Жанұзақ АЯЗБЕКОВ. КЕРМЕК ДҮНИЕ

Қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерді өз туындыларына арқау етіп, адамзаттық құндылықтарды ұлттық тұрғыдан пайымдап, философиялық ой-тұшым­дарын көркем сөзбен кестелеп жүрген айтулы қаламгердің бірі – Жолтай Жұмат-Әлмашұлы. Автордың «Ащы да тәтті өмір» деген прозалық топтамасына 5 роман еніпті. Олардың алғашқыларының қатарында – «Олигарх және олимп» роман-элегиясы және «Интерадам» роман-әфсанасы. Бүгінгі көркем әдебиеттен хабардар кісі жақсы біледі, соңғы жылдары жанрдың классикалық бітімі өзгеріп, тұрпаты да, мазмұны да жаңаша кейіпке түсті. Осы үдерісте Жолтай Әлмашұлы жаңашыл топтың алдыңғы легіндегі тайпалма жорға. Жорғалығы жаңалыққа құштарлығы, тыңнан өзіндік соқпақ салудағы ұмтылысы.

Өкінішке орай, бүгінгі қоғамдағы бір пиғыл – қазір адамды қандай адам екендігімен емес, қалай өмір сүретіндігімен бағалайды. Әсіресе мұны құндылық деп танитындар көбейіп келеді. Себебі, материалдық игіліктің жетегімен әлемдік мәдени интеграция ұлттық ерекшелікті, өзіндік қадір-қасиетті жойып, жалпыадамзаттық үрдіске алып келді. Әрине мұны көптен бері жан жүйкесімен сезінген ойлы қазақта маза жоқ. Руханияты әлжуаз ел өркениетін жоғалтады. Сондықтан да ұлтжанды, қарымды қаламгер Жолтай Әлмашұлы үшін бұл көптен бергі өзекке түскен шоқтай, беяпар күйге түсірген тақырыптар. Бұлай деуімізге жазушының соқталы прозалық туындылары куә. Соның ішінде қазақ қоғамында біраздан бері «теперіш» көріп келе жатқан қазіргі қаржылы алпауыт, яғни олигарх тақырыбы. Әдебиетімізде бүгінгі ірі кәсіпкер образын сомдаған көркем, кесек туынды жоқтың қасы. Жолтай болса екінің бірі бара бермейтін, қолайына жаға бермейтін, тіпті суханы сүймейтін қазіргі шынжыр балақ, шұбар төс сұлбасын шығармасына арқау етті. «Олигарх және олимп» деген атының өзі де атойлап тұр. Жазушы туындысының желіге жол кіріспесінде: «Бүгінгінің байлыққа бөккен жұмыр бастысы – Олигарх ойды бөле берді. Мына заманда, апыр-ай десе, Олигарх деген түсі де, сұсы да бөлек қара дәулер көбейген заман туды ғой, міне! Олигарх болғанда қандай! Оның байлығына сіз бен біздің дүниеміз тұрмақ, шашымыз да жете қоймас. Баяғының Қарынбайлары мен Шығайбайлары далада қалады қазір…

Бір таң қаларлығы – сол Олигархтар тәуелсіздік тамырлай бастаған шақта сіз бен бізді баса-көктей өтіп, көктемгі көк жауқазындай дүр көтеріліп, қаптап кеткені! Қайдан шықты? Қалай шықты? Қай тұстан пайда болды?.. Ешкім тап бүгінге шейін атын атап, түсін түстеп, шын анықтамасын бере алған жоқ. Арғы-бергі уақытта бір мықтыңыз білгірлікпен байыптап, диагнозын дәл қоя аларына, әй қайдам-ау, сену де қиын.» – деп, жазушы бір бастырмалатып алады да: «Олигарх – енді жай ғана жұмыр бас пенде емес, қоғамдық құбылыс! Оларды ұнатасыз ба, жоқ па – бәрібір өзіміз өмір сүріп жатқан осы қоғамнан ойып алар өз орнын тынымсыз іздеп, шарқ ұруға толық хақылы! Тіпті, керек десеңіз, олар біз жете алмағанға жетіп, біз бітіре алмағанды бітіруі әбден-ақ ықтимал. Демек, Олигарх – күрделі кейіпкер! Өте күрделі образ!..» – деп, автор оқырманға олигарх туралы өзінің көзқарасын бірден айқындап береді.

