Ғалымбек Жұматов
АНА АРАШАСЫ
Еліктің лағы мықтап адасқанын енді аңғарды. Тұяғына жұмсақ тиетін құмдауыт жерден алыстап қеткен секілді. Ендігі алға ұмтылса тұяғы тасқа ұрылатынына да көндігіпті. Орнынан қозғалса сусып жатқан қиыршық тастар гүтір-гүтір ете қалатын. Алғаш көзі шарадай болып, қорқып ыршып түсетін. Қазір сол тастар арасынан өсіп шыққан балаусаның нәзік, әрі шырынды екенін біліп алыпты. Қанша жалғыз жүргені белгісіз. Шоқ-шоқ қарағайлардың арасын ұзақ кезіп жүріп зорға тауып алған енесін бір құмарта еметін балғын ғұмыры ту-ту артта қалған. Қазір осылай саяқ жусайды, қарағай араласқан даланы, тасты төбелерді жалғыз кезеді. Ал жаз басталғалы енесіне жолығысып қалар сәт те түскен жоқ. Өзімен-өзі, міне, жаз өткізіп күзге енді. Биылғы жаз ұзақ болды. Күз де жаз бен қыстың арасындағы белдеу кез болғандықтан ба, мамыражай мінез танытып,тым кештетіп жатыр. Жауын көптеу болса да күн жылы. Тек соңғы түндерде ғана ауа қытымыр сезіліп, салқын ылғал күн көтерілгенге дейін дірдек қақтыратыны бар. Дегенмен жаздың тиісті уақыт белдеуінен көп асып бара жатқанын жасыл жапырақтың сарғайып үлгермей саудырап түсе бастағанынан байқауға болады. Жауын дегенің де жайсыз болған жоқ. Қарағай арасы жауынның молдығынан биыл шөптесінді қалың төсенген. Жайқалған жасыл желектің ортасында жас елік биыл тоқ, еркін сезінді. Ол туғаннан бері аспанда қалқып жүретін қырандарға қорқа қарайтыны болмаса, жерде оның үрейін алатын қорқынышты мақұлық кездесе қоймайтын секілді. Бірде жасыл желегі қалың тұста оттап жүрген бір топ елік қонжығын ерткен аюға кездесіп, үдіре қашқаны бар. Көппен болғасын ба қатты қорыққан да жоқ. Ересектердің арасында бұл да қатты шабысқа дайындығын байқатып қайта-қайта биікке секіріп, секіріп қояды. Осындай еркіндікті сезіне бастағандықтан да көптен бөлініп, бөлек жусауға да үйрене бастаған. Сондықтан да болар, осы жолы шоқ-шоқ орманды кезіп жүріп тым-тым алысқа ұзап кеткенін өзі де байқаған жоқ. Тіпті тұяғы тық- тық тасқа тигенде таулы өлкенің етегіне іліктім-ау деп үркектемей қыр өрлей берді. Есейгеннің белгісі ме, түнде де өзгеден пана іздей қоймайды. Өз-өзіне сенімді. Тек кейде ашығып жолда кездескен жас бұталардың жапырақтарын қарби тістеп, жұлмалап жөнелетіні болмаса, оттаған кезде бойына сіңген секемшілдік, қырағылықпен жан-жағына қарайлауды әсте есінен шығармайды…
Сол әдетімен бойы жетер бұтаның басындағы желбіреген жапыраққа мойынын барынша созып ұмтыла беріп, көз қиығымен айналаны бір шолған. Өзінен екі-үш секірім тұста қалың ағаштың арасында әлде бір алып дененің теңселіп тұрғанын байқап қалды.
