ЖАН-ЖАНУАРЛАР ЖАҒДАЯТЫ немесе ақсақалдың танымдық әңгімесі
Отбасы және айналасы
Жаңа үйленгендерді жас жұбайлар дейді, ал олардың бірлескен одағы отбасы деп аталады. Жасы келсе де, әлі үйленбеген жігітті де, қызды да бойдақ, ал ұзақ уақыт үйленбеген жігітті сүрбойдақ, ұзақ уақыт күйеуге тимей жүрген қызды кәрі қыз деп атайды.
Отбасын құрған адамдар бойдақтарға қарағанда сыйлы келеді. «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды», – дейді қазақ. Бұл – бойдақ адамдарда береке, көбею болмайды деген сөз.
Қазақтың ата салты бойынша, қалыңдықты, яғни болашақ жарын жігіт таңдайды немесе жігіттің әке-шешесі, атасы мен әжесі таңдайды. Таңдаған қыздың келісімін алу үшін сырға тағу немесе үкі тағу дәстүрі жасалады. Сырға тағып келген кісілерге қыз бен қыздың әке-шешесі, туыстары келісім берсе, онда екі жақ та құда түсу дәстүріне сай дайындық жүргізе бастайды. Той өтетін күнді, тойға күтуді, құдаларды қалай шақырысуды, оларға қандай киіт кигізуді, тағы басқа да тіршілік қамын бірлесе ойласады. Алдымен қыз ұзату тойы, сонан соң үйлену тойы өтеді. Олар бір-біріне жар болады. Адам үшін сүйген жардың орны ерекше. Адамның бүкіл өміріне өле-өлгенше сәуле шашып тұратын ғажаптың айрықшасы – сүйген жарыңның сыйлауы мен құрметтеуі. Әркімнің өмірін шуақты, нұрлы ететін шұғыла – жарыңның сүйіспеншілігі, махаббаты.
Үйлену тойы өткеннен кейін қыз бен жігіттің туыстары бір-бірін біле түсу үшін, құда шақырсады. Сонда бір-біріне киіт кигізеді, басқа да сый-сияпат, кәделерін жасасады. Қыз ұзату тойынан кейін қалыңдық болашақ күйеуінің ауылына бірден әкетіледі де, күйеуінің үйінде беташар тойы жасалынып, некесі қиылады, жас жұбайлар өле-өлгенше бірге өмір сүреміз деген ниетпен неке суын ішіседі. Үйлену кезінде қалыңдық киетін арнайы бас киімді сәукеле дейді. Ол әрі биік, әрі әшекейлі болады. Дәстүр мен кәделер жасалып жатқан кезде күйеу жігіттің қасына ерген серігін күйеу жолдас, қыздың серігін қыз жолдас деп қошеметтейді. Екі жақ құйрық-бауыр жесіскеннен кейін ғана екі жақ бір-біріне құда саналады.
Екеуі қосылғаннан кейін ұлдың әке-шешесі, туған-туыстары қалыңдықты келін деп атайды, ал қыздың туған-туыстары жігітті күйеу, күйеу бала дейді. Келін күйеуінің жасы үлкен туыстарына – еркегіне де, әйеліне де – еңкейіп тізесін бүгіп, тізесіне алақанын басып сәлем салып амандасады. Ол ізетпен амандасудың, үлкенді сыйлаудың мәдениетіне жатады. Сәлем салған келінге үлкендер: «Ұл тап, қарағым!» немесе «Көп жаса, шырағым!», «Көсегең көгерсін!» деген тәрізді баталарын береді. Үндемей қалу үлкендер үшін мін саналады. Ағайынды бауырлардың әйелі бір-біріне абысын болады. Олардың өзара татулығына үлкен мән беріледі. «Ағайын тату болса, ат көп; абысын тату болса, ас көп» дейді қазақ. Абысындар айналасындағы ағайын-туыс әйелдерді жалпылай абысын-ажын деп атайды. «Ай!» дейтін ажа, «Қой!» – дейтін қожа жоқ дейтін сөздегі «ажа» сөзі осы «ажын» дегеннің арғы мағынасы болу керек. Себебі «ажа» деген әйелдердің әміршісі деген мағынада айтылады. Келін келген жерінде жалаңбас жүрмейді. Ол әдепсіздікке жатады, жалаңбас жүруге қыздың ғана қақысы бар. Келін басына жаулық салып жүруі тиіс. Оның қыз бен келіншекті ажырату үшін де қажеттігі бар. Келінінің әдепті, текті болғанын барша қазақ қатты қалайды. «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» дегенді бекер айтпаған.
Жас жұбайлардың жеке тұратын үйін отау, ал еркек пен әйелдің бірігіп өмір сүруін отасу дейді.
Жаңа түскен келін алғаш үйге кірерде отқа май құяды. От – тіршіліктің қан тамыры. Оған май құйсаң, лаулап жанады.
Қыз ұзату тойы түн жарымға дейін созылады. Ұзатылатын қызға құрбылары – қыз-жігіттер – аужар айтып қоштасады, ал қыз елімен сыңсу айтып қоштасады. Аужар мен сыңсуды ел ішіндегі ақындар, өлеңшілер жазып береді. Ал үйлену тойында қалыңдық пен күйеуді жұрт жар-жар айтып қарсы алады.
Жас отаудың өмірі лаулап жансын деген ырым – өте жақсы ырым. «Жар» сөзінің тегі «жарты», «жарым» дегенді білдіреді. Ұл мен қыз – екі жарты, екеуі біріксе – бүтін. «Екі жарты – бір бүтін» деген сөздің де, «жар-жар» айтудың да түпкі мәні – бірігу. Сонда «жарымсың» дегеннің мәні «менің жартымсың» деген болып шығады.
Келін түсіру немесе үйлену тойын жігіт жағы жасайды. Кейде тойдан бұрын беташар тойын жеке жасайтындар да болады. Оған арнайы дайындалған ақын немесе өлеңші адам жас келінді келген жерінің басты-басты ағайын-туыстарымен таныстыру үшін, жас келінге олардың әрбірін жеке-жеке мақтап, жеке-жеке сәлем салдырады. Оның мақтап таныстыруына риза болған ағайындар бет ашушы ақынға немесе үйленіп жатқан жұбайларға не сәлем салған келінге өздері беретін сыйлықты не қолма-қол береді, не беретінін ел көзінше дауыстап айтады. Осы күні әркім өз сый-сияпатын тек бет ашқан асабаға ғана беретін болыпты. Ол дәстүрді дұрыс орындауға жатпайды.
Таныстыру біткен соң, ақын келіннің бетін өзі ашады. Қасына қыздың жеңгелерін де қосып алады.
Тойдың аяғы, егер бар болса, үлкен ақындар айтысына ұласады. Ал егер ондай ақындар жоқ болса, ауыл өнерпаздары қайым айтыс жасайды. Оның мәнісі – бірінің айтқанына екіншісі өлеңмен жауап қайтару. Мәселен, былай:
Құрбым деймін, ендеше құрбым деймін,
Құрығыңды кімдерге бұрдың деймін?
Ешкімге де құрығың түспей қалса,
Бетің күйіп, бейшара, құрдың деймін, – деп, не екі қыз, не екі келіншек, не аралас – бір қыз, бір келіншек – өлең бастайды, оның бірі – негізгі өлеңші, екіншісі – әріптесі.
Оларға жұптаса отырған екі жігіт былай жауап айтарады:
Құрбым деймін, ендеше, құрбым деймін,
Құрығымды сендерге бұрдым деймін.
Құрығымды мойныңнан шығара алмай,
Екеумізден екеуің құрыдың деймін.
Қайым айтыс осылайша қайырып, қайырып айту мен жалғаса береді. Той тарқар кезде той иесінің ежелгі құдалары немесе нағашылары, басқа да ет жақындары тойбастар айтады. Ол әдейі тойларың тарқалмасын, тойларың тойға ұласа берсін деген ниетін білдіреді. Той бастағандарға той иесі сый-сияпат жасайды, шапан жабады, ат мінгізеді. Қазақ той атаулыны көпшіліктің несібі санайды, сондықтан таршылық жасамайды. Тойды атқарып, көңілдері жайланған соң, тойға үлес қосқан ағайындар шүкір шай ішеді.
Жаңа түскен келінді күйеуінің туған-туыстары танысу әрі таныстыру үшін, үйді-үйіне шақыруды отқа шақыру дейді.
Күйеуге жаңа шыққан жас әйел келіншек аталады.
Еркектің әйелін сыпайылап зайыбы деп те айтады.
Қыз бен жігіттің туыстары да бір-бірін құда деседі.
Келінге күйеуінің әкесі – ата (қайын ата), шешесі – ене (қайын ене).
Жігітке әйелінің әке-шешесі де солай.
Ал құдалардың туыстары жегжат болады.
Бір әке-шешеден туған ұл-қыздар – бауыр, ағайын. Жеті атаға толмаған руластар бір-бірімен қыз алыспайтын, бір-біріне қыз беріспейтін туыстардың бір атадан тарағандары жақын ағайынға, ал сол атаның бауырларынан тарағандары жамағайынға жатады. Жеті атаның ішінде бір атадан тарайтын туыстар аталас (тар) саналады. «Алыс ағайын», «Жақын ағайын» саналатындар да болады.
Апалы-сіңлілі қыздардың балалары – бір-біріне бөле.
«Төрт аяқтыда бота тату, екі аяқтыда бөле тату» дейді қазақ.
Ағайынды қыздарға үйленген күйеулер – бір-біріне бажа. «Бажа бажаны көрсе, басы қышиды» дейді.
Шынында, басы ғана емес, тілі де қышиды, әзілдескісі келіп тұрады. Әзіл-қалжыңды қазақ жақсы көреді, өйткені оны айтқан адам төңірегін күлкіге бөлеп, жақындастырып жүреді.
Балалы болған еркек – әке, бала туған әйел – шеше немесе ана.
Екеуінен туған ұрпақ – бала (1),
Әке-шешеге ұлдың баласы – немере (2),
Оның баласы – шөбере (3),
Оның баласы – шөпшек (4),
Оның баласы – шөбелек (5),
Оның баласы – немене (6),
Оның баласы – туажат (7),
Әр ұрпақ туажаттан кейін жеті атаға толады.
Жеті атаға дейін бір әкеден тараған ұрпақ туыс болып саналады. Сондықтан, бір-бірінен қыз алып, бір-біріне қыз бермейді. Ондай қан араласу жағдайы бола қалса, ағайындылар: «Өз туысқаныңды алдың, қарындасыңды алдың немесе туысқан ағаңа тидің», – деп, жұбайларды жазалайды, жазғырады, елден қуып та жібереді. Бетіне түкіреді әрі олардан туған ұрпақ нышанмен, яғни кемтар немесе құлағы, көзі, қолы, бақайы, т.б. сыртқы мүшесі кемшін туыуы мүмкін. Ең қауіптісі – көрінбейтін ішкі құрылысында, жүйкесінде кемшіндік, нышан болса, оны ешкім білмейді. Қазақ жеті атасын баладан жоғары қарай да санайды.
Бірінші – әке, екінші – ата, үшінші – атаңның әкесі, төртінші – атаңның атасы, бесінші – баба, алтыншы – бабаңның әкесі, жетінші – бабаңның атасы. Одан арғылардың бәрі – ұлы баба.
Әкеден жоғары қарайғы жеті ата – әркімнің тегі, ал одан төмен қарай тарайтын жеті ұрпақ – әркімнің әулеті. Әркімнің ата тегінің жақсылығы әулетінің жақсылығына ұштасады.
Әрбір баланы жарық дүниеге әкелген әйелді баланың туған шешесі деп атайды, ал балаларының өзі анасын негізінен апа дейді. Әр түрлі себеппен емшегін емген әйел сүт шеше аталады, оларды ренжіту – бала үшін үлкен күнә. Шешесін тәте деушілер бар. Кей жерде әкесін не ағасын тәте, көке деушілер кездеседі. Ұлдың да, қыздың да туған әкесінен өзге қамқорлық жасап жүретін өкіл әкесі болуы мүмкін. Өмірге ұрпақ әкелудің ана үшін оңай болмайтынын қазақ жан-тәнімен сезінген. Сондықтан босанған әйелге қамқорлық та жасай білген. Өмірге нәресте әкелген келіншекке жеті күн ішінде қалжа беруі – сол қамқорлықтың көрінісі. Қалжаға міндетті түрде қой сойылады. Өйткені қойдың еті өзге малдыкіне қарағанда өте қуатты болады. Сойған қойдың жас етін босанған келіншекке беріп, артынан ыстық-ыстық сорпа ішкізеді. Әйел оны терлеп-тепшіп отырып ішуі тиіс. Оны сорпалану дейді. Қалжаның етін жемеген, сорпасын ішпеген әйел әртүрлі ауру-сырқауға ұшырағыш болады. Сондықтан босанған әйелге қалжа беру – қазақтың міндетті ғұрпы. Оны орындау – ана мен ұрпаққа деген қамқорлық.
