ЖАРАЛЫ АДАМДЫ АТА АЛМАЙМЫН

Василий ШУПЕЙКИН
Миша ағай екінші қырына аунап түсті…Түсінде көрген елестен айырылып қалғысы келмей, ұйқысын қайтадан жалғастырмақ болды. Әлденеге шамырқанып, көзін қаттырақ жұмды, сосын қайтадан босаңсып, тағы да қабағын түйді…
«Болды! Оян… Тұр… Босқа аунап жата берме, бәрібір ұйықтай алмайсың», – деп өзін-өзі иландырмақ болды қария. Шалқасынан түсіп, бойын түгел жазды, бір метр жетпіс сантиметрлік орташалау бойын соза керіліп, қолын жоғары көтерді де ернін жыбырлатып, Жаратқанға мәңгілік дұғасын айтты: «Бисмиллаһир-рахман-ир-рахим…» Оң жағына бұрылып, жамылғыға оранған күйі бірқалыпты тыныстап ұйықтап жатқан сүйікті Марфуғасына сүйсіне қарады. Орыс көршілері оны Маруся деп атайды. Шынайы қазақ қызына тән болмысынан ешқашан айнып көрмегенімен бұл есім оған тым жарасымды, кейде өзі де қалжыңдап солай атайды. Әсіресе, жас кезінде бөтен еркектердің сұқтана қарағанын қызғанып: «Айналайын-ау, мына тап-тар көйлекті неге кидің? Әй, Маруся, артық кетпе!» – дейтін. Миша ағай картоптан пісірілген драникті сүйсініп жейтін. Өзі оны «беларусь бауырсағы» деп атайды, Марфуғадан сол тағамды пісіріп беруін өтінгенде міндетті түрде орысша атымен «Маруся» дейді. Ал жары оған ешқашан «Миша» деген емес, дүниеге келгенде қойған атымен Мықпышбай деуден бір танбайды. Ұлы Даланың салт-дәстүрімен тәрбиеленген қазақ қызы қалаға көшіп келген соң да тұрғындардың бәрі дерлік орысша сөйлейтініне қарамастан дағдысынан жаңылмай, «ат қою» рәсімінде қойылған есімді қадір тұтуды ұмытқан жоқ. Күйеуіне құрмет білдіргісі келгенде «Мәке» деп қояды.
Жарының бұйығы ғана пысылдап жатқанына тағы бір рет сүйсіне қараған Мықпышбай ағай жасы алпыс алтыға келгенін де, екі аяғының ескі жарақаты мазалап жүргенін де елең қылмастан төсегінен сергек тұрып, жұрттың бәрі «хрущёвка» деп атайтын пәтерінің ағаш еденін сықырлатып ас үйге беттеді – драник пен борщты қаншама сүйсініп ішкенімен қазақ үшін таңертеңгі хош иісті ыстық шайдан артық ештеңе жоқ!
Иісі бұрқыраған сарғыш-қоңыр түсті ыстық шайды қасықпен араластыра отырып, алғаш ұрттаған сәттегі рахатты алдын ала сезінген Миша ағайдың ойына әскерде қызмет еткен жылдары оралды: «Жеті жыл бойы таңертеңгі шайсыз қалай шыдадым екен?..» Кәрі солдаттың жадында сонау алыста қалған 1938 жылғы оқиғалар қайта жаңғырды…
Осыдан мың жыл бұрын ба, одан да әріректе ме – Нарын құмының бір түкпірінде қоныс тепкен, Теректі деп аталатын туған ауылы Батыс Қазақстан өңірінде ешқандай айғай-шу, айтыс-тартыс, төбелес-жанжал атымен жоқ тыныш мекен саналатын. Ал шаң мен ыстық деген құмдағы өмірдің ажырамас бөлшегі, көктемнің соңғы ылғалы кеуіп кетіп, шөп атаулы тамырына дейін сарғайып, сирек өскен бұталар жалаңаш бұтаққа айналған шақта бұйрат-бұйрат ауыр құм үп еткен жеңіл самалдың өзінен-ақ қозғалысқа түсіп, сұрғылт-сарғыш-қоңыр түсті ұп-ұсақ түйіршіктерді бір-біріне үйкелеп, шаң көтеріледі, құм тозаңы ауаға ілініп қалады. Жаздың соңына қарай бұл тозаң айналаны түгел басып кетеді. Жергілікті жұрт бұған да, аптап ыстыққа да үйреніп кеткен. «Дүниенің бәрі осындай шығар» – деп ойлайды олар. Нарын құмын мекендеген халық ғасырлар бойы осылай тіршілік етіп, балалы-шағалы болып, Наурызды тойлап, Құрбан айтты атап өтіп жүріп жатты, бірақ мектеп дегенді білген емес. Мектеп бұл жаққа жаңа өкіметпен бірге келді. Сол кезде Мықпышбай-бала мен құрдастары жеті сыныптық мектепті бітіріп, жер шарындағы құрлықтар мен мемлекеттер жайында, ауа райы әр жерде әр түрлі болатыны туралы құлағдар болған. ХХ ғасырдың отызыншы жылдарының соңына қарай да өркениет игіліктерінен кенде қалып, құм төбелердің бір түкпірінде жатқан Теректі ауылы жайында Орал да, Алматы да, Мәскеу де жақсы білетін. Басқаша қалай болатын еді? Кеңес өкіметі жер бетінің алтыдан бір бөлігін алып жатқан ұланғайыр мемлекеттегі жанды-жансызды түгел есепке алып, бақылауда ұстайтын.
