Балқия – Тоқтық бидің тұсында Жайырда өткен Уақ Мәмеке Аққозы деген байдың ұл орнындағы жалғыз қызы. Бұл ұрынған даудың ұзын ырғасы қазаққа ежелде ата жау болған жоңғарлардан қалған нәсіл – әулет Қобықтағы қалмақтың есерлері Аққозы байдың «Шұбар қысырақ үйірі» деген бір қысырақ жылқысын жайлауда жатқан жерінен барымталап әкетеді. Қабыландай теңбіл шұбар аса бір әдемі дөнен айғырды осы биылғы көктемде ғана әлгі еркетотай Балқияға бәсірелеп, қысыраққа матаған болатын. Соны Жайырдағы қазақтың бір дүбірлі ат бәйгесіне әкеп қосқанда, Қобық қалмағының барымташы ұрыларының көзі шалған. Содан бастап іштеріне от түскендей; жылқыға бітпеген түрі бар әсем айғырдың үйіріне аңду салған. «Қарақшы кезеңде тосып, ойпаңда алады» демей ме. Барымташылар Аққозының жайлауы маңындағы адам жүрмейтін қалың жыныс, ұры сайлардың бірінде бекініп бұғып жатып, ақыры орайын келтірген.
…Шығыс бетке қарай қуалаған жылқының әр жерге шашырата тастаған жас тезегінен қалмақ ұрылары әкеткені бірден білінген. Ауыл ағасы Аққозыдан бұны естіген Мәмеке тайпасының бір топ намысқой өршіл жігіттері қатты жінігіп жиналады. Мықты деген отызға тарта сойылдылар барымтаға аттанбақ. Бір сорақысы, бұлардың іштерінде Аққозының жалғыз перзенті, бойжетіп қалған Балқия бар еді. Ойын-тойда, көкпарда ұлша киініп, еркектермен бірге қиқулап шапқылап жүретін еркетотай, елірмелігі болатын. Шұбар қысырақ үйірін иеленіп, малмен көз ашқан қазақ қызы өзінің көңіліне ыстық меншік жылқысын жүрегіне әбден жақын ұялатып алған. Жұрт алдында соны өзіне кереметтей мақтан тұтатын. Беттеген жағынан, айтқанынан қайтпайтын ержүрек қайсарлығы да жоқ емес-ті. Бұны танымайтын еркек балалармен бірдемеге келіспей қалса, ат үстінде сабаласа кеткен кездері де болған. Ауыл үй адамдары сырттан күңкілдеп: «Бұл қандай адамға әйел болады? «Әкесі болысқақтың ұлы ұрысқақ, шешесі болысқақтың қызы ұрысқақ» дегендей, «жалғызымыз, жалғызымыз» деп бетінен қақпай, екеулеп ара түседі де жатады. Жалғызы жалмауыз болып шықпаса болды ғой… Аяғы не болар екен?..» десетін. Мына жолы да шолжақай қыздың сол көк ауруы ұстап, әке-шешесінің қатты ұрсып: «Қойсаңшы, қарағым! Еркектермен қасына бірге қайда бармақсың. Барымта деген далақтап-шапқылап қайтып келетін сенің өз ауылыңдағы көкпарың емес. Тілімізді ал!» дегендерін тыңдамай қойған. Байлап қоятын емес. Оның үстіне өз айтқанын бұзып, бетін қатты қайтарса, көгеріп талып қалатын ерегіспе ауруы – арқасы бар. Тумысынан сондай көк айыл. Кемпірі Аққозыға ұрсып:
– Осы дүлейді өстіп бетімен жіберген өзіңсің. Ал, енді көр! Көкпарда жығылып қолы да сынды, аттан айырылып иен далада жалғыз да қалды, басына бір тимейді. «Көп жортқан түлкі терісін алдырмай тынбайды» дегендей, бу көкбетің бірдемеге ұшырамай тынбас, – деп бажылдаған.
– Осынша ағаларымның ішінде мені қасқыр жей ме. Қалмақтан қысырағымды қалай алғанымызды өз көзіммен көремін, қызығын көріп қайтамын, – деп ерттеулі атының қасында сазарып тұрып алған. Аққозы мысы құрып: «Е, қалмақ сенің қора шетіне қадаған қарақшың екен ғой» деген де қойған.
Сойыл, шоқпарларын тақымға қысып, немесе бауынан білектеріне, ер қасына іліп, сүйретіп ат үстінде сайма-сай тұрған ауыл азаматтарына шешесі байқұс:
– Мынаны бірдеме қып тастап кетіңдер, айналайындар, – дегенде, олар да амалдары таусылғандарын байқатып, шулап: «Балқия, қал, қал, біз сені ертпейміз» дескен. Маңдайында алақандай ай тыртығы бар дәу қара басшы жігіт:
– Біздің кете алмай тұрғанымыз да осы ғой. Бұ қыз еретін болса, бармаймыз, – деген. Ол ғана емес, барлығы да пәледен ат-тондарын ала қашып тұрды. Баланы кеш көріп, жастары елуден асқанда Балқиялары туған ата-ана содан бергі он төрт, он бес жыл ішінде екеуі де әдәуір қартайып қалған адамдар.
Дәнішпан қазақ: «Атадан алтау тусаң да, өзіңде ұл жоқ болса, жалғызсың» демей ме. Аққозының ошарылып жатқан, бірге туған туыстары бар. Бірақ әлгі рухани жалғыздық деген құрғырдың дертімен осы қызды тым әуектетіп алғандарына өздері де өкінетін. «Қақпай көрмей өскен, пәле бар деп жасқанбайды» деген ғой. Бара-бара түңілген ата-ана пақыр жылан бағып өсіргендей болып келе жатқан. Соның белгісі қазір де міне, ақыры діңкелері құрып, әкесі барымташыларға:
– Сендер жүре беріңдер, ілесем десе өзі білсін, қайтеміз, – деген-ді. Аттарына леп бере тебініп, тақымдағы сойылдары қағыса сатырлаған шоғыр өрекпи түскенде атан кеуде, алып қара басшы жігіт:
– Балқия, біз сені ертпейміз, ертпейміз, – дей бере жігіттеріне. – Ал, тартыңдар, – деп бұйрық берді. Тақымында ойнақтаған омырауы есіктей арыстан кеуде көк ат Аққозының ертеден шапса, кешке озған дейтін бәйгесі. Сонымен алды-арттарына қарамай барымташы топ лап беріп жортып бара жатты. Дүбірге шыдамай ойнақшып тұрған «Елік торы» деген атына лып етіп қарғып мінген Балқия да көзі оттай жанып, аналардың соңдарынан тепкілене, екіленіп шаба жөнелген. Бүгінгі түрі – бірдемеден құр қалатындай еді… Өлермендене екпіндеп, аптыққан түрі ештеңеден тайынбасын айғақтағандай.
Ауылдағы бар адамды; еркек-ұрғашы, бала-шаға – барлығын өздеріне жамырата қаратып, үй алдынан шыға бере-ақ, қатты жүріспен шоқырақтата жөнелген топ айғай салым жердегі белегір қырқадан асып кеткенше, бөрте сақал Аққозы соңдарынан көз алмай қарап тұрып қалып, аналар көрінбей жоғалған кезде ғана қызына ақылы жетпей таңырқаған жүзбен:
– Пәруардигар, пәруардигар! – деп жағасын ұстап, үйге кіріп кеткен.
Жортуылшылар алғашқы екпінмен біраз жерге дейін орта шабыспен барды да, содан ары жай желіске түсіп, саусылдап тартып отырды. Аттанғандары ұлы сәскенің шағы еді. Содан күні бойы небір қырат, қырларды басып, екінті әлетінде ұзақ жолдың үштен бірін жүріп өтіп, бұрын алтын кені болған Шағандиям деген маңдағы бір кең өзектің тұйық тұғылына ат басын іріккен. Мөлдіреген тас бастауы бар тұғылдың сары шалғынды түбегі аттарды бекітуге, өздеріне де жайлы екен. Ежелде Айбике деген бай әйелдің жайлауы болғандықтан, «Айбикенің тұғылы» атанған бұл жерді тапқан жорықшылардың басшысы қара дәу еді. Жеңгелері «Талтақай батыр» атандырып жіберген алып дәудің ішке иілген талтақ аяғы тақымына ілінген көкпарды адам баласына бермейтін. Маңдайындағы сүйемдей ай тыртық мұнан бұрынғы жылдары да, Қобық қалмақтарымен кезек барымталасып жүргенде пайда болған. Ат үсті төбелесте қашан жығылып құлағанша қайтпай, саспай, таймай салысатын батырлығы бары рас. Мына ұрланған жылқы тұсында да, өзіне серік болатын ең мықты деген белгілі атан жілік, атпал азаматтарды іріктеп, дәмелі бәйгелерге мінгізіп, жинаған да Талтақайдың өзі болатын. Туыстық жағынан Аққозының онша жақыны да емес. Тұтас Мәмеке табының намысына қызатын. Сойыл соқпаса, қолы қышып тұратындай ожар мінезі бар. Мәмекенің бір адамына біреу тисе, елден бұрын миятына шығатындықтан бұған бас иіп, бүкіл ауыл тілін алатын. «Екінтіде ел тастама» дегендей, мына түбектен өтіп кетсе, тағы сулы жерге жеткенше қараңғыға қалады. Сондықтан ерте жарықта ас-суларын дайындап, жолға алған азықтарын қамдап әрекеттеуге жайғасқан.