Бала қырық күннен соң қырқынан шығарылып, қарын шашы алынады. Алғаш шыққан шашты солай атайды. Сонан соң бесікке салып, бесік тойын жасайды. Баласының бесігін тербеткен шеше баласын жұбатып немесе ұйықтатып отырып бесік жырын айтады. Ол жырды әр ана әртүрлі құрастырады. Сөз айтпай, құры ыңылдап отыруға болмайды, міндетті түрде жақсы сөз айтып жырлауы керек, сонда баланың құлағына сөз арқылы ата-бабасының рухы кіреді, қазақы мәдениет бойына сіңеді, сөздің ұлттық әуезі мен ырғағы анасының үні арқылы нәрестенің жүрегіне мәңгі орнайды. Ұлт болудың бірінші қадамы бесік жырынан басталады. Оның бір нұсқасы мынадай:
Көзімнің ағы, қарасы,
Жүрегімнің парасы.
Көңілімнің санасы!
Айналайын шырағым,
Көлге біткен құрағым!
Маңдайдағы құндызым,
Аспандағы жұлдызым!
Әлди-әлди, әлди-ай,
Әлди, бөпем, ұйықта жай!
Тағы бір нұсқасы:
Әлди, бөпем, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Азамат боп ержетіп,
Арғымақпен шап, бөпем!
Аппақ келін түсіріп,
Аппақ көрпе жап, бөпем!
Әкең менен шешеңді
Көп немере сүйгізіп,
Ұзақ өмір сүргізіп,
Әтуерлеп бақ, бөпем!
Әлди, бөпем, әлди-ай! – деп айтылады.
Бөпем менің қайда екен?
Асқар-асқар тауда екен!
Тауда неғып жүр екен?
Алма теріп жүр екен!
Алмасынан қанеки?
Жаңа теріп жүр екен!
Қызыл алма қолында,
Қыздар оның соңында, – деп, баланың болашағына да ырым жасап жырлайды.
Бала тәй-тәй басып, қаз-қаз жүре бастағанда, көбіне бір жасқа толғанда, тұсау кесер тойын жасайды. Баланың тұсауын дені сау, елге сыйлы адамға кестіреді. Тұсауын кесерде балаға айтатын ырым өлең де болады. Оның бір нұсқасы:
Қаз-қаз, балам, қаз, балам,
Қадам бассаң, мәз болам!
Күрмеуіңді шешейін,
Тұсауыңды кесейін.
Қаз-қаз, балам, қаз балам,
Тақымыңды жаз, балам.
Қадамыңа қарайық,
Басқаныңды санайық.
Қаз-қаз, балам, жүре ғой,
Балтырыңды түре ғой!
Тай-құлын боп шаба ғой,
Озып бәйге ала ғой!
Қаз баса ғой, қарағым,
Құтты болсын қадамың!
Өмірге аяқ баса бер,
Асулардан аса бер!
Балаға сөз үйрету – қазақы тәрбиенің басы. Сөз білетін бала – жөн білетін бала. Сөз, тіл – ұлттың әрі миы, әрі жұлыны. Ұлттың басты белгісі – тіл. Сондықтан қазақ сөз үйретуге аса үлкен мән берген. Сөз үйретудің сан түрлі әдісін де білген. Балаға сөзді ойын арқылы үйретудің бір әдісі – санамақ. Ол былай:
Бір дегенім – білеу,
Екі дегенім – егеу,
Үш дегенім – үскі,
Төрт дегенім – төсек,
Бес дегенім – бесік,
Алты дегенім – асық,
Жеті дегенім – желке,
Сегіз дегенім – серке,
Тоғыз дегенім – торқа,
Он дегенім – оймақ,
Он бір – қара жұмбақ,
Жұмбағым жұтылды,
Өрге қарай ұмтылды. Оны таппаған Малдыбай тұтылды немесе «оны тапқан Тойлыбай құтылды».
Балаға жұмбақ айтып, жұмбақ шештіріп, жаңылтпаш айтуға үйретіп баулиды, мақал-мәтел айтуға, оны талдап, мәнін ажыратуға дағдыландырады. Мұндай тәрбиенің текті ұрпақ өсіруге өте тиімді екенін өмір тәжірибесі әлдеқашан дәлелдеді.
Мәселен, «Қуырмаш» дейтін ойын бар. Негізі қазанға бидай қуырып отырғанды елестетеді. Баланың алақанын ашып отырып, оны бір саусағыңмен қазан қуырғандай айналдырып отырасың да,
«Қуыр-қуыр, қуырмаш!
Қуыратын қолыңды аш!
Балаларға бидай шаш!
Тауықтарға тары шаш!
Мына жерде қой бар,
Мына жерде қозы бар,
Мына жерде түйе бар,
Мына жерде сиыр бар,
Мына жерде мүйіз бар,
Мүйіздің жанында киіз бар.
Мына арада шай бар,
Шайдың қасында май бар, – дей отырып, баланың әуелі қызтоймасын бір шұқып, одан жоғарғы білегін тағы шұқып, қарын бір түртіп, сөйте-сөйте жоғарылай келіп, қолтығына жеткенде, Мына жерде қытық бар! – деп, баланы қытықтап күлдіресің. Күлген бала ондай ойынды оңай үйреніп алады.
«Әке көрген оқ жонар,
Шеше көрген тон пішер» – дейді қазақ. Оның мәнісі – ең негізгі түп тәрбие әке мен шешеден болады деген сөз. Әке-шеше баласын ең аяғы өтірік өлең айтып отырып та тәрбиелейді. Өтірік өлең баланың қиялын дамытып, сөзді қисындатып айтуға, сөздің астарын аңғаруға үйретеді. Өтірік айтуға үйретпейді.
Баласы қасқа айғырдың бөлтірік-ті,
Айтпаймын өлтірсең де өтірікті.
Мың кісі бір тышқанға мінгіскенде,
Бәрін де тулап жығып өлтіріпті, – дегенде, қаншама тапқырлық, шешендік, қисындатып айту шеберлігі жатыр.
Тыңдап отырып таң қаласың.
Міндім де ақсақ қоңыз аяңдадым,
Болдыртып аяңымен қоян алдым.
Апырмай, сол қоянның семізін-ай!
Көтеріп қоңызыма қайта алмадым! – дейді. Сөздің мұндай қисынын меңгерген бала өзі де шешен сөйлеп үйренеді.
Бала бес жасқа толғанда, сүндетке отырғызып, мұсылман болудың басы деп сүндет тойын, ал мектепке барарда тілашар тойын жасап, тағы басқа да белес-белес кезеңдерін қуанышпен атап жатады. Ұл бала туғанда, үлкейгенде мінсін деп, не нағашылары, не өз ағайындары оған құлын атайды, оны бәсіре дейді. Баланың бәсіре құлыны, бәсіре тайы осылай пайда болады. Мәселен, Райымбек батырдың әйгілі Көкойнақ аталған атын құлын күнінде жалайыр нағашылары бәсіре етіп сыйлаған.
Бір жылда туған адамдар бір-бірін құрдас санайды, олар өзара қалжыңдасып, көңіл көтерісіп жүруге тиіс. «Құрдастың құны – бір, Жолдастың жолы – бір» дейді. Екеуі бірдей, бір-бірінен артықшылығы жоқ дегені. Бір кезеңде қатар өмір сүрген адамдар өзара замандас саналады. Бір-бірінен бірер жас қана айырмасы бар қыздар, әйелдер бірін бірі құрбы дейді. Ал сыры да, арман-мұңы да, тілек-мақсаты да – бәрі ортақ адамдар дос болады. Олар өз құпияларын бөтенге ашпайды, бір-бірін ешқашан сатпайды.
ХІІ-ғасырда дос адамдарды анда деп атағаны тарихтан мәлім. Жамұқа мен Теміршың екі рет анда болады, бірақ оның аяғы Жамұқаны, сатқындығы үшін, Теміршыңның оны өлтіруімен тамамдалады. Бірақ кейін Жамұқа мен Теміршыңның ортақ туыстары бірігіп, андас руын дүниеге әкеледі.
Бірге жүріп, бірге қызмет жасасқан адамдар – жолдас, жолдастарының жолдастарын қосқанда, жора-жолдас болады. Аз уақыт сапарлас болған адамдарды үзеңгі жолдас дейді. «Жолды қысқарту үшін», яғни жолдың ұзақтығын байқатпау үшін, жол бойы әңгімелесіп, үзеңгі қағыстырып қатар жүретін кісілерді айтады.
Дос болып та, жолдас болып та кетпеген, бірақ бірін бірі біліп, көріп өскен таныс адамдар көзкөрген аталады. «Қанша бәлен дегенмен, қимайды екен көзкөрген» дейді қазақ.
Ұл бала өзінен үлкен ұлды аға (кейде «көке»), қызды әпке, кіші ұлды іні, кіші қызды қарындас, қыз бала өзінен үлкен ұлды – аға, қызды – әпке, кіші ұлды – іні, кіші қызды – сіңлі дейді. Ұл үйленеді немесе әйел (қатын) алады, ал қыз күйеуге тиеді немесе күйеуге (тұрмысқа) шығады, екеуі бірігіп тұрмыс немесе отбасын құрады.
Ұлдың әке-шешесі мен туған-туысына қыздың баласы – жиен, одан кейінгілер – жиеншар.
Балаға әкесінің әкесі – ата, шешесінің әкесі – нағашы ата, әкесінің шешесі – әже, шешесінің шешесі – нағашы әже.
Үйленген ұлға әйелінің туған-туыстары қайын жұрт, шешесінің туған-туыстары – нағашы жұрт болады.
Сонда, өз жұртын қосқанда, жігіттің үш жұрты бар: өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты. Жігітке әйелінің әкесі – қайната (қайын ата), шешесі – ене (қайын ене), ағалары қайнаға (қайын аға), әпкелері қайынбике, інілері мен сіңлілері балдыз; ал әйеліне күйеуінің ағалары қайнаға (қайын аға), інілері қайны (қайын іні) болады. Ағасының әйелін інісі, қарындасы, жалпы сол ауылдың жастары жеңге, ерекше сыйлағанын жеңеше деп дәріптейді. Қыз бен жігітті таныстырып, жарастырып жүретін адамды жеңгетай деседі. Келіннің әке-шешесінен жасы кіші әйел мен қыздың бәрі жігіттің туыстарына құдаша болып келеді. Олар өзара қалжыңдасып, құрметтесіп, сыйласып жүреді. «Күйеу – жүз жылдық, құда – мың жылдық» дейді қазақ. Ол – бұл сыйласуымыз бір адамның, яғни күйеудің өмірімен шектелмейді, күйеу мен келіннен тараған ортақ ұрпақтың қызығын мың жыл бірге көреміз дегені.
Өзінің туған жұртын әйелдер төркін дейді. Ұзатылған қыз төркініне бір жылдан кейін ғана қыдырып келе алатын болған. Ондағы мақсат – келген жұртына алаңсыз үйренісіп кету.
Ізетті, қазақы дәстүрді құрметтейтін келіндер қайнатасы мен қайнағаларының, қайнысы мен қайынсіңлілерінің өз атын атамай, жанама ат қойып алады. Мәселен, атасын жалпылай Жәке, Әтиім деп, ал қайнағасының аты Қисық болса, Түзу қайнаға, Шегебай болса, Мық қайнаға немесе Бұранда қайнаға, қайнысын Төрем, Кенжем, Мырзам, Тетелес, Ортаншым, қайынсіңлісін Жібекжан, Еркем, Кенжеқыз деуі мүмкін. Оның бәрі келіннің тапқырлығы мен білімділігіне байланысты. Осындай әдет-ғұрыпқа қатысты бір мысал әңгіме бар.
Бір келіншектің Сулыбай («Тамшыбай» дейтінде де бар), Қамысбай, Қойлыбай, Қасқырбай атты қайнағалары мен Пышақбай (Пышақтыбай), Қайрақбай, Жанбай атты қайнылары бар екен. Ертеңгісін баласын ертіп тезек теруге шыққан әйел өріске кеткен бір қойды қасқырдың жарып кеткенін көреді де, дереу баласын ауылға жұмсайды. «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлама жарып кетіпті, жаныманы білемеге жанып-жанып алып, тез әкеліңдер! Маңыраманың әлі демі бар екен», – деп, баласын ауылға жүгіртіп жібереді.
Бұл әрине, біріншіден, келіншектің тапқырлығын білдірсе, екіншіден, адамға қалай болса солай ат қоюды да әжуәлейді. Өмірде сан түрлі жағдай болады. Соған байланысты сан алуан атау бар. Мәселен, күйеуі қайтыс болған әйел – жесір әйел. Ол тағы күйеуге тисе, ол еркек ендігі балаларына – өгей әке. Ал әйелі қайтыс болған еркек басқа әйелге үйленсе, ол – бұрынғы балаларына – өгей шеше.
«Өгей» сөзі – «бөтен» дегенмен мәндес.
Қазақ – жаугершілікті көп көрген халық. Жаугершілік бар жерде өлім-жітім болмай тұрмайды, соғыста өлген жауынгердің қатын-баласын жесір-жетім етпеу үшін, өлген еркектің әйелі мен баласын бағусыз қалдырмау үшін, жесір қалған әйелді өлген еркектің ағайынына немесе сол рудың біреуіне қосақ етіп беретін болған. Әйелмен бірге келген ағайын балаларды өгейсітпей бағып-қағып өсірген әйел мен еркек елге аса сыйлы болған.
