Түйдек-түйдек сөздердің
Түйген жерде мәні бар.
Түйсікті ерлер жолықса,
Бір жалт етіп танылар.
I. ТҮЙСІКТІ ЕРЛЕР ЖОЛЫҚСА
Бұл – біз білетін акынның соңғы дастанына жүктеген үміті – соңғы сөзі. Ақын «шабыттан сөзді шайқап алып», «бұрқырап» бір төгілетін ауқымды жыр-дастанда бас кейіпкеріннің атын атамайды. Сөйтсе де, біз оның бітімі Маxамбет Өтемісұлының сұлбасымен сомдағанын көреміз. Дастандағы ой мен қимыл ағып келе жатқан сел сияқты – жөңкіп келе жатқан сең сияқты. Ақынның өзі айтқандай «ТҮЙДЕК-ТҮЙДЕК» болып, түйіліп-шүйіліп келеді.
«Революцияның шабуылы жоқ біткен,
Қарын тоқтық бір басқа тоғышарлық тоқтықпен» – деп Жұмекен сол заманда айтқан.
Дастанға ықылас қойғанда: «қайқы қылыш қолға алған» қаһарлы, батыр кейіпкерін қалың жаудан қаймыққан, қапы кеткен тұстан кездестіреміз. Кейіпкердің тағы бір қыры төгілген ақын. Дастан басталғанда оның да «елін ойлап» еңіреген тұсын тебіреніп отырып, толқып отырып оқимыз. Бәрінен де ащысы автордың толғаныстары; түйе жыққандай екпінді шабыты; «улы сыя, долы қолы». Түйсінген шақта саныңа бұрау салғандай санаңды шыңғыртатын шумақтарының «түйдек-түйдек» болып түйіліп келетіні; «Ел қорғауға татитын туып алып ер ұлды, ез ел болып жүрмеңдер қорғалуға татымай» деп күйінген ақынмен бетпе-бет тұрып, оның көзінен от жалын көретінің. Ендеше, «бір жарқ етіп танылар» сәтін – ол сәтті ұзақ күткен жыр-дастан мен соны жазған Алатау ақынды түйсініп, екеулеп оқып көрейік. («Алатау» ақын деп ақынның өзін Алатауға теңестірген «Тепе-теңдік» атты өлеңін меңзедік).
Ауқымды жыр-дастанда аты аталмайтын өзі батыр, өзі ақын кейіпкерді «бұл кім?» демейтінімізді айттық. Дастандағы сипатталатын дәуір мен ортаға қарап отырып, монологтың екпініне, мәтініне қарап отырып, сіз де білесіз. Сөйтіп, ондағы прототипті – өзі батыр, өзі ақын Маxамбетті, әлгінде айтқанымыздай, айнытпай таныдық. Ал кейіпкерге ат қоймауға шығармадағы мүлде тосын көркемдік тәсілдер және шеберлік биіктіктің толайым талабы да әсер еткен болар. Сонымен бірге, Жұмекеннің өзіне тән жарылыс сияқты жан тебірентер «мені», ақынның көркен ойынан қосылатын тартысты уақиғалар жиынтығы (мәселен: дастанның алтыншы бөлімі – Хан сұлтанның монологі және өлім құшуы) да бас кейіпкерге ат қоюға мұрсат бермегенге ұқсайды.
Дастанда «Ақбоз мініп ақырған батыр» – ат үстінде толғанған ақын екі мінез қосақталған бір тұлға. Оған қоса «буырыл жалын жайып, буырқанған Жайық», «Адыра қалған Нарындағы» тағдыр, «майда құмдағы» майда тірлік – марғау өмір шығарманың бөгенайы бөлек көркем суреттерін құрайды.
«Хан сұлтанның» қастастығы, сыртқы отарлаушы жаудың аярлығы, олармен астасқан «ішкі жау» – сатқындық – опасыздықтың бәрі де дастанда заман райымен қосарланып, тың тіркестермен өріледі.
Шығармада тосын сүреттеулер мен шағын уақиғалар үйлесімі және төбеңді шымырлатар шымыр тіркестер үйіріліп соғады. Дастанындағы додаға ақынның өзі де көлденең шауып, кірісе кетіп, еліміз отар болған—бодан заманның басы мен соңын бір-бірімен сабақтастырып жібереді. Сөйтіп, біржарым ғасырлық ауқымдағы уақыт кеңістігін сарсаң кешуді санаңа жүктейді.
ІІ. АШЫҚ ОЙЛЫ АҚЫННЫҢ «АҚЫРТЫП ЖЫРЛАУЫ»
Жұмекеннің «Жаңғырығы» – жеті бөлімнен (790 жол) құралатын ашық ойға құрылған тумысы бөлек жыр-дастан. «АШЫҚ ОЙЛЫ» дегенді біз әдейі айттық. Себебі: «Жұмекен жұмбақ ақын» емес. Ондай сөзге аты-затымызбен қарсымыз! Осы жерде Тәкен Әлімқұлдың «Жұмбақ жаны» еске түседі. Ол жерде кітаптың атын Абайдың өз сөзінен алғанын білеміз. Онда да Абай: «мен бір жұмбақ адаммын» деді. «Жұмбақ өлең жазамын» деген жоқ.
Жұмекен ойын ашық айтқан ақын. «Жұмекен жұмбақ ақын, оны оқу қиын» деп, замандас-бақталастары әдейі сөз таратқан болар деп те ойлаймыз. Ендеше, ашық ойлы ақынның «Ақыртып» жазған дастанын бірге отырып оқиық.
Ақ шел жапқан жанардай түк көрмейді ақ аспан,
түк көрмейді ақ аспан – тағдыр да сол о бастан…
Жаңқа құсап жонғанда борап ұшар ағаштан
қиыршық қар борайды;
ақ толқынды ат ұлып,
Ақ Жайық пен ақ аспан,
бір-біріңді сапырып –
Ақбоз мініп шықты, әне жалғыз батыр ақырып:
Ақыртып бір жырласаң, міне, саған тақырып!
Бұндағы басқы екі жол көп нүктемен бөлектенеді. Қазақтың, қазақ даласының, аспанын ақ шел жапқан кіріптар – отар заманда Бостандық аңсаған азат ойлы ақындар көп болған жоқ. Оның ішінде алапат екпінді шабыты да, шабысы да бөлек ақындарды саусақтарыңды санап отырып қана атайсың. Егер сол отар замандағы ойы өзгеше әйдік ақындарды жасаған дәуірі бойынша тізсек, Махамбетпен бастап, Жұмекенмен тоқтар едік.
«Ақ Жайық пен ақ аспанды бір-біріне сапырған» шабыт, бостандықтың арпалысына жанын қайрап, Ақбозын мініп арқаланған шабыт-дастанның соңына дейін аттан түспей айқасып, ойқастап өтеді. Ақыртып жырлаған батырының басы кетіп, халқының жаны жасығанша кідірмейді. Одан соң да Жұмекеннің жүрегімен астасып, монологтарымен молығып, заманның запырынын қайнатады. Ең кереметі, АҚЫРТЫП жырлауға ашынған ақынның дәті де, қуаты да қаптал жеткенінде. Өлең жанрын ақынның өзі «дастан» дейді. Біз оны «жыр-дастан» деп атадық. Себебі: ақырып, ағылып келген ой, үйірілген ұйқастардың екпінімен шалқып, өлеңдік үлгі шектеулерін бұзып өтіп, көмкеріліп түседі. Ақынның қолында қалам, көкейінде домбыра – күй шалқып тұрғаны сезіледі. Кейде жеті буынмен, кейде екі жеті (он төрт) буынмен төгіліп, ой мен ұйқастың қайырылған тұсынан қайтқанда ар жағынан жыр мақамы аңдалып тұрады. Бұл үлгіні ақын осыдан екі жыл бұрын жазған «Қыран қияда» қолданып еді.
ІII. «ЖАЛҒЫЗДАРДЫҢ ТАҒДЫРЫН ЖАЛҒЫЗДАРҒА ЖАЛҒАЙЫҚ» немесе төрт ЖАЛҒЫЗ
Дауыл үдеп ақ түтек,
шаңқылдайды жағада
ақ түтекпен алысып жалғыз ұшқан шағала –
жалғыз еді шағала;
ақ найзасы тақымда,
ақ қылышы қынапта: жалғыз еді ақын да.
