Біздің тірлік
Бара жатыр күн сайын
үміт деген ғажайып,
Қой жалаған дамылсыз,
қара тұздай азайып.
Сүлде сынды көлеңке
иектейді ел жатпай,
Аманаттар анталап,
сығады кеп толғақтай.
Ешкімге де пайдам жоқ,
опат қыппын көп күнді,
Босағаға жабысқан
арам шеміршек сынды.
Көрінсін деп көтерді ел,
біз шықпаған қырқадан,
Айдын мұзда таймайтын
азамат боп нілтабан.
Жасаймын деп бір ерлік,
көктем алдап, қыс алдап,
Туған елім саған да
болыппын-ау мысалдат.
Бір Алланың қолында, тағдырымның бұйдасы,
Туу, өлу озалдан фәни-дүние мирасы.
Жанарымды шел басты,
түк көрмеймін тозаңнан,
Жүгерідей шоршимын,
шыға алмаймын қазаннан.
Ғаламшардың жаншиды,
бар қағысы жиылып,
Отырамын түндерде
марту басып бұйығып.
Салалаймын ұстап ап,
сылқым ойдың елесін,
Күзенге ұқсап іңірде,
аттың жалын өретін.
Шығам арман арқалап,
әрбір таңда ататын,
Кешке қарай құлаймын,
жетпей қалып шақатым.
Аламандар шуласып,
жүрер жолға кілем сап,
Өлтірмесең әйтеуір,
бір келерсің шүлен-сәт.
Бәрі кетті…
Беу, бала шақ, қойсам да
асылға орап,
Пейіш құстай жоғалдың
жасыл қанат.
Қайда сол бір аналар күншуақта,
Бір-бірінің жүретін басын қарап.
Сүйретіліп мүрденің шетін сүйеп
Келдім екен қорымға нешінші рет…
Көп жақсыдан
айырылып қалдым жолда,
Бекеттердің шамындай жетімсіреп.
Кең дүнием,
сен неге күрт тарылдың,
Іштім қайғы сорпасын, ұрттап удың.
Оңашада жас шыпшып жанарымда,
Шыдай алмай бетімді
сыртқа бұрдым.
Көктем өтті, барамын жолға асыға,
Аяқ артып мезгілдей жорға атыма.
Қайсыбірін айтайын, адамдар-ай,
Түскен кезде ұқтым-ау өз басыма…
* * *
Кім айтар бізге төрелік?
Мысалдат еді дегізбе.
Адал сүт емген нар едік,
Туғандар елу сегізде…
Қиындық көрсек әр уақта,
Топтанып шықтық жата алмай.
Тоғыттан шығып жел жаққа,
Саулап бір тартқан отардай.
Тойларда қолға гүл алып,
Биледік қызбен аққудай.
Аязды түнде бұралып,
Қотаннан шыққан ақ будай.
Көшпелі қызыл алтындай,
Жырымыз жүрсе ел кезіп,
Шауыттап ақша алқынбай,
Нағыз бір бақыт — сол дедік.
Қалмады түгі екшеліп,
Кешегі біздің көп арман.
Басына қауға кептеліп,
Басы ауған жаққа жоғалған.
Жайқалып қырда өсіп ек,
Шалғы да тиді-ау шалғынға.
Сан құрдас кетті шетінеп,
Дауа жоқ ажал-малғұнға!
Асау құс едік жым болдық,
Қағамыз алға текірек.
Алаңсыз сол бір күндерді,
Аңсайды ене көкірек…
* * *
Тау мен тасқа соққылатып басымды,
Бойда желік жүруші еді жасырын.
Мезгіл желі лүп еткенде басылды,
Қайнаған сүт көбігіндей ақырын.
Тосты мені маңдайыма жазылған,
Қыл көпірлер өмір, өлім жігіндей…
Соны ойласам дір етеді нәзік жан,
Өрмекшінің белгі берер жібіндей.
Құрбан болам дейтін
менің жолымда,
Әке-шешем кетті қайтпас орынға.
Бөгелектің сіркесіндей жабысып,
Кетіп барам уақыт сенің жалыңда.
Қайда, барам,
бармын ба әлде, жоқпын ба?
Еш дыбыс жоқ,
даусым жатты жаңғырып.
