Қара базардың бүгiнгi Арынғазы атты миллионерi қараңғы түнде шырт ұйқыда жатқан жерiнен шошып оянды. Тұсындағы жiбек шатырлы шамдал шамның түймесiн басып қалғанда-ақ жарқ ете түскен жарыққа көзi шағылысты. Қыбылаға қарата тұмсығымен шаншыла iлiнген қасқырдың көзiнiң орны бiрталай аралыққа жырылып, тап сол жердiң қылшықтарына тұзды қақ тұрып қалғандай айғыздана ағараңдайды. Арынғазы қасқыр көзiнiң орнындағы мұншалықты жырыққа бұрын зер салып қарамағанына таң бола, аңырып қалды. Егер ашып қалса жыртқыштың жанарымен ұшырасатындай тұла бойы тiтiренiп өттi.
Жамылғыны белiнен төмен түсiре етпетiнен жатқан әйел тыр жалаңаш қалпында ұйқыға кетiптi.
Анау қабырғаға iлiнген қасқырдың терiсiне ерiксiз көз салды. Арланы, әлде қаншығы екенiн айыра алмай бiраз әлек болып тұрды. «О, көр соқыр, екi аяқты сорың құрғыр пенде, оны бiлгенде саған келiп-кетер пайда кәне» дегендей жымсиған қасқырдың бас терiсi ендi сәл күтсе түлкiге айналып шыға келетiндей көңiлi ойсырап, одан сайын олқы тартты. Терезеден сыртты шолып қараудың өзiне көңiлi шаппады. Атшаптырым ауладағы шетел машиналарының бiрiнде қазандай басы тап-тақыр, шойыннан құйылғандай иығы мен мойны тұтаса бiткен кеспелтек қорғаушысы қорылға басып ұйықтап жатқаны анық. Кезектi өкiмiң жүретiн мезет бұл кәпiрiң тағы сарабдалдық танытып, бiр нүктеге қадалып барып қабағын шытынатынын өзiнше қарсылыққа жоритын. Жазғаның сөйтсе iшкi толқынысын сыртқа жария ғып алатын әдетi екен ғой. Қайдағы бiр қорғаушысының қылығын сонша қаузап, жанына сеп боларлық опа iздегенiне қатты қынжылды. Шынтуайтына келгенде қорғаушы дегенiң де әшейiн дағара.
Арынғазы тұтқиылдан келген осы бiр тоқтамын таяныш тұтып, елегзулi көңiл күйiн бiр сәтке сабасына түсiрдi. Бұрыш жақтағы шағын жапон телевизорының қолдан басқарғыш түймесiн басып, бiраз арналарды аударыстырып көре бастады. Нәпсiлерiне тию да, тойым да жоқ арғымақ пiшiндi әйелдер бұрала билеп, бұлғаңдап-ақ жатыр. Бәрiнен де көздерi тұмандана, тоят тiлеген қалыптарында құмарлыққа шақыратын әзәзiл бұлқыныс көңiлiне әлсiз тербелiс әкелгендей. Осы бiр әлсiз тербелiстен бұл әрқашан секем алып, пұшайман боп пәсейе қалатын әдет шығарып едi. Сол-ақ екен әйел жатқан бұрыштағы шар айнаға қарай дыбысын шығармай, мысықша сақ басып барды. Қазақ ұрқына көп келiңкiремейтiн өз ұсқынына ұзақ үңiлдi. Көмiрдей қап-қара қою шашының әрi жерiнде қылау қонақтағандай ақ шаш ағараңдайды. Салбыраңқы мұртының су ағарлығы да аппақ. Осы күйiнде тұра беруге дәтi жетпегендей бұл маңайдың шамын сөндiрiп, көлеңке ұйысқан айнаға ерiксiз және бiр қарағанда сәуле шағылысып түсiп, аржақтан өз сұлбасы күңгiрттеу қараңдады. Iшкi сарайы да түнектенiп, телевизордың бетiндегi жаңағы жалаңаш әйелдердiң парықсыз қимылдарын бақылап, бiрер мезет алданыш тұтты. Алдындағыдай жанын жеп, жұлқына сiлкiнiп, құмарлық атаулыдан кекiрелеп, бәсеңдеп, баяулаған қызусыз қозғалыстарда мән қалмағандай едi. Келесi арнаға ауыстырып қалғанда құдды мұның үйiндегi жағдайдан аумайтын көрiнiс көлбең етiп шыға келдi. Тыр жалаңаш қалпы етпетiнен жатқан әйелдiң қаперiне ештеңе кiрiп шығатын емес. Бiр жаққа жиналған еркек кiбiртiктеп, бөлмеден шықпай, онда-мұнда бiр барып, ақыры есiктiң тұтқасынан ұстай бере кiлт тоқтады. Артына жалт бұрылып, қимылсыз жатқан әйелге сазара қарап, аяңдап қайта оралды. Қарны қабақтай, жуан мойын неменiң бұ қылығын таң көрген күйi кiрпiк қақпай бағып тұрды. Содан соң төсектiң тұсына келiп, талтайыңқырай ыңғайланып алды да еңкейiп, әйелдiң тура май құйрығынан шөп еткiзiп сүйдi де аңсары қанғандай жайына жүре бердi. «Қап, атаңа нәлет мына шошқаның қылғаны-ай!» Жиiркене тiстенген күйi телевизорды өшiрiп тастады.
Әйелдiң майлы құйрығынан сүйген нақұрыстың кеспiрi кенет өз қорғаушысының ұсқынынан аумайтындай көрiнiп кеттi: «Бәлкiм, ол да сөйтетiн шығар?» деген күдiк қапелiмде келдi. Мұның өзiнiң бұрын беймәлiм ләззаты бардай, жеңсiк әуестiк бойын билеп, iшкi тоқтам жасауға мойынсұнбастан қасындағы әйелдiң белiнен төменiрек түскен жамылғыны ысырып, былай лақтырып жiбердi.
Арынғазы мына әрекетiнiң өзi осалдық екенiне аяқ астынан жыны қозып, өзiн-өзi сұмдық жексұрын сезiндi.
