Жұлдызы жанған — Жұматай!

                            

                                           Ақын боп өмір кешіру оңай деймісің, қарағым,

                                                 Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның…

                                                                                    Төлеген Айбергенов

                                            

Қазақтың тарланбоз ақыны, осыдан тура сексен жыл бұрын дүниеге келген Жұматай Жақыпбаевтың маңдайына Алла-Тағала небәрі 45 жас ғұмыр жазыпты. Сол қысқа ғана ғұмырында ол артына өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетіне өзіндік қолтаңба сыйлап кетті. Жұматайдың әкесінің аты Сағади, анасы Сара апамыз еді. Сағади ақжарқын, ақкөңіл адам-тұғын, бұрынғы Алматы облысы, Талдықорған ауданы (қазіргі Жетісу облысы, Ескелді ауданы) Жетісу ауылының сол кездегі ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Көзі ашық, көңілі ояу, хат танитын, өте қалжыңбас кісі еді. Қолынан домбырасы түспейтін, керек кезде ән салып, жанынан өлең құрастырып шырқап та жіберетін. Сара апамыз өте қарапайым, балаларына дауыс көтеріп «әй» демейтін сабырлы да салмақты жан еді. Жеті құрсақ көтерген. Үлкені Шора менің туған жездем, Салиқа деген әпкеме үйленді. Шорадан кейінгі Шаметай (азан шақырып қойған аты — Самарқан) өнерлі болатын, қолынан баяны түспей, қоңыр үнімен тойлардың сәнін келтіруші еді. Шаматайдан кейін дүниенің есігін ашқан Жұматай ағамыз (азан шақырып қойған аты Жұмағұл-Шора) мектеп қабырғасынан бастап өлең-жырға құмар болып, көп оқып, көп тоқыған білімді де білікті жігіт болып өсті. Жұматайдан кейін Мәнтай қарындасы, одан кейін Бақтай қарындасы, Бақтайдан кейін Марат інісі, Мараттан кейін Бөкен інісі өмірге келді. Жақыпбаевтардың бәрі өнерлі болатын, сол кездің өзінде отбасылық ансамбль құрып, елге танымал болған. Бүгінгі күні олардан бір ғана тұяқ – Бақтай қарындасы қалды.

Жұматай ағамыздың балалық шағы соғыстан кейінгі жылдармен тұстас келді. Елдің еңсесі әлі көтеріле қоймаған шақ. Соған қарамастан Жұматай ағамыз балалық шағын бақытты күндермен теңестіреді. Жетісу орта мектебінде оқып жүргенде мектептің қабырға газетін басқарып, тәртіпсіз оқушылар жөнінде қабырға газетке сатиралық шымшымалар жазып, оқушыларды күлкіге қандыратын. Кейбір оқушылар Жұмағаңа ала көзімен қарап, тиісуге жол таппайтын. Мектеп кітапханасы мен ауыл кітапханасындағы ақын-жазушылардың кітаптарын жалықпай оқып, достарына ой салатын. Сабақты жақсы оқығанымен қатар домбырамен күй шертетін. Жұматай ағамызбен мектеп қабырғасында бірге оқыған кластас достарының арасынан шыққан танымал адамдар — қоғам, мемлекет қайраткері болған марқұм Көбес Ақылбаев, әнші-композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ағайша Исағұлова, жан досы (марқұм) Жайлаубай Тойлыбаев ( «Досқа сыр» деген өлеңі бар), Гүлсара Дайырова, (марқұм) Аманбол және т. б. азаматтар. Олармен бірге өткізген күндері сырға толы, жайдарлы уақыт еді.

Мектепті 1963 жылы бітіріп, Талдықорғандагы мал-дәрігерлік техникумға түскенін біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Математика пәнін жақсы оқығаны сонша, есептерді шемішкеше шағатын, – деп еске алады кластас досы Ағайша апамыз.