Тұрдым талай жұлдызды
аспан астында,
Балшық басып шыққан
аттай мәңгіріп.
Кірдің суын еміп өскен күлдікте,
Айналып өт қасиеті жоқ гүлден.
Ылғи жолым болмағасын тірлікте,
Бірте-бірте ырымшыл
боп кеттім мен.
Сәби өңді бұзды жылдар қиқалап,
Ғұмыр өтті жалғыздықта, аулақта.
Біздің өмір елеусіздеу күйтабақ,
Әр нәрсені еске салар бейуақта…
Қыр соңымнан қалмады сарыуайым…
Ей, ұлығым, әлсізге ақырмашы,
Қор болуда онсыз да ғаси жасы.
Кердең көрсем қозады ақ сайтаным,
Ұстай қалар басымның сақинасы.
Өзіңнен де зор шығып сигектетсе,
Үкіге сап қаңтарда дірдектетсе.
Алақайлап, садақа айтар едім,
Сені сорға шимұрын сүйреп кетсе.
Түкпірімнен бір ашу лоқып лез;
«Тыпырлатып, дегендей тақымын ез»
Суға салған карбиттей бұрқ-сарқ қайнап,
Талай жерде сорлатты осы мінез…
Қырға сыймай, жүретін ойға сыймай,
Батырларым бұғыпты айға атылмай.
Ұлы аламан сәтінде сұқ көз тиіп,
Қалш-қалш етіп ауырған
бәйге атындай.
Енді мына жасымда іргені үрлеп,
Жер тізерлеп барайын кімге билеп?
Өмір жолым қисайған доңғалағы,
Ескі арбаның ізіндей ирек-ирек…
Аяқ асты әйтеуір бітпе демім,
Сабыр бер деп алдыма жіп керемін.
Жүдеп жүрем
жығылған өркештей боп,
Қоңданғанда қайтадан тіктелемін…
Топтан қалмай, айналаң күлсе күліп,
Серпілейік, қайтеміз жүйкені үгіп
Қой байғұс та ішінде бір терінің,
Күн кешпей ме бір арып, бір семіріп.
Мына маған не болды о, құдайым!
Сорығайын десем де, арылайын.
Киіміме жабысқан ошағандай,
Қыр соңымнан
қалмады сарыуайым…
* * *
Күні кеше қорықсам да
көре қалдым,
Қорым көп-ті қойнында
қара жалдың.
Бір от жанып тұрды
ұзақ ақ жұлындай,
Қара түнде үстінде обалардың.
Ант атқырлар,
халықты торықтырып,
Баратқасын сүйретіп, өлік қылып.
Бабалардың болар ма өкініші,
Маздап берген
қабірді жарып шығып?!
* * *
Небір қайсар жойқындарды,
Қойды заман міскін ғып.
Үрпиісіп халқым қалды,
Нәлет айтып ышқындық.
Жүректердің кіл шаншуы,
Дерт емес бұл қашанғы.
Қара құрттың бір тамшы уы,
Жықты жардай атанды…
Қамшым сабы күміс еді,
Желбірейтін айдарым.
Ойбайыңнан тыныш еді,
Сонау күнгі байбайым…
Бейуақ
Батқан күннің соңғы арайы,
Бояп кеткен шабдар бұлттан.
Түсер жерге өлеусіреп
Қызыл сәуле қалған-құтқан.
Сәлден кейін ол сәуле де,
Жоғалады су сепкендей.
Қалқыр сосын қара бұлттар,
Судағы бір шикі өкпедей.
Көңілімнің қайда қошы,
Қайраңдайтын ой кемесі.
Науқас жандар үзілетін,
Шәйтан жортар бейуақ осы!
Әке
Айдалада жалғыз үй, жиын көрмей,
Қырқалардан құйғытып
құйын-желдей.
Жыл он екі ай
малменен арпалысып,
Ең болмаса Айтта да мігір көрмей.
Жел еспепті қашан да маңдайыңнан,
Ит тірлікте мынадай қайда думан?
Естілетін астынан екі-үш қырдың,
Кіш-кішің мен айғайың мал қайырған.
Қу жалған-ай, жоқ-барды іздеткізіп,
Отырмапты туғанмен тізбек құрып.
Шабатын да жүретін, ащы тері,
Арқасына ақ сортақ тұз боп шығып.