Жалын жайып жартасқа
жалғыз ақты Ақ Жайық,
жалғыздардың тағдырын жалғыздарға жалғайық.
Бұл жерде – кіріспе бөлігінде «жалғыз қалу» ұғымы кейіпкерлердің сипаты – батыр жалғыз, Ақжайық жалғыз, шағала жалғыз, ары қарай төртінші жалғыз қосылады. Ол жалғыз – Жұмекен.
Ақын жалғыз бола ма –
батыр түстен жол жалғыз,
Ер үстінде – ер,
Ел, маған ерлер жайлы толғанғыз!
Біреуге өзің ере алмай,
өзің ертпей біреуді,
Батыр болып тумай-ақ,
біз де жалғыз болғанбыз.
Кейіпкерінің жалғыз қалған, онда да мойын ұсынбаудың жалғыз жолында қалған, опынған сәтінен басталатын дастан, оның екпіні Жұмекеннің де жыр жолындағы, жалғыз соқпағы мен жанының – мақсұтының майданындағы жалғыздығымен жанасады.
Екі ғасырдай бұрын елін жаулап, жерін отарлай бастаған жау аяр, әккі еді. Ондай заманда отарлаушыға есігін ашып, елпілдеген билеушілерден де екі жүзді сатқын көп шығатын. Ал олармен қару ұстап, жағаласқан батыр дастанда жалғыз болса; сол отаршылардың кешегі мұрагері қызыл билікке қалам ұстап қарсы тұрған Жұмекен де бұл майданда жалғыз болған. Сөйтіп, ол «БІЗ ДЕ ЖАЛҒЫЗ БОЛҒАНБЫЗ!» деп, өзін «жалғыздар» санатына сенімді қосқан.
Шынында да, арысы Махамбет те, берісі Жұмекен де Өз заманының жалғыз даралары еді. Осынау екі есім де уақыттың Жайыққа берген жалғыз-жалғыз тұлғалары екені анық болатын. Салмақты ойға құрылған дастанда «өнерге» сай өрім мен өлеңге тән сұлулыққа көзіңіз қарығады. Жаңағы «Біз де жалғыз болғанбыздан» соң:
Сен де жалғыз болғансың, ұя-жалғыз, үй-жалғыз,
жалғыз-жалғыз үйлердің шай-кесесін құйған қыз,
атын ұстап ақынның,
Тонын қағып толған қыз.
Семсер емес, серіктің септігіне иланғыз.
Сертке туған ерді – елдің көптігіне иланғыз.
Кісі ерт десе — кіді жан санап қалып мұны да ар.
Қыз айтпаса ақынның тыңдамайтын жыны бар, – деп шымыр-шымыр ұйқастармен екпіндете, көсілте, төгілте жөнеледі, шалқыта жөнеледі.
Тәуекелге бас, батыр,
Ақын басы, бат ойға –
Тағдыр қатал онсыз да,
Қатайма, жел, қатайма!
Біздің бүгінгі кейіпкеріміз әрі тәуекелдің батыры, әрі әйдік ойдың ақыны әйгілі Махамбеттің көркем, Жұмекенше бейнесі екенін айттық, одан жаңылмаңыз. Дастанның өн бойында ақын ойланады, батыр тәуекел етеді. Басында КІСІ ЕРТПЕЙ жапанда жалғыз жортып келе жатқан ақынның шылбырына жармасар азаматтар да жолығып еді:
Ақ қылау ед баста қар –
ақ боранға жалғасты, ал,
салып жатқан секілді әлдеқайда албасты ән,
ұлып кетті бұталар албасты-әнмен арбасқан.
Атып шығып бір жігіт жер кепеден қар басқан
жалғыз жібермеймін деп шылбырына жармасқан:
Осы жолдардағы ақын тілі мен өлеңдік сұлулыққа «өнерге таласы бар кісі» қатарындағы біз тамсанамыз. Себебі: суреттелген табиғаттың сүреңіне қарамастан бұл жерде бес жол бес ұйқаспен бірдей түсіп, буып ұстаған бес тал гүл сияқты көркем десте жасап тұр.
– Бір тілегін бере көр,
әрі шәкірт, әрі інің
аяғыңа жығылды;
жаман ырым – жаңа ырым.
талайымыз бір, аға,
сен таппасаң бақ-бағым,
мен елімнен пана етер бұйра –
бұта таппадым.
Жел жағымыз жалаңаш –
орман қайда қап-қалың
Халық қайда кешегі –
білмеймін кім атқанын! –
«Баста!» деп батырды атқа мінгізген халық «кім атқанын білмейсің» қазір қасында жоқ. «халықты да біреу ата ма!» дейсің. Иә, атады. Атты ғой талай. Тура мағынасында құдайдан соң отаршының атқанын білеміз.
Қазақ – отаршылар жағынан «өлім жазасына – ату жазасына» кесілгені бір ғасыр бұрын ғана болған шындық.
Жалбарына жабысып, «жалғыз жібермеймін» деп, шылбырына оралған жас жігіт те жалғыз. Оның мынау күйі батырдың жанына емес, ақынның жанына батыңқырап кетеді.
Тебіренді жыршысы, ал,
Жылай жаздап тұрды сәл,
Кеудесіне жігіттің құлай жаздап тұрды сәл.
Іште – дұшпан,
Сыртта – жау, тарқамады-ау бір құсаң,
Қадаласың қай жауға ақ жебе боп ырғасаң?!.
Көркем өлең. Әлгі жігіттің сөзін селге кетіріп, серік болайын деген тілегін жолаушы қабылдамады; себебін де айттты. Сондағы пенденің дәрменсіз күйін қалай жазатынын қараңыз:
Бәрі жалғыз жігіттің – мақсұт алыс болса егер,
Алыстарға адам тек жалғыз ғана жол шегер.
…….
Бұлттар қамап жан-жақтан,
батып-шығып сасқанда
ай да жүзін жаниды қара қайрақ-аспанға
қайралып ал әуелі, ит қапты деп қашпа алға
тауық болар қыран да жұмыртқасын басқанда:
Осы жолдарды оқыған соң терең тыныс алып, қайратсыздың күйін кешіп, қаймығып, тауық тірлігіңе мойып, жасып қаласың.
Балқитұғын бал құсап,
Бастап кетсе дана ақын;
Батырлығы бастаса
Тас боп қатып қалатын.
……
ақындығы – жылытып,
батырлығы – қатырып.
Тұңғыш мәрте қарады ол әлденеден қауіп қып,
түбін шапқан ағаштай қалды бір сәт ауытқып:
– Ағаштың да күз ұрса, –
жапырағы өлер, басы өлер
Алла разы, жігітім, жылы ұяңды баса бер…
Сурет те, пәлсәпә да, өлеңге талға құстар қонғандай – осылай қонады. Келесіде батырға серік, ақынға атшы бола алмаған жігіттің ашынған көңілі:
– Майда құм да қатал ұл туады екен, апырай,
қырсығыңды, тым құрса, қимадың-ау,
батыр-ай.
– Ел қорғауға татитын туып алып ер ұлды,
Ез ел болып жүрмеңдер қорғалауға татымай!
«Қорғауға татымайтын қор xалық» жайлы айтты. Жаны күйген ақындар бұндай сөзді бүгін де – тәуелсіз заманда да айтады. Солай ғой! Зайыры «қорғалуға татымайтын» «ит халық» болмайды. Туған халқын еш кім де таңдай алмайды. Ол ез болса да, тобыр болса да сенің халқың. Сен сонан тудың, сен оның ұлысың; адал болсаң мәңгілік құлысың. Ақын әлгіндей шумақтарды халқы үшін күйгеннен жазады. Оны шексіз жанымен сүйгеннен айтады. Себебі: нағыз ақын өз xалқын тек сүю үшін ғана жаралады ғой.
Әйтсе де, азаматтарын арызданып жүріп аттырған, батырларын алдап, байлап берген, таңдаулы тұлғаларымыздың, көреген көсемдеріміздің көзін жоюға себеп болған кезіміз, қаскөйге септескен жігіттеріміз (өкілдеріміз) болды ғой талай.