Партия басшылары Иманғали ағаның баласы Мықпышбай мен оның Қанат Қарабалаев пен Бекен Темірғалиев деген құрдастары Қызыл Армия қатарында қызметке шақырылатын жасқа жеткенін де біледі екен. Бұларға әдеттегідей әскери комиссариаттан шақырту қағазын жіберген жоқ, бір қызыләскерді арнайы шабармен етіп жөнелтіпті. Ауылға ол халық арасында «полуторка» деп аталып кеткен ГАЗ көлігімен келді. Үш жігіт үшін «Захарды» – ЗиС-ті жібермейді, әрине.
– Жиналуға бір тәулік уақыт беріледі!
– Қайда барамыз?
– Қайдасы несі! – деп кесіп тастады шабарман. – Қайда бұйырса сонда барасыңдар…
Біреулер жылап, біреулер ән салып, дастарқанға бүкіл ауыл жиналды – бұл оларға таңсық емес, «…аспанда да, жерде де, теңізде де ең мықты» Қызыл Армия қатарына бұрын да талай жігіт аттанған.
Дастарқан түн ортасына дейін жиналған жоқ. Үстелдің үстінде бесбармақ, сірне, қуырдақ, қазы-қарта, шұжық тәрізді қазақтың ет тағамдары толып тұр. Жайық өзенінен ауланған балық та жеткілікті: ұсақ шабақтан бастап ысталған бекіренің кесек-кесек еті мен тұтас пісірілген қортпа да қойылыпты.
«Апыр-ай, мынадай ақ балықты күзге дейін қалай сақтап жүр?» – деп таңданды дастарқанға қызыға қараған шабарман желкесін қасып. – «Жердің астында мұз қоймасы бар-ау, шамасы…» Колхозда арақ та бар екен. Бір бөтелкені түгелімен әскери адамның алдына қойып, сыйлы орынға отырғызды. Атақ-шенін сұраған да жоқ. Колхоз төрағасы Мұстафа Нұрғалиев сөз сөйлеп, «қызметті абыроймен атқарыңдар, әулетті, ауылды масқара қылып жүрмеңдер» деп батасын берді. Арақ көп ұзамай таусылып, масайып қалған қызыләскерді қонақ үй ретінде тігілген киіз үйге апарып жатқызды.
– Таңертең жолға шығамыз, күні бойы рульде отыруым керек, – деді ол қоштасарда. Тост орнына «Сәлемәлейкум!» – деп тілек білдірді.
Ауыл адамдары жауап ретінде оған денсаулық тілеп, бір-бір кесе қымыз ішті. Ән шырқалды. Махаббат туралы көңілді әндер де, жоңғармен арада болған соғыс жайындағы мұңды әндер де айтылды. «Қаражорға» биін қызу сезіммен биледі, жігіттер ауылдың аруларын ортаға шақырған. Бірақ екі жесір әйелден басқа ешкім шықпай қойды: құмарлықты қоздыратын қимылдарды орындаудан ұялғанға ұқсайды. Содан соң біреуі бастап, екіншісі келесі жолынан қосылып бәрі «Дударай» әнін шырқады. Қазақтың бұйрабас жігітіне ғашық болған орыс қызы Мария Рыкина шығарған ән. Олардың махаббатының тарихын бәрі біледі. Ән басталысымен дастарқан басында сыбыр-күбір көбейді: «Міне, нағыз махаббат! Мәриям біздің тілімізді ғана емес, Ұлы Дала әуендерін де жүрегіне сыйдырған…» Иә, қазақ – қонақжай халық, әлемге қонақжайлығымен танылғаны бекер емес. Көшпенділердің киіз үйі – даладағы қоғамдық асхана деген сөз дәл айтылған.
Бәрі шын көңілден ән салды. Әсіресе бұйрабас жігіт туралы ән ерекше әсерлі шықты. Ән шырқалғанда қыздар Мықпышқа мейірлене қарады – оның да шашы бұйра болатын.
– Е-е-ей, – деп күрсінді ән бастаушы Гүлзада. – Шашыңды қырқып тастайды-ау сенің!.. Жаным ашиды саған, көркем жігітсің…
– Әйелдер не түсінетін еді! – деп парторг сөзге араласты. – Мен ДОСААФ-тың әскери курсын бітіргенмін, білетінім – бастағы шаш сарбазға кедергі келтіреді. Шашты алмаса бастағы пилотка сырғып түсуі мүмкін, касканың астындағы шаш басты терлетеді. Ащы тер көзге құйылады. Сол сәтте қарсыластар шабуылға шықса не болады? Айтшы өзің, айналайын? Ащы тер көзін ашытқан жауынгер мылтығын қалай көздейді?