Сонымен, романның басты кейіпкері олихарх, ол кім ? Нарратор сөздің біссімілләсін Шерқала деген шағын ғана жұпыны, шері көп қала деп бастайды. Бірақ осы қаланың аты әлемге әйгілі, өйткені, оған себеп – осы топырақтан шыққан шыққан олигархтар. «Солардың бірі – Аспан. Иә, кәдімгі Аспан. Қазақтың қарадомалақ баласы. Ауылдың топырағына армансыз аунап өскен, кешегі күстабан жүгермек ұл. Оның әуелдегі аты – Оспан еді. Сол Оспан деген атты әдемілеп айту шетелдіктерге кәдімгідей қиынға соққан болар, бәлкім! Сосын да оп-оңай өзгертіп, енді Аспан деп ныспылапты өзін. Аспан десе – Аспан! Қолы аспанға, яғни зеңгір көкке әне-міне деп тие жаздап, сәл-ақ жетпей тұр. Бәлкім, біз төмендетіп тілге тиектеп тұрмыз ба – қолы көкке жетіп те қойды ма? Әй, жетіп те қалды-ау!.. Әлдеқашан» – деп, жазушы басты кейіпкерін мысқыл мен кекесін араластыра мінездейді. Автордың сипаттауынша Аспан соңғы он-он бес жылда туған топырағына жүз көрсетіп, табаны тимеген. Қазір «ол бұл күнде атақ-даңқы аспанға найзадай атылып, әлемді аузына қаратып тұрған Американың Н. провинциясының тұрғыны. Соңынан іздеп арнайы кім барыпты, әйтеуір ұзынқұлақтың айтуына қарағанда – өзінің қосарлана салынған жеке вилласы, екі-үш жеңіл көлігі және үйінде бірнеше қызметшісі бар деседі. Қызметшілерінің бас бикеші, жасыратыны жоқ – өзінің зәуеде тоят табар төсектесі, аты – Кэт, ал ұлты – түсініксіз, әйтеуір өз нәсілі емес екендігі жүріс-тұрысы мен мінез-құлқынан көп-ақ көрініп тұрады.

Ал, Аспан болса… ұрпақ сүймедім-ау деп қиналып, бас қатырулы ма? Көңіл түкпірінде еш арманы жоқтай, тірлігі таң қаларлық, тағдыры кісі сүйсінерлік! Тыңдап тұрсаң, ертегідей өмір. Не сенеріңді, не сенбесіңді білмейсің, бірақ бұл ақиқатқа жақындау әңгіме сорабы» – деп жазушы өз кейіпкерінің кәдімгі төрткіл дүниеге мәлім алпауыттарға тән өмір салты, ғадетінен хабардар етеді.
Олигарх кім? Ау, ол деген тар жол, тайғақ кешуден әупірімдеп өткен, қандай қиындыққа да төтеп берген, әбден таяқ-соққы көріп барып ысылған, бизнестің майын ішкен жансебіл жан болмас па! Аспан өзін мақтағысы жоқ. Алайда, осы Шерқала секілді кішкене елді-мекеннен шығып, әлемге үн қатса, – ол мақтаныш емес пе! Мақтанар елі, жері, халқы қайда? Мақтау орнына, бұны тобықтан шалып, шалқалатып жіберуге ынтызар. Ынтығып тұр».

Олигарх сыртта тасы өрге домалап, өз елінде бәтқорда болып шыға келгеніне таңданбады. Өйткені, ол бай-шонжар туралы ес білгелі қазақы ортадағы шорланған құныс көзқарасты естіп өсті. Бай – арам, кедей – адал. Бірақ мына заманда жетімдік көріп, бала күннен тұрмыстың тауқыметін тартқан Аспанға ең басты мақсат – бай болу еді. Мақсатына жетті. Байыды. Бірақ ол байлықты ұстап тұру, еселей түсу одан да күрделі болып шықты. Бизнесте күні кешеге дейін туған ел мен жер, шыққан тегі, ұлты мен ғұрпы, тілі мен ділі дегеннің бәріне де атүсті қарап, мән бермей келген. Сөйтсе – қателесіпті. Мұның бәрі де есеп-шотқа салулы тұрады екен. Қажет кезінде іске қоса қоятын факторлар екенін түсіне бастады. Мұны бір жолы үзеңгілесі Ронни дүние бөліс сыңайымен салғыласып қалғанда: «Бірақ, біліп қой, бұл – Америка! Сен деген… алыстағы бір елден, ешкім естіп-білмеген кішкене қаладан келген елеусіз жансың» деп қытығына тиюінен аңғарған еді.

