топ тұсынан өтіп бара жатты. Бірақ, бұл әртүрлі сенім мен наным иелерінің қатар тұрып, достық пен бауырмалдықты әйгілей құдайға мінәжат ету рәсімін орындау үшін көк күмбезді залға бет алғанын білмеді…
Соқыр түйсікпен көшке ілескен тайлақтай ебіл-дебіл қалпы қалың нөпірдің арасымен жұртшылық бет алған бағытқа ілбіді. Не де болса көпшілік шараның ұйымдастырылатынын топшылап келеді.
Ақ мрамордан жасалған баспалдақпен төмен түсті. Шеңбірек атқан шамдалдары қырық қырлы гауһардай құбыла сәуле шашқан атшаптырым бөлмеге тап келді. Едені түрлі-түсті тастардан өңделіп салынған екен, шыбын тайып жығылардай. Нобайы да, түсі де, нәлі де әрқилы. Әлбетте, үлкен кескінмен жасалған фигуралар бірыңғайлылықты сақтап, талғам мен тартымдылық талабына сиып тұр.
Кең салтанатты сараймен қырық-елу қадамдай ұзап барып, пірәдарлар қауымы оңға бұрылды. Есігінің аумағы дарбазаны көзіңе әкелетін босаға шалқасынан түсіп, меймандарға құшағын айқара ашқан бәйбішедей қонақжайлық мінез танытады.
Табалдырығынан аттағанда бірден өзіне көңілді аудартатын ғаламаты – көкке ұмсынған күмбезі. Сыбыр еткен үнді алып қашып, бәлен мәрте үдемелі қалпы жаңғырыққа айналдырады. Неше қилы әшекей мен әдіптің, өнер мен өрнектің атасы осында тәрізді. Жаңағы шамдалдар әп сәтте ойыншыққа ұқсап қалды. Төбеңде сан алуан құпияға бөленген алып нұр-себезгі есіңді алады. Періштелер мекені іспетті. Мына сарайдың әспеті кез келгеннің табаны тие бермейтін құттыхана екенін әйгілейді.
Аңсары әр таңсық дүниеге ауып, назары қызыл телпектілерде тұрғанда кенет азанның құдіретті үні тұла бойын тыз еткізді. Мұнша жақыннан әуезді ырғақты әлеуетті күйде естимін деп еш ойламаған. Құлағын жарып жібере жаздап, кеудесін керіп барады. Есесіне сарайы шексіз кеңістікке айналғандай жаңағы энергияның бәрін сіңіріп алып жатыр.
Осы тұста православ графының қою қоңыр үні алып күмбезді керней жөнелді. Кенет, өзінің ешкім көрмеген өнер құдіретіне кенелгенін бәлкім байқап, бәлкім байқамады. Әйтеуір, қайран қалдырған, ақылына қонбайтын бір әлемнің ішінде тұрғаны хақ.
Жеке дауыстылар басыла бергенде шегірткенің қанатының астындағы қызыл түске ұқсас тақия кигендер бір деммен, ортадан сәл қалқыңқы үнмен мінәжат псальмасын ағыта жөнелді.
Құдайдың құлдары тоз-тоз болып бытыраған Бабыл мұнарасынан кейін Астанада бас қосып тұрғандарын білмеді. Одан бері қаншама дәуір, мыңжылдықтар, ғасырлар өтті дерсің… Бір білетіндері жаратқан иеге жалбарынып, жәрдем сұрау, пұрсат сұрау… Әрі бұл тарихи сәт болатын. Әрқилы сана мен әрбасқа сенімнің бір уақта, бір шаңырақтың астында жалқы мүдденің үстінде мінәжат етіп, тізе бүккен еді.
Бенджамин ойламаған жерден Тәңірге жалбарыну мұрсаты бұйырғанына шүкірлік айтып, Жаратқан Иенің мейірімі мен кеңдігіне шексіз ризашылығын ақтара берді.
Құлшылық рәсімі тез аяқталғандай әсерде қалды. Әлі де осы нөпірдің арасында тұра бергісі бар еді, сопылар сауапты іс тәмамдалысымен сытылып шыға бастады. Әлден уақытта араның құжындай лекіген топтың дені дәлізге ойысып үлгерді. Сол кезде барып кешікпеуінің керектігі жадына оралған жазмышты жан есін жиды.
Пірәдарлар легіне ілесе көзінің қиығымен иудашылардың қарасын бағып, арасынан өзіне керекті адамды іздеді. Алдын ала уағыз айтқан бейнетаспасы мен суретін көргендіктен Салмонды жазбай таныды. Енді соның басқан ізінен қалмай қай нөмірге тоқтағанын біліп алуы керек. Содан кейінгі істі Алланың жәрдемімен көрер…
***
Мемлекеттік протокол қызметінің бастығы алаңдаулы.
Бүгінгі күнге әрбір қадамы тәптіштеліп жазылған шаруаның әлі жарымы біткен жоқ. Қабырғадағы абажадай сағаттың сояудай тілі сырт-сырт еткен сайын дегбірі қашып-ақ барады. Дінаралық үнқатысу жөніндегі Папа кеңесінің президенті Кардинал Жан-Луи Торан бастаған делегация алдын-ала белгіленген кестеден кешігіп жатыр. Әлдебір техникалық себептерге байланысты чартерлік рейс кідіріп ұшқан.
Мемлекеттік хаттаманың кестесі бұзылды. Яғни, алдын-ала бекітілген жұмыс ырғағы сақталмады. Бұл онша абыройға бастай қояр қадамға ұқсамайды.
Протокол шефі қабырғадағы сағат аздық еткендей білегіндегі жалтылдаған швейцариялық сағатына қарады.
Кешкі сегізден он жеті минут кетіп барады.
Лаждың жоқтығынан ба ерінін дүрдитіп, мұрынын тыржитты. Бірақ онысын өзі аңдамады. Өйтетін де жөні бар, келгендердің оңайы жоқ. Салмағы батпан нағыз марқасқалар.
Форумға қатысу үшін әлемнің 35 елінен 77 делегация ат басын Астанаға тіреді. Бұлардың бір өзгешелігі – ресми мемлекеттік қайраткерлер емес. Қай жағынан шығарыңды білмейсің, қиындығы да осында. Жарық дүниеге деген түсінігі мен пайымдары әрқилы – дүние жүзіндегі әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың өкілдері. Бірақ жүріс-тұрысының бәріне тым ресми мән берілген.
Олардың қатарында Бүкіләлемдік ислам лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Әбдел Мухсин ат-Түрки, Дүниежүзілік лютеран федерациясының Бас хатшысы Ишмаэль Ноко, Қытай буддистері қауымдастығы төрағасының орынбасары Сюе Чэн, Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Салмон Йон, Қытай даосистері қауымдастығының төрағасы Жэнь Фажун, жапон синтоисттік «Джинджя Хончё» храмының вице-президенті Цунекиё Танака, Дүниежүзілік Заратуштры мәдени мұрасы кеңесінің президенті, доктор Хоми Буржор Дхалла және басқалар бар.
Діни адамдардан бөлек жиынға Израиль Мемлекетінің Президенті Шимон Перес, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Сергей Орджоникидзе, ЮНЕСКО Атқару кеңесінің төрағасы Олабий Бабалола Жозеф Яй, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо сияқты танымал саясаткерлер шақырылған. Және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, әртүрлі елдердің заң шығарушы органдары мен үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері құрметті қонақ ретінде келіп отыр.
Алдындағы жатқан тізімге шұқшия үңілді де тереңінен бір күрсінді.
Әр департамент өздеріне тиесілі делегацияны қарсы алып, тиісті орындарына жайғастырды. Енді олардың бүкіл қимыл қозғалысының бәрі қатаң түрде жоспарлы сценарий бойынша жүргізілуі керек. Абайсызда бір-біріне өш, діни наным-сенімі кереғар келетін топтың өкілдері қалтарыс жерде ұшырасып қап, жанжал шығып кетпеуін қалт жібермей қадағалаулары шарт. Діндарлар ресми кездесуде ұстамдылық танытқанымен, бетпе-бет келгенде ішкі құлқын әшкерелеп алуы мүмкін. Бұндай жағдайда әлемнің алдында кінәлі әрі қасмасқара болатын – Қазақстан. Нақтысында протокол қызметі мінсіз міндетін атқаруы тиіс. Кінәрат шықса – қара басын қатерге тіккені. Сондықтан, СІМ-нің қызметкерлеріне барлығы тәптіштеп тұрып түсіндірілген.
Ауқымды шараның қара тастай салмағы иініне түскендіктен бе самай тамыры солқылдады.
Белгіленген мезетінде келіп, алдын-ала әзірленген жылы ұяларына қоныстанған меймандар үшін де абыржиды. Өйтпеске қайраны жоқ, бір қызметкер болмашы жерден шалыс басса – бітті.
Ойын бұзып, телефон шырылдады.
– Протокол шефі тыңдап тұр.
Сымның арғы бетіндегі адам жағымсыз бірдеме айтты ма, «мүмкін емес» деп, орнынан атып тұрды. Ұққаны – Мәскеуден Қасиетті Патриарх Кирилл келмейтін болыпты. Оның Қазақстанға сапары түпкілікті мақұлданбай, мәселенің басы соңғы уақытқа дейін ашық тұр еді. Халықаралық шараға алып та іргелі ел, бір жағы көршілерінің дінбасы қатыспауы – Сыртқы істер министрлігіне үлкен минус. Сол себепті шеф-протоколының торғайы шыр ете қалды.
2
Үлкен шаруаны тындырып бөлмесіне келді де кешеден бері құлқы кеткен, өзі үшін өте қымбат «Абайды» қолына алды. Бұл білетін «АБАЙ» – жеті қаттың бесінші қабаты саналатын Марста, әлемге билік жүргізетін ықпалдылықтың орбитасы – «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель».
«Йельдің» бір-екі ауыспалы мағынасы бар, әуелгісі – «координат» деген ұғымды береді. Екінші мағынасы – Тынық мұхит жағалауындағы елдердің әлемді құрушы мәдени қаһарманы. Аңыздарға сәйкес Йельдің әкесі топан судан қашып, көк әлеміне барады да бірақ кейін қайта жерге түседі. Осы астрономиялық әрі мифтік қисынға сүйеніп, көк әлемінің бесінші қабатындағы хабты «Йель» атаған. «АБАЙ» мен «Йель» – бүгінгі күнде өз орталарында ғылыми тұжырым мен терминге айналған ұғым.
Сапарлас болған австралиялық әйелдің «Абайды» қолынан тастамай оқуы, «Абылайхан» әуежайында ең алғаш болып алдынан шыққан «Абай» – қайран қалдырды. «Мұнда бір сәйкестік бар ма? Қазақ еліне оның қатысы қандай, «Абай» нендей құпияны бойына жасырып жатыр?» деген сауалдың жетегімен әдемі қалың кітаптың мұқабасын ашты. Өзіне домалақ жүзді, аялы жанарлы, ойлы көзді, кең маңдайлы адам қарап тұрды. Суретінің астына «Абай Құнанбайұлы» деп жазылыпты. Оның парасатты тұлғасына бұл да бір уақ ден қоя қадалып отырды да, содан кейін барып «Қара сөздер» деген тақырыпқа назары ауды. Сосын ағылшын тіліндегі тылсым кітапты оқи бастады.
Бірінші сөз
«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын».
Мына Абай деген кісі осылай байлам жасаған екен. Қарапайым, ұғынықты, бәрі қолмен қойғандай. «Ойпырым-ай, ә-ә, не деген адам?..».
Бенджамен ойланып қалды. Кітап сөзі дәл өзінің басындағы халін айтып отырғандай. Бірталай өмірін өткізді, алысты, жұлысты, әйтеуір, өлермендікпен тайталасып келеді. Міне, көзі көріп, құлағы естімеген Қазақстанға ат басын бұруының өзінде де осы арпалыстың салдары. Тіпті, көкейге түйген шаруасының бәрі өзі, содан кейін сонау қиян түкпірде отырған ұстазы ойлағандай бітсе де тірлігінің әрі қарай баянды болуы неғайбыл. Ендігі өмірі қалай қарай бет түземек?.. Оған да көзі жетпейді…
Дағдарған қалпы еріксіз кітаптың аннотациясына үңілді. «Абай – қазақ халқының көрнекті ойшылы. Оның мұрасы – еліміздің ең қасиетті қазынасы» деп жазылыпты.
Езу тартты. Бұлардың ойлап тапқан қысқарған сөзі мен қазақтың Абайы, Құдайдың құдіреті, қалай дәлме-дәл аталған. «Менің тағдырым неліктен «АБАЙ» деген сөзге байланды?»
Астронавт жігіт қайтадан назарын кітап парағына аударды…
Екінші сөзді оқыды, Үшінші сөзге көшті.
«… Әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады».
Арсыз әрі тойымсыз сұраншақ мүләйімнің достығы жоқ жан болатынына шүбә бар ма? Адам жан дүниесінің қатпар-қатпарын қапысыз тап басқан не деген дәлдік. Мешеу жұрттан адамзат ар-ұжданына ортақ пәлсапаның мұндай деңгейде тұжырымдалған нысанын ұшыратамын деп еш ойламаған.
Абай ақылын алып барады…
Төртінші сөз
«… Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рахатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне-бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды».
Шынында да бұл өмірдің рахаты қайда? Бірімізді біріміз аңдып, көз алартысып жүргенде уақыт шіркін өтіп барады екен-ау… Жылап туып, ештемеге көңілің толмаған қалпы кейіп өту – жалпыға тән нәрсе. Ал өмірі жыламағандай ызбарын шашып, Ресей сияқты жан-жағын жалмап, көзі қанталаған басқыншылықпен қарайтындар, өлер сәтінде дәнемені білмей де қалар. Олар бұ пәниден ішін у жалаған албастыдай арпалысып өтер.
Кітаптың қызығы мен өз байламына булыққан Бен жөткірініп қойды.
Оның тамағы құрғап, әлдене ішкісі келді. Орнынан тұрып барып, барды ашып еді шөлмектерге сыңсып тұр екен. Бәрі өзіне таныс нәрселер, таңсық дүние көрінгені «Қазақстан» коньягы. Шөлмекті ашты да қырлы стақанның орта тұсынан құйып, тартып жіберді. Өзегінен отты су жүгіріп, ішкі әлемі алаулады да жағымды дәмі таңдайында қалды. Көзі шырадай жанғандай көрінді. Әйтсе де иіріміне түсірген сапырылысқан ішкі пікірі мен пайымдар шетелдік мейманды жуық арада уысынан шығармады.
Оны бүгінгі теке тірескен алпауыттардың үрейі шошындырмайды, «босқа, жарамсыз қылықпен өмірді қор етіп өткізуге» ұмтылып отырған адамзаттық өркениетке, соны дәл басып қолмен қойғандай көрсетіп берген Абайға қайран. Өздерінің АБАЙы ғарыштағы таусылмас энергия көзі мен құдіреттің қайнары болса, мына Абай – адамзаттық ар-ұждан мен өмірлік қағидаттардың тәңірісі іспетті…
Көкейіндегі сапырылысқан сауалдардың жетегімен қайта келіп төсегіне қисайды да қолына Абайды алды.
Алтыншы сөз
«… Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады!»
Пенде атаулының ындынына ырыс тамызсаң, кез келген шонжарға кісі болып кететіні рас-ау. Тіпті, күні үшін тілі басқа, діні өзге болса да қоғамға ынтымағы жарасқан бірліктің сиқын да көрсетер. Сөйтіп отырғанда ауыздарына қайта ештеме татырмай қойсаң, бірімен-бірі айтысып, таласып, осы уақытқа дейін тапқаныңды беріп келген өзіңді күстаналап, жерден алып, жерге салар.