Парторгқа ес жиғызбай, біреу дауыстап жіберді:
– Сарбазға бастағы шаш қана кедергі келтіре ме?
Бәрі күліп жатыр. Сол мезет Серік пен Қайрат деген егіз жігіт домбыраны қағып-қағып жіберіп, термені бастап кетті. Колхоздың үш еңбеккерін әскерге шығарып салу кеші шырқау шегіне жетті – жиналғандар ән мен биді қыздырғаны соншалық, колхоз төрағасының жүрек талмасы екі мәрте ұстап қалды. Әлде бастық алда болатын «жоспарды асыра орындадық» деген есепті қалай құрастырамын деп қиналды ма екен, кім білсін…
Тек қана төртеуі – әскерге шақырылған үш жігіт пен Марфуға есімді жетінші сыныпта оқитын қыз ғана көңілсіз… Ол тек үш жылдан кейін, Мықпышбайдың әскерде қызмет ету мерзімі аяқталар шақта ғана жігіттің әскери бөлімінің нөмірін конверттен көріп, қыздар үшін сөкет болып саналатын қадамға барады – өзі хат жазады. Алматы қаласында мұғалімнің оқуын оқып жүргенін, елге қайтар жолда астана арқылы өтсе жатақханаға соғуына болатынын хабарлайды. Оқуының жай-жапсары, Алматының әсемдігі туралы, туған ауыл жайында жазып, 1941 жылдың маусымында ауылға бірге оралармыз деген үміт білдіреді…
– Тұр, балам, – деді анасы Мықпыштың иығынан түртіп. Ол дереу оянып, орнынан тұрды.
– Жолға шығарда шай ішіп ал, кішкентайым. Әскерде шайды өзің демдеп ішетін шығарсың. Шайды қатты қайнатпа. Сүтті ыстықтай құй, әйтпесе кесең суып қалады… – деп ақыл айтты анасы.
«Эх, қайран аналарымыз-ай, – деп еске алды Миша ағай арада жарты ғасыр өткен соң. – Әскерде сүт қосып шай ішетін мұрша болды ма!..»
Тамақ, сүлгі, сабын мен қосымша киім-кешек салынған қапшықты көлікке дейін інісі көтеріп барды. Одан басқа ешкім жоқ – әкесі он жыл бұрын қайтыс болған. «Полуторкаға» өзгелерден бұрын келіпті, шабарман сол үшін Талапжановқа алғыс айтып, «осындай тәртіпті әрі тыңғылықты адам ең үздік әскери бөлімде қызмет етеді» деп уәде етті. Шешесі «рахмет!» деген, сосын тағы да «көп-көп рахмет» деп қосып, аузын терімен тығындаған қымыз толы торсықты ұсынды. Торсық та, қалың теріден жасалған тығын да үйдегі жалғыз дүние еді, сондықтан қастерлі зат болатын.
– О-о-о! Жақсы болды ғой, ішім күйіп тұр еді, – деп дірілдеген қолымен торсықты ұстай алған сарбаз қуана сөйледі. – Қазір бас жазып алайын… Бұл не, самогон ба?.. Сендер оны… түйетікеннен қуасыңдар ма?..
Басын шалқайтып, аңсаған сусынды торсықтың аузынан қомағайлана жұтты. Тең жартысын ішіп бір-ақ тоқтады! Қатты кекіріп, сирек тістерінің арасынан сілекейін шашып, күліп жіберді:
– Рақмет, шешей, мейірімді екенсіз! Қышқылдау, бірақ сергіп қалдым. – Сосын бірден әмірлі дауыспен үш жігітке бұйрық берді: – Мен рульге отырамын. Сен, – деп Мықпышбайды нұсқады, – кабинаға мінесің! Сен екеуің – астауға отырасыңдар. Орындарыңа барыңдар!
Әскерге шақырылғандар туыстарымен, көршілерімен тағы да қоштасып жатқанда қымыздың буы енді ғана әсер еткен командир торсықта қалған қымызды түгел сіміріп салды. Босаған торсықты жол жиегіндегі құмға тастап, кабинаға секіріп мінді де дабыл түймесін басты. «Полуторканың» моторы дүр етіп, дөңгелегімен құмды бұрқыратқан күйі көкжиектен жаңа көтерілген күнді бетке алып жүріп кетті. Ана екеуіндей емес, кабинаға мінгеніне масаттанып отырған Мықпыш енді бір сәтте Қанат пен Бекетке қызғанышпен көз тастады. Олар туған ауыл – ата-баба қонысы Теректіге тағы бір рет көз жібере алады…
«Дегенмен кабинадағы серіппелі орындықта отырғаным маған да жаман болған жоқ, – деп ойлады Миша ағай салқындап қалған шайды сораптап қойып. – Жолшыбай болашақ кәсібімді меңгеріп алдым».