Негізі, олигархтың жан дүниесіндегі беймарал тыныштықтың тұнығын шайқаған, одан гөрі ауылдасы, жазушы Жасханның мақаласы. Мұны сырт көзге өзімшілдігі бас игізбегенімен, көңілінің құлазуы, жүрегінің сыздай бастағаны содан екенін өзі ғана сезді. «Ішінен ойлап байқаса, соңғы уақытта өзінің кіндік қаны тамған кішкене ауылды мүлде ұмытып барады екен-ау! Шерқаланы өңі тұрмақ, түсінде де көруді қойыпты. Бұл не деген сұмдық! Кісінің ең қымбат асылы – туған елі деуші ме еді ауылдағы Қабыш ақсақал! Мейлі көкке ұш, мейлі жеті қат жер астына түс – бәрібір бір күні туған топырақты аңсарың өтірік пе?» деп мұңданады.

Жалпы романдағы оқиғалар желісі Аспан – Жасхан, Ханмұрат – Жанмұрат арасында қосарлана өрістеп дамиды. Аспанның бизнестегі әріптестері Ронни Рапп, Джон Дэвис, көмекшісі Артур Хаземеттермен арасындағы қарым-қатынас, шиеленіс – олигарх образын даралауға қызмет ету үшін алынған желілер. Сол сияқты бүгінгі бизнес әлемінің сыр-сипатынан хабардар ететін қосымша көріністер. Романдағы сюжеттер оқиғаға емес, мінез-құлық, пиғыл-көзқарастарға құрылған. Әсіресе көп көзқарастар Жасханның аузымен айтылады, соның жазбасымен беріледі. Шындық пен әділдік үшін жанын жалдап, қылмысқа қарсы, бел шеше күрескен қарапайым жазушы-қайраткер Жасханның трагедиялық тағдыры да сендіреді. Біздің өмірімізде бұл бар. Сол Жасхан жазған-сызғанымен де, аяулы қазасымен де олигархтың дүниетанымын өзгертті. Шерқалаға келіп, Жасханға құран оқытады. Сонда ол: «Өзіне-өзі күбірледі: « Ал, мен… мен неге ата-бабам ұстанған дінді мүлде елемей өмір сүрдім? Бұным қалай, ә?.. Әй, өзім де…» Сосын тағы да ойлады: « Осы адамдар неліктен басына ауыр қайғы не үлкен сәтсіздіктер түскенде ғана Алланы ауызға алады?.. Бұның сыры неде?..»

Ауыл – ой бесігі. Осында келсе бітті – сезімі де қанаттанып сала береді. Қияға ұмтылады. Оның Шерқаладан ешбір жаққа, ешқайда да қадам басқысы келмеді. Ол – ой олимпіне ұмтылу үстінде еді..» – дейді автор. Олигархтың бұл ұмтылысы оның жүрегінің оянғанын, бұл өмірде дүние байлығы мен жан байлығының деңгейлесіп, қатар дамытуды ойлаған байлам болатын.

Жазушы Ж.Әлмашұлы бұл туындысында осы замандағы байыған, алпауыт қазақтың кәдімгі етпен сүйектен жаратылған пенде, көкірек-кеудесі де бар, рухани жағынан мүгедек, бірақ жеме-жемге келгенде тәубесіне келетін, ұлтын, елін сүйе алатын қасиет те даритынына сендіргісі келеді. Сонымен қатар қазақ қоғамында жаңа байға, қазақ буржуазиясына деген таптаурын, стеротип көзқарастың көбесі әлі сөгіле қоймағанын меңзейді. (Жасхан: «Кәсіпкерлік дегенді мен мүлде қабылдай алмаймын. Олар менің ұғымымда – ақшаның басыбайлы құлдары-ы.»)