Бірақ ол техникумдағы оқуын тастап, арман қуып Алматыға бір-ақ тартады. Барысымен КазГУ-дың филология факультетіне оқуға түседі. Поэзияны жанындай сүйген Жұмағаң ақын-жазушы ағаларымен, өзі қатарлас достарымен араласа жүріп, қызығы мен қиындығы бірдей студенттік шағын Алматыда өткізеді.

Жұматай ағамыз КазГУ-да оқып жүргенде бокс үйірмесіне қатысып, талай жарыста топ жарған мықты спортшы, спорт шеберлігіне кандидат болғанын айта кетейік. Алматыдан ауылға келген көрші балаларды жинап алып, бокстың әдіс-тәсілдерін үйрететін. Қусақ өзенінің жасыл алаңында былғары қолғап киіп алып, бокстасатынбыз. Кейіннен інісі Марат Жақыпбаев Алматыдағы физкультура институтын бітіріп, одақ көлемінде көптеген жарыстарға қатысты, спорт шебері атағын алды. Құлтай Жақыпбаев ағасы да бокстан спорт шебері.

Жұматай аға каникулға келгенде әулеттің қара шаңырағында кішігірім той болатын. Бауырлары, қарындастары, достары жиналып, үйінің үлкен залында ән-күй шертіліп, бір жасап қалушы ек. Әлі есімде бір келгенде қазақтың талантты ақыны Марат Отарәлиевті ертіп келіпті. Ол кісінің қолындағы «Қалампыр» деген жыр жинағын таласа-тармасып көргеніміз әлі есімде. Шашын артына қайырған, қыр мұрынды, жұқалау келген жігіт екен. Сонда бірінші рет тірі ақынды көргенбіз. Өлеңдерін мәнерлеп, қоңыр үнімен оқиды.

Жұматай ағам оқуын бітіріп келгеннен кейін жұмыстың реті болмай, өз ауылында шопанның көмекшісі болып бір жыл қой бақты. Қой соңында жүріп телеэкраннан испанияның ғажап ақыны Гарсиа Лорка туралы хабарды көрген Жұматай ағам «Көктеудегі көріністер: Сұр тұсақ, қойшы бала және Гарсиа Лорка» деген патетикалық баллада жазды. Шығармада:

Гүл лақтырған айғайлап төңірегі,

Қандай ғана ғажайып өмір еді.

Бала Лорка қозыдай сүйкімді еді-ау,

Дана Лорка қозыдай қоңыр еді.

Жендеттердің қарасын батырып күн,

Жіберген соң, Мадрид, ақыры ұқтың.

Отан емес! – Фашистік Испания –

Өзі өлтірген өз төлін мақұлық-тын! –  деп түйіндейді. Бұл дегеніңіз ұлы ақынға деген шынайы сезім мен ақын жүрегіндегі мұң мен шер еді.

Ақын Жұматай көп ұзамай облыстық радионың тілшісі болып қызметке орналасты, содан кейін сол кездегі Алматы облыстық «Октябрь туы» газетіне жұмысқа қабылданды. Газет тілшісі ретінде ақынның қаламынан ауыл шаруашылық саласына арналған проблемалық мақалалар мен очерктер дүниеге келіп жатты. Журналистік қызметін атқара жүріп, өлеңін шыңдай түсті. Республикалық басылым беттерінде жарияланған өлеңдері қалың жұртшылықтың жүрегінен орын ала бастады.

Жұматай ағамыздың қазақтың тамаша ақыны Зайда Елғондинамен таныстығы 1975 жылы Зайда Көксу аудандық газетінде әдеби қызметкер болып істеп жүргенде басталған. Кейін облыстық «Октябрь туы», («Жерұйық») газетінде бірге қызмет етіп, үйлі-баранды болды. Қыздары Айкүн өмірге келді. Жұматайдай ақынға адал жар, асыл ана бола білген Зайда өзі де ақындық жолға түсіп, қаламынан туған «Қырдың қызыл реңі» (1984), «Қандай сұлу таң еді» (1986),  «Менің ғасырым» (1989),  «Мұнар мен гүл» (1994) жинақтарымен қоса сүйген жары өмірден озғаннан кейін Жұмаағаңның әруағын асқақтата отырып  жазған «Менің ертегім»  (1997),  «Зайда-Ғұмыр» (2002), «Махабат пен мұң» (2003) кітаптарын шығарды. Соның бәрі Зайда ханымның жүрегінен туған мұң мен шер екені даусыз. Бұл шығармалар қалың оқырман іздеп жүріп оқыған ғажап дүниелер.