Әйелге тән іске еркектің араласқанын, еркекке тән іске әйелдің араласқанын қазақ жақтырмаған. Еркек ыдыс-аяқ жуып, тамақ пісіріп, кір жуып жүрсе, оны қатынбашша деп кемсіткен. Ал еркектің ісін істейтін қыз бен әйелді еркекшора деген.
Еркек көп әйел алғанда, бірінші әйелді бәйбіше, одан кейінгілерді тоқал деп атаған. Ал жеңгелей алған әйелді «тоқал» демей, «екінші» немесе «үшінші әйел» деген.
Өлген адам аруақ аталады. Сірә, «рух» сөзімен түбірлес болар. Өйткені адамдар: «Ата-бабамыздың аруағы қолдады», – деп те, «Ата-бабамның рухы қолдады», – деп те айта береді. Аруаққа сиыну – қазақтың ата салты. Сондықтан оның мұсылман дініне ешқандай қатыстығы жоқ. Тек құдайға серік салмау үшін, «Иә, құдай, ата-бабамның аруағына қолдата көр!» – десе, дұрыс болады.
Салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты дінге, дінді ұлттық дәстүрге қарсы қойып, бірін қабылдап, бірін жойып жіберуге болмайды. Өйткені салт-дәстүр де, дін де ұлттың ең қасиетті наным-сенімдері. Сондықтан екеуі үйлесім тапқан жерде ғана жоғары мәдениет болады. Кейбір дін өкілдері «алла» демей, «аллаһ» деу керек; «тәубә» демей, «шүкір» деу керек деп жатады. Ол – ұлттық тілімізге жасалған қиянат. Өйткені мұсылман болу арабтану емес. Арабша «тәубә» сөзі өкініш дегенді білдіреді, ал қазақта ол «шүкір» сөзімен мәндес. Арабтың «шарият» дегенін біз «шариғат», «Мұхаммед» дегенді «Мұхамет», тіпті «Алла берген» демей, «Алдаберген» дейміз. Өйткені араб тілі бір басқа да, түрік тілі бір басқа. Екеуін зорлап ешқандай дін бірдей ете алмайды. Тіліңді сыйламаған дін өзіңді де сыйламайды. Сондықтан дінді уағыздаудың да өзіндік мәдениеті бар.
Қазақ мәдениетінің негізі – үлкенді сыйлау. Оны баланың бойына сіңіретін бірінші ұстаз – баланың өз әке-шешесі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мәтелдің мәні де сонда. Отбасында ағасын, әпкесін, өз әке-шешесін сыйлап өскен, соған дағдыланған ұл мен қыз сыртта да сол салтын тастамайды. Таныса да, танымаса да, үлкеннің алдынан кесе өтпеу, тіл қайтармау, үлкенді тыңдау; айтқаны ұнаса да, ұнамаса да, бетін қайтарып қатты сөз айтпау – қазақ баласы үшін қасиетті қағида.
Бұрын балаға тәрбие сөзбен айтып, іспен көрсету арқылы берілетін. Бұл күнде оған кітап, радио, теледидар, интернет қосылды. Демек тәрбиеші де көбейді, тәрбиенің түрі де көбейді. Солардың қайсысы жат, қайсысы оң екенін ажырату үшін, ең бастысы білім қажет. Ал нағыз білім – оқуда. Көп оқыған адам көп біледі, көп білген адам білімді болады. Білім бар жерде әділдік болады. Әділдік бар жерде даму болады. Әділдік бар елде адамдар өмір сүруге өте ынталы келеді. «Молда көп болса, қой арам өледі» деген де бар. Бұл – ұлттық дәстүрге сай емес уағызбен, бірі дінді алға тартып, екіншісі саясатты сылтау етіп, үшіншісі қаржы-қаражатқа бағынышты жағдайларды желеу етіп, ұлт шырқын бұзуға қарсы айтылған сөз.
Қазақ, басқа жануарларға қарағанда, адамды аса жоғары бағалайды. «Адам» деген атқа кір келтірмей, адал, ақ жүретіндерді «кісі», «кісілікті адам» деп айрықшалайды. Әлдекімнен көңілі қалса, «Кісі емес екен», – деп түңіледі. Қарапайым ғана өмір сүретін, өзіне қолайлы-қолайсыз болуына қарай кейде кінә де, күнә де жасап қоятын жандарды пенде деп бағалайды. Жеке адамның да, халықтың да, мемлекеттің де болашағы бала екенін білгендіктен, қазақ балалы үй болғанды, баланы бағып-қаққанды өзінің бірінші борышы санайды. «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» деуі содан.
Қазақта «Арбаның жақсы болуы – ағашынан, баланың жақсы болуы – нағашыдан» деген тәлім сөз бар. Оның астары қалай болса солай үйлене салма, текті жермен құда бол, текті жерден келін түсір, махаббаттың мақсаты құштарлыққа қол жеткізу емес, бақытты отбасын құру дегенді аңғартады.
Қазақ «кім?» деген сұрақты тек адамға қатысты қояды, ал басқа жанды-жансыздың бәрін «не?» деп сұрайды. Мәселен, «Келген кім?» «Көрші үйдегі ата»; «Анау қарайған не?» «Қоңырбайдың сиыры»; «Соның қасындағы сорайған не?» «Ол – ағаш», – деп сөйлеседі.
Ертеде жасы үлкен, өзгелерге айтқанын орындататын адамды «ажа», ал өзгелерге билік жасайтын адамды «қожа» деген. Ешкімді тыңдамайтын, ісінің бәрін бетімен жіберген адамдардың тірлігін көргенде, қазақтың: «Ай дейтін ажасы, қой дейтін қожасы жоқ», – дейтіні содан.
Бетінен қақпай, ұрыспай, жекімей өсірген ұл мен қыз ерке болады.
Бір-бірін жақсы көретін, бірін бірі сүйіп қосылған жұбайлар бір-біріне еркелеп, бірін бірі еркелетіп өмір сүреді. Еркелету мен еркелей білу – екеуі де ізгілік пен мәдениеттің жемісі.
Таңылған аты – әркімнің заты
«Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» дейді халқымыз. «Адамды адам түсіну – бір ақырет», – дейді Мұқағали да. Әйткенмен, «адамның күні адаммен». Сондықтан адамды тани білу де, бағалай білу де – үлкен ілім. Ол ілімді өмірдің өзі үйретеді.
Ұлтының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін сақтап, ата-бабасынан келе жатқан ізгі қасиеттерді жалғастыра білетін адамды текті; ал оған керісінше әрекет жасайтын кейбіреуді қазақ тексіз санайды. «Текті» деген – ата-бабасынан, тегінен жақсы үлгі алған адам деген сөз.
Ұлттық дәстүрге сай қылық жасамайтын ұл-қызды әдепсіз деп бағалайды. Басқа жұрттың салтымен бұзылып бара жатқан жастардың болашағын болжап, «зар заман» ақыны: «Қарап тұрған жігітке қыз артылар», – деп өкінген. Онысы – қыздан әдеп кетеді дегені. Әдепсіз қыздың кейін әдепсіз шеше болатыны, одан әдепсіз ұл-қыз өсетіні түсінікті нәрсе.
Қазақ қыздың тәрбиесіне аса қатты мән берген. Себебі халықтың әдет-ғұрпы, салт-санасы, отбасылық тәрбиесі ұрпақтан ұрпаққа қыз, келін, қатын арқылы беріледі деп білген. Қыздың тәрбиесі халықтың тәрбиесі деп түсінген. «Қызға қырық жерден тыю, қала бере қара күңнен тыю» деп, қыздың қалай болса солай өсуіне жол бермеген. Жақсы жерден келін түсіруді, жақсы адамдармен құда болуды отбасылық өмірдің ең маңызды салты санаған. Қыздың бақыты барған жерінде балалы-шағалы болып, ата-енесін жақсы бағып-қағуында деп білген. Сондықтан «Қыз өссе, елдің көркі, гүл өссе, жердің көркі» деп мадақтаған. Жақсы жар, жақсы келін, сыйлы ана, құрметті әже болу – бәрі қыз күнінде қалыптасатынын қазақ халқы өте жақсы білген, оған ұлттық, мемлекеттік деңгейде мән берген.
Қызға деген тыю – оның қақысын шектеу емес, оны жаман әдет пен жаман қылықтан қорғау. Әрбір қазақ қызым арқылы өрісім мен тынысым кеңейеді, құда-жекжатым арқылы құрметім артады деп өмір сүрген. Ата-бабаның салт-санасы мен әдет-ғұрпында ағат нәрсе мүлде болмайды. Өйткені олар ғасырлар бойы шыңдалып, ғасырлар бойы дамып отырады.
Анау-мынаудан қорқа бермейтін, шешуші жағдайларда жалтақтамай, батыл қимылдайтын адамды өжет; айтқанынан қайта қоймайтын, әркімнің айтқанына ере бермейтін ерекше мінезді адамды қайсар; өзінікі дұрыс болса да, бұрыс болса да, айтқанға көне қоймайтын кісіні бірбеткей; тәртіпке көне бермейтін, өз білгенін ашық айтып, ісін жүзеге асырып жүре беретін кісіні тік мінез, тентек; ештеңеде жұмысы жоқ, ештемеге араласпай, ешкіммен жүз шайыспай жүретін адамды жуас; біреуден қорлық көріп жүрсе де көне беретін кісіні момын; анаған да, мынаған да есесін жібере беретін, әркімнің айдауына көне беретін, не өзін, не өзгені қорғауға жарамайтын аса жуас, тым момын адамды ынжық деу қалыптасқан.
Қазақта «Жақсының бір аты бар зәлім деген, жаманның бір аты бар момын деген» сөз бар. Зәлімдіктің де, момындықтың да шегі бар.
Зәлім деп бәрін білетін, біліп тұрып, өз пайдасын жүзеге асыру үшін, сан түрлі айла-шарғы жасай алатын адамды; зұлым деп өзінің арам ойын жасырын жасайтын және оны терең ойластыратын адамды; жауыз деп жамандықты ашық та, жасырын да жасай білетін адамды; қатыгез деп адамды аяй білмейтін, өз пайдасы үшін әркімді қиянатқа қия беретін адамды; айлакер деп әр түрлі айламен кісіні алдап кететін әлдекімдерді, алдамшы деп үнемі алдай беретін адамды; өтірікші деп жалған сөйлейтін, шындыққа жанаспайтын деректерді білгішсініп айта беретін кісіні; суайт деп аса өтірікші, өтірігімді біліп, сезіп қояды-ау деп қысылмайтын адамды атайды. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді халық. Түбінде өтіріктің беті бір ашылатынын солай аңғартады. «Өтірікшінің шын сөзі зая» дегені өтірікшінің шын сөзіне де жұрт сенбейді дегенді аңғартады. «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» қазақтың бес жаман ісіне жататынын Абай да айтқан. Өзін мадақтап, өзгеден артық болып көрінуге тырысатын адамды мақтаншақ; біреудің сөзін біреуге өзгерген күйде жеткізетін жағымпаз, жылпос адамды өсекші дейді. Ондай адамды жақтырмаған қазақ «Мақтаншақтың көті ашық» дейді. Мақтанған, мақтаншақ адам міндетті түрде өтірік айтады. Себебі мақтану үшін шындық жетпей қалады да, өз жанынан қосып жібереді. Сөйтіп бір жаман әдет екінші бір жаман әдетті туындатады.
Біреудің істемегенін істеді, айтпағанын айтты деп көрсететін кісіні жалақор; әзілді де, қалжыңды да көтермейтін, сәл нәрсеге ашулана беретін адамды ызақор; біреудің табысын, жетістігін көре алмай, күндей беретін адамды қызғаншақ, ішітар адам, көре алмас дейді.
«Қызғаншақ қатын бала таппас, бала тапса, қоярға жер таппас» дейтін бір сөз бар.
«Қызғаныштың қызыл иті» деген де тіркес бар. Шерхан көкеміз: «Зіл-заладан, бәле-жалдан, қызғаныштың қызыл итінен сақта!» деп бата беретін.
Ызақор, жалақор, қызғаншақ, іштар адамдардың қазаққа келтірген зиянын санап та, өлшеп те білу мүмкін емес. Бұл жағымсыз мінездер әсіресе Сталин елді билеген заманда өрескел өршіді. Әлихан, Ахмет, Тұрар, Хәлел, Міржақып, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Шәкәрім, Мағжан, Аймауытов, Ораз, тағы басқалардың «халық жауы» атанып, атылып кетуіне осы сор мінездердің қатысы да қомақты.
Жалақордың екінші аты – бәлеқор. Әрі жалақор, әрі бәлеқор адам айлакер де болады. Ол адам бойындағы пендешілікті тани біледі, оның тамырын баса біледі, сондықтан өзінің жаласын өзгеге нанымды көрсету үшін, соны түрлі жағдайларда жақсы бүркемелеп пайдаланады. «Жаптым жала – жақтым күйе» дейді. Яғни жалам анықталмаса да, күйем жағылады деп есептейді. Себебі жала жабатын адам табылса, жаланы пайдаланатын адам да табылады. Жалақор да сондай-сондайды көздеп отырып жала жабады.
Біреуге ұнау үшін, әлдебір өзіне тиімді ұпай жинау үшін, бастықты, билікте жүрген адамды орынды-орынсыз мадақтай беретін кісіні жағымпаз; ал сондай жағымпаздықпен пайда таба білетін кісіні жылпос деу қалыптасқан.