Биіктеу бұтадағы жапырақты қатты тістеп, екпіндете жұлып алған күйі тағы бір аңтарылып, таңдана қараған. Аю. Ол да екі аяғына көтеріле тұрып алып, бұған ашқарақтанып тесіле қараған. Енді не істер екен дегенше болған жоқ, төрт аяғына құлай түсіп, қураған бұталарды бытырлата сындырып, бері қарай баяу жылжи бастады. Елік қорыққанынан секіріп-секіріп кетті. Тіпті қай жаққа қарай секіргенін өзі де аңдамай қалды. Анау тоқтай қалып, артқы екі аяғына қайта түрегелді. Бұрын қалай байқамаған. Қандай биік, үлкен дүние. Тұла бойын қалың жүн басқан, қоп-қоңыр. Бір басының өзі еліктің бар болмысынан үлкен. Үлкен тұмсығының арғы жағынан түймедей көрінген дөңгелек көзі тағы да тесірейді. Сол тұрған бойында алдыңғы екі аяғын бір-біріне ұрады. Маймақ аяқтарынан тарыс-тұрыс дыбыс шығады екен. Аю екенін білсе де,мұндай дәу мақұлықтың түрегеліп алып аяғын-аяғына соққанын ғұмыры көрмеген еліктің тіпті есі шыға таңдабасына болмады. Үлкен көзі щарасынан шығардай болып, орнынан қозғала алмай қалды. Осы кезде қоңыр пәле төрт аяқтап жүгіре жөнелді. «Ө-ө-ө» деген өкірген дауыс шығарады. Жас еліктің жүрегі ұшып қозғала алмай қалды. Анау болса аузын ашып, ақсыйған азу тістерін білеген күйі аңқау лаққа тура ұмтылып келеді. Қауіптің ең зоры осы екенін сонда ғана аңдап тапырақтап басы ауған жаққа қарай шауып ала жөнелді.
Қорбаңдаған пәле де қалар емес. «Ө-ө-ө» деген даусы барған сайын жақындай түсендей. Тіпті маймақтың жүгірген сайын ырсылдаған дыбысы да естіле бастады. Жанасар тұсқа жетсе бас салып жұлмалар түрі бар. Жандәрмен өрге қарай қашты. Өзінің мұндай жеңіл қимылдайтынын, жылдам жүгіретінін білмейді де екен. Тұяғынан топырақтың борай ұшып,қиыршық тастардың оқша атылғанын сезбестен барынша зулап келеді.Қанша уақыт үрейлі шабысқа салғаны белгісіз, бір заматта өкірген дауыс та, ырсылдаған дыбыс та алыста қалғандай болды. Тоқтап жан-жағын барлаған. Қоңыр пәле көрінбейді. Бойын үрей билеп алғандықтан басын төмен салуға қорқып, қаздиып қатып қалған күйі жан-жағын қайта-қайта шола қарады.
Жан-жағына қайта-қайта секемдене қарағаны тегін емес екен. Бұталардың арғы жағынан қоңырдың жон арқасын байқап қалды. Ол алыстан айналып, бұта бұтаның арасымен жоғары көтеріліп барады екен. Тіпті жүрісі бейқам. Айналасындағыларға, жаңа ғана өршелене қуған елікке мүлде назар аудармай өтіп бара жатқан секілді. Жаңа ғана қатты қорыққанынан, бұдан бар екпініне салып қашқанынан ащы тері судай аққан еліктің жақын тұста жапырақтай қалтырап тұрғанын ұмытқан секілді. Бұл пәленің жаңа неге өкпесін өшірердей ентігіп, тістерін ақсита көрсетіп қуғанын, енді неге байқамағандай болып айналып өтіп бара жатқанын, әрине ұға алмады. Маймақ биіктеу тұсқа барып, жонарқасына жатты. Одан кейін өзімен-өзі ойнағандай төрт аяғын аспанға көтеріп алып, ауаны қармап, ербеңдетті. Тағы сол «ө-ө-ө» деген дыбыс шығарып қояды. Ойынның қызығына түскендей қатты бір өкіріп қойып, оңды-солды аунады. Бір уақытта қозғалмай тым-тырыс болды да қалды. Еш дыбыс шығармай, қимыл жоқ сұлық түскеніне қарағанда оқыста өліп кеткен секілді. Қалың жүні ғана желге желбірейді, өзінде тіпті тіршілік белгісі байқалмай қалды. Бойындағы қорқыныш сейіле бастаған елік аузына түскен шөпті жұлмалап, әдетті тірлігіне кіріскен. Айнала тым-тырыс тыныштық. Осындайда қалбалақтап ұшып зәреңді алатын қарғалар да көрінбейді. Бір жерге аш кенедей жабысып, қатып қалмай жылжи отырып шөп жұлатын әдетімен орнынан қозғалып та кетті. Тұяғымен жерді бір тарпып қойып тағы да алға жылжымақ еді, сытыр еткен бұтақтың дыбысы еріксіз басын көтертті. Ес-түссіз қалғандай сұлық жатқан қоңыр пәленің бұталардың бергі жағына өтіп кеткенін көргенде көзі атыздай болды. Қалай келіп қалғаны белгісіз. Еліктің басын көтергенін аңдады ма, тағы да ұзынан түсіп, серейді де қалды. Елік мазасызданып, құйрығын шошаңдатып тағы да әрі-берлі жүре бастаған. Ананың ауыр қимылдағандай болып, ақырын аунап түсіп жақындағанын байқап қалды. Аюдың айлалы қимылын енді ұғып қайда қашарын білмей тұяғымен тырс-тырыс тасты ұрып тұрып қалды. Әлгінде ғана өрге қарай қашқан еді, енді сол тұстан жайлап жылжып келе жатқан пәледен қалай құтыларын білмей елік артқа бір, алға бір жүгіріп есі шықты. Бір уақытта қоңыр пәле орнынан шапшаң тұрып, төртаяқтап жүгіре жөнелді. Осы кезде, қайдан шыққанын белгісіз бір үлкен елік маймақ пен екі араны кесіп өте берді. Тура қоңыр пәле бір секірсе жетер тұсқа таянып қалғанда бір аялдап барып, ақсаңдай басып ақырын жүгіре жөнелді. Аю көп ойланбастан соның соңынан салды.Үлкен елік барған сайын жылдамдығын қосып бара жатқан секілді. Одан арғысына қарауға шамасы келмеген жас елік төменгі тұстағы бұталарды қуалап, шабысын үдеткен үстіне үдетіп,алыс ұзып кетуге тырысқан.