Неше жылдар бойы мал тұяғы тимеген сары-жасыл шалғын бір-біріне қосылып, қорыс болып қалған екен. Аттарын суытуға екі-екіден айқастыра қалмақша қаңтарып, алды жантайыса кеткенде, желмен ұйпаланып, бұйраланып қалған қалың, ұзын аткөпір шалғын жамбастарына мамықтай тиген. Үштен-төрттен іріктеліп, бөлініп шоғырланғандар әр жерге тас ошақ жасап, шәугімдерін қойып, қанжығаға байлаған қол бақырларына ет қуырып, әбден астарын дайындағанша кеш кіріп еді. Іңірде жанған от кер-қызыл жалын лапылдатып, қараңғы қоюланған сайын даналанып алаулап көрінеді. Аспан асты ашық далада шөліркеп ішкен дәмді, ыстық шәймен бойлары жадырап шираған жолаушылар ұзақ жол соққанын қазір білген. Аттарын бөлек-бөлек арқандап, кейбірі сол арқандарға өз көлігін құсбаулап, енді біреулері шідерлеп, не тұсап болып, тоқымдары мен аткөрпелерін төсеніп, ерлерін жастанып жата-жата кеткен. Айсыз түнгі алқара көк аспан әлемінде жұлдыз жыпырлай бастапты. Әсіресе, солтүстік шығыс шекеліктен оңтүстік батысқа қарай ұзынынан сұлай созылған «Құс жолы» құжынаған, көзді шаққан өткір шоқ жұлдыздармен айқындала түскен. Аспанның басқа қараңғы жағынан жарық тарта бозғылдана, шаңыта жолақтанып, жарқыраған күміс рең шалдырады. Сезіміңмен шарпысып, көкейіңе әлдебір шаттық ұялатқандай ма. Ұзын созылған сұл басындағы көз қарыған шаңқаң жұлдыздарымен бір шабыт сыйлағандай ма. Жан күйіңе қуаныш рахатын дарыта көз тартып, сен үшін жалтырап тұрғандай. Дию –пері, жындар қауымы біле ме, жоқ па, Алла осынау ғарыш әлеміндегі ақыл жетпес тылсым хикіметін гауһардай жандырып, адам құрметі үшін жаратқандай. Бірақ тек осы көріп қана шектелуден өзге аспан ұлылығының арғы ішкі құпиясында не жатқанын Құдірет өзі ғана біледі. Адам Алланың жаратылысы алдында көзі жұмулы құл-құтан, шыбын-шіркей ғана. Сөйте тұрып, аспан – жерді әке -бабамыз салып бергендей, ол туралы бір сәт ойланбай шіренеміз. Кімнің жерінде, қайда жүргенімізді білмейміз. Су мен ауа көп болған соң, қадірі болмайтыны сияқты. «Иті үреген, аты жүреген» болып қызметіміз үлкейсе, көше алмастай байысақ, жер бетінің патшасы өзіміз болып жүреміз.
* * *
Жорықшылар алда айқасқа түсетін аттарының бабымен жолда тағы бір күн түнеп, есеппен жүргенде Қобық қалмақтарының шетіне кеш бата тақап келген. Талтақайдың шамалауынша, жылқы өрістейтін жақ – Қобық өзенінің жоғарғы тау беткейлері. Қазір оған қарай барлығы бармай, жолбасшы батыр өзі қасына бір адам ғана ертіп кетіп еді. Көп кешікпей өзекте бұғып жатқандарға қайта келіп:
– Ал, жүріңдер ерлерім, – деп, барған жағына қарай бастай жөнелді. Жақын маңдағы бір аңғарда жусап жатқан жылқы бар екен. Көкжиектен арқан бойы көтеріліп қалған ай жарығымен байқалғаны – құрықтарына сүйеніп, шетте темекі тартып тұрған екі жылқышыдан басқа ешкім көрінбейді. Оларға ес таптырмай ағындап жеткен Талтақай мен қасындағы отыз шақты серігі еді. Қапелімде тап болған мына қырсыққа не істерлерін білмеген бейбақтар таяқтан қорғанып, ат үстінде бойларын бұға бастағаннан басқа шара таппай қалған. Талтақай ырғай сойылмен өлмес жерден, жауырынынан қиғаштата екеуін екі ұрып талдыра құлатқан. Бірақ жақында ғана шұбар қысырақ үйірін алған барымташылар қамсыз, жайбарақат емес-ті. Соңдарынан жау түсетінін біледі. Елу шақты адам аттарын екі-үш күн сайын бір таң асырып, кешке қарай ерттеп сақадай-сай тұрған. Тек арада бір апта уақыт өтсе де, іздеуші дерегі білінбегендіктен, сәлде болса бейғамсып, дәл қазір келе қояды деймісің дегендей, Талтақай тобы жетердің алдында ғана бар шоғырымен құлдырласа, дабырласа сөйлесіп, шайларын ішіп келуге кеткен. Жылқы нобайы – екі айғыр үйіріндей ме. Содан тең жарымдайын бөліп алған бұлар былай шығып алғанша дүбірлетіп, дүрілдетпей ақырын айдап, сусып жөнеле берді. Соңғы жақта білінген ешқандай дыбыс жоқ еді. Бір сәтте ұзағырақ айдалып бара жатқан жылқы ішінен азынай кісінеген кәрі айғырдың күмбірлеген дауысы шықты да, құйрығын тіге қашқан жануар қайыру бермей, жалғыз өзі құйғытқан бойы қара үзіп кете барды.
– Қап, мына сығырдың жарым үйірі қалған екен-ау, – деген Талтақай. – Енді неде болса да, қатты қуалап айдаңдар, – деп бұйырды. Қалғанынан тағы айырылып қалмайық деген барымташылар бәйге аттарымен қарын сау мешкей биелерді сауырдан сабалап, енді тұс-тұстан «хе-еу-хеу» деген қиқумен жиырма – отыздай жылқыны ес таптырмай бездіре қуалай жөнелген. Бірақ әлгіндей мешел биелер аттың шабыс тебініне шыдамаған. Алғашында аз жерге ойдағыдай арындағандарымен, кебеже-қарын жануарлар ұзамай-ақ өз шамаларына түскен еді.
Қашқан айғыр жеткенше екі жылқышы да естерін жиған. Үйіріне сонадайдан азынай кісінеп қосылған айғырдың жер жарған дауысы жылқыға қарай топ-топ болып келе жатқан күзетші қарауылдарға бір сойқанның болғанын бірден ұқтырған-ды. Бір-бірімен тез сөйлесіп, тас түйін болған қалмақ жорықшылары екі жылқышыдан мұнда болған жағдайды біле сала, барымташылардың соңынан аттарына қамшы басып лап берген. Елу шақты жарау аттылар жол-жөнекей құлдырласа ағындап отырып, сүт пысырым бие сауым уақытта-ақ, қазақ барымташыларының нобайын көрерліктей жерге ілінген. Қырсық шалғанда, бағанағы шау-шалжаң биелер бөгет болып, Талтақай кейбіреулерін жол-жөнекей амалсыз қалдырып та бара жатқан-ды. Ал біріңғай сары тап болып баппен қатқан жарауларын мінген қуғыншы Талтақай тобын құтқарған жоқ. Жақындаған сайын сойылдарын қағыстыра сатырлап келіп қалған жаудың қарасын байқағанда, ашуға булыққан Талтақай Балқияға ақырып:
– Ал сорлының қызы! Жаныңды қорға енді, – дей түсіп, жігіттеріне де қатал әмір беріп. – Сайланыңдар, саспай салысыңдар! Жылқыны бір-екеуің ғана қуа беріңдер, – деді де, өзі арт жаққа қарай кежігулеп, жолдастарымен қоса жау алдын тосқауылдап қалды. Мұндайда саспайтын Талтақай ай жарығымен жау қарасын шолып та үлгірген еді.
– Көптігіне қарамаңдар, ә дегеннен қатты кіріссең, бұның бәрі бірдей батыр емес, беті қайтады, – деп, серіктеріне дес бере түсті. Кешікпей-ақ сатыр-сұтыр айқас басталып кеткен. Қарама-қарсы ағып өтіп, соққан сойылдар сартылдап, кей тұста ұйлығып, араласып қалады. Қуғыншылар өздерін бір-біріне таныту үшін «иа бұрқын, иа ағлаби» десіп дыбыс берсе, Талтақай бастағандар да шолақ-шолақ, қарбалас үн қатып:
– Жік жазба! Тізелес!
– Араға кір! Жарып өт!
– Таймай соқ! Жасқанба! – дей түсіп, бір-біріне күш бере ту-талақай салысып кеткен. Соғысудан қорқатын адам барымташыға ермейді. Келсең – кел дейтін намысқой ру мықтыларының бар көргені бұл емес. Мәмеке тайпасының атын шығарғандар да, ат үсті төбелеске ежелден кәнігі осы жігіттер.
Соры қайнап, басына осындай тауқыметті тілеп алған Балқия бір шетте үрейі ұшып, қозғалмай тұрып қалған. Шошынғанынан, кімнің-кім екенін бағдарлап көре алған жоқ. Әзірше оны екі жақтан да ешкім аңғармаған сияқты. Иегі дірілдеп, қалтыраған екі тізесінен жан кеткен жас қыз төбе құйқасы киіздей тұтып қалған халде еді. Ержүрек ағалары қапысыз , небары отызға тарта адамға қалмақтың елудей сойылшылары жабылған. Қаумалап алған. Өзіне таяқ аз тимеген Талтақай ә дегенше, екі-үш жауды аттан түсірген-ді. Басқа серіктері де аянып қалған жоқ. Көп жауды қиратып жығуға шамалары келмесе де, қасқая қарсы тұрып өздерін қорғай алуда. Шаппа-шап келгендердің сойылын қаға қайтарып, жан сауғалап жүрген. Қалмақша түсінетін Талтақай аналардың бір айтқан сөзін құлағы шалып қалды. Басшысы болса керек: «Жылқыны ажыратып қалсақ болды, адам жазым болмасын» деген. Талтақайға мәселе түсінікті болды. Бұл – өздері мінді, қазаққа алдымен соқтығып барымта алған қалмақтардың күні бұрын да келісіп қойған сөздері тәрізденген. Бірақ еліріп алған есерлері оған қаншалық құлақ асқандары белгісіз еді. Денелеріне таяқ батып ашынған немелер боранды күнгі ұялас бөрілердей құтырынып алған. Ақыра айғайлап, жұптасып жүр.
– Гардан байылдан! Гардан байылдан!
– Ганцы ганса-ар! Ганцы гансар!
– Боро-охой! Боро-охой!