Осы газетте істеп жүрген кезінде ақын Әбен Дәуренбековпен, Тоқтасын Сүгірбековпен жиі араласты. Жұматай ағамыздың бір топ өлеңі назарына іліккен қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиев «Ой, мынау талантты ақын екен, ауылда жүріп не бітіреді» деген оймен Алматыға шақырып, «Жалын» баспасының жанынан шығатын, өзі басқарып отырған «Жалын» альманағының поэзия бөліміне орналастырды. Жұмағаң ол жерде 10 жылдай жұмыс істеді. Бірге істеген белгілі жазушылар Кәдірбек Сегізбаев, Досан Жанботаев, Жанар Әбдешовалар Жұматай ағамыздың жақсы қасиетерін айтып күлдіріп отырады. Жұматай ағамыздың күйшілік өнері сол кезде байқалған. «Жұматайдың жұпбасары», «Ләйлә келген», «Зайда көрген», «Қажытай» күйлерін майталман күйші Секен Тұрысбеков пен Ерболат Үсенов нотаға түсіріп, ел алдында орындап жүр деп естиміз.

Жұматай ағамыз Алматыда жүрген талантты жас ақындарды  жинап, «Жыр қағанатын» құрады.  Олардың әрқайсысына өмір тәжірибесіне қарай атақ пен шен береді. Қағанаттың кеңесшісі Қажытай ағамыз болыпты. Талантты ақын Мейірхан Ақдәулетов – елхан, орысша-қазақша бірдей жазатын Әуезхан Қодар – гоуан, ақын Әбубәкір Қайран – саид, одан кейінгі Есенқұл Жақыпбеков, Нұрлан Мәукенұлы, Есжан Айнабеков, Қайрат Әлімбеков, Бауыржан Үсенов (марқұмдар), Светқали Нұржанов,  Гүлнәр Салықбай, Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбаевтар ноян болған. Бас қосып, өлең-жыр оқып, бір-бірінің шығармаларын талқылап отырған. Айтысып-тартысып қалғанда Жұматай ағамыз оларды сабырға шақырып, ақыл-кеңес беріп, басу айтып отырыпты. Көбінесе Жұмағаңның шаңырағында бас қосып, Зайда ханымның жайған дастарқанынан дәм татып кетеді екен.

Енді Жұматай Жақыпбаевтың өлең-жырларының ерекшеліктеріне тоқталайық. Жұмағаңның туған жері Жетісу ауылы — қасиетті жер. Сонау Сарноқай мен Мыңбұлақ, Ойсаз, Шажа, Суықтөбе, Шоратұғыл, Үшбұлақ, Бекбау жерошағы, Балдырғанды, Аңқоймас сияқты көк жайлауларын, сарқырап ағып жатқан Қаратал, Көксу, Қусақ өзендерін жырлап өткен ақынның табиғатты суреттеуінде мін жоқ, тілі шұрайлы, ғажап бояуларды әсерлі жеткізе біледі. Тура суретшінің қолынан шыққандай. Туған жер туралы мына өлеңін қараңыз:

 

Туған жерім, сені ғана түсінем,

Судың емес, қайнарысың күшті әннің.

Жабайы алма, жасыл шетен ішінен,

Тамылжиды таңғы арманы құстардың.

 

Туған жерім, әлемдегі ел түрлі,

Таңдай қаға қарау үшін мың сан күн.

Әспеттеуге, бейнелеуге көркіңді,

Тілімнің бар акварелін жұмсармын, — дейді. ( «Көктемгі хаттар» 193-бет).

 

«Көш жолы. Қайнар» өлеңіне назар салайық:

 

Астаудай ақжем, арнадай шұңғыл бұралаң,

Арғымақ күшін, атанның белін сынаған.