Ол үлкен еліктің қайдан пайда болғанын, оның лағына қатер төнгенін алыстан сезіп, ұзақ жолмен құйындата шауып келген енесі екенін, дәу аюды алдап соңына ертіп алысқа ұзатып, оңтайы келгенде құйғыта шауып жөнеліп, тажалды қара жерге отырғызып кетуді ойлағанын жас елік қайдан білсін. Ана еліктің ойы жүзеге аспай, байқамай бір бұтаға сүрініп кеткенін, аю бас алып бірден тамағына жармасқанын, ажалмен соңғы рет беттесіп,соңғы рет арпалысықан ана елік басы ауған жаққа шауып бара жатқан лағына көзінің қиығымен қарауға шамасы келмеді. Ашқарақтана ұмтылған аю алмастай тістерімен тамағын орып жіберді. Осылай анасының лағын құтқарамын деп тіршілікпен қош айтысқанын лағы білген де жоқ. Жас елік енесімен соңғы рет кездескенін де білместен, қанға боялған тұстан әрі алыстай берді. Сол сәтте тағы тіршілікте де бала өмірін қорғау үшін жанкешті талас өткенін еш пенде байқаған жоқ. Шамасы келгенше құйындай шапқан жас елік болашақ өмірін бетке алып ұзай берді,ұзай берді.
ҚАС-ҚАҒЫМ СӘТ
Ақ қоян биіктеу бір жарқабаққа шықты. Қары кетіп, дегди бастаған құмдаққа шыққанда күн бар шуағын аяғының астына жинағандай табанына топырақ ерекше жұмсақ сезілді. Былтырдан қалған қураған шөптің өзінде бір жылылық бар, нәр бар секілді. Бүйірін төсеп жатып көріп еді,қысты өткерген шөптесіннің өзі тура терең іннің ішіне төселген мамықтай сезілді. Көзінің қиығымен көктеректің биік бұталарына қарады. Кішкене құстар тұмсығына қауырсын іліп, қиқым шөп іліп, ұяны баптау қамымен жүр. Мұрынға бұталардың бүр жарған иісі келеді. Қыстан аман шыққан тіршілік иесіне көктемнің осылай басталатынын бұл қоян да талай басынан өткерген. Бусанған дала лебіне маужырап, үлкен көзі жұмылып бара жатыр еді, әлде бір дыбыстан селт етті. Бүйірін түрткен көжектері екен. Олар да есейіп қалған болды-ау. Күн жылыған сайын туар кездің, жарық дүниеге шығар уақыттарының жақындай түсетінін сезеді-де. Кішкене көжектер де қарбалас тіршілігі басталар көктемді, жарық дүниені көруге асық. Дүниеге келіп,кірпіктері айқасып жатқан көздерін ашқанша да біраз күндер өтер. Бірақ, күн күліп тұрған жадыра шақта бәрі тез. Бәрі де осы кезеңге асық.