Ақылындағы қат-қабат ойлар толқыны Бенді одан сайын Абайға ынтық, құштар ете түсті. Әлгіндегі шаршағаны кітаптың қызықтығынан әлде жаңағы бір стақан коньяктың қанын қыздырып, алпыс екі тамырын иіте жөнелгенінен бе, сейіліп, бойын бір түрлі қунақ сезінді.
Сегізінші сөз
«…Байлар, олар өздері де бір күн болса да дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал».
Бенджамин орнынан атып түрегелді. Жарты әлемнің дәулеті қолында тұрса да алпауыттар дүниежүзіне әмірін жүргізіп, жаһанамның ең бай адамы болғылары келеді. Осы мақсаты жолында адамзатты қырып салатын қаруды иеленіп, қаһарымен өзгені ықтырып, айбат шеккісі бар. Көкейлерін тесіп бара жатқаны атом бомбасынан әлденеше әлеуетті электромагнитті бомбаны уыстарына түсірмек. Сол үшін халықаралық бейбіт шараларды жамылып, астыртын кездесіп, мәмілелерін жасап алмақшы. Міне, Астанадағы дәстүрлі діндер съезі қарау ниеттілердің мақсатын астыртын жолмен жүзеге асыру үшін таңдалынып алған. Өзі солардың жолын кесіп, адамзатты үлкен қатерден арашалап қалмақ миссияны арқалап келіп отыр.
Абайдың таңқалдырғаны – көңілдері көкте, көздері аспандағы озбырлардың бар болмысын, бүгінгі заманауи бейнесін аша көрсеткен. Иә, олар үшін адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім бәрі – көк тиын. Тек өздерінің үстемдігі, өздерінің бітпес дәулеті қымбат.
Астронавт екі иінінен терең күрсінгенін аңдамады.
Оныншы сөз
Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе?»
Беннің сарғыш өңі күреңітіп, маңдайынан сұп-суық тер білінді. Тумбаның үстінде тұрған салфетканы алып, қолын самайына апара берді…
«… Ғылымсыз ахирет те жоқ, дүние де жоқ. Ғылымсыз оқыған намаз, тұтқан ораза, қылған хаж, ешбір ғибадат орнына бармайды. Ешбір қазақ көрмедім, малды иттікпен тапса да, адамшылықпен жұмсаған. Бәрі де иттікпен табады, иттікпен айрылады».
Иә, мұның да әкесі Құдайдан бала тіледі. Бірақ православ соборында протоиерей болып қызмет атқаратын, өмірін дінге арнаған ол отасып, ешкіммен бас құрамаған еді. Солай бола тұра Құдайдан бала сұрады. Алла оның ниетін қағыс қалдырмай мені пешенесіне жазған екен. Сол бір паромда тастанды сәбиді не істерлерін білмей абдыраған жат адамдардың қолынан алып, шикі өкпені қойнына тыққаннан соң барлық михнатты өз мойнымен көтерген екен. Ғибадатханаға келгенінше періште неше мәрте жылап, неше мәрте бүйірін су жасады. Соған қарамай Алланың көктен сұраған шарапатын жерден бергеніне тәубе етіп, ешкімнің қолына ұстатпай, тіпті, көзіне де түсірмей Бенджаминді Құдай үйіне әкелді.
Жас туған нәресте мәпелеп күтуді қажет ететіні белгілі. Осыны әуелгі сәттен борышы етіп Құдай алдында міндетіне алғаннан соң, храмдағы мейірман бір әйелді күтушілігіне қойып, шаруадан босатты. Өзі күніне төрт-бес қайтара кіріп, сәбиді қолына алып, бойын да көзін де кішкентайына үйрете берді. Бір жарым жасқа ілінгенде біржола өзі сұтананың етегіне орап алып келді де, жанында өсірді. «Бала не үшін қажет болды екен, өлсем орнымды бассын?» деді ме екен?.. Егде уақытта ер адамға нәрестеге қарау өте қиын еді. Осы қиындыққа қандай мақсатпен қасқайып қарсы тұрғаны әкесінің өзіне ғана аян. Беннің білетіні – аялай кекілінен сипап, арқасынан қағып өсірді, жақсы көрді. Кейін есейгенде тастанды бала екенін де жасырмай айтып берді. «Бірақ, сен – менің баламсың» деді қаусыра құшақтап, бауырына тартып. Бұл осы сақалды қариядан өзге ата-ананы білмейтін және жат біреулер өмірге әкелді дегенге және сенбейді. Бірақ есейе келе «менің ата-анам қандай адамдар, кімдер болды екен?» деген сауал мазалайтын. Әйткенмен, онысын сыртқа шығарған емес. Кейін ондай сауалмен басын қатыруды қойды. Өзін жанындай жақсы көріп, тәрбиелеп өсіріп жатқан әкесі бар. Саналы ғұмырында ұққаны «адам бол» деп тәрбиелеген екен. Қулық, сұмдыққа жібермей мейлінше имансыздықтан арашалап келген екен.
Әйткенмен баласын айлакерлікке баулитын, пайдакүнемдікке ауыздандыратын ата-аналар қаншама. Тіпті, мектепке бергенде де бір жыл кешіктіріп беріп, өзінен кішілерге әлімжеттікпен үстемдігін жүргізіп озбыр, әміршіл болуға қаршадайынан баулиды екен. Айтса жан түршүгеді, отбасылық дәулет сыртқа кетпес үшін жақын туыстар балаларын үйлендіретін үрдіс жаппай етек алды.
Пендешіліктен шыға алмайтын адамзат болмысы қанша ғасыр өтсе де өзгермеген. Пиғылы сол қалпы. Дарвин шал «адам маймылдан жаралды» деп шімірікпей әлем ілімін алдады. Содан бері қаншама уақыт өтті, замандар алмасты. Адамға жақындаған маймыл бар ма? Керісінше маймылға, итке, доңызға айналып кеткен пенде қаншама?… Ғылым, білімді қара ниеттің жолында мансұқ етіп, иманды кеппен құдайға жалбарынатынын қайтерсің?..
Мына Абайдың кітабы қолына түскені қандай ғанибет болды? Абайды әкесіне, әріптестеріне алып барады… Оның ғақлиясын оқысын, қайран қалсын. Автор өмір мектебі болмаса, академиялық тұрғыда көп білім алмаған адам тәрізді. Алайда мына айтып отырған дүниесі – көргені көп, байламы бекем терең білімнің иесі екенін айнытпай айғақтайды. Егер университет бітіргенде, PhD оқығанда не болар еді?.. Дамымаған Орта Азияда даңғайыр данышпанның жатқанын Батыс білмейді-ау… Мына кісінің Сократтан, Платоннан несі кем? Жазығы адам илана қоймайтын «жабайылардың» арасынан шыққаны ма? Бірақ, Сократтың заманында дүниедегі өркениет қандай жағдайда еді? Олар да надандардың ортасында ілім-біліммен айналысып, жалпыадамзаттың алыптарына айналды.
Әбден жолсоқты болған, неше күннен бері ұйықтамаған астронавт ғалым төсекте қисайып жатып кітап оқыған күйі көзі ілініп кеткенін байқамады. «Абайды» кеудесіне басқан қалпы тереңіне зілдей тартқан қалың ұйқыға шым-шым бата берді. Сол сәт өзінің басты миссиясын да ұмытып, көп пенденің бірі қалпында «арсыз әлемнің» уысына түскен еді. Қайткенде де бүгінгі күннің олжасына оның ашқарақ көңілі тоқ болатын…
Бұл кездерде сағат 22-ден 18 минут өтіп бара жатыр еді. Астананың аспаны әлі маусымдағы ақшам уақыттың арайына шомылып, алагеуім мезеттің алдындағы бозша бұлттың бояуына малынған кез. Көшелерде сейілдеген адам қарасы мол, ағылған көліктердің легі де сейілмеген. Көк аспанмен таласқан әртүрлі әрі әспетті зәулім үйлер сұңғақ бойлы сұлудай оқшау көрінеді. Ақорданың төбесінен ұшайын деп қанатын қомдаған алтын самұрық, ат доғасындай иілген Министрліктер үйінің ортасындағы қазақтың ырыс-несібесіндей алтын күбі кейпіндегі сап-сары бизнес орталықтар, алтын жұмыртқаны асқақ көкте ұясында ұстап тұрған Бәйтерек барлай қараған көзге көп нәрсе ұғындырады. «Мәңгілік елден» басталған сулы-жасыл бульвар сәби үні мен шадыман күлкінің, шашыраған бұрқақтың, әуелеген әннің астасқан жер ұйығына айналған. Демала серуен құрып, тыныстап жүрген көпшілік ары-бері құж-құж ағылады… Күнделікті бейбіт өмірдің әдеткі шырайлы шағы…
Мұның бәрінен алшақ мейман жігіт шырт ұйқының құшағында. Қаперсіз. Көңілін жайландырып, түсіне енген көріністер мүлде мамыражай хал кештірген. Сақалы омырауын жапқан әкесі басынан сипап мейірлене қарайды. Өзі 11-12-лердегі бала кейпінде. Бірақ, «мен неге баламын?» деген сауал санасында еш қылаңытпайды. Мейірмандық пен әкелік махаббатқа бөленген уызды шағын қайта ұзағырақ бола түссе екен деп тілейтіндей.
Кенет, ғарышқа жердің жасанды серігін тасымалдайтын зымыран ұшты. Соңындағы қып-қызыл алау жер-әлемді күйдіріп бара жатыр. Сәт сайын ол қарқын алып, түйсіз әуеге шаншыла қадалады. «Ойпырым-ай, бәрі сәтімен болса екен?» деп қобалжыды. Міне ғажап, домалақ жүзді бейтаныс азиаттық адам өзіне қарап тұр. Бір жерден көрген кісісі. Әлдене деп сөйлейді, бұл ұқпады. Бір уақта селк ете түсті. Тани кетті – Абай. Басында домалақ телпегі бар, үстіне желбегей жамылғы киіпті. Өзіне ойлы жанарымен қарады. Осы кезде біреу «тұр, тұр, неғып жатырсың, уақыт өтіп барады!» деді қатқыл үнмен, қолымен нұқып. Әкесі екен дейді, әкесінің үніне ұқсайды. Кенет шошып оянды. Тұрған қалпы көзін уқалап сағатына үңілді: 23.07. Ендігі жайбасарлығы опық жегізетінін ұғып, жуынатын тұсқа беттеді. Салқын сумен шайынып кеп, құбылаға қарап жүрелеп отырды да, бір жаратушыдан медет сұрай дұғасын оқыды. Ұзақ жалбарынды, әлденеше шоқынды. Содан кейін барып, киініп сыртқа беттеді.
Әр қадамын асықпай мұқият басып, айналаға аңдатпай төңірегін көзінің қиығымен жіті барлады. Іздегені – бақылаушы бейнекамералар. Әр қабаттың баспалдақпен шыға келген тұсына, фойеге қарата объективтер ілінген екен. Өзге маңға ондай қырағылық шараларын жасамаған. Бенджамин көп тұрғынның бірі ретінде алаңқайдан дәлізге қарай аяңдады. Байқап үлгергені – камераның тұсында себеті үлкен бұтақты гүлдер өсіп тұр. Тоқтамай жүріп отырып, өзі әлгінде көріп кеткен нөмірді жазбай тапты. Жанына аялдамай аулағырақ барып бөгелді. Сол жерде жан қалтасынан сағыз шығарып, аузына салды. Көзі лифт тоқтайтын вестибюльде. Бас-ағы бес-он минутта әртүрлі төрт-бес адам ары-бері жүріп өтті. Сосын бұл алаңқайға қайта жақындады. Камераның көзі баспалдақ пен лифтіге бұрылған, қабырғаны бойлап барса, ірге қуалаған адамды оның объективі шалмай қалуы мүмкін. Осылай ұйғарған ол қабырғаға жабыса жылжып, камераның тұсына жетті. Гүл себетінің ернеуіне аяғының ұшымен шығып, әп дегенше қолы объективтің көзіне тиді. Құр тиген жоқ, сол заматта қалт еткенді қиыс жібермейтін шыны «жанарға» сағыз жабысып үлгерді. Ендігі созбақтаға салуы қате екенін ұғып, қайыра кері жөнелді.
Есікті тоқылдатты. Жауап бола қоймады. Қайыра тоқылдатты.
– Кім екен бұл?
– Швейцар! Ғафу өтінемін, беймезгіл уақытта мазалағаныма.
– Не қажет болды сізге?
– Қадірлі мейман, қолайсыздық тудырғанымызға мың қайтара кешірім сұраймыз. Төменгі қабатқа жоғарыдан су кетіп жатыр. Сіздің нөміріңіздің әжетхана жағында бәрі қалпында ма екен, бір көріп шығайын.
Есіктің құлпы шырт етіп ашылды. Керегі осы еді. Тұтқаны серпи тартып, ішке екпіндете енді. Қарсы алдында халаты сөлбірейген Салмон тұрды.
– Үніңді шығарма! – деді қойнына қолын салып. Қас пен көздің арасында тапаншаның тұтам ұңғысы иудейге шүйліге қадалды. – Сәл артық қимыл жасасаң, атып тастаймын.
Өңі сұсты, бейтаныс адамның сөзі жүрегіне мірдің оғындай шаншылды. Қапелімде тілі таңдайына жабысып, дыбыстауға мұршасы жетпей, жағының кірісі ашылмады.
– Киін!
Салмонның әрі қашып, иіні қушиған қалпы шифонерге қарай беттеді. Көзінің қиығы – дұшпанында.
– Бол, жылдамдат!
Халатын шешіп, жейдесін кие бастады.
– Мен сен үшін келдім! Қайталап айтамын, ақымақтық жасасаң – атып тастаймын. Менің жоғалтатын дәнемем жоқ.
– Не жазығым бар?
– Иса пайғамбардың қаны сенің мойныңда! Бұл аз ба саған?
– Жо-оқ!
– Жап аузыңды, сыртқа шығып сөйлесеміз. – Жанына жетіп барып, желкесінен нұқып жіберді. – Тездетіп киін, уақыт жоқ!
– Ақылға кел, арты жаман болады.
– Мен кез келген жамандыққа әзірмін. – Желкесінен қойып кеп жіберді, селқос тұрған раввин мұрттай ұшты. – Енді аузыңды ашсаң – бір оқ жалынсын!
Екі-үш минут өткенде оң жақ қолтығынан алып, дәлізге шықты. Оның үстіне киген жамылғысы шынтағынан төмен түскен көлкілдеген діни киімі пенула Беннің сол қолына ұстаған тапаншасын көлегейлеп көрсетпеді. Жайбырақат жүрген сырлас жандардай баппен жылжыды. Бастарында күнқағары үлкен кепкі, жүздерін мейлінше сырт көзден бүркемеледі. Лифтімен төмен түсіп, тысқа шықты. Қолын көтергені сол-ақ екен анадайда автотұрақтағы таксидің бірі жүйткіте жетті. Есігін ашып, әуелі Салмонды отырғызды да, өзі оның білегінен қолын ажыратпаған қалпы ілесе енді.
– Қайырлы кеш! «Пирамида».
– Кеш жарық! Ұқтым…
Лыпыған жеңіл көлік орнынан жылдам қозғалып, «Дінмұхаммед» көшесіне шығып та үлгерді. Бәрі жайлы, Астананың манаураған жұлдызды түні де көңілге ерекше әсер қалдырады, тек тапаншаның ұңғысы раввиннің бүйіріне қадалып тұр. Әлгінде нөмірден шығарда «сөйлеуші болма» деп қатаң ескерткен. Содан кейін тым-тырыс отыр, бірақ іші алай-түлей: «қандай бәлеге ұрындым, көкейімнің түбінде жатқан құпияны кім әшкере еткен? Қайта бұл ақша туралы ештеме сұраған жоқ» деген сан қилы сауал санасын сапырылыстырып келеді.