Ол былай болған: әуелі аздап сергігенімен сәлден соң кешегі арақтың буы мен жаңа ғана ішкен қымыздың әсерінен маужырай бастаған шопыр солдат жазық далаға шыққан соң көлікті тоқтатты. Аузын кере қарыс ашып рахаттана есінеді де бетін алақанымен сипап, қасындағы жолаушыға бұрылды:
– Тыңда, жігіт, атың кім еді? Мақ-пыш-бай ма? Әәә… Қой, айту қиын екен, енді Мишка боласың! Қалай? Миша, Михаил – жақсы ат қой. Көлік айдауды білетін бе елің? Қазір үйретемін…
Жігіт таңданғаннан көзін бақырайтып, басын шайқады. Бірақ шопыр-командирдің қабағы түйілгенін көріп, амалсыздан көнді. Мықпыштың көлікті жүргізбек болған алғашқы әрекеті үш мәрте нәтижесіз аяқталды. Сосын ілініс тепшігінің мәнін ұққандай болып, бір-ақ жұлқып орнынан қозғады. Көліктің астауында отырған екі жігіт бір ауыздан «ойбай!» деп айқайлап жіберді. «Полуторка» әуелі баяу, сосын жылдамдығын арттыра түсіп, арба дөңгелегі салған, бұл жаққа сирек келетін автомобиль ізі әлі түсе қоймаған дала жолымен тартып кетті.
«Сол жолы әлгі қызыләскер маған жаңа есім бергенімен қатар болашақ мамандығыма да жол ашып еді-ау, – деп ойлады Миша ағай суып қалған шайын тауысып жатып. – Жоқ, ондай емес… Анам шайды басқаша демдейтін… Соның сырын сұрауға үлгермегенім-ай!..»
Туған үйіне қайтып оралуды он жылға жуық уақыт бойы армандап еді. Әр мүмкіндікті қалт жібермей, ауылға хат жазатын. Шекара заставасында қызмет еткен алғашқы үш жылда үйден хат алып тұрды. Кейін соғыс басталып кетті де байланыс үзіліп қалды…
Әскер қатарында қызмет ету мерзімі 1941 жылы 21-маусымда аяқталған. Әскери жаттығулар кезінде ыждағаттылық танытқаны мен гитлершілердің басқыншылығы қарсаңында жиілеп кеткен мемлекеттік шекара бұзушыларды ұстауға бірнеше рет қатысқаны үшін шекарашы Талапжанов бірер мәрте марапатталды. Ломжинск шекара отрядының бастығы подполковник Ермашевский бұл кезде сержант дәрежесіне көтерілген бұған офицерлік оқуға түсуге кеңес беріп, Алматыға дейін баратын билеттің орнына жүретін талап-қағаз жазып берді. «Ондағы шекара училищесі ең үздік оқу орны, жігітім, – деді ол Мишкаға. – Еліңе бар, оқы, сосын қызметке қайтып орал. Сен нағыз шекарашысың». Бірақ… Алматыға, тарихи отанының астанасына да, Қазақстан пойызына ауысып мінерде көріп қалсам деп армандап жүрген Мәскеуге де бара алмады, тағдыр жазбапты… Әскери патруль тоқтатып, шығысқа емес, кері бағытқа бұрып жіберді…
Миша ағай содан кейін, 23 маусымда не болғанын еске алғысы келмейді, ешқашан ешкімге айтқан да емес… Көпшілігі әскери комиссариаттарда шұғыл мобилизацияланған өзі сияқтыларды пойызға отырғызып, «…кеше Германия әскері соғыс жарияламастан Кеңес Одағының шекарасын бұзып өткен…» жаққа қарай жөнелтті.
Ерікті-комсомолдар бөлімшесінің командирі болып тағайындалған кешегі шекарашы бірер сағат жол жүргенде-ақ кеше ғана бейбіт өмір сүріп жатқан белорус жерінің қандай бүліншілікке тап болғанын көрді – түйіншектер, чемодандар, арбалар, машиналар… Адам мен жүк тасуға жарайтын көлік атаулының бәрі асығыс. Вокзалдар мен стансаларда екі бағытқа да паровоздар мен вагондар қойылып, пойыз құрамдары жедел жасақталып жатыр. Бірақ мобилизацияланғандардан жүз есе, мың есе көп адамдар керісінше шығысқа қарай бет алған.
«Бұл қалай? – деп күйінді әскери жаттығуларда шыңдалған, саяси даярлықтан өткен жауынгер. – Жауға, басқыншыға тойтарыс беру керек қой. Әнде де айтылмаушы ма еді: «егер ертең соғыс болса, егер ертең жорыққа шықсақ, егер ертең қара күш төнсе, халқымыз бір адамдай шайқасқа аттанады» деп. Ал бұлар қашып барады! Біздің политрук егер бірдеңе бола қалса, жауды өз жерінде талқандаймыз дейтін… Ал біз өз жерімізде жүрміз, әлі де жете алар емеспіз…»
Эшелонның жүрісі тым баяу, әр тоқтаған сайын командирлер паровоздан секіріп түсіп, басшылармен байланысқа шығуға тырысады. Әр жолы байланысшы немесе шабарман «байланыс жоқ!» деп айғайлайды. Пойыз жүрісін жалғастыра береді.