Жолмен жүрмей сен айтқан батпақтаппын,
Ақылыңды пайда ғып оқсатпаппын.
Кейде түске енесің қайран әкем,
Айғай салып үсінде
көк қасқа аттың…
* * *
Жүрем бе көрісем деп бір заманда,
Дер еді көрсе біреу:
«жынды адам ба?»
Аулыңа барып едім салт атпенен,
Суырған алай-дүлей құм боранда.
Жүзіме алау-далау көп қарадың,
Әйтеуір, даусыңды
естіп мас боламын.
Үйіңді тапқанменен құмға толып,
Ашылмай қалып еді қос жанарым.
Дір қаққан, жаны аумайтын жапырақтан,
Сендей жан таппадым
бар атыраптан.
Басымды алдыңа алып, тілің салып,
Көзімді тазалап ең топырақтан.
Бірімін мен де бүгін ант атқанның,
Ішімді ит жыртса да байқатпаймын.
Ілуде сол қылығың еске түссе,
Өз-өзімді қоярға жер таппаймын…
* * *
Мезгілдердің жаңылмайды есебі,
Қол жеткізбей судыр қаққан кешегі
Биіктегі құс таңдай көк жапырақ,
Енді міне, тышқандардың төсегі.
Қарашаның қара желі бұрқырап,
Қаңбақ босты
ыққа қарай зырқырап.
Мың сан бастар құдіреттің күшімен.
Жаһаннамға
баратқандай шырқырап.
Армандар-ай, адамға
ырық бермеген,
Есер желдей көйлегіңді кеулеген
Ең керемет өлеңімді түбінде,
Өледі ақын енді жазам деуменен…
Аттан да жоқ,
тіл қатысар жан да жоқ,
Алды, артыңда бұрқыраған
шаң да жоқ,
Қуғыншы да, қара да жоқ қасыңда,
Сөйтіп, солай,
сап тыйылар мәңгі әлек…
* * *
Жаздың түні. Перрондарда,
Назды әуендер тарады әсем.
Сылқыған көк вагондарда,
Кімдер кетіп барады екен?
Балғын шақта ойнап-күлген,
Тозады екен оралың да
Жырақ қалып жаннат күннен,
Жалғыз тұрмын о, дариға!
Кәріліктің соры белден,
Сақал-шашың сірә, қырау.
Қош, қош, енді сері дәурен,
Көрсем тоймас құмарым -ау!
Балшырын шақ туды, кетті,
Қызыл шуын шұбатумен.
Қан қақсаған бұл жүректі,
Келем әзер жұбатумен…
* * *
Кезім болар үштен-төртке аттаған,
Қыс еді бір атой салған ақ боран.
Отырғызып терезенің алдына,
Мал жайлауға кететін-ді ақ мамам.
Әйнек біткен қырауменен көмілген,
Бала көңіл әр нәрсеге емінген.
Ішім пысып,
сыртқы әлемге қараушы ем,
Сол әйнекке тесік жасап деміммен.
Шыр көбелек айналдырып бір дүлей,
Жақтауларға қар қонады үлбірей.
Кең дүниемен
жалғастырар алданыш –
Сол бір тесік жалғыз көзді дүрбідей.
Кеткен кезде қиып сені өмір-ау,
Дәм таусылып,
соғылғанда қоңырау.
Анда-санда жер үстіне қарайтын,
Қалдырса ғой
Алла осындай саңылау…
* * *
Жалғысырап,
жамылып қаралай мұң,
Кейде күзде орманды аралаймын.
Шор-шор болып
қалыпты қайта қайтып,
Қайнай-қайнай
шайыры қарағайдың.
Сан ағындар құйғанда
сарқырап кеп,
Құладың ба қалжырап, тәлтіректеп.
Сәулемнің де көз жасы жүрегінде,
Қатты ма екен осылай
бершімек боп?!
* * *
Бет сипамай аруаққа қауымдағы,
Аманат пен парыз да ауырлады.
Аяқ ақсақ, жер шалғай,
қолым қысқа,
Талай тойдан шет қалдым ауылдағы.
Күдер үзген шығар-ау сірә, менен,
Хабар күтіп, қағады құлақ елең.
Бекет атам секілді жетіп барсам,
Құс боп ұшып сиқырлы дұғаменен.