Жұмекен басқа бір өлеңінде «Махамбетке өз басым жүз жылдан соң ас бергем» деп, замандастарына тоқмейіл қанағатты қабақпен қарап тұратыны бар.
Өзінен жүз жыл бұрын жасаған жерлесі Маxамбеттің бейнесіне бейімдеп сомдаған әрі ақын, әрі батыр кейіпкеріне – оған арнаған жыр-дастанына ақын қанағат еткен сияқты, Оның ойы мен руxы өзінің жанына жалғасып, жүз жылдардың ауқымындағы мұраттар көкірегін кернеген Жұмекеннің бұл дастанда айтары – айтқан ойы шынымен де толайым. Біз бірге отырып, жырды ары қарай оқиық:
Ақыры ақын жалғыз кетті. Төрт-ақ жолда тұрған қимыл мен суретке – суреткерлікке, ақындық шеберлікке қарап сүйінесіз.
Ақбозатқа тақымын ақын қағып үлгерді,
Тақымымен ат баурын қара дойыр бірге ұрды.
Жігіт – қазық басында қатынша еңіреп «бүлдірді»
уысына… қалды ұстап қылыш қиған шылбырды.
Ат үстіндегі ақын мен шылбырға оралған жігіті – қасқағым сәттегі қимылды төрт-ақ жолмен түгендеп, көз алдыңа қояды. Әттең, бұндай суретті сезіну үшін атқа мінген қазақ болу тағы міндет.
Үзік-үзік жайларды
Жалғай алмай бір адам,
Жамау-жасқау ой кешті
Одан-бұдан құраған.
…
Хан салғанда тепкіні,
Би бастады түрткіні,
Жұртым деді жұлынып –
түсінді ме
жұрт мұны!
Халқым деді қақырап
қайқы қылыш қолға алып –
қайда бірақ сол халық?!
Қыздырғанда сары қымыз,
қақсатқанда қайғы шын –
біреуі ерсе дақпыртқа
көбі еріпті пайда үшін!
«Пайда да басы қалған пенделік-ай!» десеңші. Халқымыздың басынан бақ таяр шақта әр батырдың – Махамбеттің де, Кенесарының да, Мұстафаның да, Әлиханның да, Ахметтің де, Тынышбаевтың да, Халелдің де, Міржақыптың да басынан өткен бұл да бір жан түршіктірер шындық – батыр біткеннің өкініші, көсемдеріміздің қасіреті бұл! Олар кез келген қазақты өзіндей ойлайды, оған бауырындай еміренеді. Содан да халқының арманына алданады, мұрат-мақсұтына алданады, халқына деген өз сүйіспеншілігі өзін алдайды.
Ендігі жерде жалғыз атты батыр – жапанда жортқан ақын елді есіне алады:
Елді ойлап ед осы сәт – елестеді құм үсті,
Сирек түтін, сұр сағым, қыз құшағы бір ыссы.
Аңқау азаматтары әзіл айтып, тамсанып,
қонақ етер жауын да, құдасындай қарсы алып.
Осы күйіміз – аңқау, аңғал, сенгіштігіміз күні бүгін де басымызда:
Тарлық етсе лашын-тырнағының белгісі;
жарлық етсе жаман хан – оңдалмайды енді ісі:
хан қараға жауығар келген шақта өлгісі.
Хандар – күшті,
дала үлкен,
халық қара,
мен кіші,
кішімін деп халқымды жауға берсем – нем кісі!
Мені қорлаған жалғыз-ақ әлсіздіктің белгісі.
Өткен екі ғасырдағы ұлт тұлғаларының ең өзекжарды мұратын да, өкінішін де, осы өлең жолдарымен ойға алыңыз да бүгінге жалғаңыз.
Берем десең, құдірет, жақсыларға сыйды егер,
ерліктерін – түзге бер, берекесін – үйге бер,
жеңділерге – білек бер, жағалыға түйме бер,
жеңіс берме жаманға, жеңсе – жаман үйренер:
жаман үйренгені сол – жия алмай жүр хан есін,
әділеттің жоқтығы – күшейткен ғой дәмесін!
Қазақта «Қашан айттың деме?!» деп, қабаттап ұстаған қайшыны бетіңе білеп сөйлейтін мінез болған. Мына сөз бүгінгі бізге жасаған ескерту сияқты. Жұмекен рух та, ат үстінен шіреніп, бізге қамшы білейді. Себебі: «жеңісті бере-бере жаман үйреттік». Әсіресе, «жамандарды» жаман үйреттік. Жеңіліске етіміз өліп, бойымыз үйренді … «Қайран, Жұмекен-ай, қай заманды жазғансың, қандай өлең қалдырғансың?» дейсің. Сайысқа түскен тұлғаға жетпіс емес, сексен емес, тоқсан тоғыз пайыз «жеңіс беретін» жұрт болғанымыз шын ғой.
Хан, төре бар алаяқ – ел ертеңін болжамақ,
Суық қымыз жұтатын,
сұлуларын олжалап.
Елім дейді олар да,
Халқым дейді қақырап,
Тоңқаң қағып тон киген тоңмойын мен ақымақ.
«Жұмекен – жұмбақ» деп көйтіп жүрген кім өзі!» демейсің бе!? Бұдан артық қандай ащылық, қандай ашықтық болмақ. «Тоңқаң қағып, тон киген тоңмойын мен ақымық» «халқым!» деп, жағы талмай қаңқылдап, төрімізде толып отырған жоқ па!..
Пәни дүниенің рахаты, оның суық қымызы мен сұлулары алаяқтар мен алдамкөстердің қолында кететіні бұрын да, бүгін де ет үйренген – қоғамның сипаты болған жәй. Бұдан былай да солай бола берер.
Тек қана ой мен ішкі ышқынған жан құбылысының тебіреністерінен өрілген көркем дастан. Оның қай тұсынан үзіп алсаң да, сөзіңнің өн бойына, мақалаңның әр тұсына гауһар таққандай жарқырап тұрар еді.
Дастанның – жеті бөлімнен құралған саф алтын, шымыр шығарманың әзірге екінші бөлімін аяқтап келеміз. Онда да тек таудан ойып алғандай ойларымен ғана әлек болып отырмыз. Дастанның қайталанбас көркемдігіне; тосын теңеулерге – метафораға мойын бұруға мұрша жоқ, сөзді ұзатпайық деген түріміз.
«адыра қалған Нарында» не жоқ дейсің, бәрі бар:
айдын көл бар қопасыз,
жайдақ қыр бар жотасыз,
азамат бар батасыз, аруана бар ботасыз,
қу құлқын бар баяғы, баяғы өмір – опасыз.
Ойраны бар ошақтың, шаңырақ бар тұл қалған,
ақ жаулықты ана бар – бірде дана, бірде аңғал.
Жалбарынсаң жаумайтын
бұлттары бар бұлданған
енді қашан бұлданып болар екен бұл жалған!
«Енді қашан құбылып болар екен бұл жалған!» деп соңғы жолын қайталап, кідіріп қаласың. Осы жолдарды жазғанда ақынның санасында күй ойнап тұрғаны анық. Ал, өзім бұл жолдарды оқығанда батыстың жыр мақамына салып, іштей әндетіп өтем. Өлең сөздің, өрттей ойдың осыншама құбылып, құйылып түсуіне қарап, шабыт, екпін, ұйқас, қисын дегенді, талант дегенді тани түсем.
Балаға сабақ сөйлеген мұғалімдерше түсіндіре бергіміз келмеп еді. Зайыры, тамаша өлеңді талдаудың өзі бүлдіру. Ол тұтас, бүтін сұлу дүниенің жігін ашып, бөлшектеу сияқты жұмыс. Десе де, Жұмекенді – ол қалдырған ойлы өлеңдерді оқудың мектебі қалыптаспай жатқанын ескере отырып, сом алтыннан құйған кесек дүниесін былайғы жұртпен бөліскіміз келді.
Шығарманың өн бойын тәуелсіздік аңсау мен «қары ұйып» қақсаған күресті сағыну кернеп тұр.