Міне көп өтпей-ақ, такси «Пирамиданың» алдына келіп тоқтады. Бен екінші бос қолымен жан қалтасынан бір қызылқұлақ бес мың теңгені суырып алып, жүргізушіге ұсынды. Оның көзі күлмің етіп, разы кеппен жымия қарады.
– Аман болыңыздар.
– Ок!
Екеуі «Бейбітшілік және келісім сарайының» кіреберісіне қарай беттеді. Бен жанынан бейджикті алып, Салмонның мойнына ілді. Онда «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің ІV съезінің қатысушысы» деген жазу, фотосуреті және аты-жөні, «VIP» деген белгісі бар еді.
Әйнек есік бұлар жақындағанда екі жаққа ысырылып, ашылды да ішке өтті. Арғы жағында күзетші отырды. Ол бұларды көре салып, орнынан түрегелді.
– Кеш жарық, – деді Бенджамин Роджерс ағылшынша.
– Сәлеметсіз…
– Біз ертең таңертең басталатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне арнайы келген делегатпыз, мына кісі Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Салмон Йон мырза. Мен көмекшісімін. Уақыттың өте тығыздығына байланысты түнделетіп келіп тұрмыз, кешірім өтінеміз. «Пирамиданың» орны біз үшін қымбат.
– Неге?
– 2003-жылы Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының тұңғыш съезінде Йон мырза «Бәрімізді ізгілікке жұмылдырған Қазақстанның бас қаласында пирамида тәріздес сарай бой көтерсе әрі онда түрлі ұлт, дін өкілдері бас қосып, барша адамзатты бейбітшілік пен жақсылыққа жетелейтін шешімдер қабылдаса» деген ұсыныс айтқан еді. Оны сол кездегі президент қабылдап, үш жылдан соң келесі әлемдік дінбасылар құрылтайында тамаша ғимаратта жиналып, әлем ынтымағы үшін, адамзат болашағы жолында бір мүддеден табылып ек. Енді ертеңгі съезд басқа жерде өтетінін кеш білдік.
Бен сөзін іркіп, мынау мені ұғып тұр ма дегендей күзетші-полицейге қарады. Ол да Израиль дінбасын қолтығынан демеген бұған бар зейінімен ықыластана назарын аударған екен.
– Мына қасиетті «Пирамида» сарайында түнгі діни құлшылығымызды өтеуге мұрсат беріңіздер. Қазақстан халқының ынтымағы мен болашағы үшін құдайға мінәжат етеміз.
Күзетші мынаның кей сөзін ұғып, кей сөзіне түсінбесе де, жалпы топшылағаны – ішке кіруге жалбарына мұрсат сұрап тұрғаны. Елді дүрліктіріп, халықаралық шараның ертең басталатынынан да әбден құлағдар. Оның үстіне мойнына тағылған «VIP» бейджигі бар – суреті басылып, аты-жөні жазылған.
Жеті түнде кімнен жөн сұрарын білмей әбден сасқалақтады. «Жоқ, болмайды» деп, үзілді-кесілді тиым салуға шараға арнайы шақырылған мәртебелі меймандарды көріп тұрып, әддісі қалмай діңкесі құрыды. Оның абдырағанын аңдап, Бен:
– Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, Самариялық мәдениет пен дін орталығының төрағасы, депутат Берел Елизарин мырзаға телефон шалыңыз, – деп, қатырма қағазды қолына ұстатты. Не жасарын білмей тығырыққа тірелген күзетші-полицейге мынау бір табылған жол болды. Өйткені этностық мәдени орталықтар осында орналасқан еді де, Берел Елизарин мырзаны келген сайын көретін. Телефонын алып тере бастады.
– Ал-ло, ал-ло! Ғафу өтінемін, Берел мырза ма екен? «Пирамидадан» …
Осы кезде Роджерс оған саусағын тарбита қолын созды.
– Мында бір кісілер сізбен сөйлесеміз дейді. – Сөзін аптыға аяқтап, асыға телефон тұтқасын ұсынды.
– Түн жарымында мазаңызды алып, телефон соғып жатқанымызға кешірім сұраймыз, – деді Бенджамин.
Таза ағылшынша сөйлеген үнді естігеннен арғы жағындағы адам тез есін жиып, мейлінше ден қоя құлақ түрді.
– Оқасы жоқ, тыңдап тұрмын, мистер… – Ол да ағылшынша жауап қайырды. Беннің иығындағы жүк жеңілдегендей көрінді.
– Раввин Салмон Йон мырза «Пирамидаға» келді, мен көмекшісімін. Мына күзетшіден біздің ішке өтуімізге мұрсат беруін сұрасаңыз.
– Жақсы, жақсы.
– Сосын, сіздің осында келуіңіз керек.
– Йон мырзаны бола ма екен? – Екеуінің жолығатын уақыты басқа мезетке белгіленгендіктен «оқыс төтенше жағдай орын алды ма екен» деп, алаңдай тіл қатты.
– Міне. – Тұтқаны Салмонның құлағына тақап, тапаншаның ұңғысын қабырғасына қадай түсті.
– Кеш жарық, Берел мырза!
– Аса мәртебелі Салмон ұстаз! Қалыңыз жақсы ма? – Тақыр қолтығына суық темір ұңғуарлай кіріп барады.
– Жаман емес.
– Жақсы, мен бір сағаттың көлемінде жетемін. Самариялық орталыққа барып отыра беріңіздер, қазір есіктің кілтін менің жеке жауапкершілігіммен табыстауды сұраймын. Тұтқаны күзетші полицейге беріңіз.
– Тыңдап тұрмын, депутат мырза, – деді полицей командирінің алдында нақты, қысқа жауап қататын дағдысымен сымша тартылып. – Иә, бар. – Екеуіне елеусіздеу кепте көзінің қиығын жүгіртіп үлгерді. – Жақсы, келістік.
Тұтқаны орнына қойды да, оң қапталындағы суырманы ашып, қос кілт салбыраған буманы ұстата берді.
– Өтіңіздір.
Мұнда әдетте үлкен шаралар ұйымдастырылғанда болмаса, былайғы уақытта металл іздейтін құрылғылар алынып тасталады. Шетелдік мәртебелі меймандар бірін-бірі «демеген» қалпы әрі аттады.
Еңселі ғимарат демін ішіне алып, бір сәт тына қалғандай. Дәліздерде самаладай шам жанып тұр.
– Халықаралық мәдениеттер мен діндер орталығы үшінші қабатта, – деді күзетші.
– Біз депутат мырза келгенше сонда боламыз.
– Қандайда бір көмек керек болса айтыңыз…
– Окэй, рақмет!
«Бейбітшілік және келісім сарайы» – Қазақстан жеріндегі бірлік пен достастықтың, бейбітшілік пен ынтымақтастықтың белгісі.
«Пирамиданың» ұзындығы да, ені де – 62 метр, тіпті, биіктігі де – 62 метр. Ғимараттың сыртқы беті әйнек және тас плиталармен қапталған. Оның ұшы үшкір болып біткенімен, ішінен төбесі күмбезделіп жасалынған. Оған қазақ елінде тату-тәтті мекен етіп жатқан түрлі ұлт өкілдерін символикалық бейнелейтін 130 ақ көгершіннің кескіні бедерленген. Шаңыраққа қараған жан әлемге аты шыққан суретші Брайн Кларктың витражымен безендірілген нағыз өнер туындысын көретін еді.
«Бейбітшілік және келісім сарайы» мазмұнына қарай қырық темірдің қылауындай әр жақтан қосылған этностардың ымырашылдығын сақтап отыруға арналған үй еді. Бұлар толеранттылықты қазаққа тастап, өздері ниетіне қарай әрбасқа қызмет етіп жатты. Бұл жайтты америкалық Бенджамин де, израильдық Салмон да іштей біліп, түйсінетіндей…
Екеуі лифтімен үшінші қабатқа көтерілді. Салмон қанына қарайып, сіресіп алған.
– Еврей дін орталығы қайсы?
Ырқындағы жөйіт үндемеді.
– Сен мұнда болдың ғой?..
– Ұмыттым…
– Есіңе түсір.
– Осы қатардағы есіктердің бірі…
Көп қиналмай еврей мәдени орталығының есігіне ұшырасты. Бен тапанша ұстаған сол қолын тұтқынының бүйірінен алмай, кілтті оң қолымен бұрады. Раввинді ілгеріге қарай итеріп, табалдырықтан аттады.
– Тоқта!
Кіре берістегі қабырғаны сипалап, шамды жақты. Сосын есікті жапты да құлыптап қойды. Кілтті жан қалтасына салды.
– Ал енді кеңінен әңгімелесуге уақыт жетеді, бар сырыңды бүкпей айтарсың. – Раввиннің желкесінен жоян жұдырық сарт ете қалып, Салмон екпетінен түсті. Бенджамин оның жаурынан табанымен басып тұрды да столдың үстіндегі жиынтық құралдардың арасынан скотчты алды. Демде тұтқынның қолын артына қайырып айқастарды да, орап-орап тастады. Сосын, мойнынан бүріп ұстап түрегелтті де, сөлбірейтіп әкеп үстелге отырғызған бетте сұрақтың астына алды.
– Берелмен не үшін жолығудың қажеті болды?
– Ол осындағы еврей диаспорасының жетекшісі…
– Сол үшін ғана ма?
– Иә…
– Ештемені бүгіп қалып отырған жоқсың ба? – Үйелменімен ошарылды. – Алдағаның өзіңе жаман! Ұмтылған дүниеге жетпей тоқтамаймын, осы жолда ештемеден тайынбаймын. Тіпті, өліп кетуге әзірмін… Сондықтан сені аяйды екен деп ойлама! Өтірік айтқаның – жаныңа қас!
– Жо-оқ, мен ештемені жасырған жоқпын! – Сүт ұрлап ішкен мысықтай көзінен жасықтық байқалды.
– Жасырып отырсың! – Жуан жұдырығымен төбесінен бір қойды. Раввиннің миы аузына түсті. – Ос-мий! – Мына сөзді естігенде иудейдің жүрегі тоқтап қала жаздады. Күрзі жұдырықтың соққысынан бебеу қаға жанының ауырғанын ұмытып кетті. Бұл жөнінде жанпенде білмейтін.
– Түсінбедім.
– Түсініп тұрсың!
– Бұрынғы министр, қазіргі депутатпен осы жөнінде сөйлескің келді ғой. – Қой көздерінен ызбар шаша, сұстана қадалды. – Бұл металл марсты игеру үшін бірден-бір қажет және ең алдыңғы орындағы шикізат болады. Израильге не үшін керек ол? – Мырс етіп күліп жіберді. – Мемлекетке қажеттігі бар шығар, иудаизм епархиясына қаншалықты қажеттігі бар?
– Бизнес қай салаға да қажет.
– Құдайды тануға кім үйретеді? – Басынан нұқыды. – Әркім өзінің ісімен айналысуы керек. Қызыл төпетейіңді киіп ап ғибадатханада жүр – еврейлердің өздерін басқадан артық санап, ұлты бөтендерді алаламауға, оларды «гой» деп кемсітпеуге шақыр; тарихи көршілерің, әрі-беріден кейін сендерді қоныстандырған халық – палистиндіктерді жек көрмеуге үнде, олардың ғазауат соғысын жалғастыра беруіне себепші болма, елді бірлікке, ынтымаққа жұмылдыр. Ұқтың ба?
– Ұқтым…
– Саған тапсырма! – Төбесінен төне, алара қарады. – Осмийді алу жөніндегі ниетіңді біржола ұмыт. Бұл – әлемдегі жалғыз Қазақстан өндіретін баламасы жоқ металды Америка Құрама Штаттары ғана алуы тиіс. Ол Қытайдың қолына тисе, ғарышты аса жоғары қарқынмен игеріп жатқан ел әлемді билеп кетеді. Дүниежүзінде Қытай үстемдікке ие болса, күндерің қараң. Сондықтан жолымызға кедергіге тұрма! Әрі, Израильдің ең сенімді одақтасы АҚШ екенін қаперіңнен бір сәт те шығарма!
Мұрнынан білінген қанның бір тамшысы тізесіне тамды.
– Менің айтқаным қауашағыңа жетті ме?
«Әлемді қытай билеп кетеді» деген сөз жүрегін лүпілдетті. Америка – еврейлер елі, мұның айтқан уәжіне тоқтауға болады. Ал қара қытайда жөйіттердің ойлағаны жүрмейді. Дүниежүзіне ықпалды иудеялық саясаттың Батыс арқылы бағы жанып отырғаны белгілі, «кез келген еврейдің іс-әрекеті ұлттық мүддеге қызмет етуі керек» деген қағида түйсігінде тұрып алды.
– Онымен іскерлік немесе дүниені төңкеріп тастайтын құпия жоба туралы мәмілегерлігіміз жоқ, тек еврей халқына қызмет ету жолын қарастырмақпыз…
– Не қарастырсаңдар да, мен айтқан нәрсеге аттап баспаңдар!
– Келістік.
– Осмийге қатысты бұрын келіссөз жүргізілген, белгілі бір межеде бекіген мәмілені – әлемнің қауіпсіздігін ойласаңдар – тоқтатыңдар. Адамзат өркениетімен ойнап отырсыңдар!
– Мұндай болмаған, бір Құдайдың атынан болмайды деп уәде етем. – Пірәдар бәйек қақты. Бенджамин раввинді білегінен ұстап орнынан тұрғызды да, жетелеп, келесі бөлмеге апарды.
– Осында үніңді шығармай отыр. – Қалтасынан бауы салақтаған төртбұрыш алақандай құрылғыны суырып алды да, жөйіттің беліне байлады. Сосын бір бүйірінен түймедей ноқатын басып, іске қосты. «Шиқ» деген үн шығарды да, кішкентай қызыл, көк екі көзі кезекпе-кезек жанып-өшкен таймер, кері есептеу мерзімінің басталғанын білдірді. – Қазір Берел келгенде әлдене деп сөйлесе, осы жақтан жауап қатасың. Оны қасыңа шақырасың. Түсіндің бе?
Тұтқын басын изеді.
– Сәл қозғалсаң, сәл қарсы әрекетке барсаң – пультпен жара салам.
Онысыз да шошып отырған равиннің көзі атыздай болып кетті. Тілі таңдайына жабысып, сөйлей алмай қалды. Бен ауызғы бөлмеге кері беттеді. Енді Берелді қарсы алудың жайын ойластырды. Шамалыдан соң кілтті бұрап, құлыпты ашып қойды. Уақыт ақырын сырғи берді. Арада тырс еткен үн білінбейтін тыныштық орнады. Раввин де тіршілік белгісін аңдатпайды, ол беліндегі уақытты кері санап жатқан бомбадан үрейленіп – демін жұта тым-тырыс қалған. Жанын қинағаны – Берелдің алдын тосып тұрған қақпан. Келесі бөлмеге өткен дүлейдің ендігі әрекеті беймәлім.
Осы күні жеделсатының қозғалғаны да, есігінің ашылып-жабылғаны да естілмейді – артық дыбыс шығармайтындай етіп жасалған. Сондықтан ол жақтан «хабар» күту бекершілік. Міне, аяқ дыбыры білінгендей болды. Сөйткенінше есік шалқасынан ашылды. Ішке зор тұлғалы адам қарыштай басып, кіріп келді.
– Мәртебелі Салмон мырза, сізді ұзақ күттіріп қойғаныма кешірім өтінемін.
Ентелей ілгері ұмтыла бергенінде, құлақ шекесінен алапат соққы сарт етіп тиді. Күтпеген оқыс сойылдан теңселіп барып, бір жағына қарай мұрттай ұшты. Көзінің қиығымен шалып қалғанында үстіне тау құлап келе жатқандай көрінді. Соққы екінші қайтара тиді. Демде жарық әлем тастай қараңғыға айналып, есіріктене қол-аяғын сермеді. Үстіне әлдекім қонжия кетіп, алқымынан сығымдап, қылғындыра жөнелді. Сәт сайын ауа жетпей тынысы тарылып бара жатты. Өзінің қолын ербеңдетіп, аяғын тыпырлатып қарсыласқаны түк кәдеге аспады. Алыптай тұлғасымен дәрменсіз қалпы демі таусылып, дүние қара түнекке тұмшаланды.