Ер үстінде жарбиып шетте тұрған кішкене «баланың» атын олжалағысы келген еңгезердей бір дәу қалмақ соған қарай төне беріп еді. Зәресі ұшқан Балқия аузына түскен сөзін айта, жан дауысы шыға:
– Ойбай ағатай, мен қызбын, маған тимеңіз, мен қызбын ағатай! – деп шаңқылдап жіберген. Қобық жеріндегі шеттерінен қазақша білетін қалмақ адамы көктен тілегенін жерден бергендей төне түсіп:
– А, сен қызсың ба, оһ, айналайын!… Саған өзімнен басқа ешкім тиіспейді, жүре ғой, – деп шылбырынан алып жетелей жөнелгенде, қасындағы жолдасы қыздың атын сауырынан ұра қуалап, екеулеп топтан жырып ала жөнелді. Балқияның шырқырап бара жатқанын мына жақта ешкім естіген жоқ. Күні ертең жауап беретін қалмақ басшысы да білмей қалды. Талтақай өз адамдарына айқайлап:
– Қаша соғысыңдар, қаша соғысыңдар, – деп серіктерін алдыға қарай беттете берді. Аналарға алаңдаймын деп, өзі екі жаудың ортасында қалып бара жатқанын байқай берген. Неше жылғы қабығы құрысып қатқан білектей ырғай сойылын шыр-көбелек айналдыра екі жағының қаруын бірдей қағып сытылып шыға берді. Мұндайда атына сенетін. Малдарын ажыратып қалғысы келген қалмақтар да соңдарынан түскен. Жылқыны алдын ала қуып кеткендерге екі жағы да умақ-шумақ жетті. Адамға қарамай қалмақтар жылқыны кері қайтарып, қазақтар оның алдын тосып әлек. Талтақайдың астындағы көк бәйге басқа аттардай бұрлығып, сыр берер емес. Шалдығатын түрі жоқ. Шабысқа жаңа түскендей әлі де арынды еді. Діттеген жауына қуса жетіп, олар қуаласа ары өтіп қашып, бері өтіп қашып, жылқы баласына шалдырмай жүр. Жаясы төңкерген тегенедей артқы аяқтарының арасы алшақ кең біткен жануар тірсектерін еліктей серпіп шабатын. Жорыққа Талтақай ғана мінетіндіктен, жұрт «Талтақайдың талтақ көгі» атандырған. Серіктерімен бірге жылқыны ажыратумен қоса, оңтайына келген қалмақты талма жерден тізеден, иықтан қағып қалып, ат жалын құштырады. Сойылы дарығанын есеңгіретпей қоймайды. Кейде қашқан жауды бастырмалата жетіп, оның өз қолынан омақаса ұшқанын көргенде қарқылдап, сақылдап, күліп те жібереді. Бірақ жолдастарының аттары барлыға бастап, көбінің қайраттары кеміп бара жатқан соң, Талтақай жолдастарына зор дауысымен үн беріп:
– Һо-ой, жігіттер, болмады, болмады! Жылқыны тастаңдар, бас сауғалаңдар, ал жөнелдік! – деп, аты әлсіздерді алдыға жіберді. Өзі мықты жігіттерімен артқа ала, есесі кетіп, өштесіп қуғандармен сойыл қағысып бара жатты. Ер үстінде бір жамбастап қисая, бұрыла отырып, артқы жақпен салысқанда да, қапы кетпей оңтайын табады.
* * *
Бұлар қалмақтардан қара үзіп шыққанша Балқияны жоқтамаған. Оған шамалары да келген жоқ. Қуғыннан құтыла бере шабыстарын тоқтатып, ес жия бастағанда ғана біреуінің дауысы баж еткендей қатты шығып:
– Ой, әлгі Балқия бар ма? – деп жан-жағына алақтай түскен. Бұл Балқияның ең жақыны, немере ағасы Саймасай деген еді. Аққозының бірге туған інісінің баласы, Талтақайдан кейінгі көпке тірек батыр осы болатын. Бұның әлгі айтқанына оқыс елең етісе қалған жұрт төбеден ауған толықша айдың жарығымен жан-жақтарына жалтақтасқанда, қыздың дауысы шыққан жоқ.
– Ойбай, ол жоқ қой!
– Міне, құдай атты!
– Әне, айтпадық па… Албасты-ай, албасты-ай, ол қайда қалды!?
– Ойбай, ауылға енді не бетімізбен барамыз?! – десіп, дабырласа шуласып кетті. Талтақай үні күркіреп шығып:
– Ә, оңбаған, құрдым жүгермек! Жүгермек! Өзгесінен бұрын ұятқа қалдыратын осы болды ғой! – деп, не істерін білмей ширығып кетті. Ашу қысып, қозғалақтаған денесі өз терісіне симағандай. Қалғандары тағы шулай жөнелді:
– Әдейі тастап кеткендей болдық-ау, бейшараны!
– Е, біз бе екенбіз, өзі, өзі ғой!
– Әке-шешесінен бастап бар ауыл біледі ғой… Обалы болса өзіне, албастының!
– Қап, қап, обал болды-ау!… Қалай болғанда да, ұяты бізге келетін болды. Бәріміз аман, ортамыздағы жалғыз қыздан айырылдық! Ел-жұртқа не бетімізді айтамыз?!
– Иә, дос-дұшпан не дейді бізге?… – десіп, ары шулап, бері шулап, діңкелеп саябырлай келе Талтақай:
– Ой, енді ес жияиық. Қайтуіміз керек, не істеу керек? …Енді суы бар жер тауып бір күн, жарым күн ат-көлік тынықтырып, сонан соң қалмаққа қайта барсақ қайтеді?… Малы өздерінде қалды, басқа еш нәрсесіне таласып жатқамыз жоқ, оларға қыздың жөнін айтсақ?.. Аққозы ақсақалға не деп, не бетімізбен барамыз, – деген. Бұған батырлығы, әрі қызбен туыстығы бар Саймасай қосылғандай болғанымен, бастары күп боп іскен, таяқтан қалжыраған өзгелер әр түрлі сөзбен қарсылық білдірісіп, шулай жөнелісті. Айтқандары: «Уыттанып алған қалмақ бізді қарсы ала қоя ма? Жазықсыз жылқышыларын ұрып жығып, жылқысын алып қашқанымыз анау. Қуалап жеткендерінде, малдарын тастап беріп кете бермей, қарсыласып бірталай адамдарын құлатып ойрандағанымыз анау. Сен барғанда, сағынып отыр ма? Олардың ауылы жақсы көре ме; өзгесін қойғанда қатын-баласы-ақ түтіп жейтін шығар» деген негіздегі өлшемді ойлар болатын. Осымен көкірегі көнектей болып келген жігіттер сымпиып қайтатын болды. Талтақай назалана:
– Жұрдай болдық-ау, жұрдай болдық-ау!… Көкми, көргенсіз, иттің қызы, ар-ұяттан жұрдай ғып, біржолата жұтаттың-ау!– деп айғайлап кетті. Осы түні бұрлыққан аттарымен жолға бір түнеп, ертеңінде кешке суы бар белгілі тұғылға зорға жетті. Адам атаулы қайыршыдай жүдеу, ат-көлік жануарлар да жүндері ұйпаланған; үрпиген, реңсіз, репетсіз еді. Болдырған аттарын тынықтырып, өздері ашыққан, тарыққан бойларында қона жатты да, ауылға бесінші күні әрең жеткен. Бұлардың кешіккеніне аң-таң болып отырған ауыл адамдарына осы қажыған сүлесоқ, сүмірейген бойларында көрінуге тура келді. Аттанып кетердегі жалпақ жауды жайпардай айбаттарымен бұл күнгі сиқы адам сенбестей.
Аққозының әйелі жүрегі бірдеме сезген бе, болмаса түс көріп болжап отырған ба, шеттерінен салы суға кетіп, аяңдап қана жете берген жолаушылардың алдынан қарсы шығып:
– А-а-ай, ойбай, әлгі қыз қайда!? Бәсе айтып едім-ау! Қатын-ай! Тірі өлтірдің-ау, қатын! – деп озан сала боздап, отыра қалып долданғанынан, алдындағы шөпті қос қолдап жұлып, көкке шаша лақтырып жатты. Өзі талықсып та кеткен. Бұлғақтап жығылуға аз қалған. Саймасай аттан қарғып түсіп:
– Ойбай, шешеке, сабыр, сабыр етіңіз, – деп сүйей берді де. – Мына менің басымды қараңызшы, міне көріңізші, – дей түсіп, қалпаған жұлып алғанда, бүкіл төбе құйқасы күп болып ісіп кеткені байқалды. Жүзінен де соның зардабы білініп көздерінің айналасы көкшіл тартып, көлкілдеп тұрған. Кемпірі түскір сөз тыңдаған жоқ.
– Сүтімді көкке сауайын, көкке сауайын! – деп, керілдеген үнімен ойбай салып, бақыра берді. Бұған дейін ана үй, мына үй жан-жақтан жиналып келген көрші-қолаң, ер-әйелдердің үрейін ұшырды. Барымташылар ауылға тірелген бойда бірден аттан түспей шетінен сүмпиіп тоқтап, тұрып қалған еді. Кемпір көршілерін көргенде онан сайын үдеп:
– Жұртым-ау, не болдым, жұртым-ау! Бұл қорлықты тірі тартқанша, туа шөккірдің тумағаны жақсы еді ғой, жұртым-ау! – деп, бода-бодасы шығып жатты. Қарап тұруға дәті шыдамаған Талтақай атын мойнына бір салып:
– Жә, не тұрыс, – деп өзгелерді бастап, әр үйлерге қарай бөліне жылжыған. Аққозы неде болса ішінде, үйден шыққан жоқ. Шекпенімен басын бүркеніп, іргеде теріс қарап жатып алған екен.