Не ақылды, не білімді бойына сіңіре алмайтын, ой өрісі өзгермейтін кісіні топас дейтін әдет бар.
Не істесе де, не айтса да, ақылға салып барып әрекет жасайтын жанды ақылды десе, ойланбай сөйлейтін, байыбына бармай, бір нәрсені атқара салатын адамды ақылсыз, ақымақ дейді.
Не істеп, не қойғанына мән бермейтін, біресе дұрыс, біресе бұрыс қылыққа байқамай ұрына беретіндерді алаңғасар; не айтып, не істеп қойғанына мән бермейтін, жақсы-жаманның парқын ажырата білмейтін, ісі де, сөзі де жүйеге келмейтін кісіні әумесер; түк бермейтін, ешбір шығынға бармайтын, алуды ұнатса да, беруді ұнатпайтын адамды сараң, одан да сорақысын пітінә дейді.
Сараң адамды бір қазақ қана емес, жер бетіндегі барша халық жақтырмайтын болу керек. Мольердің «Сараң сері» шығармасы оған дәлел.
Қазақ халқының сараң адам жайындағы аңыз-әңгімесі Қарынбайдан басталса керек. Малы есебіне жете алмайтындай мол болса да, Қарынбай деген бай ешкімге ештеме бермейді екен. Өзі өлгенде, қыруар малы қараусыз, иесіз қалып, бәрі жабайы болып кетіпті-міс. Қазіргі жабайы аңның көбі сол Қарынбайдың малы көрінеді-міс.
Қарынбайдан кейін Шығайбай атты хас сараң өтіпті. Үйге келген қонаққа түк татырмай, «Шық, кет!» – деп, қуып шығады екен. Содан: «Шықай!» – деген соң, Шық бермес Шығайбай аталып кетіпті. Оны өмірінде Алдар көсе ғана алдай алса керек.
Одан кейінгі әйгілі сараң – Баян сұлудың әкесі Қарабай. Тоқсан мың жылқы айдаса да, үстінде сілкіп киер шапаны болмапты. Малы үшін Қодарға жалғыз қызы Баянды да бермек болады. Өз перзентінен малын артық көрген адамды қазақ қалай жақсы көрсін-ау?
«Ал!» – дегенді сұрасаң, жаным сүйер,
«Бер!» – дегенді сұрасаң, ішім күйер, –
дейді екен Қарабай. Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльінде Қарабайдың ғажап кейпін сомдай білген Еңбек Ері Серке Қожамқұлов қазақ өнерінің қайталанбас майталманы саналады.
Сараңы бар елдің жомарты да болады. Өзінде бар байлық пен білімді өзгеге де беріп, айтып жүріп, жаны да, қолы да ашық, кеңпейіл адам жомарт аталады.
Жомарт адамды қазақ өте жоғары бағалайды. Ертеде Атымтай жомарт атанған адам болыпты деседі. Қолы ашық, өзінде барды өзгеге бөліп бергісі келіп тұратын кісі болыпты.
Оның жақсылығын ұмытпай, ғасырдан ғасырға жеткізіп келе жатқанына қарағанда, ондай жомартты қазақ баласы жиі кездестірмеген-ау, сірә?! Бұл күнде қолында барын жұмсап, халықтың батырлары мен атақты бағландарына ескерткіш орнатып жүрген жомарт адамдарды алқаушы (меценат) деп те атайды.
«Жоқ (тық) жомарттың қолын байлайды» деген де сөз бар. Біреуге бергісі, көмектескісі келіп тұрса да, беретіні болмай, жомарт адамның қиналып қалатын кезі болады. Ондайда адам пейілімен де жомарттық жасайды.
Ызаланған, ашуланған кезде не істеп, не қойғанын білмей кететін адамды долы деп кінәлайды, оны көбінесе әйелге қатысты айтады. Өз мінін білмей, тек өзгені кінәлай беретін кісіні кінәмшіл; өзгеге не болса соған ренжи беретін адамды өкпешіл дейді. Еркегінің көзіне шөп салған әйелді немесе мұсылмандық міндетін дұрыс атқармаған адамды күнәһәр дейді. Кінә – пендешілік ұғым, ал күнә – діни ұғым.
Діни де, қазақы да ғұрып бойынша, біреуге қиянат жасау обал, жақсылық жасау сауап саналады.
Жақсы адамның да, жаман адамның да өмірде түр-түрі көп, оның бәрін сыйпаттап шығу үшін арнайы кітап жазу қажет. Алайда адамның ең жақсысы қандай адам дегенді әркімнің білгісі келеді. Бірақ оған кесімді жауап беру өте қиын, өйткені адам бойында барлық мінез аралас жүреді. Ал білімді адам өз бойындағы кемшін мінезді тежеп, жақсы мінезді демеп отырады.
Әйткенмен, қарапайым халықтың ой-пікірінше, адам мінезінің ең қауіптісі – іштарлық, көре алмаушылық, қызғаншақтық. Іші тар адам өзгенің өзінен озғанын да, бөтен біреудің бақытты болғанын да – бәрін қызғанады. Тіпті қастандық жасауға дейін барады. Іштарлықтың диірменіне су құятын мінездің бірі – атаққұмарлық. Адамның ынтасын арттырумен қатар, атаққұмарлықтың іштарлыққа ұласып жататын да жағдайы бар.
Жақсы мінездердің іргетасы саналатын тұғыры – кеңпейілділік. Қазақ оны «Кең болсаң, кем болмайсың» деп бағалаған. Кеңпейіл адам қанағатшыл келеді, ал қанағатшыл адамда қызғаншақтық, іштарлық болмайды. Біздің заманымызда ондай адамның қатарында Дінмұхамед Қонаевтың аты аталады.
Жақсы мінездің бірі – еңбекқорлық. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», – дегенді Абай кемеңгерлікпен айтқан. Қолынан іс те, сөз де – ештеңе келмейтін адамды қазақ тірі өлік дейді. Құдай одан сақтасын! Біреудің абайсызда айтып қалған сөзін де, елемей қылған қателігін де – ешнәрсені кешіре білмейтін кісіні кекшіл дейді.
«Жақсының кегі жібек орамал кепкенше, жаманның кегі жерге басы жеткенше» дейді қазақ. Намыс – ұрпақтан ұрпаққа қанмен берілетін қасиет, кекшілдікке кереғар ұғым. Кек – қарау мінез, намыс – ар мен ұяттың ұйытқысы. Оларды ажырата білу – білімділік.
Өзгені менсінбейтін өркөкірек, тәкаппар, менмен, астамшыл мінездердің жалпы аты – күпіршілік. Ал мейірбан, кішіпейіл, адал, әділ мінездердің жиынтық аты – адамгершілік.
Күйеуіне адал, бала-шағасына жақсы қарайтын, құда-жегжатымен, үш жұртымен сыйлас, танығанына да, танымағанына да тек мұсылмандық жолмен қарайтын, не істесе де құдай жолынан адаспай өмір сүретін әйелді екі дүниелік қатын немесе екі дүниелік жар дейді. Оның мәні – бұл дүниеде сыйлы болатын, о дүниеде жұмаққа баратын әйел деген сөз. Бұл дүниені пәни, о дүниені – бақи дүние дейді. Пәни – жалған, өткінші; бақи – мәңгі деген мағына береді.
Қолынан түк келмейтін, не кетпен шаба алмайтын, не күрек ұстай алмайтын, ештемеге ебі жоқ, ұстағанын сындырып алатын адамды олақ деген. Ал қолынан келетін істі де істемейтін, шашылып жатқан нәрселерді жинауға ерінетін, үй ішін таза ұстамайтын, өз үсті-басына да қарамайтын қатын мен еркекті салақ дейді.
«Олақтан – салақ жаман» дейді қазақ. Өйткені салақ адам қолынан келетін істі де істемейді.
Ер адамның ең сенімді екі серігі болған: бірі – қойнындағы қатыны, бірі – астындағы аты. Мұның бірінен ақсаған еркек – төрт құбыласы тең болмаған еркек. Өз отбасы жараспаған еркек өзгенің өмірін жарастыра алмайды.
Надан адам болады. Негізінен оқымаған, білімі жоқ адамды надан деп жатады. «Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын?!» – деп, Абай бекер түңілмеген ғой. Адамды надандықтан құтқаратын күш – тек білім, оқу. Оқығанды тоқи да білу керек. Өйткені оқығанын ұқпаған адам да наданның бір түрі.
Білім адамның басына бір оқығаннан қона қоймайды. Байлыққа құныққандай, оған да құнығу керек. Ал құнығу үшін, білімнің құнын білу керек. Оны білу үшін, тағы оқу керек.
«Білегі жуан (күшті) бірді жығады, білімі жуан (күшті) мыңды жығады» дейді. Алайда балуандық та қазақ өнерінің қымбат бір түрі. Ұлттық ойынымыздың ең атақтылары көкпар, бәйгі, жамбы атыс, сайыс, жаяу жарыс, тоғызқұмалақ, аударыспақ – бәрі қара күш пен ептілікке, тапқырлыққа, төзімділікке тікелей байланысты ойындар.
Дене күші мол, ешкімнен жығылмайтын адамды балуан немесе палуан дейді. Балуандардың күш сынасатын ойынын күрес деп атайды. Ресми ойындарда қазақша күрес деп ерекшеленеді.
Қазақ балуаны Қажымұқан күрестен әлем чемпионы болды. Өліп кетсе де құны дауланбайтын жит-житса күресінде ол жапондық Саркеккиді жеңді.
Өзі әнші, өзі сазгер Балуан Шолақ та күрес пен ат ойындарынан ешкімге есе жібермеген адам.
Ақын, сері Иман Жүсіп те ірі денелі, балуан болған адам. «Балуанға оңы да бір, солы да бір» деп, халқымыз балуандарды құрмет тұтқан.
Елін, жерін жаудан қорғайтын ержүрек, батыл адамдарды батыр дейді. Аса айрықша атақтыларын қаһарман деп ерекшелейді.
Махмұт Қашғари бабамыздың айтуына қарағанда, ертеде батырды «алп», «алып» деген. Өзінің ХІ-ғасырда жасаған «Түрік сөздігінде» «Батыр – жауда, момын – дауда» деген мақалды мысалға келтіреді. Және ертеде түрік халқының Алып ер Тоңа деген батыры болғанын жазады («Түрік сөздігі», 1-том, 70-бет, Алматы, 1997. Асқар Егеубаевтың аудармасы).
Осы кітаптің ІІ-томында Зұлқарнайға, яғни Александр Македонскиге қарсы шыққан Шу атты батырдың болғанын жазады (551-бет).
Демек ел қорғаған батырын халық ертеден-ақ сыйлап, ұзақ жыл бойы есте сақтаған. Алайда Шу өзенінің қатысы бар ма, жоқ па – ол жағына біздің ғалымдар әлі ештеңе айта қойған жоқ. Бірақ Жетісуда да, Алтай да осы аттас өзен бар.
Түрік жауларына қарсы тұрған Күлтегін батырдың ерлігі ерекше. Ол туралы Орхон – Енесей ескерткішіндегі жазуда үлкен сүйіспеншілікпен айтылған. Ол жазуды жазған адам – Күлтегін батырдың ағасы Иолығ тегін деген кісі. Ол тасқа қашап жазған жырында тәтті сөзге алданып, өзге халыққа бодан болған түрік халқына қатты ренжиді.
Атамекенде, яғни Отыкең (Өтукен) қойнауында отыра бермей, ары-бері көшіп жүріп, түріктердің ақырында өзгеге жем болғанын жазады. «Өтукен» – бұрмаланған түрік сөзі, «оты кен», яғни шөбі шүйгін жер деген мағынаны білдіреді. «От» – көне түрікше «шөп» деген сөз, ал «кен» деген немесе «кең» деген «мол» дегенді білдіреді.
Көшпенді халыққа малы үшін шөбі шүйгін жерден артық жер болмайды. Бұл екі сөз де бергі қазақ тілінде әлі айтылады. «Мынау от жер екен», – дейміз шөбі шүйгін жерді көріп, «атты отқа қоя сал», – дейміз атты шөпке қою керегін ескертіп, Орбұлақ шайқасы өткен жердегі Қызылқия беткейін Шыңғыс хан заманында Отқия деп атағаны көне деректен белгілі. Ол «шөпті қия» дегенді білдіреді.
«Кен» деп осы күні пайдалы қазбалар шығатын жерді атап жүрміз. «Жатқан бір кен ғой!» – деп, көп қазынаны көргенде қуанамыз.
Өз тілінде «ң» дыбысы мен оны жазатын әрібі жоқ халықтар «кең» дегенді де «кен» деп жазуы мүмкін. Ал «кең» сөзі де түрік тілінде бар сөз, ол да «мол», «көп», «шегі мен шеті алыс» деген мағына береді.
«Орхон» сөзінің де түбі түрікше екені сөздің тұрқынан көрініп тұр. «Ө» деген дыбысты айтпайтын халық оны «о» дыбысымен айтады, соны ескерсек, «ор» сөзінің «өр» екені белгілі болады. «Өр» деген түрік тілінде осы күні де «жоғары», «өргі» деген мағына береді. Ал «хон» дегеніміз «қон» немесе «қоң» болып шығады. «Қон» деген «қоныс» сөзінің түбірі, «қоң» да сондай мағына береді. «Қоң» дегеннің «көң» болуы да мүмкін. Ал «көң» дегеннің бір мағынасы – «мал отырған жұрт». «Ана қойшының көңі», «мына қойшының көңі» дейміз. «Орқон – Өркөң» – өргі қоныс дегенді білдіретін сөз.