Ендi шалқалап жатқан күйi үйдiң төбесiндегi қилы өрнектерден сыр аулағандай бiраз тесiлiп қарады. Жастайынан бiрге өскен суретшi жiгiттiң осынша еңбегiн бұл өзi жеп қоймады ма екен? Анау жетектердегi шаршы-шаршылардың бәрiнiң бедерлерi дәлме-дәл есеппен түскенiн бұрын тап былайша байқамапты. Дүниенiң келуi қалай болса, кетуi де солай ма дейдi. Ал мына мың-сан өрнегiнiң қиюы келiсе тәртiптi жымдасқан әппақ заттың бедерлерi бұл өлiп кетсе де осы қалпынан танбай тұра беретiнiне аяқ астынан көзi жеткен сәтте айран-асыр бола түстi. Көзiн жыпылықтатып, оқырая қарайтын суретшiнiң қолынан шыққан нәрсенiң мұнша тұрақтылығын бұрын дәл бұлай ойлап па едi, ойламап па едi.
Тап осыдан он-ақ жыл бұрын бұл араққа салынып, қатын-баладан безiп, Алматыдан бiр-ақ шыққан күндерi жанын жүдетiп, жүрегiн ауыртудың орнына қимас шағындай қадiрi артып кетедi деп күтiп пе едi. Әуелi такси айдады. Жоспар, жоспар деп күнде тықақтайтын заман. Оның үстiне төртбақ келген таксопарк бастығының кеңiрдегi үңiрейген ашық аран едi-ау. Күндегi түскен ақшаның артық-ауыс үлесiне қанағаттанса жөн-ау, түннiң бiр уағында «бәлен жерде болам, мынадай кезде хабарлас, үйге апарып тастайсың» дейдi. Iшiнен «мұның бүйтiп рулас болған ағайынгершiлiгi құрып кетсiн» десе де сыр бермей, тымпиып жүре беруге тырысқан. «Менiң көңiлiмнен шыға алсаң жаңа машинаны жұлып әперу маған как пить дать» – дейдi. Қараторы, жалпақтау жүздi таксопарк бастығының үйреншiктi мұндай сөзiне елең етпеген күйi рульге жабыса отырып, қарсы алдынан көз аудармай ағызып келе жатады баяғы. «Әй, ұқтың ба?! Бiздiң арғы аталарымыздан сенiң аталарың бiраз қорлық көрдi деушi едi, соны кек тұтып, iшiңе жиып жүрген мүттәқым емессiң бе» – деп қарқ-қарқ күледi. Арғы аталары тұрмақ өз әкесiнiң бейнесi емiс-емiс қана есiнде. Мына төртбақтың аталарынан мұның бабалары о баста-ақ бiр мысқал кем жаратылған шығар? Әйтпесе неге осы бiр таксопарк бастығына ұқсатып бiр ұл туғызбаған? Мұның соны бетке шiркеу ғып басып, табалауының жөнi болғаны ғой, сонда.
Төртбақты соншалықты басындырып қойғанына қазiр сенер-сенбесiн бiлмейдi. «Ел аузына iлiгiп жүрген жақсың бар ма, ей?» – дейдi тағы тыныш тұрмай. Таксопарк бастығының дауыс әуенiнен мүсiркеушiлiк сарынды аулағандай iшкi бiр түсiнiксiз түйсiк арқылы қыстыға бастайды. «Әй, сенiң осы руың неге харам келедi?» Бұл жолы шындап ұрынатын ыңғайда бұған ежiрейе қарады. Төбеден бiр-ақ қойып қалғандай дөкiр сөз арқылы тағы ненi тұспалдап отырғанын аңдай алмай әлек болған бұл сасайын дедi. «Бүгiнгi тапқан выручкаңды ағаңа түгел қи, бiр жолы. Түздегi жеңгеңдi бiр мәз қып, көңiлдендiрiп қояйын». Төртбаққа жалт бұрылып, жүзiн барлап үлгiрген сәтте мұрнын шуылдата тыныс алған қамсыз-мұңсыз нойыстықтан өзге белгiнi көре алмай кiдiрдi. «Ел таксиге отырмайды, аға, бензиннiң өзiн ақтай алмайтын шығармын бүгiн» – деп күңк ете қалды. «Көн тартылса қалыбына түседi деген, зарлама, аузыңды қу шөппен сүртетiн ата кәсiбiңдi жасама маған! Тентiреп тезек терiп кеткен жерiңнен жұмысқа алған, бiлсең, мен едiм. Әйтпесе, сендей қаңғыған қазақ Алматыда толып жатыр». Ашуына ерiк берейiн деп бұл iшiнен бiраз әлектенiп бақты. Ар-намыс дегенiң әуелде өзiнде түп атасымен болмағандай қорыну сезiмi шаң бергенiмен өршiп-өршеленбейтiн тiрi өлiк сықылды аяқ астынан бiрдеңе болды да қалды. «Тоқта! – деп ақырды төртбақ бiр кезде. – Қазiр қарап тұр. Бiздiң парктiң кез келген таксисi менiң қарамды көргеннен-ақ жетiп келедi. Олар маған жақындаудың жолын таппай жүр. Түбiмiз бiр туысқан ғой деп есiркесем, қадiрдi бiлмейтiн көрләт екенсiң ақыры, көзiме көрiнбей, жоғал!»
Арынғазы кең құс төсекте шалқалап жатқан күйi таксопарк бастығының сондағы ақырғаны құлағының түбiнен қайтадан сол қалпында естiлгендей елең ете түстi. Ол кезде бұл бәрiн көтерiптi. Ендi ойлап қараса, сол таксопарк бастығының құны мұның айналасында жүрген қорғаушыларының бағасынан да кем екен. Қанша алса да құтаймайтын қу шығар, бәлкiм. Бесiктегi бала атын естiсе жылағанынан сап тиылатын нөкерiнiң бiр-екеуiн соған жiберiп көрсе әлде қайтер едi? Жаздым-жаңылдым деп, өлердегi сөзiн айтып, жалынып-жалпая ма, жоқ әлде қарағайға қарсы бiткен иiр бұтақтай шорт сынатын көксоққанның нағыз өзi ме екен? Ондай қазақты кезiктiрудiң өзi екiталай-ау, бiрақ. Мұның маңындағылардың көбi арбадан бұзылған ат тәрiздi, қағылған-соғылған. Жұмысты береке тауып iстемеген, қатыннан ажыраған, алды сотталып, арты сол маңайды бiраз шиырлаған өңкей ысқаяқ қулар. Сыртқы сыншыл назардан кейде ұялатыны да рас.