* * *
Дәл осы күні тынығып демалмастан, бір шай іше сала ат ауыстырып мінген Талтақай мен Саймасай, осындайда ақыл табатын ел ағасы Тоқтық биге жеткен. Аққозы Тоқтық келіп, есіктен сәлем бере кіргенде де, орнынан тұрмаған еді. Бұл ауылдан әлі көбі тарқамаған барымташылардың бастары бітеу тұлып боп іскен. Бәрінің сағы сыныңқы. Соны көріп, Тоқтық қарт басын шайқай отырып:
– Әй, әй жастық-ай! Дәмелі болғанымен, дәрмені жоқ кәріні таңыртқатпай тұрмайсың-ау. Мені болары болған соң іздегенше, әнеугүні аттанбай тұрып, бір ауыз ақыл салмағандарыңды қарашы. «Жастық өзінің уақытын білмейді» деген осы. Өйткені жастықтың қадірін жас ұлғая келе білесің, қайтейін, онда өкініштен өзегің өртеніп отырсың, – деп күңіренді. Осымен қай кезде, қай істе болсын тез шешімге келетін Тоқтық би үй иесіне ақыл салуы керек еді. Дауысын қатаң шығара:
– Ай, Аққозы! Мына жатысыңнан ештеңе өнбейді, басыңды көтер енді. «Жау жәбір етсе, сен сабыр ет» дегенді атаң қазақ осындайда айтқан. «Ашуыңды көтере алмасаң, кек қайтара алмайсың» деген тағы бар. Ойласып, ақыл табайық. Жын да бейімдіні қағатынындай, адам өзі пәлекетке бейім тұрған соң, осылай болмай қайтеді. «Пәледен қашып жүрсең, пәленің сенде несі бар, бір шетін басып жүрсең, пәленің сенен басқа несі бар» депті. Баланың балалығына әкенің даналығы қайда? Қызды байлап қойсаңдар да, жібермеулерің керек еді. Болары болған екен, тұр енді! – деп қадалып отырып, Аққозыға басын көтертті. Таңдайын қымызбен ғана жібіткені болмаса, әнеукүннен бері нәр татпай, теріс түсіп жатып алған бай шөлмектей болған екен.
Тоқтықтың тапқан ақылы – Шәуешектегі ұлыққа барып арыздану қажет көрінеді. Іле – Қорғаста қазақ ішінде өскен бай сібе Шың фу дегенді үш аймақ түгел бағынатын Сүйдін – Күредегі генерал губернаторы Шу-Сылың Тарбағатайға аймақ басқаруға жіберген. Сол Шың фу атты жақсы көретіндіктен, Тоқтық Аққозыға соған бір жақсы ат жіберу керектігін білдірген. Шәуешектегі ұлық Тоқтық биді біледі. Осының атынан сәлем жолдап барады. Аққозы сөзге келген жоқ. Жылқышыға бір ақ боз жорғаны алдырды. Әрекеттің барлығы осы айтылғандай болып, Талтақай мен Саймасайға тағы екі-үш жолдас қосып, жолға салмақ. Бұлар үйді-үйлерінде бір күн тыныққан соң, Талтақай боз жорғаны ноқталап алып, бір топ жігітті бастап, тағы жолға шықты. Құйрық-жалы сусылдап жалтыраған күміс құйрық жануар мекенінен, үйірінен мәңгі ажырайтынын білмей, желіп кеткен жолаушылар жетегінде жайқала жорғалап, судырлай жөнеп бара жатқаны аянышты еді.
Ұзақ жол басып, бір аптада Талтақайлар барлық істі ойдағыдай тындырып оралды. Шың фу бойларына қару асынған үш әскер қосып аттандырыпты. Аймақ басшысы Шың фу өзінен дәрежесі кіші Қобықтың тәйжісіне мөр-таңбасын басып жолдаған қатыныс қағаз бойынша, қалмақтар қазақпен келіссөз жүргізетін болған. Және Қобық даугерлері кездесетін жерді тең ортадағы Айбикенің тұғылы етіп белгілепті. Осыдан үш күн өткенде, екі жақтың даугерлері белгіленген жерде бір-бірімен тоғысқан болатын. Тоқтық пен Әкежан деген, әрі балуан, әрі батыр бастап, Мәмекенің ат жалын тартып мінген еркегі тайлы-таяғы қалмай, тұтас тайпа қопарыла бір-ақ аттанып еді. Жетектерінде бірер күндік азық-түлік артқан алты-жеті түйелері де бар еді. Тұғыл түбектегі тұманың шығыс бетіне қалмақтар, бергі қабатына қазақтар ошарыла жайғасқан. Екі жақтың дауға түсетін билерінің үстінен қарайтын төбе би қалмақ жағынан сайланыпты. Тегінде, Қобық қалмақтары тілі шыға бастаған бала күнінен қазақ балаларымен бірге ойнап өсетіндіктен, қазақтың тілін білмейтіндері жоқ. Ол ғана емес, мақалдап сөйлегенде қазағыңның өзін жаңылдыратын не біреулері кездеседі. Тіпті, төреден шыққан ежелгі хандардың барлығы да, қазаққа ассимиляция болып сіңіп кеткен ұлттан шыққан ғой.
Дауға түсетін қарсы жақтың адамы желке, шүйде майы білеуленген шомбал бет, тысырайған, қалың ұзын, айыр қара сақалы бар қалмақ екен. Құлан шеке, қу сирақ кедей де бар, жоны қалың, шой желке бай да бар дегендей, Қобықтағы қалмақтың ең жылқылы байы осы деседі. Тоқтық би ішінен: «Байлығы мен мансабы есінде тұрған кісіде адал ниет болмайды» деуші еді, бұл қайтер екен» деп күдік ойлаған. Бұның өзге көптен бірден байқалатын айырмашылығы зор денелі, басы мен бет кескіні кесек Тоқтық бидің салқын қабақ астынан қарайтын салмақты оты бар, ойлы, өткір көзі келбетінен сұсты айбын танытатын.
Даугер екі жақ орталарына ұзыннан шұбалта ала арқан тастап, қарама-қарсы екі ұлт есебінде бөлініп отырды. Қазақ – қалмақ болып, жалпы саны кем қойса, үш жүздей бар. Көзге түсерлік бір жайт, қалмақтар бірыңғай ересек адамдар болғанда, қазақ шоғырының артқы жағында жастар да бірталай екен. Бұларды Тоқтық би адам қарасы көп болсын деп емес, осындай ірі даулардан жер танысын, сөз ұқсын деген оймен ерткен. Жуас, момын, жай шаруа әке-шешелерінің қалмақтың аты мен затынан үркіп жібергілері келмегендеріне қарамаған. Істі жаңжалға жеткізбейтін сенімді әскер бар ғой. Биылғы жаздың белгілі әлек-шәлегімен бұл кезде күз жақындап қалған. Жайлауда қалмақ бастаған барымта әлегі осы уақытқа жеткізген. Тамыз айының орта шеніндегі шыбынсыз қоңыржай дала.
Бір күдік тудыратыны – төбе би Қобық ауданына қарайтын қалмақтарды тұтас билеген тәйжісі Харахута деген, бойы сырықтай ұзын, ақсары қалмақ сайланды. Қазақтар жағы Тоқтық төбе би болар деп күткен еді. Иегінде шашыраған селдір түктерінің басы құралмаған көсе шалыс ақсүйек Харахута ойға, сөзге даңғыл, аты шыққан жүйріктің өзі еді. Бұның әділдігін білетін Шәуешектегі ұлық биі Харахутаға: «Төбе би сен боласың» деп, әскерлерінен сәлем айтқан. Ол арқанның екі жағында өз топтарының алдына таман оза жайғасқан екі биге кезегімен сөз берер алдында, арқанның бас жағындағы жеке отырған орнынан көтеріліп, зор үнін алқа-қотан жайғасқан қалың көпшілікке толық жеткізе:
– Ал, ағайындар, біздің Қобық халқының жартысындайы – қазақ туғандар. Қойымыз қоралас, бидайымыз ұралас болмаса да, жайлауымыз салалас, итіміз ұялас араласып жатқан елміз. Қыр жайлап, тауда, таста көшіп-қонып, жаңа тонға ескі түйме қадаған ескі тонымыз бірге тозған қазақ – қалмақпыз. Ағаш кереге, киіз туырлық, шаңырағы туыс, үйі қуыс түбірлес халықпыз. Дініміз басқа болғанымен, өмір сүру өзегіміз, тірегіміз бір. Рас, бүгін екі жағымыз дауға жиналып отырмыз. Ел болған соң, ұя бұзар тентегі мен асыранды телісі болмай тұрмайды. Сиырға ешкі телігендей, кереғарлық болмай қоймайды. Екі жағымызда да ақылдан кенде болмағанымен, мақұлдан кенде, жаға жыртар жындыбастарымыз жоқ емес. Екі би, бүгін сендер соның барлығын екшей отырып әңгімені әділетке қарай бұрыңдар. «Қазы хан қасында, қараша жар басында» дегізіп, жалпақ жұртты алаламай, ауған түйені теңшегендей көңіл бөліңдер. «Өзі сұм сөзге бақпай, көзге бағады, одан қалса кигізетін бөзге бағады» болмай, таразыны тең басыңдар. Сыңаржақтыққа салған би екі жақтың әділ адамдары алдында ұятқа қалатындарыңды осы бастан ойлаңдар. Қазекеңнің «тар жерде табысқан, кең жерде көріседі» деген жақсы мақалы бар. Осы отырған бәріміз болып, «сен» деспей «сіз» десіп, тарқауға тырысайық. «Сіз» деген «сен» дегеннің келініндей дейтін көрегенділік тағы бар. Олай болса, әділ бітісіп, тату тарқасайық. Сөздің басын қазақ биі, сіз бастаңыз, – деді Тоқтыққа. Харахутаның аузынан мынадай өлшемді сөз шығар деп күтпеген Тоқтық бастан-аяқ оның жүзіне таңырқай қарап отырған. Өзі мынандай тура билікке қанаттанып та қалды. Бұған сөз еркі алдымен тигенде, қимылы ширақ Тоқтық орнынан тез түрегеп:
– Уа, Харахута мырза! Өте жақсы айттыңыз. Осы білгірлігіңіз үшін атаңызға рахмет дейін. Өзіңіз айтпақшы; таулы жердің бөрісі, тайпалы елдің ұрысы болмай тұрмайды. Ал, ел ағаларның мойнындағы міндет – құрығын сүйреткен ұрыны түн асырмай, құйрығын сүйреткен бөріні қыр асырмай, қуғын салу. Және шынайы шындықтан өзін жақсы көретін тоңмойындыққа жол бермеу. Сол үшін тентекті түзейтін келтек керек болған соң, сойылыңды аларсың, сойқаныңды табарсың деп, атқа мінесің. Бақалы көлдің сары иек жыланындай дәндеген қарақшылар келіп отыр. Екі жақтың талай жылғы дауы бітіп, он шақты жылдан бері тыным тауып қалғанымыз қайда. Соның бәрін селге кетіріп, биыл жазда сіздің қарақшыларыңыз бір қысырақ үйір жылқымызды бір-ақ үптеп айдап кетті. Соның аяғы енді мынау болып отыр. Екі жақты бірдей сарсаңға салып, әурелікке түсірді. Азаматтарымыз етігін шешпей, ерін алмай ат үстінде сабылып жүргеніне міне, бір ай өтті. Біздің елге осы жақсы ма?! Уайым ұйқымыздан айырды, ар-намыс күлкімізден, сұрқымыздан айырды. Жүрген жүрісіміз мынау. Қайраты бар қарулы жасты аямаса да, қауқары қашқан біздей қартты аяса болмай ма? Алтыннан аттап барып талқан алып жейтін, дүниені емес, әділдікті сүйетін қарт қария сенде де бар емес пе. Соларды неге күңірендіреді? Мал иесінен ұрысы күшті болып, қызыңды тартып алып қалған деген, не сұмдық! Қыздың ары – халықтың, елдіктің ары емес пе?! Бұл деген тұтас ұлттың сүйегіне басып отырған таңба деп білеміз. «Ердің құны жүз жылқы, ары мың жылқы» дейді. Қазақ үшін қыздың ары жеке ердің ары емес, жалпақ жатқан елдің ары! Мен бұны еліңді ебелек, еріңді кебенек орнында көрмеу деп білемін! Қане, осыған не айтатындарыңызды ет құлағымызбен естігіміз келеді, – деп тоқтады.