Демек «ор» (өр), «хон» («қон», «қоң», «көң») «оту» («оты»), «кен» («кең») сөзінің бәрі де қазақтың көне сөзі. Олай болса, Өрқоң мен Отыкенді жайлаған да бүгінгі қазақтың арғы ата-бабалары. Бұл – жорамал емес, дәлел. Шыңғыс ханның түп аталары төрт жүз жылдан астам жасырынған жері де Ергенеқон деп аталған.
«Түрік халқы үшін түн ұйықтамадым,
Күндіз отырмадым», – дейді Иолығ тегін.
«Інім Күлтегінмен бірге» жауға аттандым», – дейді.
«Өлген халықты тірілттім,
Жалаңаш халықты киіндірдім,
Кедей халықты бай қылдым», – дейді. Інісі Күлтегін батырдың ерлігін мақтана баяндайды. Бар-жоғы 47 жыл жасаған Күлтегін батырдың түрік халқы үшін жасаған өлмес ерлігін жыр етіп, оны мәңгі тасқа қашап жаздырады.
Иолығ тегіннің «Ұмай текті шешеміз» деуіне қарағанда, Күлтегін үйсін мемлекетінің батыры болған. Өйткені Ата шежіреде үйсін күнбиінің бәйбішесі құн (арғын) қызы Ұмай болғаны айтылады. Оны үйсіндер «Ұмай ене» деп қастерлейді.
Ұлы жүзге XVIII-ғасырға дейін ұран болған Бақтияр бабамыз да әрі батыр, әрі көсем болған кісі. Тарихта Бақтияр салған қала, Бақтияр елі деп жүргеніміз сол Бақтияр бабамыз салдырған қалалар мен ел болуы керек. Оны келешек ұрпақ дәлелдер деп ойлаймын. Алайда ол салдырған қалалардың «Көне қала», «Айғаным» деп аталуы – қасқайып тұрған қазақ сөзі. «Алпамыс батыр» жырындағы айтылатын Алпамыс батыр да өмірде болған тарихи тұлға. Қазақтың Қоңырат тайпасынан шыққан батыр. «Қобыланды батыр» жырындағы Қара қыпшақ Қобыланды батыр – XV-ғасырда қазақ хандығы құрылған кезде өмір сүрген батыр.
XVІІ-ғасырда ел билеген Есім ханның батырлары айрықша атақты болған. Бұқар ханы Имамқұлға қарсы болып, оның баласы Ескендірді өз қолымен өлтірген Жанай батыр, Тұрсын ханның бас батырын өлтірген. Сүлеймен, оның баласы Сиқымбай және Жиембет, Алатау, Елтінді, Жақсығұл, Көксерек, Қарасай, ұзын мұрт Ұзақ – бәрі Есім ханның сенімді батыр серіктері болған.
Елді Есім ханның ұлы Жәңгір басқарған кезде әйгілі Орбұлақ шайқасында қалмақтың елу мың қолына жеті жүз батырдың қарсы шығып жеңуі Жәңгірдің атағын барынша аспандатты. Оған жиырма үш мың қолмен Жалаңтөс батырдың Самарқаннан көмекке дер кезінде келіп жетуі – қазақ тарихындағы нағыз қаһарман ерлік әрі бауырмалдық. Сол соғыста қазақтың Қарасай, Елтінді, Жақсығұл, Қомпай секілді төрт батыры айрықша ерлік көрсетеді. Ол соғысқа Көксерек, Жиембет, Бөдес, Ұзынмұрт Ұзақ, албан Сырымбет, Дулат Сырымбет атты батырлар да қатысады.
1723-жылы ерте көктемде көкек айында басталған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» атты қазақ халқының басына түскен зобалаң соғыс ұзаққа созылды. Сол соғыста Абылайдың қолбасы болған үш батыр айрықша даңққа бөленді, олар – Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шапырашты Наурызбай.
«Ақтабан шұбырынды» заманында елі мен жерін қорғауда айрықша ерлік көрсеткен қазақ батырлары үлкен даңққа бөленді. Олардың арасында хан Әбілқайыр, «Қыз Жібек» жырының кейіпкері Бекежанның ұлдары Байрақ, Қайрақ, Тайлақ батырлар, Керей Қостан, Олжабай, Бәсентин Малайсары, Албан Хангелді, Дәулетбай, Байғозы, Жәнібек тархан, Шапырашты Сатай және Бөлек, Сәмен, Қазыбек бек, Бағай, Баян, тағы басқалар бар.
1758-жылы Қытай мен қазақтан жеңіліп, жер бетінен Жоңғар мемлекеті жойылғанмен, шығыс жақ шегарадағы ұрыс одан ары да жалғаса берді. Жетісудың оңтүстік шығысын 1723-жылы басып алған қалмақтардан азат ету ұрысын Түке – ұлы Райымбек батыр жиырма бес жыл бойы жүргізді. Шамамен, 1770-1775 жыл аралығында Райымбек қолы Түргенкент қамалынан қалмақтарды Қорғас асыра қуып тастап, «Ақтабан шұбырынды» соғысының ең соңғы шайқасын жеңіспен аяқтайды.
Райымбек батырдың аты содан бері албан тайпасының жауынгерлік ұранына айналды. Райымбек батырмен бірігіп соғысқан Аралбай, Сатай, Бөлек, Бақай, Қапай батырлардың да ерлігі ерекше. «Ақтабан шұбырынды» зобалаңы аяқталған соң да қазақ шегарасын белгілеу үшін шайқасқан Шанышқылы Бердіғожа батырдың да ерлігін халқымыз ұмытқан емес.
1731-жылдан бастап орыс боданы болуға қарсылық көрсетіп қазақ халқының бостандығы үшін Сырым, Кенесары, Исатай – Махамбет, Жанғожа, Амангелді, Жәмеңке, Ұзақ Саурық, Әубәкір, тағы басқа батырлар әр кезде ұлт азаттық соғысы мен көтерілісін ұйымдастырды.
Қазақы тірлік
«Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы,
Жігіттің оған құмар өнерпазы», – дейді Үкілі Ыбырай. Қазақ өнерпаз адамды қатты бағалаған. «Өнер алды – қызыл тіл» дегені – сөз өнерін айрықша сыйлағаны. ХІ-ғасырдан жеткен Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» шығармасы соған куә.
Сол заманда «Түрік сөздігін» жасаған Қашғарлық Махмұт бабамыз сөз ғылымының атасы саналады. Тілдің тұңғыш жүйесін жасап, түрік сөздерін саралап зерттеген Махмұт бабамыздың заманы – түрік халқының ғылымға бет бұрған белгілі кезеңі.
Домбырашы, қобызшы, сыбызғышы, әнші-күйшілер қазақ өнерін қалыптастырып дамытуда үлкен рөл атқарғаны баршаға аян.
«Ақсақ құлан, Жошы хан» күйі Шыңғыс хан заманынан сыр шертсе, «Ел айрылған» күйі қазақ пен ноғайлының ажырасу кезеңін күй етеді. Өнер арқылы сақталған тарих – әрі тарих, әрі сол заманның куәсі.
Күйдің сарынынан баласы Жошының қайтыс болғанын Шыңғыс хан қалай аңғарды? Сөз жоқ, әуезден, оның мұңды ырғағынан ұқты. Демек ол заманда түрік елі, оның ханы мен қарасы да домбыра әуезін барынша жақсы түсінген. Аңыздың ар жағында ел мәдениетін аңғартатын сондай да сыр жатады. «Ақтабан шұбырындының» көз көрсе де, көңіл сене алмайтын сұмдығын жыр еткен Қожаберген жыраудың «Елім-ай!» дастаны мен әні де өнер мен тарихтың төл туындысы.1932-жылдың алапат аштығын әнге қосқан Қапез Байғабылұлының «Ауыр күні» де әрі өнердің, әрі тарихтың» куәсі. Құрманғазының, Тәтімбеттің, Дәулеткерейдің, Қазанғаптың, тағы басқалардың күйлері – қазақ өнерінің өлмес мұрасы.
Қорқыт бабаның қобыз күйлері де талай қазақ ұрпағының құлақ құрышын қандырып келеді. Қорқыттан жеткен көне сарынды Ықылас күйші одан ары дамытты.
ХІХ-ғасыр қазақ әнінің өркендеген шағы болды. Сегіз серінің «Ғайни», «Гауһартас», «Мақпал», «Назқоңыр», «Алқоңыр» атты әндеріне Біржанның, Ақанның, Мұхиттың, Жаяу Мұса мен Шолпан Жанболатқызының, Майраның, Естайдың, Балуан Шолақ пен Үкілі Ыбырайдың, Кененнің әндері ұласып, қазақ әнінің шаңырағын барынша биіктетті.
Қазақ киіз үйде өмір сүрген. Ол көшіп-қонуға өте ыңғайлы: тез тігіледі, тез жиналады.
Қыста үйдің ортасына от жағып жылытады, үш аяқты ошақ құрып, оған қазан асып, соған тамақ пісіреді. Ажырамас тату үш досты «ошақтың үш бұтындай» дейді. Түтін үйдің төбесіндегі шаңырақтың ортасындағы дөңгелек түтіндіктен шығып кетеді. Сол түтін шығып кететін түтіндік пен шаңырақты жалғастырып тұрған имек жіңішке шыбықтарды күлдіреуіш деп атайды. Қазіргі киіз үйлерде ошақ та, күлдіреуіш те жоқ, өйткені отты пешке жағады. Киіз үйдің шаңырағын жапқан жылжымалы киізді түндік (түңлік) дейді. Түндікбау арқылы оны ары-бері жылжытып, ашып-жауып, реттеп отырады. Осы күні киіз үйге темір пеш немесе газды пеш жағылады. Киіз үйдің жерге орнығатын ең астыңғы бөлігі кереге деп аталады, ол бір-біріне қайыспен көктелген, ашылып және жиырылып тұратын шыбық ағаштардан қиылады, биіктігі кісі бойындай болып келеді. Керегенің басына қамшы, дорба, белбеу секілді жабдықтарды іле салады. «Керегенің басында үрген қарын, Көтердім балуандықпен соның бәрін», – дейтін өтірік өлең бар.
Шаңырақ пен керегенің арасын жалғап тұрған ұсақ иін ағаштарды уық, уықтың сыртын жауып тұратын киіздерді туырлық, туырлықтардың бір-бірімен айқаса жалғасатын жерін жабық дейді. «Су ағады арықтан, Қыз қарайды жабықтан», – дейтін әннің қайырмасы бар.
Уық пен керегені біріктіріп, қайыспен байлайтын жер – керегенің көгі. Кереге шеңбер құрып дөңгелене орналасады. Киіз үйдің есігі мүмкіндігінше күншығысқа қарата тігіледі. Есіктің ағаштан қиылған екі жақтауын босаға, үстіңгі жағын маңдайша, төменгі жағын табалдырық деп атайды.
Есіктің бойы керегемен бірдей болып келеді. Оның ізетті мәні: кісі үйге еңкейіп, иіліп кіреді, еңкейіп иіліп шығады. Ағаш есікті сықырлауық дейді, жылы болсын деп, оның сыртынан киіз есік жабады. Табалдырықты жау немесе дұшпан адам ғана басады деп есептеледі.
ХІІІ-ғасырдың бірінші жартысында Шыңғыс хан мемлекетіне келген шет елдік Карпіни мен Рубрук Шыңғыс ханның ұрпақтары үйге кірген адамның табалдырықты баспай кіруін қатты қадалағанын жазады. «Табалдырықтан үлкен тау жоқ» дейді қазақ. Есікті тарс еткізіп қатты ашпайды, сарт еткізіп қатты жаппайды, ол әдепсіздік саналады әрі өйткен адамның бұл үйге ниеті жаман екенін көрсетеді. «Қайтып кірер есігіңді қатты жаппа!» – дейді.
Үйдің сәнін келтіру үшін әрі уықтар бір-біріне қарай ығысып кетпеуі үшін, туырлықтың іш жағына жалпақ құр деп аталатын белбеумен байлайды. Үйдің киізін жел кеулеп кетпеуі үшін, сыртынан белбау байлайды. Туырлық пен керегенің киізі қосылған араның жігін көрсетпеу үшін жабатын өрнекті жабуды дөдеге дейді.
Керегенің астынан үйдің ішіне жазда жауынның, қыста еріген қардың суы кіріп кетпеу үшін, үйді айнала кемерлеп қазған арықшаны үйді морлау деп атайды.
Есікті аяқпен теуіп ашу, теуіп жабу үлкен көргенсіздік саналады. Босаға жақта бұтағы көп ағаштан жасалған адалбақан тұрады. Оған үйге келген қонақтар сырт киімін іледі.
Үйдің есікке қарама-қарсы жоғарғы жағын төр, екі жақтағы керегенің түбін ірге, есік жақты босаға (жақ) дейді.
Уықтың шаңырақ тесігіне кіретін ұшын уықтың қаламұшы дейді.