Аққұмақ жолдың айылдай ғана енімен,

Алалы жылқы, ақтылы қойлар шұбаған.

 

Алабас таудың құймышағындай құзынан,

Атамыз тартқан маршруттарға қызығам.

Топырлап өткен, тасырлап соққан тұяқтар,

Тауларды кертіп, тастарды үгіп мұжыған, — дей келе:

 

Ақкөңіл самал аңқылдай сөйлеп сайларда,

Алдыңнан жайлау астарсыз кілем жайғанда.

Белбеуін шешіп бесінде кімдер түспеді,

Бекбауда жатқан белгісіз мына қайнарға, — деп жалғастырады.

 

Қандай сөз, қандай теңеу! Жұматай ағамыздың кез келген өлең-жырында көңілден шыққан көненің көзі мен дананың сөзі айшықтанып тұрады. Мысалы: «Мамырым менің», «Көктемге хат», «Ойсазда», «Той. Саржайлау», «Өлкемде өсімдіктің ырғыны — гүл», «Сарноқай саздары» осы айтқаныма дәлел. Жүректің түбінде жатқан тау бұлағындай әуезділігі мен саздылығы ерекше әсер қалдырады. Сондықтан Жұматайдың «Ат туралы», «Кенежирен», «Кенежиренді Шора сатып жібергенде», «Көкпар» өлеңдері қазақ поэзиясының төрінен орын алған шығармалар деп нық сеніммен айта аламыз. Жұмағаңның ат баптауда ерекше қасиеті болғанын жан досы Жаукен еркеше еске алатын. Сарноқай мен Мыңбұлақ, Ойсаз жайлауларындағы тойларда талай рет бәйгеге қатысып, көкпарда бағын сынаған. Жұматай ағамыздың «Көкпар» өлеңіне өзінің кластасы, әнші-композитор Ағайша Шермұхамедқызы Исағұлова ән шығарып, бұл ән 2000 жылы «Жаңа ғасырға – Жаңа ән!» жабық байқауында Гран-при жүлдесіне ие болды. «Көкпар» әні шырқалғанда қаныңыз қозып, жаныңыз рахаттанады. Бірде Ойсаз жайлауында шопандар тойы болып, сол тойда Жаукен досы құла қасқа атын жаратып бәйгеге қосады. Сонда Жұматай кермеде тұрған құла қасқаға қарап: «Жәке, мына атың бүгін бәйгенің алдын бермей бірінші болып келеді. Қара да тұр…» — деген екен. Жұмағаң айтқандай құла қасқа ат бәйгеден бірінші келіп, жүлдесін алған.

Енді Жұматай ағамыздың музасына айналған Ләйлә сұлу туралы циклға ойысайық. Ләйләдай ару жайлы айту да, жазу да оңай емес. Осыдан жиырма жылдай бұрын «Қазақ әдебиеті» газетінде (21-қазан, 2005 ж.) «Жұматайдың Ләйләсі» деген көлемді мақалам жарияланды. Сол мақаланы жазарда Астанаға арнайы барып Ләйләнің анасы Балапан Арынованың үйінде болдым, анасымен де, Майра сіңілісімен де әңгімелесіп, сұхбат алғам. Анасы қазір бақилық болды, туған сіңлісі Майра ғана бар. Ләйлә Мәскеу қаласында тұрып жатыр. Бір ұлы бар. Күйеуі араб жігіті болған. Композитор ағамыз Әсет Бейсеуов Текелі қаласында қызмет істеген жылдары «Меңді қыз» деген ән жазған. Бұл ән де Ләйлә Бейісбекқызы Досмұхамбетоваға арналған болатын.

Жалпы Жұматай ақын Ләйлә туралы 100-ге жуық өлең жазған деген әңгіме бар. Оның тең жартысы жоғалып, өртеніп кеткен дейді. «Жалын» баспасынан 1981 жылы жарық көрген «Ләйлә» атты (4,1 баспа табақ) жыр кітабында соның біразы басылған. Жұматай  ағамыз Ләйлә қызға ғашық болып, қазақ поэзиясындағы махаббат тақырыбын шырқау көкке көтерген бірден-бір ақын екені даусыз.