Ақ қоян тамыры нәрлене бастаған бидайықтың үш-төрт сабағын сойдақ тісімен шорт кесіп, бырт-бырт шайнай бастаған. Өткен күзден бері күн қақтап, суық сорып қалтыраған қатқыл сабақ та жұмсара түсен секілді. Екі ұртын ойнатып, азықтың енді қызығына кіріскен сәті сол еді, желпіп соққан самалмен ілескен бір иіс тұмсығының ұшын шаншып өткендей болды. Қателеспепті. Бұта-бұтаны тасалаған түлкі баспалап, тым жақын келіп қалыпты. Қоян оның оңтайланып тұрған жерінен үлкен бір секіріс жасауға шамасын келтірген жоқ, артқы аяғын қатты бір серпіп, ата жөнелген. Құйрығын ирелеңдетіп түлкі де бар екпініне салып қуып берді. Бұл өмір-өлім жарысында бәрін қас- қағым сәт шешеріне зәлім түлкіде күмәнсіз. Ғұмыры үрку, қашумен өткен қоянға да мәлім. Қоян бір бұтаны айналып өткенше, айлалы жауы жатаған жиденің үстінен бір-ақ қарғыды. Қатты секіріп,ұзынынан созылған бойымен қос аяқтап жалтарып үлгермеген қоянның артқы аяғынан қақты. Бір аунап түскен ұзын құлақтың желке тұсына түлкінің пышақтай азу тістері жетіп-ақ қалған еді. Жанұшыра тыпырлап, орнынан тұрып үлгерді. Түлкінің қарш еткен азу тістеріне көктемде түрлене бастаған ақ ұлпа жүндері ілікті. Төбесінен бұлттай түнеріп, аждаһадай түйілген ажалдың арасы қылдай ғана еді. Жанап өтті. Үлкен бір шалшықтың лайсаңын түлкінің көзіне жаңбырдай шашқан күйі басы ауған тұсқа қарай безіп келеді. Шамасы келгенше бұл да бұлтаққа салған болады. Сытырлаған бұта, сусылдаған шөп, шылқыған су. Таңдар жол, аңдар бұлтарыс жоқ. Бір уақытта табаны қатты тасқа тиді. Тас жол. Қиястатып кесіп өтті. Адамның иісі. Түннің өзін күндей жарқыратып жіберер екі көзі бар, құстан да жүйрік жыланбауыр темірдің иісі. Бұл маңға әсте жолауға болмайтынын білгенімен де ажалмен күрескен бейшараның жанына пана болар таса жоқ. Табаны тиген жерді таңдауға жол бар ма, есі кетіп жығылып-сүрініп, орғытып келеді. Бар ұшқырлығы мен бар айласы тіршілік жолында. Құлақ түбінде ырсылдаған түлкінің тынысына гүрілдеген дауыс қосылды.
– Әні, қоян. Әні, түлкі.
– Бірін-бірі қуып барады.
– Жолдан шығып кеткенше тез атыңдар!
– Түлкіні,түлкіні. Қоян жиі кездеседі ғой!
У да шу айқай. Құлақты тұндырған гүрс-гүрс дыбыс. Қоян байғұс өлі-тірісін білмейді. Әйтеуір құлашы сермелген тұсқа қарай екі өкпесін алып, ұшып келеді. Бетін,бар денесін тырмалаған бұталарға да қарасы жоқ. Сол екпінімен қанша адырдан,қаншы сайдан асқаны белгісіз. Бір уақытта өкпесі өшкендей болып сұлық құлады. Шөптесінге тура серейіп түсті. Бойын жинауға да шамасы келген жоқ. Сол ұзыннан түскен бойы жатты да қалды. Денесі дір-дір етеді. Өкпесін аяз қарып өткендей, тыныстаған сайын солқ-солқ етіп ауа өткізе алмай сырылдап жатыр. Тап қазір түлкі келіп, жұлмалап жей бастаса да денесін көтерер шамасы жоқ еді. Аман қалсам деген үміті де үзіліп, шарасынан шығып, аларып жатқан көзіне төбесінен төнген күн көрінді. Бар шуағын мөлдіреген жанарына төккендей. Ерекше жарық, ерекше ыстық сезілді. Көзін жұмбасына болмады. Мәңгілікке деп сезінген. Жоқ, мәңгілікке емес екен. Біраз уақыттан кейін көзін қайта ашты. Осы кезде тағы да әлде бір зат бүйірінен түртіп өткендей болды. Тіршілігін танытып жатқан жарық дүниеге құштар көжектері екен. Айнала тыныштық. Бір-бірін қуаласқан торғайлардың шықылықтаған дауысы естіледі. Бойын жиып, басын көтерді. Ажалдан қашқанда көктемнің қанша шалшық суын тіліп өткені де белгісіз. Лайсаңға әбден шомылған денесінің тоңғанын да енді сезді. Ақырын тұрып, бір бұтаның түбіне қарай жақындады. Әр жылжыған сайын екі үлкен құлағын қайшылап, жан-жағын бағдарлай тыңдайды. Тіпті, аспанда өз бетінше қалбалақтап ұшып жүрген қарғаларға да сезіктене қарап, бұтаның қалың тұсына ұмтыла түсті.