Санасына қалтырауық қауiп араласқанда дүниенi опасыздық жайлап алғандай көрiнiп, көз көрмес, құлақ естiмес жаққа безiп кеткiсi келедi. Сондайда жұрттың бәрi өзi сықылды ма, жоқ әлде басқаша күй кеше ме, түсiнсе бұйырмасын. Анау өзiмен терезесiн теңестiргiсi келетiн Жорабайға қараса мүлде бөлек. Бiр жағы шешесi де: «Сен Жорабаймен бақ таластырмай-ақ қой. Бәрiбiр, оза алмайсың. Оның арғы аталары малы арам өлiп қалса да «өрiсiм адал» деп сойып жей бередi екен. Олардың тұқымына, бiлсең, қарақазандық жаққан», – деп, құлағының құрышын қандырудан бiр жалықпайды. Сондайда шешесiн жаңадан танығандай жүзiне ұзақ үңiлетiнi бар. Төрт құбыласы түгел боп, бәрi асып-төгiлiп жатыр деген күннiң өзiнде осы анасы мен әйелi бiр жаманатты сезе ме, кескiндерiнде, әйтеуiр, айықпайтын мұң бары несi? Шешесiнiң ап-арық әжiмдi жүзiне шуақты мейiрiм сәл-пәл кiдiрiс тапса, көңiлiндегi кiр бiржола кететiндей емекси бередi. Бiраз жыл бастауыш мектептiң мұғалiмi болғандықтың әсерi ме, құдды үлгерiмi, нашар шәкiртiне құдиятындай кейiпке енген шешесi жөнсiз сестене қалады. Бетiндегi сепкiлдi шұңқырлардың орны күйiп қап, көлдiреп барып жаңадан жазылғандай бырыс-тырыс. Шешектен сау қалған тұстары қан-сөл жоқ және боп-боз. Әкесi сымбатты, сұлу болған деседi. Сонда мына кiсiге ындыны қалай ауды екен жарықтықтың. Күпiршiлiкке бармайын десе де көңiлiне келiп қалған ойды тежеуге еркi жетпей, iшiнен мырс етiп күлiп жiбердi. «О, плебей, сорлы, мәмбет, өзiңнiң алған қатыныңның ұсқыны жетiсiп тұр ма?!» Шешесiнiң уытты көзi ту сыртынан қадалып тұрғандай жон арқасы өзiнен-өзi шымырлай жөнелдi. «Балам, сенi Шикiл атаңның әруағы қолдап, жебеп жүр. Болдым-толдым деген тәкаппарлық көңiлiңе қонақтап қалмасын. Шикiл атаң жарықтық елдi аузына түгел қаратса да бiр көтерiлiп қоймайтын кiшiпейiл бопты». Дiнбұзар заманның мұғалiмi бола тұра Сарыбайдың атын тергеп, «шикiл атаң» дегенi бiртүрлi көрiнедi. Әйел жұрағатының атын тергегенiне бола Сарыбай күретамырлары бiлемдене адырайып көрiнiп тұратын сарғыш кiсi боп елестейтiнi несi екен? Шалдар да жалпағынан Сарыбай демей Сарекең деп әспеттейтiн жарықтықтың әруағы қолдайтындай бұл кiм сонша? Дүние құрағанның бәрiнде кие бола берсе алалы жылқы, ақтылы қойды алдына салып айдаған анау Жорабайдың арғы атасы да тегiн емес шығар онда. Бiрақ оны жақсы кiсi едi дегендi естiсе екi құлағы тас керең болсын. Қуыс үйден құр шықпайтын қазақтың ежелгi салты. Сау етiп қонақ келе қалса келiн-кепшiк бейшаралар үлкен қара шәугiмдi мосыға iлiп, от жаға бастағанын тымырая сызданып, бағып отырған Жорабайдың атасы: «Бұларды суғарайын деп пе едiңдер, түгi» – деп, ұрсып жiбередi екен. Құдайдың қара суына дейiн есептейтiн қаттылыққа кейде сенер-сенбесiн бiлмей дал болады. Жорабайдың ындын-ниетiнен тiптi хабарсыз екен. Екi арада әшейiн түздегi сыйластық қана. Сүзiлiп қараған уақытта ернi дүрдиiп, домбығыңқы жүзiнiң жiпсиiп қана көрiнетiн қос шырағы борсықтыкiнен аумай қалады. Бейiл қойғанда бiрмойын жыртқыштай бүкiл денесiмен бұрылып, қортықтау бiтiмi одан сайын тұқшиып, сазара кiдiрген мезетте қоңырқай көздерiнен жылт еткен нұр бiлiнсе де салғырт райынан танбайтынына қайран. Бiр кезде барып қызықты нәрсе айтатындай көздерi күлiмдейдi. Бiрақ әлгi рең лезде көмескi тартып, көзiнiң айналасы қалталана жиырыла қалғанда күйзелiстi нышанға енгендей болады.
Тап сондай сәтте Жорабайдың нендей әңгiме айтатынын есiне түсiруге тырысып көрдi. «Атаңа нәлет большевиктердiң атамнан тартып алған мыңға тарта жылқысын бүгiнгi үкiметтен дауламасам ба, қарап тұр. Жер сатыла бастаса атамның жайлауы мен қыстауын жекешелендiрiп алуым керек». Жорабайдың әңгiмесiнiң ауаны осыдан артыққа бармайды екен. Оның жаны тыныш, жамбасы бос әйтеуiр. Көңiлiне уәйiмнiң көлеңкесiн қондырмайтын қылиып қоймас бiр қоңдылық бар. Бұл құсап өз ойымен өзi арпалысып, түн баласы сенделiп шықпайтын да сияқты. «Сен төңiрегiңе бұрынғы өңкей бөтелкелестерiңдi жиып алдың. Көзiң тая бере бәрi араққа бас қояды. Бiреуiнiң саған жаны ашып, кiшкене сеп болайыншы деген ниетi жоқ. Ал ана өзiңдей Жорабайға қара, кiм көрiнгенге сен құсап шашылып, далбақтамайды. Тастай қатты жiгiт-ау, шiркiн», – деп едi, шешесi түнеукүнi.