Қайта тұрғызбай күрзі жұдырықпен үсті-үстіне төпелеген Роджерс мұның да қолын артына қайырып, скотчпен шандып тастады. Содан кейін қайыра есікті құлыптады да желкесінен бүріп, ішкі кабинетке алып барды. Сол жақ бұрышта сүмірейген раввинге қарсы оң жақ бетке отырғызды.
– Ал енді үшеуміз ашық әңгіме өткіземіз. Әңгімемізге кедергі келтірмес үшін мобильді телефонды сөндіріп қоямыз. Мұны сен өздігіңнен істей алмайтындығыңнан, менің жасауыма рұқсат етерсің. – Қойын-қонышына қолдарын жүгіртіп, тінте бастады. Сопаң еткізіп біреуін суырып алды, екіншісін шығарды. Екеуі де соңғы модельдегі айфон. – Мұнша смартфонның қажеті қанша, а-а? – жадына енді түскендей басын шалқайта изеді, – сіз ұлттық қауіпсіздіктің генерал-лейтенанты екенсіз ғой, түсінікті, ондай адамдарға байланыс құрылғылары ауадай қажет. Қазір сіз парламент депутатысыз, солай ғой?
– Иә, солай.
– Сіз демократиялық институттың мандатты өкілісіз, ештеме жасырмайсыз, бәрін ашық түрде істейсіздер…
– Дәл солай.
Қос смартфонды сөндірді де әрірек ысырып қойды. Өзі екеуінің ортасына үстелдің шетіне жайғасты.
– Сіз үлкен мемлекеттік лауазымда болдыңыз, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, министр, депутат… Адам сүйінерлік мансаптық баспалдақтар…
Тұтқын көзі қанталап, сүзеген бұқадай қарады.
– Солай бола тұра қазақ елінің мүддесін қорғамай, өзге шетелдің мүддесі үшін қызмет етіп жүргеніңіз қалай?
– Жоқ, мен өз елімнің патриотымын.
– Онда неге әлемде ешбір елде жоқ, бірақ жаңа ғылыми технологияға өте қажет металды тым арзан бағаға шығарып беріп жатырсыз? – Мойнын бұрып, быттиған бетке қарады.
– Менің ондай экономикалық сауда-саттық ісіне еш қатысым жоқ.
– Өтірік айтпаңыз, депутат мырза! – Атып тұрып, желкесінен тапаншаның дүмімен қойып кеп жіберді. – Тірі куә әрі клиентің алдыңда отыр! Дұрыс, нақты жауап беріңіз. Онда не үшін Салмон мырзамен жеті түннің ішінде кездесуге келдіңіз?
Кабинетті зілбатпан салмақ басып, үстелдер сықырлайтындай. Ауыр сөзге аңырған түн қабырғасы қайысып, терең күрсінді. Бір сәтке жұлдыздарының жарығы семіп, айдың ажары білінбей барып, қайта көрінді. Анда-мында ауған бұлттар ағымынан жаңылып, мүдіріп қалды.
– Жеті түнді жамылып жетіп келетіндей иуда мәдениеті бөлек жүрген жаның ба еді? Бұл мәселе соншама кезек күттірмейтіндей әлемдік ушықты жайттың бірі ме еді? Күндіз де кездесіп әңгімелесуге болатын еді, генерал!
Бұл жерде жеке қарақан басыңның шаруасы бар. Қазіргі ықпалдылығыңды, бұрынғы арналарыңды пайдаланып, ең қымбат металды Қазақстан аумағынан шығаруға күш салдың. Әлемде жоқ құнды дүниені қазақ халқының несібесіне құм құя отырып, арзан бағаға әкетпек болдыңдар. Келесі мемлекеттің аумағына өткенде ол шынайы тұтынушылардың қолына жүз есе асқындаған бағамен тиер еді. Міне, сенің өз еліңе жасаған патриоттығың, мемлекетіңе берген антың!
– Мен Қазақстанның мүддесін бірінші кезекте ойладым, оған адал қызмет еттім.
– Адалдығың – осы ма? Грамы екі жүз мың доллар тұратын осмий рудасын он мың долларға шығарып жатырсың! Көк тиынға!
Қазақтың асын ішіп, жеке құлқыныңның қызығын көздедің. Тіпті, маған бұл да құны қара бақыр дүние. Кен көзі мен оны экспорттау мәселесі неге «Сирекметалл» компаниясы мамандарының қолында емес, неге сен сияқты қызылкөздердің қолында? Осыны түсіну қиын. Мемлекет сеніп тапсырған билік пен жоғары лауазымды пайдалана отырып, халықаралық қылмыстық топ құрдың. 31 дана Қазақстанның МиГ-35 истребителін Армения арқылы Солтүстік Кореяға сатқаныңды да ұмыттың, ә-ә! – Даусы күркірей шығып, жағынан қолының сыртымен тартып жіберді. – Сол үшін сені жауапкершілікке тартып, соттаса – мүмкін қоғамға, өзгелерге сабақ болар ма еді?..
Бағанадан намыс пен уытты сөзге жарыла жаздап отырған генералдың тамағының бірінші түймесі бырт етіп үзіліп кетті. Ашуға булыққаннан қан қысымы көтеріліп, мынадай қорлықты көрмеген бұла басы ісініп-кебініп, жарылуға шақ. Бірақ, бірбеткей Бенджамин оны қаперге алар емес. Ұлы мақсатына кедергі келтірген көртішқандарды жоймай тынбайтын дүлей мінезіне басқан.
– Сенің оқпаныңды білем! Истребительдерге қатысты ұйымдасқан қылмыстық әрекетің – әлемді дүр сілкінткен! – Сөзін үзіп, мысасына міне, оқшырая қарады. – Осмий туралы келісім-шарттың бәрін тоқтатыңдар. Стратегиялық саладағы іспен ойнауға болмайды. Ондай өте жауапты мәселе бойынша мәмілегерлікке мемлекет өзі түсуі, өзі реттеуі тиіс. Сендер сияқты қауіпті егеуқұйрықтардың қолына әлемді өзгертіп жіберетін құдіретті дүниені бермеу керек.
Америка үкіметі бұл мәселе бойынша Қазақстан еліне ресми өтініш жолдап, және сендердікінен әлденеше жоғары баға ұсынатын болады. Адамзатты арашалап қалу жолындағы сендердің тірліктерің – біз үшін жай ғана кедергілердің бірі емес – гранатамен ойнаған ақымақ маймылдың ісі. Дүние жарылмай тұрғанда, мақұлықтардың қолынан қатерлі бомбаны алып, залалсыздандыру – Құдайға жалбарынғаннан әлдеқайда иманды шара.
Әлемде жұлдызды соғыс басталып кетті, ал сендер қиқоңыз сияқты әлі көңдеріңді итеріп келесіңдер. Осмий – жұлдызды соғыс, жасанды интеллектуалға ие роботтар шайқасы мен марсты игерудің құралы. Ол құрал – адамзат өркениетінің арашашысы тек Америкада ғана болуы керек.
Сендер Израиль арқылы Қытайға сатып, біріншіден өздерің қырғын байып, екіншіден ғарышты игеруде Қытайды басты мемлекетке айналдырмақшысыңдар! Түсіндіңдер ме, генерал?!. – Аузын жиып үлгергенше құлақ шекесінен тағы да тапаншаның тұтқасы сақ етіп тиді. Көз алды қарауытып, басы айналып кетті. Осы кезде оны Бен скотчпен екі аяғын орындыққа таңып, тұра алмайтындай қара санынан да орап тастады. Жан қалтасынан орамалын шығарды да аузына тығындап, үстінен скотчпен езуін жымқыра басынан айналдыра желімдеді. Мұны көріп отырған Салмонның көзі атызданып, үрейі ұша тізесі қалтырады. Сөйткенінше болмай тау тұлғалы Роджерс өзіне беттеді. Мұның да аузына орамал тығындалып, скотчпен бетін бұлтита, құлағын шұнтита бірнеше мәрте шандылды. Аяғы орындыққа таңылды.
– Екі қылқұрт, менің ұсынысымды ұқтыңдар деп ойлаймын. Енді осында өліңдер! – Раввин ышқына әлдене айтқысы келіп бұлқынды, басын шайқады. Бірақ Бенджамин ештемеге қараған жоқ, сыртқа беттеді.
Бұл күзетшінің қасынан өткенде лейтенант ұйқылы-ояу қалде екенін аңғарды. Көзіне ұйқы тығылған қалпы бұған басын изеді.
Көшеде ағылып жатқан таксидің бірі демде оны қонақүйге алып келді. Нөмірде ол көп бөгелген жоқ, шамасы он минуттың айналасында қайтадан төменнен төбе көрсетті. Ресепшендегі пластик кілтін қабылдап алған қыз, «жолыңыз болсын» деп, жылы қоштасты. Айналма есіктен тысқа шыққаны сол еді, сонадайда тұрған таксидің бірі лып етіп қасына тоқтай қалды. Соған отырды да Бен беймәлім бағытпен жүріп кетті.
Інжілді көп оқығандықтан оған Петр де, Павл да кім екені белгілі еді. Петр – Мәсіхті тұтқындаған түні әтеш шақырғанша «Исаны танымаймын, білмеймін» деп, үш мәрте бас тартатын шадияр. Ал Павл – сол оқиға болғаннан кейін ширек ғасырдан соң дүние есігін ашқан, Исаның уағызымен рухтанған Ізгі хабарды таратушы. Кешелі бері тереңірек үңіліп, таныса түскендіктен Қазақстан оған таза інжілдік мемлекет тәрізді көрінді. Петро-Павл қаласы, Павл-о-дар қаласы… Тіпті мұндайды Америкадан көрген емес, Еуропадан да ұшырастырған жоқ. Өзінің жандүниесі христиандық діни адам болғандықтан, ерекше бір қызығушылығын тудырды. Сосын, жолы түсіп тұрғанда осы қалаларды көре кетуге құлқы ауды. Бір жағы, сан тарау бағытпен ізін жасыруға тырысты.
Көкейіне әлдеқайдан ұлы жазушының бейнесі оралды. Лев Толстой да өзінің әлеміне бөтен адам болды. Өмірлік байламы мен уағызы сол қоғамның өлшеміне сай келмеді. Бәкене өрелілер түсінбеді. Сондықтан оны шіркеуден қуды, аластады, оның шығармаларын жариялауға, тіпті, оқуға тиым салды. Ақыры ол дүниеден безді. Бірақ, заманының пенделерді күнәһарлық пен зұлымдықтан құтқарушы пайғамбар кейпінде ғұмыр кешті.
Бенджамен Інжілдің Толстой ағылшынша жазған нұсқасын өмірде ұстын етіп алған. Қалған Інжілден мұның имандылығы басым, дінді догмаға айналдырудан сақтайды. Және адамды бір тығырыққа тіреп қоймайды. Сондықтан ол Талстойды пайғамбар көреді әрі көңіліне ең жақын тартады. Оның пайымы, тұжырымы адами пиғылға үнемі сәйкес келгендігімен құнды. Жанынан тастамай жүрген Інжілі де Талстойдікі.
Түн жамыла Астанадан аттанған жүргінші түске қарай Петропавл қаласына ат басын тіреді. Бірден шәріні аралауды ұйғарды – іздегені інжілге қатысты бейнелі нышандар еді. Иә, православ дінін ұстанған славян елінің бедерлері байқалып қалады, әйткенмен, Петр мен Павлдың алаулаған бейнесін көре алмады. Көне шіркеу, жаңа шіркеу және бірді-екілі часовнялар көзіне жылыұшырады. Ескі шіркеуге кіріп, Құдайға жалбарына шырақ жақты. Алтарьға жақындап, жүз долларды садақаға тастады. Әйткенмен пастырь, поптардың ешқайсымен тілдесуге зауқы соқпады, бір жағы тіл білмеушілік, екінші, өзіне қарсы көлденең куәлерді тарта беру қатері тосқауыл болды.
Көңілі тынған соң қонақүйге келіп жайғасты. Түні бойғы қапылыс, ұзақ жолдан денесі ауыр тартатын тәрізді. Алайда, ендігі ықыласы қайтадан Абайға ауды. «Қай сөзіне келіп едім? Жиырма бесті бітірдім-ау…» Қанша шалдығып жетсе де өзі үшін жұмбақ адамның тылсымға толы дүниесін шарлап, ұшы-қиыры жоқ құпия әлемге біртін-біртін ене берді.
Жиырма сегізінші сөз
… Әуелі иманды түзетпей жатып, қылған ғибадат не болады?
Хакімнің ойлары қисындылықпен бір сөзден бір сөзге жалғасып жатыр. Адам бойындағы иман дегеніміз – ар, ұят, сенім. Ар-ұжданыңды қалыптастырып алмай, оған сеніміңді бекітпей тәңірге жалбарынып ғибадат ету – қаншалықты сауапты болмақ?
Отыз екінші сөз
… білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза (ойласу, пікір алысу), екінші – мұхафаза (сақтау, қорғау). Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде (барлық күшті жұмсау, тырысу) болмақ керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды.
Қандай тамша айтылған!
Смартфонын алды да Абайдың өмірбаянын іздеді. Тез табыла қойды. Ықшам жазылған өмір-тарихын оқып шықты. Міне, парадокс. Тіпті, арнаулы орта білімі де жоқ. Әуелгіде діни сауат ашып, кейін патшалық бастауыш мектебінде білім алғаны болмаса, Абай ғылыммен жата-жастана айналыспаған. Бірақ, ғылымның михнаты мен даму үрдісін нағыз ғалымнан артық біледі. Иә, білім-ғылымды арттыруға ойласу, пікір алысу ауадай қажет. Одан кейін білгеніңді жазу-сызумен, әртүрлі тәжірибелермен тиянақтап, шегендеу.
Осы екі бағыттағы нәтижелілікті арттыру үшін барлық интеллектіңді, өреңді, түйсігіңді қоса отырып, табандылықпен қажыр-қайратыңды жұмсау – түпкі көздегеніңе апарады. Яғни, сапаға жеткізетін санаттардың арасында, Абайдың пайымы бойынша ғылыми түйсік бәрінен әлеуетті құндылық екен.
Кез келген салада, оның ішінде ілім-білімде ой-пайымның негізгі түйінін академиктерден асырып айтады. Сонда, оның көкірегіне Алланың өзі терең зиынды нәсіп еткен. Әйтпесе, мұндай тұжырымдаманы академияны бітіргендер де жасай алмай жүрген жоқ па? Ұққаны – Ибраһим нағыз данышпан данагөйлердің көзі.
Жолсоқты қалпынан демде айығып, хакім Абайдың өмірлік қағидасын санасымен қабылдап, болмысымен байытып жатты. Сөйтіп, бірте-бірте көзі ұйқыға кете берді.
Өмірге сергек қарайтын жігіт, әдеттегіден ерте оянды. Душ қабылдап, таңғы асын ішіп те үлгерді. Қолына үстел үстіне туристерге арнайы қойған жолбастаушыны алды. Ондағы Қазақстанның картасына үңілді. Омбы Петропавлға таяқ тастамдай көрінді. Ресейдің шекарасы қолсозымда тұрса да, артында «іздеушісі» барын білсе де Омбыға өтіп кетпей, Павлодарға соғуды ұйғарды. Сосын, қол сөмкесін тез жиыстырып, сыртқа бет алды.
Аулаға шығысымен кісі тасып, нәпақа теріп жүргендер өздері келді. Таксишілермен баратын қаланың атын атап, ымдасып, смартфонына бағасын жазысып ұғынысты. Көп ұзамай ұзын жолдың бойында жүйткітіп бара жатты.