Үйдің сыртын жауып тұрған туырлық пен керегенің арасына өрнектеп тоқылған ши ұсталады. Ол әрі әдемі, әрі жылы болады.
Үйдің төріне төселген өрнекті киіз текемет, оның үстіне мата қиындыларынан тіккен құрақ көрпе төселеді, төменірекке киіз сырмақ, одан төменірекке тері тулақ тастайды. Керегенің іш жағына не түскиіз (тұскиіз), не кілем ұстайды. Кілемді текеметтің үстіне, көрпенің астына төсеуі де мүмкін. Ол әрі сән-салтанатқа жатады.
Көшкенде, тағы басқа асығыс жағдайларда уақытша тігілетін қос, итарқа, абылайша, шошала, күрке, жаппа, балаған, лашық, жеркепе деп аталатын да шаңырақсыз баспана түрлері болған. Бәрі де киіз үйдің шағын түрі, жеркепеден басқасы.Үйден отыз-қырық қадамдай алысырақта ат байлайтын мамағаш (мама ағаш) болады. Ал жерге қағылған екі бағана ағашқа көлденең қойған ұзын ағашты керме дейді, оған көп ат байлауға болады.
Әрбір кереге шамамен екі-үш құлаш ұзындықта болады. Керегенің әрбірін үйдің қанаты дейді. Керегенің қанша қанаттан тұратынына байланысты, төрт қанатты үй, бес қанатты үй, алты қанат үй деп, тағы сол сияқты кереге санына байланысты атай береді. Үш қанатты үйді қара үй немесе қараша деп те жатады. Қарапайым, жұпыны үй деген мағынада айтылса керек. Төрт қанатты үйді қоңыр үй деп атайды. Алты қанат үйден бастап орда саналады. Алты қанат үйді ақ үй, алты қанаттан соң орда деп те жатады, «Алты қанат ақ орда» деп дәріптейді. Мәртебелі, беделді үй дегенді білдірсе керек. Он екі қанат үй де – ақорда саналады. Отыз қанат үй алтын орда болады.
Бұл күнде «Түрік шежіресі» деп жүрген Әбілғазы бабамыздың екі томдық кітәбі «Татарлар жайындағы ата тек тарихы» деп аталыпты, сонда Оғыз ханның билікке келгенде Алтын орда тіккені айтылады. Ұрым діндәрі Карпини келгенде, Күйік өзі қаған сайланғанда, Жетісудың шетіндегі Сары ордасының қасына Алтын Орда тіккен. Бұған қарағанда, түрік хандарының Алтын Орда тігуі ата дәстүр болған.
Тігулі тұрған жалғыз үйді де «ауыл» дейді. Жеңгесіне жігіт:
Ауылыңда қыз бар ма бізге лайық?
Ауылыңда қыз болса бізге лайық,
Екі ауылдың арасын жол қылайық! – деп әзілдейді.
Үй тігілген орынды жұрт деген. Орыстардың «юрта» сөзі содан шыққан. Біржан сал: «Құба жонға шоқытып шыға келсем, Жұрты жатыр, аулы жоқ қалқатайдың», – демей ме?
Қазақтың өзіне ғана тән ұлттық киімдері бар. Бұрын бабаларымыз сырт киімге жылы әрі атқа мінуге ыңғайлы, шолақ етекті киімдерді киген. Бұтындағы шалбары қой терісінен тігілген, оның жүнін ішіне, терісін сыртына қаратып тіккен. Теріні қынамен бояған. Бұтына киетін ұзын балақты ішкиімді дамбал деген.
Кеудесіне еркектер жейде, денесіне әйелдер көйлек киген. Оның сыртынан киетін еркектердің шапаны, әйелдердің шапанына қарағанда қысқа болған.
Сырт киімге тон киген, оны негізінен қой терісінен тіккен. Сыртын матамен қаптаған ұзын тонды ішік деп атаған. Оның қасқыр ішік, түлкі ішік, тұлып дейтін түрлері болған. Еркектер, ауыл-аймағының ауа райына байланысты, түрлі-түрлі бас киім киетін болған. Оның тұмақ, бөрік, малақай, жалбағай, құлақшын сияқты сан түрлері бар. Хандар киетін бас киімді «мұрақ» деп атаған, оның түрі Абылайдың суреті арқылы бізге белгілі.
Жалаңбас жүруді жақтырмайтын адамдар үй ішінде, дастарқан басында тақия киіп отыруды әдет қылған. Қазақ тақиясында қыр, бұрыш болмайды, дөңгелек келеді. Сырт киімнің бір түрі – шекпен. Киіз шекпен, түйе жүн шекпен, қой жүнінен тоқыған шекпен болады. «Ерді кебенек ішінде таны» деген сөз бар, соған қарағанда, қой мен ешкі жүнінен басылған жұпыны киім болса керек. Ешкіні қазақ: «Кебенек келгір!» – деп те боқтайды. Сірә, сондай сөзге тән ауыру да болса керек.
Қыздар киетін тақияға үкі тағатын болған. Үкінің қауырсыны адамды тіл, көзден сақтайды деп ырым етеді. Қыздардың тақиясы да қырсыз, дөңгелек болып тігіледі.
Еркек шапаны мен шекпенінің белін белбеумен буады. Белбеу – үндестік заңына сәйкес өзгерген «белбау» сөзі. Бешпет дейтін киімнің жеңсізі де, жеңдісі де болады. «Кимесем жеңді бешпет сән болмайды», – дейді ғой Мұхит бабамыз. Бешпет – шолақ етекті, шапаннан жұқа киім. Оның кеудеше дейтін жеңіл түрі де бар.
Атқа мінетін адам аяғына қонышы бар киім киеді, оны етік дейді. Киізден басқан етікті «пима» деп атаған. Бертін келе үй арасында еркектер де, әйелдер де кебіс-мәсі киетін болған. Мәсі – теріден тігілген жұқа етік, кебіс – оның сыртынан ғана киетін қонышсыз аяқ киім. Мәсінің қонышы ұзын да, қысқа да бола береді. Кебісті босағаға шешіп, мәсімен төрге шыға беруге болады. Ол – тазалық үшін өте тиімді аяқ киім.
Әйелдің сырт киімдері әшекейлі, әдемі безендірілген болып келеді. Қыз да, әйел де құлағына сырға, мойнына моншақ (мойыншақ), омырауына алқа, шашының ұшына шашбау немесе шолпы тағады. Түйменің де түр-түрі болады. Еркектің аса сәнқойы болмаса, саусағына сақина мен жүзік сала бермейді. Сақина бір түсті асыл заттан дөңгелек болып соғылады. Көбінесе алтын мен күмістен соғылады да, өзгесін не алтынмен аптайды, не күміспен күптейді, яғни сыртынан жалатады. Сақина бір ғана заттан тұтас жасалса, жүзікте інжуден, маржаннан не гауһардан орнатқан жүзі болады. Жүзік шеңберінің ішкі тесігін көзі дейді. Епті кісілерді «жүзіктің көзінен өтеді» дейді. Қыздар мен әйелдер сақина мен жүзікке қоса білегіне білезік те салады, оған қоса киімдеріне сәнді түймелер тағады. Әйелдер киетін камзолдың жеңдісі де, жеңсізі де бола береді. Оның аты «суықтан қамзау болатын киім» дегенді аңғартады. Бастарына зерлі де, зерсіз де кимешек киеді. Оны кемпірлер ғана киеді деу – қате. Тазалық үшін әйелдердің бәрі де киген, тек қыздар ғана кимейді.
Ертеректе етік ішінен қазақтар аяғына шұлғау ораған немесе киізден басқан байпақ киген. «Шеш тағы етігіңді, байпақшаң кел», – демей ме Зілғара ақын әйгілі «Жиырма бес» атты әнінде? Әйелдердің аяғына киетін ұзын мата байпақты шұлық деп жүрміз. Еркектердің қысқа мата байпағын нәски деп, орыс сөзімен айтамыз. Себебі бізде бұрын ондай киім болмаған.
Қазіргі күнде матадан тігілген алуан түрлі байпақты киіп жүрміз, бірақ оны байпақ деушілер өте аз. Әрине, өкінішке қарай. Мәсі кимейтін адамдар үй ішінде киетін жеңіл аяқ киім киеді. Бұрын бопыш дейтін едік, қазір тәпішке деушілер көбейді.
Киімді келісті етіп кию – халық мәдениетінің бір көрінісі. Оған сондықтан халқымыз қатты көңіл бөлген.
Сөйлей білетін, сөзімен халқының көкейіндегіні таба білетін кісілерді бұрын «шешен» деп атаған.
«Қазақ» сөзі айтылған жерде қазақтың ата-бабасы жоқ деп қарауға болмайды. Қазақ хандығы құрылған XV-ғасырдан бұрын да біздің ата-бабамыз өмір сүрген. Қазақ хандығы да аспаннан салбырап түскен жоқ, ата-бабамыздың мұратын жүзеге асырып, дербес ел болды. «Қазақ» сөзі тілімізде қазақ хандығы құрылғаннан бұрын болған. Мысалы, «Моңғолдың құпия шежіресі» аталып кеткен «Шыңғыс қағанның қузауыры» атты шығармада «қазақ арба» деген сөз айтылады. Қазақ арба бар жерде қазақтың өзі де бар емес пе? Ендеше, қазақ өнері де ежелден бар.
Қазақтың сөз өнерінің жазбаша тарихы Орхон – Енесей жазбаларынан бастау алады. Ол – тасқа қашап жазған сына жазуы. Жазған – Йолық тегін бабамыз.
Бүкіл қазақты алты баласынан немесе үш еншілес, одақтас ауылдан таратқан Арыс (Анарыс) бабамыз – өзі де ақын, шешен болған адам. Ол өмір сүрген дәуір – біздің дәуірімізге дейінгі, сірә, алтыншы-жетінші ғасыр. Арыс бабамыз жайында тарихтың атасы Геродот та (б.д.д.V – ғасыр) грек оқымыстылары Лукиан (б.д.д. ІІ – ғасыр), Страбон (б.д.д. ІІ – ғасыр), Плутарх (б.д. І – ғасыры) Лаэртский (б.д. ІІ – ғасыры) де сүйсіне жазған. Бабамыздың грек тілін жете меңгергені соншама, ол әйгілі жеті грек шешенімен деңгейлес саналған. Оның өмірі – қазақ тарихының ең жарқын беттерінің бірі. Бабамыздан қалған асыл сөздер аз да болса Ата шежіремізде сақталған. Ол туралы XVIIІ-ғасырда «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабында (1776 – ж.) Қазыбек бек Тауасарұлы біраз мағлұмат айтады. Сөз өнеріне қазақ халқының аса үлкен мән бергеніне бұл да ертеден жеткен дәлел. Мәселен, «Жер бетінде тірілер көп пе, өлілер көп пе?» – деген сұраққа бабамыз да сұрақпен жауап береді, «Кемедегілерді қайсысына қосамыз?» – дейді тапқырлықпен.
Ата шежіремізде Арыс бабамыздан бұрын Алаш, Жайыл, Қазақ деген аталарымыздың болғаны айтылады. «Қазақ» деген сөздің ежелден бар екеніне бұл да дәлел.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» деген сөз бар. Майқы – үйсін дәуірінде ел басқарған кісі. Аяз би және Құмырсқа би деген екі әйгілі уәзірлері болған. Бала кезімізде «Аяз би» атты ертегіні оқып, бірақ ондай адамның өмірде болған-болмағанын білмегенбіз. Сөйтсек, екеуі де Майқы бабамыздың ақылшы уәзірі болған бабаларымыз екен. «Аяз, әліңді біл, Құмырсқа, жолыңды біл» – деп, екеуіне Майқы бабамыз айтқан көрінеді.
«Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би» дегенге қарап, қазақ оған дейін сөз білмеген екен деп ойлауға болмайды. Майқы сол бұрыннан бар сөздің әрін келтіріп, тереңнен тартып сөйлейтін кісі болған соң, солай атаған.
Сөздің құдіреті мен оның бағасын білгендіктен, «Сөз өнері дертпен тең», – деген ғой Абай. Және ол жай дерт емес, өзің өлген соң да өмір сүре беретін дерт.
Сөз бен сөйлемнің соңын ұйқастырып, шумақ-шумақ немесе үйдек-түйдек жырлайтын, жазатын өнерпаздарды қазақ жырау, ақын деп дәріптейді. Елдің жайын жырлаған Қожаберген жырау, Бұқар жырау, Сыпыра жырау, Үмбетей, Мұрын жыраулер мен Асан қайғы, Тәттіқара, Махамбет секілді ақындарды халқымыз сөз өнерінің сәйгүліктері санаған. Арғы-бергіде сөз өнерінің шыңына жеткен қазақ – Абай Құнанбайұлы.
XVIII-ғасырда қазақ халқын «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» аталған зұлматқа қарсы елдің басын біріктіре білген Төле, Қазыбек, Әйтеке (Айтық) билерді ұлтымыз ұлы билер деп бағалайды. Олар – халықты тыңдата білген, сөздеріне сендіре білген шешендер, шешендік өнерін жетік игерген өнерлілер.
Сөзі де ашық, даусы да ашық Қазыбек би «Қаз дауысты Қазыбек би» аталған.