 

Бойы дәл, маған жасы дәл,

Дастаннан алған атты да.

Қап-қара көзі, шашы бар,

Ән көріп едім аққұба, — дейді ол. ( «Аққұба ән», Жұматай Жақыпбаев 1- том, 40-бет ).

Махаббаттың символына айналған Ләйлә бейнесі ақын жүрегінен алғаусыз төгіліп тұр. Жүректегі сезім отын Жұмағаң осылай жырлап, күллі әлемге паш етті. Ақынның Ләйләға арнаған өлеңдері қазақ қызына арнап жырмен соққан ұлы ескерткіш десе де болғандай.

Бүгінде Жұматай ақынды танымайтын қазақ жоқ. Ол халық жүрегінде, ел санасында. Тұманбай Молдағалиев ағамыз: «Жұматай! Сен қазақтың болашақ ұлы ақындарының бірісің!» — десе Олжас Сүлейменов: «Жуматай – истинный и даже редкий поэт!» — деп бағалаған. Ал  Асқар Сүлейменов: «Оның өлеңдері табиғи бітімі, концепциялық айшықты ойы жағынан да ұлттық поэзиямыздың айтулы олжасы, оқшау құбылысы. Әр шығармасы шыңыраудан су шығарғандай көрінеді» — деп өте жоғары баға берген. (Жұматай Жақыпбаев, 2-том. 165 бет). Енді бір айтатын нәрсе «Алтын қалам-2017» әдеби конкурсының «Жылдың үздік драматургия және киносценарийі» аталымы бойынша жеңімпазы атанған ақын-драматург Жомарт Айдаров (марқұм, Шымкенттің азаматы, ) Жұматай ағасы туралы «Жұлдызды – Жұматай!» деген пьеса жазған. Бұл пьесасы «Дүние ғажап» ( «Алматы-Болашақ» баспасы, 2019) деген кітабына енген.  Осы кітапты Талдықорғандағы Бикен Римова атындағы театрдың Бас директорының қолына өткен жылы апарып тапсырғанмын. Жетісу өлкесінің тумасы Жұматай ағаларыңның 80 жылдығы келе жатыр, соған орай сахына төріне шығарсаңдар деген тілек айтқам. Орындала ма, жоқ па — бір тәңірге ғана аян.

Ақынның көзі тірісінде «Жалын» баспасынан «Саратан» (1979),  «Ләйлә» (1981),  «Шұғынық гүл төркіні» (1984), «Көктемгі хаттар» (1994) жинақтары жарық көрсе, «Атамұра» баспасынан «Ләйлә» (2002) атты толық жинағы оқырман қолына тиді. Зайда ханымның құрастыруымен «Ан Арыс» баспасынан «Жұматай Жақыпбаев» (2013) деген атпен 2 томдық шығармалар жинағы қайта басылып шықты.

Есімін есте қалдыру мақсатында Жетісу облысының Ескелді ауданына қарасты Сырымбет ауылының орта мектебіне Жұматай Жақыпбаев есімі берілді. Жақында өзі оқыған Жетісу орта мектебінде Жұматай Жақыпбаев атындағы класс пен кабинет ашылды. Онда Жұматай ағамыз жайлы жазылған естелік кітаптар мен газет қиындылары, өзі ұстаған заттары, бірнеше суреттері жинақталған.

Жырсүйер қауым аман тұрғанда Жұматай Жақыпбаев ақынның аты өшпейтініне сенімім кәміл. Бүгінгі жас ұрпақ Жұмағаңның жырларын іздеп жүріп оқиды. Сондықтан да Жұматай ағамыз — жұлдызы жанған ақын. Жарық жұлдыз ешқашан сөнбек емес. Ол — мәңгілік!

        Сайлаубай  Тойлыбаев

                

 

 

 

 

 

 

 

 

 




ПІКІР ЖАЗУ