* * *
Қалғып жатқан
жанартаудың оқпанын,
Көрдің бе сен,
шашады әлі шоқтарын.
Қиын екен жүрек соғып тұрғанда,
Махаббаттан баз кешуің, тоқтауың.
Рас, қазір пайғамбарлық жастамын,
Алдым қия, артым бұлдыр ақ сағым.
Әлі менің суырмамда сақтаулы,
Иіссу иісі бұрқыраған хаттарың!
* * *
Сағыз деген өзен бар…
Дария едің-ау шалқыған бұрындары,
Шәрдәрідей суыңның шырын дәмі.
Қырық күнгі шілдеде
мал мен жанның,
Сая табар саған кеп шыбын жаны.
Біз үшін қасиетті Ніл суындай,
Сағызым, көктемдегі кілкуіңді-ай!
Толқындарың қаракүл елтірінің,
Қара көк бұйра жібек ылтырындай.
Жағаңа кеп бірауық түйіп әсер,
Біздейлердің мыңы кеп,
мыңы кетер.
Қанаты тие қалса шағаланың,
Су беті шұқырайып жымың етер…
Кез келер жанар солып, шатқаяқтар,
Айнадай айдынына көп қарап қал.
Сиырдың таңдайындай иректелген,
Қайраңда ойнақ салар ақ шабақтар.
Сенен басқа өзен жоқ бұл тарапта,
Зираттарды құм басты қырқа жақта.
Құрғап қала жаздайсың
кей жылдары,
Ұшыраған адамдай қылтамаққа.
Нұрлы өзенім,
қалайша сағынбассың,
Бағын аштың қаншама
жалын жастың…
Көмегін жасамадым ең болмаса,
Аузымен су тасыған қарлығаштың.
Қауіп етіп талай рет айғайладым,
Қайтейін, жылдан
жылға қайраңдадың.
Айырлып Сағызымнан
қалам ба деп,
Көкірегіме көнектей шер байладым.
Жұлдызбын ғой сөнетін
мен де түнгі,
Дүниеге екі келерім-келмесімді
Біле алмадым,
содан соң ақ Сағызым,
Жырға қосып кеттім
мен келбетіңді…
38 комментариев
Анонимговорит
07.07.2021в04:51Өте керемет жазылған
өлеңдер.
Шабыт тілеймін !
Бекжан Сүлейменовговорит
12.09.2021в09:08Жақсы өлеңдер.
Қыстаубаев.Тынышбай.Сайынұлы.говорит
28.07.2023в21:04Жұмабаев аға ,ассалаумағалайкум! Алла қуат берсін сізге,шабытыңыз тасып,жазарыңыз көп болсын! Тамаша өлеңдер,аман жүріңіз!
Қыстаубаев.Тынышбай.Сайынұлы.говорит
28.07.2023в21:06Жұмабаев аға ,ассалаумағалайкум! Алла қуат берсін сізге,шабытыңыз тасып,жазарыңыз көп болсын! Тамаша өлеңдер,аман жүріңіз!
Таңатар Дәрелұлыговорит
07.07.2021в21:04Текөзінше ғана жырлайтын сезімнің ақыны Жұмабай бауырым. Естімеген теңеулер есіңді алады екен. Бірдеңе деп айтудың өзі артық. Тек оқи беру керек. Жұмабайдың өлең әлемі кең де жарық, солай бола бергей, інімнің амандығын тілеймі
Темiр МЫҢЖАСговорит
12.09.2021в07:57Басымды көтере алмай оқып шықтым. Әсерге бөлендім. Сөз саптауы да, теңеулері де, түйіндеуі де керемет.
Жанияговорит
07.07.2021в21:42ШЕДЕВР!
Князьговорит
08.07.2021в11:29Жұмеке амансынба үй-іші аманба,бізде аманбыз жұмыста жүріп жатырмыз Жұмеке мына жазған өлең шумақтарыңыз
керемет ауылда өткен өмірімізді бір мезетте еске алдырып ауылдың өмірін,әке-шешелеріміздің өткен өмірлерін еске алдырттыңыз Жұмеке сізге денсаулық еңбегіңізге жеміс тілеймін ,сіз сияқты артына ұлағатты ,мағыналы сөз қалдыратын ағаларымыз аман жүрсін!