Неге роман-элегия? Мұң… жан күйзелісі… Бір жағынан автор үшін ақиқат өмірде мұндай олигарх бар ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Әйтсе де, туындыдағы арманы – қазақ олигархтары иманды, ізгілікті, мейірімді болса. Туған жер, туған елдің қадір-қасиетін бағалай білсе, шіркін! Тәтті арман, ізгі арман…
Бүгінде әлем жұртшылығының ғаламдану – бірден-бір табиғи – тарихи ақиқат, үзілісіз үдеріс екендігін мойындады. Әсіресе жаһанданудың жақсылығынан гөрі, жаманаты жанға батқан сайын ел-жұрттың көңіліндегі алаң үдей түсті. Адам баласының қадір-қасиеті тозса, сана-сезімі күйзелсе, болмыс-бітімі өзгерсе – бұл құрдымның құбылысы! Бағыт-бағдарының сыңайына қарағанда әлеумет мәңгүрттікке, ойсыз, тоғышар, оп-оңай басқарылатын тобырға айналып кету қаупі бек мүмкін. Бұл үрдістің ең қауіптісі – рухани тоқырау, рухани күйзеліс. Жолтай Әлмешұлы романдар циклында қазақы қоғамның осындай әлемдік құбылыстар толқынына қаншалықты төтеп бере алатынына өзіндік барлау – бақылау, болжау-пайым жасайды. Мұндай адамзаттық сынақта ұлттың қадір-қасиеті, адамгершілік құндылықтары, бүгінгі замандастарының ішкі ізгілік дүниесі, сезім буырқанысы, түйсік-жүйке ахуалы қандай күйге түсуі ықтимал деген сауалдарға жауап іздейді. Жолтай туындыларының негізгі арқауы осы.

Мұндағы бір ерекшелік – автор кейіпкерлерінің іс-қарекетінің басы-қасында, олардың өзіндік ой-толғаныс, парасат-пайымдарына өзі бастамашыл, өзі үндесіп, өзі бағыт-бағдар береді. Сөйтіп, жанрды жаңа форматта, композициялық тың пішімдер арқылы жеткізуге ұмтылады.

Жолтай прозасының тағы бір өзгешелігі – дидактикалық диалог-монологтарымен ордалы ой тарқату. «Интерадам» туындысы міне осы тұрғыда жазылған, жазушының өзге де шығармаларымен рухтас, үндесіп жатыр. Шығармадағы басты кейіпкері Қоңырхан «Олигарх пен олимптағы» Жасхан секілді қаламгер, бір айырмашылығы, бұл, аудандық газеттің қызметкері. Ал Қоңырханның жерлесі, ауыл философы Бәлдубектің Жасханмен ұқсастығы – осы өмірден екеуі де шындық үшін шырылдап, әділдік іздеп (кейде «арқасы қозып, көтеріліп кететін») тынымсыз баз кешкендер.

Романның композициясы негізінен Қоңырхан мен Интерадам Икс арасындағы ой-пікір додасы мен арпалысына құрылған. Сюжеттік желілер де осы екеуінің диалогынан өрбиді. Бір күні Қоңырханға ойда-жоқта интернет арқылы түсініксіз хат келеді. Аты-жөні белгісіз, суреті жоқ, өмірі сөйлесіп-тілдеспеген бейтаныс кісі.
«Менің аты-жөнім – Интерадам Икс, ал арғы жағын сұрап әуреленбей-ақ қой, бәрібір айтпаймын. Мен сені сыртыңнан бек жақсы білемін» деп бастайды да, Қоңырханның қысқа да нұсқа ой-толғауларын қалт жібермей үнемі оқып отыратынын, кейбір ойларымен келісетінін, ал кейбіреулерімен жата қалып дауласуға да барын баяндайды: «Мәселе сенде де, менде де емес, бар гәп – өзің шексіз сүйетін қойдай жуас халықта! Рас, осындай елдің ұланысың, жан-тәніңмен жұртыңды да, топырағыңды да сүйесің – бұл жалпы алғанда аса жаман әдет деп айтуға еш хақым жоқ. Сүю – асыл сезім! Сүйе білмеу – трагедия!» дейді.