Барсаң – сәлем сол елге,
байғұс құсым – қызғышым,
қайғыңды ермек етерсің, қанатың бар, түзде ұшып.
Заман – арыстан екен,
күшік болсам – нем бар ед, арыстанмен ызғышып!
Қош, қош, қызғыш, мен кеттім, енді есен бол,
енді есен,
жиі қанат қағарсың қауқарыңа сенбесең.
Кіділігім – күшім бе, кісімін бір мен кесел:
Жем бойынан жем ілмен жеті мәрте жеңбесем!
Сағынғанда сол айдын ораларсың көлге сен,
айдын бетін аймалап жылағалы мөлдіреп,
Оралармын мен де елге ата-жауым жеңді деп,
қас жауымнан бір мәулет сұрағалы мөлдіреп.
Батырды өкініш өртеп, ерегесіп құса қысқанымен, ақын жасып, жеңіліп бара жатыр. Туған даласын – Ақжайық пен құм Нарынды қимай боздап бара жатқан ақын «Қас жауынан мәулет сұрап, мөлдіреп оралар ма еді» қайтер еді, егер алдында тор жайылып, өлім күтіп тұрмағанда.
IV. БАС ШАБЫЛДЫ ЕНДІ ЕЛДІ БАСЫНАТЫН КІСІ КӨП, БАСЫНУҒА БАТЫРДЫ АСЫҒАТЫН КІСІ КӨП
Жыр-дастанның әлгінде біз талдап өткен батыр да ақын кейіпкеріміздің шырағын өшірерге таядық. Жыр-дастанның үшінші бөлімінде батырдың мерт болған тұсын ақ киізге қызыл қанды ұйытып отырып, жазады.
Жалғыздарды жалмауға
жатты тағдыр тор жайып
жалғыз еді Ер сол күні,
жалғыз еді Ақ Жайық.
Ақын жалғыз келеді – көкірегі жатты ұлып…
көлгірсіді дүние – қар астына қақ тұнып –
…
көлгірсіді әлдекім,
шылауынан алды аттың:
– Хош келдің, – деп, – батырым, –
қатты біреу салмақты үн.
….
секемсіздік – ерлердің сол баяғы соры да,
түсті қыран топастың торғай аулар торына.
…
ертегінің еріндей еңсесі бар кісі еді,
найза түсті қолынан,
батыр аттан түседі –
үй иесі емпілдеп есігінен ендірді,
сыртта қалды қол-қару,
бел-қаруын төрге ілді –
тағдыр, өстіп, ерді де емеурінмен көндірді.
Міне алмайды-ау, дегенде Ақ боз атқа енді ырғып,
әлгі есіктен алақтап ауру жандай есалаң
қанжарлары қақаған кіріп келді бес адам,
үйдің түкпір-түбінен көлеңкеге ұсаған
қылыштары қылқиып түрегелді үш адам.
Тұлғасы бар жирафтай одан-бұдан құраған
көтеріліп келеді пеш түбінен бір адам.
…
Үйде – ақ қылыш шабылды –
үріп кетті ит-пиғыл,
қасіреттің қасқыры әлдеқайда жатты ұлып.
Ақ текемет бетіне қызыл қаннан қақ тұрып,
дір-дір етіп ұйыды;
әй, дәурен-ай, өтпелі
ең болмаса бір баста тұра тұрсаң көп пе еді –
қаруына ұмтылды ер – әттең, қолы жетпеді:
…
Бас шабылды енді-енді – басынатын кісі көп,
басынуға батырды асығатын кісі көп:
бес қаруы көкжалдың кетті әркімнің белінде,
тақымында біреудің боз ат кетті кісінеп.
…
Алданды ақын соңғы рет – алдаған өз атағы,
саудагер ғой қашан да сыртқы жаудың қатары,
сатылады ішкі жау, сондықтан да – сатады.
Даналар да сондықтан қапы кетіп жатады,
әр тақымда кісінеп аты кетіп жатады.
…
Айла өседі, деседі, ұяты жоқ базарда,
сауда өседі, деседі, ел пиғылы азарда.
Бұл жолдарды сауаты бар кісінің бәрі де оқиды, түсінеді, бір сәттік қимылды қалай шебер суреттегенін түйсінеді. Талдап-тармақтап уақыт кетірмейік. Дастанның үшінші бөлімі осылайша, ақынның қанын шашып, батырдың басын кесіп, өкінтіп, өзекті өртеп өтеді.
V. ЕЛ ДЕ АЙДЫНКӨЛ СЕКІЛДІ ТОЛҚЫМАСА ӨЛІ СУ
Келесі бөлімде батырынан айрылып бассыз қалған халқына қарайды:
Кенет ақ мұрт бұталар тұнжырап бір қайғы алды,
кенет Жайық-су жылап иірімге айналды.
Ақ жел тынып – самал боп жылға кезді қаңғырып,
шар болаттан ұшқан үн
жаңғырық боп қалды ұлып,
төбелердің арасы – таба алмаған жарасым,
жемірілген жел мүжіп құлап түсті қара шың –
қақтығатын түк таппай қаңғып кетті жаңғырық;
Дала кенет өкінді шілігімен санды ұрып,
қанталады ақ аспан – қабағында қанды бұлт.
Бұл тұстағы қисын мен ұйқас, өкініш пен өлі дүние табиғат суреті ғана емес, сол суретпен бейне беретін басы кеткен елдің, батырын мерт еткен елдің ауыр халі – бассыз, батырсыз халі. Оны сіз де біліп отырсыз.
Бәрі тынды: жыршы өлді,
қапы кетті – бар ма амал,
ақ қылыш қып өлеңді ақын өтті – бар ма амал,
көк тиыннан өзгені көзі көрмес көр-надан
өзін-өзі қорлаған, жұрт, сен үшін арланам!
«Өзін өзі қорлаған, жұрт сен үшін арланам» бұл – автордың сөзі. Қараорман халқын таңдайына ұйытатын ақыны жоқ, қайысқан қолдың маңдайына шығып семсер суыратын батыры жоқ үнсіз қалған өлі ел – Бодандықтың-бықсық тірліктің алғашқы кезеңі. Ендігі кезекте «ақырып сөйлейтін» мінез Жұмекеннің өзіне – жырына жүктелген.
Сонда ақынның қолынан құлап түскен қаламын –
жарты ғасыр өткен соң Маяковский алады,
хан әлсіреп, туғанда ой да тағы қатайып,
ақ семсерін батырдың ойнатады Чапаев.
Ақынның бағана айтқан иесіз қалған бес қаруы ғой бұл. Қаламыңды да, қаруыңды да – екеуін де отарлаушыға солай да-солай тапсырдың. Енді ары қарай халықты көтеретін, толқытатын кісі жоқ.
Бас қырқылды, ал, сол жолы,
кеуде тынды бір түрлі,
басы кеткен кеудедей ел де тын-ды, бір түрлі,
шөпті сылдыр еткізіп, жел де тынды бір түрлі,
кірпігіне бұтаның мөлдір шық іркілді,
кірпік қақпай қайың тұр,
самал леп жоқ үп еткен –
әйтеуір бір ел болды түтіндерін түтеткен.
Ел де айдын көл секілді,
толқымаса – өлі су,
ондай көлді шалшық қып бөлісу жөн, бөлісу.
Бөліседі кім мен кім?
Бөліс деген – далбаса
неғылады бөлісіп,
егер түгел алмаса?!
Иә, түгел алды, түбімізге жетті. Мал-мүлікті тартып алып, миллиондап қырып салды, Толқыны жоқ көл сияқты мінезсіз жұртты кім басынбайды. Әбден басынды – әлі басынады.
жанды жерден жабыла ұр – бәтшағардың жұмысы;
«халық қамын ойлаған» патшалардың жұмысы
қылт еткенді қырқу ед:
біреу өссе маңайдан
ақ патшаның қылышы сілтенеді қалай дәл,
ұзын еді не деген Еуропаның қылышы!
Отаршының қылышы ұзын болғанын кейін қалай созылғанын біз де көрдік. Мәскеуден сілтенген қылыш арамыздан шыққан арыстарымыздың маңдайын тескенін, жұлынын кескенін көзі көрген Жұмекен сол бодан заманда-ақ осылай жырлады.