Аманжол БЕКЕНБАЙговорит
12.09.2021в19:23Жұмабай, шабытың шалқып, өлеңдерің көкке өрлесін! Жерлес, құрдас, КазГУ-дің түлегі екенбіз (юрфак). Мақаттанмын. Астана-Атырау жүріп жатқан жай бар. Оқырманыңды қуантып, амандықта бол! Атырауға жол түсіп жатса хабарлас!
Узил Жумашова.Арыстан кызыговорит
08.07.2021в11:34Жумабай,калайсын?Уй- иштерин аманба?Озин жаксысынба?Мына жазган олен шумактарынды окып,кандай толкып,козимнен жас ериксиз жас томалады.Бариде коз алдымнан откен бурынгы аке-шешен бар кездери бир-бирлеп тизбектелип келип жатты.Бариде орынымен,ар кезенимен,зулап жаткан толкымалы-шалкымалы омир,кайтемиз сол агынмен журип жатырмыз гой.Жан-жагвмыз,агайын-тугандарымыз,бала-шагамыз аман болсын деймиз.Аман жур!Талабын талмай бииктерден корине бер !!!
Айбол Құрмановговорит
08.07.2021в12:50Өлеңдеріңізді оқыдым,тамаша айтылған аман жүріңіз Жұмабай аға.
Мажитова Майраговорит
08.07.2021в13:41Өлеңдеріңіз керемет сыршыл екен, Жұмабай аға! Мен сіздің баяғыдаан оқырманыңызбын. Атыңыз аталса елеңдеп қалам. Аман жүріңіз.
Анонимговорит
08.07.2021в14:38Өлеңдері көңілімен ұнады.Әсіресе Сағыз өзені туралы жазғаны.
Қайырғали Есболаев.говорит
08.07.2021в15:13Жұмеке рахмет, балалық, жастық шағымыз көз алдымыздан өте шықты.
Марат Есенгельдинговорит
08.07.2021в16:36Ғинеке, ассалаумағалейкум! Мына өлеңдердіңде бір бізбен қоштасқандай сарын бар ғой! Өмір алда, әдемі өлеңдеріңді жаза бер! Әсіресе біздің ауыл жақ туралы.
Қыстаубаев Тынышбай Сайын ұлы.говорит
09.07.2021в06:19Жұмабаев Аға ассалаумағалайкум. Өлеңдеріңіз керемет, мәнді мағыналы екен.Аман жүріңіз.
Жұмабай Рахишев.говорит
09.07.2021в09:47Жүрек қылын шертесің Жұмабай інім,өлеңің де,өмірің де таусылмасын!
Қайдаров Мәлік Уәйісұлыговорит
11.07.2021в21:57Ақын Жұмабайдың өлеңдері өте тартымды, шынайы жазылған.Ақынның өскен ортасы ұлттық колоритке бай екені, оның өлеңдерінен көрініп тұр.Қазақы сөздермен ойларды көркем қолданған.
Серікбай Аманов.говорит
13.07.2021в12:04Жұмабай нағашымның, өлең жазудағы стилі бөлек. Теңеулері қандай, таңданасың! Архайизм, көнерген сөздерді көп қолданады. Ұғынықты, оқи бергің келіп тұрады.
Әлімбай Әбдірахманговорит
12.09.2021в06:14Әдемі өлеңдер! Әдемі!
Гүлнарговорит
12.09.2021в07:07Автордың атын бiлгенiммен, бiрақ өлеңдерін бұрындары оқымаппын.Естiмеген теңеулер.Өлеңдерi өте тартымды.Оқи бергiң келеді.
Аман жүрiңiз!Қаламыңыз мұқалмасын!
Тайшекенов Бекболатговорит
12.09.2021в07:46Ақ Жұмаш сен менің Мұқағалимсыңғой, мына өлеңдеріңді оқып бір тебіреніп қалдымғой. Біз құсаған елден жырақта журген адамдардың жүрегін тебірентіп, көңілдерін босатты ау. Жаңа өлеңдерің көп болсын! 58-туғандар 75 -мектеп бітіргендер сенімен мақтанамыз!
Темiр МЫҢЖАСговорит
12.09.2021в07:58Басымды көтере алмай оқып шықтым. Әсерге бөлендім. Сөз саптауы да, теңеулері де, түйіндеуі де керемет.