Керекуге кешкілік ілігіп, қонақүйге жетіп жығылды. Тағы да тапқаны, жүгінгені Абай болды. Абай арқылы қазақты біршама танып қалғандай, бірақ, қазақ арқылы Абайды көруі үшін көп уақыт керек тәрізденді.
Бүгін Қара сөзді қойып, ақынның өлеңіне үңілген. Алғаш назарына іліккен шумақ жүрегін солқ еткізді.
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі» дейді.
«Жүректің көзі» қайдан кездестірген уәжі еді? «Жүректің көзі…» Иә, иә… Інжілде осыған ұқсас сөз бар еді. «Егер көзің сенің жалғандыққа бастаса, оны ағызып лақтырып жібер» деген пайым – қасиетті кітаптың қағидасы. Ал, Абай «Жүректің көзі ашылса» дейді, яғни, маңдайдағы көз – көз емес, жанар – жүректе екен. Жүректің өзі жабық тылсымдағы дүние, бірақ, көзі бар. Ол ашылуы да, ашылмауы да мүмкін. «Ашылса» дегеніне қарағанда мыңның біреуінде ол ашылуы мүмкін, ал өзгелерінде жұмулы қалпы өтеді.
Ол ашылғанда ғана Алланың нұры саған түспек. Көкірек көзің ашылады. Інжілде Әкенің нұры көз арқылы денеге тарайды дейді. Ол сәл жаңсақтық сияқты. Хақ Иенің нұры пендесіне жүректегі көзі арқылы тарайды екен.
Енді кітапты жапты да мұқабаның сыртындағы хакімнің бейнесіне қарады. Қарапайым да данагөй, бекзат болмыстағы домалақ жүзді адам мейірлене өзіне назарын тоқтатқан. «Абай, мен сені неге бұрын білмегенмін?» Өзіне осы уақытқа дейін беймәлім болып келген қазақ халқының перзентін хакім, ұстаз, кие тұтып, оның кітабын кеудесіне басты. Көзін жұмып, үн-түнсіз ұзақ жатты. Сол қалпы кірпігі ілініп кеткенін аңдамады.
3
Таңертеңгі асын ішіп, қаланы сәскеден бастап, кеңінен аралады.
Қазақстанда оған ежелден сырттай таныс, кеңес одағының атом бомбасы сыналған «Курчатов» деген бір қала бар еді. Әуелгіде ашық әскери полигон ретінде қалыптасып, келе-келе шәрі физик, кеңес атом бомбасының әкесі атанған Игорь Курчатовтың есіміне қарай бұрыла берді. Өйткені оның ғылыми ізденісінің нәтижесі КСРО басшылығын осы жерде қуанышқа бөледі. Кейін ол сутегі бомбасын ойлап тапты, соңын ала бере қуаты 58 мегатондық термоядролық бомбасын өмірге әкелді. Әлгі қатерлі қарулардың бәрі Курскі облысындағы №1 «Курчатов» қаласындағы академиктің кешенді зертханасында әзірленіп, Қазақстан даласындағы №2 «Курчатовта» сынақтан өтіп жатты.
Осы жерден Омбыға тартпақ болып тұрғанында, әлгі шаһардың өзі аялдаған қалаға тым жақын екенін білді. Білді де «қайыра Орталық Азияға жолым түсе қоймас» деген пайыммен адамзат өркениетіне қатер төндірген, қызыл империяны әлемдік аренада жетекші орынға шығарған ажал апанының аузын көре кетпекке солай қарай атының басын бұрды.
Бұ бағытқа үзеңгілес ретінде жолыққан жүргізуші алдыңғылармен салыстырғанда ағылшынша әжептәуір сөйлейді екен. Жолда таксишімен әңгімелесіп отырып, Семей қаласы, Жидебай, Абай жайлы естіді. Міне, қызық сапар енді басталғандай көрді. Өзін тәнті етіп келе жатқан Абай осы өңірде туған екен. Соңына соншама құдіретті сөз бен ой қалдырған жұмбақ адамның мекеніне бұрылмау, қылмыс сияқты көрінді. Марстағы АБАЙмен айналысып жүріп, жердегі АБАЙға соқпай кету, мұның қолынан келетін іс емес. Тіпті, әрі-беріден соң астронавт Абайдың туған жеріне табанын тигізуді өзінің міндеті сияқты түсінді.
Жалпы жұртқа мәлім жайт, дүние үш қатпардан тұрады: әуе, жер, су. Бұл көптеген планетаға тән қасиет. Бірақ көбінде су жоқ, кейде ауа да болмайды. Ал Йельде әуе ғана… Оны игере алсаң, адамзат өркениетінің ғана емес, дүниежүзінің кәдімгі Құдайына айналасың. НАСА-ның алдағы бағдарламасы бесінші қатқа алып айна орналастыру. Ол айнаның негізі осмий болатынына шүбә жоқ.
«Өткір жүзді» айна арқылы альфа, вета, гамма сәулелерін жерге түсіріп, сарқылмас энергия көзіне айналдыру. Сосын құдіретті күн сәулесін түрлі мақсаттарға пайдалану. Айна арқылы альфа мен ветаны бір нүктеге тікесінен құйылтса, екі-үш минутта жана бастайды. Жер бетіне ультра күлгін сәулесін жіберсе, биологиялық ағзаның бәрі бес-алты сағатта тіршілігін тоқтатады. Яғни, құпия да қатерлі жұлдызды қару. Бұған адамзаттың қиялы жеткенімен, ақыл-ойы әлі игеріп үлгерген жоқ. Бен болса осы тәжірибенің теориялық тұрғыда негізін қалап қойды. Нақты практикаға қадам басуға шақ тұр.
Марстағы әлемге билік жүргізетін ықпалдылықтың орбитасы мұнымен ғана құдіретті емес. Тартылыс күшін адамның ырқына көндіру және оны белгілі бір мақсатта пайдалану амалдары әзірленген әрі дамыған ғылыми технологияға қолжетімді. Сол жерде ғана атомдар абсалюттік тепе-теңдікті сақтай алады. Сарқылмас көгілдір энергия көзі, оны өндіру, тасымалдау – айналасы оншақты жылдың еншісінде. «Астрономиялық Байланыс Айлағындағы Йель – жатқан бір жұмбақ «арал». Ол кеңістікті табу әзірге Бенджаменнен басқа ешкімнің маңдайына жазылмаған.
Міне, сондықтан Беннің бүкіл мақсат-мұраты сол киелі көкте еді. Ғарыштық әуеден өмірінің мәніне айналған АБАЙды тапты, енді жерде оның Отанын естіп, біліп отыр. «Бармай кетсе, өкініші таусылмайды. Өкініштің күйігі жаман». Осы тоқтам оны соңғы байламына еңсере берді де, «Курчатовты» кейінге қойып, Семейге тартты. Бір жағы, бүгінде экспонатқа айналған «Курчатовқа» сырттай қанық еді, бірнеше бейнематериалдар көрген, зерттеу мақалалар оқыған, суреттерімен таныс. Сондықтан беймәлім Жидебай даласы оны айдаладан жұмбағымен баурап, ынтықтыра өзіне жетеледі. Тіпті жүргізуші жігіт, жолақысын дұрыс төлесе, ешкімге сабытын салмай апарып келуге келісім берді.
Жақындаған сайын Роджерстің көңілін әлдебір толқыныс биледі. Бұйрат-бұйрат дала, беймәлім қыр-жоталар өзі объективтен, камерадан ғана көрген марстың бедерлерін еске салады. Бұл маңның ерекшелігі ара-тұра көз ұшында ұшырасатын мал, сартаптана бастаған жазира, көкпеңбек болып бұлдыраған сағым. Уақыт өткен сайын астронавт тылсым бір құпия планетаның қойнауына скафандрасыз еніп бара жатқандай хал кешті. Ұзақ жол, шексіз, шетсіз дала белгісіздігімен буындыра түседі. Әбден сарғайтып, сабыры қашыңқырағанда көз ұшынан ағараңдаған қос мұнара көрінді. Алыстан ынтығы құлап, көзін сата қарады. Кенет назарына кеменің кескіні ұшырады. Қайта үңілді – кеме. Жазира бетімен жүзіп бара жатқан ақ кеме. Бірде ол қалқи жылжыған ғарыштық стансадай әсер етті. «Ғаламат». Жақындаған сайын кеменің кескінін анық ажыратты. Неге екені белгісіз жадына француз зерттеушісі, ғалым Жак-Ив Кустоның аңызға айналған «Калипсо» кемесі оралды. Ол теңізді зерттесе, Абай аспан асты кең жазира дала-дарияны алуан түрлі амалымен толғап, желкенін керіп, кетіп бара жатқандай. Көкке шаншылған қос мұнара бірі Абайдың, бірі – Шәкәрімнің кесенелері екенін кейіннен бір-ақ білді.
Шетелдік азаматты көргенде Жидебай мұражай-қорық үйінде отыратын Абайдың әдеби-мемориалдық музейі директорының орынбасары қуанып қалды. Семейден екі жүз шақырымдай жерде жатқан тарихи қыстауға сирек болса да шетелдіктер арнайы келетін. Ондай адамдар міндетті түрде Абайға қатысты мәліметтерден белгілі межеде құлағдар. Мына бейтаныс та бейсауат кісі Абай шығармашылығын еміс-еміс білетіндей, ал оның өмірі, тұрмысы жайынан мүлде бейхабар екен. «Сонда қандай күш жетелеп келген?». Ағылшын тіліне шорқақ басшы алға экскурсовод келіншекті оздырып, пікір алмасты.
– Әйгілі Жидебайға ұлы ақынның рухына тағзым етуге келгеніңізге зор алғыс, тәңір жарылқасын! – деді, басында кимешек, үстінде қыжымды камзолы бар келіншек. Мұндай таңсық киімді көрмеген мейман таңырқаған кепте тамсана қарады. Бірақ онысын сыртқа білдірмеуге тырысты.
– Дана да дара Абай ақынның ұлы туындылары ұлан-ғайыр атырапқа дәл осы мекеннен тарады. Сізді хакімнің тұрған үйі, қолданған заттары сақталған Жидебайдың іші-сыртымен таныстырайын.
Хакімнің өлеңдері, қара сөздері бұл – ел жадын жаңғыртып отыратын рухани күшке ие. Руханият пен мәдениет жүректі тербеп, санаға орнықса – қоғамның көзқарасы түбірімен өзгерер еді. Абай Құнанбайұлының шығармашылығы – қай дәуірде де парасаттылық пен пайымның өлшеміндей адамзат өркениетіне қызмет ете береді. Әлем халықтары қазақ десе Абайды, Абай десе қазақты көз алдыларына елестететін деңгейге келуіміз тиіс. Хакім Абайдың өзі туған топырақта ғана емес, кең көлемде насихатталуы – көкірегі ояу халықтың санасына сәуле түсіріп, оны Адамзаттың Абайына айналдырады. Сол себепті, Ұлы Абай айтқандай: «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» әр жұмыр бастың кеудесінен табылуы тиіс, – деді ол.
Қастерлі мекен Жидебай – Қарауыл өзенінің жайылмасында жатқан шұрайлы жер екені көзге ұрады. Бұл – ақын өмірінің соңғы жылдары өткен қыстауы екен. Құба түзде қала мәдениеті үлгісінде салынған көне сүйекті үйі орналасқан. Ондағы күміс ертоқым, үш ауызды берен мылтық, әкесі Құнанбай қажының тақиясы мен кісебелбеуі, Ұлжан ананың жез легені мен қазмойын құманы, Абай өзі пайдаланған тоғызқұмалақ, дойбы тақталары, шақшасы, есепшоты, бәйбішесі Ділдәнің жасауымен келген төсегі қайран қалдырды. Қабырғада ілулі тұрған ақынның қос ұлының ортасында отырған фотосуретіне ұзағырақ үңілді.
Сосын, кешенді кесенеге баруға тілек білдірді. Дегбірін байқаған мұражай қызметкері жол бастап алып жүрді. Шамалы жерге дейін машинамен ілгерлеп, орта тұстан асқанда көліктен түсті.
– Кесене Сарыарқа төсімен жүзіп келе жатқан алып кеме тәрізді жасалған. Міне, бар тұлғасын көріп тұрсыз. Идеяның авторы әрі осы кешеннің бас сәулетшісі Бек Ибраев деген азамат, ал жобаны іске асырушы құрлысшы – Сайын Назарбек. Бұл жерде Абай және оның інісі Оспан жерленген. Оспанның бәйбішесі Еркежанның да сүйегі осында. Шәкәрім қажы ұлы Ахат екеуінің мазары да кешенде орналасқан.
Аты аталған кісілердің есімі сол заматта Беннің қаперінен шығып жатты. Көкейіне байланып қалған тек – Абай деген сөз. Қос мұнараның үлкенінің астында Абайдың сүйегі жерленген екен. Оған апаратын үстіңгі «палуба» мәрмардай жарқыраған әппақ ұсақ қиыршық тастармен көмкерілген. Кесене маңына таянғанда басында ақ қалпағы, үстінде ақ шапаны бар, қылаң араласқан сақалы өңіріне түскен шырақшы қарсы алды.
– Жарықтық Абай осында жатыр, – деді жол бастаушы әрі аудармашы міндетін қоса атқарып жүрген әйел.
– Шырақ жағып қоюға бола ма? – Бенджамин ішкі құлқын ірікпеді. Мына тосын ұсынысқа абдыраған келіншек шырақшыға қарады. Ол болмашы басын изеді.
– Болады. Алайда, біздің шариғатымыз бойынша шырақ кешкілік жағылады, сіздің атыңыздан ақшам ауа шырақ жанады. – Мейманның көңілін аулап, жоқ рәсімді кешкілік мерзімге ысыра берді.
– Рақмет.
– Қазақтың салтында аруаққа құран бағыштап оқиды, қаласаңыз, оқуға болады.
– Қарсы емеспін.
– Онда мына жерге отырыңыз. – Мәрмәрдан жасалған өрнекті тумбаны нұсқады. Ол тізесін бүккеннен шырақшы Нәс сүресін нақышына келтіре әуендете жөнелді.
Құран оқылып, дұғасына келгенде Бен жанындағы адамдарға қарап ол да алақан жая берді. Соңында бетін сипады.
– Жатқан жері жайлы болсын…
Тысқа шығып, екінші мұнараға барды. Онда да сағаналы зәулім мазар.
– Бұл сәл кішірек кесенеде Шәкәрім қажы қоныс тепкен.
Мейман мұнда көп аялдай қоймады. Оның аңсарын алған дүние – кешен ортасында грек архитектурасы үлгісінде салынған амфитеатр. Солай қарай беттеді.
– Бұл жерде Абай оқулары өтеді.
Бен таңырқай басын шайқады. Сосын төмен жертөлеге түскенде үлкен кітапханаға тап келді. Айдала түзде орналасқан кітапхананы көргені бірінші рет. Ұдайы интернет және цифрланған жүйеге көшкен кітапхана халықаралық деңгейде жұмыс жасайтынына қайран қалды. Сөре толы кітаптар, оқу залдары, ішкі жабдықтар – ешқандай кітапханалардан кем емес.
Және бір Бенджамин Роджерсті таң-тамаша еткен тосын көрініс – кесененің іргесіндегі Абай мешіті болды. Кіріп келгенде кең бөлме, одан ары биік күмбезді хизар. Үп еткен үніңді алып қашып, ғарышқа, көктегі жаратушыға әкетіп жатыр. Екінші бір толқын қайтып келіп, жаңғырық арқылы нағыз ғарыштық үнді естіді. Бәлкім бұл Алланың қайта жолдаған сәлемі шығар. Сондай-ақ, ашу, ыза, кекке толып қалған сарайыңды күмбірлете ашатын, тұла бойың мен жүйке-жүйкеңді ғана емес, түйсік пен санаңды да саф ауаға айналдыратын аңқыған рухтың обсерваториясы тәрізді көрінді. «Құдай жалғыз» деп сөйлеп қалып еді, өз үнін өзі таныған жоқ – әлдебір құдірет иесі айтып тұрған сияқты.