«Бұрынғы бөтелкелестерi» дегенi таба сықылды жанын ауыртады. Қатын-баланы тастап ауылдан Алматыға таксист боп кеткен баяғы жылғы сол көзсiз тәуекелiне дәтiнiң қалай жеткендiгiне емес, өз басының сонша құлдырап, сұйылғанына ендi қайран қала бастады. Былай шыққан соң төртбақтың теперiшi де ұмытылады. Күндiз-түнi тынбай, ел ағылатын жаққа моторын заулатады кеп. Онда да мұның шекесiнен шеруен аттырып жiберетiн төртбақтар баршылық. Бұлардың мiнездерiнiң бәрi және ойнамалы. Түске дейiн киiз, түстен кейiн мүйiз. Ана бiреу жөнi жоқ үйiрiн қорып, сестенгiш айғыр құсаған сарысапалақ неме қазақша мен орысшаны араластырып боқтаған кезде ауылдастарынан бiреу-мiреу кезiгiп қалмаса екен деп сасады. «Әй, колхозшы, – дейдi бұған танауы делдиiп, көзi ежiрейiп. – Сенiң орның анау шет. «Кеше келген тоқалдар, шөмiш алып қоқаңдар» жүрмейдi бұл жерге. Бар». – Құдды бұралқы итке зекiгендей шүйiлiп төне түскен ананың көзiндегi зерлi уыт дегбiрдi қашыратындай тым суық едi. Оңаша жерде кезiксе құрығанда жағаласып көрер едi. Қазiр ұрынып, арандап қалса, мынанша көптiң iшiнен құрыды дегенде үш-төртеуi қоса жабылады. Шетке қарай ығыспасқа амалы қайсы. Сол замат анау қоқилана едiреңдеп «кеше келген тоқалдардың» мәнiсiн түсiндiрген кезде иттiң баласы орысшаның да майын тамызады-ау.
Арынғазы туған ауылында оңаша соқтырған үйiнде жанама жас әйелiмен бiр төсекте жатып, таксист боп жүрген кезiн есiне алған сәтте көңiлi босап, боркемiктенетiн күй кешетiнiне таң. Әйелге ындыны ауып, икемделетiн дағдысынан бүгiн жаңылып қалғанына iштей секемденiп қойды. Өкiнiш-назасының қысымына шыдай алмай, тана көздерiнiң шарасы жасқа шылана жаудыратқан Кәмила елестейтiндей. «Мен отырмын биiк ағаш басында, Неге отырмын Кәмила жоқ қасымда». Әйелiнiң қыз кезiнде осы өлең арқылы алғаш жуысқанын тарс есiнен шығарып жiбергенi қалай! «Алғаның бес биенiң сабасындай екен, баланы балпанақтай-балпанақтай ғып табатын шығар құдай аман қойса». Осы сөздi кiм айтып едi? Шешесi ме? Жоқ, жоқ. Ақыл-есi бар адам өзiне-өзi сұқтанатын сөздi айта ала ма? Мұнда қазiр не көп, туысқан көп. Тiл мен жағына сүйенген бiреуi жанын қинамай соға салған шығар? Жастығы, әлде, мастығы ма екен, бiр ауыз лебiздi бұл көпке дейiн малданып жүрдi. Қазiр сондағы қылығы үшiн бетiнен оты шыға ұялады. Әйел затына қазақтың көз мөлшерiмен қарау… тфу… масқара… Содан үш-төрт жыл өткен соң бiрде әзiлге шаптырып: «Менiң әйел алуымды күтiп тұрғандай көрiктi қыздар көбейiп кеткенiн қарашы» – деген. Ет-жеңдi әйелi асып-саспай бұған көзiн төңкере тастады. «Бәсе, сенiң ой-ниетiң далада жүр екен ғой. Байы жоқ қатыннан артық жерiм қайсы. Балалардың аяқ киiмдерiне дейiн тозды. Қарызым басымнан асып кеттi». Өзiнен-өзi қысылып, басын салбырата төмен салып, қимылсыз отырды да қойды. Сөзiнiң мұншалықты қақсалдығына таңырқаған жоқ. Бәрiнен де зайыпты етенелiктен мүлде жат қайманалықтан қорқайын дедi. «Бүйтiп не өлiнiң, не тiрiнiң санатында жоқ боп күн өткiзгенше бiржола жесiр қалғаным жақсы» – дедi, ал керек десең. Сөйткен Кәмила мұның амандығын құдайдан тiлей ме екен?
Қысылтаяң шақта қолұшын көп созған Береген бейшараның жақсылығы түкке татымай қалғанына қарағанда бiр кiлтипан бiр-ау, неде болса. Береген бұл күнде тiкелей Кәмиланың құлы, әйелi – күңi, отымен кiрiп, күлiмен шығады. Қаршадайынан бiрге өскен Берегеннiң мұнысына қарадай қатты қысылады. Бұл үйде бола қалса, апыл-ғұпыл амандасып, бiр шаруамен асығып-үсiгiп жүрген сыңай танытады. Оның үстiне Кәмила: «Баланы мектептен алып келе ғой» – дейдi қабағын ашпай. «Өй, Беке, кел, бiрге шай iшелiк. Мұрат кiшкене күтiп қалса ештеңе етпес» – деген бұған «қыстырылмай жайыңа отыра берсеңшi» дегендей, көзiн алартып: «Сәния сабақтан қалмасын, осы үйде тамақ баршылық, қайтып келген соң iшер». «Ареке, мен бара берейiн», – деп қипақтаған Береген сыртқа қарай жөнеп барады. Есiктiң көзiне дейiн назарымен ұзатып салған бұған: «Бұлардың iшiп-жемi, киiм-кешегi бәрi осы үйден. Өздерiнiң кендiрi кесiлiп қалған ба, қанша алып жатса да бiр тойдым «демейдi, шiркiндер». Мына жазған не деп барады? «Ешкiбас немесi, үйдi жөндеп тазаламайды да, алғаның арам болғыр», – деп Кәмила бұған әдейiлеп көрсеткiсi келгендей үстелдiң үстiндегi шаңды қолымен сызып, айғыздап тастады.