Сонымен, әп дегеннен-ақ Интерадам Қоңырханды компьютердегі үздіксіз жазбаларымен баурап алып, күннен-күнге ынтықтыратын болды. Кей хатында елеңдетіп отырып, кілт үзетіні бар: «Едігі хат-әңгімені ертең осындай уақытта күт!» – «Күтеміз! Несі бар, күтуге шыдам жетеді!» деп, ойлады іштей. «Сенімен ой таластыруға тартыншақтап не көрініпті? Тап өзіңдей еті тірі, сезімі сергек жанды мына ессіз қоғамнан көріп-таба алмай, көптен ішқұса күйді кешіп жүрген жоқпыз ба?..» Осы бір ауыз сөзінен-ақ Қоңырханның ішкі дүниесінен бір сырдың ұшығы көрініп қалады. «Ессіз қоғам» деп өзі өмір сүріп отырған ортаға деген пиғылынан хабар бергендей. Интерадам да мұның жауаптары мен ойларын қалт жібермей, бағып отырады. «Өзің-ақ ойлашы, бір жазбаңда « Адам деген ол шексіз мүмкіндікке ие құдіретті жаратылыс» деп түйіндепсің. …Айтпағым – адам қалайша құдіретті күш? Жоқ, ол небәрі табиғат деген алып кеменің әлді-әлсіз жолаушысы ғана. …Өмірден кісі неліктен жериді? Неге мына шетсіз де шексіз ғалам аяқ астынан оған тым қызықсыз бетін бұрды? Бұның астарында қандай сыр тұмшаланып тұр? Ойланшы, қане!..»

Қоңырханның бүкіл аңсары мен әуесі, тірлігі мен тәбеті осы беймәлім кісімен арадағы ойталастастың әсерінен сиырдың бүйрегіндей бытырап жүре береді. Оны ой азабына салып, ішкі әлемін астан-кестеңін шығарады. Жазушы романдағы көтеретін мәселелердің ауқымдылығын ескеріп, оқушының қабылдауын жеңілдетіп, негізгі 6 тарауға бөліп, атын атап, түрін түстеп берген.

«Адам не үшін өзіне-өзі қол жұмсайды?.. Тірлікте дем ләззатын өз биігінде сезінуден асқан қандай рахат бар? Неге жұмыр басты пенделер-р… қуанып жүруден бұрын, қайғы құшағына көбірек бас қоюға бейім? Неге санаға салмақ салар қара нүктенің мысы басым түсіп жатады әркез…» – дейді бір толғанысында Қоңырхан. Пайымдап қарасақ, бас кейіпкерді мазалаған дәл осы ой, біздің қазіргі қоғамдағы өткір тұрған мәселемен үндесіп отыр. Соңғы кездегі дәйектерге қарағанда біздің елде өзін-өзі өлтіру (суицид) жөніне біраз елдердің алдына шығып, әлеуметтік кеселдің біріне айналғаны өкінішіті-ақ.

Туындының өзекті трагедиялық бейнесі – Гүлжан. Қоңырханның сүйген қызы. Оқиға желісі Қоңырхан – Интерадам – Гүлжан арасындағы диалогтармен бүгінгі дәуіріміздің тағдыршешті мәселелері біртіндеп оттағы шоқты көсегендей маздап отырады. Адамзат өркениетінің өзекті дерті, адам өмірінің мәні-мағынасы туралы ойталас көбіне Гүлжанның тағдыр-талайы арқылы қақтығысқа, психологиялық арпалысқа түседі. Оқырман Гүлжанның Қоңырханмен қатар оқығанын, оқу бітіргесін бойжеткен шетелге тағы оқуға кетіп, қайтып оралғанынан хабардар. Бірақ Қоңырхан екеуінің арасы неге суып кеткені жұмбақ. Ол жұмбақтың шешуінің бір жібі – Интерадамда жатқанын екенін оқушы іштей сезеді. Қоңырхан да «Интерадам сен кімсің?» деп талай рет төтесінен қойғанымен нақты жауап бермейді. Бірақ, бір ғажабы Интерадам Қоңырханның төңірегіндегі барлық оқиғалар мен өзгеріс-құбылыстарды біліп отырады. Ол бірде еркек, бірде қызға айналып, құбылады. «Оның ойынша, адамның жақсы-жаман яки ақылды-ақылсыз болмағы – бір Жаратушыдан!