Өз елі қалмақ арасында «байбатша Жамса Доржы» атанған қарсыласы Тоқтықтың сөзін онша қабылдағысы келмегендей сыңай байқатқан. Міз баққан жоқ. Үні күркіреп шығады екен:
– О, о, Тоқтық би, сен өзіңнен басқа кісіні қисық іске қыли көзбен қарайды деп ойлайсың ба? Көз қияндағыны көрсе, ақыл қиялдағыны көреді емес пе. Сенің қиялыңда не тұрғанын айтпасаң да білеміз. «Қарақшы, қарақшы» дейсің, қарақшының өз ісіне өкінетін арлысы бар, қазының әділетсіз ісіне өкінбейтін арсызы бар. «Қызымызды алып қалдың, бұл не сұмдық» деп отырсың, дұрыс. Бірақ, «біреуді Құдай қаңғыртады, біреу Құдайға болмай, өзі қаңғиды» дегендей барымташыларға қыз баланы қосып аттандыру деген, өзің айтқандай не сұмдық? Бұл қасқырға қойды міне, жей ғой деп өз қолыңмен шығарып бергенмен бірдей емес пе? Өзгені қылмысқа өзің итермелеп тұрған жоқпысың? Адамды арандатып тұрған өздерің ғой. Ал тіпті, қыздарыңды алсақ не бопты?.. Бұл нәрсе яғни, бір-бірімізден қыз алу – біздің сонау арғы ата-бабамыз жоңғарлар мен қазақ арасында ежелден болып келе жатқан жағдай. Қазақ ішінде қалмақ қызынан қолға түсіп және соның атымен ру аты аталып, бір рудың ұраны болып жүрген елдер бар ғой. Әне, сол қыздарымыздан не жамандық көрдіңіздер. Ал, мына әрекетке келетін болсақ, тіпті жайшылық уақыт емес. Барымта мен қарымта үстінде болып отыр. Және ол қызды алып қашып отырған бойдақ жігіт еді… Сорлы өз түбіне өзі қалай жеткенін соңыра білесіздер… Сендер бұл қулықты әдейі амалмен жасап, дау өрши түссін, кегімізді мықтап қайтарайық деп, жасап отырсыңдар. Ол қыз сендердің арнайы құрбандыққа шығарған біреу болуы керек. Әйтпесе, қандай ата-ана осындай көз жұмбайлыққа барады? Әлде ешкімі жоқ, тас жетім қыз шығар. Ал шұбар қысырақтың әңгімесіне келетін болсақ, оны жасап жүрген басшы жігіт – бір қу тақым кедей. Қазақша айтқанда «ұры тонар пұлы жоқ, сайтан алар діні жоқ» дейтінін өзі. «Жарлы – жалаңашқа лыпа жаба алмайды» деген. Оның беретін несі бар дейсің. Ал басын алам десеңдер, қазір өзі осында отыр. Әлгі жылқыларды қайда құртып, қайда жібергенін ешкім білмейді. Қу кедей Сарсүмбе жаққа, Алтайға асырып жіберді ме, кім білсін, – деп келе жатқанда, Тоқтық дауысын қатты шығара оның сөзін бөліп:
– Әй, Жамса Доржы мырза! Сен әңгімені құба жондатып қайда тартып барасың? Сенің мына айтқаның «иесі құтылғысы келсе, итім құтырды дейді» дегеннің өзі болып отыр. Сөзді бұра тартып «оның несін аласың» дегің келеді. Дау жөнімен аяқталсын десең, бұл сөзіңді осында келіп отырған біз ғана емес, тұтас қазақ болып қолдамайды, қабылдамайды. Сен «май басқан құлақ естімейді» болып байлығыңа сеніп, сөйлеп тұрсың, – деп қарсыласына ашулана сөз бастағанда төбе би:
– Ой, Жамса, сенің жаңағы жауабың дұрыс емес. Мен басында не дедім, сендерге? Сен Қобық пен Жайыр арасындағы үш күндік жолды үш айға созғалы отырғаныңды білемісің. «Сайтан алар діні жоқ» деп ақтағың келеді. Еліңнен шыққан ондай ессіз, есуас немеге ел ағасы деген жауаптылығың қайда? Мына халық алдындағы кісілік борыш – міндетің қайда? Атадан балаға қалатын жаулық қалдырмай сөйле. Екі араға қастандық тастамай сөйле. Ана қысырақты алған баукеспе немеңді тұрғыз орнынан. Сол малдың қайда екенін айтып, тауып бермесе, дәл қазір осы араға дар құрғызып, сүйегін итке тастатамын, – деді. Ашуға булығып сөйлегенде ақсары жүзі күреңітіп, тұла денесі қалшылдап кеткенінен белгілі болып тұрды. Жамса Доржы өзінің ұлттас, қандас адамы болса да, бағанағы бастап берген жақсы сөзін, сыйламағанын, төбе билік орнын құрметтемегенін айыпқа санап, қаһарланған.
Бұл сәтте жұрттың барлығының көзі Жамса Доржыда еді. Ол алғашында қайтерін білмей сасқалақтап қалғандай. Бетіне ешкім қарамаған, басынан сөз асырмайтын асау бай қатты қақпай көрді. Харахута тәйжінің аузынан шыққан айыптау билігіне осынша халық алдында намыстан өртенердей болып тұрса да, ойын тез жинақтап алды. Қалмақтың жыпырлап отырған қалың тобына қарап, жалт-жұлт еткен көзімен біреуді тез іздей бастады да, солай қарай айғайлай құлдырлап бірдеме деп, арасында «Шөрік лама» деген адам атын айтып қалды. Туғанда ата-анасы есіміне «ламаны» жамаған баукеспе ұры қалың топ ішінен сұмпиып орнынан түрегелді. Көзі жыртиған өң-түсі қудай, орта жастағы қырқылжың неме екен. Ол Жамса Доржы әдейі аузына салған жаңағы тәсілмен бұлтақтап жалтарғысы келгені байқалды. «Жақсы қанша ақыл білсе, залым сонша қулық біледі» демекші, Шөрік лама оңайлықпен иегін жерге тигізгісі жоқ.
Сұрықсыз нұсқасымен сонау жақтан төбе биге сықсия қарап:
– Мен жасым қырықтан асқанша, кедейлікпен үйлене алмай жүрген адаммын. Ұрыға мал да көп, мойнында қарыз да көп, біреуден алса, біреуге береді де бүйірі шықпайды. Ұрлығымды қойып жүрсем де, «ұры» атым қалмайды. Бұл маңда маған ешкім сенбейді, қыз бермейді. Оның үстіне құдай түрімді де оңдырмай жаратқан екен… Басында мен де өзгелер сияқты тәп-тәуір жүрген адам едім. Бірақ «ақсақ қорлана-қорлана аспандағы айды тепкісі келеді» дегендей, құдай оңғармаған осы қу түрімнен жасқана-жасқана өзімді алдандыратын бір ермек тапқым келді. Содан ондай болса, мұндай деп, осы жолға түстім. Даланың көкжалы да бір, мен де бір. Ешнәрсе таппағанда өз бөркімді өзім ұрлап, қойныма тығып жатсам ғана ұйықтай аламын, – деп келе жатқанда, жұрт мұның майын тамызып айтқан қисынды уәжіне қызығып қараса да, ел тағдырын шешкелі отырған тәйжі оның былшылдағын тоқтатып:
– О –о– ой, көкмылжың тоқта! Қазір елге сенің өмірің, тағдырың керек емес, жылқы қайда, соны айт, – деді. Билер сотының тәртібі осы. Көңіл ауламақ емес. Адамның көңілін тексермейді, қылығын тексереді. Шөрік лама:
– Тақсыр, өзім де соны айтайын деп келе жатырмын. Өмірден қу тіземді құщақтаған бойымда өтем бе. Баянөлгейдің бір кедей қалмағының байсыз кәртейіп отырған, бір көзі қатық жаққандай аппақ, соқыр қызын алатын болып, қысырақ үйірін тұтасымен Маңғұлияға айдап апарып тастағанмын, – деді. – Ол жылқыларды мен айдап апарғаннан бастап қарыздарына беріп, жеп-ішіп тауысуға айналған, – деді. Тоқтық ішінен: «Мына сұмның айтып отырғаны рас болса, «құрастырып айтса, құлдікі жөн, біріктіріп айтса – бидікі жөн» дегеннің өзі болды –ау. Мен жүз жылқысы бар Аққозы болсам, мынадан ұрлық малды дауламай – ақ, саған қосқан көмегім болсын, өміріңді түзеп ал, дер едім» деп ойлады. Бірақ Харахута жасы алпыстан асқанға дейінгі қилы кезең өмірінде мұндайлардың талайын көрген. Қайтер екен деді ме, дауысын жұмсақтау шығарып:
– Сонымен жылқы жоқ дейсің бе? – деген.