Арынғазы телевизорды қосуға оқталған ниетiнен тез айныды. Әйелiнiң тап сонысы күпiршiлiк емес пе, құдай-ау. Мұнысын айтса: «Сен қатындарыңды түгендеп ал» деп шап ете қалудан тайынбас. Шымырлаған қараңғы түнде шаптығып шыққан дауыс: «Әй, кейқуат, жетiлгенiң жетi-ақ күн» – деп, құлағының түбiнде саңқылдап тұрғандай көрiндi. Көкiрегi құдды өзiнiкi емес бөтен тұңғиық түнек тәрiздi жалғанды жалпысынан жатырқайтын туасы сирек ұшырасар бiр түсiнiксiз халде демiн ентiге алды. Бұдан былай таң атпасқа сертi бардай дүниенi жаншып басқан көрдей түн кеудесiне жылт еткен саңылау түсiрместен шымырлата маужыратып барады. Осы уақытқа дейiн iшкен арағы, тартқан темекiсi ақыры ауруханаларды жағалата бастапты. Бұл күнде ақмағамбетпен бiржола қоштасқанымен ескi серiгi-темекiнi қоя алмай әлек. Бағанадан берi шылым шекпей шыдағанына iшiнен таңырқай, шырағданның бiрiнiң түймесiн басып қалды. Журнал үстелiнiң үстiнде анар, апельсин шырындары құйылған ыдыстары сап-сары және қарақызыл тұнық түспен мөлдiрейдi. Бiр шетте сахараның құла түзiнде маң-маң басқан сорайған нардың бейнесi бар «Кэмал» темекiсiнiң бiр талын суырып ап тұтатайын десе шақпақ жоқ. Мына әйелдiң тұсындағы өзi сықылды ашық-шашық қалған темекiсiнiң жанындағы шақпақ жаққышпен тұтатып алды. Будақ-будақ түтiн шығарғанда жұмсақ кермек дәм қолқа өңешiнен көтерiлiп келе жатқан құлазу дүмпуiнiң бетiн қайтарғандай терең күрсiндi. Дене мен дене жанасып, бет пен бет табысқан күнде осы әйелмен бiр iшкi ниетi жуыспас салқындықтың пердесiн ысыра алмай-ақ қойды.
Иманы бар мұңды адамды ендi тапқандай алғаш құлап түскен. Бастапқыда еркiне оңай көнiп, қымсынып, ұяттан өртенiп кете жаздайтындай бұлқынып-талықсығанына дейiн сендiргенiн қайтерсiң бұл бейбақтың. Сондайда етжүрегi елжiреп, жылап-еңiрегiсi келетiн босаңдықтың жетегiне елтiп, дүниедегiнiң бәрiн тас ұмытып, тек осы бiр елiктiң лағындай ғана қорғансыз жанға бар мейiрiм-шапағатын төккiсi келмеп пе едi. Бiр кезде «жаным» деп сыңсып шыққан даусын естiдi. Әуелi құмарлықтың жалыны бәсеңсiмей лапылдап барып, кенет санасына суық сызат түскендей шекесiнiң бiр кiшкене бөлiгiнде салқындық орнай қалды. Әйел затына қараса есi ауысқандай көзiнiң қарашықтары ары-берi аунақшып, ойнап-төңкерiлген кезде құмарлыққа толы қызылжалқын сәуле шоқтай жанып тұрғанын аңдап сылқ ете түстi. Қырықтан асып, елуге қарай аяқ басса да өзiнiң осынша емексiп, ақымақ боп шыққанына қатты опынды. Мұндайдың тоятын қандырып, жанын бiржола жай таптыруға әпербақандау нойыс күш қана шақ келетiнi санасында қылаң берiп үлгiрдi. Тыпыршып, аласұрған мына жазған сонда қу нәпсi жолында өлiп кететiндей ыңырси жұлқынып кеп мұның бауырына тығылып, жалап-жұқтап, есуастана төменге қарай ойыса бастағанын да байқамапты. Адамшылық пен хайуандықтың екi арасының ара жiгi бiлiнбей кететiн оқыстықтан бiр iшкi тоқтамы арқылы тежелейiн десе де еркi жетпестен басы шыркөбелек айналып, құрдымға қарай зымырап, заулап бара жатқандай көрiндi. Ақыры , толас тауып, сұлық тынған шақта барып жас әйелдi бiршама барлай қарап, бөгелдi. Көкiрегi көрiктей көтерiлiп-басылып, екi иығын жұлып жеп тыныс алғанда жұқа танауы қусырылып, көзiнiң әлгiндегi қызылжалқын шоғы сөнiп, солғын тартыпты. «Сен осы жәләп емессiң бе?» – дедi тiстене сыбырлап. Бұл сөздi естiмеген сыңайда қимылсыз жатқан әйелдiң кiрпiктерiнiң қыбырлағанын ғана аңдады. Ынсап бояуы бiржола өшкен қан-сөл жоқ ұсқынында жазатайым сыр алдырып алғанына опынатындай, бiр ауыз тiлге келместен серейген қалпы қалды. «Сондағы сенiң ол сөзiң не?» деп әйел сұраған жоқ. Құмарлықтың шектен шыққан адуындылығы мұны бiржола дуалап алғандай араға екi-үш күн түссе бұл аңсайтынды шығарды.
Тек соңғы кезде ғана жиiркенiшке ұқсайтын түсiнiксiз нәрсе иектеп, денесi ғана емес, жаны кiрлеген сезiмнен арыла алмай жүр. Құдды iшiнде қыл-қыбыр қалып қап, қолқа-өңешiн сол жиi-жиi жыбырлататындай жүрегi айнитынды шығарды. Кене-тенеден жабысқан бұл да бiр дерт тәрiздi. «Бiттi, осыдан былай бұл бәлеге жоламаспын» деген iшкi тоқтамы арқылы тас-түйiн бекiнiп аттанған соң ұзамай мына әзәзiл перiнiң жаныға аласұрған кейпi елестеп, әлгi қыл-қыбыр сықылды нәрсе ендi жүйкесiн нәзiк қытықтай бастайтынын қайтерсiң, «Сенi жадылаған, өзiң ғана ауырып қоймай, менi де құртасың, молдаға бар» – деп тана көзiн жаудырата қараған Кәмиланың кейпi со бойы көз алдына келдi. Тап осы сәтте iшкi дүниесiндегi жыбырлай жөнелген әлгi қыл-қыбырға тұрып қалған iртiк-iртiк әлденеге жан бiткендей жиырыла домаланып, тырс-тырс етiп жерге түсiп жатқандай көрiндi.
Өзiнен-өзi селт ете түстi. Көңiлiне тұтқиылдан бiр тәкаппарлық келiп қалған жоқ па екен деп сезiктендi. Қатын-баланы тастап, қалаға тентiреп кеткен кезiнде машина айнасынан өз ұсқынына өзi сүйсiнген сол уақыттағы қылығын ендi келемеждеп, мырс етiп күлiп жiбердi. Пенде шiркiннiң үмiтiнiң үзiлмейтiнiне қатты таңқалды. Әйтпесе бұл сонда кiм едi, бар-жоғы жаман такси айдаушы. Такси айдап құтайғандар бiрен-саран бар шығар. Тиындап жинаған нәрсенiң берекесi қалай болатынын кiм бiлiптi.