Оның аңтарған қалпын жол бастаушы қызметшінің үні бұзды.
– Мешітте құран оқу керек.
– Оқиық, оқиық. – Әркі-тәркі хал билеген Бенджамин жамбастап жерге отыра берді. Сол заматта «Ағызу биллаһи» деп шыққан үн, шырқау көкке қалықтап, бос кеңістікке Бенді өзімен қоса ала жөнелді. Әлгіндегі құран сөздері мына жерде басқаша әсер етіп, алпыс екі тамырын иітіп барады.
Иса пайғамбардың «Менен кейін өзге Алланың елшісі келеді. Нағыз Рух келген кезде ол сендерге әділдікке апарар тура жолды көрсетеді. Өйткені ол өз атынан сөйлемейді, Әкеден нені естиді – соны айтады. Кез келген жағдайда хабарын береді. Жаңа ән мен өсиетті естисіңдер» деген Інжілдегі сөзі санасына сақ етіп тиді. Қазіргі молданың оқып отырғаны Исадан кейін келген соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.)-ға түскен Құран кітабының аяты еді, сүренің сиқырлы мақамы да жанды баурап, иініне еріксіз ілестіреді.
Құран аяқталғанда оның жанарының аясына лықсып ыстық жас келіп қалған еді. Алақанымен бетін сипағанын да байқап үлгермеді. Тек үлкен саусағының ұшымен бір тамшыны сүйкеп өткенін аңдады.
Сыртқа шыққандарында жазғы күн аптабы бетке ұрып, сәл еңкейген қалпы дүниені қуырып тұр екен.
– Рақмет сіздерге, – деді осы жерден аттанып кетпек ниетін аңдатып.
– Сәл бөгеліңіз, мырза. Біріншіден, Абай үйіне соғып, естелік кітапшасына қолтаңбаңызды қалдырсаңыз, екіншіден, тағы бір естен кетпей айта жүретін дүние көрсеткім келіп тұр.
– Жақсы.
Бенджамин Роджерс естелік кітапшасына «Абай, мен саған қайтып ораламын» деп, қолын қойды.
– Бұл Жидебай үлкен екі құрлықтың қақ ортасына орналасқан.
Бен мына тосын жаңалыққа жалт қарады.
– Жүріңіз, мен сізге көрсетейін.
Аттанып бара жатып Жидебайдың тура Еуразия кіндігінде орналасқанына көзін жеткізіп, қайран қалды. Геологтардың арнайы қойған белгітасын көріп, ондағы найзаның сүңгісіндей үшбұрыш мраморға ойып жазылған қазақша, орысша, ағылшынша мәліметті оқыды. Тасқа қашалған деректен жер кіндігі деген ақиқатқа шүбәсіз иланды.
Дәл осы белгінің қасында тұрған, бір кезде Абайдың өзі су ішкен құдыққа назары ауды.
– Бұл – Құнанбайдың тұсында қазылған құдық. – Мәдени-этно шежіреші солай қарай беттеді.
– Солай ма? – Жай-жапсарды таныстырушыға қарады. – Суынан дәм татуға бола ма?
– Әрине. Мен сізді сол үшін алып келдім. – Келіншек сәл жымиды. Сосын, тегерігін суырып алып еді, шынжыр оралған білік шыр айналып, қауға өз салмағымен төмен қарай зырқырады. Бір кезде шалп етіп, түбі суға тиді. Гид шығырды бұрай бастап еді, американдық турист «мен бұрайын» деп, темір тұтқаны айналдыра жөнелді.
Шамалыда меймілдеген қауға білікке келіп тірелді. Оң қолымен іліп алып, құдықтың ернеуіне қойды. Сол заматта әйел шөміш ұсынды. Бен өзінің шөліркегенін сонда байқады. Мөлдіреген сап-салқын тұщы су өңешіне жұп-жұмсақ қалпы тиді. Ожауды орталап барып тоқтады. Ыстық күнде маңдайынан сұп-суық тер байқалды.
Мейірі қанған соң шөмішті орнына қойып, алғысын білдірді. Енді бірде ол мінген ақ машина әудем жер ұзап та үлгерді.
Діні басқа шетелдіктің құранға ұйығаны мәдени-этно шежірешіге тосын көрінген еді, мейман алыстай түскенде де оның Абайға ерекше ауған кейпі көкейінде әлдебір жылылық ұялатты.
Бір қойнауда бұйығы жатқан дала-дариясының тылсым күшіне шомып, әрі сарайы саңғырай ашылған шетелдік жігіт сол жақ қолы жағында қалып бара жатқан Жидебайға жұтына қарады. Көпбейінді кесене алуан бағытта келушілерге сыр аңдататынын екшеп, басын шайқады. Әрқайсысы өзіндік болмысымен бірегей. Әлі Абай мешітіндегі әсерден арыла алмай, жандүниесі самғау көкте қанатын кере кезіп жүр еді… Кеме кескініндегі кешен. Ондағы шашылған ақ маржандай әппақ тастар күннің нұрын құбылта көрсетеді. Не жерде емес, не әуеде емес дүниенің ортасында шалық буып, жаның рақат табады. Дала… Кеме… «Калипсо»…
Тағы да көкейіне әлемге әйгілі Кусто жайлы ойлар оралып, көзіне тірі бейнелер көрінді. Абай шетсіз-шексіз дала дариясын толғаса, ол теңіз бен мұхиттардың тылсымын ашуға өмірін сарп еткен екен. Бір байқағаны, жолы болғыш жанды ылғи кездейсоқ нәрселер үлкен бастамаларға, нәтижесінде жеңістерге жетелеп отырған…
***
Париждің сылқым кештерінің бірінде Филипп, Фредерик, Эмиль, Жак төртеуі әңгімелесе кофе ішіп отыр еді.
– Мен өздеріңді жинағаным, жаңа бір шаруа бастауды ұйғардым. – Кусто достарына бажайлай қарады.
– Табысты шығар?
– Әрине. – Жымия күлді. – Бәрің миллионер боласыңдар.
– Не жасауымыз керек? – Ақын әрі теңізші Филипп маңдайына түскен кекілін кейін ысырып қойды.
– Бәрің теңіз офицерісіңдер. Океанограф боламыз.
– Иә, тамаша екен. – Әлде қолдағаны, әлде сенімсіздік білдіргені белгісіз, Эмиль бір-ақ ауыз тіл қатты.
Сөйтіп, соғыс аяқталғаннан кейін Кусто біржола океанографиялық зерттеулермен айналысуға шешім қабылдады. Сосын Британиядан пайдаланудан шығарылған минатасушы қайығын сатып алып, оны арнайы жабдықтады.
– Ал, кәне, қандай ат қоямыз? Кімде қандай ұсыныс бар? – деді Кусто.
– «Калипсо»!
– Тамаша.
Қайыққа «Calypso» деген ат қойды, ол бүкіл жаһанға осы атауымен белгілі болды. Бұл – француздардың ғылыми зерттеулерге арналған тұңғыш кемесі еді. Дәл осы аты аңызға айналған кемемен Кусто және оның экипажы жер шарын бір емес, бірнеше рет аралап, теңіз өсімдіктер әлемі мен жануарлар дүниесін зерттеді, бірегей жазбалар, түсірілімдер және фотосуреттер жасады. 1956-жылы Жак су асты әлемі туралы алғашқы толықметражды фильм шығарды. Кейінірек Марсельде теңізді зерттеу орталығын құрды. Осы орталықтың ашылу салтанатына белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері және өзге де әйгілі адамдар шақырылған еді. Солардың арасында Францияның атақты дәрігері, хирург Морис Бюкай да келген болатын. Содан кейін әр саладағы көптеген ғалымдармен шығармашылық байланыс орнатылды. Әлгілердің ішінде Мориспен ағалы-інідей араласып кеткен еді.
Ізденістер тоқтамады. Кустоның бастамасымен ғылым үшін шағын арнайы сүңгуір қайық жасалды, одан теңіздің астында ғылыми бақылаулар жүргізуге мүмкіндік туды. Мұны естіген өзге мемлекеттер қызығушылық білдірді. Содан кейін Кусто әртүрлі елдер мен ұйымдар үшін сүңгуір аппараттар әзірледі. Әлгі аппараттардың көмегімен Парсы шығанағының түбінде мұнай кен орындары табылып жатты. Өзі уәде еткендей достарының бәрі миллионер болып шықты. Ең бастысы олар үшін ақша емес еді, ең бастысы – әлемді тамсандырар жаңалықтар ашу болатын.
Үнемі ізденіс үстінде жүрген зерттеуші 1962-жылы тағы бір жобаға кірісті, ол – тереңде ұзақ мерзімді тұру үшін теңіз елді мекендерін құруды көздейтін. Ақырында осы мақсатына қол жеткізді. Кусто жасаған су астындағы «үйлерде» сүңгуірлер үш апта бойы 100 метр тереңдікте өмір сүрді. Түпсіз тұңғиықтардағы экспедиция нәтижесінде орасан зор ғылыми материал жинақталды.
Суасты үйлерінде тұрған кезде ұшырасқан таңғажайып дүние, теңіз бен мұхит тереңдігін зерттейтін океанографтың тіршілікке деген түйсігін астаң-кестеңін шығара өзгертті. Гибралтар бұғазындағы су кеңістігін зерттей жүріп, қызық жәйтқа тап болды. Онда бір-біріне араласпайтын екі су айдынына ұшырасты. Ғылыммен түсіндіре алмайтын таңғажайып факті. Олардың арасын көзге көрінбейтін әлдебір перде бөліп тұрғандай нақты шекара бар еді. Бұл сулардағы температура, тұздың құрамы мен ащылық деңгейі, жануарлар мен өсімдіктер әлемі бір-біріне мүлде ұқсамайды. Бұғазда Жерорта теңізі мен Атлант мұхитының сулары жанаса түйіскен қалпы, одан әрі қосылмай жөңкіліп жатты.
«Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің суларының аралас-құраластығын анықтай бастадық. Біз алдымен Жерорта теңізінің суларын – оның табиғи тұздылығын, тығыздығын және тіршілік формаларын зерттедік. Атлант мұхиты да солай зерделенді. Мыңдаған жылдар бойы Гибралтар бұғазындағы екі су массасы түйісе ағады. Бір-бірімен араласып, екеуінің тұздылығы мен тығыздығы бірдей болуы тиіс еді, тым құрмағанда ұқсас нәтиже көрсетуі әбден қисынға саяды. Бірақ тым жақын түйіскен жерде де олардың әрқайсысы өз ерекшелігін сақтаған. Басқаша айтқанда, екі су массасының түйіскен жерінде көзге көрінбес перде олардың араласуына мүмкіндік бермейді» деп жазды Кусто.
Бұл нақты және мүмкін емес фактіге кездескен кезде океанограф қатты таң қалды. Ғалым сондағы көңіл-күйін «Мен физика, химия заңдарымен түсіндіруге болмайтын бұл таңғажайып құбылысты ақылыма сыйдыра алмай ұзақ уақыт бойы сүлесоқ хал кештім» деп сипаттады.
Кусто Парижге келіп, дәрігер досы, ғылым докторы Морис Букаймен жолықты. Әңгіме үстінде өзінің ашқан адам нанғысыз жаңалығымен бөлісті.
– Морис, сенесің бе, сенбейсің бе, Гибралтар бұғазындағы Атлант мұхиты мен Жерорта теңізінің сулары мыңдаған жылдар бір арнада жатса да, араласпайды екен.
Ғалым мұның жүзіне жымия қарады.
– Ол маған баяғыдан мәлім.
Кустоның көзі атыздай болып кетті. «Өмірін арнап, теңіз бен мұхиттың тереңдігін зерттеп жүрген бұл – табиғаттың осы тосын құпиясын кеше ғана білді, ал досы Мориске баяғыдан мәлім».
– Қайдан білесің? – Мойнын созып, алдыға ұмсына түсті.
– Бұл жайт осыдан 1400 жыл бұрын жазылған. – Ол әдеткі жайбырақат қалпынан айнымады.
– Қайда жазылған? – Жаңалық аштым деп лепіріп келгенінде мына уәж Жактың маңдайына тақ етіп тиді.
– Екі теңіздің суы қосылмайтыны жөнінде Құранда жазылған.
Досының соңғы сөзі, тіпті, ашық күнде көктен түскен жай сияқты болды.
– Әлі нанбай отырсыз ба?
Морис орнынан тұрды да, шкафтағы француз тіліндегі құранды әкеліп, ақтара бастады. Бөлмеде тыныштық орнады. Сәлден соң:
– Міне, көз жүгіртіңіз, – деп, беті ашық кітапты ұсынды.
Қасиетті кітаптың әл-фурхан сүресінде былай делінген еді: «Ол – бірінің суы жағымды, тұщы, ал екіншісі тұзды әрі ащы судан тұратын екі теңізді қосып, араласпас үшін олардың араларына бөгет қойды».
Расында, Құран аудармасындағы қасиетті сүренің тәржімасы дәл солай болып шықты. Сенімсіз күйде қайта үңілді. Оның әрекетіне досы жымия қарап отыр. Әлден уақытта саябырсыған Жак басын көтерді де:
– Қазіргі ғылымды 1400 жылға артта қалдырған Құран адамның сөзі еместігіне иландым. Бұл – шындығында да Құдай Тағаланың сөзі екеніне көзім жетті! – деді ағынан жарыла.
– Иә, дұрыс айтасыз. – Өзінен он жас үлкен әрі досы, әрі ағасы Кустоның жүзіне Морис құптай қарады. – Егер Құранды бұрыннан білгенде ғылыми сауалдың шешімін іздеп текке әуреленбес едім. Мен де өзіңіз сияқты медицинаға қатысты адам сенгісіз жауабымды құраннан таптым.
– Қалай?..
– Оқыдым, мұқият оқыдым.
– Оған не түрткі болды?
– Сіз тәрізді құранның құпиясына аяқасты жолықтым. Маған да осылай медицинаға қатысты мәліметтің құранда бары жөнінде білетіндер ескертті.
– Қызық екен…
– Содан кейінгі мезетте қазіргі ғылыми жаңалықтар мен Құран сөздерінің сәйкестігін салыстырумен айналысып келемін. Осы жолда сіз маған үлкен көмек көрсеттіңіз. Ал жаңағы – екі теңіздің қосылмайтыны жөніндегі деректі, бұған дейін 1962-жылы неміс ғалымдары айтқан. Олар Аден шығанағы мен Қызыл теңіздің сулары түйісетін Баб-эль-Мандеб бұғазында Қызыл теңіз бен Үнді мұхитының суы араласпайтынын дәлелдеген. Мен мұны алғаш естігенде оған мән бергем, енді сіз тағы да сондай қосылмайтын теңіздердің бар екенін айтып отырсыз.
– Ғажап… – Кусто былғары креслоға шалқалай отырды. – Ал медицинаға қатысты Құранда не жазылған?
… Археология мен көне мұралар көпшілік жұртты қызықтыратыны белгілі, ал Франция әуелден бұған жіті көңіл бөлетін ел ретінде әлемге мәлім. Ұлттық қана емес, адамзатқа ортақ құндылықтардың бәрін барлап, бақылап отыруды мәдениетінің үрдісі ретінде қалыптастырған. Сондықтан болар, 1981-жылы Франсуа Миттеран билік басына келгенде, ежелгі Мысырдың патшасы перғауын Мернептің мумиясын зерттеу үшін Францияға алдырды. Бұл өзі екі жақты келісім аясында біраз қағаз хатталған, қаржы бөлінген, машақаты қалың, жауапкершілігі қатаң шаруа еді.