– Иә, солай, – деді, бас барымташы қос алақанын соза жайып. – Қолымда жоқ жылқыны қайдан табам… Төбе би Жамса Доржыға:
– Мынаның айтып отырғаны рас па? Сен қалай ойлайсың? – деді, сыр байқатпай жорта сұрап.
– Шөрік сұмырай, бұл жасырын әрекетін бұрын бізге де айтпаған. Менің ойымша, бұл қу тірсек несін береді, – деп, әлі де ақтай түсті.
– Екеуіңнің жауаптарың осы болса, әуселелеріңді көрейін, – деп қаһарына мінген Харахута өз елінің тобына қарап ақыра дауыстап:
– Байлаңдар, ана итті, – дегенде, алдын-ала дайындап қойған екі-үш жігіт қойындарындағы бір-екі құлаш жіптерін шығара ұмтылысып барып Шөрік ламаны тырп еткізбей, қолын артына қайырып байлап алды. Харахута:
– Бері, менің алдыма сүйреп әкеліңдер! Елімнің жаман атын шығарып, масқара қып жүрген итті өз қолыммен өлтірем! – деп әмір етті. Үш жігіт ананы жан-жағынан қаумалай сүйреп, итермелеп, аяғын тарп-тұрп дедектете басқыза тәйжінің алдына әкелді. Харахута бұл тұста өзінің ел иесі екенін анық білдіріп, шылбырдың тағы біреуін аналардың қолынан жұла тартып алған бойы Шөріктің мойнына орап жіберді де, екі ұшын тарта жөнелді. Темірдей қысқан қара қыл шылбыр бүршіктері тікендей қадалып дем арада – ақ жазалының жанын шығарып бара жатты. Бұл сәтте орындарынан қопарыла түрегеп, мына жаққа үдірейе қаулай қараған қазақ-қалмақ көз алдарында кісі өліміне куә болардай халде еді. Шөріктің көзі аларып, тізе буындары босап бара жатты. Қаһарлы тәйжі осы кезде ғана шылбырды босатып алды. Анау тәлтіректеп тұрып, сылқ етіп құлап кетті. Харахута оның екі бетінен алақанымен жайлап шапалақтап есін жиғызып алды да, жорыққа бірге аттанғандар кімдер екенін сұрап еді, анау қолы-басы қалтаңдай дірілдеп отырып:
– Айтайын, тақсыр, айтайын, – дей түсіп, өзімен бірге барған жеті барымташының аттарын айтып шықты.
– Олар осында бар ма?
– Бар, тақсыр, бәрі келді. Бәрі осында отыр.
Харахута әмір беріп, енді аты аталғандарды бір шетке жеке шығартқызды. Сонан соң:
– Мына итті, осыны білу үшін ғана босаттым. Қазір қолымнан өледі. Қысырақ үйірінің саны қанша болса, содан бір жарым есе көп жылқыны ана тұрған жетеуің жиылып төлейсіңдер, – деп еді. Шөрік зар қағып:
– Тақсыр, қысырақ үйірі жоғалған жоқ. « Бытқыл сай» деген ұры сайда сол бойы жасырып бағып жүргем. Осы жолы бері шығарда Жамса Доржыға шынымды айтсам қайтеді деп едім, бұл кісі жаңа өзіңізге айтқанындай ақыл үйретті… Қысырақтың айғырының әдемілігіне өзі қызығып жүрген болатын. Туыстығы жақын болған соң, алдын-ала ақылдасып айтсам, осындайға жұмсайтын да Жамса ағаның өзі. «Жайырда сондай бір, адам қызығатын теңбіл шұбар қысырақ үйірі бар екен» дегенімде, «олай болса нөкеріңді бастап бар да, қуалап кел» деген соң, құтқаратын адамым бар ғой деп, тәуекелге барғаным рас еді. Өлсем, ақ өлейін тақсыр! Бірақ, сізге зар шынымды айтып тұрмын ғой. Бір шыбындай жанымды қия көріңіз! – деп тәйжінің аяғын бас сала құшып, өкіре жылады. Болған жағдайдың бәрін құсып тастады. Шөрік ламаны «сорлы, өлетін болды – ау » деп жаны ашып, жақтасы болып тұрған Тоқтық ішінен «түйін-түйін сырың бар, түбінде келіп шын ашар» дегеннің өзі деп ойлап, Харахутаның алдына жақындай бере:
– Тақсыр тәйжі! Бір ашуыңызды маған беріңіз, маған қиыңыз, – дей түсіп, Шөрік пен екі араға килігіп ортасын бөліп, тұрып алды. Харахута Шөрік айтқан шындыққа өзі де таңырқап қалған. Тоқтық оның ашуы қайта бастағанын біліп:
– Тәйжі, енді сіз анықтап беретін бір жайт тағы бар. Күні бойы ыңғайы келмегендіктен қозғалмаған нәрсе, біздің қызымыз қайда? Не күйде? Осы туралы Жамса Доржы әлі ауыз ашқан жоқ, – деп еді. Төбе биден сөз естіп, сағы сынып тұрған Жамса:
– Ол туралы айтылатын орайы енді келе жатыр. Біздің елге оңай шаруа болған жоқ. Сіздердің қыздарыңыз кісі өлтірді, – деді. Үлкен бір бәленің шетін шығарды. Екі жақтың елі бұның аузына дүркірей қарасып қалған. Жамса содан ары қарай бұл жақта болып жатқан оқиғаны баяндап кетті.
Белгілі барымта түні Балқияны алып қашқан жігіт өзінің кәрі шешесі ғана бар, кедей біреу екен. Таң әппақ атқанда үйіне жеткен. Шешесін далаға шығарып жіберіп, қызды бақырта көтеріп, ағаш төсекке алып ұрады. Қыздың жанұшыра бұлқынғанына ерегескен адуын қимылмен көйлегінің омырауын дар айырып, төсінен сүйгіштеп, арам пиғылына жанталаса кіріседі. Еңгезердей дәудің алып кеудесі астында бұлқынған Балқия ойланбастан қалтасынан бәкісін алып, өзі шешінумен алданып жатқан өгіздей дәудің өңменінен сұғып кеп алады. Дауысы баж етіп шыққан немеге бәкі кірген жер – оң жақ бүйірінің бауыр тұсы екен. Ананың өгіздей өкіреуінен сасқалақтаған қыз пышақты үсті-үстіне тағы екі рет салып қалады да, өзі тұра қашып далаға шығады. Арқан бойы жерге барып бүкшиіп отырған кемпір баласының жан дауысы шыға бақырғанын естіп, жүгіре басып келіп үйге кіреді!.. Кемпірдің керілдей бақырып боздаған үнімен көрші-қоңсы үйлердің еркек-әйелі жиналып жетеді. Шетте отырған екі қазақ отбасы бар екен. Балқия бұлардың сөйлегендерінен білген. Далада жалғыз өзі шошып тұрған қыз соны аңғарып, дәтке қуат алғандай еді. Бұған дейін болары болған өлі қалмақтың жанашыр туыс-туғаны жоқ, сорлы көрінеді. Оқиғаның не екенін түсінбеген қазақ-қалмағы болып Балқияны қаумалап алып, не болғанын жабырлай сұрасқан. Қыз бедірейген қалпында мелшиіп, тіл қатып:
…– Ағаларыммен бірге жүргенмін, қазақ-қалмақ төбелеске алданып жатқанда, мені ешкімге білдірмей алып қашып келіп… – деп аржағын айта алмай, ұрт-езуі жиырыла жыламсырап тұрды. «Жыласа кімнің аузы ырбимас» деген. Мәселенің мәні осымен белгілі болған-ды. Қазақтар ер-әйелі болып:
– Алда, айналайын –ай, енді қайтсін.
– Қаршадай ғана бала ғой, өстіп құтылмаса қайтеді.
– Басқа лажы болмаған-ау… Дегенмен ер екенсің қарағым, – десіп, әрі әке-шешесі барын сұрап біліп, таңғалысып жатты. Қалмақтар да ел, халық қой. Жақсылары бар. Жасы егде біреуі бастап, өлген қалмақтың өзін қазақша сөйлеп жазғырып:
– Байқұс , өзі де тым қағынып кетіп еді, – дегенде, қазақтар да ілесе үн шығарып:
– Сөз ұқпай кеткен.
– Қой-шайды білмей кеткен.
– Өзіне-өзі ақыры тілеп алды, міне! – десіп тұрды. Өсти келіп, бұл жағдайды біреуден-біреу естіп, барымтаға бірге барған өзге қалмақтар да хабарланып жатқан.
Алды келіп, мына сұмдықты көргенде, олар алғашында не істерлерін білмей тұрды. Қанға бояла бүктеліп жатқан серіктерін көздері шалғанда, тегіс үдере, үдірейсіп кеткен-ді.