Адамдардың жер бетінде әртүрлі, әрқилы өмір кешуі де, бір-бірін түсіне алмауы да – тағы Алладан.» деген сияқты тосын көзқарастарымен Қоңырханды тығырыққа тірейді.
Сонымен Интерадам кім өзі? Өзін жаhан азаматы деп атап, бөшке ішінде өмір сүрген осы заманымыздың Диогені ме екен? Ғаламтор шырмауықтай шырмап алған «Өмір сүруге қай жер ыңғайлы болса, сол жер менің Отаным», – дейтін, жалпыадамзаттық мәдениетті көксейтін космополит пе, жоқ әлде.. Гүлжан ба?.. Қоңырхан Гүлжанның университетте қатар оқыған құрбысы Дүриямен ойда жоқта кездесіп, ол туралы сұмдық сыр естиді. Гүлжан шетелде жүргенде, Еуропаның еркетотай бойжеткендеріне еріп, дене бітімін керемет жасартып жіберетін дәрумен ішіп, бірақ содан айықпас кеселге ұшырайды. Тұла бойын түп-түгел қара жүн басып кетіпті. Қанша жерден қырып тастаса да, жылдам-жылдам шыға береді дейді. Тағы бір сұмдығы – әлгі дәруменді қабылдаған қыздар қалаған жігітін оп-оңай айналдырып, өз дегеніне икемдеп әкете алады екен. Еуропа жағында сондай топ бар деседі…

Бәлдубек дүниеден озар алдында жазып кеткен хатында Гүлжан кей күндері өз ақылынан өзі адасып, екінші бір бейнеге ауысып кетіп отырады. Ағзасы ғана емес, санасы да сырқат десе, Гүлжанның тағы бір таныс құрбысы «ақыл-есінен адасып, басқа бейнеге ауысқанда компьютерге отырсам, неше түрлі ғажайып ойлар жазып тастаймын, ал ертеңіне өз жазбаларымды өзім түсіне алмай қиналам дейтінін» айтады. Сонымен.. оқырман енді Интерадам Икстің кім екенін өзі топшылай жатар. Ал Бәлдубектің қарындасы Ақнәзікке үйленген Қоңырхан бәрібір Гүлжанды іздеп Алматыға барады. Сұрасатыра келгенде бір сұрша келіншек: «Соңғы рет көргенімде бет-аузын жүн басып кетіпті. Әзілге шаптырып, «мына түрің қалай» деп ем, «е, бәріміз де әуелде маймылдан жаралдық емес пе» деп күлген! Ол, шамасы, адамдар арасынан әдейі қашып, алыстағы маймылдар мекеніне жол тартты. Иә, ол қыз маймылға айналып кеткеніне еш шүбәм жоқ…» – дейді. Ал қаламгер Жолтай болса: «Қыздың маймылға айналып кеткеніне оны ешкім де сендіре алмапты..» деп аяқтайды. Пайымдай қарасақ, Гүлжанның маймылға айналып кетуі бұл әдеттегідей көркем әдебиеттегі неомифологизм, бірақ біздіңше жазушының үкімі! Әлеуметтік желіде отырып: «Мен ешбір ұлтқа кірмеймін, ешбір елді мекендемеймін, ешкімді де жатсынбаймын!» –дейтін Интерадам Икс – Гүлжанның маймылға айналғаны тағдырдың катаклизмі, логикалық ақыры басқаша болуы да мүмкін де емес еді.