Ұлтты біріктіретін, бір ел етіп ұйыстыратын басты құрал – тіл. Сондықтан қазақ өзінің ақын-жазушыларын, сөз құдіретін меңгерген білімпаздарын айрықша бағалаған. Сөзі өлмеген халықтың өзі де өлмейді.
Қазақ біреуге жақсы тілек айтқанды да, өзі біреуден жақсы тілек естігенді де жақсы көреді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп санайды. «Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді» дейді. «Бір ауыз жақсы сөзіңді де қимадың ғой», – деп өкпелейді. Тілектің ең үлкені әрі құрметтісі – бата.
Тойдың қай түрі болса да, ас бергенде, қонақ күткенде – бәрінде де асқа қол созбас бұрын бата беріледі, бата жасалады. Батаны сол қатысушылардың ішіндегі ең үлкені не ең сыйлысы береді.
«А, құдайым оңдасын!
Қыдыр бабам қолдасын!
Отбасы, отанымызда,
Еш жамандық болмасын!» – деген негізде бастап, одан ары жақсы тілектер айтып барып, соңын «Әумин!» деп бітіреді.
Әр отбасы таңертең, түсте, кешке тамақ ішкенде, сол үйдің үлкені дастарқанды батамен ашып, ас қайырумен аяқтап отырады. Ас ішіп біткен кезде берілетін батаны ас қайыру дейді.
Батаны, жалпы, ер адам береді. Ал отбасында ер адам болмаса, онда ең жасы үлкен әйелдің бата беруіне болады.
«Жаңбырменен жер көгереді,
Батаменен ер көгереді» – дейді қазақ. Бұрын әйгілі, атақты адамдардан арнайы барып бата алатын болған. «Баталы ұл арымас, батасыз құл жарымас» деп жатады. Мәшһүр Жүсіп, Ахмет Байтұрсынұлы жинаған бата түрлері бар.
Бата – сөз өнерінің бір түрі. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп түсінетін қазақ бір-бірін жақсы сөзбен де демейді. Әлденеге қиналып тұрған кісіні жылы сөз айтып жұбатпасаң, «Жақсы сөзіңді де аядың ғой», – деп өкпелеп қалады. Ауырған адамның көңілін сұрау, өлген кісіге көңіл айту, жылағанды жұбату, қуанғанды қолпаштау, жылы қабақпен амандасу, қимай қоштасу – бәрі сөз арқылы жүзеге асады.
«Аңғармай сөйлеген ауырмай өледі» деген де бар. Өйткені сөздің құдіреті – әсері. «Сөз сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді» деудің мәні де сонда.
Ертеден қалған бір аңыз бар. Хан түс көріпті. Түсінде бүкіл тісі түсіп қалып, бір ғана тісі аман қалады. Шошыған хан түсін бас уәзіріне жорытады. «Барлық туыс-туғандарыңыз өліп, өзіңіз ғана аман қалады екенсіз», – деп жориды бас уәзірі. «Ой, жағың қарысқыр!», – деп, патша оны қуып тастайды. Екінші уәзірі де солай жориды. Оны да қуады. Үшінші уәзірі сабырмен тыңдап, ойланып барып жориды. «Хан ием, туған-туыстарыңыздың бәрінен өмір жасыңыз ұзақ болады екен», – депті. Риза болған хан оны бас уәзірі етеді. Бұл – жылы сөйлей білудің бір үлгісі. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дейді.
Бата алғыстың үлкен түрі болса, қатты ренжіткен, қиянат жасаған адамға қарғыс айтады. Біреуден, әсіресе атақты кісілерден қарғыс алған адам түбі бір жамандыққа ұшырайды, жолы болмайды деп сенеді жұрт. Сондықтан өз ұрпағын «Қарғыс алма, алғыс ал!» – деп тәрбиелейді. Өмірде теріс бата беретін жағдайлар да болады. Мәселен, «Қыз Жібек» жырында баласы Төлеген айтқанына көнбеген соң, әкесі оған теріс бата бергені айтылады. Содан Төлегеннің жолы болмайды.
Қазақтың сөзден кейін сыйлайтын өнері – әуез өнері. Оған ән айту мен күй тарту жатады. Әуез өнерін жүрек пен құлаққа жеткізетін аспап түрлерін домбыра, қобыз, шаңқобыз, сыбызғы, жетіген, адырна, сырнай, саз сырнай, дабыл, керней, барабан деп атаған. Домбыра аспабының XIII-ғасырда бар екенін «Ақсақ құлан, Жошы хан» күйі де әйгілейді. Өйткені өлген Жошы да, тыңдаған Шыңғыс хан да күйді тартқан Келбұға деген адам да XIII-ғасырда өмір сүрген. Ал қобыз аспабы Қорқыт бабамыздың дүниеге әкелген әуез құралы деген аңыз бар. Ал, шамалап айтқанда, Қорқыт бабамыз мұсылман діні алғаш қазақ жеріне аяқ басқанда, яғни VIII-ІХ-ғасырда өмір сүрген деген жорамал бар. Тіпті Еуропа жұртының скрипкасы қобызға қарап жасалған деген де пікір бар.
Білімді ұрпақ қана өз елінің бұрынғы – қазіргі тарихын шынайы мақтан ете алады. Сөз өнерінің «Білгенге – маржан, білмеске – арзан» екенін Абай атамыз өте дәл айтқан. Қазақ сөз өнерін түсінбейтіндерді «Итке маржан не керек?» деп те әжуә қылады. Білімді мен білімсіздің, саналы мен санасыздың айырмасын бұдан артық ашшы айту мүмкін емес. Білімділік жануарлардың ішінде адамға ғана тән. Сананы сапалы ететін де білім.
«Айтылған сөз – атылған оқ» дейді қазақ. Оның мәні ойлап сөйле, не болса соны айта салма, аузыңнан шыққан аңғал сөзді қайтарып ала алмайсың, айтылған сөзіңді естіген ел естіген қалпында қабылдайды дегені.
Мәні жоқ, дәмі жоқ сөзді сапырып сөйлей беретін, бір айтқанын тағы басқаша мыжи беретін адамды «мылжың», мыжың, мыжғау дейді. «Аз сөз – алтын, көп сөз – көбік» дейтіні содан болса керек.
Қазақ тілінің ауызша сөйлеуінде де, жазуында да негізгі заңы – үндестік заңы. Әуезді, әдемі сарынмен сөйлеген сөз құлаққа жағымды естіліп, көкейге тез қона кетеді. Сондықтан қазақ әуезді, әуенді, жұмсақ сөйлеуді аса жоғары бағалайды. Мәселен, «шекара», «көкөніс», «қолқабыс», «көзқарас» деп сөйлесең, бұл сөздер дікеңдеп, зіркілдеп, қатқыл айтылады. Ал үндестік заңына сәйкес, алды-артындағы дыбыстарға үйлестіре «шегара», «көгөніс», «қолғабыс», «көзғарас» деп сөйлесең, бұл сөздер жатық, жұмсақ естіледі. Сондықтан кезінде «халық жауы» деген жаламен атылып кеткен ғалымдарымыз Ахмет Байтұрсынұлы мен Халел Досмұхамедұлы үндестік заңын тіліміздің әрі негізгі, әрі қасиетті деп бағалаған. Біз де солай бағаласақ, тіліміздің табиғаты бұзылмайды.
Зіркілдеп, діңкілдеп сөйлеген дөкір үнді қазақ ұнатпайды. Аузынан шыққан алдыңғы дыбысты соңғы дыбысы баса-көктеп кететін, өте жылдам, тез-тез сөйлейтін кісіні быдық дейді. Кей дыбысты бұзып, дұрыс айта алмайтын адамды сақау; тұтығып, тілі күрмеліп, жатық сөйлей алмайтын адамды кекеш дейді. Мүлдем сөйлемейтін, ешкімнің келіп-кеткеніне әсер білдірмейтін адамды меңіреу; сөйлей де, ойлай да алмайтын, «тілі жоқ» адамды мылқау; көріп тұрғанын да, біліп тұрғанын да дұрыс айта алмайтын, сөйлей алмайтын адамды мақау деп айтады. Бұлар – адамның бойындағы туа не келе біткен кемістіктер. Оның біріне ем қонса, біріне қонбайды. Сондықтан ондай сөзден ада, ғәріп адамдарды кемсітпей, келекетпей сыйлау да үлкен кісілік болып саналады.
Әр адамның да, жалпы ұлттың да, мемлекеттің де ішкі-сыртқы жан дүниесін бейнелеп көрсететін бірден-бір құдіретті құрал, ол – тек сөз. Бәрі сөзбен басталады. Әлемді бір-бірімен біріктіріп тұрған да, бірімен бірін ажырастырып тұрған да – бәрі сөз.
Қазақтың астарлап, тұспалдап сөйлеуге аса шебер екені оның бір кезде көп елді билеген халықтың бірі болғандығынан. Үстем тіл солай дамиды. Уәде беріп, бірақ соны орындамай жүрген адамға қазақ: «Табаны күректей алты ай күттім, уәдең қайда?» – дейді.
«Табан» деп адамның аяғы жерге тиіп тұратын астын атаса, «күрек» деп жер қазатын құралды, ал «ай» деп отыз күннен тұратын уақытты айтады. Осы үш сөздің түйіні уақытты білдіретін «ай» сөзіне қатысты болғанмен, оған «табан» мен «күректің» қаншалықты қатысты екенін кез келген қазақ талдап түсіндіре алмайды. Өйткені бұл тіркес – талай заманды басынан өткеріп барып қалыптасқан тұрақты тіркес.
Көп сөйлеп және шешімді сөзді айтпай, әрнәрсені шата берген адамға: «Оттапсың!» – деп ренжиді. Оның тура мағынасы – шөп жепсің деген сөз. Шөпті адам жемейді, мал жейді. Яғни ол сөздің арғы мағынасы «малсың» дегенді білдіреді. Тілдің шеберлігі осындай астарлы тіркестерді қолданудан да байқалады.
Айтқаныңды ұмытып қала беретін, ұға қоймайтын адамды «ақпақұлақ» дейді. Егер оған төтесінен «ақымақсың» десең, ауыр тиер еді, сондықтан оның мағынасын астарлап қана жеткізеді. Осындай адамға: «Айтқан сөз оң құлағыңнан кіріп, сол құлағыңнан шығып кетеді», – деп те тұспалдайды. Ондай бейнелі сөз әсерлі келеді. Айтқаныңды ұқпайтын, ұмытып қала беретінді ақпақұлақ десе, ал айтқаныңды қағып ала қоятын адамды құймақұлақ дейді.
Жазу, сызуы ерте дамыған қазақ оқыған, білімді адамды аса бағалаған. Көп оқыған, көп білетін адамды оқымысты атаған. Ал өткен-кеткенді біле отырып, жаңаша ой түйген, жаңалық тапқан зерделі адамды ғалым деп бағалаған. Білгені мен түйгенін жүзеге асырып, сөзі мен ісінің үйлесімі көрініп тұратын, сыпайы, жүріс-тұрысы үлгілі адамды мәдениетті; ал ой өрісі кең, жан-жақты білімі бар, елі мен мемлекетінің қажетін біліп, болашағын ойлап іс істейтін, пікір айтатын адамды зиялы демек.
Халқына, жалпы адамзатқа ғылымнан, тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дәстүрлерден бағыт бере алатын, жан-жақты білімі бар адамды ғұлама дер-дүр.
Біз көрген замандастар арасынан бұл атқа лайық адам, сірә, Әлкей Марғұлан болар.
Байлыққа, дүниеге, алтын мен күміс бұйымдарға, көңіл көтеру мен ләззат алуға құмарлықты, жалпылай алғанда, нәпсі дейді. Оған жөнсіз қызығып кетпей, өзін өзі ұстай алатын, нәпсісін тыя алатын адамды ұстамды деп дәріптейді. Ұстамдылыққа адам білім мен мәдениеттің арқасында ғана ие болады.
Өкінішке қарай, оқығанын да, алған білімін де айтарлықпен өз пайдасына жаратып, біреуді көзіне мақтап, сыртынан даттап жүретін адамдарды екіжүзді деп атап, жұрт ондайлардан аулақ жүруге тырысады. Қарап отырсам, өзін қонақжай санамайтын халық жоқ. Алайда қазақтың қонақжайлылығы айрықша.
Үйінде жейтін асы аз ба, көп пе, оған қарамай, «Құдайы қонақпын», – деген адамды үйге түсіруді қазақ міндет санайды. Күйеуі үйде жоқ жалғыз әйел де «құдайы қонақпын» деп келген жалғыз еркекті үйіне жатқызған. Себебі «құдайы қонақпын» деп басқа барар жері болмаған, құдайдан басқа көмектесері жоқ адам ғана айтады.
Қонақ шақырудың қазақта себебі көп. Қыста ауылдастарын соғымбасына шақырады. Ауылының маңына көшіп келген танысты да, бейтанысты да ерулікке шақырады. Ал ол адам ерулікке қарулық жасап, оны шақырады. Қысқасы, қонақ шақырудың түрі көп. Алайда осы күнгі қонақтар қонбай-ақ қайтып кетеді. Ал «қонақ» сөзінің төркіні «қон», «қону» сөзінен шыққан.
Аса сыйлы туысқандары бірнеше күн қонақтап, енді қайтар кезде үй иесі олардан: «Қандай бұйымтайларың бар?» – деп сұрайды. Сұрағанын береді.