Денесі, аяғы мүлде икемге келмей, қимылға жарамай қалған секілді. Әйтеуір бұтаның қалың тұсына қарай барынша жылжыған болады. Тағы да бар қорқынышы шарасынан шығардай көзіне жиналып артқы жағынан қарады. Жоқ. Түлкі жоқ екен. Бағанағы тарс-тұрыс кезінде оққа ілініп кетті ме екен? Оны ойланар қоян ба, әйтеуір ажалдың тынысы алыстағандай болды. Қорқыныш бәсеңдеп, бір еркіндіктің лебі ескендей. Бұтаға терең тығылыңқырап көзін жұмды. Бұл бұтаның түбіне қанша жасырынып отырары да белгісіз. Әлі алда қанша қорқыныш,қанша жүгіру бар. Көжектері анау,бүйірін бүлкілдетіп тіршілікке сұранып жатқан. Көжектерін өмірге әкелу үшін қайтсе де үлкен інін тауып алып, сырт көзден тасаланып жатуы керек. Тап бүгін ғұмыры табаны тимеген талай белестен өтті. Енді өз інін тауып, жеткенше де қанша уақыт. Тезірек жетсе екен… Үнемі үрей мен қорқынышты жеңіп бітпейтін ақ қоян орнынан тұрып, қаттырақ сілкінді. Күні бойы малтықтырған судың бәрін серпіп тастамаса да бойы желпініп қалғандай болды. «Ескі ін осы жақта-ау» деп тұспалдаған жаққа бет алып жүгіре жөнелді. Күн төбеден бәріне күлімдей қарайды. Көктемнің тіршілік лебі бәрін билеп, бәрін жеңіп, күн шуағына қарай жетелейді.
САУЫСҚАН
Қаңтар айының соңына қарай қыс қатты қатуланып, ерекше құтырып алды. Бар қаһарына мініп, жер бетін жыландай жалаған қытымыр аязын үрлеп, ысқырып, жорғалағанның жаурынын мұздатып, қанаттылардың қауырсынына дейін қарып бөлекше мінез танытып тұр. Үш күн бойы далада жүгіріп, әуенін созған боранның да ми шаққан уілі басылар емес. Мұндайда бар тіршілік иелері інді-індерінен, бұта-бұталардан пана іздеп байыз таппаса сауысқан ғана боранға қарсы ұшып құтырынып алады. Дүлей жел қанатынан тартып, құйрығынан сүйреп жатса да жағаласып ақ түнектің ең бір ұйтқып соққан тұсына барып қонады. Өзгелер секілді ықтан пана іздеп қалбалақтап тым алысқа ұшпайды да. Жылда қыс түсе төңіректейтіні осы шағын ауыл. Ауылдын мал-жаны, өлім-жітімі көз алдында.Тұмсығына әлде не ілінер-ау, жұтқыншағынан түйілмей өтер түйір табылар-ау дегенді алыстан сезіп, асықпай күтуге әбден үйреніп алған. Міне, боранның қаңбақтай үйіргеніне қарамай ауылды аңдығанына екі-үш күн болды.
Тірлігінде саяқ қонып, саяқ секеңдеуге үйренген ала қанат таң ата тағы да ауылдың бауыр тұсындағы шатырсыз бәкене үйге жақындады. Өзгелерден бөлектеу үйден бөлектеу бір дыбыс шыға ма деп күткеніне де осы екі –үш күн дересі өтті. Мынау шуылдаған-дуылдаған боран естіртпей қойды ма деп желмен жарысқан ысқырықтан бөлек үн аулап үйдің төбесіне шығып біраз жүрді. Қора-қопсыны айналсоқтаған болып, алыстан да қарайлап қояды. Бұл күткен тірлік әлі байқала қоймады. Кейде таң ата есікті сықырлатып біреулер шығады. Бүрсеңдей жүгіріп, қораға кіріп кетеді. Бұл есікке жақындап тың тыңдағанынша қайта жүгіріп, асығыс үйге кіреді. Не артық қимыл, не артық дыбыс байқалар емес. Ал енді осы үйдегі кішкене жүгірмек шықса маза жоқ.