Жолтай Әлмашұлының интерадамы тек бұл туындысының ғана еншісіндегі айтпағы емес еді. Оның бастау – ізашары «Бумеранг» роман – хатында анық айтылады: «Интерадам деген кім? Ол – ешқандай ұлтқа бөлінбейтін, ешқандай тілмен шектелмейтін, жер жүзіндегі барша адамға бірдей көзқараспен қарайтын жұмыр басты! Мұндайлар осы күні аз ба? – Ол интерадам! Соның тап өзі!» дейді шет елге көшкен кейіпкері Абжылан. Шет ел демекші Жолтайдың туындыларына ортақ бір деталь – шетел. Америкадағы олигарх Аспан, Ханмұрат, Еуропадан кесел жұқтырып келген Гүлжан, Лондонда оқитын Гүлсайран, «жатпланеталық» Жақау т.с.с кейіпкерлерінен қазақ өз қоғамы басқа қоғаммен ықпалдастыққа түсіп, оның оң және теріс әсерлерін меңзейді. Аспанды Америка аспандатып көтерсе, Гүлжанды Еуропада жантүршігерлік кеселге ұшыратып, маймылға айналдырып тынады.

Ғабит Мүсіреповтың: «Көркем әдебиет деген – ең әуелі жанды сөз, тек қана сыртқы емес, ішкі сөз. Адам жанын қозғай алар құдірет болмаса, төрт аяғын тең басқан өлеңнен де, сағымдай құлпырған қара сөзден де пайда жоқ.» – дегені еске түседі. Классиктің осы талабының тұрғысынан алғанда Жолтайдың «Көлеңке-келіншек» роман-драмасы меніңше анағұрлым тартымды. Бас кейіпкері – Байжұман. Қырық бестегі күнде көріп жүрген кәдімгі басшы кәсіпкердің бірі. Ержеткен бір ұл, бойжеткен бір қызы бар. Ал әйелі Бижамалдың бақилық болғанына жыл өтті. Лондонда оқуда жүрген қызын көріп қайтпақ болған сапарда ұшақ апатынан опат болады. Міне, содан бері қосағын ұмыта алмай жүр. Бір күні түнде ұйқыда жатқан Байжұманға бақилық әйелі Бижамал көлеңке болып келіп қасына жатады. Содан диалог сыр басталады. Мистикалық сарында өрбитін оқиға желісін автор 27 түнге бөліп суреттейді. Диалогтарын сыздықтата отырып Байжұманның бар қоясын ақтарады. Осынау пәниде Байжұманның да пендешілігі аз болмаған екен… Жан досы Кенжеханға тиесілі марапатты, үш бөлмелі пәтерді, ұсынылған лауазымды дымын білдірмей өзі алды. Әйелінің көзіне шөп салды. Бойжеткен Бибісараның аяғы ауырлап қалып, некесіз туған баласы қазір тірі, он жаста екен. Міне осылайша бас кейіпкеріміздің өмірде көрген кермек дүниесінің сыры ақтарыла береді. Солардың ішіндегі ең сорақысы, жалғыз қызы Гүлсайранның сол Еуропада жүріп білместіктен әкесінің туған інісі Ержұманның баласына тұрмысқа шықпақ болуы секілді контрастар қоғамның ащы шындығынан хабар береді.