Азияда қырқылған шын батырдың басы әлгі
Европаға жол шекті салтанатпен жасанды.
Басы кетсе дененің – бітіруші ед кеуде не,
бітірері: «байғұс-ай, обал болды-ау» деуде ме?!
Олай болса бұл тірлік оңай екен пендеге,
оңай жолмен, ақыным, жүре алмайсың сен неге?
Жұрт осылай ойлайды, өтейді өстіп парызын,
түсінбеген құлаққа күй де, жыр да – бәрі ызың.
«оңай жолмен, ақыным, жүре алмайсың сен неге?» деп, бұл жерде Жұмекен ақын өзін айтты. Ол қиын жолды таңдады. Ол өлең мұратына – өлеңнің биік көркемдік мұратына адал болды. Семсер сөздің сертіне берік болды. Аянған жоқ: Ұлтының бостандық мұратын – еркін жазды, заманының ауыр дертін жазды. Айтпақшы, осы жердегі «ызыңды» жыр – дастанның соңында – қызыл қанды жазатын бөлімінде «қызыл ызың жел есті» деп қайталайды.
VI. ЕРЛІК ЕТСЕ ӨЛЕРІН БІЛГЕНДІКТЕН ДЕР ЕДІМ
Үшінші бөлімде жазылған оқиға мен ой 4 бөлімдегі толғаныспен соңына жетіп, 5 -, осы бөлімдегі ақындық меннің толғанысымен мәреге жетуі керек еді — шығарма аяқтауы керек еді.
Осы бөлімде ақындық «меннің» толғанысы Жұмекенге тән тосын ойларға, тың тіркестерге, өзгеше көркемдікке құрылады. Бұл бөлімде санасын сұрапыл шабыт пен таудан ойып алғандай кесек ойлар булықтырған ақын-рух Алатауға жанасады; шыңдармен астасады. Биікте қалқыған сананың қара бұлттай түнерген бейнеге келуінен «Меннің» өзін көреміз.
Білгендіктен өлерін көрсетеді ел өнерін,
ерлік етсе – өлерін білгендіктен дер едім.
Жалынды ақын жасамау үшін түбі жасық іс,
ажалға өзі соқтыққан іздеп барып асығыс.
Жел, сен де асық, тарт алға,
ұмтылғанға бер медет, –
бұлт та асығыс келеді Алатауға өрмелеп.
Найза-шыңға соқты кеп қап-қара бұлт түнере,
ол да өзінің бір жауса – «өлетінін» біле ме?
Көркем сурет, сұлу паралель. Ғұмырлық ішкі қысым – ақындық мінсіз болмыс – құбылыс қара бұлттай ауқым алып, аспандап кеткен. Ол – Жұмекен рух.
Асығыс тауға өрлеп, шыңға соғылып, соңғы рет төгіп өткен ақын көңілі – ақын өмірі. Бір кезде Жұмекен өзі «Өлең деген кәсіп емес, өнер» деп жас ақындар туралы мақаласында айтып еді. Сол жылы – осы сұрапыл дастанды жазған 1983 жылы өзі де дүниеден қайтыпты. Өлерін біліп, өнерін соңғы рет көрсеткені ме деп те ойлайсың. «Жаңғырығы» үнсіз жоғалмай, бір күндері қайта жаңғыратынына; бір жарқ етіп танылатынына сеніп жарылғанға ұқсайды. Дастандағы төгілунен, осы бөлімдегі «меннің» өлім жайлы толғанысынан, ақындық биік деңгейіне деген сенімі, найза шыңға соқтығысып, соңғы жарылуы, соңғы нөсерлетуі екені анық. Ол – жырды құнттап оқыған жанға аңғарылады. Ақынның осы бөлімдегі өзі туралы толғаныстарын танып отырып, ақындық парызының алдындағы шабытына – арғымақ аттай шабысына сенгенін адами мақтанышын – қабағат қанағатын көреміз.
Атырауға құйып қал,
Еділ мен Жайық таласа ақ.
Біз де ерміз-ау, уақытты асықтыруға жарасақ.
Ақын уақытты асықтырады. Мынадай өлі суға айналған ұлтын болашағы бұлыңғыр шақтан күні бұрын өткізуге сеп болғысы келеді.
Уақытша болса қорғауға
Еділ мен Жайық арасын
Арғымақ мінген арлы ақын
Асығып қайда барасың.
Зайыры Жұмекеннің арлы ақын екеніне, өлең сөзде арғымақ мінген ақын екеніне, оның жыр жазудағы мақсұты елін-жерін қорғау екеніне оның өлеңдерімен таныс кісі шек келтірмейді.
шалымың барда әу деп қал,
шайқап ал сөзді шабыттан,
өңменіңе өлшеп сөз сөйле,
арыңмен ақтал – анықтал;
Өшесің сен де түбінде –
шамшырақтарым, жанып қал
жылуың болса жылт етер –
жанып қал деуден жалықпан..
Пәлсафа, тоқта, мұң құйма
бұрқырап ағар ойға есіл,
дананың ойы, қоя тұр,
ақынның тілі сөйлесін!
Жұмекен ақынның сөзді шабыттан алтын шайқағандай «екшеп-шайқап» алып отырғанына, өлеңі есіл ойға құрылып, бұрқырап ағып тұрғанына сөз жоқ. Сөйтіп, «пәлсафа мен даналық ойдан» бұрын ақындық көркем тіл мен шабытқа дес бергеніне әзірше осы шумақтарды куә етейік.
Шамаң барда шалқып қал
шағала құстар шарқ ұр да,
арғымақ мінген, алға түс,
жабылар жүрсін артыңда –
Жұмекен өз заманында қатарының алдына түскенін, өзі бейнелеп айтқандай «арғымақ мінген ақын» екенін анық білді дедік қой. Жұмекен дәл осы дастанды жазғанда оның жүздеген замандастары Ресейге отар болудың – «Өз еркімен қосылудың 250 жылдығына» жарыса жыр арнап, романдар жазып, бодандыққа борбайын төсеп, «заманға күйлеп»жұрген кез; Орысқа, отарлыққа адалдығын жырлаудан жарысқа түсіп жатқан кез болатын. Сондай жабы мінген жарамсақтар – қарайып қасында жүрген қаны бір жаны бөлек жақындары еді ғой солар. Ондай жабыларды – қызыл жалау ұстап, қызыл шеке болған көршілерін Жұмекен ақын өзіне қайдан теңесін. Жұмекен жөн айтады: «жабылар артыңда жүрсін». Сол кезде алға озғанның көбін уақыт көміп те кетті.
Ел қорыған ер де сол таба алмапты
бір тұрақ.
Ебі келсе ердің де ерке басын қырқып ап,
Ал, көлгірлер жүр әлі
көзі күліп
жылтырап.
Ал, жарынан аса алмай
Жайық жатыр баяғы;
Толқындары көк тасқа тайып
жатыр баяғы;
Тасасында тастардың,
Қабатында құмдардың
ақынды алдап өлтірген
айып жатыр баяғы.
«Ақынды алдап өлтірген айып жатыр баяғы». 2017 жылдың тамыз айы еді. Алматыдан Өскеменге ұшқанбыз. Өлең жайлы, Жұмекен жайлы сөз болғанда қатар отырған Қайнар Олжай осы шумақтарды жатқа оқыды. Даусында жыр тағдырының дірілі мен тамсанудың бояуы бар еді. Төменде Тарбағатай таулары жатыр. Оған өлеңдегідей ойлы жүзбен көз кідіреді. Бір оқығаннан жатталатын нағыз жыр ғой. Байтақ даламыздың кез келген түкпірін – Алматының алаңынан тартып, Арқаны айналып, Жайықтың арғы жағасына дейін ерінбей ақтар. Аударылған әр тастың астынан айыптың таңбасын – ащы тағдырдың ізін табасың.
Біз мынадай шумақтардан соң дастан бітті деп ойлаймыз. Бірақ Жұмекен оны бітірмейді. Ауыздық басып, ақ сабыны шыққан тұлпар шабыт тағы да екі айналым жасайды. Сөйтіп, төртінші бөлімге қиысатын 6-бөлім және қанға боялған қызыл заман сипаты суреттелген 7- бөлім туады.