– Тезірек жетсек екен! – деп батырсынады әлі оқ-дәрінің иісін сезе қоймаған жауынгерлер. Олардың көпшілігі өздерін Қызыл Армияның күш-қуаты санайтын. Фашистермен бетпе-бет келсе болды, дұшпандар Германиясына тұра қашатындай көретін сияқты.
– Соңдарынан «Максиммен» тарс-тұрс атқылап, қуып саламыз! – деп күлдірді жұртты сарғыш шашты бір солдат. Ол да Мықпыш секілді запасқа шыққан, бірақ қайтадан соғысқа шақырылған екен.
Артық күлкі жақсылыққа бастамаушы еді, жаппай күлкіге қарық болып келе жатқанда пойыз кілт тоқтады – жүк қоятын сөреде жатқан адамдар мен затдорбалар, үш күндік құрғақ азық салынған ыдыстар мен қораптар құлап түсті. Сержант Талапжанов өз бөлімшесіне азық-түлік алып жатқанда айлакер қоймашы оларға консерві мен қою сүтті бергісі келмеген. «Аш қалмайсыңдар ғой… Құдай-ау! Бар болғаны бір-ақ күндік жол. Дұшпанға қарсы лап қойып, Буг өзенінен асыра қуып тастайсыңдар да үйлеріңе қайтасыңдар. Мынаның бәрін бекерге лақтырып тастайсыңдар…» Бірақ Мықпыш құрғақ тамақты түгел алып, бәрін тексеріп шықты. Құлаған ыдыстардың салдыры мен адамдардың айқайына қоса әлдебір гуіл естіліп, біртіндеп күшейе берді.
– Әуе шабуылы! – деп жан даусы шыға айғайлады рота командирі. – Шығыңдар вагоннан!..
Әскери тәртіпке әлі бейімделе қоймаған, кеше ғана бейбіт өмір сүріп жатқан адамдар жапа-тармағай шығар есікке ұмтылды. Бәрі бір жерге үймелеп, есікке кептеліп қалды. Мықпыш бұйрық берді: «Бөлімше! Бір-бірден сапқа тұр!..» Бұл – кейіннен «соғысқа дейінгі өмір» деп аталатын кезеңнің соңғы сәті болатын…
«Ресей кеше Еске алу және аза тұту күнін атап өтті… Атап өткені несі?! Бірақ диктор солай деді, – деп ойлады Миша ағай. – Бұрын Кеңес Одағында 22-маусымды атап өтпейтінбіз, бірақ ұмытқан жоқпыз… Қазақстан халқы да соғыстың қашан, қалай басталғанын біледі, бірақ атап өтпейді. Жүз мыңдаған жерлесіміз опат болды, қалай ұмытарсың! Мәскеу мен Берлиннің арасында қаншама қазақ жігітінің сүйегі жатыр… Олардың бәрін қалай қайтадан жерлейсің? Миллиондаған кеңес адамы қырылды. Ал мен тірі қалдым… Бүгін менің екінші туған күнім. Сол күні атып кетпегенің үшін рахмет, неміс, шчыра дзякую табе!» Ойына оралған естелік Миша ағайдың тамағына тас болып тығылып, түйіншектей тіреліп қалды. Темекі тартқысы келді, бірақ дәрігерлер тыйым салған. Тәртіпті, жауапкершілікті терең сезінетін шекарашы сержант бұл талапты бұлжытпай орындайтын. Бірақ бүгін 23-ші маусым… Шекара заставасындағы старшинаның «Әәәй, құрысыншы бәрі!» – деп кіжінетіні есіне түсті. – «Бүгінгі күннің жөні бөлек, бір талын шегейін..»