– Ала қанат сауысқан,
Пәле іздеген алыстан-деп әжем айтушы еді… Сумаңдаған сұмырай құс, сен неге әжемнің үйін төңіректеп шықпай қойдың? Тағы да жамандық тілеп жүрсің бе? Өз басыңа келсін!- деп қолына түскен тас, кесекті ала салып лақтырады. Сауысқан лып етіп ұшып, әрірек барып қонады. Анау далбалақтап қуады. Адам деген қызық. Үш жүз жыл жасап қанаты түгілі бауырын зорға көтеріп жүрген қара қарға деп пе еді мұны. Үркіткен, қуғанға көне қояр ма. Бұл сым тартылған бағананың басына барып отырып алады. Лақтырғанын жеткізе алмаған бойынан малақайы үлкен талтаңбай бағананы айналып жүріп, тағы бірдеңелерді айқайлап, айқайлап жайына кетеді. Ананың не деп айқайлап жүргенін сөзбе-сөз ұқпаса да ғасырға жуық жылдардың басын қайырған әккі құс өз дегенінің көп ұзамай-ақ боларын тап басып сезіп жүр. Қайта-қайта кесек лақтырып анау баланың неге ашуланып, неге мазасызданғанын алақанат әлдеқашан аңғарған.
Бір уақытта басын малақай басқан бала денелі ересек адамды жетелеп шықты. Қолында мылтығы бар. Талайды жасаған құс мылтықтың не екенін жақсы біледі. Оны біреу көзіне жақындатып, жағына таяған күйі қапсыра қысып алып, ұзын мойнын сен жаққа кезесе қанатыңның бар ұшқырлығына салып тұмсық тартқан жаққа қарай тез жоғалуың керек. Болмаса, мылтық тарс ете қалады да ненің теуіп түсіргенін аңдап үлгермей,жерге топ ете қаласың. Жүз жасаса да шөкімдей ми жоқ қарғалардың осындай жағдайға талай тап болғанын біледі. Мылтық түгілі бұзық балалар кесекпен қағып түскенше мүлгіп отыратын қара қанат ақымақтарды талай көрген. «Тапал үйдің иті түні бойы ұлып шығып еді. Мына мылтықтың қанды мойынын соған қарай кезенер ме екен» -деп ойлады ма, әйтеуір әккі құс жерде, төменде талтайып-талтайып тұрғандардың әрбір қимылын қалт жібермей аңдай қарады. Түні бойы шәуілдеп мазасын алған итіне ашуланған алакөз жындылардың үйшікке жақын байланған сорлыны қаңқ еткізіп атып тастағанын талай көрген. Ондай кеңкелестердің қимылын білетін құс түтіндеген мұржаның тасасына ұшып барып, алыстан барлай қарады.
– Әні, әні мұржаның тасасында отыр! Күні бойы аңдысып, кесекпен қуалаған бала тура қолымен атып алардай сұқ саусағын мылтықтай безеп, сауысқанды көрсетеді. Мылтық гүрс етті. Ала құс алжасқандай қанатын қай жаққа қарай сермерін білмей абдырап, әйтеуір қалың қарды сабалап өткенін біледі.
– Тиді, тиді!
– Жоқ тимеді. Жұдырықтай бойына жарты әлемнің жамандығын сидырған бұл пәле оңайлықпен алдыра қоя ма.
Осы кезде боранның уілімен жарысып, үйден сыңсыған дауыстар естілді. Мылтығын қайта оқтаған ересек те, бала да тым-тырыс, қимылсыз тұрып қалды. Сауысқанның да бәкене үйді айналсоқтап, күтіп жүргені де осы еді. «Қош, әжетайым!» дегенге дауысқа дауыстар қосылып үдей түскен шуды жақынырақ естиін дегендей секеңдеп бір-екі адым жақындай түсті.
– Мылтықты берші, көке!
– Қой, қолыңа ұстап көрген жоқсың ғой, – дейді не үйге қарай жүгірерін, не баласына басу айтарын білмей тежелген ересек.
– Берші, көке! – деп бала мылтықты тартып алғандай болды. «Өй, мына жалпақпас қайтеді-ей» – деп сауысқан есін жинап та үлгерген жоқ. Мылтық гүрс етті. Ала қанат құс мұз қатқан тас кесектей құлдырап, қалың қарға шаншылып түсті.
– Әкеңнің…
Ересек пен бала дауыс көтеріп, еңіреген күйі үйге қарай жүгірді.