«Кэмалдың» тағы бiреуiн аузына салды. Бiрақ тез тұтатып, аяғына жылдам шығатын бiр жеңiлдiк бар. Кенет тазысын көрмегенiне екi-үш күн боп кеткенiн ойлады. Ит екеш итте имандылыққа ұқсайтын тартымдылық барына таң-тамаша болды. Бұл қазақ иттi кiтаптағы нұсқау бойынша да баға алмайтын неткен сорлы десеңшi. Үйретiлген итке тек сиырдың етiн беру керек. Оған қарап жатқан Берегеннiң әйелi ме, жұғындыны құяды, сүйек-саяқтарды тастай салады. Қайта-қайта айтып, ескерте беру дардай адамға ұят екен. Iшi қабыса қатқан, ұзын сирақты, шұбар ала түгi тықыр тазысы да жарым көңiл шығар, бәлкiм. Араға апта салып қарасын көрсеткен иесiне таза берiлген иттiк ниетiн танытып, арсалаңдап алдынан шықпайды. Селт етiп сергiп те қоймайды. Ұяңдау iлтипатын да бiлдiрмейдi. Бұл неғылған тас бауыр бәле.
Сонда ғой бiр-екi жолаушыны жақын аралыққа апарып тастамақ үшiн ала салған. Атаңа нәлет бiреуi қазақ екен.
Қазақ десе өзiңе тиедi. Тас емес, құм санайтын қу боп шықты. Машина сиректеу жүретiн көшелерден өтпек боп бұрылса бiттi: «Әй, сен мына тиiп тұрған жерге жолды әдейi ұзартпа, бәрiбiр, екi сомнан артық төлемеймiн», – дейдi. Аузын дорбайтып тоң-торыстау тiл қатқанын ерен санамастан қалыпты отырды. «Мен қаланың бүге-шүгесiн түк қоймай бiлемiн. Төрт жыл техникумда, бес жыл институтта тегiн оқыды дейсiң бе». Айнадан жолаушының әлпетiн бiр-екi мәрте барлай қарады. Маған десе жиырма жыл дәрiс алса да добалдау бiткен тұғыраяқ неме сияқты…
Сенген төртбағының сиқы анадай, жолаушы дейтiннiң түрi жаңағы. Сонда бұл дүние не болып барады? Қатын-баладан тентiреп жүрiп кез болғаны – төртбақ та, тасығаны – әлгiндей тексiз. Аузының салуы жоқ ырыссыз сор маңдай шығар бұл. «Жақсыдан жаман туады» деген рас екен. Бұлардың әкесi арақтан өлмей-ақ, құдайдың жiберген ажалынан өлiп едi. Кiм көрiнгеннiң шылауында кетпейтiн айбарлы-ақ жiгiт едi, бейшара. Менiң шыққан тегiмнiң де аса сорлы болған жерi жоқ едi», – деп шешесi жазған түнеукүнi демалысқа барғанда көршi әйелге мұңын шағып жатыр екен ертеңгiсiн ояна кетсе. Мұны ұйықтап жатқанға ұйғара ма, жоқ, естiсiн деп әдейi қатты дауыстап айта ма, үнiнде, әйтеуiр, назалы дiрiл барын аулады. Қанша құлақ тiкпеуге тырысып, жастықпен бүркенiп алса да ындыны құри тың тыңдады. Мұнысынан қуыстанып, берекесi қашпайтын ұстамдылығына және таң. «Бәтима-ау, әлi жас қой. Еркек адамның қалыбына түсiп, адам боп, кетуi оңай емес. Жасында әрi-сәрi боп жүрiп, түбi жақсы боп оңалып кететiндер болады». «Жас болмай жерге кiрсiн!» – деп, шешесi ұрсысып отырғандай шап ете түстi. Төбесiнен мұзды суды құдды құйып жiбергендей есi ауа сiлейiп қатты да қалды. Мұның барар жер, басар тауы қалмаған ба, сонда? Шешесiнiң даусы сембестен өршiп, үйдiң төрт қабырғасын тарсына, ауада қалықтай қалтырап тұрып алады. «Баяғыда Асқар өлгеннен кейiн осы Жақан пұшық маған ти деп қыр соңымнан қалмай қойып едi. Осылар деп жүрiп қор болған ақымақ басым-ай, әшейiн. Отыз ұлың болғанша осырақ шалың болсын деп баяғының байғұс кемпiрi тегiн айтты дейсiң бе. Ең құрымағанда сол Жақан пұшық секiлдi бiреудiң етегiнен ұстамағанымды қарашы». Шешесi кенет Жақанның маңқылдаған даусына салып, әлдененi сыбырлап айтты да саңқылдап күлiп жiбердi. Шешесiнiң парықсыздау шыққан күлкiсi ар-намысына тиетiндей өзiнен-өзi қорынып, бағанадан бергi сөздердiң бiртүрлi уыты кемiп қалғандай көрiндi. Бiрақ бастапқы жайма-шуақтау мезеттi тез ұмыттырып, үнi қайтадан қатқыл шыға бастады. «Бала өскен соң өз беттерiмен күндерiн көрiп кеткендерi жақсы екен ғой. Мұның не үлкенiне, не кiшiсiне шайнам ақыл бiтпей қор қылды ғой менi».
Бiр жаза бассаң-ақ жақсы атты қайтып алуын қиын екен. Ауылға келген сайын шешесiне ондап, жүздеп ақша берiп жатады. Бiрақ сонысының көзге көрiне қоймайтынына таң.