Екі неміс ұшағы торғайға шүйліккен тұрымтайдай бұлардың эшелонына тап беріп, вагондар мен паровоздың тас-талқанын шығарды. Торғайдың мамығы шашылар еді, ал мұнда темірдің өзі үйіндіге айналып, қара түтін бұрқырап қоя берді, өрттің ыстығына адам төзгісіз. Ал бұлар батырсынып келе жатқан! Жау басып кірген жерге жетіп барып, таңға дейін немістердің төбесін оямыз деп ойлаған. Кенет бомба жарылып, жердің өзі діріл қаққанда… Бір-ақ сәтте айналаны вагондар мен паровоздың қирандысы басып қалды, жаңа ғана әзілдесіп отырған жігіттердің бөлшектенген дене мүшелері шашылып жатыр. Қыдыруға бара жатқандай көңілді еді бәрі… Ақыры мынадай болып шықты! Көңіл-күй күрт өзгерді. Аз ғана адам аман қалып, қашып құтылды; жараланғандар өртеніп жатқан пойыз қалдықтарынан алыс кетпек болып ыңырси еңбектеп, біреудің қолын, аяғын, басын таптап кетпеуге тырысады…
Мықпыш кірпігін сәл көтеріп, біраз уақыт түсіне алмай жатты – соқыр боп қалған ба әлде түн болды ма? Бұлар келе жатқанда күн жарық еді. «Контузия алған шығармын», – деп топшылады ол, осы жорамалын тексермек болып, аунап түскен. Жаны шығып кете жаздады, қозғала алмай қалды, өлімсіреген ай сәулесі күрт өшті… Екінші рет есі кіргенде таң атыпты. Шөл қысып барады. Құрғаған тамағын жібітіп, жабысып қалған таңдайын ашқысы келген жоқ. Анасының сүт қосқан шайын ішкісі келді. Бет терісі әлдебір ылғалды сезген сияқты – таңғы шық болар! Кенет «жауға қарсы ерлікпен шайқасқан үш танкист» туралы ән ойына оралды: «Шөп басына қап-қалың шық түсіпті…» Шіркін-ай, шұбаттай қою, майлы шық болса ғой. Басын бір жағына бұрып, қасындағы бұтаның сабағына тілін тигізе берген, сол мезет немісше сөйлеген дауыс естілді. Дәл қасынан! Төбесінен төніп тұр! Мылтықтың шүріппесі сарт етіп қайырылды, сол мезет бір неміс: «Найн!» – деп зекіді. Шекарашы сілейіп қата қалды. Бірақ өлген болып жата беруге кеш қалғанын ұқты, фашистер тірі екенін біліп қойды. Немістер өзара айтысып қалған сияқты, бірақ бұл ұзаққа созылған жоқ. Ақыры біреуі жаралыны шалқасынан аударып жатқызды. Қатты ауырсынғаннан ыңырсығаны есінде, ауырсынуы біразға дейін басылған жоқ, басы дабыл қағылған рельстей гуілдеп кетті. Колхозда жұртты саяси ақпарат тыңдауға жинау үшін темір таяқты рельске соғып, қоңырау орнына пайдаланатын. Ондай жиында көбінесе «қазақ даласынан суық теңіздерге дейін Қызыл Армия бәрінен күшті» деп жар салынатын. Жан қиналысына шыдау мүмкін емес еді. Ал политрук бұрын: орыстар берілмейді, жанына сауға сұрамайды деп үйрететін. Шектен тыс ауырсынудан тағы да есінен танып қалды…
Қайтадан есін жиғанда «өлмеппін…» – деген ой жылт ете қалды. Шөптің арасында, дәл қасында түссіз мөлдір қағазға ораған нан мен су құйылған құты тұр. Шалбарының қан жұғып қатып қалған тұстарын ақ бинтпен орап қойыпты – соның арқасында қанның ағуы тоқтаған сияқты. Қан көп кетіпті, етігі де қанға толы. Бірақ үш жылдық әскери тәжірибе мен колхоздың жұмысынан шыныққан жас жігіттің тәні мықты болып шықты, тірі қалды, әйтеуір… Еңбектеп жылжу үшін етпетінен аунап түспек болған, денесінің әр жеріне қадалған оқтың салған жарақаты қимылдаған сайын ауырып, жаны қиналды. Түске қарай нанды жеп, суды тауысып қойды. «Ендігі қалғаны – қасқырдың келуін күту ғана, дала қасқыры мұнда да бар шығар», – деп ойлады сержант. Сол мезет күлкісі келді. Қасқыр? Белорус орманында ма? Кенет жапырақ сыбдырлады – міне, келді, қанның иісін сезген шығар. Мықпыш көзін жұмып, шешесі оқитын Құран сүресін еске алды. Қалтырап, дұға сөздерін еске түсіріп, күбірлеп оқи бастады.
– О, глядзи, жиу солдатик! (О, қара, солдат тірі!) – деді біреу дауыстап, демек жақын маңда фашистер жоқ…
Белорустың әуезді тілінде қазаққа әлдебір жақындық бар. Әсіресе, «в» дыбысының орнына «у» деп айтатыны ұқсас. Мысалы, Қожа Ахмет Яссауидың есімін орысшалағанда Яссави дейді. Басқа да дыбыстық ұқсастықтар бар, бірақ қазір де, бұдан бұрын әскерде жүргенде де ол жайында ойлаған емес…
Төртінші қабаттағы пәтердің балконында тұрып Алматының ауасын темекінің қою да тәтті, осындай анда-санда бір шеккенде жанына жағып, бойын баурап алатын түтінімен былғап тұрған Миша ағай күлімсіреп, белорус тілін – партизан жолдастарынан естіген сөздерін еске алды. Көп нәрсені ұмытыпты, бірақ кейбір сөздер әлі де жадында. «Остамились, сябры?» – «Амансыңдар ма, достарым?» – деп сұрайтын отряд командирі Алесь Савицкий екі тәулік бойы ұйықтамастан орман кезіп, жау тылына рейд жасап қайтқан барлаушылардан. «Дәл солай, жолдас командир!» – деп жауап қатады оған орыс Виталий, татар Фархад, шешен Вахит және бұл – қазақ. Алдында тұрғандар әр ұлт өкілдерінен құралған топ екенін түсінген Алесь орысшаға ауысып, «онда демалыңдар!» – дейді. Қазақ жігітін ол күнделікті шаруашылық істерден жалтаруды білмейтіні, бәрін ынты-шынтысымен істейтіні үшін сыйлайтын, партизандарда ондай жұмыс ешқашан таусылмайды, сонымен қатар, шекаралық заставада жасырына білуді үйренгені үшін де бағалайтын.