Жамса Доржы осы әңгімені шығарғанда, мына жақта Шөрік лама зар қағып:
– Тақсыр тәйжі, біз бұл жігіттің қызды алып кеткенін кейін білгенде қолдамаған едік. Әсіресе, мен өзім қарсы болған едім. Ана өлген жігітке «сен ең жақсысы, қызды осында қазақтардың үйіне аманаттап тапсыра тұр. Қазақ бұны саған осы бойда сіңірмейді. Кейін дау бітісетін кезде, бір жағына шығады» дегенімде көнбей, өз үйіне алып кеткен. «Осының бәріне кейін мен жауапты боламын» деп шырылдағанымды ана тұрған жігіттердің бәрі естіген, – деді. Шөріктің айтқанындай, сол кісі өлген үйдің алдында үймелесіп тұрғанда, ауыл басшысы әлгі жасы егде қалмақ ақыл көрсетіп:
– Бұл қызды қазақ осы бойынша іздеусіз, сұраусыз тастамайды. Оған дейін көрші қазақтар, сендер аманатқа алып, ие бола тұрмасаңдар, кісімізді өлтірді деп кектеніп алған тағы бір дойыр бәле шығарып жүрмесін, – деп еді, Балқия сазара көгеріп:
– Тиісіп көрсін… Кім басынып, бірдеме істегісі келсе, амалын тауып өлтіре берем, – деді міз бақпай. Қазақ – қалмақ жағасын ұстады. Шөрік ламаның серіктері де сескенейін деген.
Осымен ары шулап, бері шулап, аяғында жаңағы қартаң қалмақтың берген ақыл-кеңесі мынау. – Осында таяу жерде «Сары молда» деген қазақ молдасы бар екен. Уақытша соған аманаттау керек екенін білдіріп, ойланып жатпастан, дереу хабар жібергізген еді. Айтқаны айтқандай орындалып, сұмдықтың үстіне тез жеткен молда жағдайды ұққан соң, Балқияны амалсыз өз үйіне алып барған. Жамса Доржының сөзінен қазір мына жиын сол жағдайды білді. Мұны естігенде қазақтар жағы таңырқасып, сүйсініп, кеуде көтере, елеңдесіп кеткен. Қан шіркінді қойсаңшы. Туыстық намыстары еселеп қозғандай. Немере ағасы Саймасайдың көзіне жас іркілді. Төбе би мына сойқан хабарды енді ұғынып тұр еді. Жамса Доржыға қадала кетіп, зіркілдеп сөйлеп:
– О-о-у, сендердің бұларың қалай?! Ол қызды осы жерге неге әкелмедіңдер? Көз алдымызға келуі керек еді ғой… Мұнда міне, қыздың иелері де келіп отыр. Осында басын ашпайтын ба едік, – деп ұрса жөнелген. Бірақ Жамса алдын-ала ол туралы да ойлаған екен.
– Тәйжі, ол қыз қазір алдыңызда болады. Әлгі айтқан қазақ молда мен тағы екі-үш үлкендерге қосып әкелдік те, анау қыраңның арғы астына қалдырып кете тұрдық… Сөз бір жағына шыққанша тұра-тұрмаса, бұл жерге қыздары тосыннан келген соң, мына халық қашан ұғып болғанша сөзге қонақ бермей, шу шығып кетеді ғой. Жамыратпай, тыныштық сақтағым келді, – деді. Тәйжі де, Тоқтық да сабаларына түсіп, қанағаттанып қалды.
Адам жіберіліп, Балқия осында әкелінді. Аттан түспей жатып, ол көп ішінен ағасы Саймасайды іздей жалтақтаған. Қарындасын қатты уайымдап жүрген Саймасай да, оны көргенде орнынан атып тұрған еді. Балқияның сағы сынғаны байқалмайды. Атынан қарғып түсіп, шылбырын біреуге тастай берді де, тұтас қазақ-қалмақты өзіне жамырата қаратып жүгірген бойы келіп, ағасын бас салып құшақтай кетті. Мәмекелер Балқияның жан-жағынан үймелеп, біразға дейін қоршап алып, абыр-дабыр болып кеткен. Кісі өлтірдім-ау деп тұрған Балқия жоқ. Сазбеттеніп алған; ең болмаса көрген қорлығын ойлап, кішкене жылап та қоймайды.
* * *
Бұл түс ауған кез еді. Тамыз айының қоңыржай күні жанға жайлы шуағымен маужырап тұр. Теңгедей бұлтсыз, меңсіз аспанның жалтыраған көк шыны күмбезі таусыз жазық мына даладан көрінгенде, айнала етегі далиып, шексіз, шетсіз кеңи түскен. Төбеден; сонау зәулім, заңғар биіктен көк шатырдай төңкеріліп қалған ғарыш әлемі сонау алыс, тағы айнала көкжиегіне дейін тұп-тұнық. Балқияның келуі – екі жақты бір ғана өзіне үдере қаратқан біраз бөгеліс өткен. Қазақ – қалмақтың ошарыла таңырқап, үн қатқан абыр-дабырлары көбейіп бара жатқан соң, төбе би:
– О-о-у, тоқтаңдар! – деп айқайлап, жұртты тыныштыққа шақырды да:
– Сары молда, сіз орныңыздан көтеріліңізші, – деп, қызды осыған дейінгі бірнеше күн бойында өзінің үйінде аманатқа ұстаған қазақ молдадан жауап алды. – Сіз мына қызды дәл қандай кезде, қандай жағдайда көрдіңіз және қалай әкеттіңіз? Оған дейін балаға ешкім, ешқандай қиянат көрсеткенін байқаған жоқсыз ба?… Қандай бір жәбір көргенін білсеңіз айтыңыз, – деді.
– Жоқ, тәйжі тақсыр… Мені шақырып әкелгенде, қыз өлтірер адамын өлтіріп болыпты. Өзі дін-аман екен. Сол қалпында ұшыраттым. Өлген жігіттің есігінің алдында қазақ – қалмағы бар, бір топ адам қыздың қасында тұрған болатын. Қызды кісі өлтірдің деп кінәлағаннан гөрі, қылығына таңырқап, есіркеп тұрғандар көп екенін байқадым. Солардың біразы қазір осында шығар. Айтқаныма солар да куә. Мен іс бір жағына шыққанша, Құдайы қалыс адам ретінде баланы қолымда ұстай тұруыма тура келді. Өйткені көпшілік солай ұйғарған екен. Айналайын қаршадай қыздың ер адамның қолынан келмейтін ерлігіне таңғалып, үй ішімізбен тік тұрып құрметтеп, сыйлап міне, бүгін алдарыңызға әкеліп отырмын, – деп тоқтады. Төбе би енді Балқияға бұрылып:
– Әй, қызым, атың кім еді, сен орныңнан тұршы. Бірінші мына молда атаңның айтып тұрғанының бәрі шындық па? Молда атаң келгенше, ана өлген адамның жақындарынан біреулер ұрып-соққан болса, жасырмай айт. Баласы өлген кемпір ешқандай тиіспеді ме? Екінші ана жігітті қалай, қандай жағдайда өлтірдің? Балқия тайсалайын деп тұрған жоқ. Екі көзі шоқтай жанып, төбе биге бедірейіп қарап алған. Жауабында төбелес шыққан кезде, шетте тұрған жерінен екі адам алып қашып кеткенін таратып айта келіп:
– Маған ешкім тиіскен жоқ, тиісіп көрсін, – дегенде, аңырған жұрт мына бетпаққа не айтарын білмегендей. «Мынау анық тас жүректің өзі ғой» дескендей. Балқия сөзін жалғай түсіп: – Өлген кісі кәрі шешесін үйден шығарып жіберіп, менің шапанымды сыпырып тастап, төсекке көтеріп ұрып, көйлегімнің омырауын дар айырып жіберіп, шыңғыртып төсімнен тістелей бастады. Сонан соң, өзі жейдесіне дейін шешініп жатқанда, жердегі шапанымның қалтасынан бәкімді алдым да, бүйіріне қалай сұғып-сұғып жібергенімді өзім де білмеймін. Кісі өкіріп құлағанда, есім шығып кетті. Қашып далаға шықтым. Анадай жақта отырған өлмелі шешесі сүйретіле келіп, есіктен кіре бере ойбай салды. «Өле қал» деп тұрдым. Өзі зорға жүрген кемпір маған тиісе алған жоқ. Есіктен көзім түсіп кетіп еді, баласының қатарында талықсып құлап жатты. Әне-міне дегенше, ел де жиылды. Көгеріп, сілейіп, қатып қалғанмын. Іштерінде қазақтар да бар екен, солар маған жақтас бола сөйлегенде, есімді жиғандай болдым. Сол жердегілер ақылдасты да, молда атаны шақырып, мені сол кісіге ертіп жіберді, – деп аяқтап, қайыспай қарсы қарап тұрды. Тәйжі:
– Ал, екі би, мына әрекетке не айтасыңдыр? – деді. Жамса Доржы қолын көтере түрегеп:
– Міне, біздің кісіміз өлді! Ол өзі жазықты бола тұрса да, өлімнің аты – өлім. Біреудің жалғызы, арыстай азамат пышақталды. Оған өзінің кінәлілігі үшін құн даулай алмаспыз. Бірақ, соның өзі ұлтымызға үлкен намыс емес пе. Орнын жоқтамасақ, сүйегімізге таңба болады. Жан ашуы, мал ашуымен тең емес. Бұл қазаны барымталанған малдың ашуымен теңгере алмаймыз. Олай болса, менің кесімім – қысырақтың үйірі қайтарылмайды. Қазақ ағайындар, арыстанның аузынан аман қалған қыздарына қуануы керек. Қолдарына әне, аман-сау тигеніне қанағаттанғандары жөн. Мен бұл дауды осымен аяқтағым келеді, – деп сөзін шорт үзді. Мынау жауапты естігенде, өзі сөзгер Әкежан батыр орнынан атып түрегелді. Күні бойы үнсіз, тіс қайраумен отырған. Балқияның тағдыры үшін намыстан күйіп, оның ашуланғаны сонша, дәл қазір сөзге келейін деп тұрған жоқ.-ты. Еркіне жіберсе, Жамса Доржымен жекпе-жекке шығардай болатын. Төбе бидің рұқсатын да күтпеді. Қос бүктеулі қамшысын Жамса Доржының дәл көзіне қарай сермеп тұрып:
– Әй, жауапкер би, сен менің мына сөзімді есіңе ұста. «Залымға зарыңды айтпай тұрып, қанжарыңды көрсет» дейтін сөз бар.. Саған қанжар көрсетіп барып, сөйлесу керек шығар. «Тіліңді ноқталасаң, құның сақталады» дегенді білемісің?! Бағана өзің залымдығыңды үйреткен Шөрігіңді ақтап сөйледің. Ақырында, ол сенің өз бетіңді жыртты. Балқияны көзге ұстаған болып сөйлеп, тәйжінің қаһарынан құтыла беріп едің… Енді былай шығып, ақ-адал малымызды бергің келмейді. Сенің бар арманың сол болса, бес байталды алмай-ақ қояйын… Бірақ тәйжі тақсырдың алдында ашып айтайын, дәл осы сапардан үйіңе жеткізбей, көзіңді жойып, құныңды бір-ақ төлеймін. Сенің құныңа Уақтың, одан қалса Мәмбеттің бар малы жететін шығар! – деп қалшылдап кеткен. Артынша Харахутаға бұрылып:
– Уай төбе би мырза! Бұл қандай жауап? – деп айқайлап, дүрсе қоя берді. Харахута Әкежанның шарт кеткен жауабына мән бере тұрып:
– Оу, батыр. Өзге сөз түгелденбей жатып, сіз қаруға ауыз салғаныңыз қалай? Көзіңді жойып, құныңды төлеймін деп жатырсыз. Айтылған барлық сөз тексерілетінін ескеріңіз. Жамса Доржының үстірт билігіне шамданып тұрған боларсыз. Аз сабыр етсеңіз, біз тұрған жоқпыз ба. Ретіне қарай көрмейміз бе, – деді. Тәйжі Тоқтықты сөйлетті.