Арынғазы көрер таңды осылай көзiмен атырғандай ой дейтiн ой да емес, береке-баяны жоқ кесе-көлденеңдеп түртпектей беретiн нәрселерден қажиды екен қараса. Белуарына дейiн көрпесi ысырылып жалаңаш жатқан жас әйелге назарын тұрақтатқан сәтте дүниеде жасырып-жабатын әбиiр-ұяттан түк қалмай, тап осылай ашық-шашық жүре беретiн заман орнағандай көрiнiп кеттi. Қазiр шалқасынан аударып қалса қолымен көлегейлеп, кiшкене қымсынып қою деген атымен болмайды ғой. «Еркек те бiр, көрiнген бұтаның түбiне сарып кете беретiн төбет те бiр». Кәмила мұның пиғылы бұзыла бастағанын тура сезгендей, тап осы сөздi сол такси айдайтынның сәл алдында ғана айтпап па едi. «Құдай сенi маған қайдан ғана кезiктiрдi екен? Менiң теңiм қойшы болмаса тракторшы едi?» Кәмила алғашқы ұрыс-керiстiң өзiнде осылай айтып салған. Бұл сонда селт етiп жалт қараған. Ендi аңдап қараса, мұның әйелi шал-кемпiрлер кескiндей беретiн қалмақ пiшiнге келедi екен ғой. Бәрi ұмытылып, емен-жарқын жүретiн жөнi ғой қазiр. Осы қалпында бола салғандай-ақ менмен, тәкаппар.
Қыбыр етпей етпетiнен сұлық түсiп сұлап жатқан әйелге ерiксiз жалт қарады.
Бiр қыжылға ұқсас әлдене iшiн шарпып өткен сәт ашу-ызаның орнына бойкүйез шарасыздық тымырсықтана көкiрегiн жайлап алды. Шешесi өнебойына тiлдей беретiн «бөтелкелестерiнiң» арасында ана қабырғада ырсиып iлiнiп тұрған қасқырдың терiсiн сыйлаған ноқай да бар-ау. Атаңа нәлет. «Ареке, жаңадан салған үйiңiздiң қабырғасында тұрсын» деп алдына тартқанда киесi бар нәрсе ғой деп iшiнен жақсылыққа жорыған. Iсiне мығым, жүрiс-тұрысы нығыз көрiнген соң фирмаларының бiрiне жұмысқа алдырды. Ұзамай қамба ұстатты.
Алдында ұры түстi. Артынан өрт шықты. Естiген замат-ақ жан ұшырып жеттi. Баспа-бас айырбастап жүрiп басын құраған дүниесi тiлсiз жаудың құшағына ораныпты. Ұзыншақ қамбаның бiр жақ шетi күйелi-күйемеш боп саңқия шала бықсып жатса, қызыл-жалын алаудың аждаһа тiлi орта тұсын жалмай бастапты. Жұрт ерсiлi-қарсылы ала шапқын боп жүгiрiп жүрсе, ал ана ноқай басын желкесiне тығып ап күжiрейiп тұр. Қаны басына шауып, қасына қалай жетiп келгенiн бiлмейдi. Удай мас. «Ареке» – дейдi жыламсыраған күйi мiңгiрлеп. Сұқпытын бастан-аяқ жирене шолып өттi. Әй, өзiнiң де оңатын жерi жоқ қой, бұрын қалай байқамаған. Шықшыт сүйегiнен берi қарай, шеке тұсы, мұрнының үстi мен бетiнiң ұштарына дейiн ыстық буға жазатайым шарпытып ап, содан жазылған орны қызылшақаланып қалғандай көрiнедi екен. Арақтан күйiп кеткен ғой. Ендi мұндайға не дауа.
Мына терiнiң арлан әлде шуландiкi екенiн сол оңбағаннан сұрап алмағанын қарашы. Бағана ары-берi сенделiп жүрiп түкпiрдегi шамды сөндiрудi ұмытып кетiптi. Болымсыз төгiлген шуақтан үй iшi алакүңгiрт. Тұмсығымен шаншыла iлiнген қасқырдың терiсiне жан бiтiп, құлағын жымып ап жоғары қарай өрмелеп бара жатқан сияқтанады. Осы үйдiң тiршiлiгiн бiр сырт көз селт етпей бағып, миығына мысқыл күлкi үйiрген таныстау кейiп елестеп өткен кезде елегзулi сезiм қабаттаса көзi iлiнiп бара жатты. Тазысы күшiктеген екен дейдi. Құдай-ау, бұл төбет емес пе едi? Көсiлiп сап серейе ұйықтап жатқан сыңайдағы қаншықтың емшегiне тас кенедей жабысқан соқыр күшiктердiң бастары ғана қалтаң-қалтаң етедi. Өздерi кем дегенде бес-алтау. Жақсы ит төрттен артық таппайды деушi едi. Бағым-күтiмi дұрыс боп, тек сиырдың етiн берсе үйренуге тез көндiгетiн шығар. Берегеннiң ешкiбас қатыны қай бiр оңдыра қояр дейсiң. Ең құрығанда айтқаныңды айтқандай ғып iстемейдi ғой, шiркiн. Берегеннiң өзiне таптап түсiндiрiп қойған дұрыс шығар.
Ана бiр сауыры ақтаңдақ-ақтаңдақ ала мойны еркек болса керек. Тұмсықтарымен түртiне қыңсылап, емшек iздеген жазғандардың көздерi тарс жұмулы ұсқындарында қасiреттi сырларын iштерiне бүккен сұмдық көңiлсiздiк бардай. Бауыр етi езiлiп, ет жүрегi елжiрей босаң күй кешкен бұл одан ары тұра беруге жүрегi дауаламай машинасына мiндi. Әлденеше қабатты зәулiм үйлердiң ара-арасынан құйғытып өтiп, кең көшеге түсiп өрге қарай бет алып келедi. Тазықаншықтың бауырында шашылып жатқан соқыр күшiктердiң тiмтiне емшек iздеген аянышты сүрепеттерi көз алдынан кетпей тұрып алды. Кенет жолаушылар жүретiн жалғыз аяқ жолмен бес-алты жастағы баланың қолын сермелей әлдене деп айғайлап жан ұшыра жүгiрiп келе жатқанын көрдi. «Мұнысы несi» дедi таңырқап. Содан алдыңғы жағына қараса тiп-тiк қаздиған бiреу жылдам-жылдам басып кетiп барады. Ана бала оған не деп дауыстайды деп құлағын тосып тыңдаса, «көке, көкелеген» бiр жалынышты үн. «Жынды ма. Атаңа нәлет, балаға неге қайырылмайды» деп ойлап, кiшкентайдың әрекетiн көз жазбай бақылай бастады. Бала алдындағы тас арықтан аттай бере мұрттай ұшып түстi. Сөйтсе де қарайламай кетiп бара жатқанға қолын соза шырқырап жылап, әлдене деп бажылдап сөйлеп жатыр. Ал анау көлденең көшенiң сiрескен-сiрескен үйлерiнiң арасына сiңiп, ғайып боп кеттi. Бала жұлқынып тұра қоймады. Бұл ештеңеге түсiнбеген күйi аялдамай жүре бердi.