VII. ҚҰДАЙДЫҢ ДА АУЗЫН АЛ, ҚҰРБАНДЫҚ ШАЛ ПАРАЛАП
Басын алып батырдың хан мен бектер аңдыған,
жиырма аттылы саусылдап атқан шақта таң қылаң, –
сырты «жуан» сұлтанның өтті дейді алдынан.
Сұлтан сонда мырс етті, мұрты астынан сөйледі:
– Мынау ердің еріне лайық іс қой! – деді.
Бөрімісің, Бекетай,
барыспысың жас арлан,
қайсың, деді,
батыл ғып хас батырдан бас алған?!
…
Сол-ақ екен, шолақ топ қаруларын серместі,
қамшылары шошаңдап:
«Мен, мен» десті, «мен» десті.
Біреулері даурығып дауға басты енді ескі,
бұралқы иттей бірі ұлып аңсап тұрды келместі.
Бапты сұлтан балғын жүз жігіт еді бір сұңғақ,
сұңғақ бойға ылайық біткен еді түр-сымбат,
жауа алмаған бұлт сын-ды қабынады ырсылдап,
бешпетінің тігісі жарылады тырсылдап…
Жендеттерін жіберіп, батырдың басын алдырған Хан-сұлтанның бейнесі сөз бастағанда бәрімізге тосын мүлде басқа бағыттан шығады. Басқаша сайрайды. Шексіз шешен-көсем кісіні көресің.
қабанындай қамыстың шабынады сол шақта:
– Уә, тексіздер, бәріміз түгел хайуан болсақ та,
еркіміз жоқ дегенмен, есек емес едік қой,
айтағына уақыттың осыншама желікпей
қоя тұрсаң нең кетті, өңкей есер құл неме,
кеңкілдесіп күлгенге кеңкелесер құл неме:
қаран болсын мына күн,
беті күйсін мына Айдың, –
Бекетайдың құмына бетім басып жылаймын!
Бір батыры жоқ елге сөз не керек, үндеме,
қазан қайнатқан жұрт ең бір еркектің атымен;
көсеу ұстап қайыр, ал, қозы ғылып көгенге –
қару ұстап не керек қасиеті жоқ елге.
Басын ұстап батырдың басынғалы кеп тұрсың,
қанды ізіңді, қарақшы, жасырғалы кеп тұрсың –
дұшпан күліп, дуасыз дос табалап бетке ұрсын,
жылдар сенің жылаңқы бет теріңді сыпырып,
терісіндей қоянның керіп қойып кептірсін!
Бұл жерде Махамбет жырының екпіні танылады. Бірақ, Махамбет бейнесіндегі батыр өлген. Қызыл сөздің адырнасын тартып тұрған – қастық жасаушы Хан-сұлтанның өзі.
Мәрт еді ғой о жігіт,
Күркелі еді-ау, күркелі
мұндай ері өлген ел – өшкеніңмен бір тегі,
өзіңді-өзің өңештеп кескеніңмен бір тегі.
Тым болмаса біздің жұрт – жұтағанға жұрт еді,
енді біздің мінген ат бұтадан да үркеді:
енді бізде айбар жоқ,
қалың елдің беті ықты –
бетке ұстайтын беделің – сол адамда кетіпті.
Жетім лақша бауыздап топырағыңның бір төлін,
сыйлық алам деп келген неткен сорлы жұрт едің!
Апырай, ә! – деп ойланып, отырып қаласын. Ығып, жасып қаласың. Кім айтса да айтылар сөз, дөп сөз. Бірақ бұл таныс бейне – көрген кісің сияқты.
Он тоғыз құл бақытсыз бағып келген бір есек,
біреуің жоқ татитын найза ұшына тіресек,
екі мың сом алмақ па ең?
Қайдасыңдар, төлеңгіт,
әр қайсына мынаның екі мыңнан дүре соқ!?.
Жүрген екем жұрт бар деп өзімді-өзім кірлеп мен,
кірлі көңіл іс етсем қолым жетпей жүр деп пе ең;
бетпақтанған кездерде – беттесуші ем құрметпен,
кетіскен бір кездерде – кектесуші ем құрметпен.
Қылыш суыра алатын «қырсығы» бар жоқ бірің,
арыстан – жоқ,
кіл мысық, сүйенгенің көптігің!
Бүтіндікке келгенде бірігетін бірің жоқ,
күншілдіктен күңіреніп босып кеткен біртіндеп;
ойсыз ауызға біткен ақ сақалың, ақ мұртың,
қаһарың жоқ, қамың жоқ,
халық деген – дақпыртың!
Халқына зікінеп тұрған Хан-сұлтан ғой бүл. Дәл бұл жерде оның сөзі сөз сияқты. Жан түршіктіреді. Шынымен күйініп тұрғандай. Қалың жұртты қаңылтыр майыстырғандай қақыратып бүктеп барады. Табалап, бар жігеріңді үптеп барады.
неменеңе жылайсың жаулықты ана, көзі аққан,
құтылмайсың бәрібір қорлау, күлу, мазақтан.
Ақша алмақ па ең?
Шын алсаң – қайғы, бейнет азапты ал,
азап беліңді үзгенше бір-біріңді қажап қал!
Көзіңе жас құйылар – түбінде ағып қайғы – сел,
күндеуге – бар, таңдауға, тануға жоқ байғұс ел!
Тақ бітетін әдет қой талайы аздау сорлы ұлға –
отырса ғой сол жайсаң мына менің орнымда,
жаға-жеңің желініп,
желге айналып бар ебің,
етегіндей жолшының қалай жалбақтар едің!
Хан сұлтанның мына сөздерін мақаламызға толығымен алдық. Себебі: өткен ғасырда өмір сүрген Жұмекен алдыңғы ғасыр туралы емес, келесі біздің ғасыр туралы айтып жатқан сияқты сезімде болдық. Жұмекен жырдың қасиеті де сонда: өткен ғасырды тақырып еткен өлең келесі ғасырда да құнын бір мысқал кемітпейді; қайта жаңғырып, жаңалана түседі; «түйсікті ерлер жолыққан» сайын түйіншегі тарқап, тамырларыңды қуалап, жүрегіңе жетеді – қаныңды тасытады.
Ал, енді ақтал алдында алғы күннің, жамағат,
есек тапсаң ноқталы – көзін шұқып аралат.
Құдайдың да аузын ал, құрбандық шал, паралап.
Жауыздықты – заманға арт,
одан қалса – маған арт!
…
Енді менде не қалды?
Айла-әрекет, іс-ебім
күлдей ұшып жоғалды – күйік уын ішемін.
Кеше аспанда ем, ал, бүгін
жерге құлап түсемін,
жерден, сірә, жай таппай көрге құлап түсемін.
Арқасында ақынның абырой алған кісі едім,
«Өзектіге – бір өлім» деуші ед.
маған – үш өлім:
ұры өлімі – бір өлім – кешірмес ел ертеңі,
ұят – өлім біреуі, тағы бірі дерт – өлім,
осы үшеудің атымен енді өзімді өртедім –
ақ баталар күшімен, аппақ ана сүтімен
атақ емес, ат емес, ақ өлімді күтіп ем.
Болмайды екен ақ өлім алмағанға адал дем,
хас батырмен кетісіп – дос санап ем заманды ең –
Мына бетте Хан-сұлтан бәрін жапырмай тоқтамас па еді, қайтер еді, егер семсерлі ана көлденең шығып қанжар суырмаса. Ақын адал «жазалаушы» ретінде халық орнына ана бейнесін алғаны анық.
– Қой, өй, жауыз… мынаның сайрауына қарашы,
бұ да жұртқа жанашыр азамат-ау, шамасы? –
Осыны айтып бір кемпір оқыс түрегеледі, –
естідің бе, халайық, мына зәлім не деді?!
Қорқау қасқыр, көрдің бе,
бастағанын қайда ұлып,
өзі өлтіріп батырды отырғанын қайғырып?