«Шіркін, Беларуське барсам ғой! Қазір айтылып жүргендей, «жауынгерлік даңқ жолдарын» аралап қайтсам… – деп ойлады қарт партизан осымен нешінші рет оқталғанын санап жатпастан. – Несіне қорқамын, енді баруға болады. Соғыс ардагері ретінде жеңілдіктер берілетінін растайтын куәлігім бар. Он жыл бойы бермей, тексеріп келіп еді…» Қарияның жүзі күрт түнере қалды.
…Тауып алды оны, жараларын емдеді, әуелі балдақпен жүруді үйренді, кейін оны тастады, партизандар қатарына қосылды, бірақ жаралы жауынгерді сүйреп әкелгендердің көкейінде бір күдік тұрды: жарақатын кім таңып берген? Өзі таңа алмас еді, сұрағандарға айтатын жауабы біреу – білмеймін! Көп ұзамай ешкім сұрамайтын болды – қазақ жігіті өзгелерден әлдеқайда жақсы, нәтижелі соғысты. 1943 жылдың желтоқсанында бұл кезде ресми мәртебеге ие болып, майдан қолбасшылары тарапынан қолдау көрсетіліп тұрған отрядқа айырықша қызметтегі Серебрянский деген біреу келді. Жақында ғана азат етілген Киевтен алғашқы майдангерлік марапат алу үшін келген көрінеді, кабинеттен шықпайтын «паркеттік» офицерлерге ондай медаль берілмейтін. Сөйтіп, ауыр жарақат алып, ес-түссіз жатқан қазаққа көмек көрсеткен санитарды іздеу қайтадан басталды. Бір-екі күннен кейін әлгі айырықша қызметкер бұған тағы бір сұрқия сұрақ қойды:
– Естуімше, жолдас Мыкпышбай Талапжанов, жауларды аяйды екенсің ғой?
– Олай емес! – өз адамдарының бірі сыртынан көрсеткенін ұқпаған партизан-барлаушы Мишка айқын жауап қатты.
– Биыл қыста «тіл» әкелуге бардың ғой?
– Дәл солай!
– Екеуін ұстадыңдар, біреуін ғана әкелдіңдер…
– Әкелген жоқпыз, арқалап келдік, – деді әңгіменің мәнін енді түсінген барлаушы ашуланып. – Екіншісі ауыр жаралы болатын, жеткізе алмас едік.
– Неге атып кетпедіңдер? – Қауіпсіздік қызметінің капитаны дауысына кекесін араластырып, көзін сығырайтып, Мишканың бетіне үңілді.
– Жаралы адамды ата алмаймын, жолдас капитан, – деп қырылдай жауап қатты тергуге алынған бейбақ.
– Тұр! – деп айқай салды айырықша қызметкер Мықпышты қолдан жасалған орындықтан жұлқып тұрғызып. – «Жолдас» дейсің бе? Осы сәттен бастап сен үшін «азамат бастықпын» мен! Ұқтың ба, жалпақбет неме?! Қашан жалдап алды сені, айт кәне!
Капитан сұрағын нықтай түскендей болып бетінен бір ұрды. Содан кейін есінен адасқандай сансырап қалған қазақтың жек көрінішті жалпақ бетінен тағы бірнеше мәрте ұрып жіберді…
Тергеуде болған кезі мен тұтқындалған сәтті жиі еске алатын. Бірақ аудандық НКВД бөлімінің қараңғы қапасында да, майдандағы тағдырын құзырлы органдар қайта-қайта тексеріп маза бермеген күдіктілер лагерінде де, кейін «сүзгіден» өткендермен бірге жеңісті қарсы алғанда да Мықпышбайдың ойынан жаралы немісті атпай қалдырып кеткенін айырықша қызметкерге кім жеткізді екен деген сұрақ бір мезет шыққан емес. Қанша ойланса да әлгі «ақжүрек патриот» – капитан Серебрянскийдің көмекшісі екенін біле алмай қойды. Ақыры күдіктен біржола арылып, 1946 жылдың басында Алматы қайдайсың деп жолға шықты. Шын мәнінде бақытты кезең еді – бұл жолмен ол 1941 жылдың 21 маусымында әскерден босатылған күні жүруге тиіс болатын.
«Иә, «бақытсыздық болмаса бақыт та болмас еді» дегенді орыстар дұрыс айтқан», – дейді сол бір тағдырлы сәтті жиі еске алатын бұрынғы майдангер. Батыстан шығысқа қарай бет алған «бес жүз көңілді» пойызы сегіз күн жүріп, елдің тең жарты бөлігін басып өтті. Шекарашы-партизан қалада алғаш жолыққан адамдардан педагогикалық институтты қалай сұрап табатыны жайында сегіз күн, сегіз түн бойы ойлап, қиялға берілумен болды, жерлесі Марфуға сонда оқиды ғой. Туған ауылына емес, соған бара жатқаным қалай деп өз-өзін де қинап бітті…
Миша ағай шылымын шегіп болып, күлсалғышты тазалады, темекінің тұқылын газеттің қиындысына орады – әйелі көріп қойса ұрсады, шылым шегу денсаулығыңа зиян деп ренжиді. Несіне ренжітеді оны? Жатын бөлмеге көз жүгірткен – Марфуға сол күйі пысылдап ұйықтап жатыр. Әжім торлаған жүзіне күлкі үйірілді. «Жаным сол! Ұйықтай бер, сүйіктім, бәрі жақсы – балалар да, немерелер де аман…» Ас үйге қайтып барып, шамды сөндірді. Алатаудың шығыс баурайынан күннің көзі көтеріліп, бұлардың үш кіреберісті, төрт қабатты хрущевкасының барлық пәтеріне нұрын төгіп тұр. Шәйнекті қайтадан ысыта бастады.