Арынғазы бiртүрлi боп мәңгiрiп оянды. Қоңыр күздiң өкпек желiне кеудесiн тосып, салқын ауадан бiр-екi мәрте терең жұтынса сергiп кетер едi-ау, шiркiн.
Арынғазы шет елде екi-үш ай қатарынан жүрiп, жаңадан оралған бетi едi. Оңтүстiктiң бiр қаласында жиын өткiзу үшiн фирма бастықтары мұны тықыршып күтiп отыр екен. «Сендердiң күндерiң менсiз қараң ғой» деген кежiрлеу ой келуiн келгенмен күрмеуi шатасқан бiрдеңе бар шығар деп амалсыз жолға шықты. «Iске кiрiспес бұрын әулиелi орынға барып тәу етелiк» деп қоймаған соң оған да көндi. Ат басын сөйтiп ХI ғасырда iрге көтерген зәулiм күмбездiң алдына кеп бiр-ақ тiредi.
Сыры әлдеқашан кетiп қалған сұрғылттау үйдiң есiгi әр тарабында екен. Кiрiп-шығатын жерi күн шығыс жақ. Үлкен қазақы бесiк тәрiздендiрiп тұрғызылған ортадағы құлыптас ақ матамен жабылыпты. Қарсы алдына шарта жүгiнiп отырған шырақшы көзiн тарс жұмып ап өзi оқыған құранның мақамына елти ырғалады. Бас-аяғы тұтас аппақ киiмдi бiр жас әйел намазға ұйыған зерек шәкiрттей сүрелердi iшiнен қайталап, тынымсыз күбiр-күбiр етедi. Көзi боталай алабұртқан әдемi әйелдiң жүзiне ұйи қалған иман тәрiздi тақуа тартымдылықты аңдаған сәтте емекси қалатын парықсыз дәмесi оянғанын сездi. Осындай киелi орында жаңағыдай нәпсiсi ерiк бермейтiн сайтан түртпектеген әзәзiл ой күнәһарлық екенiнен қатты қуыстанды. Дөп-дөңгелек толық беттi дембелше келген шырақшының бiтiмi дiндәрлыққа жуыспайтындай. Есесiне базарда көп ұшырасатын саудагерге келiңкiрейтiн тәрiздi. Таза еттi қағылез бiреу мұндай жерге бұйырмағанын қарашы дегенше болған жоқ, шырақшы құранын оқып боп қаумалай отырған бұларға шаршаңқы назарын тастады. Жамырай амандасқан сәлемдерiн бiр-ақ алып, тiзерлеп отырған күйiнен айнымай бiраз кiдiрдi. Әлгi ұяңдау жас әйел бетi ақ матамен көмкерiлген табаққа екi елу теңгелiк ақшаны тастап, ақырын сытылып шығып жүре бердi. Шырақшы қайтадан сұңқылдап құран оқи жөнелдi. Мұның серiктерi де шеттерiнен доллар тастай бастады. Бойын бүгiн мұнда таза ұстап келгенiн ойлап, күнәһарлықтан құлан таза арылғандай кенет өзiн жеңiл сезiндi. Дереу қалтасынан суырғанда қолына iлiккенi жүз доллар болып шықты. Табақтың ернеуiне сыпайы ғана қоя салды. Шырақшының көз аумағы көк қағазға жалт етiп алая кiдiргенiн байқап, сұғанақтық пиғылды аңдағандай көңiлi әжептәуiр пәсейiп қалды. Өлген-жiткен әруақтарға бағыштап боп бұларға бiр мезет сүзiле қарап алды.
– Ал, қарақтарым, бергендерiңе емес, келгендерiңе рахмет. Қасиеттi бабамыздың қара шаңырағынан нан ауыз тиiп кетiңiздер. Мына жақтан шыққан соң оңға бұрылыңдар.
Шай қамдап қойып күтiп отырған әйелге амандасты да, бiрден төрге озды. Қалған серiктерi де бiртiндеп жайғаса бастады. Iле-шала соңдарынан кiрген шырақшы:
– Құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетiмiз. Патша болмақ мың күнде, пенде болмақ бiр күнде; – деп, үстемелете сөйлей жөнелдi.
Киелi орындарда адамдар неге сонша тәубешiл. Мың күн патша болғанның қасында бiр күн пенде болған не тәйiрi, бiлген кiсiге.
– Шайдан алыңыз, – деген қатқыл әйел даусынан селт ете түстi.
Атжақты келген пiшiндi әйел жүзiн тайдырмай бұған қадала қарап қапты. Айыбы жер ортасына келгенi ғана, әйтпесе сән үйiнде киiм үлгiсiн көрсетiп, әрi-берi бұлғаңдап жүретiн арғымақ қыздардан бiрде-бiр кем емес. Бiрақ өңi неге шүберектей боп-боз. Осы кезде әйел әлденеден секем алғандай бiр жақ самайын ұстай алды. Арынғазы неге екенi кiм бiлсiн, қасына iлескен тексiздердiң бiреуi таза келмегенiн мына әйел сезiп отырғандай қатты қуыстана бастады. «Ойбу, мен сiздерге шай да құймаппын ғой», – дедi бiр кезде абдырап. «Болдық, болдық», – дестi бәрi жамырай тiл қатып. Ас қайырып боп орындарынан қотарыла қозғалып, сыртқа беттеген кезде босағада қалшиып тұрған әйел бұған:
– Қарғам, сен кiдiре тұршы, – дедi.
Жүрегi су ете түсiп, төбе құйқасы шымырлай жөнелдi.
– Мен осы халетке жеткенше көп тақсырет шектiм. Сен осында келгелi өзiмнен-өзiм қатты әбiгерге түскенiм. Тегiн жiгiт те көрiнбейсiң. Қолың да ашық екен. Тек төрт ай бұрын бiр күпiршiлiкке барып қойыпсың. Итiң күшiктегенде қатты қуаныпсың да, ал балаң артыңнан «көкелеп» жүгiрген кезде бұрылмай кете берiпсiң.
Құдай-ау, ол менiң түсiм емес пе!
Қайдан бiлейiн қарағым, маған солай аян берiп тұр.
Ал мықты болсаң бұдан кейiн құдайға сенбей көр.