Не сезеді бұлар деп басынғаны о да елді,
кісі танып кісі боп тағы да алмақ беделді –
сездіргені өзінше майталман-ай дегенді,
ішінен ғой, қанішер, қуанышқа кенелді,
Хан-сұлтан шынымен де еш бір «Имиджмейкер» ойлап таппайтын платформада тұрды. Өзі ұйымдастырған қылмысты да бет-беделіне қызмет еткізіп, қалың жұртты мойытып, мойындатып бара жатыр еді.
қане, найсап, сайрап көр,
Нарын ұлы неге өлді?
Айт, айт деймін мен саған,
ер неге өлді – не болды?!
Қайқы қанжар жарқ етті туған айдай жаңадан –
оқыс қимыл етті ана,
мән берген жоқ және оған,
жүре берді бұрылып, болмады ешкім тосқауыл,
шөгіп қалған сұлтанды сүйеген жоқ жан-адам.
Автор қызыл сөзді қыздырып тұрған Хан-сұлтанды тоқтатуға солайша қарт ананы таңдайды және жан тапсыр сәтінде хан сұлтанға жан жақындатпай бітіреді. Сүйеусіз қалдырады.
VIII. ТҰЛПАР ТУАР БИЕЛЕР СИЫР БОЛДЫ БҰЗАУЛАП
Жуасыды Ақ Жайық:
күн ашылды, жел тымық,
ел де тынды – желікті жігіттерін өлтіріп.
Бәрі тынды, бітті-өтті, бір күнгідей болмады,
бұталарды айналып өтетіндей жел-дағы
жапырақтар сыбдырсыз;
жолда шаң жоқ жым-жылас,
толқындар бар жалы жоқ,
жартас бар тек жылжымас.
Теңізге өткен шағала,
қарғалар бар, жоқ басқа,
қызғыш қана шырылдап көл қориды оқтаста.
Асау аулақ біздерден,
асаулардан біз аулақ –
тұлпар туар биелер сиыр болды бұзаулап.
Соңғы үш жолды оқыған соң шамалы тыныстап, ойлану ләзім. Ақын мұраты заманын – халқының шынайы өмірін жырлау және оны көркем жырлау болса Жұмекен ол мұратқа жеткен кісі.
IX. РЕВОЛЮЦИЯНЫҢ ШАБУЫЛЫ ЖОҚ БІТКЕН
Біз жыр-дастанның соңғы бөлімінде «түйдек-түйдек» сөздерді шумақтарға бөліп, толық күйінде жібердік. Жұмекенді түйсінуге әріптесіміз де әдеттеніп, сізді де дағдыланып қалды деген ойдамыз.
Кенет… Жаңа жел тұрды,
жел оятты толқынды,
қосылғанда жел мен жел – Дауыл тұрды:
жыртып ап
қара бұлттан қарт шыңға тікті уақыт бір тұмақ.
Теңіздерді оятты, көлді оятты жылтырақ,
тауды оятты уақыт иығынан жұлқылап.
Күнбатыста лапылдап қызыл күрең жанды бұлт,
Атыраудың бетімен өтті қызыл жал жүріп,
Паровоздар ышқынып, завод біткен қалды ұлып –
кетті оянып тау-тасқа сіңіп қалған жаңғырық.
Жаңғырық боп оянды шаттық тулап, мұң ұлып –
ал қызыл шам жанғандай дүние тұрды құбылып.
Мың шам бірден жанғандай жарқ етті өшкен
мың үміт,
батыр қайта оралды өткен күннен бұрылып,
ақ қылышы қолында, ақ боз аты астында –
қойып кетті Жайыққа – қызыл бурыл тасқынға.
Боран тұрды ақ түтек, жоқ ақ емес, қып-қызыл,
шағалаға ақ емес, қызыл қанат бітті ұзын.
Қызыл бұлтқа айналды бұрқыраған ақ бұлттар,
Бұлттар жаумай қайтеді – дауыл да бар,
дақпырт бар.
Жарға шапшып ақ толқын,
ақ жалдары майда әлгі,
қайта құлап түскенде – қызыл жалға айналды.
Жапалақтап жауған қар –
қалқып ұшқан ақ қанат
қызыл қанатқа айналды – жел қақпалап, қақпалап.
Қызыл-ызың-жел есті,
қылыш, қанжар тіпті ұзын,
суық күні түтігіп туған Айдай қып-қызыл.
Қызыл нардың байланған ботасындай ақ тамақ,
қызыл бұлтты қызыл шың еміп тұрды қақтап-ақ.
Қызыл ердің қызулы толғауларын жаттап ап,
қызыл тарих сөйлейді – қызыл парақ, ақ парақ.
Біздің қызыл құрлыққа мұхит жалын жаяды,
өзгерді Жер бояуы, ал, баяғы, баяғы
өз түсінде қалды тек қайғы, Шаттық, Бақ, Талап.
Өлеңнің әр шумағындағы көркем суреттер мен қимыл туралы айтар едік. Шынында сөзден қалдық. Жырдың сонша сұрапыл екпініне сөзбен ілесу қиынға түсуде. Оны сіз де сезесіз. Біз бұл жыр жолдарындағы саяси суретке үңілейік.
Жер бояуы өзгерді. Қызыл ызың жел есіп, аққудың қанатынан қардың қылыуына дейін қызыл қанға боялды. «Өз түсінде қалды тек қайғы, шаттық, бақ, талап». Тек қана халықтың арман аңсары өз бояуын – қазақтығын – ақ жанын, арман-талабын сақтап қалды.
Бірін-бірі халықтар оятқанда ыза ғып,
қан төгілді қып-қызыл,
карта туды қызарып.
Жауға шаптық Еуропа семсерлерін біз алып,
Азияның найзасы кетті сол сәт ұзарып.
Құпия емес: жүз жылдар бірікпесе ел іші іріп,
іріткен сол баяғы қиқым-ұғым, түсінік.
Дала қате жіберді: қан төгілді босқа, әлгі
түсінбедік қызыл ер құйып берген дастанды –
бізде Октябрь, расы, сол дастаннан басталды.
Қала қате жіберді: патша, ханнан ең ірі
қате кетті – шықты алғаш соны айыптан Ер үні.
Хан ту етті халқынан сыпырылған теріні,
қорғасыны – қысым да,
семсер болды темірі.
Қой, қой, бәрі – баяндау,
баяндауда көп мақсат:
сонда тиген денеме келеді әлі оқ қақсап –
Ақынның өзі де оқырманына «түсінбей қалма, баяндауда көп мақсат» дейді. Дүние мың құбылса да арғы ғасырда арына тиген оқ ақынның жанын қақсатып тұрады. Бодандық кезде жүз жылдар бойы ел іші іріп, бірікпей жатса, соның бәріне себеп – «қиқым ұғым түсінік» – түкке тұрғысыз мүдде себеп.
Революцияның шабуылы жоқ біткен:
қарын тоқтық – бір басқа,
тоғышарлық-тоқтықпен
айқасқалы жаңадан келеді, әне, топ адам,
әлдекімді «қасқырша қарпығалы» жаңадан!
Карьеристер, орныңнан домалап, түс, домалан,
саудагерлер, саған да туады-ау бір зобалаң!
Жұмекен дастан жазып отырған сол тоғышар тоқ заманның өзінде революцияның шабуылы қарқынды жалғасып жатқаны ғой. Сол заманда бұлай сөйлеуі емес, ойлауы мүмкін жан жоққа тән еді. Жырдың әр тарауында көктен құйылып келген сөз нұры Жұмекен жүректен өтіп, жалпақ далаға жайылып жатады. Ақынымыз табиғат пен заманмен, қара нөпір халықпен қарама-қарсы тепе-тең келіп сөйлейді. Дастанды оқып отырып сен де сөйтесің – заманмен, Хан-сұлтанмен көз тіктесіп, ой шарпысып отырасың. Дастан оп-оңай жазылған сияқты. Ойға ауыр болса да оқуға жеңіл – Кұм Нарынның бір қиырында құйғытып, шаң боратып келе жатады,
қорамсақта – күрең сөз күллі Одақтық маркалы,
ақын, әне, шіреніп жыр-садағын тартады…
1983
Жеті бөлімге созылған жыр-дастан түйдек-түйдек болып, түйіліп келеді де, осылай сабырлы аяқтайды. Революцияның шабуылы күні бүгінге дейін жалғасып, күш алып тұрған заманда мұндай көркем де терең, ойлы шығарманы жырлау, насихаттау ұлттың жан дүниесін отарсыздандыру үшін қажет. Жұмекеннің ешбір жыры, ешбір жолы заманына тәуелді болмаған. Қайсар ақынның «Жаңғырығы» бірде-бір кейіпкерінің атын атамай-ақ, Махамбет рухының арқауына өріліп, осылайша тағы да, уақытына тәуелсіз аяқтайды.