Көп ұзамай Мысырдың тарихындағы ең қатігез патшаның денесі Парижге жеткізілді. Әуежайда француз президенті мен елдің жоғары лауазымды шенеуніктері әруаққа құрметпен тәуеп етті. Кезінде Мысырлықтарға «Мен сендердің тәңірлеріңмін!» деп жар салған әйгілі перғауынның сүйегін салтанатты рәсіммен қарсы алғаннан соң, оның табыты археологиялық зерттеулер институтына әкелінді. Онда француздың атақты археологтары, хирургтері мен анатомдары күтіп отыр еді, мумияның құпиясын ашу үшін бірден зерттеуге кірісті. Солардың арасынан Морис Бюкай Үкімет ұйғарымымен осы жұмыс тобының жетекшісі және хирургтардың басшысы болып бекітілген-тін.
Профессордың қарамағында істегендердің барлығы мумияны қайта қалпына келтіруге талпынды. Бірақ Морис Бюкайды басқа нәрсе қызықтырды. Ол ең алдымен перғауын патшаның қалай өлгенін білгісі келді, сондықтан ішкі құрылыстарына мән берді. Жұмыс тоқтаусыз жүргізілді, зерттеу нәтижесі түннің ортасына қарай шықты. Онда денесіне жабысып қалған тұздан, өкпедегі тыныс жолдары мен қолқадағы қатқан тұзды сортаңнан Мернептің суға батып өлгені дәлелденді. Бұл жайт Тәураттан да өзіне аян еді. Алайда, ғылыми түрде дәйектеу – уақыт қажеттілігі болатын. Оқыс әрі жұмбақ жағдайда көз жұмған патшаның мәйіті табылғаннан кейін оны «аман сақтап қалу үшін» мамандардың бальзамдағаны жұртшылыққа мәлім. Алайда ғалымдарды таң қалдырғаны басқа жәйт еді. «Бұл мәйіт өзге мумияланған денелермен салыстырғанда қалай жақсы сақталған?» деген сұрақ мазалады.
Зерттеу нәтижесін негізге алған Морис Бюкай өзінің соңғы шешімін жұртқа естіртуге қамдана бастады.
– Батып кеткеннен кейін перғауынның денесі біржола теңіз астында қалып қоймаған, ол қолайлы ортада сақталған, кейін табылғаннан соң бальзамдалған. Бұған бүкіл дәйектер бар, – деді зерттеудің қорытындысына тоқтам жасап. Бірақ осы кезде оның жанында тұрған әріптестерінің бірі ғалымның құлағына:
– Асықпаңыз, мұсылмандар перғауынның суға батып өлгенін баяғыда білген, – деп сыбырлады.
Алайда профессор бұған сенген жоқ.
– Қалай?! – Аңтарыла бөгелді. – Мұндай дүниені дәлдікпен жасалған арнайы аспаптар мен қазіргі заманғы технологияның көмегінсіз іске асыру мүмкін емес. – Оның айтқанын қабылдай алмай өзінің дәлелін көлденең тартты. Бірақ профессорға әлгі әріптесі сабырлы кепте қарады.
– Құранда перғауынның суға батып өлгені мен бақилық болған соң кейінгілерге ой тастау үшін оның денесі сақталатыны жазылған. Мұсылмандар оқиғаның дәл осылай өрбігеніне еш шүбә келтірмейді, – деді орнықты түрде.
Мына байлам ғалымды одан әрі дүдәмалдық дауылына ұшыратты.
– Сонда қалай болғаны? – Әріптесіне үйелменімен бұрылды. – Мумия жүз жылдың бедерінде ғана ғылымға мәлім, алғашқы мәйіт 1881-жылы табылды емес пе? Ежелгі мысырлық перғауындар денесінің бальзамдалғанын бүкіл адамзат жақында ғана білген жоқ па?.. Ал Құранға мың төрт жүз жыл болған. Сен не айтып тұрсың?
– Мен білгенімді айтып тұрмын, профессор мырза…
Сан сауалдарға жауап іздеген Морис Бюкай түні бойы мумияның жанынан қарыс сүйем ұзамады. Қайыра өзі зерттеу нәтижесін пысықтап, тәптіштей түсті. «Суға батып кеткеннен кейін перғауынның денесі қайта «құтқарылғанына» мұсылмандар күмәнсіз сенеді» деген әріптесінің сөзін ой елегінен сан өткізді. Ал, Тәуратта перғауынның Мұсаны қуып келе жатып суға батып кеткені ғана айтылған. Оның денесі туралы бірде-бір жерде сөз қозғалмайды. Професор енді өзіне сұрақ қоюға көшті: «Менің алдымда жатқан мумия Мұсаны қуған перғауын Мернептің денесі болуы мүмкін бе? Мен бұны ғылымның дамыған заманында бүгін ғана біліп тұрғанда, қалайша ол мұндай мүмкіндігі жоқ Мұхаммед (с.а.с.)-ға мыңдаған жылдар бұрын мәлім болған?!» Өзі қойған сауалға өзі жауап бере алмады, ақылы жетпеді.
Морис Бюкай түнімен көз ілген жоқ. Ол өзіне Тәуратты әкеп беруді өтінді. Кітаптан: «Су кері қайтып, перғауынның әскері мен арбаларын басып қалды. Перғауынға ілесіп келгендердің барлығы тұңғиыққа батты» деген сөздерді оқыды. Бұл одан әрмен профессордың дегбірін қашырды. Ал, оқиғаның жалғасымен таныса қояйын десе, маңындағы адамдардың ешқайсында Құран кітабы жоқ еді. Тек ресми ақпарат көздерінен білетіні – Мернептің табылған жері Қызыл теңіздің жағасында Жабалаин деген қойнау. Ағылшын зерттеушілері оны жағалаудың ыстық құмдарынан қазып алған. Бұл жерде мәйітті ұзақ сақтау мүмкін емес және баяғыда шіріп кетуі керек еді. Соған қарамай дене өте жақсы сақталған. Екінші қайран қалдыратыны, табылған мәйіт мумияланбаған. Жалпыға мәлім жайт, мумиялау кезінде кейбір ішкі органдар алынып тасталады. Ал мұнда бәрі өз орнында. Бұл – үшінші ерекшелігі. Сондай-ақ, жәдігер Құрандағы сипаттамалармен және осы ғажайып түрде сақталған дененің жағдайын түсіндіруімен сәйкес келеді.
Профессорды қызықтырғаны бес мың жылдық адамның ішкі органдары еді…
Зерттеу жұмыстары бітісімен Франция елі мумияны әйнек саркофагқа салып, Мысырға қайтарды. Алайда Морис Бюкай мазасыз халде қалды. «Мұсылмандар перғауынның денесі сақталатынына кәміл сенеді» деген сөздің төркінін түсінуге талпынды. Өстіп әрі-сәрі күйде жүргенінде ислам оқымысты-анатомдары бас қосатын медициналық форум өтетіні жөніндегі ақпарат құлағына тиді. Ғалым көп ұзамай заттарын жинап, Сауд Арабиясына сапар шекті. Форумға келген бетте профессор жиынға қатысушы әріптестеріне өзінің ашқан жаңалығын мағұлымдады.
– Әлемде ең кенже дамып келе жатқан ғылым – медицина. Соған қарамай техника мен технологияның ілгерлеуіне сәйкес медицина да белгілі межеге көтерілді. Нәтижесінде Франция ғалымдары біраз жетістіктерге жетіп отыр. Соның бірі перғауын патшасының мумиясы жаңа әдіс, өлшеммен зерттеліп, оның денесі суға батып кеткеннен кейін де жақсы сақталғанын анықтады. Мәйіттің ішкі құрылыстарына мейлінше тереңірек үңілді.
Профессордың сөзіне жұрт ризашылықпен ду қол шапалақтады. Шапалақтың үні саябырси бергенде Мористің пікіріне үн қату үшін ғалымдардың арасынан әлдекім бір ауыз ұсыныс айтуға мұрсат сұрады. Оған модератор ықтияр білдірді.
– Бюкай мырзаның біздің форумға келуінің өзі үлкен абырой, – деді әлгі адам ризашылығын байқатып. – Бүгінгі хирургия саласында жеткен жетістіктеріңіз – көңіл қуантады. Тек сізге ақпарат ретінде қасиетті Құраннан мына сөздерді оқып бергім келіп тұр. «Бүгін Біз кейінгілерге ой салу үшін сенің денеңді құтқарамыз. Бірақ, адамдардың көбісі Біздің жіберген белгілерге көз жүгіртіп қарамайды». Міне көріп тұрсыздар, пенделер өте салғыртпыз, – деді ол бәрін ағылшынша жеткізіп.
Француз ғалымы бұл аяттан кейін қатты толқыды. Париждегі әріптесінің уәжі дүдәмалдандырып қойса, мұндағы мына ғалымның қолмен қойғандай Құраннан оқыған дәйегі көңілін орнықтырды. Тіпті қасиетті кітаптағы сөздің әсері күшті болғаны соншалық, кәмілін бекітті. Ол орнынан түрегеліп:
– Әріптестер, бүгінгі күнге дейін шүбәланған едім, енді көзім жетіп тұр. Мен – Исламды қабылдаймын, қасиетті Құранға сендім, – деді баршаға естіртіп. Үлкен зал дүрк етіп, қол соға жөнелді. Бәрі мойындарын бұрып Мориске қарап қалған. Профессордың ішкі дүниесі қопарылып, санасы сапырылысып жатты. Сөйтіп, хируруг-ғалым исламды мешітте емес, Саудия Ғылым академиясының үлкен залында қабылдады.
Францияға Морис Бюкай мүлде басқа адам болып оралды. Содан кейінгі он жылын ол қазіргі ғылыми жаңалықтар мен Құран сөздерінің сәйкестігін тексерумен өткізді. Осы уақыт аралығында профессор ғылыми деректер мен Құран арасынан қарама-қайшылық табуға тырысты. «Өтірік оған алдынан да, артынан да жолай алмайды. Оны Данышпан әрі Мақтауға лайықтының өзі жіберген» деген түпкілікті байламға біржола бекіген.
Қасиетті кітаптағы сөздерден Жаратушының кемел сипаты мен қолтаңбасын таныған оқымысты кейін Құран жөнінде арнайы кітап жазды. «Құран, Тәурат, Інжіл және ғылым… Қасиетті жазбаларды қазіргі заманғы білім тұрғысынан талдау» деп аталған бұл еңбегі Батыс мемлекеттерінің барлығын таң қалдырып, қоғамдық ойға қозғау салды. Дүкен сөрелеріне түскен оның алғашқы данасын жұрт талап әкетті. Кітап француз, араб, ағылшын, индонезия, парсы, серб пен хорват және түрік, неміс, урду тілдеріне тәржімаланып, жүз мыңдаған данамен қайта басылды. Осыдан кейін бұл еңбек Батыс пен Шығыс елдерінің кітап дүкендерінің барлығына түсті. Ең қызығы, Құранды дәріптеген кітап жайында сырттай естіп, әуелгіде Бюкайдың еңбегіне қарсы сын-мақала жазғысы келген Батыс ғалымдарының кейбірі оны оқығаннан кейін Исламды қабылдаған оқиғалар ұшырасты.
Кітаптың кіріспесінде Морис Бюкай «Құранда жазылған бұл ғылыми ақиқаттар басында мені қатты таң қалдырды. Мен бұдан он бес ғасыр бұрын жазылған кітаптан әр түрлі саланы қамтыған әрі қазіргі ғылыммен үндесіп жатқан мұндай дәл жауаптарды көрем деп ойлаған емеспін» деген таңырқаушылығын бүкпеген. Ғалымның бұл пікіріне Құранның өзі: «Олар Құранға қарап неге ойланбайды? Егер Алладан жіберілмесе, адамдар одан көптеген қарама-қайшылық табар еді» деген байламымен тамаша үн қатады.
Медицина университетін бітіріп, Еуропадағы ең білікті де білімді хирургтердің біріне айналған, ғылым докторы, пофессор Морис Бюкай есімі Францияның рәмізі ретінде аталатын адамдардың қатарында еді. Ата-анасы таза, текті француздар. Соған қарамай оның Исламды қабылдауын ешкім түсіне алмады…
Сол күні Жак-Ив хирург досы Мористің үйінен ерекше бір жеңілдікпен оралды. Тығырыққа тіреген сауалына жауап тапқанына қуанды.
Оның соңын ала аз-кем уақыт өтпей Француз философы Роже Гароди, хореограф Морис Бежар, океанолог Жак-Ив Кусто сияқты атақты оқымысты-ғалымдардың тұтас бір тобы мұсылмандықты қабылдап, қоғамды дүр сілкіндірді. Тіпті осындай лектің арасында католик дінінің епископы Жан-Мари Дюшеменнің болуы, оның тілін кәлимаға келтіріп Әбділмәжит деген арабша ат алуы – көне құрлық жұртының ой-санасын төңкеріп тастады. Өткен ғасырдың соңғы ширегі жалғыз Жаратушы Алланы Құран арқылы танудың көшін бастап берді.
Ал Кусто «Қазіргі ғылымды 1400 жылға кейінге қалдырған Құранның адамның сөзі еместігіне көзім әбден жетті. Бұл – Жаратушының өз сөзі. Осыны мен жандүниеммен ұғынғаннан Исламды қабылдап, оның шынайылығы, әділеттілігі мен пайдалылығына күн сайын көз жеткізумен келемін. Ақиқатты көрсеткені үшін Морис Бюкайға зор алғыс айтамын» деп жазды қылаусыз көңілін танытып.
Бенджамин іштей толқыды. Құдайға мінәжат, ақиқатты табу – пенденің үлкен олжасы екеніне имандай иланды. Қазір бұл қос ғұлама да өмірде жоқ, бірақ Құран әлемді таң қалдырып келеді.
Ұзақ жолда сабылған Роджерс ой-қиялымен ғылымға шолу жасау арқылы иманын күшейтіп, жүрегінде бекітті. Исламның ақиқат дін екеніне, сондай-ақ, Құран бұл – Алла Тағаланың сөзі екеніне біржола тоқтады.
Жак пен Мористің және өзге де танымал кісілердің мұсылмандықты қабылдауы – адасқандық емес. Олардың ұшырасқан ғажайыптары кездейсоқтық дейін десе профессор Наталья Петросянның дәйектері, Құранның тәржімашысы Валерия Прохрованың айтқаны, Нобель сыйлығының иегері Кейт Мурдың уәжі жадына оралды. Ақыры соңында профессор Аднан Шарифтың астронафтикаға қатыстыра құранды зерттеуі, ондағы сүрелердегі сөз бен Юрий Гагариннің ғарыштағы алғаш аузынан шыққан ләмінің дәл келуі – бұлтаруына мұрша бермеді. Кусто жаңа жаңалық ашу жолында исламтанушы Морис Бюкайды серік етсе, бұл Аднанмен пікірлес болуды іштей қалады.
Тіпті, осы сәт өзінің ізіне түскен құқық қорғаушылардың барын ұмытып кетті. Әуелгіде сақтық жасап, Петропавл мен Павлодарда тоқтағанда өзге адамның аты-жөні жазылған жеке куәлігін көрсеткен. Енді тезірек Қазақстан аумағынан шығып кетуі керек. Ресей қаласының бірінен тіке Дубай немесе Абу-Даби қалаларына аттануы тиіс.
Осы уақытқа дейін Құранды оқымағанына іштей өкініп келеді. Зерттеу нысандарына сәйкес Құранға жүгінгендердің бәрі Нобель сыйлығын алып жатыр. Інжіл – аңыздар мен әфсаналардан тұрады, Құран – адамзатты прогреске жетелейтін таза ғылыми еңбек, екеуінің айырмашылығы осында. Бірақ, «Ислам елдерінің заманауи өркениетке ілесе алмай мешеу қалғандары – Құранның діни жағына ғана ден қойып, оның білім мен ғылымға серпін беретін прогрессивті құдіретіне дендей алмай жүргендіктерінен» деп топшылады. Астронавт ғалымға ислам әлемінің жаппай қарқынды дамуы әлі алда сияқты көрінді. Хакім Абайдың:
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», – деген өлеңі бұған дәлел тәрізді. Алайда, жүрек көзінің ашылуы – жүрек иесі құзырында емес. Оған мінәйі себеппен Алланың құдіретті ықпалы тиюі тиіс. Бүгін Беннің жүрек көзі ашылуына ықпал ететін себеп пен салдар өте көп болды. Сол сияқты исі мұсылманның жүрек көзінің ашылуына бір жұмбақ құдірет таянып қалғандай көрінді.
