Жолдар
Көңіл күпті толып уайым, сұраққа,
Жолдар мені шақырады жыраққа.
Торабында тұрмын, міне, солардың,
Бірін білсем, бірін білмей бірақ та.
Әрқайсысы құшақ жайып тұр алдан,
Әрқайсысы ынтықтырған бір арман.
Еске түсіп қысқалығы ғұмырдың,
Мұңаяды жол-сапарға құмар жан.
Сол жолдардың мен білмейтін ыры бар,
Сол жолдардың мен ашпаған сыры бар.
Аулақ күдік, кес-кестемей алдымды,
Алған беттен мен бе қайтар, бұрылар!
Аулақ, күдік, абайлап оң-солымды,
Алғанымша таңдап, тауып жолымды.
Жастай шауып ашпаған ат қолтығын,
Бәйгіден кеп қарық қылар ол кімді?
Сондықтан да берік болсын сенімің,
Қарымтасы қайтар ашы тереңнің.
Таза көңіл, асыл арман-аяулы –
Қос қанатым, өмірдегі серігім.
Мен де көктеп, көгеруді қалаймын,
Көктей солған көрдім жастың талайын.
Ақырында қалмау үшін опық жеп,
Қайсы жолды айтшы таңдап алайын?
Белгісіз деп боларың да кім әлі,
Күдік-құрдас күле қарап тұр, әні.
Қапы кетсем, қате таңдап жолымды,
Әрине, оған өзім ғана кінәлі.
Қол ұшын бер, уа, замандас-ағайын,
Бағдарымды дұрыс таңдап алайын.
Өзім еккен гүлге соның бойына
Келешектен ынтық болып қарайын.
Аударған: Ескен Елубаев
Әрбір адам өзінше өмір кешеді
Әрбір адам өзінше өмір кешеді,
Өз қадірін білмес бірақ тіріде.
Кім болғанын дұшпаны емес кешегі,
Достары айтар куә барлық күніне.
Әрбір адам өзінше өмір кешеді,
Өз қадірін білмес бірақ тіріде.
Кім болғанын перзенті емес кешегі,
Ел-жұрты айтар тек шындыққа жүгіне.
Әрбір адам өзінше өмір кешеді,
Өз қадірін білмес бірақ тіріде.
Кім болғанын байлығы емес кешегі,
Отаны айтар сақтап жүрек түбіне.
Достарым бар, ел-жұртым бар менің де,
Отаным бар-тағдырымды сөз қылсаң.
Болдым ба адам лайықты сенімге,
Кім едім мен-солар айтар көз жұмсам!..
Аударған: Рафаэль Ниязбеков
Дастарқан жыры
Адамдардың шаттығын да көрдім мен,
Туыстардың жаттығын да көрдім мен.
Аш жүргеннің қанағаты сезіліп,
Тоқ жүргеннің аштығын да көрдім мен.
Бардың жайы тұра алмақ па сезілмей,
Кім-кімді де құрметтедім, сыйладым.
Тас атқанды аспен аттым безінбей,
Жамандыққа оларды да қимадым.
Жақсыны да, жаманды да өткердім,
Біреуге ұнап, біреулерге жақпадым.
Мәрт адамның мәрттігін де көп көрдім,
Оларды да дәм-тұзыммен ақтадым.
Мансапқорлар жүзімді сан жандырды,
Қылықтары ішімде ерен жатты ұлып.
Талай мені ұятқа да қалдырды,
Уәдешіл арзан жандар аптығын.
Өздерінің төмендетіп салмағын,
Жарамсақтар жүгіреді-ау жаны үшін.
Биік жандар аялай құшып арманын,
Биік ұстап өтеді ар, намысын.
Ей, адамдар, сөз тыңдаңдар менен де,
Жүрек сөзін сендер де бір тоғаңдар.
Қасиетің жоқ болса егер денеңде,
Менен үміт күтіп әуре болмаңдар.
Аударған: Рахметолда Нұрпейісов
Бұлбұл
Сайра, бұлбұл, мен үшін бір
Келтірсеңші орайын,
Алқызыл гүл қауызынан
ашылғандай болайын.
Таңғы шықтай мөлдіреген,
жаным таза, жаңғырып,
Кеудемдегі уайымнан
арылайын толайым.
Сайрашы кіл, тарқатшы бір
Қам көңілдің мұң-шерін,
Елін ойлап елжіреген,
мен де өзіңдей жыршы едім.
Таң алдында тәтті қиял,
бөленейін қиялға,
Әуеніңе не жетеді,
бұлбұл көктем, бір сенің?
Саған селқос гүлге сонша
Таусылма сен, көз ілгін,
Уанайын мен де бір сәт,
мұңым жоқтай өзімнің.
Білсең, мынау кең дүние
кейде тіпті мейрімсіз,
Зарықтырып ғашықтарды,
сынайды екен төзімін.
Мен де сендей махаббатың
Бұлбұлымын тамсаған,
Арманымның гүл қауызы
ашылуын аңсаған.
Жан білмейтін жан азабын
тартсам дағы қаншама,
Өмір күйін толғанудан
жалықпан бір, шаршамаған.
Кел, екеуіміз керім толғап,
Үндейесік, жырлайық,
Көңілден мұң тарқағандай
жол іздейік, тынбайық.
Ғашық дерті өртегенім
міндет қылмай ешкімге,
Махаббатың азабына
қалай да біз шыдайық.
Аударған: Төрегелді Тұяқбаев