…Алматы вокзалының басқа да үлкен қалалардағы вокзалдардан ешқандай айырмашылығы жоқ екен – ығы-жығы халық, қарбаласқан адам, у-шу, қызу тіршілік. Қайда барады енді? «Әй, не болса да мейлі, халық қайда барса сонда барамын», – деп шешті Мықпышбай.
«Қызық екен, ақпанның соңы, бірақ күн жылы. Мақтадан сырылған шалбарды шешу керек…» – деп ойлады ол. Әредік бір көрініп қалатын тақтайшаларға «Өзбек көшесі» деп жазылыпты. – «Шаңы шығып жатқанын-ай! Біздің Белоруссиядағы орманның қары әлі еріген жоқ…» Сол мезет өзінің Куреевка заставасындағы шекарашы да, белорус орманындағы партизан да емес, Қазақстанға қайтып оралған демобилизацияланған сержант екені есіне түсіп, жымиып қойды. Кенет «Катюша» әнін айтып, саппен жүруге құмартып кетті. Бірақ қоларба сүйретіп, шамадан көтерген, мұзарт тауларға қарай асыққан халықтың арасында ондайды істей алмайсың. Мықпыш екі сағаттай жүрді. Алматының орталығына жақындаған сайын халық біртіндеп сейіле бастады. Әрқайсысы өзіне ғана мәлім мекен-жайларына бет алған жүргіншілермен бірге бұл да жүріп келеді.
Мекен-жайы! Мықпыш соны ұмытқан болатын! Қалай есінде қалсын, айырықша қызметкер мұны алғаш тұтқындаған күні-ақ жеркепеде көзінің қарашығындай сақтап келген қымбатының бәрін тартып алған. Арасында жалғыз хат та бар еді… «То тэбэ бильшэ нэ трэбо», – «енді саған керегі жоқ оның», – деді ол ұсақ жыртқыштың тісіндей майда тістерін көрсете ырсия күліп…
Үш қабатты биік үйлер көріне бастады. Түске таман күн ысып кетті, көшедегі жалғыз-ақ шөл басар су көзі – су айдайтын кранның қасында біраз адам кезек күтіп тұр. Мықпыштан кейін бес-алты жасар екі бала кезекке тұрды. Әуелі үндемей тұрған олар сәлден соң бір-бірінің иығынан мойнын созып, солдатқа назар сала бастады. Сосын ақырын сыбырласып, бос шелектерін көтеріп жүгіре жөнелді. «Қызық балалар екен, – деп ойлады Мықпышбай. – Неге сонша әбігерленді бұлар?» Кезегі келгенде сап-салқын, нәрлі де дәмді болып көрінген суды асықпай сіміріп, әбден қанып ішті. Туған жерінде жүргенін тағы да ұмытып, «біздің Белоруссияның суы мұндай дәмді емес…» деп ойлады. Су ішіп болып, кері бұрылғаны сол еді, қалшиып қатты да қалды… Бірден таныды – Марфуға! Арт жағында әлгі екі бала тығылып тұр. Осыдан сегіз жыл бұрын, бұл әскерге кеткенде ұрлана көз тастаған жас қыз емес, әрине. Сырт пішіні өзгермеген, әлі нәзік, бірақ мүсіні айшықталып, толықсып, бойжетіпті. Құлпырып кетіпті. Мықпышбай мұндай сұлулықты бұрын-соңды көрген емес. Тағы да су ішкісі келді…
Әлгілер жап-жас мұғалима жалдап тұратын пәтердің қожайынының балалары екен. Марфуға апайдың соғыстан қайтатын солдатты, қазақ жігітін күтіп жүргенін біледі. Әскери киімді жас қазақ көрсе болды, пәтерші апайға дереу хабарлауды әдетке айналдырған. Ақыры тапты, міне!
Өткен өмірін еске алғанда Мықпышбайдың өзі де сан мәрте таң қалып еді. «Иә-ә, – деп ойлады ол. – Соның бәрін ешкімге айта алмайсың: мейірімді немісті де, кенеттен шөл қысқанын да. Су ішуге аялдамасам не болар еді?.. Ешкім сенбес еді… Тағдыр бізді өзіне ғана мәлім жолдармен жетелейді екен-ау…»
Орыс тілінен аударған Сағидолла СИҚЫМБАЙҰЛЫ