– Жауапкер бидің қарсыласы – даугер би мен болғандықтан, менің айтарым мынау. Ой қанша шапшаң болғанмен ақылдан озбайды. Жамса Доржы ойлағанын айта бермей, іс орайына қарап сөйлесін. Ең арғы жағынан тексерсек, бүгінгі осы әңгіменің өзі Жамса Доржының нәпсі пейілінен басталғаны белгілі болып отыр. Бағана Шөрік лама бар шындықты ақтарып тастады. Қысырақты айдатып алғызған да, Жамса Доржының өзі екені мәлім болды. Нәпсінің жетегіне ерсең, жарға жығады. «Нәпсі–арды айыртқызбайды» деп неге айтқан. Сол Жамса Доржы енді қазір барымташы да өзі, ақтаушы да өзі болып отыр. Яғни анық бүлікбасы – Жамса Доржының өзі! Шөрік ламаға «қой» дегеннің орнына, не істегенін Тәйжі мырза өзіңіз естіп тұрсыз. Бұзық –бүлгінші болғанда, би – білгінші болу керек емес пе. Жоқ, олай етпеген. Анығырақ айтқанда, «бүлік басы – бұзықта» демекші, бек басын пенде етіп, бұзықтықты өзі бастаған. Жамса Доржы еркіне би болса да, абыройына құл бола сөйлеуі керек еді. «Ісім жақсы демей көпке ойлат» деген бар. Өз ісіне өзгенің көзімен қарауы керек еді. Олай етпей отыр. Менің айтарым, тіл ақылдың құлы болсын, ақыл құлы болғанның жолы болсын дер едім. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бүгін Шөрік лама, ажалынан бұрын өле жаздады. Оған себеп болған кім? – және Жамса Доржы. «Бай семіріп болғанша, малай өліп болады» демекші, шұбар қысыраққа қызығып, жылқымды көбейтем деп, барымтаға жұмсаған адамы, өзінің туысқаны Шөрік сорлы болып шықты. Өзге үшін күйіп отырған ол байқұс ел иесі тәйжінің қаһарына ілігіп, әлгі бойда өлсе, обалы кімге болатын еді. Жазығы кедейлігі демесең, ол да өзіміздей адам баласы… Адам ұлы ғой. Қазақтың тілін өздеріңізде менен кем білмейсіздер, «келісімге келместің сөзі солтақ, көңілі бұлтақ» дегендей , Жамса Доржы бар қылмысы мойнына қойылып тұрса да, бас игісі келмейді. Бұл не?! Төбе би мырза, бағана сіз сөз бастап берген кезде «шынайы шындықтан өзін жақсы көретін тоңмойындыққа жол жоқ» деген едіңіз. Жамса Доржының қазіргі бейнесін сол айтқаныңызбен салғастырып көріңіз. Және менің айтар билігім – барымталанған жылқы өзімізге қайтарылсын деймін, тәйжі мырза, – деп сөзін аяқтады.
– Тоқтық би, сіз бір жағынан орынды сөз айтып тұрсыз, – деп бастады
Харахута. – Дегенмен, біріңғай өз айтқаныңызды әрлеп жөндей түстіңіз. Тілде буын жоқ, оған тізілген тісті қамал еткен жөн. Бүйтпесеңіз, қазақ – қалмаққа аты жайылған Тоқтық би боласыз ба. Сіздің сөз сыңайыңыз белгілі болды. Жылқы қайтса дейсіз. Сонда сүйеніп отырған жалғыз баласы өлген, өзі кедей кемпір, енді қалай күн көреді деп ойлайсыз? Оның да басына түскен тауқымет тағдыры шығар. Рас, өлген жігіттің әкесі көп жыл шалық болып жынданып жүріп, ақыры құтырық ауруынан кетіп еді. «Тентектен туған мал болмас, жындыдан туған сау болмас» дегендей, өзіне ажал тілеп алған ана байқұсқа ешкім қыз бермей, жасы қырықтан асқанша соқа басы сопайып жүрген еді. Аяғы мынау болды. Осының барлығын шөлкемдей келе менің айтарым, қысырақтың сегіз дөнежін биесінің төртеуі – кемпірдің қарауына қалсын. Қалған төртеуі – осы дауды туғызған шұбар айғырмен қоса қайтарылады. Өйткені, ешкімі жоқ және баласының жалғыз атынан басқа малы да жоқ пақыр кемпірді лайығына қарай біреудің үйіне кіргізерміз… Сонда ең болмаса «күлшелі бала сүймекке жақсы» болып, қолындағы төрт биесі оны бағып-қағатын үйіне де, бет жүздік болсын. Өлсе, көмуіне де қаражат керек қой. Шөрік ламаға лесіп, қайтарылатын жылқыға қазақтар мен үш әскер бірге барады. Жамса Доржы кедей туысы Шөрік ламаны барымтаға жұмсап, ел мен елдің арасын арандатқаны үшін және әсіресе, бүгінгі билер соты үстінде бар шындықтың бетін мысықтың тезегіндей бүркеп, жалтарғаны үшін Тоқтық би сияқты әділ қазының еңбегіне Жамса Доржыдан қазаққа түйе бастатқан; жақсы ат, жақсы құнан, жақсы өгіз, жақсы сиыр, қой– ешкісі, шапан-шақпыты бар «тоғыз» айып кесемін. Осы айыпты түгел алып қайтуға баратын қазақтармен бірге мына үш әскер барып, істі тындырады. Тоқтық би, сіз маған жіберетін кісілеріңіздің атын қазір айтыңыз. Өйткені олар менің тізімімде болуы керек, – деп еді, Жамса Доржы киіп кетіп:
– Тәйжі мырза, соның бәрі қанша ақша болады, бағасын шығарыңыз.
Жұртты шұбыртпай осы арада ақшалай санап, беріп кетемін, – деп қойнына қолын тығып, бір дорба ақша шығарды. Тоқтық би ішінен «бай жақсы батырдан да, биліктен де, әрнәрсе барға келер киліккенде» дегенді ойлады. Енді қазақ-қалмақтың үлкендері шоғырланып, жаңағы малдардың бағасын шығарды. Тәйжі ақшаны «еңбектеріңізге қарай бөліп аларсыздар» деп, Тоқтық бидің қолына ұстатып еді. Ол Харахутаға «сіздің еңбегіңіз аз болған жоқ» деп, бір аттың құнын Тәйжіге ұстатты. Тәйжі соңғы сөзін айтып:
– Мұнан былай қазақ – қалмақтың қайсысы бүгінгі тоқтамды бұзып, тағы
бүлік шығаратын әрекетке кіріссе, жазасы жеңіл болмайды. Осыны жарғақ құлақ, ет жүректеріңмен естіп қайтыңдар. Бітім осы, – деп тоқтады.
Күні бойы тапжылмай отырған екі жақтағы қалың халық қобырасып, орындарынан көтеріле бастады. Ортада жамыраған шу-шу әңгіме. Мәмекенің бір топ жігіті барымталанған жылқыны алып қайтуға дайындалған болатын. Осы кезде Балқия да жұлқынып:
– Мен де бірге барамын. Қысырағымды өз көзіммен көріп,
таңдағандарымды алып қайтамын, – деп ағаларынан қалмай ілесетін болды. «Босқа шаршайсың ғой, онан да үйге қайтып, әке-шешеңді қуандырсаңшы» дегендеріне көнбей, қасарысып тұрып алған. Сонымен, аға-қарындас Саймасай мен Балқия және екі әскер бас болған он шақты жігіт Шөріктің жол бастауымен барып, Бытқылсайдағы қысырақ үйірінің тең жарымын бөліп айдап қайтты. Бір ғажабы, Балқия ешнәрсеге таңырқамайды. Қайтқан малына қуанғаны да білінбейді. Қай шаруа болсын «осылай болуға тиіс» деп қарайтындай. «Кісі өлтіріп қойдым-ау» деп тұрған ол жоқ. Дию-пері сияқты бірдемеден туған қыз сияқты. Тасжүрек. Ауылға жақындағанда қасындағы серіктерінен оза шауып, жылқыны жалғыз өзі қуып әкелген Балқияны көргенде, ауылдағылар өз көздеріне өзі сенбегендей еді. Сөйтіп, өз ісін өзі ақтап келген Балқия туралы әңгіме Майлы – Жайыр ғана емес, осы бір күздің өзінде-ақ, тұтас Еренқабырға, Тарбағатай қазағының таусылмас жыры болған. Ол ғана емес, заманнан заман өтіп, бүгінге жеткен.