Осы сапардағы ең басты олжасы – жүректе көз болатындығын ұғынды. Сол көз ашылғанда ғана адам баласына Хақтың сәулесі түседі. Егер сол көз ашылмаса – Алланы таныдым, ғибадат жасадым дегеннің бәрі бекершілік.
Бенджамин осы тұста бөгелді. «Хақтың сәулесі» – ақида, ихсан, құран аяттары болуы мүмкін екенін топшылай алмады. Өйткені, «Алла сендерге күре тамырларыңнан да жақын» деген аятты білмейтін еді. Тәңіршілдер Алланы іздесе, көкке қарап қол жаяды, пұтқа табынушы православ айқышқа қарап шоқынады. Себебі, жүрек көздері жабық, Алланың өзі жүрегінде отырғанын білмейді. Астронавт жігіт «құдай – жүрегімде» дегенді жалпы тұспалдайтын.
«Іштегі кірді қашырса». Байыбына барса, ішіне «кір» байланбаған жұмыр басты бар ма? Ең қиыны, ол «кірге» сенің өкілеттігің жүрмейді. Соған орай Абай «қашырса» дейді. Бұл сөзден әлгі кірді қашыратын өзге адам немесе әлдебір құдыретті күш екендігін тұспалдайсың. Бүгін мұның көкейіндегі «кірді» қашырған хакім Абайдың рухы болды.
Соңғы жол: «Адамның хикмет кеудесі». «Неге адамның кеудесі хикмет? Хикмет маңдайда емес пе еді? Жоқ, Құдай жүректе болса, адамның хикметі кеудесінде. Сондықтан, Алланы ақыл-санамен емес, жүрекпен қабылдау керек екен. Сонда Алла Тағала алдындағы мінәжатың қабыл болып, мына пәниде адамдық аманатты арқалап жүре аласың.
Иығынан жүк түскендей терең бір тыныстады. Ойламаған тұста Абайға келуін – үлкен жолға бастайтын кездейсоқтыққа балады. Енді жұлдызы жанып, АБАЙ арқылы әлемді аузына қарататын сыңайлы…
Ойымен арпалысқан астронавт жігіт Семейден Барнауылға қарай шығып бара жатқанын білмеді. Сол жақтан Дубай немесе Әбу-Даби арқылы Америкаға ұшып кетпек. Біріккен Араб әмірлігінде профессар Аднан Шарифпен жолығуды іштей жоспарлап қойды.
***
Есіктен депутат мырза кіріп келгенде лейтенант ұйқылы-ояу қалпынан демде арылып, орнынан атып түрегелді. Үйреніп қалған дағды бойынша сымша тартылып, оң қолын шекесінің астына сарт еткізді. Депутат амандасудың ишарасын жасап, басын изеді ме, тіпті иземеді ме – белгісіз, жанынан өтіп кетті. Кабинеттің нақ қожайыны келгеннен кейін әлгіндегі көкейінде түйілген дүдәмал ыдырап, мемлекеттік күзеттегі лейтенанттың көңілін байсалдылық жайлаған.
Соңынан барып байқап қою – көкейінде тұрды. Онда бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Берел Елизарин отырғаннан соң онша алаңдамаған әрі «генерал, жоғары лауазымды мемлекет адамын сыртынан аңдып жүргендей болмайын» деп іркілген. Бір жағы, мансапты меймандарды бейберекет мазалап, жұмыстарына кедергі келтіруден тайынған. Осындай әртүрлі себепті-себепсіз тосқауылдар жолын бөгеп, іркіле берді. Алаңсыз қалуға да реті жоқ, қипыжықтап қыл үстінде отырды. Уақыт болса өтіп барады. Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Салмон Йон мырзаның көмекшісі сыптығырдай тұлғалы жігіт сыртқа шығып кетті. Оны әлденеге жұмсаған шығар деген байлам күдік тудырмады.
Түн жарымынан ауды. Ақырын көтеріліп, Самариялық мәдениет орталығын сыртынан тыңдады – тып-тыныш. Құлағын түре түсті – ештеме естімеді. «Келіссөз жүріп жатқан болар» деп ойлады. Жәй адамдар болса маңына жолатпайтын еді, бұрынғы министр, бүгінгі ықпалды депутат тапсырғаннан соң, ішке кіргізуге келісіп еді. Артынан генерал аптыға басып, өзі де келді. Енді таң жуықтап қалды, тапжылмай әлі отыр… Сабырсызданды.
Босағада ұзақ бөгелуге сыртынан аңдып жүргендей болмайын деп, тағы тайсақтады. Сосын діңкесі құрып, төмен құлдады. Орнына келіп жайғасты. Тура алдындағы қабырғаға ілінген цифрлы электронды сағат 03.56-ны көрсетіп тұр. Басшылыққа хабар беруге оқталды. Бірақ тағы ол райынан қайтты, қайтатыны – сондай жоғары лауазым иесінің өз кабинетінде отыруы оғаштық емес, оның 24 сағат жұмыс істеуге құқы бар тәрізді. Көп жағдайдың парқына бара қоймайтын әшейін адамдардай шулап, даурықпады, жанжал шығарып, даңғаза жасамады – сондықтан мұның баса-көктеп кіруге еш реті жоқ. Бұл әрекеті әрі заңсыздық болар еді, ал осы уақытқа дейін жұмыс кабинетінде отырғанын баяндау – оның үстінен шағым түсіргендей сезіндірді. «Ертең өзіне бұл ісінің зауалы тие ме?» деп тайсақтады. Бұлар бір ауыз сөз айтса бітті, күзет басшылары құрдай жорғалап, өзін әп сәтте жұмыстан алып тастауы мүмкін. Ондайда ішкі регламенттік тәртіпті де ескермейді. Содан кейін бала-шағаны бағатын нәпақа тауып көр.
Екі ойдың ортасында қалды. Шынтуайтында мұныкі – ережені өрескел бұзу. Оларды кешкі алтыдан кейін ішке кіргізбеу керек еді, кіргізсе де бірге ілесіп баруы тиіс болатын. Бірақ, аса мәртебелі меймандарға, депутат мырзаға ондай шектеу қоя алмайды. Екі оттың арасында жалынға шалынды. Әне-міне дегенше сағат 04.27-іні көрсетті. «Төрт қырыққа дейін шыдайын, болмаса басшылыққа хабарлаймын» деп ұйғарды. Тағы да көтеріліп, сырттай барлап қайтты – өлі тыныштық. Төмен түсті, дегбірсіздене 04.40-ты күтті. Электронды циферблат өзі межелеген уақытты көрсеткенде, телефонның тұтқасына қолын соза берді.
Демнің арасында өзге таяу постағы күзетшілер «Пирамидаға» жетті. Төртеуінің басы құралып, Самариялық мәдени орталығының есігін қақты. Еш жауап жоқ. Қаттырақ тоқылдатты. Тырс еткен үн жоқ. Есікті серпе ашып, ішке кіріп барды. Ауызғы бөлмеден ешкім назарға ілікпеді. Келесі кабинеттің есігі тарс бекітулі, шамы сөнген. Тоқылдатты – жауап қатпады. Дегбірсіздене ашып қалғанда, қиғаш түскен жарықтан орындықта рабайсыз отырған екеуді көрді.
– Дереу 002-ге хабарлас, полиция шақырыңдар! Жедел жәрдем қажет! – деп айқайлады ауысым бастығы капитан. Әрмен қарай жүрмей тоқтап қалды, өйткені қылмысты құқықтық тергеу жұмыстарына қатысты криминалистер өздері келіп араласуы тиіс еді.
Демде аласапыран басталды да жөнелді. Төбесінде жыпылық көзі бар машиналар бажылдай шыңғырып, бірінен кейін бірі келіп жатты. Құрал-саймандарын көтерген саперлар, ит жетектеген із кескіш тыңшылар, оқиғаны дәп басып білетін криминалистер, әр нәрсені қалт жібермейтін тергеушілер бәрі-бәрі осыннан табылды. Солардың арасында жедел жәрдем де жетті. Алайда, мұндайда ең әуелі іске криминалистер араласады екен. Олардың бірінші ұмтылғаны Берел болды. Бір жағына қисайып, аузынан суы ағып кетіпті. Жүрегін ұстағанда тіршілік белгісі білінбеді.
Екінші назар аударғаны – Саймон. Оның қойнындағы бомбаны көргенде бәрі кейін серпіліп, кезекті саперларға берді. Мамандар аса сақтықпен жарылғыш затты тексергенде, оның көзбояушылықпен жымыңдаған жәй әшейін құрылғы екенін білді. Бір абыройы – қалпенің қалжырап қалғаны болмаса, дін аман.
Қылмысты іздеушілер бәрін барлап болып, жедел жәрдем дәрігерлерінің кіруіне ұлықсат берді. Айналасы он-он бес минуттың ішінде екі жапа шеккен адамды бірін тірі, екіншісін өлі қалпы алып жөнелді.
Бұл кезде күзеттегі жігітті тергеу шұғыл басталып кеткен еді. Кіреберістегі камерадан бейнежазбалар алынды. Бейуақытта ғимаратқа келген адамдардың кімдер екенін анықтауға арнайы қызмет мамандары қауырт кірісті.
Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Салмон Йонның қан қысымы төмендеп көз алды қарауыта, басы айналады, жүрегі айниды. Денесінде өзге жарақат жоқ. Оны ауруханаға орналастырып, дәрігерлер бақылауына қойды.
Депутат Берел Елизариннің денесіне моргта соттық-дәрігерлік сараптау жүргізілді. Құлақ шекесіне тиген соққының ізінен басқа еш көгерген, жарақаттанған жері жоқ. Биологиялық материалдарды химиялық талдау қорытындысы бойынша ағзасында ешқандай бөтен заттың құрамы табылмады. Дәрігерлердің анықтауынша, науқастылықтың салдарынан қаны тасып, сағат төрттердің шамасында жан тапсырған. Шынтуайтында ешкім осы уақытқа дейін бетіне тура қарап көрмеген жоғары лауазымды шенеуінік бүгінгі саппастығына намыстан өртеніп, қан қысымы көтеріліп өлген еді.
Тергеу жұмысы осы тұста тығырыққа тірелді. Күзетшінің айтуына сәйкес «Салмон Йонның көмекшісімін» деген бір адам түн ортасында шығып кеткен. Өзге ештемеден бейхабар, мына оқиғаға қатысы жоқ. Оны күзет ережесінің тәртібі бұзылуы бойынша жауапқа тарта бастады.
Енді бір және негізгі жауап алатын адам – Салмон Йон. Ол ауруханада жатыр. Жетіп барып сұрақ қоятындай Қазақстан азаматы емес, үлкен халықаралық шараға келген бір елдің дінбасы. Онымен тілдесу ендігі тұста Сыртқы істер министрлігінің рұқсаты, соның үйлестіруі арқылы жүзеге аспақ.
Таңғы алтыларда Сыртқы істер министрлігінің шеф-протоколына телефон соғылды.
Сол-ақ екен ол Израиль елі делегациясына жауапты Таяу шығыс және Араб елдері департаменті директорына қоңырау шалды. Директор қызметкерлерін дүрк көтеріп, өзі жанұшыра Салмон жатқан Президент іс басқармасының ауруханасына жөнелді. Жағдайын көзімен көріп, нақты ахуалды саралап, басшылыққа баяндау тікелей міндетіне кіретін.
Науқас жатқан бөлімді, емдеуші дәрігерді тауып алды. Сосын өзін таныстырды.
– Мен Сыртқы істер министрлігінің қызметкері едім, мінекей қызметтік куәлігім. – Қалтасынан құжатын шығарып, дәрігерге ұсынды. – Мына науқас тікелей біздің қарауымыздағы ресми делегацияның өкілі. Күтпеген кездейсоқ оқиғаға ұшырапты. Жағдайын білейін деп келдім. Бүгін бірнеше елдердің президенттері бас құрайтын халықаралық шараға қатысуы тиіс еді… – Ләмінің соңын лажсыздыққа ұшырағанын аңғарта аяқтады.
– Жағдайы бір қалыпты, қан қысымын жұмыстық нормаға келтіру мақсатында шара қабылдап жатырмыз, қазір система қойылды.
– Палатасына кіріп, бір ауыз тілдесіп шығуға бола ма?
– Болады, менің қатысуыммен кіресіз және бес минуттан артық бөгелуіңізге болмайды.
– Сол жетеді.
Жігітті бастап, Салмон жатқан палатаға алып келді.
– Good morning! How are you?[2] – деді дипломат жігіт.
Кешегі өздерін әуежайдан қарсы алып, мейманханаға жайғастырып, кешкі аста да қастарында болған азаматты таныды.
– Норма. – Жымия бос қолын көтерді. – Менің съезге қатысуым керек. – Дауысы сыбырлай негізгі миссиясын білдірді. Дипломат дәрігерге қарады.
– Бұл кісінің дәстүрлі діндер съезіне қатысуы өте қажет.
– Ештеме уәде ете алмаймын, бақылау керек. – Дәрігер әйел департамент директорына шаншыла қарады. – Қазір бөлім меңгерушісі келеді, сол кісімен сөйлесіңіз.
– Келістік, міне сағат 7-ден 10 минут кетіпті, біздің шара 11-де басталады. Оған дейін жақсы болып қалар. Қазір министріме баяндаймын, мүмкін Президенттің іс басқармасы медицина орталығынан арнайы топ шығарып, солардың бақылауымен алып барармыз.
– Көрейік, мен ештеме айта алмаймын.
Дипломат енді шетелдікке қарады.
– How are you?
– Қалым жақсы, қан қысымым қалпына келсе, өзге денсаулығыма шағым жоқ.
– Жақсы екен. Сіздің съезге қатысуыңызға барынша ықпал етемін. Алаңдамаңыз, ем қабылдай беріңіз, мен осындамын.
– Окэй, окэй, – деді Салмон.
Жігіт дәрігер екеуі палатадан дәлізге беттеді.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі» уақытында ашылмақ болып, Тәуелсіздік сарайының фоэесінде делегаттарды бір сағат бұрын тіркей бастаған. Кіреберісіне таяу бірнеше металл іздегіш турникеттер қойылып, жан-жақты кедергі жолақтармен қоршап тастаған. Хаттама мен ережеге сәйкес мемлекеттік күзет қызметі келушілерге қас қақпай қарайды.
11-ге 20 минут қалғанда Тәуелсіздік сарайының алдына үкіметтік кортедж легі таянды. Ілгерідегі жол бастаушы полиция көлігі мен соңындағы жедел жәрдем машинасы қапталға қарай бұрылып кетті де, есіктің алдына қара машина келіп тоқтады. Одан жанында Сыртқы істер министрлігінің Таяу шығыс және Араб елдері департаменті директоры бар Израильдің Бас ашкеназийлер раввині Салмон Йон түсіп келе жатты. Әдеттегісінше көпшілік жиындарға қатысатындағы діни рәсімде киінген. Дінбасының көңілін хаттамалық рәсімде өтетін мына халықаралық шарадан бұрын, нөмірдегі сейфке салған бес миллион доллардың жайы көбірек алаңдатып, жүрегінің басына қыпыл байлады…
Бұл уақытта электронды ақпарат құралдары Мәжіліс депутаты Берел Елизариннің кенеттен қан қысымы көтеріліп көз жұмғаны жайлы шұғыл ақпарат беріп те үлгерген еді.
Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