«Қыран қия» поэмасында:
Сәл түсінбей жүрген шағы мені елдің –
Бағы шығар жабы менен көбеңнің, – дегені бар.
Иә, Жұмекен заманына емес, өз мақсұты мен жыр мақсұтының сертіне аса берік болғандықтан да халқының, ұлтының ұлы мұраттарының, шексіз өкініштерінің өңменіне дөп келер дүниелер туғызған. Тәуелсіздігі сол, отар ғасырдың өзінде отарсыздануды мұрат еткен жырлар жазып, оны бізге аманат еткенінде. «ЖАҢҒЫРЫҚ» та оның басқа жырларымен бірге бірегей көркем жыр-дастан ретінде қазақтың рухын жаңғыртуға, тілін түлетуге, жігерін жануға, еңсесін тіктеуге мәңгі қызмет ететін еңбек.
Х. ТҮСІНІК ОРНЫНА
«1993-ші жылы ақпанда елге келдік» – деп айтып жүрміз ғой. Алматының бағытсыз жолаушыдай басы айланып тұрған, әңкі-тәңкі шағы. Біз де жеттік бір қиырдан. Жұмекеннің «Жеті бояу», «Темір қазық», «Менің топырағым» деген кітаптары және Вознесенскийден таңдап жасаған аудармасымен қоса содан он жыл бұрын қолға тиген.
Бала күнімізде Абайды, Шәкәрімді, Ілияс Жансүгірді, Қасымды, Міржақыпты әкелеріміз жаттатқан. Ес біліп, әдебиет оқып, «жас ақын» болған кезімізде Жұмекеннің кітаптарымен қатар Мұқағалидің, Қадірдің, Тұманбайдың, Шахановтың да жыр кітаптары Шәуешекке барған болатын. Біз Жұмекеннің «Темірқазығынан», «Торын», «Менің топырағымынан», «Жаңғырығын» оқыған соң, өлең мұратына, сөз көркемдігіне ақындық мақсатқа деген түсінігіміз басқа арнаға түскен болатын.
Кейін Жұмекеннің замандастарын меңзеген: «Терезесін», «Тағы біреу өлең оқыды» сын көріп, Мырза-Әлі мен Шахановты оқығанда – езу тарқан кезіміз де болды.
Ол тұста «Тарбағатай» аталатын әдеби журналдың жауапты редакторы болғанбыз. Төте жазуымен шығатын. Журналымызда Жұмекеннің өлеңдерін жариялайтынбыз. Кездесулерде Жұмекенді жатқа оқып, тосын теңеулері мен көркем суреткерлігі жайлы көсіле сөйлейтінбіз.
Щинжяңдағы 28 аудан қазақтың арасында Жұмекенді білетін, оның өлеңдерін жаттайтын жастар көбейген.
«Талай жұмбақ күй шерттім,
Шашу ғана қалып тұр.
Ақылсыз көп құлақты
Кесу ғана қалып тұр» – деп Үрімші №2-емханасының дәрігері Ақылбек сөйлегенде айрықша толқығанбыз; Жұмекеннің жыр үшін әрине.
1993-ші жылдың ақпанында, тәуелсіздіктің 14-ші айында Алматыға – Азат Отанның астанасына жеттік қой. Сөйткен Алматымыз: «Қашқын қазақ қайдан келдің» – деп қарап тұр бізге. Боспыз.
Құжат жинаумен қажыңқырып жүрген бір күндері Жұмекеннің үйіне, одан шығып, Мұхтар Әуезовтың үйіне (мұражайына) бардым. Мұражайда шағын банкет өтіп жатыр екен. Еркін кірдім (іште құса бар). Төрде отырған Тұрсын мен Зейноллаға (Серікқалиев). Өзімді таныстырып, сөз алып: «Ет-жүрексіз, ерніңнің айта сөзін» – деп Абай айтып еді, ернімнің емес, жүрегімнің сөзін айтайын, – деп сөз бастағанмын.
Алматы – қазақтың Меккесі; ал Алматы Мекке болса, қағбасы – Мұхтардың үйі шығар?, – деп, бір кетіп, ары қарай мұражайға арнайы жазып келген өлеңді оқимын:
Жатсынба қабылдау бөлмесін,
Жасыма ақын, алға атта!
Қалмайды сенде сәлден соң
Шынашаққа ілер салмақ та…
Аққұба жүзім сұрланып,
Алмадың дерттен айыға.
жаңарып қайтшы бір барып,
ағарып қайтшы бір барып,
Мұхтардың мұражайына, – деп келетін өлең болатын. Тұрсын Жұртбай – тебіренгіш адам ғой, қатты толқыды. Мен сол бетте Жұмекеннің үйінен шықққанымды айтып, тағы біраз екпіндеп барып, «Жұмекенге» деген өлеңіммен сөзімді аяқтадым.
Жұмекеннің үйіне көрсем деп ем бір барып,
Ақын жөнін сұрап ем айта алмады бұл халық.
Бұрма-бұрма көшенің қабат-қабат үйлердің,
Қай қуысында отырды қайсар ақын жыр жазып.
Енді Зейнолла Серікқалиев сөзге араласты. Ту Тарбағатайдың арғы бетінен келіп, Жұмекенді жатқа соғып тұрғаныма таң қалғанын жасырған жоқ. «Жұмекенді жатырқамай жылдам қабылдайды екенсіңдер. Зайыра алыстағы жұртқа – Отанды аңсаған жұртқа, Жұмекеннің жан тебіренісі жақын екен-ау»– деп толғанды.
Дәл айтады: Жұмекен жырының биік тосын көркемдігі өз алдына бір құбылыс болса, өлең мақсатындағы азаттық аңсауы мен жанының бостандығы өз замандастарында жоқ, дара қасиет. Жұмекен жырлары оқушысынан, оның ішкі түйсігінен азаттықтың, бостандықтың саңлауын іздейді. Ұлттық еркіндіктің сәулесін іздейді, тамыздығын іздейді. Ал оны тапқан, таныған тұста, сен Жұмекен жырының мәңгі тұтқынында қаласың. Жаңағы «Жаңғырық» дастанында да:
«Түйдек-түйдек сөздердің
Түйген жерде мәні бар.
Түйсікті ерлер жолықса
Бір жарқ етіп танылар!» – демей ме!
«Ұлттың Махамбет заманынан басталатын трагедиясын, ондағы ойы азат ақынның аласұрған күйін, елі бодан батырдың жанталасын, арпалысын, бүкіл халықтың жүз жылдықтарда кешкен халін Жұмекен ақын «Жаңғырық» дастанында жазды. Ол трагедияны дәл осы дастандағыдай жалындатып, лапылдатып, жанын түршіктіріп, өкінтіп, ат бауырына құлата өкіртіп жеткізген шығарма жоқ шығар.».
Біз бұдан 16 жыл бұрын Жұмекеннің «Жаңғырығы» жайлы шағын жазбамызды солай бастаппыз. Бұл дастанға он айналып соқсақ та сол сөзіміздеміз.
Жұмекен аңсаған, жан-тәнімен жырлаған азаттық…
Отыз жылға таяды. Оның жырындағы түйдек-түйдек сөздердің мәнін xалық болып түйсінер кез келмеді ме?..
Жиырмасыншы ғасырдың соңғы жартысында өлең сөзге шеберлікте, шабыт пен тереңдікте; Руxани кемелдікте де, өлең қисынындағы ғайыптық ғажаптықта, әсіресе, Ұлт азаттық мұратын жырлауда Жұмекенге теңесер ақын болған жоқ! Оның көркем тілі, оның әсем жыры, оның азат ойы ұлтымен, ұлтының биік руxымен мәңгі бірге жасай береді!..
Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