«Жатпланеталық жігіт» роман-хикасындағы Сезімбек пен Сәрсек, Жанель мен Жақау біз жоғарыда айтқан Байжұман мен Кенжехан, Гүлмайсан мен Қалдархан, Сағынайды еске түсіреді, тіпті тағдырлас деуге болады. Бірақ оқи келе тағдырластардың мұң-сырынан өзекті ойлар шым-шымдап шығатынын аңғарасыз. «Бумеранг» – хат үлгісінде оқуға жеңіл, айтар ойы анық, талай замандастарымызға тән тірлік, өмір тынысын аңғарасыз. Мұнда оқиға жетімдіктің зардабы мен қорлығын бастан кешіп ержеткен Қонысбай туған топырағына оралу сәтінен өрбиді. Туынды нағыз кермек өмір көріністеріне тұщындырады. Қонысбайдың балалар үйінен бірге ұшқан Сембек, Абжылан тағдыластарына хат жазумен бастан кешкен хикаяттар баяндалады. Шығармаға бүгінгі өмір шындығы, қоғамның рухани дерті мен қасіреті тиек еткен. Автор адамдардың жан дүниесіндегі бұлым-бұлым тұстарынан сыр суыртпақтайды. Бұйрабас деген бір кейіпкері: «Момынның бәрі жақсы емес», «Пысықтың бәрі жылмақай, жылпос десек, тағы қателік. Кісі мінезі адамдық бейнесін толық аша алмайды. Мінезді де жөндеуге болады, кісі өзін-өзі қолға алуы керек… Оған өз ортасы мүмкіндік берген жөн.» Ал Қонысбайдың: «Енді қандай қария боламыз, соны ойлайық» дейтіні бар. Оның жазған хатында: «Қазақ мықты да мығым ел атануы үшін алдымен өзімшілдіктен арылсын! Жасы да, жасамысы да өзім білем дейді. Өзгені алдына салғысы келмейді. Халық болып қалыптасуымыз үшін бәріне сын көзбен қарау ләзім. Өз кемшілігін байқамайтын елде болашақ жоқ та шығар». Төл прозамыздың ақтангері Төлен Әбдік бір сөзінде: «Жазушы Жолтай Әлмашұлының еңбектерін оқу үстінде менің бір байқағаным – ол кейіпкерлердің ішкі монологына, ішкі ой-толғанысына көп құмартады екен.» дегені осы ойымызды қуаттай түседі.

…Жаңа ғана соңғы бетін жапқаныңмен күні бойы сырласқан кейіпкерлердің толғақты сауалдары көкейде тіреліп тұрып қалады екен. Мазасыз күйге түсесің. Апыр-ау, шынында да ұшқыр тенологиясымен жүйке-жұлыныңды билеп алған өркениетінің көші қайда барып тоқтауы ықтимал? Адам пендеңіз жер-дүниені билеп-төстеп, Құдайға да мойын ұсынбай, нағыз құдірет иесі өзім деп өрекпиді. Тәуба қайда? Ал енді парасат-пайымы кемел, ұшқыр ойлы бүгінгі ойсоқты замандастарымыз соңғы кезде болашағыңнан қорқатын болды. Неге? Алла-Тағала жаратқан табиғи жыныстылар өз болмысына өзі қарсы шығып қара көбейтуде. Әйел еркекке, еркек әйелге айналғысы келетіндер бой көрсетті. Ал жекелеген мемлекеттерде еркек пен еркек, әйел мен әйел некесі заңдастырылды. Махатма Гандидің: «Алдымен сені көзге ілгісі келмейді, сосын айтқаныңды күлкіге айналдырғысы келеді, одан кейін саған қарсы шыға бастайды, ақыр соңында сен жеңіске жетесің» – дегенін осы қисынға салсақ, бұл тосын ой емес, тосырқамаймыз. Бірақ сіңіре алмай, қорыта алмай, әуреге түсудеміз, қазақы жұртымызға қорқынышты.

Ж. Әлмашұлы сіз бен біз өмір сүріп отырған уақыттың бүлк-бүлк соққан тамырын дөп басатыны, ой-санаға түрткі, рухани қозғалыс туғызатындығы. «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» – Бұл мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Ана тілі» газетіне атты сұхбатында айтқан сөзі. Осында: «Бәрімізді, әсіресе жастарды « Ары қарай қалай өмір сүреміз?» деген сауал мазалайды. Жоғары заманауи технология, роботтар, жасанды интеллект дәуірінде ақыл-кеңес түсінігі ерекше маңызды болмақ. Жаңа заманда ар, намыс, ұят сияқты адами қасиеттерге қажеттілік бола ма? Менің ойымша, бұл – зиялы қауым өкілдері талқылайтын ауқымды философиялық мәселе. Үлгі-өнеге, ұлттық құндылықтар болмаса, машиналар мен роботтар әлемінде жұтылып кететініміз сөзсіз. Біздің ұлы ақын-жазушыларымыздың шығармалары да маңызын жоғалтады. Әрине, мұндай жағдайдың мүлде болмағаны жақсы. Сондықтан зиялы қауым өкілдері болашақ өмір туралы мәселені қазірден ой таразысына сала беруге тиіс.» Меніңше, Жолтай Әлмашұлының тың ізденістері ел басшысының осы пайымдарымен үндесіп жатыр.

Пікір қалдыру