Анита Жолдаскызыговорит
29.07.2023в08:43Өлеңдері көп ой салады. Шабыт тлеймин аға
Әзірбай Мұратұлыговорит
12.09.2021в08:56Аман болыңыз! Жұмаға!
Есенбайговорит
12.09.2021в10:45Ассалаумағалейкум КазГудегі жатақанада Майра жеңгейдің талай шәйін ішіп едім, жеңгейге шығарған өлең жолдары бар ма?
Кикбайговорит
12.09.2021в10:54“Кейде түске енесің қайран әке, айқай салып үстінде көк қасқа аттың”
Керемет екен!
Жұмекеңнің өлеңдері әкені еске салды!
Қаламың мұқалмасын!
Тлектес Раузакызыговорит
12.09.2021в11:08Жумабай, айналайын, амансындар. Шыгармашылыгына табыс тлеймин. Откен омирин, ага женгенин келбети тап таза шынайы бейнеленген. Асиресе Изторе агамнын бойын жазып айттай да алмады дегенин менин акемнин де сол тирликпен кеткени есиме тусип, коз жасыма ерик бердим. Кайран агаларым ай. Шукир, оздери корген бейнетти балаларым кормесин деп кетти гой аке шешелеримиз. Олендерин тамаша, айтатыны жок! Аман жур, жарыгым, сыртыннан тлекшимин.
Әбдіғаппар Әмірбековговорит
12.09.2021в12:45Жұмеке ! Айналайын керемет өлең шумақтарың жастық шақты еске түсіргенің , кәртейме , қаламың қарымды ұшқыр болсын ! ! !
Әбішева Күләндаговорит
12.09.2021в14:17Өлеңді өндіріп жазса ғана, жүрекке жетеді. Сұлу сөзге сусаған жанның шөлін басар жыр жолдары. Ғажап теңеулер, ұғынымды ұйқастар! Ақынға шалқар шабыт, талмас талап тілейміз!
Заряговорит
12.09.2021в19:07Жұмеке, сіз тек қоғам дертін аяусыз әшкерелейтін тікенек тілді , өткір публицист қана емес, ойлы жыр жазатын тамаша ақын екенсіз ғой!
Жиенбет Зайдолла Әбілұлыговорит
13.09.2021в10:14Жұмеке, амансыңдар ма? Зейнекелікке шықтың ба? Бірнеше өлеңдеріңді оқып, керемет сезімге бөленіп отырмын, Әр тақырып жүйелі, мағанасы терең, болмаған теңеулер әсерлі шыққан. Шабытың шыңдалып шарықтай бер Жұмеке
Қожаберген Ахметұлыговорит
15.09.2021в05:25Жұмабай ғұмырлы бол
ұзақ жаса.
Оқыдым өлеңіңді таң тамаша
Өмірге азаматсың , құштар жансың
Түңілме жүрек оты маздап жансын.
Қожаберген Ахмет —Керімбекұлы
Алтынбекговорит
15.09.2021в07:27Ассалаумағалайкум Жұмеке жиен, әкемнің айтуы бойынша тентек екенсіз, олда энергия ғо. Адуынды болған жақсы. Ауылдан шыққан алыпсыз 👍👍👍
Анита Жолдаскызыговорит
29.07.2023в08:41Өлеңдерініз өте тартымды. Аман жүриниз. Әдемі өлеңдер жаза бериниз. Шабыт тлеймин.
Қыстаубаев.Тынышбай.Сайынұлы.говорит
28.07.2023в21:08Жұмабаев аға ,ассалаумағалайкум! Алла қуат берсін сізге,шабытыңыз тасып,жазарыңыз көп болсын! Тамаша өлеңдер,аман жүріңіз!
Асылбек Мұқанбетқалиұлыговорит
29.07.2023в08:42Өте көркем дүниелер екен. Дүниеге хас суреткердің көзімен қарап, орайы сирек келетін образ-теңеулері мықты. Мысалы, қырау басқан терезе алдында отырған баланың демінен еріген мұз-қырау-саңылаудан жарық дүние көрінуі мен татар дәм таусылғанда о дүниеден бұ дүниеге көз салар оймақтай саңылау сұрауы Алладан керемет!