Пәни өмірдің той-томалағы қалай тойланып жатса, бақи өмірге бағыштаған да басқосу бірталай. Қайтыс болған адамды жер қойнына тапсырғаннан кейін, бейіт басынан оралғандарға аза тамақ береді. Жеті күн өткен соң жетісін, қырық күн өткен соң қырқын, бір жыл өткенде жылын береді. Көп жасап, қартайып қайтыс болғандарға ас береді. Одан кейін де әр кезде о дүниелік болған жақындарына арнап құдайы тамақ, шек беріп жатады.
Бір қарағанда, соның бәрі, ысырап, артық дүниедей көрінеді. Ал қазақ оны бауырмалдылықтың көрінісі, қайғысы мен қуанышы ортақ адамдардың садақада басқосуы, бірлесуі санайды. «Бармасаң, келмесең, жат боларсың» деп қарайды. Ағайынның тойына бару, одан қалмау – қазақтың бауырмалдық борышы.
«Ауру – астан, дау – қарындастан» деп ұғатын қазақ «Ас тұрған жерде ауру тұрмайды» деп түйіндейді. Асты бірге жеп, бірге ішіп жүрген біреулер өзіне жамандық жасаса, «Асымды ішіп, дастарқанымды тіліпті ғой!» – деп ренжиді.
Ас ішіп отырғанда үйге келген кісіге қазақ қуанады, «Мақтап жүреді екенсіз ғой», – дейді. Тіпті асқа қарауға уақыты жоқ асығыс адамға: «Қуыс үйден құры шықпа!», – деп, дастарқандағы дәмнен бір шөкім ауыз тигізіп не қалтасына салып жібереді.
Қазақтың әр сөзінен әр мінезі көрініп тұрады, «Таспен ұрғанды аспен ат», – дегені – өте көп мағынаны көтеріп тұрған сөзі. Оның мәнін ұққан адам – өмірдің мәнін ұққан адам.
Адамның бойында иә туа біткен, иә жүре жабысқан сан түрлі кемістіктер болады. Сондай табиғи кемістіктің бірі – қыли болу. Бір немесе екі көзі де қисық, қитар адамды солай атайды. Ал көзін жыпылықтатып жиі-жиі қаға беретін адамды жыпық деп атайды.
Адамның қолтығында не табанында қытық деген болады. Бөтен біреудің қолы тисе, кісі еріксіз күліп жібереді. Ештеңеден ұяла қоймайтын кісіні бейнелеп «бетінде қытығы жоқ» деп жатады. Ал қытықтамай-ақ жөнді-жөнсіз күле беретіндерді күлегеш дейді. Жұрт ондай адамды жыртақай деп, жарата бермейді.
Бір не екі көзі де көрмейтін адамды көр соқыр, естімейтін адамды керең, саңырау; екі аяғын тең баса алмайтын адамды ақсақ, аяғын бұрап, шойнаңдап басатын адамды шойнақ дейді.
Тәннің кемістігі тәңірден болса, жанның кемістігі кісінің өзінен. «Қой ақсағымен мың болады» дейді қазақ. Оның мәні – кемістігі барлар да сан мен санатқа қосылады деген сөз. Яғни барды жоқ деуге болмайды. Бардан бір нәрсе шығады, жоқтан еш нәрсе шықпайды.
Әр түрлі себеппен кейде ең жақын адамдары жиын-тойға келе алмай қалса, оған арнап сыбағасын беріп жібереді, сарқыт деп дорбаға салып береді немесе әдейі өзі келіп жесін деп, сыбағасын сақтап қояды. Бұл әдет қазақтан басқа халықта бар екенін көрген де, оқыған да емеспін.
Мұндай қонақжайлық қазақ халқында қалай, қашан қалыптасқан? Әрине, ғасырлар бойы.
Қазақтың ата шежіресі бойынша, өз балаларына алғаш енші таратқан адам – Арыс, яғни Анарыс бабамыз. Ол өзінің Алты Арыс аталған алты баласын бір-бірімен еншілестіріп, үш ауыл (йозы, йазы, жазы, жүзі) жасаған. Ақ пен Панды еншілестіріп, Ақ Арыс ауылы; Жан мен Болды еншілестіріп, Жан Арыс ауылы; Бек пен Балды еншілестіріп, Бек Арыс ауылы деп атаған. Әр ауылдың аты еншілескен үлкен баланың атымен аталған. Үш ауылға малын, дүние-мүлкін бөліп берген де, «Дастарқандарың ортақ болады, ол бөлінбейді. Біріңнің үйіңе бірің күн келсең де, түн келсең де, дастарқандарың жайулы болсын!» – деген көрінеді. Бұл сөз – аталарымыздан естіген сөз, шежірешілдердің сөзі. Біздің қонақжайлығымыздың, меніңше, түп тамыры да осы сөзде, осы шежіреде.
Қонақжайлықты қазақ бауырмалдық деп түсінеді. Тойда, бақи болғандарды еске алып беретін астың түрлері де – бәрі қазақ ұғымында садақа. Садақа ысырапшылық емес, бауырлардың бас қосуы. «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп» дейді қазақ.
Тұрмысына, күнделікті қажетіне ең керекті нәрселерді жасай білетін адамдар әр ауылдан табылатын, табылмаса, бар ауылға іздеп барып жасататын. Көшпелі халыққа ең керегі баспана – кигіз үй – болса, оның өзін, жабдықтарын жасайтын адамды үйші дейтін. Ал үй ішіне керекті құрал жабдықтарды ағаштан қиып, ойып жасайтын кісілерді шебер деп атаған. Ол үйдің төрінде тұратын жүк жинағыш жүк аяқты, қымбат бұйымдарды салатын кебеже, күнделікті ұстайтын заттарды салатын сандық, ши тоқитын өрнек, ердің өзін, ер-тұрманның түр-түрін, тағы басқаларды жасайтын адамды ерші деген.
Ұстаханада кетпен-күрек, балта, сүймен, таға, қысқыш (қышқаш), қалақ, керней, көсеу секілді темір-терсектен құрал-жабдық жасайтын кісілерді ұста деген. Олар жаугершілік заманда батырларға арнап садақ, садақтың оғы – жебе; қайқы қылыш, оны салатын қын, қынап, ағаш сапты найза, мұқалмайтын найзаның ұшын; болат жүзді айбалта мен шор біткен ағаштан шоқпар жасаған. Олар аталған бес қарудан өзге де суық қарулар соққан, мәселен, екі жүзді ұзын семсер қынымен, екі жүзді қысқа қанжар қынымен, етіктің қонышына тыға салатын үшкір кездік қынымен, ұзын селебе пышақ, ет турайтын өткір пышақ, ашылып-жабылатын бәкі, етік тігетін біз, от көсейтін көсеу, шоқты қысып ұстайтын қышқаш,самаурынға керней, тай қазан мен жай қазан, ыстық тамақ құятын аяқ-табақ, тегеш, ожау, шөміш, сорпаның көбігін сүзетін кепсер, ағаш қасық, темір қасық, асқан етті салатын астау, су таситын қауға, тағы-тағыларды да жасай беретін. Алтыннан, күмістен, тағы басқа да бағалы заттардан әшекейлі бұйымдар соғатын шеберлерді зергер деп атаған.
Былғары етік, саптама етік, кебіс, мәсі, шоқай тігетін шеберлерді етікші деген. Тоннан қолғапқа дейінгі киім-кешекті өзі пішіп, өзі тігетін кісілерді тігінші деп атаған. Тамақты дәмді жасайтын, айрықша шебер кісілер аспаз аталған. Тамақты шойын қазандарға пісірген. Ал қазанды үй ішінде үш бұтты (аяқты) темір ошаққа, үй сыртында жер ошаққа немесе тас ошаққа қоятын.
Бидайды, тарыны үгітіп талқан жасау үшін, бидай мен тарыны келіге салып, оны келсаппен (келісаппен) түйетін. Келі – іші қуыс, ағаштан жасалған сопақша ыдыс. Келсап та ағаштан жасалады, қос қолдап ұстайтын ортасы тесік тұтқасы бар.
Үйдің ішіне, сыртына ұстайтын сан түрлі киізін, ою-өрнек салынған текеметін басатын, шиі мен түскиізін (тұс киіз), әрі еденге төселетін, әрі керегеге ілетін кілемін де тоқитын, сырмағы мен туырлығын; сабасы мен тұлыбын, месі мен торсығын, қоржыны мен қабын, дағары мен дорбасын, басқа да керектерін өзі жасап, өзі жарата білген қазақтар – өз күнін өзі көре алатын халық. Жер-судың жайын білетін, түз жануарларын тұзақтай білетін аңшысы, әнші, күйшісі, суретшісі – бәрі өзінен табылады.
Өзінің тілі, әдет-ғұрпы, өзіне тән әлеуметтік жағдайы, жері, мінез-құлық ерекшелігі әбден қалыптасқан халық – ұлт. Оның ойынына дейін ұлттық болады. Мәселен, қазақтың ең атақты әрі кең тараған ойындары: көкпар, ат жарыс (бәйге), қыз қуу, аударыспақ, жамбы ату, жамбы ілу, тоғыз құмалақ, сайыс, алтыбақан, әткеншек, күрес, жаяу жарыс, бұғынбақ (жасырынбақ), асық (үш табан, бір табан, шеңбер, т.т.), соқыр теке, етек-етек, монданақ, көрші-көрші, хан жақсы ма, апаң-қопаң секілді ойындарынан басқа да түрлері көп.
Жиырманшы ғасырда да әрбір егде кісі құмалақ аша білетін, жолаушы кеткен адамдардың аман-саулығын құмалақ ашу арқылы болжап отыратын.
Біздің бала күнімізде соқпа там немесе кірпіш үй салып жатқан ауылдастар өз шамасы жетпей бара жатқан кезде, ауылдастарын шақырып асар жасап, үйлерін тез, қыс түспей бітіріп алатын. Малы мен мүлкі апатқа ұшырап қалған кісілерге ағайындары мен ауылдастары жылу жинап көмектесетін, әркім шамасы жеткенше қолында барын бөлісетін. Әрине, «Бар болсаң, көре алмайтын; жоқ болсаң, бере алмайтын» да ағайын болды. Алайда жалпы қазақ – ағайынының азып-тозып отырғанын намыс қылатын халық.
«Жақсының шарапаты тиеді, Жаманның кесапаты тиеді» дейді, әрбір адамның ең үлкен әрі қолынан келетін шарасы – жақсы адам болуға тырысу.
Қаруға да жататын, құралға да жататын сақпан дейтін нәрсе болады. Қайыстан иә жіптен ұзын екі бауы, дәл ортасында жалпақ қайысы болады, сол қайысқа тас салып, бауынан ұстап шыр айналдырады да, әбден шегіне жетті-ау деген кезде, баудың біреуін босата қояды. Сонда зымыраған тас өте алысқа кетеді. Дәлдеп ату өте қиын, бірақ мөлшерлеп нысананың маңайына тигізуге болады. Сақпанмен атқан тас өте алысқа кететіндіктен, «сақпанның тасындай зымырайды» деп жататынымыз содан. Шыңғыс хан заманында қорған мен қамалды бұзатын қарулар осы сақпан әдісін негізге алып жасаған.
Дүниеге келген әрбір адам ерте ме, кеш пе, дүниеден өтеді. Қазақ өлген адамның артынан жоқтау айтады. Қаз дауысты Қазыбек би дүниеден өткенде, қызы Қамқа жоқтау айтса, Шоқан Уәлихан ұлы қайтыс болғанда, жоқтауын Жағалбайлы Төребай ақын жазыпты.
Өмірге сәби келгенде қалай қуанса, өмірден адам өткенде қазақ солай қайғырады. Қазақ өстіп пәни дүние мен бақи дүниені – тең құрметтейді. Бірі тіршілікті бағалауға жатса, екіншісі ата-бабасын ұмытпауға, ұлықтауға жатады.
Өлген адамды көмбес бұрын діни жолмен жаназасын шығарады. Егер қайтыс болған кісінің әлдекімнен алған қарызы болса, соны өтейтін туыстарының бірі елдің көзінше уәде береді.
Қайтыс болған кісінің үйіне қоштасуға келген адам басқа үйге кіріп, ел араламайды, келген жолымен кері қайтады. Кіріп-шығуға тиіс үйіне тек өлім шыққан үйге бармас бұрын ғана бас сұғуына болады. Ондай үйге өлімнен соң да оралуына жол ашық.
Араздасып, өкпелесіп қалған кісілер торқалы той мен топырақты өлімде бір-бірін кешіріп, иә құттықтап, иә қоштасып шыққаны дұрыс болады. Бұл – бұрынғылардан қалған ырым әрі тәлім.
Қазақты айрықша халық, ерекше ұлт ететін – осындай-осындай өзгешеліктер. Оны ұрпақтың сақтауы – халықтың қалыптасқан қалпын сақтау. Мен ұлттық ерекшелігіміздің бәрін қамти алғам жоқ, бірақ біразын еске салдым. Мақсатым да сол.
Адам, оның ішінде Қазақ туралы әңгімемді осымен тамамдап, енді басқа жануарларды таныстырып көрейін.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕҰЛЫ




